Н.Ә. Назарбаев - Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті.
Лекция
1. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлт лидері ретінде. Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттік даму стратегиялары.
2. Н.Ә. Назарбаевтың еңбектерінің маңызы мен рөлі.
1. Президент тағдыры – ел тағдыры. ХХ ғасырдың 40-жылдарында өмірге келгендердің тағдыры оңай болмағандығы белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, соғыс және одан кейінгі жылдардағы халықтың ауыр тұрмысы, көрген бейнеті, шеккен қасіреті сол кезеңдегі санасына өзіндік ізін салды. Сондай-ақ, халық шаруашылығын қалпына келтіру, жаңа қалалардың, зауыттардың салынуы, Теміртау сияқты жас қалалардың бой көтеруі, т.б. тарихи оқиғалар да жас буынның өмірге құштар,батыл болмысты, қайратты болып жетілуіне әсер етті.
Тұңғыш Президентіміздің тұлға ретінде қалыптасуы білім алған Абай атындағы орта мектеп өмірімен, ондағы сыныптастар ортасымен және мектептен кейінгі еңбек жолымен сабақтастықта болды. Нұрсұлтан Әбішұлы мектепте үздік оқыды. Осыған орай, ЖОО - ға бөгетсіз түсуге деген мүмкіндігі болса да, металлург болу жолын таңдады. Жас Нұрсұлтанның бойындағы бірбеткей қалып, бастаған істі аяғына дейін жеткізе білу қабілеті, ашық жарқын, жайдары мінез бен дүниетанымдық деңгейдің кеңдігі жұртшылықтың назарын өзіне аударатын. Днепродзержинск техникалық училищесінің бітіру кешінде қарт шебер Қазақстаннан келген балалармен қоштасып тұрып , олардың әрқайсысына болашағы жөнінде былай деген еді: «Сен,–дейді ол біреуіне, –цехтың басшысына дейін көтерілесін, сен– цехтарында көрікші болып еңбек жолының ауыр сатыларынанөткен, одан кейін партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтерді атқарған Нұрсұлтан Әбішұлы 1984 жылдың наурыз айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Сол кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев одақтас республикалардағы ең жас басшылардың бірі болды.
ХХ ғасырдың 90-жылдары КСРО-ның ыдырауы, орталықтың тиімсіз басқару уақыты ғана емес, бұл азық-түлік пен киім-кешектің қалың жұртшылыққа тапшы кезеңін де айқындады. КСРО кеңістігінде ұлтаралық жанжалдардың орын алған кезеңі болғандығы да мәлім. Адамдардың бойын қорғансыздық, дәрменсіздік сезімі жайлағандығы да шындық. Кезінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған немесе жұмыс іздеп келіп, орнығйреып қалған этникалық топ өкілдері өз Отандарына мың-мыңдап орала бастады. Осындай саяси белгісіздіктің, экономикалық күйреудің, қаржылық былықтың ауыр жағдайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің жарқын болашағына жол сілтеді. Елдің ертеңгі күніне деген сенімділігін оятты. Алаш ардақтыларының бірі Міржақып Дұлатұлының «Жұрт болудағы мақсат – осы күнгі тірі жүрген адам баласына ғана емес, кейінгі нәсіл-нәсіп, үрім бұтақтың кем-қор болмауы үшін керек зат... Біздің жұрт осыны ойлау керек» дегеніндей, Нұрсұлтан Әбішұлы ескі жүйенің күйреу жағдайында жаңа социумды – зайырлы, демократиялық Қазақстанды құру секілді аса күрделі, бүгінгі ғана емес, кейінгі ұрпақтың қамы жолындағы жауапкершілігі мол жұмыстарды жүйелі бастап, батыл да табанды әрекеттерімен абыроймен жалғастырып келеді.
Саяси жүйенің құрылысы мүлдем жаңа мәнді иеленді: алдымен бір, содан соң екі Палаталы парламент, бірегей Қазақстан халықтарының ассамблеясы құрылып; экономикалық қайта жаңғыру саясаты, ұлттық валюта – теңгені енгізу жаңа сипатқа ие болды. Қысқа мерзімде жекешелендіру жүргізілді. Туралап жатқан кәсіпорындар аяғынан тұрғызылды. Әрине, қазіргі күні кезінде пайдалана алмай, жіберіп алған сәттер туралы да айтуымызға болады. Бірақ, сол жылдары мемлекет өмірін сақтап қалу, жаңа Қазақстанды құру, экономиканы күйретпей, дағдарыстан амалдап алып шығу, халықтығ ашығуына, қоғамдық жанжалдардың орнығуына жол бермеу секілді өзекті әрі кезек күттірмейтін мәселелер алдымызда тұрды. Сол кезге Ата заңымыздың қабылдануы сәйкес келді. Ел Президенті тарихқа «Бейбітшілік миссиясы» ретінде енген, Семей ядролық полигонын жабу секілді ғаламдық маңызға ие шараларды қабылдады, Қазақстанның кең\байтақ даласының мемлекеттік шекарасы межеленді. Осыған байланысты Қазақстан ядролық қауіпті толық жоюға бағытталған саясатын жалғастыра отырып, ЕҚЫҰ өкілдігіндегі басты басымдықтардың бірі халықаралық қауіпсіздік пен ядросыз әлем үшін ғаламдық қозғалысты құру проблемасын қояды. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, шекараны межелеу аса күрделі әрі өзекті мәселе болып табылады. Тіпті, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания секілді көптеген дамыған мемлекеттердің өзінде шекаралық талас, пікірлер ондаған, бәлкім жүздеген жылдарға созылуда.
Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық ұйымдарды, ұлы державалардың басшыларымен достық байланыстарын, өзінің жоғары беделін пайдаланып, қысқа мерзім ішінде елімізге Кеңес империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін таба білді. Қысқа уақыт ішінде Еуразия кіндігінде барлық қазақстандықтардың мақтанышы болған әрі кейінгі ұрпаққа тарихи мұра болар – Астана бой көтерді.
Тарих ғылымына «Қазақстан жолы» жаңа термині енгізілді. Бұл жолдың оңай әрі қателіксіз болмағандығы тұрғысында Президенттің өзі бірнеше мәрте айтқан болатын. Ең бастысы, Қазақстан бүгінгі таңда өзінің болашаққа деген ұмтылысымен ерекшеленіп отыр.
