Социологияның категориялары мен ұғымдарын жіктеу
Категориялар жүйесі - ғылыми зерттеудің зерделенетін эмпирикалық объектілерді сипаттау және түсіндіру үшін пайдаланылатын маңызды құрал. Категориялық аппарат пен әлеуметтік жүйелерді талдау принциптері едәуір дәрежеде ғылым зерделенетін объектінің ішіне кіре ала ма, жоқ па, оларды талап етілгендей деңгейде толық көрсете ала ма, жоқ па, соны анықтайды.
Социология категорияларының қатарында жалпы ғылыми, жалпы ұлттық және ерекшелік категориялар бар. Жалпы ғылыми категориялар (құрылым, функциялар, процесс, механизм, элемент, байланыс, орнықтылық, құбылмалылық, заңдылықтар, даму және т.с.с.) жалпы әдістеме тілінен алынған. Басқа гуманитарлық ғылымдарда пайдаланылатын жалпы әлеуметтік категорияларды социология осылардан алған. Ол, мысалы, философияның (қоғамдық сана, қоғамдық қатынастар, қоғам), әлеуметтік психологияның (ұжым, тұлға, мінез-құлық, уәждеу, сәйкестендіру, бейімделу, конформизм, өзара әрекет) және бірқатар басқа да ғылымдардың категорияларын пайдаланады. Социологияның ерекшелік категориялары - оның ішінде пайда болған және қоғамды зерделеудің тек өзіне тән көзқарастары мен тәсілдерін көрсететін категориялар.
Социологияның категориялары мазмұны жағынан былай бөлінеді [1]:
- жалпыға ортақ категориялар(ғалам, геоносфера, қоғам, әлем), бұларды әлеуметтік ғылымдардың бірде-бірі, соның ішінде социология да айналып өте алмайды. Бұл категориялар әлеуметтік болмысты дүние туралы әмбебап және іргелі түсініктер деңгейінде ұғынуда пайдаланылады.
- сапа категориялары (өркениет, формация, мәдениет, тұрақты даму), олар дүниені игерудің дәрежесі мен деңгейін, олардың қызмет атқаруының және қоғамдық, топтық және жеке өмірді оңтайлы ұйымдастырудың тиімділігін көрсетеді. Оларды пайдаланбай “өткен шақ, келер шақ” шеңберінде салыстыру, қандай да бір әлеуметтік топтардың, институттардың, ұйымдардың оңтайлылығының дәрежесін және қалай сипаттайтынын түсіну;
- объективтілік категориялары (әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік даму, әлеуметтік процестер, әлеуметтік құбылыстар мен институттар), бұлар адам өмір сүретін және тіршілік ететін тарихи кезеңнің маңызы мен мазмұнын нақтылайды. Оларда бүкіл әлемге тән, бірақ нақты тарихи бет-бейнесіндегі негізгі өзгешеліктері мен ерекшеліктері көрініс табады. Бұл категориялардың көмегімен қоғамдық өмірдің қандай да бір нысандарының ықпал етуі, саяси билік нысандары, қоныстанудың тарихи қалыптасқан түрлері және т.б. сияқты процестерді сипаттауға, талдауға болады;
- субъективтілік категориялары (сана, жеке тұлға, таптар, страттар), бұлар қоғам өміріндегі белсенді, шығармашылық, мүдделі бастаманы сипаттайды. Олар өздерінің мәселе қоюды пайдаланған кезде жедел шешуді талап ететін ең жалпы бағдарларды қамтиды, өйткені ең жалпы түрде пайдалану тек қана бағдарлық нәтиже береді;
- өзгерістер категориялары (басқару, реттеу, әлеуметтендіру, жаңарту, қақтығыс), бұлар түрлендірулердің механизмін, бағыттылығын, жүзеге асыру тәсілдері мен әдістерін сипаттайды. Бұл категориялар қоршаған әлемді құлпыртуға жасампаздықпен атсалысуды көрсетеді, ол болжам, көрегендік, бағдарлама жасау, әлеуметтік эксперимент, әлеуметтік ұйымдастырулар сияқты әмбебап әдістерді қолдануда көрініс табады.
Бұл категориялардың социология үшін маңызы орасан. Біріншіден, олар социологиялық білімнің ерекшеліктеріне орай социумде болып жататын әмбебап процестер мен өзгерістерді социология тұрғысынан тұжырымдалған түрде баяндауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл санаттар әр алуан ақпарат ағындары үшін біріктіруші рөл атқарады, оны орталықтандырады, оларды әлеуметтік өмірдің негізгі, принципті мәселелері төңірегінде біріктіреді. Үшіншіден, категориялар коммуникациялар рөлін атқарады, онсыз бірлескен және шығармашылық, ғылыми білімнің одан әрі дамуы мүмкін емес. Төртіншіден, бұл категориялар социологияны біртұтас өріс құра отырып, басқа әлеуметтік ғылымдармен жақындастырады, онсыз әлеуметтік ойдың дамуындағы эволюция мен прогресті елестету мүмкін емес.
