БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ АНАТОМИЯЛЫҚ-ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ МЕХАНИЗМІ
Сөйлеу тілінің анатомиялық-физиологиялық механизмін жақсы білу, (сөйлеу әрекетінің құрылымы мен оның функционалды ұйымдастырылуын) біріншіден, қалыпты жағдайда сөйлеу тілінің күрделі механизмін, екіншіден, сөйлеу тілінің ақаулықтарын талдауына дифференциалды түрде қарау, үшіншіден, түзету жұмысының жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.
Сөйлеу қабілеті сөйлеу аппараттарын іске қосатын орталық және шеткі күрделі жүйке жүйелері арқылы іске асады. Сөйлеу әрекетінде бас ми қызметі басты роль атқарады.
ХХ ғасырдың басында сөйлеу тілі қызметі бас мида орналасқан ерекше «оқшаланған сөйлеу орталықтарымен» байланысты деген көзқарас таралған болатын. И. П. Павлов бұл ойға жаңа бағыт беріп, ми қыртысының сөйлеу қызметінің шоғырлануы (локализациясы) тек күрделі ғана емес, сонымен қатар өзгермелі екенін дәлелдеп, оны «динамикалық локализация» деп атаған.
П. К. Анохин, А. Н. Леонтьев, А. Р. Лурия және т.б. ғалымдардың зерттеулері бойынша кез келген жоғары психикалық қызметтің негізі жеке «орталықтар емес», орталық жүйке жүйесінің әртүрлі бөліктерінде орналасқан, бір бірімен біртұтас әрекетпен байланысты күрделі функционалды жүйелер болып табылады.
Сөйлеу процесі адам баласына ғана тән, өте күрделі жоғарғы психиқалық қабілет. Ол шартты рефлекс заңдарына бағынады. Сөз арқылы қатынасқа түсу процесінде (коммуникация) адамдар бір бірімен ой бөлісіп, бір біріне ықпал етеді. Сөздік қатынас тіл арқылы мүмкін болады. Тіл дегеніміз – қатынас құралының фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жүйесі.
Сөйлеуші өз ойын жеткізу үшін керек сөздерді іріктеп, оларды тілдің грамматикалық ережелерімен байланыстырып, сөйлеу аппаратының артикуляциясы арқылы айтады.
Адамның сөзі түсінікті және анық болу үшін, сөйлеу мүшелерінің қимылы заңды және нақты болуы тиіс. Сонымен бірге бұл қимылдар әдеттенген болып, еріксіз іске асуы керек.
Әдетте, сөйлеуші тек өз ойының ағымын ғана ескереді де, ал сөйлеген кезде оның ауыз қуысындағы тілі қандай қалыпта болуы керек екені, қай кезде тыныс алу керек екенін, т.б. ойламайды. Бұл сөйлеу механизмінің әрекеті нәтижесінде іске асады. Сөйлеу механизмінің әрекетін түсіну үшін сөйлеу аппаратының құрылымын жақсы білу қажет.
Сөйлеу аппараты дегеніміз – орталық жүйке жүйесінің әр бөлігіне әр деңгейде орналасқан, бірақ барлығы жиылып бір іске жұмылған өз алдына дербес қабілетті жүйе (Правдина О. В.).
Сөйлеу аппараты бір бірімен тығыз байланысты екі бөліктен тұрады: орталық (реттеуші) және перифериялық (шеткі- атқарушы).
Сөйлеу аппаратының орталық бөлімі адамның миында орналасқан. Ол реттеу функциясын атқарады. Бұл бөлім ми қыртысынан (көбінесе сол жақ мидың), ми қыртысы асты ядролардан, ми өзегі, ми өзегі ядроларынан, соларды жалғайтын жүйке жолдарынан және тыныс алу, дауыс, артикуляциялық бұлшық еттеріне баратын жүйкелерден тұрады.
Орталық сөйлеу аппаратының және оның бөліктерінің қызметі қандай? (неде?)