Әлемдік өркениет тарихында көптеген халықтар және біршама мемлекеттер өздерін сақтап қалса, ал олардың ғасыр қойнауына кеткендері де жоқ емес. Бостандық пен тәуелсіздікті қадірлей білген ел көшбасшылары, саяси элитасы, халқы барлары ғана сақталып қалды. Ауыр жүк және жауапкершілік мемлекеттің негізін қалаған әкелердің, көшбасшылардың иығына артылатындығы анық.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін салушы\ Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін бүгінгі күні әлемдік көшбасшылар мойындап отыр. Осындай пікірмен еліміздің қоғамтанушы ғалымдары және қарапайым қазақстандықтар да келіседі.
Алаш ардақтыларының бірі Әлихан Бөкейханов: « Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз тарих болып қалады. Кейінгілерге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс, рахмет алармыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте көшбасшы дейтініміз– осы», –деп толғанғандай , тарихын түзу жаза білген халықтың болашағы да зор болмағы анық.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері ұлттық сананы көтеру, елдік мүддені ұлықтау ісіне бір кісідей жұмылуда. Мемлекеттілікті тұғырлы ету мәселесі тарихи танымды орнықты ету ісімен де тығыз байланысты. Сондықтан тәуелсіздіктің белестерін тарихи таныммен зерделеу әрі оны өскелең ұрпақ санасына сіңіру –қастерлі. Ахаңның: « Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы», –деген даналығы көкірегі ояу азаматтардың есінен бір сәтте кетпес.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен қызметі –ауылдан шыққан қарапайым ғана азаматтың әлемдік деңгейдегі, аса көрнекті мемлекет қайраткері мәртебесіне дейін көтерілу жолының үлгісі болса, екіншіден, Елбасының тікелей қатысуымен Қазақстан қантөгіссіз, шығынсыз бұрыңғы Кеңестер Одағының құрамынан шығып, дамудың эволюциялық жолын таңдау арқылы халықаралық қауымдастықтың толық мүшесіне айналды.
Француз Республикасының Президенті Жак Ширак 2005жылдың наурыз айында Елбасына жазған хатында: «Қазақстан шынайы мақтан ете алатын үлкен жолдан өтті. Мұны небәрі бір кезең ғана деуіңіз арқылы да Сіз кемеңгерлік көрсетіп отырсыз. Еліңізді заманға лайық деңгейде орнықтырып, оның халықаралық аренадағы асқақ мұраттарын қамтамасыз ету үшінқажет санап, реформаларды жалғастыра беруге Сіздің бекем бел байлап отырғаныңызға мен қуаныштымын... Сізден, Президент мырза, менің өзіңізге деген аса құрмет сезімімді шүбәсіз қабыл алуыңызды өтінемін.»,– деп үміт сенімін де, құрметін де көрсеткен еді.
2009жылдың 13 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халықпен тікелей желі арқылы сұхбаты болды. Екі аптаның ішінде тікелей желінің веб–порталына 40 мыңнан астам сұрақ түсті – бұл 2007жылғы Президент Ғаламтор –конференциясында қойылған сұрақтардан сегіз есе артық. Онда, әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру саласы, құқық қорғау, тұрғын үй мәселесі, үлескерлер жағдайы т.б. мәселелерге байланысты сұрақтарға «Тікелей желі» порталы мен БАҚ-тарда 13,5 мыңға жуық жауап орналастырылды. Арнайы комиссиялар мен жұмыс топтары мәселелерді орнында тексеру үшін 122рет сапарлар ұйымдастыры, көптеген азаматтардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берілді.
Жаңа астананың құрылысы. Еуразия құрлығындағы мегаполис. 1994 жылдың 6 шілдесіндегі Жоғарғы Кеңес сессиясының пленарлық мәжілісінде ұсынылып, бекітілді. Елбасы депутаттарға жаңа астананы тандауда 32 өлшемді ескергендігін атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен және Парламенттің Қаулысымен 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Президенттің халыққа үндеуінде: «Қазақстан еуразиялық ел боп табылады. Ақмола — Еуразия құрлығының географиялық орталықтарының бірі. XX ғасырдың шиеленісті тарихында біз түңғыш рет өз мемлекетіміздің астанасы туралы дербес шешім қабылдадық... және де XXI ғасыр табалдырығында біз өз таңдауымыз — көне Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы мәлімдейміз», — деп айтылды.
1997 жылдың 20 қазанында Президенттің Жарлығымен ресми түрде Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланғаннан кейін сырттан миграциялық тасқын аса қарқынды болды. Бұл жағдай, әсіресе, 1998 жылы ерекше байқалды. Осы жылы ғана астанаға келгендердің жалпы саны — 13975 адамға жетті. Оның 94,6%-ы немесе 13214 адам республикалық миграция бойынша келгендер, оның 37,9%-ы Ақмола облысынан, 11%-ы Солтүстік Қазақстаннан және 10,8%-ы Қарағанды, 10,5%-ы Қостанай облыстарынан, 14,4%-ы Алматыдан қоныс аударғандар. Мұндай миграциялық тасқын сол кездегі ауыл шаруашылығы мен бірқатар шағын қалалардағы стагнациясымен тұспа-тұс келген болатын. Осылайша, Астана қаласы көпшілік қазақстандықтар үшін жаңа тұрмыс салтына қол жеткізер құтты орынға айналды. Сараптамашылардың жасаған қорытындылары бойынша астанаға келгендердің көпшілігі 20—40 жастағы жоғары білімділер екен. Осылайша, бұл факторлар өз ретінен қала тұрғындарының этникалық және әлеуметтік құрамын өзгертуге бірден ықпал етті. Енді Астана қаласы тұрғындарының құрамына тоқталатын болсақ, 1999 жылғы ұлттық санақ мәліметінде, Астана қаласында барлығы 319324 тұрғын болса, оның 133585-і, яғни 41,8%-ы қазақтар, орыстар — 129480 адам немесе 40,5%, украиндар — 18070 адам немесе 5,7%, немістер 9591 адам, яғни 3%, татарлар — 8286 адам немесе 2,6%, белорустар — 5761 адам немесе 1,8%, поляктар — 2537 адам немесе 0,8%, корейлер — 2028 адам немесе 0,6%, ингуштар — 1822 адам немесе 0,6% және басқа ұлттар 8164 адам немесе 3,8%-ды құрағаны анықталды.
