Дәріс. Мұнай және газ кенорындарын барлау және жобалау кезіндегі маркшейдерлік жұмыстар
Мұнай және газға геологиялық барлау жұмыстары туралы мәліметтер. Мұнай және газға геологиялық барлау жұмыстары екі кезеңнен тұрады: іздеу және барлау.
Іздеу кезеңі үш стадияға бөлінеді:
А – аймақтық геологиялық- геофизикалық жұмыстар, олардың құрамына ұсақ масштабты геологиялық және құрылымдық геоморфологиялық түсірулер, геохимиялық, гидрогеологиялық және басқа да зерттеулер, аэромагниттік және гравиметриялық түсірулер, электрлік және сейсмологиялық барлау, сонымен қатар тіректік, параметриялық және құрылымдық ұңғымаларды бұрғылау жатады.
Б – терең бұрғылап іздеу алаңдарын дайындау, оларға орта және ірі масштабты құрылымдық геологиялық түсіру, толық сейсмологиялық барлау, қажет жағдайларда гравиметриялық барлау, электрлік барлау, параметрлік бұрғылау, болжау ресурстарын және С2 категориялы қорларды бағалау кіреді.
В – кенорындарын (кенді) іздеу оларға бұрғылау, кешенді геологиялық – геофизикалық зертттеулер және іздеу ұңғымаларын сынау кіреді.
Іздеу кезеңінде алынған нәтижелермен С1 және С2 категорияларының қорлары есептеледі және барлау жұмыстарын ары қарай негіздеу мен жүргізу немесе тоқтату үшін кендерді және кенорындарын алдын ала геологиялық-экономикалық бағалау жүргізіледі.
Бұрғылау ұңғымаларында жүргізілетін геофизикалық және басқа да зерттеулердің жиынтығымен кенорынның құрылымы зерттеледі, өнімді қабаттар белгіленеді.
Аймақты геологиялық зерттеу, іздеу, барлау және мұнай мен газ кенорындарын игеру мақсатымен бұрғыланатын барлық ұңғымалар атқаратын міндетіне қарай тіректік, параметриялық, құрылымдық, іздеулік, барлау, эксплуатациялық және арнайы болып бөлінеді.
Тіректік ұңғымаларды мұнай мен газдың жиналуына қолайлы шөгінді таужыныстар қатқабатының жатуының геологиялық құрылымын және гидрогеологиялық жағдайын зерделеу және түзілімдер кешендерінің таралу заңдылықтарын айқындау үшін бұрғылайды. Олар техниканың мүмкіндік беретін тереңдігіне дейін бұрғыланады. Бұрғылаудың нәтижелері бұрынғы алынған геологиялық-геофизикалық мәліметтерді қоса пайдаланумен аймақтың мұнайлылығы мен газдылығының келешегін алдын ала бағалау, келешектегі геологиялық барлау жұмыстарының болашақ жоспарын және мұнай мен газдың болжамдық қорын есептеу үшін пайдаланылады.
Параметриялық ұңғымалар қиманың геологиялық құрылымын егжей-тегжейлі зерделеуге арналған. Параметриялық ұңғымаларды бұрғылау нәтижесінде стратиграфиялық қиманы және мұнай мен газдың жиналуына қолайлы құрылымдардың бар болуын дәлдейді, тіректік бұрғылау кезіндегі ауданның мұнайлылығы мен газдылығының келешегін және болжамдық қорларды түзетеді.
Құрылымдық ұңғымалар тіректік және параметриялық ұңғымаларды бұрғылағандағы айқындалған құрылымдарды жан-жақты зерделеу үшін қызмет етеді. Құрылымдық бұрғылаудың және геофизикалық зерттеулердің нәтижелері қиманы түзетін таужыныстардың жату сипатын, жасын және физикалық қасиеттерін зерделеу, тіректік горизонттарды дәл бөлу және құрылымдық карталарды жасау үшін пайдалынылады.
Іздеулік ұңғымалар бұрынғы бұрғылаумен және геологиялық-геофизикалық зерттеулермен дайындалған аудандарда жаңа мұнай мен газ кенорындарын ашу немесе бұрын ашылған кенорындараында мұнай-газдың жаңа жатындарын іздеу мақсатымен бұрғыланады. Іздеулік ұңғымаларды бұрғылағанда геологиялық қималарды, оның мұнайлылығы мен газдалығын таужыныстар, су, газ, мұнай сынамаларын алумен түбегейлі зерделейді. Егерде өнімді қатқабат ашылса арнайы механизмдермен ұңғымадан мұнайдың шығуын сынайды.