Сөйлеу жоғары жүйке жүйесінің басқа да көріністерімен қатар рефлекстер негізінде дамиды. Сөйлеу рефлекстері мидың әр түрлі бөліктерінің әрекетіне байланысты, дегенмен сөйлеудің жасалуында ми қыртыстарының кейбір бөліктері басты роль атқарады. Әсіресе мидың сол жақ қыртысының шеке, самай, төбе және шүйде бөліктері (солақайларда оң жақ).
Ми қыртысының шеке бөлігінің төменгі қыртысында Брока орталығы орналасқан. Адамның дауыс шығару және сөйлеу процестері осы орталық арқылы іске асады. Ал ми қыртыстарының самай бөлігінде басқа адамның сөйлеген сөзін естіп – түсіну қабілетін іске асыратын орталық орналасқан
(Вернике орталығы). Осыған байланысты адам басқа адамның сөйлеген сөзін естіп, түсінеді.
Ми қыртыстарының төбе бөлігі естіп, сөзді түсініп, адамның жазу жазып және жазылған сөздерді шүйде бөлігінде орналасқан көру орталығы арқылы көзбен көріп, түсінуге үлкен ықпал етеді. Баланың тілінің дамуы ересектердің артикуляциясын көріп қабылдау арқылы жүзеге асатыны белгілі.
Ми қыртысы астындағы ядролар адамның сөйлеген кезде анық, байсалды және әсерлі сөйлеуіне әсерін тигізеді.
Сөйлеу аппаратының барлық мүшелері ми өзегі ядроларына шығатын бас сүйек-ми жүйкелермен қамтамасыз етілген.
Сөйлеу аппаратының орталық және шеткі бөлімі мидан шығатын қос жүйкелермен қамтамасыз етіледі (V-үшкіл, VII-бет, IX - тіл-жұтқыншақ, Х- кезбелі, XI-қосымша, XII-тіл асты).
Үшкіл қос жүйке (V) адамның төменгі жағын қимылға келтіреді; бет қос жүйкесі (VII) бетті әртүрлі қимылға түсіретін, соның ішінде ерінді және ұртты қимылға түсіретін бұлшық еттерді; тіл-жұтқыншақ (IX), кезбелі (X) қос жүйкелер дауыс перделерімен көмей бұлшық еттерін, жұтқыншақпен жұмсақ таңдай бұлшық еттерінің қимылын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тіл-жұтқыншақ қос жүйке тілдің сезімтал жүйкесі, ал кезбелі қос жүйке тыныс алу мүшелерімен жүрек бұлшық еттерін жүйкелендіреді. Қосымша (XI) қос жүйке мойын бұлшық еттерінің, ал тіл асты (XII) қос жүйке тілдің әртүрлі қимыл жасауын қамтамасыз етеді.
Осы нерв жүйелері арқылы адамның миындағы сөйлеу орталықтары (Брока және Вернике) шетте жатқан сөйлеу аппаратының мүшелерімен тікелей байланысып, бір біріне серпіндерін (импульстерін) жіберіп отырады.
Белгілі психолог А. Р. Лурияның орталық нерв жүйесінің жұмысының принциптері жайындағы көзқарасы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Ол мидың жұмысында функционалды үш блокты ажыратады.
Бірінші блокқа ми қыртысы астындағы ядролары, екінші блокқа ми қыртысының артқы бөлігі кіреді, ол сырттан сезім арқылы келген информацияны қабылдап, сақтайды. Атап айтқанда осы блок танымдық процестерді қамтамасыз ететін мидың негізгі аппараты болып саналады. Екінші блоктің құрамында бірінші реттік, екіншіреттік, үшіншіреттік зоналар ажыратылады.
Бірінші реттік зоналарда белгілі сезім мүшелерінен мәліметтер қабылданады.