Астана қаласының серпінді дамуында Елбасының 1996 жылғы 9 қазандағы Ақмолада арнайы экономикалық аймақ құру туралы 2001 жылғы 29 маусымдағы «Астана — жаңа қала» атты арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтары маңызды рөл атқарды. 1999 жылы Астанаға ЮНЕСКО-ның экономикалық, саяси, этникалық өсуге және этникааралық қатынастарды орнықтыруға қол жеткізе алатын — «Бейбітшілік қаласы» наградасы тапсырылды. Астана 1998 жылы еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына енді.
Астана қаласының жалпы аумағы республиканың 0,03% алаңын, яғни 710,2 шаршы шақырымды құрады. Қала тұрғындарының саны 2004 жылдың соңында 528 мың адамға жеткен. Соңғы жасалынған демографиялық зерттеулер бойынша, 2030 жылы Астана қаласы түрғындарының саны 1 млн 200 мыңға өсетіні болжанып отыр. Ал қалада тұрғындар тығыздығы бір шаршы шақырымға 743 адамнан келеді. Астана республика бойынша тұрғындар тығыздығы жағынан Алматыдан кейін екінші орын алады.
Қазіргі күні Қазақстан Республикасының жаңа астанасы күн сайын көркейіп, өсіп келе жатқандығына баршамыз куә. Осы орайда, дүние жүзіндегі ең танымал астаналардың бірі Мәскеудің әкімі Ю. Лужков: «Астананың өсу қарқыны әлемдегі ең мықтысы деп айтуға болады. Мен осында келгенде жоспарлардың ғаламаттығы емес, олардың орындалуы таң қалдырды. Қазақстанның жаңа астанасы қазірдің өзінде өркениетті ірі мемлекет астанасының бейнесін алды», — деп жоғары бағалаған болатын.
Астана қаласының басты белгісі — «Бәйтерек» монументі 2002 жылы бой көтерді. Биіктігі — 105 метр, бүл композицияның негізгі бөлігі алып ағаштың діңгегін бейнелейді, ал композицияның жоғарғы бөлігіндегі үлкен шар— аспан. «Астана — Бәйтерек» өзінің жалпы мағынасында негізгі үш философиялық түсінікті — жер, өмір және аспан ұғымдарын білдіреді. Қазақстан мен оның астанасы үшін «Бәйтерек», мәселен, Мәскеудегі Қызыл Алаң немесе Нью-Йорктегі Бостандық статуясы секілді нысан. Бұл монументтік құрылыс бір өзінде философиялық, саяси және тарихи ойды тұтас біріктіріп жинақтаған.
2000—2005 жылдар аралығында қалада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,1 есе — 2000 жылғы 18,1 млрд теңгеден 2005 жылы 58,0 млрд теңгеге дейін өсті. 2005 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2000 жылмен салыстырғанда 2,5 еседен асып, жалпы саны 39,4 мыңды құраған. Ал шағын бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2 есеге ұлғайып, 83,6 мың адамды құрады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 15 тамыздағы № 1064 қаулысымен бекітілген Астана қаласының бас жоспарына сәйкес әкімшілік, іскерлік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-білім беру және бизнес орталықтары қалыптастырылуда. Қалада ақпараттық инфрақұрылым қалыптасып, одан әрі даму үстінде. 2001—2005 жылдар аралығында бұқаралық ақпарат құралдарының саны (БАҚ) 78-ден 169-ға дейін (77 газет, 82 журнал, 7 телерадиокомпания, 3 ақпараттық агенттік) өскен. Олардың ішінде 25 БАҚ ағылшын, неміс, татар, украин тілдерінде шыққан. Мемлекеттік емес БАҚ-тар 66%-ды қүраған.
2002—2005 жылдары тұрғын үй, сауда, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени мақсаттағы нысандарды салуға 4,6 мың жер учаскесі бөлінген. Жалпы алаңы 1137 мың шаршы метр 182 тұрғын үй және тұрғын үй кешендері, сауда, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени мақсаттағы 682 нысан тапсырылған. Сол кезеңде жеке тұрғын үйлерді салу үшін 3,2 мың жер учаскесі берілді, жалпы алаңы 587,5 мың шаршы метр 2,7 мың үй пайдалануға қабылданды.
2005 жылғы желтоқсан айының мәліметтері бойынша, Астанада орта есеппен жан басына шаққаңдағы ең төменгі күнкөріс шамасы 6,2 мың теңгені құраған. Тұрмысы төмен азаматтардың саны 2006 жылдың 1 қаңтарында 2,9 мың адамды көрсеткен. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 4,2 есе кем.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 4 мамырдағы №111 Жарлығымен Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006—2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада қала халқы мен экономикасын өсіру ісі 2 кезеңге жоспарланды. I кезең 2006—2008 жылдарды, II кезең 2009—2010 жылдарды қамтиды.
Қалада 2006 жылы 11 жоғары оқу орны (оның 8-і жекеменшік), 22 колледж жұмыс жасады. Оларда 58,3 мың студент оқыды. 54 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, 2 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты, арнаулы түзету мектеп-интернаты және кешкі мектеп, 36 мектеп жасына дейінгі ұйым жұмыс жасады (11,2 мың баланы қамтыған). Алайда кейбір мектептер 2—4 ауысымда оқыды. Мысалы, 1 ауысымда — 16 мектеп; 2 ауысымда — 37 мектеп; 3 ауысымда — 7 мектеп; 4 ауысымда 1 мектеп жұмыс жасаған.
2005 жылы Астана қаласында 32 мемлекеттік, 100-ден аса мемлекеттік
емес медицина мекемесі қызмет етті. Алайда дәрігер мамандармен қамтамасыз ету 78%-ды, орта медициналық кадрлармен қамтамасыз ету74%-ды құрағандықтан, бұл салада кадр тапшылығы орын алды.
2006 жылғы мәлімет бойынша қалада 3 театр, 23 кітапхана, 5 мұражай, 1 клуб мекемесі, 2 кинотеатр, мемлекеттік филармония, 2 сарай, 3 балалар музыка мектебі, өнер және көркемөнер мектебі, 25 сауықтыру спорт кешені жұмыс жасады.
