БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ БҰЗЫЛУЫН АНЫҚТАУ 2 страница
Мысалы, А-ИУ; У-И-А; КА-ПА-ТА; ЛАР-РАЛ; ТА-ТУ. Қосымша жаттығулар мен сынақтар дизартрияның көмескі түрін анықтау мақсатымен қолданылады.
Егер балада бір қимылдан екінші қимылға көшкенде қиындық туындаса, ол оральдік праксисының бұзылуын көрсетеді. Кей жағдайда бала қимылдарды айнасыз қайталай алмайды, логопед тілдің, еріннің, беттің қай (нуктесіне) жеріне қол тигізгенін сезінбейді. Мұндай жағдайлар көбінесе дизартриямен зақымдалған балаларда кездеседі. Ондай балалардың міндетті түрде ерін, тіл, жұмсақ таңдай бұлшық еттерінің тонусын бақылап, талдау қажет (тілдің қалпы, тремор, гиперкинез, тілдің конфигурациясы, әлсіздігі, жұмсақ таңдайдың салбырауына көңіл бөледі).
Сонымен қатар мимикалық бұлшық еттердің қалпын тексеру қажет:
1. Маңдай бұлшық еттерінің қимылының мөлшері мен сапасын тексеру:
- қасты көтеру, қабақ түю, маңдайды жиыру.
2. Көздің қимылын тексеру:
- көзді қатты, жеңіл жұму, оң көзді, сосын сол көзді жұму, көзді қысу.
3. Мойынның бұлшық еттерінің қимылының мөлшері мен сапасын тексеру:
- оң ұртын бұртыйту, 3 сек. ұстау;
- екі ұртын бұртыйту, 3 сек. ұстау;
- бір ұртынан екіншіге ауаны үрлеу;
- ұрттарын ауыз қуысына тартып ұстау (1-5 дейін).
Жаттығуларды орындау барысында бақылау қажет:
- қимылдың мөлшері (толық-барлық қимылдарын орындады; толық
емес- қимыл жартылай орындалды; қимыл мөлшері бұзылған – қимыл кезектілігі бұзылды немесе кейбір қимылды орындамай тастап кетті);
- нақтылығы (сақталған – барлық қимыл кезектілікпен орындалды;
бұзылған-артикуляцияны іздеу немесе қосымша қимылдар жасады);
- тонусы (сақталған – қимыл қажетті күшпен жасалды, бұзылған –
қимылдар жартылай әлсіз, жеткіліксіз орындалды);
- қимылдың жылдамдығы (қалыпты – бір қимылмен екіншісінің
арасында үзіліс байқалмады; баяу – қимылдардың арасында 3-5 сек. үзіліс байқалды; жылдам – бір қимылды аяқтамай, екінші қимылға көшеді);
- синкинезиялар (жоқ, бар – артикуляциялық, мимикалық бұлшық
еттерінде байқалады).
4. Символикалық праксисті тексеру үлгі, содан соң нұсқау бойынша
тексеріледі: ысқыру, сүю, жымию, тістену, таңдай қағу.
Дыбыс айтуды тексеру
Дыбыс айтудың кемістіктері әр түрлі тіл бұзылыстарында жиі кездеседі, сондықтан артикуляциялық аппаратты, дыбыс айтуын, фонематикалық түсінігін тексеру барысында алынған деректерді салыстырып, талдау бұзылыстың себептері мен түзету жұмыстарының тиімді әдіс-тәсілдерін анықтауда маңызы зор.
Дыбыс айтуды тексеру екі бағыттан тұрады, оның бірі артикуляциялық – дыбыстың пайда болу ерекшелігін анықтау және дыбысты айту кезіндегі артикуляция мүшелерінің қимылдары. Екіншісі – фонологиялық - тіл дыбыстар (фонема) жүйесін әр түрлі фонетикалық жағдайда ажырату. Бұл екі аспект бір бірімен тығыз байланысты.