Бірінші реттік зоналардан алынған серпіндерін талдау екіншіреттік зоналар арқылы іске асады. Бірінші реттік және екінші реттік зоналар белгілі бір анализатордың бөлігі болып табылады (есту, көру, т.б.).
Үшінші реттік зоналар қабылданатын сезім мәліметтерін талдау, жинақтау және интеграциялау қызметін атқарады.
Үшінші блок үлкен жарты шардың алдыңғы бөлігінің қыртысынан тұрады. Ол адамның тәртібін жоспарлап, реттеп, бақылайды және ми асты қыртыстарының жұмысын реттейді.
Осы блоктардың қызметінің өзара тығыз байланысы нәтижесінде сөйлеу процесі іске асады. Сонымен қатар, сөйлеу процесінде әр блок арнайы өз қызметін атқарады. Сөйлеу әрекетінің бұзылуының спецификалық симптомдары мидың зақымдалған бөлігіне байланысты байқалады.
Сөйлеу аппаратының шеткі бөлігі (атқарушы) үш бөліктен тұрады: тыныс алу, дауыс шығару, артикуляциялық бөлігі.
Демалу бөлігіне адамның кеуде қуысы, өкпесі, бронхылары және кеңірдегі кіреді.
Сурет.
1. көмей қақпашығы; 2. өңеш; 3. кеңірдек; 4. мұрын қуысы; 5. таңдай;
6. тіл; 7. қалқандық шеміршек.
Сөйлеу процесі дем алып дем шығаруына тікелей байланысты. Сөз дем шығару кезінде пайда болады. Дем шығару кезінде негізгі ауа ағыны газ алмастыру қызметінен басқа дауыс шығару мен артикуляция қызметін қатар қамтиды Адамның сөйлеген кездегі дем алуы мен дем шығаруы үнсіз (сөйлемеген кездегі) отырғаннан өзгеше болады.
Сөйлеген кездегі дем алу-дем шығару процесінің ерекшеліктері: ауыз арқылы дем алу; дем шығару процесі дем алу процесі мен салыстарғанда ұзаққа созылады (1:20); сөйлеген кезде адам өкпеге ауаны жай кездегімен салыстарғанда 4 есе көп жұтады. Демалу фазасы өзгеше болады (демалу тоқтау- дем шығару).
Дауыс шығару бөлігі дауыс қатпарлары бар көмекейден тұрады. Көмекей дегеніміз конустың формасына ұқсайтын бірнеше шеміршектен және жұмсақ еті бар сақиналардан құралған кең де қысқа түтікше. Көмекей мен жұтқыншақтың арасында жұтынған кезде көмекейді жауып тұратын қалқанша орналасқан. Соның арқасында жұтқан тамақпен сілекей көмекей қуысына түспейді. Көмекейдің ішіндегі кілегей қабығының қатпарлары шын дауыс перделерінен және оның төменгі жағындағы жалған дауыс пердесінен тұрады.
Ер адамдардың көмекейі әйелдерге қарағанда ірі, ал дауыс перделері ұзын және жуан болады. Әйел адамның дауыс перделерінің ұзындығы мөлшермен 18-20 мм. болса, ер адамдарда ол 20-24 мм. болады. Қыз және ұл балаларда пубертатты (жыныстық жетілу) кезіне дейін көмейкейдің құрылымы мен көлемінде айырмашылық байқалмайды.
Балардың көмекейі өте кішкентай болып келеді және әр кезеңде әр қалай дамиды. Оның қарқынды дамуы 5-7 жас аралығында, содан кейін–пубертатты кезеңде: қыздарда – 12-13 жаста, ал ұлдарда – 13-15 жаста байқалады. Осы кезде көмекей өлшемі қыздарда 1/3, ал ұлдарда 2/3 – ге өседі, дауыс перделері ұзарады.
Ерте жастағы балалардың көмекей формасы шұңғыма тәрізді болады. Бала өскен сайын оның формасы бара-бара цилиндр формасына жақындайды.