Астанада тұрғын үй құрылысы жақсы қарқында дамып келеді. 2006 жылы 6 шілдеде «Астана-Триумф» тұрғын үй кешені қолданысқа берілді. Астана төрінде 2008 жылы 6 шілдеде Астананың он жылдығына «Қазақ елі» монументі ашылды. Оның биіктігі тәуелсіздік алған 1991 жылдың рәмізін бейнелейтіндіктен — 91 метрді құрайды. Осы монументті ашқанда Президент: «Астана төрінен ашылып отырған Қазақ елі монументі — халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырып тұратын мәңгілік белгі. Бұл монумент біздің ата-баба салтына адалдығымыздың терең тамырлы салт-дәстүр мен ұрпақ жалғастығының жарқын көрінісі болады», — деген еді.
Астананың ажарын жарқырата түскен — Бейбітшілік және келісім сарайы және 2008 жылы 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі күні тұсаукесер рәсімі жасалынған — Тәуелсіздік сарайы да қазіргі кездегі ерекше сәулеттік өнер туындылары болып табылады. Елбасы: «Астанада қабылданған елдің индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы сұраныс пен ұсыныс нарығын қала аумағында ғана емес, бүкіл республика бойынша қалыптастыруға жол ашты», — деп мемлекетіміздің жаңа елордасы Астана қаласы тәуелсіз Қазақстанның басты тірегіне айналғанын дәл айтқанды. Сонымен, мемлекетіміздің жаңа Астанасы еліміздің дәл орталығында орналасуы бүкіл ұлттық рухымызды асқақтатып, ынтымақ-бірлігімізді бүкіл әлемге паш етті. Бүгінгі күні посткеңестік елдер арасында Қазақстанның алға озып, танымал мемлекеттер қатарына қосылуының басты себебі осында жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы — Астана қаласы бүгінгі күні қазақ топырағында бой көтерген Шығыс өркениетінің заманауи үлгісі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Астананың күннен-күнге көркейіп, қарқынды өсуі бүкіл қазақстандықтардың ортақ мұраты мен ерен еңбегінің нәтижесі.
2009 жылдың 3 шілдесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа стадионның ашылу рәсіміне қатысты. 2009 жылдың 3 шілдесінде салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Елорда күні қарсаңында 30 мың көрерменге есептелген еліміздегі тұңғыш жабық стадионның құрылысы аяқталғанын атап өтті. Мұндай орасан зор спорт ғимаратын Отанымыздың жүрегі, барша Қазақстанның мақтанышы — Астанада салудың рәміздік мәні бар. Жаңа стадион Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) барлық талаптарына сай келеді және бүкіл Орталық Азия өңірінде теңдесі жоқ құрылыс болып табылады. «Мұнда ұлттық біріншіліктің басты матчтары өткізілетін болады. Осында біз басқа елдердің майталман футбол шеберлерін қабылдаймыз. Сондай-ақ, осы тамаша спорттық аренада болашақта елдің спорттық намысын қорғайтын өрендеріміз жас әрі талантты спортшылар жаттығады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Стадион алаңында алғашқы болып астаналық «Локомотив» футбол командасы мен Қазақстан жастар құрамасы жолдастық кездесу ойындарын өткізді. Матчқа әлемнің үздік төрешілерінің бірі Пьер Луиджи Коллина қазылық етті. Жастар құрамасы қатарында танымал футболшылар Каха Каладзе мен Андрей Шевченко, «Локомотив» (Астана) командасының құрамында түрік футболшылары Хасан Шаш және Хакан Шукур ойын көрсетті. Бірінші рәміздік допты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тепті. Мемлекет басшысы: «Бізде осындай тамаша стадиондар, спорт сарайлары, мұз айдындары мен су жарыстары ареналары көбейген сайын өміріміз де мәңді, салауатты әрі қызықты бола түспек. Барша астаналықтар мен қазақстандықтарды осы айтулы шарамен құттықтаймын», — деді.
2009 жылдың 4 шілдесінде Елордадағы «Атамекен» мемориалды кешенінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін ме-рекелеу аясындағы іс-шаралардың басталуына орай Мемлекеттік туды көтеру салтанатына қатысты. Туды, болашақта Қазақстанның басқа да рәміздерін орнату біздің мемлекетіміздің берік негізін, елдің қуаты мен даңқын, оның ұлы тарихы мен болашағын бейнелейді. Маңызды шараның бастапқы тұсында Н. Назарбаев: «Мемлекеттік Ту — кез келген мемлекеттің басты рәмізі. Біздің Туымыздың біртұтас түсі — халқымыздың бірлігін, достығын, мемлекетіміздің, еліміздің мемлекеттік шекарасының тұтастығын білдіреді», — деді.
2009 жылдың 30 тамызында Астанада Елбасы — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Конституция күнін мерекелеуге арналған тұңғыш Әскери шеру болып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды», — деп атап көрсетті. «Қазақ елі» монументі алаңында Қорғаныс министрлігі Құрлықтағы әскерінің, Әуе қорғаныс күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Республикалық ұланның сарбаздары салтанатты сап түзеп өтті. Әскери шеруге барлығы 2000-нан астам офицерлер, келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, әскери жауынгерлер қатысты.
2009 жылы 8 қазанда Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. «Кіші Азияны мекен еткен түрік қандастарымыз жайында сөз қозғағанда, сонау орта ғасырда ұлы даладан өркениет үлгілерін Анадолы жеріне ала барған бауырларымыз еске түседі. Бүгінде Түркия сияқты бауырлас елмен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынастың түрлі деңгейде дамып келе жатқандығын бәріміз білеміз. Бүгін осы айнымас татулықтың айғағы ретінде Астана төрінде Түркия Республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз», — деді Мемлекет басшысы. Ескерткіштің ашылу рәсімінде Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Атилла Гюнай сөз сөйледі. Түрік Республикасының негізін қалаушының ескерткіші Астанада Есілдің жағалауындағы гүлзарда орнатылған. Қоладан құйылған, тұғыры мәрмәр ескерткіштің биіктігі 4,4 метр, салмағы 5,5 тоннаға тең. Еңселі ескерткіш елдік мұраттарды арқау еткен.
2008 жылы 6 шілдеде ашылған «Қазақ елі» монументінің барельеф-термен толықтырылған екінші рет ашылуы — 2009 жылдың 20 қазанында өтті. Монументтің ашылуына Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, танымал ақындар мен жазушылар, өнер адамдары, студенттер, қаланың байырғы тұрғындары — барлығы 70 мыңдай адам қатысты. Стелланың төменгі белдеуіндегі негізгі орында дүниенің төрт бұрышына қаратылған төрт барельеф орналасқан. Олар «Халық және Тұңғыш Президент», «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» деп аталады.