Логопедиялық арнайы әдебиеттерде дыбыс айту бұзылыстарын 4 түрге бөледі:
- дыбысты мүлдем айтпау;
- дыбысты бұзып айту;
- дыбысты тұрақты алмастыру;
- дыбысты шатастыру.
Дыбыс айтуды тексерудің негізгі мақсаты – фонеманың бұзылу түрін, бейімдейтін себептерін анықтау болып табылады.
Сөйлеу тіліндегі дыбыстарды тексеру фонетикалық топтар бойынша жүргізіледі.
Дыбыстарды былай топтастыруға болады:
1) дауысты дыбыстар: а, ә, о, у, э, и, ы, і, ұ, ү, ө
2) дауыссыз дыбыстар:
а) ысқырық, ызың, аффрикаттар: с, з, ц, ш, ж, ч, щ, т.б.;
б) үнді дыбыстар: р, л, й;
в) қатаң және ұяң дыбыстар: п-б, т-д, к-г, қ-ғ, ф-в, с-з, ш-ж және жіңішке айтылулары.
Жіңішке дауыссыз дыбыстардың айтылуы жуан дауыссыздардың айтылуынан кейін анықталады.
- Дыбыс айтуын тексеру мынандай кезектілікпен жүргізіледі:
- дыбысты жеке тұрған күйінде айтқызу;
- буында айтқызу (ашық, жабық буында, ортасында);
- сөзде айтқызу (дыбыс сөздің басында, ортасында, аяғында болу керек);
- сөйлемде айтқызу.
Тексеруге арналған сөздер фонетикалык және дидактикалық негізде баланың жас ерекшелігін ескере отырып сұрыпталады. Мысалы, "С" дыбысының айтылуын тексеру үшін "Мен айтамын, сен қайтала" ойынын ойнау арқылы жеке дыбысты буында айтылуын тексеруге болады.
С- С- С
Са - со - су - сы
Ас, ос - ус – ыс
Сла - сло - слу
Аск - оск – ыск
Жеке дыбысты өз бетімен айтуын тексеру үшін балаға «жылан қалай ысылдайды?, орман қалай шуылдайды?» деген сұрақтар қоюға болады.
С дыбысының сөзде айтылуын тексеру үшін логопед:
- Мен сурет көрсетем, сен оны ата.
(суреттер: сабын, сақа, мысық, қасқыр, қас, сағат, құс т.б.). '
"Мен айтайын, сен қайтала" немесе "жаңғырық" ойынын ойнап "С" дыбысының сөйлемде айтылуын тексеруге болады.
Сара сағат сатып алды.
Самат сиыр суарды.
Салтанат пен Аскар суаттан су тасыды.
Дыбыстарды тексерген кезде оларды бала айтканнан кейін, ақаулықтарын көрсетіп нәтижесін бірден жазып алады. Баланың дыбысты бұзып айтуы, дыбысты айтпай тастапкеткені, басқа дыбыстармен алмастырылғаны немесе үндері ұқсас екі дыбысты шатастырып айтканы көрсетіледі.
Тексерудің нәтижесін былай жазып көрсетуге болады:
"С" дыбысы дурыс айтылады +.
"С, С' " дыбыстары бұзылып айтылғанда: тісаралық (бүйірлік, мұрындық)
"С" дыбысы "Ш" дыбысымен алмастырылғанда: С = Ш, немесе С -> Ш. Жеке С - Ш дыбыстарын дұрыс айтады, сөзде шатастырады С <—> Ш.
Үндері ұқсас С мен Ц дыбыстарының екеуін де бірдей тісаралық жіңішке С ұқсас айтады. С,Ц = С тісаралык-,
С дыбысын айтпайды , тастап кетеді - . С-
Баланың дыбысты жеке тұрған күйндегісін дұрыс айтып, ал сөйлеу тілінде оны басқа дыбыстармен шатастырып, немесе алмастырып, немесе түсіріп қалдырып, кейде қате айтуы мүмкін екенін ескеру қажет. Тексеру кезінде бұған ерекше назар аудару керек. Сондықтан жеке дыбыстардьң айтылуьн тексерген соң, бала оларды енді ауызекі тілінде қалай пайдаланатынын анықтау қажет.
