Социологиялық білімнің құрылымы

 

Социологияның ғылым ретінде айтарлықтай күрделі, көп деңгейлі құрылымы бар. Кез келген ғылымдағыдай оның негізгі құрамдас бөліктерін атауға болады [12]:

Бірінші құрамдас бөлігі - білім - өзіне әдістемелік және дүниетанымдық принциптерді; жалпы, арнайы және салалық теорияларды, іргелі және қолданбалы теорияларды; социология пәні туралы ілімді, әдістер, оларды жасау және қолдану туралы білімді; социологиялық білімнің нысандары, тұрпаттары мен деңгейлері туралы ілімді, арнайы түзілген жіктелімдерді немесе типологияларды; тұжырымдамалық үлгілер мен болжамдарды қамтиды.

Екінші құрамдас бөлігі - білім алу құралдары - бұл жеке әдістер мен социологиялық зерттеулердің өзі.

Білімнің деңгейіне қарай социология теориялық және эмпирикалық болып бөлінеді.

Ғылыми танымдағы теориялық пен эмпирикалықтың арақатынасының проблемасы екі қырын қамтиды: функционалдық және генетикалық.

Функционалдық қыры ғылымның дамыған теориялық аппараты мен оның эмпирикалық базисінің арақатынасына қатысты. Мәселені мұндай қырынан алып қарау теорияның аппараты мен бақылаулардың және эксперименттердің мәліметтері арасындағы байланыстырушы буындарды табуды, теориялық ережелерді эмпирикалық тексеру әдістерін анықтауды көздейді, ол ғылыми білімнің теориялық деңгейі қалыптасқан және мәселе оның эмпирикалық деңгеймен арақатынасын негіздеу туралы болған жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл ретте теорияның эмпириямен “кері байланысы” ғылымның өзінің теориялық аппаратының одан әрі жетілуі мен дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналады.

Ғылымдағы теориялық және эмпирикалық білімнің арақатынасы проблемасының генетикалық қыры теориялық аппаратты, оның ішінде ғылыми теорияны қалыптастыруға, ғылымның эмпирикалық сатысынан оның теориялық сатысына көшуіне қатысты.

Теориялық білім - бұл теориялық білімнің социологиялық теориялары, болжамдары, типологиялары және т.б. нысандары.

Эмпирикалық білім- эмпирикалық білімнің статистикалық мәліметтері, фактілері, жіктелуі және басқа да нысандары.

Егер де социологияны “теориялық” және “эмпирикалық” деп бөлу білімнің деңгейімен (теориялық және эмпирикалық) байланысты болса, ал социологияны “іргелі”және“қолданбалы”деп бөлу - социологияның өзінің ғылыми немесе қолданбалы бағдарларына (функциясына) байланысты. Эмпирикалық зерттеу іргелі социологияның да, қолданбалы социологияның да шеңберінде жүргізілуі мүмкін. Егер оның мақсаты - теория жасау болса, онда ол іргелі социологияға (бағыты бойынша) жатады. Егер де оның мақсаты - тәжірибелік ұсынымдар жасау болса, онда ол қолданбалы социологияға жатады. Алатын білімнің деңгейіне қарай эмпирикалық зерттеу шешетін есебінің сипаты бойынша қолданбалы болуы мүмкін - шынайылықтың түрленуі. Бұл теориялық зерттеулерге (білім деңгейі бойынша) қатысты. Сөйтіп қолданбалы зерттеулер ерекше деңгей жасамайды. Бұл эмпирикалық және теориялық зерттеулердің өзі (білім деңгейі бойынша), бірақ қолданбалы бағытта болады.

Социологиялық білім тұжырымдаудың түрлі деңгейдегі теорияларын қамтиды.

