Тәжірибенің жіктелуі

 

Тәжірибе – қоршаған ортаны танудың негізгі формаларының бірі. Ол көп қырлы. Жас ғалым, инженер не студент оңай бейімделуі үшін, тәжірибе формаларының ең тиімдісін дұрыс таңдауы үшін жалпы тәжірибені жүйелеу және жіктеу қажет.

Тәжірибелер келесі негізгі белгілері бойынша жіктеледі:

1. ғылым мен өндіріс салалары бойынша тәжірибелер техникалық, химиялық, биологиялық, физикалық, әлеуметтік және т.б. болып бөлінеді.

2. зерттеу жүргізуге жағдайдың қалыптасуына байланысты тәжірибе жасанды және табиғи болып бөлінеді.

Табиғи тәжірибе дегеніміз – зерттеу нысанының табиғи жұмысы жағдайында жүргізілетін тәжірибе, мәселен, мезорельеф жағдайында сепкіштің түренді жүйесінің көшіргіш қабілетін зерттеу бойынша жүргізілетін эксперимент (мезорельеф – рельеф формалары, оның өлшемдерінің тегіссіздігі ауылшаруашылық агрегаттарының, оның элементтерінің өлшемімен сай келеді).

Жасанды тәжірибеде эксперимент жүргізуге жасанды жағдай жасалады. Тәжірибенің бұл түрі экспериментті табиғи жағдайда жүргізу мүмкін болмағанда, қымбатқа түскенде немесе қиындық туғызғанда пайдаланылады.

Мәселен, әуе күштің ағынын зерттеу үшін эксперимент жасанды түрде салынған әуединамикалық қондырғыда жүргізіледі. Уақытты үнемдеу үшін (жазды күтпей) топырақ өңдейтін және сепкіш машиналардың жұмыс органдарын жасанды салынған топырақ каналы жағдайында сынайды.

3. Зерттеу нысандарының құрылымына байланысты эксперименттер ізденісті, қарапайым және күрделі болып бөлінеді.

Ізденісті эксперименттер зерттеліп отырған құбылысқа әсер ететін факторлар туралы алдын ала априорлы деректер саны жеткіліксіз болғанда жүргізіледі. Ізденісті эксперимент зерттеу нысанына әр фактордың әсері деңгейін анықтауға, оларды жіктеуге, қажетсізін саналы түрде шеттетуге мүмкіндік береді.

Қарапайым эксперимент. Ол тармақталған құрылымы жоқ, элементтерінің саны аз, қарапайым функцияны орындайтын нысандарды зерттеу кезінде пайдаланылады. Академик В.А.Желиговскийдің құралы көмегімен түрлі ауылшаруашылық материалдарының үйкеліс коэффициентін, сусымалы материалдардың табиғи еңісі бұрышын анықтау қарапайым эксперимент болып табылады.

Күрделі эксперимент көмегімен құрылымы тармақталған, өзара байланысты құрамдас бөліктері көп нысанды зерттейді. Мұндай күрделі нысанда бір құрамдас бөліктің жағдайындағы өзгеріс екінші құрамдас бөлік жағдайын өзгертеді, сондықтан да нысан туралы жалпы негізгі ғылыми ереже алу үшін оның қызмет үлгісіне оңтайлы күрделі есептелген жоспар бойынша күрделі эксперимент жүргізіледі.

4. Ұйымдастырылу тәсіліне байланысты эксперимент зертханалық және табиғи болмыс болып бөлінеді.

Зертханалық эксперимент зертхана жағдайында жүргізілетіндігімен ерекшеленеді. Зертхана стандартты құралдармен, жабдықтармен жасақталған болса, зертханалық жағдай стандартты, ал арнайы ерекше эксперименттерді жүргізу үшін арнайы құрылса, мамандандырылған болуы мүмкін. Зертханалық жағдайда нысанның өзі де, оның моделді не макетті үлгісі де зерттеледі. Эксперименттің мұндай түрлері нысанның бір сипаттамасының түрлендіру кезінде екіншісіне әсерін зерттеуді қайталау қажеттілігімен, еңбек, құрал және уақытты аз шығындап, шынайы ақпарат алумен, сапалылығымен, барынша шынайылығымен негізделеді. Алайда зертхана жағдайында нысанның қызметінің нақты шартын толық анықтау мүмкін емес, сондықтан да зертханалық эксперимент нысан қызметінің толық үлгілерін бере алмайды. Осыған байланысты, әдетте, нысанды зертханалық жағдайда зерттеп алғаннан кейін оны табиғи болмыс жағдайда сынайды.

Табиғи болмыс жағдайындағы эксперимент нақты нысандарды нақты табиғи жағдайда зерттеуді қарастырады, және өз кезегінде, зерттеуді жүргізу орны мен мәніне байланысты зауыттық (полигонды), егістік, өндірістік және т.б. болып бөлінеді.