Дыбыстың сөз ішінде айтылуын тексеру үшін окиға желісіне құрылған және жеке заттарды бейнелейтін суреттерді пайдаланады.
Сюжетті суреттерді арнайы іріктегенде олардың атауы аталған сөздердің ішінде тексерілетін дыбыстар болу керек. Ол дыбыстар сөздің әр жерінде, әр түрлі жағдайларда басқа дыбыстармен тіркесіп тұрған болу керек. Бір сөз әр түрлі тіркестерден бірнеше дыбыстардың айтылуын тексеру үшін пайдаланылады. Мысалы, "шарбақ" деген сөзден ш,р,қ дыбыстарының үшеуін бірден тексеруге мүмкіндік туады. Балаға өзі жатқа білетін өлеңін, немесе бұрын окыған кітабының мазмұнын, немесе ертегі айтқызады және ішінде тексерілетін дыбыстар көп кездесетін сөздерден құрылған сөйлемді қайталатады. Мысалы, Зәмзәгүлдің Роза, Зияда деген дос қыздары бар. (3 дыбысына құрылған сөйлем). Ракымжан сиырды қораға кірізді (Р дыбысына құрылған сөйлем). Самат сақасын Асылбектің асыктарына айырбастады (С дыбысына құрылған сөйлем).
Әсіресе ұяң дыбыстардың айтылуына ерекше назар аудару керек. Көбінесе бала ұяң дыбыстарды жеке тұрған күйінде дұрыс айтады да; ал сөйлеу тілінде оларды айтпай тастап кетеді немесе сирек қолданады, немесе жеткілікті түрде ұяңдатпайды. Бұл дыбыстардың айтылуын тексеру үшін балаға құрамында ұяң дыбыстары көп сөздер тіркесінен құралған сөйлемдерді айтқызады. Мысалы, Қонысбай сөз сөйледі, Әшім мен Әсия есеп шығарды.
Сөздің құрамында тұрып дұрыс айтылмайтын дыбысты жеке дыбыстың айтылуымен салыстырып қарау сөйлеу тілі мүшелеріндегі дыбыстарды түзету үшін жасалатын жұмыс жоспарына қажет.
Дыбыстардың айтылуын зерттеудің барысында олардың әр түрлі ерекшеліктері бар ақаулықтарының айқындалуы мүмкін.
Сөздің буындық құрылысын тексеру
Тексеру барысында сөздің буындық құрамын тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Сөздің буындық құрамының бұзылуының төмендегідей түрлері кездеседі:
- буын санының қысқарылуы (бапан-балапан);
- буындарды жеңілдету (үтель-үстел);
- буын қосу (қарағаш–қарағағаш);
- буындарды ұқсастыру (рарамал-орамал);
- буын, дыбыстардың орнын ауыстыру (ас-қа-бақ – аспабақ).
Кейбір балалардың сөздің буындық құрылысының бұзылатындығы байқалады. Бұндай балалар сөйлеу тілінде сөздің дыбыстары мен буындарының орындарын ауыстырып шатастырады немесе мүлдем айтпай түсіріп қалдырады немесе керісінше артық дыбыстарды және буындарды қосып алады. Мысалы, “ескек” сөзін “екесек” деп, “кітап” - “каптап”, “бұтақ” - “бақ” деп өзгертеді. Осының барлығы сөздің құрамындағы буындардың және дыбыстардың шатасып, сөздің буындық құрылысының бұзылғандығын көрсетеді. Бұндай жағдайлар әсіресе үндестігі жағынан ұқсас дыбыстардың қатар келуінің салдарынан немесе қос сөзден құрылған күрделі тіркестердің қиындығынан жиі болады. Сондықтан баланың сөйлеу тілін тексерген кезде берілетін тапсырмадағы сөздерді үндері ұқсас дыбыстардың, сөздердің, қос сөзді қиын тіркестердің, сөздің басында, ортасында, соңында дауыссыз дыбыстардың қатар келіп айтылуын қиындататын құрылысы әр түрлі буындардан тұратын сөздерден іріктей білу қажет. Бала алдымен бейнелі суреттегі көрсетілген оқиға желісін өз сөзімен өз бетінше айтып береді, сосын айтқан сөзін қайталайды. Балаға берілген бейнелі суретте тексеруге пайдаланатын сөздер көптеп кездесетін болу керек. Мысалы, кітап, дәптер, ескек, милиционер, шар, бұтақ, бала, тарақ, жапалақ, теңіз, терезе, бүлдірген, қарлығаштар, т.б.