Барлау ұңғымаларын өнеркәсіптік мұнайлылық пен газдылық айқындалған алаңдарда кенорнының контурын білу және оны игерудің жобасын жасауға бастапқы мәліметтерді жинау мақсатымен бұрғылайды. Барлау бұрғылау барысында іздеулік бұрғылау кезіндегі көлемдегідей қиманы және оның мұнайлылығы мен газдылығын зерттеуді жалғастырады.
Эксплуатациялық ұңғымаларды кенорнының толық барланған және игеруге дайындалған алаңдарында орналастырады. Эксплуатациялық ұңғымалар категориясына кенорнын тиімді игеруді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін бағалау, айдау және байқау ұңғымалары да жатады.
Бағалау ұңғымалары қабат жұмысының режимін дәлдеу, кенорны учаскелерінің қаншалықты игерілген дәрежесін білу және сұлбасын айқындау үшін арналған.
Айдау ұңғымалары қабаттық қысымды ұстау мақсатымен эксплуатациялық қабатқа суды, газды және ауаны сыртқы контурлық мен ішкі контурлық айдауды ұйымдастыру үшін бұрғыланады.
Байқау ұңғымалары кенорнын игеру режимін жүйелі бақылау үшін бұрғыланады.
Арнайы ұңғымалар кенорнын іздеудің және барлаудың сейсмикалық әдістерінде жарылыс жұмыстары, кәсіпшілік суын өнімсіз сіңіретін қабатқа төгу, суды барлау және өндіру, жерастында газды сақтау үшін құрылымды дайындау және оған газды айдау, мұнай мен газдың ашық бұрқағын жою үшін бұрғыланады.
Геологиялық барлау жұмыстарын маркшейдерлік қамтамасыз ету. Геологиялық жұмыстарды топографиялық-геодезиялық қамтамасыз ету, геологиялық бақылаудың нысандарының (ұңғыманың, тау-кен қазбаларының және т.б.) жобалық жағдайын жер бетіне көшіруді, басқа да геологиялық бақылаудың нысандарын және тау-кен қазбаларын, ұңғыма бетінің (байланыстыру) биіктігін және пландық координаталарын анықтауды; топографиялық түсіруді, геологиялық және басқа да арнайы карталардың топографиялық негізін құруды атқарады.
Геологиялық барлау жұмыстарын геодезиялық негізде орындау барысында атқарылатын жұмыстар: мемлекеттік геодезиялық тораптар; геодезиялық жиілету тораптары; пландық, биіктік және пландық-биіктік түсіру тораптары және жеке пункттер түрінде, сонымен қатар геодезиялық тірек тораптары түрінде орындалатын түсіру негіздері; қажет дәлдікпен фотоплан және топографиялық карталар (пландар) арқылы координаталары анықталуы мүмкін, кенорынның нақты контурлы жүктемелерінің координаталары; қажет дәлдікпен координаталары анықталатын геологиялық барлаудың нысандары.
Геологиялық бақылаудың нысандарының жобалық орнын жер бетіне көшіруді геодезиялық қамтамасыз етуге: бастапқы мәліметтерін дайындау, жұмыс планы мен сызба нұсқасын құру; жер бетінде бақылау нысандарының орнын анықтау үшін өлшеулер; геологиялық бақылау нысандарын жер бетіне көшіргеннен кейін, олардың орнын бекіту кіреді.
Мемлекеттік геодезиялық тораптардың пункттері жер бетінде тұрақты центрлерімен бекітілген түсіру тораптары мен геодезиялық жиілету тораптарын бөлу, байланыстыру және геологиялық түсіру жұмыстары үшін, топографиялық түсірулерді пландық және биіктіктік негіздеу, сонымен қатар геологиялық барлау жұмыстарына қызмет көрсететін инженерлік-геодезиялық есептерді шешу үшін қолданылады.
Топографиялық карталардан координаталары анықталған уақытша центрлермен бекітілген, геодезиялық түсіру негіздері нүктелері, геодезиялық тірек тораптары пункттері, сонымен бірге жер бетінің анық контурлы нүктелері тек қана бөлу, байланыстыру және геологиялық түсіру жұмыстарында қолданылуы мүмкін.
Геологиялық барлауды бақылау нысандарының координаталары, пайдалы қазбалардың қорын есептеудің дұрыстығын және бақылау нәтижелерін бейнелеудің сеніміділігін қамтамасыз ететін, дәлдікпен қима мен карталарға осы нүктелердің орнын түсіру үшін, пайдалы қазба кен орынның шекарасын анықтуға, геофизикалық аномалияларды және т.б. анықтауға; арнайы карталар, қималар, барлау профилін және басқа графикалық құжаттарды құрастыру үшін қолданылады.