Сөйтіп, социологияның категориялары -қоғамдық өмір, әлеуметтік шынайылық туралы негізгі түсініктерді ұғыну мен жалпыландыру деңгейін сипаттайтын барынша әмбебап, іргелі ұғымдар, бұлардың болбарлық маңызы бар және тәжірибелік білімді жүйелеуге және ұйымдастыруға көмектеседі.
Әрбір категория сонымен бірге түсінік те болып табылады, бірақ түсінікті байланыстың жалпылама, әмбебап, іргелі нысандары, пікірдегі субъект пен объект арасындағы байланыс түрлері болып табылатын категориялардан туатындығына байланысты әрбір ұғым категория бола алмайды.
Түсінік - дүниені әлемнің оңтайлы, логикалық сатыларында бейнелеу нысандарының бірі. Түсінік объектілерді жалпы және ерекшелік белгілерін көрсете отырып, кейбір пәндік саладан бөліп алып саралайды.
Түсініктер көлемінің арақатынасы негізінде әмбебап және әмбебап емес болып бөлінеді. Әмбебап түсініктер (мысалы, адам, қоғам, мәдениет) категорияларымен сәйкес келеді, бұл олардың арасында белгілі бір логикалық байланыс орнатады.
Түсініктер элементтерінің құрылымы бойынша көлемінің элементтері жеке алған объекті (мысалы, 1950 жылы туған адам) болып табылатын жинақталмайтын түсініктер және көлемінің элементтері біртұтас деп ойлайтын объектілер жиынтығы (мысалы, мұраттастар тобы, саяси партия) болып табылатын жинақталатын түсініктер деп бөлінеді.
Тұжырымдалатын объектілердің табиғаты бойынша түсініктер нақты және абстрактілі болып бөлінеді. Нақты түсініктерде қандай да бір қасиет, белгі, сипаттама (мысалы, уәж) немесе жиын (мысалы, мүдделер) тұжырымдалады.
Мазмұны тұрғысынан түсініктер салыстырмалы емес (объект өз-өзінен сипатталады, мысалы, ұстаным) және салыстырмалы (объект басқа объектілерге қатынасы арқылы сипатталады, мысалы “білікті жұмысшы”) ретінде қарастырылуы мүмкін.
Түсініктердегі объектілерді жалпылауға көмектесетін белгілердің көлемі мен мазмұнына қарай олар қарапайым (олардың мазмұны қандай да бір жеке қасиеттің бар екенін көрсетеді (мысалы, “әлеуметтік бағдар” немесе “туылғандар саны”) және күрделі (олардың мазмұны қасиеттердің немесе оның элементтері арасындағы байланысты белгілейді, мысалы, “қала” немесе “кәсіпорын” түсініктері көптеген қасиеттермен және қарапайым әрі күрделі құрамдас бөліктердің елеулі санымен көрінетін күрделі экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық механизм) болып бөлінеді.
Әлеуметтік таным механизмі тұрғысынан түсініктер әдістемелік рөл атқарушы (зерттеу бағдарламаларын жасау принциптері, болжамдар, т.с.с.) және әдістемелік (құралдық) рөл атқарушы (іріктеу, сұхбат, сауалнама, контент-талдау, т.с.с) болып бөлінуі мүмкін.
Олар сол сияқты тұжырымдаушы (қажеттіліктер, мигранттар) және айқындаушы (ереуіл, нақты оқиға туралы пікір) түсініктер ретінде қарастырылуы мүмкін, оларда белгіленген мақсаттары көрсетіледі және модальділік белгілерін (мүмкіндік, қажеттілік, қол жетушілік, тиімділік) қамтиды.
Түсініктерді жіктеудің негізгі мақсаты - әлеуметтік шынайылықтың елеулі қасиеттерін, қасиеттер арасындағы байланыстар мен арақатынастарды, шынайы әлеуметтік процестерді, сондай-ақ бұл қасиеттер мен қарым-қатынастардың өзгеруін белгілеу. Осы тараудың келесі параграфтарында социологияның әлеуметтік шынайылықты зерделеуде пайдаланылатын басты түсініктерін қарастырамыз - қоғам, жеке тұлға, әлеуметтік рөлдер мен мәртебе, әлеуметтік өзара әрекеттер, әлеуметтік топтар, әлеуметтік стратификация, әлеуметтік институттар және әлеуметтік ұйымдар.
Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 2900;