Дыбыстардың дұрыс айпауын, бұрмаланған сөздерді жазып алады. Құрылысы бұзылған сөздер мен буындардың түзетілуі жеке дыбыстардың айтылуындағы ақаулықтарға қарағанда біраз қиындыққа түседі және әжептеуір ұзаққа созылады. Балада бұндай ақаулықтардың жиі болуы оның жалпы сөйлеу тілінің толық дамымағандығын көрсетеді.
Фонематикалық қабылдауын тексеру
«Фонематикалық қабылдау», «фонематикалық есту» терминдерінің мағынасы ұқсас ұғымдар. Фонематикалық есту – фонеманы тануды және ажыратуды қамтамасыз ететін нәзік есту жүйесі. Фонематикалық қабылдау – сөздің құрылымындағы дыбыстарды ажыратуға бағытталған ойлау іс-әрекеті.
Фонематикалық қабылдауын тексерудің алдында баланың физикалық есту нәтижесімен танысу қажет. Көптеген зерттеулерде ерте жастағы есту қабілетінің аздаған бұзылуының өзі дыбыстың анық айтуына және ажыратуына әсер ететіні анықталған. Естудің қалыпты дамуы фонематикалық қабылдаудың дамуының басты шарты болып табылады. Физикалық естуі қалыпты балалардың арасында ұқсас дыбыстарды ажырату қиыншылықтары жиі кездеседі. Ондай қиыншылақтар дыбыс айтудың қалыптасуына әсер етеді.
Фонематикалық қабылдауын тексеру мақсатымен қарапайым фразаларды естіп тануға, ажыратуға, салыстыруға; сөз қатарынан белгілі бір дыбысты, буынды ажыратуға, табуға; буын қатарын (3-4) есте сақтауға, дыбыстарды есте сақтауға бағытталған тәсілдерді қолданады.
Сөздің ритмикалық құрылымын анықтау үшін мынандай тапсырмаларды пайдалануға болады: буын құрылымы әртүрлі сөздердің буын сандарын шапалақтап немесе соғып көрсету; ритмикалық суреттемеге қандай суреттер сәйкес келетінін анықтау, т.б.
Фонематикалық қабылдауын тексеруге қажет тапсырмаларды жеңілден ауырға, жас ерекшеліктерін ескеру қағидаларына сүйене отырып жүйелеген дұрыс. Алдымен керекті дыбысты жеке, сосын буында, сөзде ажыратуға, талдауға бағытталған тапсырмалар беріледі.
Фонематикалық талдау және жинақтауын тексеру
Тілдің дыбыстық элементтерін сезіну ерте жастан дамиды. Көптеген зерттеулерде (А.Н. Гвоздев, Н.Ж. Швачкин, т.б.) қалыпты дамыған бала мектеп алды кезде ана тіліндегі дыбыстарды ажырата алады, басқалар айтқанда естиді, өздері де айтады, яғни дыбыстарды ажаратады, бірақ, сөздің дыбыстық құрамын меңгермейді. Бала дыбыстың сөздегі орнын, кезектілігін айта алмайды деп көрсетеді.
Тілдің дыбыстық жағымен әрекет жасау, оның элементтерін саналы түрде менгеру мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту барсында қалыптасады.
Дыбыстық талдауды - басынан бастап белсенділік пен ерікті талап ететін операцияның құрылымы бойынша жайылған күрделі процесс деп қарастыру керек (А. Р. Лурия, Д. Б. Эльконин).