Геологиялық бақылау нысандарының пландық-биіктік орнын анықтау. Геологиялық нысандардың пландық-биіктік орнын топографиялық карталармен және аэроғарыштық түсірістердің материалдарымен анықтау, осы нысандарды жер бетінде тірек нүктелеріне, олар картада сенімді танылатын және бейнеленген жер бетінің контурлы және басқа да нүктелерін, бағдарларды, жер бетіндегі нысандарды байланыстыру.
Ескере кететін бір жай, қазіргі заманғы топографиялық карталарда түсіру тораптарының жақын нүктелеріне қатысты нақты бейнелеген жер бетінің контурлары мен нысандардың карталардағы орындарының қателігінің орташа шамасы план масштабында 0,5 мм-ден аспайды, ал таулы аудандарда - 0,7 мм. Биіктікті анықтау кезіндегі қателіктің орташа шамасы жер бедерінің қима биіктігі мен көлбеулігіне байланысты болады. Жазық және төбелі аудандарда геодезиялық тораптардың жақын нүктелеріне қатысты биіктіктеріндегі орташа қателігі картадан берілген биіктік қимасынан 1/4-1/3 шамасында; орманды аудандарда 1,5 есе көп; көлбеулігі 60 жоғары болатын таулы аудандарда горизонтальдардың саны сырғулардың еңкіштігінде анықталған биіктіктердің айырымына сәйкес келеді.
Қажетті дәлдікті қамтамасыз ету мақсатына және нақты жағдайларға байланысты байланыстыруды келесі жағдайларда орындауға болады:
1. Геологиялық бақылау нысандарының орнының нақты белгіленген жер бетінің контурымен –танумен сәйкес келгенде.
2. Геологиялық барлау нысандарының тұру нүктелерінің орнын анықтауға арналған әдістермен орындалатын тұру нүктелерімен үйлесімділігі кезінде.
3. Егер нысан жергілікті жердің сипатталған нысандарынан бөлек орналасқанда, оның орнының анықталуы:
а) өлшеу тәсілімен жергілікті жердің картасында анықталған үш нүктеден бақылау нысанына дейінгі арақашықтықты өлшеу (2,а-сурет);
б) жер бетіндегі анықталған тәсілімен екі нүктенің жармасында нысаны табумен геологиялық бақылау нысандары мен анықталған нүктелер арасындағы арақашықтықты өлшеу (2,б-сурет);
в) перпендикуляр тәсілімен анықталған сызықтық контурлардан (жолдардан, каналдардан, байланыс желісінен, жармалардан). Бақылау нысанына эккермен немесе көз мөлшерімен перпендикуляр тұрғызылады және олардың ұзындықтары өлшенеді (2,в-сурет);
г) полярлық тәсілмен компаспен немесе буссольмен бағыттарды және арақашықтықтарды жер бетінде кем дегенде екі анықталған нүктелерден өлшеу керек; нысанның соңғы орны болып екі өлшеудің алынған орта мәні қабылданады (2,г-сурет);
д) тура бұрыштық қиылыстыру (2,д-сурет) әдісімен үштен кем емес анықталған нүктелерден бұрыштарды (бағыттарды өлшеу);
е) кері қиылыстыру әдісімен.
2-сурет. Нысандардың орнын анықтаудың тәсілдері:
а - өлшеулік; б -жармалық; в — перпендикулярлар; г - полярлық; д – тура бұрыштық қиылыстыру
Элементтер мен құрылыстардың биіктік орнының параметрлері көрсетілген трасса планынан басқа, сызықтық өлшеулер мен нивелирлеудің мәліметтері арқылы профилдер салады.
Нег.1[27-57]
Бақылау сұрақтары:
1. Геологиялық барлау жұмыстарында қолданылатын геодезиялық негіздердің түрлерін атаңыз.
2. Геологиялық бақылау нысандарының жазықтықтағы орнын анықтаудағы геодезиялық жұмыстардың қажетті дәлдіктерін сипатта.
3. Геологиялық барлау жұмыстарының топографиялық негізі деп не аталады?
4. Инженерлік-геодезиялық ізденіс жұмыстарын не үшін жүргізеді?
5. Геологиялық барлау нысандарының орнын анықтауды айтыңыз.
Дата добавления: 2014-12-08; просмотров: 5745;