2009 жылы Астанада бірқатар жаңа нысандар — «Қазақстан темір жолы» және «Лукойл» көп қабатты ғимараттар кешені, Жаңа халықаралық университет пен мектептің оқу корпустары, «Керуен» сауда-ойын-сауық кешені, 330 пәтерлі «Тәуелсіздік» тұрғын үй кешені, «Азия-Парк» сауда-ойын-сауық орталығы, Елорданың сол жағалауында орналасқан 240 сәбиге арналған «Қарлығаш» балабақшасы, №2 қалалық аурухана, ұзақтығы 224 шақырым Астана — Бурабай автомагистралі, сондай-ақ «Фиеста», «Әл-Фараби», «Оқжетпес», «Байқоңыр», «Солтүстік шүғыла», «Astana Fіnancіal Tower» іскерлік орталығы және басқа да нысандар пайдалануға берілді. 2009 жылы 15 желтоқсанда сәулетші Манфреди Николеттидің идеясымен салынған «Қазақстан» Орталық киноконцерт залында тәуелсіздіктің 18 жылдығына арналған мереке атап өтілді. 2009 жылы 23 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа ғимараты ашылды.
2009 жылдың басындағы есеп бойынша Астанада — 639 311 адам тіркелген. Осы халықтың 405 385-і — қазақтар, 160 952-сі — орыстар, 4080-і — өзбектер, 19 522-сі — украиндер, 574-і — үйғырлар, 11 279-ы — татарлар, 2009-ы — немістер, 4244-і — корейлер, 1874-і — әзербайжандар, 5549-ы — белорустар, 455-і — түріктер, 15 529-ы өзге этнос өкілдері.
Астана жылдан-жылға өмір сүруге, әрі жұмыс жасауға қолайлы мегаполиске айналып келеді. Мұның өзі мемлекет жасаған қамқорлықтың заңды нәтижесі деп те айтуымызға болады. Тұрғындарды әлеуметтік қорғау ісі бойынша қыруар істер атқарылуда. Мәселен, денсаулық сақтауға бөлінген қаржы — 32 еседен астам, білімге бөлінген қаржы 22 есеге, әлеуметтік қамсыздандыру мүддесіне бөлінген қаржы 6 есеге артқан. Қазіргі танда Астанада жаңа медициналық орталықтары және ойын-сауық кешендері халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен бірге жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген Ана мен бала орталығы, Балалардың сауықтыру орталығы, Диагностикалық және Нейрохирургия орталықтары, «Думан» ойын-сауық орталығы және бірнеше спорт-сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Осылайша елорда әлем үшін халықаралық маңызы бар көптеген саяси-экономикалық іс-шаралар өткізілетін жаңа бір саяси орталыққа айналуда. Сондай-ақ, ТМД және Орталық Азия мемлекеттері қатысуымен өткізілетін үлкен басқосулардың тұрақты орнына, бүкіл дүниежүзіндегі мәдениет пен діндердің келісім табуына себепкер болып отырған әлемдегі ең бейбітсүйгіш мемлекет астанасы болып табылады. Мәселен, 2003 және 2006 жылдары Астана қаласыңда өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екі съезі Астананың әлемдік қоғамдастықтағы өзіндік мәртебесін айқындай түсті.
Бүгінгі таңда Астанада 44 елдің дипломатиялық елшіліктері, 113 бірлескен және шетелдік кәсіпорындардың өкілдіктері орналасқан. Сонымен қатар Елорда қазіргі кезде республика үшін білім мен ғылым дамуының жаңа орталығы ретінде дамуда. Мысалы, Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық музыка академиясы, Қазақ гуманитарлық заң университеті сияқты басқа да бірнеше жоғары оқу орындары бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылдың 5 мамырындағы №416 қаулысымен — Астана қаласында Мемлекет тарихы институтының ашылуы да тарихи маңызы бар оқиға.
Жаңа Астана сәулетті құрылыстарымен де әлемге танымал бола бастады. Шетелдің озық тәжірибелерін тиімді пайдалану арқылы жаңа елорданың әрбір маңызды құрылыстар саны күннен-күнге артуда. Осы орайда, Ресей Федерациясы Сурет академиясының президенті 3. Церетели: «Жасаған жоспарлары бойынша жаңа қалалар, тіпті астаналар салған адамдар тарихта болған. Бұлар — өзінің ғаламат жоспарларын жүзеге асырған ұлы адамдар. Ресейде бұл Санкт-Петерборды салған I Петр. XX ғасырда Президенттің жарлығымен Бразилияда жаңа астана — Бразилия салынды. Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның жаңа астанасының орны мен бейнесін таңдаған кезде бақылап отырдым. Оның дәл табатын және бағыттай білетін, басқаларда кездесе бермейтін қасиеті бар. Астана нағыз заманауи астана болуы үшін бәрін жасайтынына сенемін», — деген пікірін ашық білдірді.
Қазіргі Қазақстан — әлемге бүкіл дүние жүзінде діни бейбітшілік орнатудың бастамашысы ретінде танылған мемлекет. 2003 және 2006 жылдары Қазақстан Республикасының астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері өткізілді. Биыл III съезді де Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр. Алдыңғы съездерге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Америка елдерінің әртүрлі конфессияларының жетекшілері қатысқаны белгілі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев елімізде дін мәселесінің оңды шешілуіне және де бүкіл әлемге Қазақстанның бейбітшілікті сақтаушы мемлекет ретінде танылуында өлшеусіз үлес қосты.
2. «Қазақстан—2030» стратегиясы: қабылдануы және маңызы. Кез келген мемлекет түбегейлі трансформацияға шешім қабылдау кезеңінде өзінің дамуының негізгі бағыттарын айқындауға мәжбүр болады. Ең бастысы, қозғалыс бағыттарын белгілеп, негізгі басымдықтарға сәйкес міндеттерді анықтау мемлекеттік және ұлттық мүдде үшін қажет. Мұндай жүйелі бағдарламасыз алға қарай қозғалыс қиындай түседі. Ұзақ мерзімді даму бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы белгіленген мақсаттарға жету, мемлекет басшысына деген қоғамның сенімі экономика мен саяси жүйені модернизациялаудағы басты мүмкіндікке айналды.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін-ақ кең ауқымды әлеуметтік, саяси және экономикалық реформаларды жүргізе бастады. Елдегі өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары азайып, кезеңдік реформалардың күрделі даму мерзімі аяқталар тұста дербес төл стратегиялық бағытымызды айқындау мақсаты қойылды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан—2030» даму стратегиялық бағдарламасын ұсынды.