Д. Б. Элькониннің анықтамасы бойынша дыбыстық талдау дегеніміз- сөздегі дыбыстың орнын, кезектілігін, санын анықтауға бағытталған ойлау іс-әрекеті.
Арнайы әдебиеттерде сөздің дыбыстық құрамы туралы түсініктің толық қалыптаспауы, көп жағдайда жазу мен оқу дағдысын менгеруде тұрақты қиындыққа әкеліп соғатыны айтылады.
Алдымен баланың дыбыстық талдау қабілеті қандай денгейде екенін анықтап алу қажет. Ол үшін әр түрлі тапсырмаларды ретімен жас ерекшелігін ескеріп пайдаланады.
Фонематикалық талдау – жинақтау жағдайын төрт жастан асқан балалардан бастап тексереді.
4 жасқа.
Тапсырма: Мына сөздерде «Ш» дыбысын естігенде қолыңды көтер (алаша, қалаш, мысық, шана, т.б.).
5 жасқа.
Тапсырма: сөздің басындағы дауысты дыбысты атау.
алма ешкі
орақ орман
өрік ыдыс
үйрек әліппе
ілгіш ұшақ
6 жасқа.
Тапсырма: Сөз басындағы дауыссыз дыбысты атау.
қалам гүл
халат кітап
маса бөрік
сағат тауық
лақ шыбын
Тапсырма: Сөз соңындағы дауысты дыбысты атау.
бала оқушы
әже ертегі
тау қала
Тапсырма: Сөздегі дыбыстың орнын, ретін, санын анықтау.
Мысалы, «қас» сөзінде 1-2-3- дыбысты ата, барлығы неше дыбыс, дауысты дыбысты ата.
Фонематикалық жинақтауын тексеру
5-6 жасқа.
Тапсырма: дыбыстардан сөз құрау
а, п, а
т, а, л
с, а, ғ, а ,т
т, а, қ, о, ш
Тапсырма: буындардан сөз құрау
қа ла
ба ла
ба ла пан
кө бе лек
Тапсырма: ретсіз берілгенбуындардан сөз құрау
ма ал
лық ба
қа даш рын
Тапсырма: берілген дыбыстар сөздің басында кездесетіндей сөз ойлау
ш, с, р, л
Егер бала мектепте оқымаған болса, онда тексеру барысында түсіндіру, көрсету, қате жауапты талдау тәсілдерін пайдаланып, тек оқуы мен жазуын меңгеруге әзірлігін білу үшін дыбыстық талдаудың қарапайым түрін үйретуге әрекет жасап көру қажет.
Ең аддымен балаға сөз құрамындағы дыбыстарды бір-бірімен айырып және бөліп алу тәсілін үйрету керек. Ол үшін а, о, дыбыстарын дауыстап және созып айта отырып балаға оларды қайталатып, сосын ол дыбыстарды сөздің ішінен тауып алуды ұсынады. Алғашкы кезде сөздің басында тұрған дауысты дыбысқа екпін түсетін от, өрт, Ася деген сияқты сөздерді іріктеп алады.
Айыратын дыбысты созып және ырғағын келтіріп, айтылуына баланың назарын аударады. Алдымен баланы салыстыруға мүмкіндігі болатындай екі-үш дауысты дыбыстармен таныстырады. Сосын дыбыстарды айту үшін құрамындағы дауысты дыбыс анық, ашық және екпін түсіп тұратын бір буынды сөзді пайдаланады. Мысалы, сұрақ: "Қо-о-ой сөзінде қай дыбысты естіп тұрсың? То-о-он сөзінде ше? Ж-а-ан сөзінде ше?"
Егер бала тапсырманы түсінбесе және сөзден керекті дыбысты айыра алмаса, онда дыбысты атап, жәрдем беру керек. Жаттығу барысында ол дауысты дыбыстарды айыруды біртіндеп үйренеді.
Содан кейін әр түрлі сөздер құрамындағы дауыссыз дыбыстарды айыруды ұсынуға болады. Бала белгілі бір дыбыстан басталатын сөзді тану керек.