Табиғи болмыс жағдайындағы экспериментке қойылатын басты талап – жасалатын нысан жұмыс істейтін нақты жағдайға эксперимент жағдайының жеткілікті түрде сәйкес келуін қамтамасыз ету, мәселен, соқа, сепкіш, комбайнның нақты жағдайда топырақ, егістің мезо- микрорельефіне, климатқа сай келуін қамту. Осыған орай табиғи болмыс жағдайындағы эксперименттің басты міндеті болып төмендегілер табылады:

- зерттелетін нысанның қоршаған ортамен өзара байланысы заңдылығын алу, мысалы, картоп қазғыштың топырақпен күштік әсері заңдылығын алу;

- жүргізілген теориялық зерттеу нәтижелерін тексеру және нақтылау (біріздендіру);

- нысан (әзірленген жүйе, машиналар, егу тәсілі және т.б.) қызметінің тиімділігін бағалау және оның бұған дейінгі талаптарға сай келуін тексеру.

Зауыттық (полигонды) эксперименттер негізінен зауыттық полигонда дайындалатын машинаны зауытта техникалық тапсырмамен бірге берілген машина жұмысына қойылатын техникалық шартқа сәйкестігін тексеруді қарастырады. Зауыттық эксперимент деректері бойынша машиналардың оны сериялап шығаруға дайындық деңгейі туралы қорытынды жасалады.

Егістік эксперименттер – егіншілік механика, сондай-ақ агрономия (егістік сынақ) саласындағы зерттеулердің негізгі формасының бірі. Ауылшаруашылық өндірісін механикаландыру құралдарын жетілдіруге қатысты барлық зерттеулерде егістік эксперимент қолданылады. Теориялық және зертханалық зерттеуден соң жұмыс органдарының, ауылшаруашылық машиналарының алғашқы макеттік үлгілері дайындалады да, оны нақты табиғи егіс алқабында сынақтан өткізеді, сөйтіп, осындай эксперимент нәтижесінде зерттеу жұмысы туралы шынайы қорытынды алады.

Өндірістік эксперименттер. Зауытта аз сериямен шығарылған машиналар қандай да аймақта табиғи жағдайда өндірістік сынақтан өтеді, нәтижесінде жобалау, дайындау кезіндегі кемшіліктер туралы материалдар, машинаның сенімділігі т.т туралы материалдар жиналады. өндірістік эксперимент материалдары негізінде машинаны жобалау және дайындау кезінде кемшіліктерді жою, жұмысты жақсарту туралы шешім қабылданады.

5. Параметрлерінің бақылануы және оларды басқару деңгейіне байланысты эксперименттер активті және пассивті болып бөлінеді.

Пассивті эксперимент – зерттелетін нысанның қызметіне жасанды араласусыз, тек таңдалған параметрлер ғана, мәселен, егіс агрегаттарының хронометрлеу, машинаның үздіксіз жұмыс істеуін (бірінші істен шығуын) зерттеу, механизаторлардың жұмысқа қабілетін зерттеу, ауылшаруашылық өндірістегі жазатайым жағдайларды зерттеу сияқты мәселелер ғана есептеліп не бақыланатын эксперимент.

Активті эксперимент зерттелетін нысанның арнайы кіріс факторы таңдалып және осы нысанның кіріс және шығыс параметрлерін бақылауды қарастырып, қамтамасыз ететін эксперимент. Мысалы, комбайнның соғу аппаратының жұмыс көрсеткішінің сапасын зерттеу үдерісінде қойылған міндет пен әдістемеге байланысты кіріс параметрі ретінде барабан айналысының жиілігі, соғу аппаратына кірер және шығар жердегі саңылаулар, барабан асты қармауыш бұрышы, ал шығыс параметрлері ретінде астықтың зақымдануы, оның сабанда жоғалуы, соғылмаған астық саны, аппараттың өткізгіш қабілеті сияқты т.б. сапалық көрсеткіштер таңдалуы мүмкін.

6. Түрлендіргіш факторлар санына байланысты эксперимент бірфакторлы және көпфакторлы болып бөлінеді.

Бірфакторлы эксперимент бір ғана фактор бойынша қызмет ететін нысанды ғана зерттеуді қарастырмайды. Бірфакторлы эксперимент көмегімен күрделі нысандар да зерттеледі, бірақ бұл кезде эксперимент келесілерді қарастырады:

- басыңқы (маңызды) факторларды анықтау;

- қалған екінші деңгейлі факторларды белгілеу;

- таңдалған әр маңызды фактор бойынша экспериментті жеке-жеке жүргізу.

Көпфакторлы эксперимент барлық маңызды факторларды бір мезгілде түрлендіруден тұрады, ал олардың нысан қызметіне әсері дәрежесі барлық оңтайлы жоспарланған сынақтың нәтижесі бойынша (арнайы әдістемемен белгіленген) анықталады.

7. Зерттелетін нысан сипатына байланысты эксперименттер техникалық, технологиялық, биологиялық, психологиялық, әлеуметтік, экономикалық және т.б. болып бөлінеді.

Мәселен, технологиялық үдерістерді не оның құрамдас бөліктерін зерттеу технологиялық эксперимент деп, ал биологиялық үдерістердегі заңдылықтарды зерттеу биологиялық эксперимент, қоғамда бар тұлға аралық қатынастарды, қоғамдағы үдерістерді және оларды басқару тәсілдерін зерттеу әлеуметтік эксперимент деп аталады.

Келтірілген эксперименттердің жіктемесі өзгертілмейтін жіктеме болып табылмайды, себебі ғылыми таным үнемі дамып, оны қолдану саласы мен экспериментті зерттеу түрлері де кеңейіп отырады.

 








Дата добавления: 2015-05-05; просмотров: 4436;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.