Хакім Абай: «Адам — өз заманының бел баласы. Егер ол жаман болса, бұған кінәлі оның замандастарынан басқа кім дейсің?!» — дегені бар. Ел тұтқасын ұстаған Елбасының «Қазақстан—2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» хақындағы халыққа Жолдауы, ұзақ мерзімді даму бағдарламасы замандастарымыз бен тарих алдындағы осындай аса зор жауапкершілікті терең түсініп, жіті білуінен туындағаны шындық.
Бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде Қазақстан бірінші болып мемлекеттік дамудың стратегиялық бағдарламасын жасады. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдердің басшылары ел экономикасын модернизациялау және қоғамның әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы мұндай ұзақ мерзімді бағдарламаны жан-жақты негіздеп, ұсына алмады. Сол жылдардағы зейнетақы мен жалақының уақытында берілмеуі, жұмыссыздық деңгейінің жоғарылауы, қалаларда жылу берілмей, электр қуатының азаюы сияқты сан түрлі күрделі мәселе күмән туғызғанымен, стратегия өзінің қажеттілігін көрсетті.
«Стратегияны жасауда бізге халықаралық ұйымдар мен донорлардың ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының үлкен көмек көрсеткенін атап өтуіміз керек. Бізбен бірге ақыл-кеңес берушілер ретінде 40-тан аса әйгілі халықаралық сарапшылар жұмыс істегенін айтсақ та жеткілікті. Солардың қатарында X. Берсток, К. Грей, В. Худжонг, Г. Алисон, Р. Блэквилл сынды және басқа адамдар болды», — деп жазды Н. Назарбаев. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, халықаралық ұйымдар мен донорлардың ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы ескеріле отырып жасалған стратегиялық жоспар әлемдік қауымдастықтың да ойынан шықты.
«Қазақстан-2030» мемлекеттік стратегиясын дайындауда әлемдік өзгерістер ескерілді. Ол үшін мамандардан реформаны жүргізу мен стратегиялық жоспарлау саласындағы халықаралық тәжірибені барынша зерттеуді талап етті. Қоғам тағдырын шешетін жаңа міндет алу, оны жаңа өмірлік идеологияның өзегіне айналдыру, қоғамдық жігерді мұншама кең қарымды іске жұмылдыруда, ең аддымен мақсат саралығы мен бағыт айқындығы басты шарт болып табылады.
Стратегияның «Біз бүгін қай жердеміз?», «Қазақстанның мұраты» деп аталатын тараулары қазақстандықтардың реформаға артып отырған мүдделері мен үміттерін, көздейтін мақсаттарын саралап көрсетуге арналды. Ал барлық қазақстандықтардың күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын стратегия мен тактика қызметіне құжаттың үшінші тарауы арналды.
Ұлттық қауіпсіздіктің неліктен бірінші орынға қойылғаны сол кезде дау туғыза бастады. Бірақ тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі азаматтарымыздың гүлденіп көркеюі мен жүргізіліп жатқан реформамыздың табысқа жетуінің басты кепілі және негізгі басымдық ретінде көрсетілді. Оны қамтамасыз етудің алғышарты - қоғамның ынтымағы мен ішкі саяси орнықтылығы. Бұл көп этносты, әрі әлеуметтік жіктелу үдерісі тереңдей түскен - Қазақстандық қоғам үшін оңай міндет емес еді.
Әлеуметтік тұрғыдан ішкі орнықтылық пен тұрақтылықтың іргетасы - орта тап екені белгілі. Сондықтан да стратегиялық бағдарламада қоғамдық орнықтылыққа шешуші маңыз берілді. Кез келген саяси реформа орта тапты қалыптастырмай нәтижелі болмайтындығы туралы Елбасының ұстанымын Сингапурдың негізін салушы Ли Куан Юдың пікірі дәлелдей түседі: «...қоғам осындай (батыстық) демократиялық саяси жүйені табыспен пайдаланатын жағдайға жеткенге дейін, халық білім мен экономикалық дамудың жоғары деңгейіне жетуі, едәуір көлемде орташа тап құруы қажет және адамдар өмірде күнкөріс үшін күресті ойламайтын болуы тиіс... Орташа тап өміршең экономикасы жоқ елде пайда бола алмайды, ал мұның өзі елді бір орнында шыр айналудан шығаруға қабілеті күшті, дана басшылықты керек етеді».
Бүгінгі күні Қазақстанда орта тап құру үдерісі біршама нәтижелер беруде. Стратегиялық басты басымдықтардың негізгі тобы сыртқы және ішкі инвестицияларды көбірек тартуды көздейтін ашық нарыққа, қуат көздерін тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды қайта құруға, экономиканы нарыққа, бәсекеге қабілетті етіп қайта жасақтау, азаматтарымыздың денсаулығын, білім беру саласы және әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Бұл арқылы Қазақстанның көркеюінің нақты мүмкіндіктері, олардың жүзеге асуының ықтимал кескіндемесі жүйеленеді. Стратегияны жүзеге асыру мақсатында 1998—2000 жылдарға жоспарланған жеті басымдық пен 1998 жылдың Үкімет алдындағы сегіз нақты міндеті терең талданды. Экономикалық реформалар арқылы еркін нарықты құру, билікті демократияландыру шаралары жүзеге асырылды.
Елбасы даму стратегиясын белгілеуде келешек мүмкіндіктеріміздің қандай екенін, оның қайтсе жүзеге асатынын, қалай пайымдайтынын ортаға салып, халыққа сенім артты. Әуелі қоғамды қиын жағдайдан шығарып алудан кейін, қайта өрлеу жолында еңбектенуге шақырды. Осы себептен де, «Қазақстан—2030» стратегиялық бағдарламасы адам факторын дамытуды ең жоғарғы орынға қояды. Елбасы ұсынған даму стратегиясын жүзеге асыру — әр Қазақстан азаматының қолында. Бүл стратегияны жүзеге асыру бәсекелестіктің бағыттарын қолдайтын түрлі құрылымдар жиынтығын талап етеді.