Мысалы, бастапқы дыбысы М-дан басталатын сөзді танып алу үшін араласқан бірнеше сөздердің тізбесін келтіреді: мал, алма, мақта, марал, қол, маса, тон, мәсі, орақ, май, мысық, тышқан, қозы.
Егер бала дыбыстарды айыру тапсырмасын мүлтіксіз орындай алатын болса, онда дыбыстарды бөлу тәсілін қолдануға болады.
Бұндай жұмысты ойын түрінде жақсы өткізуге болады. Логопед балаға оның есімі нақтылы бір дыбыстан басталатынын айтып тісіндіреді. Мысалы ол М дыбысынан басталады деу керек. /Марат, Мәлике/ "Ал енді саған басқа бір есімді атаймын, сен оның бастапқы дыбысын табуың керек. Мен ол есімді атағанда сенің табатын дыбысыңды көтеріп, әрі созып айтамын. Ықылас қойып тыңда. Жаңылмай, дәл табуың керек". Іріктеп алынатын сөздің бастапқы дауысты дыбысына екпін түсіріп тұратын болу керек. /Ат, Ася, от/ бала талданатын сөздің бастапқы дыбысын атауы керек.
Содан кейін сөзден дауыссыз дыбысты бөліп алуды ұсынуға болады. Сөздің соңында тұрған дауыссыз дыбысты бөліп алу оңай. Ұяң дыбыстарға аяқталатын сөздерді талдауға болмайды / кағаз, каз, жаз, мал және т.б./
Балаға таныс жеке заттар бейнеленген суреттерді көрсетуге болады. Мысалы, суреттегі жапырақты логопед жапыра... дейді де, баладан соңғы дыбысын айтуды сұрайды. Егер ол бұл тапсырманы түсінсе, онда өзіне таныс сөздердің соңғы дыбыстарын бөліп алуға ұсыныс жасайды, мысалы: тас, етік, ит, мысық, лақ және т.б.
Егер бала дыбыстарды талдаудын бұл тәсілдерін мүлтіксіз орындай алатын болса, онда сөздің басындағы дауыссыз және соңындағы дауысты дыбыстарды бөліп алу ұсынылады. Ол үшін мына сөздерді пайдалануға болады. Мысалы: тау, ара, Сәуле, маса, және т.б.
Осы тәсілдерді бала жеңіл орындай алатындығын байқағаннан кейін, енді бұдан гөрі қиындау, тапсырманы орындауды ұсынады. Бала берілген дыбыстан басталатын сөзді өзі табуы керек. Айналасындағы өзі күнделікті көріп жүрген заттардың ішінен К немесе М дыбысынан басталатын сөздерді іріктеп табу керектігі айтылады. Мысалы, баланың күделікті көріп, әрі қолданып жүрген сөздері: күн, көрпе, май, көпшік, кино, мақта, көйлек және т.б.
Келесі тәсіл – дыбыстың құрамы бойынша сөздерді салыстыру. Айырмашылығы тек бір дыбыстан болатын сөздердің атауларына бейнеленген заттары бар суреттері іріктеп алып, балаға көрсетеді де, олардың аттарын атағаннан кейін дыбыстық айырмашылығын сұрайды. Мысалы: май-тай, жүн-түн, бала-қала, табақ-сабақ, сабан-табан. Баланың түсінігін тексеру үшін бұл тәсілді ауызекі қолданып та көруге болады. Мысалы, логопед балаға Манат-Жанат деген екі сөздің дыбыстық айырмашылығын сұрайды. Бұл қолданылған тәсілдерді сөйлеу тілі дұрыс дамымаған ересек оқушылардың оңай игере алатындығы жүргізілген тәжірибеден белгілі болса, ал фонетика-фонематикалық дамуындағы кемістіктері бар немесе жалпы сөйлеу тілі толық дамымаған балаларға айтарлықтай қиындық туғызады.