Ең алдымен тұтас қоғам өмірін сипаттауға және түсіндіруге тырысатын жалпы социологиялық теорияларды бөліп қараған жөн. Социологияда өзара бәсекелес болатын көптеген жалпы теориялар бар. Бұл - К.Маркстің қоғамдық формациялар теориясы, М.Вебердің әлеуметтік іс-әрекет теориясы, Т.Парсонстың құрылымдық-функционалдық теориясы, Дж.Александердің және басқа социология классиктерінің “көп өлшемді” теориялары. Алайда бұрын-соңды болған жалпы социологиялық теориялардың ешқайсысы да “үлкен” теорияның талаптарына мейлінше сәйкес келеді деуге болмайды. Олардың барлығына тән нәрсе - бірі көп, бірі аз дәрежеде әлеуметтік өмірді түсіндірудегі біржақтылық, қандай да бір қырлары мен заңдылықтарын жете бағаламау. Бірақ әлеуметтік материя туралы қолда бар барлық жалпы социологиялық теорияларды зерделеген кезде толық түсінік алуға болады, өйткені олардың әрқайсысы әлеуметтік өмірді қандай да бір қырынан түсіндіреді.

Бұдан әрі арнайы социологиялық теорияларды немесе орта деңгей теорияларын бөліп қараған жөн. Олар өзінің жалпы түрінде байланыстардың екі негізгі түрін: тұтас қоғамдық жүйе мен қоғамдық өмірдің осы саласы арасындағы, сондай-ақ қоғамдық өмірге тән ішкі өзара байланыстарды ашып көрсетеді. Демек, олардың жалпы социологиялық теориямен салыстырғандағы қолданылу аясы неғұрлым тар, олардың пәндік саласы салыстырмалы дербес құрамдас бөліктермен және тұтас қоғамдық процестермен шектелген. Д.Марковичтің анықтамасы бойынша арнайы әлеуметтік теориялар - жеке қоғамдық құбылыстарды өзінің зерделеу пәні ретінде алып қарайтын және олардың құрылымын, дамуының ерекшелік заңдарын және басқа қоғамдық құбылыстармен байланыстарының ерекшеліктерін зерттейтін теориялар [13]. Жалпы социологиялық теориядан өзгеше олар барлық қоғамдық құбылыстардың өзара әрекеті емес, бірақ қандай да бір қоғамдық құбылыстың (социологияның пәні болатын) және барлық өзге қоғамдық құбылыстардың ерекше байланыстарын зерделейді.

Барлық арнайы социологиялық теорияларды (орта деңгей теорияларын) шартты түрде үш топқа бөлуге болады [14]:

1) әлеуметтік институттар теориялары күрделі әлеуметтік өзара байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттейді (отбасы социологиясы, білім беру социологиясы, ғылым социологиясы, дін социологиясы, өнер социологиясы, әскер социологиясы, саясат социологиясы, еңбек социологиясы және т.б.);

2) әлеуметтік қауымдастықтар теориялары қоғамның кіші топтан бастап әлеуметтік тапқа дейінгі құрылымдық бірліктерін зерттейді (кіші топтар социологиясы, ұйымдар социологиясы, топтар, страталар, таптар социологиясы, аумақтық принциптер бойынша қауымдастықтар социологиясы және т.б.);

3) мамандандырылған әлеуметтік процестер теориялары әлеуметтік өзгерістер мен процестерді зерттейді (қоғамның бүлінуінің әлеуметтік процестері - қылмыс, нашақорлық, маскүнемдік социологиясы, жанжалдар социологиясы, жинақылық және көші-қон социологиясы, урбанизация социологиясы, коммуникация процестері социологиясы, қоғамдық қозғалыстар социологиясы және т.б.).

Социологияның басқа ғылымдармен - экономикамен, саясаттанумен, этнографиямен және т.б. байланыс теориялары салалық деп аталады. Бұл теориялар қоғам өмірінің әр түрлі салаларындағы әлеуметтік заңдар мен заңдылықтардың көрініс табу нысандары мен әрекет ету механизмдерін зерделейді. Олардың объектісі болып табылатындар: экономика, саясат, құқық және т.с.с. қоғамның жеке “бөліктері”, олар социологияның басқа ғылымдармен байланысын жалғастырады. Олардың айырмашылығының негізін зерттеу объектісі атқарады, ол социологиялық оқу пәнінің атауында көрсетіледі: “экономикалық социология”, “саяси социология”, “құқық социологиясы”. Бұл теориялар ерекшеленген социологиялық категорияларды: әлеуметтік топ, әлеуметтік институт, әлеуметтік ұйым және т.б. пайдалана отырып, қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларын олардағы әлеуметтік қарым-қатынастар көзқарасы тұрғысынан зерделейді. Аталған оқу пәндеріндегі “социология” термині қоғам өмірінің социология пәнімен және әдісімен шарттастырылған тиісті салаларына ерекше көзқарастарды көрсетеді.