Дауыс перделері көмекей саңылауын түгелге жуық жауып тұрады. Жай тыныс алу кезінде дауыс перделері аралығы кең ашылған күйде және тең бұйірлі үшбұрыш тәрізді болады. Дем алу және дем шығару кезінде ауа кең ашылған дауыс пердесі аралығынан дыбыссыз өтеді.
Адамның дауысы (фонация) қалай шығады?
Фонация кезінде дауыс перделері жабық күйде болады. Дем шығарғанда ауа бір–біріне жақын тұрған дауыс сіңірлерінің арасынан өтіп, оларды ажыратады. Көмекей бұлшық еттерінің жиырылуы арқылы дауыс перделері қайтып өз орнына келеді. Дауыс перделерінің арасының осылайша ашылып-жабылуы сыртқа шығатын ауаның қысымы біткенше созылады. Осылайша фонация кезінде дауыс перделері шиеленіседі және тербеліс қимылдар пайда болады. Дауыс сіңірлерінің осы тербеліс қимылдары дыбыс толқындарын тудырады. Сөйлемеген кезде дауыс перделері ашық болады (3 сурет). Сыбырлап сөйлеген кезде дауыс перделерінің бір бөлігі ғана қозғалысқа түседі. Дауысты және үнді дыбыстарды айтқан кезде дауыс перделері жабық, ал дауыссыз дыбыстарды айтқанда олар ашық күйде болады.
Сонымен, фонация кезінде дауыс перделері тербеліске түседі. Бұл тербелістер бойлық емес, көлденең бағытта болады, яғни дауыс перделері төмен және жоғары қарай емес, іштен сыртқа қарай қозғалады.
Адамның дауысы күшіне, жіңішке-жуандығына және тембіріне қарай бөлінеді.
Дауыстың күші көбіне дауыс перделерінің қозғалу амплитудасына (қарқынына) байланысты. Ол ауа ағымының қысымымен, яғни дем шығару күшімен белгіленеді. Сонымен қатар дауыс күшіне дыбыс күшейткіш болып табылатын жұтқыншақ, ауыз және мұрын қуысы да әсер етеді.
Резонаторлық қуыстың формасымен көлемі және көмекейдің құрылымының ерекшеліктері дауыстың дара реңкіне немесе тембріне әсер етеді. Адамдарды дауысынан дәл осы тембріне қарай ажыратуға болады.
Дауыстың жіңішке-жуандығы дауыс перделерінің қозғалуының жиілігіне және дауыс перделерінің ұзындығына, жуандығына және керілу дәрежесіне тікелей байланысты. Дауыс перделері неғұрлым ұзын және кернеу аз мөлшерде болса, соғұрлым үн дыбысы төмен болады.
Артикуляциялық бөлім.
Артикуляциялық аппараттың құрамынаауыз және мұрын қуыстары мен жұтқыншақ кіреді. Артикуляция мүшелері белсенді – қозғалмалы (тіл, жұмсақ таңдай, ерін, төменгі жақ сүйектері) және енжар – қозғалмайтын (қатты таңдай, жоғарғы жақ сүйектері, тістер) мүшелер болып бөлінеді (2-3 сурет).
Тіл-артикуляцияның негізгі мүшесі болып табылады. Тіл–көлемді, сіңірлері жоқ бұлшық етті мүше. Жақ сүйектері қабысқан кезде ол бүкіл ауыз қуысын толтырады. Тілдің алдыңғы бөлігі қимылды, артқы бөлігі тіл түбірі деп аталады. Тілдің қимылды бөлігінің ұшы, алдыңғы және бүйір жақтары, тіл арқасы (2 сурет). Тілде сөйлеу кезінде әр түрлі міндет атқаратын көптеген бұлшық ет топтарын ажыратуға болады. Мысалы, тіл үшы, тілдің бүйір бұлшық еттері, тіл арқасы, тіл түбірі бұлшық еттері, т.б.
Дата добавления: 2016-02-13; просмотров: 26226;