Мектепте оқитын, дыбыстық талдаудан түсінігі бар балаларға, күрделілігі қиындау тапсырма беріледі. Оның сөйлемді сөзге, сөзді буынға, буынды дыбысқа бөлуді, олардың жүйелігінің және дыбыстардың сөзден орнын айыра алатындығын білетін-білмейтіндігін тексереді.
Балаға талдау үшін сөз беріліп, ол сөздегі дыбыстарды санап, қандай дыбыстардан тұратынын, олардың сөзде орналасу жүйелігі қандай екенін айтуды, сосын екінші, бесінші және т.б. дыбыстарды бөліп алуды ұсынады. Тексеру күрделілігі әр түрлі сөздерді пайдалануға болады. Мысалы: үй, ат, май, шана, оқушы, мысық, балық т.б.
Бала сөз құрамындағы өзі дұрыс айта алмайтын дыбысын қалай бөлетіндігіне ерекше назар аударуды қажет етеді. Егер ол басқа дыбыспен алмастыратын болса, онда оған сәйкес дыбысы бар сөзді өзі ойлап табуын өтіну керек. Бұл дыбысты басқа дыбыспен алмастыруы бөліп алу қиындығымен байланысты ма, жоқ әлде тек дыбыстың өзін дұрыс айта алмауынан ба екенін анықтауга болады.
Аныктауға арналған жақсы тәсілдің бірі – керекті дыбыстан басталатын сөздермен аталатын заттар бейнеленген суреттерді іріктеп алу. Сонымен бірге жиі шатастыратын дыбыстардан басталатын заттар бейнеленген суреттерді іріктеуді ұсынуға болады.
Бейнеленген заттардың аттарының бастапқы дыбыстары: 1) талданатын дыбыстан; 2) ең жиі араласатын дыбыстардан; 3) іріктеуге жатпайтын баска дыбыстардан тұратын суреттердің жиынтығы болу қажет. Мысалы, егер бейнеленген заттың аттары С дыбысынан басталатын суреттерді сұрыптау ұсынылатын болса, онда олардың арасында бейнеленген заттардың аттары с, з, ц, ш, ж, ц, щ дыбыстарынан басталатын суреттерде, сонымен бірге аттары м, ж, к, к, і және тағы басқа дыбыстардан басталатын суреттердің бірнешеуі болу керек. Бейнеленген заттардың аттары С дыбысынан басталатын суреттерді бір топқа, 3 дыбысынан басталатындарды екіншісіне, Ш дыбысынан басталатындарды үшіншсіне және тағы баскаларын келесісіне, сөйтіп барлық суреттерді топтарға бөлуді ұсынып, тәсілдің түрін өзгертуге болады. Бұл тәсілге алынатын суреттердің жобалы тізімі мынандай болу керек: шана, қоңыз, тон, шұлық, сандық, шапан, шопан, қозы, шеге, сиыр, қасық, жалау, қаз, қайшы т.б.
Дыбыстық талдауды барлық жағынан толық меңгерген балалар үшін оқу барысында онша жиі қолданбайтын, көп буынды, дауыссыз дыбыстары бір жерге топталған, дыбыстарын дұрыс айта алмайтын сөздерді арнайы сұрыптап алады. Мысалы: сандық, ескерткіш, милиционер, қауырсын т.б.
Бала өзіне міндеттелген тапсырманы қаншалықты оңай орындауы мүмкін, ешқандай қиындықтар кездескен жоқ па, егер кездессе олар қалай байкалды; бала дыбыстарды айырып және бөліп алама немесе баска дыбыстармен алмастыра ма, немесе тапсырманы мүлдем орындай алмай ма; талданған сөзден дыбыстардың жүйелігі айқындала ма, тексеру барысында анықталған мәліметтерді логопед жазып алады. Баланың дыбыстарды айыру-дағы жіберетін қателері неғұрлым көп болса, демек сөздің дыбыстық құрамы туралы түсінігі таяз болса, соғұрлым ол дыбыстарды нашар талдайды, оқу мен жазуды меңгеруге дағдыланғанға дейін соншалықты қиналады.
Дата добавления: 2016-02-13; просмотров: 10073;