Арнайы социологиялық теориялар салалық теорияларға қарағанда неғұрлым жоғары абстракция деңгейімен сипатталады және бір объектінің өзін қандай да бір әлеуметтік қауымдастықты белгілі бір көзқарас тұрғысынан қарауға, зерделенетін объектінің қандай да бір қызықтыратын “кесіндісін” бөліп қарауға мүмкіндік береді.

Арнайы социологиялық теориялар жалпы және салалық теориялардың байланысын жалғастыра отырып, социологиялық білімнің тұжырымдамалық ұйтқысы болады. Біріншіден, оларда социологияның категориялық-ұғымдық аппаратының өзіндік бір негізін құрайтын социологиялық категориялары жасалады. Екіншіден, осының салдары ретінде арнайы теорияларда социология пәні қалыптасады. Үшіншіден, оларда социологиялық білімнің басқа білімнің ешқайсысына қосылмайтын айрықша түрі ретіндегі ерекшеліктері көрініс табады. Осыған байланысты арнайы социологиялық теориялар социологиялық білімнің барлық салаларын оның объектісіне, функциясы мен деңгейіне қарамастан бір тұтас етіп біріктіреді, ал жалпы, арнайы және салалық теориялардың бір-бірімен қарым-қатынастары кері байланыс түрінде болады.

Білімнің біртұтас және тармақталған жүйесі ретіндегі социология ғылымының бұдан былайғы прогресі жалпы социологиялық теорияның дамуымен де, салыстырмалы дербес теориялық ішкі жүйелерді құрумен де байланысты. Жалпы социологиялық теория білім жүйесі ғана емес, жаңа білім алудың үлгі әдісін сипаттау да болып табылады. Теориялық тұжырымдаудың неғұрлым жоғары деңгейлері - одан төмендеу жоғары деңгейдегі теорияларды - салалық және арнайы теорияларды құру үшін әдістемелік негіз болады. Бұлар эмпирикалық социологиялық зерттеулердің мәліметтерінен нәр алады.

Жоғарыда көрсетілгендей, социология ғылымы өзі зерделейтін пәнді ғана емес, өз пәнін тануда және алынған білімді тексеруде пайдаланатын әдістерді де қамтиды.

Әдіс - ғылымның ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда ғылымды әдіс пен теорияның диалектикалық бірлігін білдіреді деп айтуға болады. Әдісті білім жүйесі ретінде ғылымнан бөліп алуға болмайды, өйткені әдістің өзі шындыққа қалай келу керектігі туралы білім болып табылады.

Социология әдісінің өзгешелігі ең алдымен осы ғылым пәнінің ерекшелігімен айқындалады. Ғылым ретінде социологияның пәні туралы әр түрлі және қарама-қайшы түсініктер болатындығы сияқты оның әдісін түсінуде де алшақтықтар бар. Социология әдісін түсінудегі алшақтық, Марковичтің пікірінше, бірқатар факторларға байланысты. Социология әдісі туралы түсінікке ең алдымен ғалымға тән қоғамды түсіну ықпал етеді. Социологияның даму барысында қоғамның мәні жөнінде бір-біріне қарама-қайшы бірнеше көзқарас қалыптасқан және олардың әрқайсысы социология әдісін түсінуге ықпал еткен.