«Қазақстан—2030» стратегиясы ел азаматтарының кемел прагматизмге сүйеніп қана атқара алатын келелі мәселелерді айқындап көрсетті. Аталған кезеңде демократиялық болмыстың біржола басым түсе бастайтынына сенімді Елбасы жекеменшіктің, аралас инвестицияның, ашық қоғамның, саяси плюрализмнің, меншік иелері билігіне қол сұқпайтын кәсіби үкіметтің, қылмысқа жол бермеудің, жаңа адамдық сапаның өткір мәселелерін батыл көтеріп қана қоймай, жемқорлыққа, экономикалық бойкүйездікке, ақаулы тұрмыс салттарына қарсы белсенді күреске шақырды. Мұның тарихи шындыққа айналуы қазіргі естияр буынның тарихи жауапкершілігіне байланысты екендігіне де арнайы тоқталды.
Қайта жаңғыру және өрлеу стратегиясы арқылы барша қазақстан-дықтардың жақсы тұрмысы, әлеуметтік әділеттілік, ұлттық бірлігіне кепіл болған ұзақ мерзімді даму стратегиясына негіз етіп алынған басым бағыттар мемлекетіміздің кез келген жоспарларын жасаудағы тұрақты бағдарына айналды. Бұл, әлемде ең бастысы — біздің қай жерде тұрғанымыз емес, қандай бағытта жылжып бара жатқандығымызда. Қазақстан Республикасы қазір «Қазақстан—2030» қайта жаңғыру және даму бағдарламасын негізге ала отырып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан орын алуға ұмтылып келеді. «Қазақстан—2030» даму стратегиясы ұзақ мерзімді қамтығанымен, оның тұрғындарын, мүмкіндіктері мен қабілетін толық ескерген, басым бағыттары шынайылыққа негізделген байыпты бағдарлама болып табылады.
Президенттің 1997 жылғы 1 қазандағы «Қазақстан—2030: барлық қазақстандықтардың өсіп-өркеңдеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауы тәуелсіз еліміз тарихындағы мемлекетіміздің жаңару бағытын айқындаған маңызды құжат болып табылады. Бағдарламада Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық мәнді жеті негізгі ұзақ мерзімді басымдық белгіленгені мәлім. «Қазақстан—2030» стратегиялық бағдарламасынан кейінгі жылдары Елбасының жасаған Жолдаулары осы бағдарламаның занды жалғасы блып табылды.
Тәуелсіз Қазақстанның даму стратегиясы: басымдықтары мен нәтижелері. Елбасының Казақстан халқына Жолдаулары. Елбасы алғаш рет 1996 жылы 8 қазанда Қазақстан халқына «Елдегі жағдай және ішкі, сыртқы саясаттың 1997 жылға арналған негізгі бағыттары туралы» атты Жолдау жасады. Бұл Жолдауда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі бес жыл уақыт ара-лығында жүзеге асырылған саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша реформаларға жан-жақты тоқтала отырып, терең талдаулар жасады.
«Ішкі және сыртқы саясаттың бағыттары мен басымдықтары» деген Жолдаудың екінші бөлімінде Президент елдегі мемлекеттік-құқықтық құрылыс, сыртқы саясаттағы бағыттарға арнайы тоқталды. Негізінен алғанда, Елбасы Жолдауда демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құру жолындағы басты мақсат-міндеттерді ашып көрсетеді. Сондай-ақ, Жолдауда іске асырылып жатқан экономикалық реформалар барысын жүйелі саралап, әсіресе, жекешелендіру, шағын және орта бизнес, тұрғын үй құрылысы, шетелдік инвестицияларды тарту, қылмысқа қарсы күрес, бюджет саясатының басымдықтары сияқты сол уақыттағы аса күрделі мәселелерді жан-жақты қарастырды. Маңыздысы, Жолдауда ел өміріне, әлеуметтік-экономикалық ахуалға көп көңіл бөлінді. Қоғам дамуы ел өмірімен, экономика және саясат төңірегінде кең өріс алды.
Елбасының 1998 жылғы 30 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы. 1998 жылғы 30 қыркүйектегі «Елдегі жағдай және сыртқы және ішкі саясаттың басты бағыттары: жаңа жүзжылдықта қоғамды демокра-тияландыру, экономикалық және саяси реформалар» атты Қазақстан халқына Жолдауында сол кездегі халықаралық саяси жағдайға, әсіресе көршілес Ресей мен ТМД-ның оңтүстік аймақтарындағы мемлекеттердегі шиеленісті оқиғаларға, оның Қазақстанға ықпалына тоқталды. Мемлекетіміздің экономикасын және халықтың әл-ауқатын көтерудің жолдарын айқындап, осы мақсаттарға жету жолында атқарылатын іс-шараларды нақты көрсетті:
біріншіден, сайлау үдерісі адал, өкілетті болуы тиістігі, кандидаттар мен сайлаушылардың жұмысын марапаттап отыру керектігі айтылады;
екіншіден, еліміздің саяси жүйесінде саяси партияның рөлін арттыру мәселесі қойылды;
үшіншіден, Сенат пен Мәжілістің тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оны барынша нығайта түсу қажеттігі баса айтылды.
Парламентте аз этностар мен діндер өкілдерінің өкілдігін арттыру, ол үшін Президент тағайындайтын сенаторлардың бір бөлігін Қазақстан халықтары ассамблеясына ұсынылатын кандидаттардан алу керектігін ұсынды. Президенттің бұл ұсынысы 2007 жылы жүзеге асырылғаны белгілі. Ал мұндай аса маңызды шешім Қазақстанда этносаралық келісім мен татулық негізінде бірыңғай қазақстандық азаматтық қоғам қалыптастырудың басты тұғыры деп айтуға болады. Жолдаудың басым бағыттарынан ұлтаралық келісім мен татулық табиғаты, оны жүзеге асыру мүмкіндіктері кең орын алды.
Елбасының 1999 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауы «Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» деп аталды. Жолдауда қазақ халқының сан ғасырлық тарихындағы маңызды кезеңдеріне, тәуелсіз ел болу жолында жүріп өткен ұлы күрес шежірелеріне шолумен басталды.
Жолдауда Қазақстанның саяси тұрақтылығы, ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлер, соның ішінде, лаңкестік, діни экстремизм мәселелеріне баса назар аударылды. Сол кездегі тарихи сын сағатта Елбасы Қазақстан халқының болашағына қауіп төндіретін мәселелерді анықтап, оның алдын-алу жолдарын айқындады.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған бұл Жолдауында ұлттық қауіпсіздік мәселесі жан-жақты қамтылды және де осы бағытта жүзеге асырылатын маңызды іс-шаралар жоспары айқындалған. Қазақстан халқына үлкен үміт артылып, оның тарихы мен келешек дамуына, алдағы атқарылар ауқымды істерге назар аударылады. Ел дамуының жаңа бағыттары, соны істердің оңды қырлары көрсетіледі. Мүмкіндіктері қарастырылады.
Елбасы 2000 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында егемендік алғаннан бергі он жыл уақыт ішінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамып, қалыптасуына егжей-тегжейлі тоқталды. Алдағы уақытта республиканың саяси-экономикалық, әлеуметтік даму жағдайын барынша дамытып, жетілдіре түсу жолдарын айқындап көрсетті. Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында 2001 жылы бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің (мемлекеттік қызметшілерден басқасының) жалақысын 30%; әлеуметтік құрылымдар қызметшілерінің жалақысын 30—40%; судьялар корпусының жалақысын арттыруды, ең төменгі зейнетақыны 4000 теңгеге дейін өсіру туралы айтылды.
Жолдауда Қазақстан экономикасының қарқынды дамуының басты басымдықтары айқындалған, олардың ішінде, ауыл шаруашылығын және индустрияны дамыту, республиканың экономика саласына отандық және шет ел капиталын құю, шетел инвестицияларын тарту, халықаралық нарыққа шығу үшін стратегиялық транзиттік даңғылдарды моделдендіру мәселесі анық көрсетілді.
Елбасы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударып, халықаралық лаңкестік пен экстремизм қатері, Ауғанстан, жалпы аймақтық қауіпсіздік мәселелері, қорғаныс мақсатында қазіргі заманғы қуатты әскер жасақтау, осы заманғы аумақтық қорғаныс жүйесін қалыптастыру сияқты маңызды мәселелерді көпшілік назарына ұсынды.
Қорыта айтқанда, Жолдауда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына қатысты әрбір міндеттен алынатын нәтижелер сол белгіленген жылға ғана емес, болашақтағы маңызды мәселелерді оңтайлы шешуге де бағытталған.
Елбасы 2001 жылы 3 қыркүйекте «Елдегі жағдай туралы және 2002 жылға ішкі және сыртқы саясаттың басты бағыттары туралы» Қазақстан халқына Жолдау жасады. Мұнда басты назар сыртқы саяси басымдықтарға бағытталған. Елбасы сыртқы саясат және ел қауіпсіздігін нығайту аясында төмендегі маңызды мәселелерді шешу қажеттігін баса көрсетті:
— интеграцияны одан ары қамтамасыз ету, әлемдік қауымдастықта Қазақстан рөлін күшейту;
— аймақтық қорғаныстың тиімді жүйесін қалыптастыруға белсенді түрде қатысу;
— әскери реформаны аяқтау және қазіргі күнгі Қарулы Күштерді қалыптастыруды жалғастыру;
— шекара және ішкі әскерді бекіту;
— барлық бағыттар бойынша шекараны делимитациялау үдерісін аяқтау және басқа да трансшекаралас мәселелерін шешуде тиімді шаралар қабылдау;
— елдің экономикалық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейту.
Жолдауда Елбасы 2010 жылға дейін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму бағыттары бойынша да аса маңызды негізгі басымдықтарды атап көрсетті. Сондай-ақ, экономика көлемін арттыру, бизнеске қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджеттен 2002 жылға 90 миллиард теңге бөлу қажеттігін жеке атап көрсетті. Денсаулық сақтау және тұрғындар денсаулығы сапасын арттыру, білім беру саласын жетілдіре түсу, зейнетақы көлемі мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысын көтеру мақсатында жүзеге асырылатын іс-шаралар айқындалды.
Негізінен алғанда, Жолдауда қазіргі заманға сай Қорғаныс Күштерін құру шараларын жақсарту, ол үшін 2002 жылы әскерді қаржыландыруға 8 млрд теңге бөлу қажеттігі баса көрсетілді. Қазақстанның аймақтық және әлемдік қауіпсіздік мәселесіндегі саяси ұстаным басымдықтары айқындалды.
Елбасының 2002 жылғы 29 сәуірдегі «Ауылға айрықша назар аударылады. Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы» Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік әкімшілік жүргізудің жаңа қағидаттарына және бюджетаралық қатынастардың тиісті үлгісіне көшу туралы айтылды. Өкілеттіктер мен жауапкершіліктің бір бөлігін орталықтан өңірлерге беру мәселесі, мемлекеттік қызмет сатылары бойынша жылжуды конкурстық жүйесінен мансаптық жүйесіне көшіру, сондай-ақ қолданылып жүрген заңда орын алған қайшылықтардан арылу қажеттігі баса көрсетілді. Елбасы сот саласындағы кадр саясатын жетілдіру мен судьялар катарындағы сыбайластықты шектеу, құқық корғау тетігіндегі адвокатураның рөлін күшейту шаралары, көрсетілген жылдың соңына қарай алқабилер (присяжные заседатели) институтын енгізу тұжырымдамасын жасау қажеттігіне тоқталған. Жолдауда өлім жазасы туралы үкімге де тоқталады.
Қазақстанның сыртқы саясаты, ЕурАзЭҚ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Орталық Азия ынтымақтастық ұйымымен, АҚШ-пен, Батыс Еуропа және басқа да елдермен ынтымақтастықты нығайту қажеттігі турасында айрықша тоқталған.
Жолдауда Қазақстанның халықаралық саяси сахнада алар орнын айқындау, алыс және жақын шетел мемлекеттерімен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынастар орнату арқылы өзіне сенімді серіктестер табу, аймақтық қауіпсіздік сияқты еліміз үшін күрделі де маңызды мәселелер көтерілген. Елбасы еліміз саяси ұстанымдарының негізін алыс және жақын шет мемлекеттермен ынтымақтастыққа, өзара ықпалдастыққа, серіктесті
<== предыдущая лекция | | | следующая лекция ==> |
азақстан және әлемдік қауіпсіздік мәселелері. | | | Ресурсы в современном обществе |
Дата добавления: 2015-09-07; просмотров: 10393;