Екінші фактор ғылымның әлеуметтік рөлі туралы ұғым болып табылады. Бір көзқарасқа сәйкес ғылым не болғанын, осы шақта не болып жатқанын зерделейді, ал болашақ туралы ештеңе айта алмайды. Екінші бір көзқарасқа сәйкес ғылым тарихтың барысына және қоғамның жай-күйіне түбегейлі ықпал етуге, ол ахуалды өзгертуге қабілетсіз, бірақ қоғамның құрылымы мен ұйымындағы жекелеген кемшіліктерді жоюға мүмкіндік туғыза алады. Үшінші бір көзқарасқа сәйкес ғылым қоғамда түрлендіру рөлін атқарады. Атап айтқанда: қоғамды зерделейтін ғылым оны сын көзімен талдайды және қоғамдық қатынастарды түрлендірудің қаруы болады.

Социология әдісі туралы ұғымның сипатына ықпал ететін үшінші фактор зерттеу техникасының деңгейі және жекелеген, неғұрлым ықпалды социолог-ғалымдардың зерттеушілік қасиеттері мен бейімділіктері болып табылады.

Социология әдісінің өзіндік ерекшеліктерін түсіну үшін бірқатар жалпылама ережелерді бөліп қараған жөн [15]:

1. Социология әдісін әлеуметтік философияның социологияға және басқа да қоғамдық ғылымдарға қатысты әдістемелік рөлін мойындамайынша дұрыс түсіну мүмкін емес. Бірақ әлеуметтік-философиялық әдіс әр түрлі көрініс табады, қандай да бір қоғамдық ғылымның объектісі мен пәнінің ерекшеліктеріне қарай жаңғырып отырады. Және бұл орайда социология - ең алдымен тұтас әлеуметтік жүйе ретінде қоғамды жан-жақты зерделеудің әлеуметтік-философиялық әдісінің ерекше көрінісі, нақтылануы.

2. Социологияда қоғамды тұтас әлеуметтік жүйе ретінде және оны субъектілік-қызметтік жағы тұрғысынан зерделеу осы ғылымның құрылымдық-функционалдық талдау әдісін кеңінен пайдаланатынын алдын ала анықтайды, соған сәйкес қоғам өмірінің әрбір саласы мен оның әрбір субъектісі тиісті ішкі жүйелер деп қарастырылады және оның жүйе ретіндегі қоғамдағы орны мен рөлі, олардың іс-қимылы мен өзара әрекеттестігі айқындалады. Социология әдісі қоғамды оның құрылымы, қызмет атқаруы және дамуы тұрғысынан зерделеуді талап етеді.

3. Нақты айтқанда, әңгіме әдіс туралы емес, социологияның әдістері туралы болуға тиіс. “Социология әдісі” ұғымы жинақтаушы, тұжырымдаушы мағынасында қолданылады. Социология әдісінің құрылымына қоғамды макродеңгейдегі, яғни тұтас әлеуметтік жүйе ретіндегі және орта деңгейлердегі, яғни олардың жеке элементтері, ішкі жүйелері деңгейіндегі және микродеңгейдегі, яғни тұлғааралық өзара әрекет деңгейіндегі әлеуметтік зерттеудің әдістемелік принциптері кіреді.

4. Социология әдісінің маңызды сипаттамаларының бірі социологияның әлеуметтік шынайылықты зерттеуде эмпирикалық зерттеуге сүйенетіндігінде. Мұндай зерттеу шеңберінде әр түрлі әдістер пайдаланылады: бақылау, сұрау, құжаттарды талдау, эксперимент және т.б. Қалай болған күнде де эмпирикалық жолмен тексерілетін әлеуметтік фактілерді зерделеуге және олардың өлшемдеріне тікелей немесе жанама түрде сүйенетін социологиялық зерттеу ғана нағыз және толыққанды болып танылады.

5. Социологиялық білім мынадай құрамдас бөліктерді қамтиды: фактілер, болжамдар және теориялар. Және де социологиялық әдістер ережелер мен амалдар ретінде қарастырылады, олардың көмегімен фактілер, болжамдар және теориялар өзара ұштасады.

Социология әдісі проблемасының маңызы ең алдымен дәл осы әдістің талаптарын қатаң сақтау негізінде алынған социологиялық білімнің нағыз ғылыми білім болып танылуында.








Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 3963;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.008 сек.