Ветеринариялық білім берілуінің ұйымдастырылуы

 

Қазақстан Республикасындағы ветеринариялық білім беру жүйесі жоғары оқу орындарында ветеринария мамандарын, орта арнайы оқу орындарында ветеринария фельдшерлерін және арнайы кәсіби-техникалық училищелерде кіші ветеринария саласы мамандарын дайындау, сонымен қатар, ветеринар дәрігерлерінің, ветеринар фельдшерлерінің және ветеринариялық оқу орындары оқытушыларының біліктілігін жоғарылату істерінен құралады.

Ветеринария мамандарын Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, Жәңгір-хан атындағы Батыс-Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде, М. Әуэзов атындағы Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінде 5В120100-Ветеринариялық медицина, 5В120200-Ветеринариялық санитария сынды екі мамандық бойынша, сонымен қатар, Инновациялық Еуразиялық университетте 5В120200-Ветеринариялық санитария мамандығынан дайындайды.

Ветеринария фельдшерлерін дайындау аграрлық-техникалық колледждерде жүргізіледі: Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Қапланбек, Қарқаралы, Қатаркөл, Новопокров, Павлодар, Орал.

Мұнымен қатар бірқатар ауылдық кәсіби-техникалық училищелерде нақты ауданда осы санаттағы мамандар қажеттілігін ескере отырып малшаруашылығы жұмысшы мамандықтарын дайындаумен қатар, кіші ветеринария фельдшерлер де дайындалады. Көбіне бұл мамандар ветеринариялық өңдеу жұмыстары бойынша операторлар, дезинфекторлар, дератизаторлар т.с.с. жұмыстарды атқарады,

Жоғары оқу орыны студенттері мен техникум оқушыларын алдын ала Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық Министрлігімен келісе отырып, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі бекіткен Мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарына, типтік оқу жоспарларына сәйкес оқытады. Жоғары оқу орындарының ғылыми кеңестері мен техникумдардың педагогикалық кеңестері өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына жалпы сағат көлемінде аздаған өзгертулер енгізу құқына ие.

Соңғы жылдары мамандар дайындаудың көп деңгейлік (бакалаврлар, магистрлер, PhD) сатысы мен оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді. Бұл жаңашылдықтардың қаншалықты тиімді екендігін тәлім-тәжірибе жинақталған соң білетін боламыз.

Оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары өңірлік патологиялар (жұқпалы, жұқпалы емес) мен нарықтық экономика талаптарын ескере отырып мамандарды клиникалық дайындауға бақғытталған.

Оқыту барысында экономикалық білім берілуіне, информатика мен компьютеризацияға, оқу және өндірістік практикаларға үлкен мән беріледі. Барлық оқу үдерісі барысында (5 жыл) студенттер 50 астам пәнді оқиды, сынақтар мен емтихандар тапсырады. Арнайы пәндер бойынша курстық жұмыстар орындайды, бірқатар пәндерді факультатив түрінде оқиды. Оқу, клиникалық және өндірістік практикалардан өтеді.

Колледж түлектері ветеринария фельдшерлері қатарынан ветеринария дәрігерлерін сырттай оқыту жүйесі мен қысқартылған оқыту бағдарламасы бойынша дайындау жүйелері де бар.

Жоғары оқу орнында сырттай оқу мерзімі бір жылға көп. Сырттай бөлім студенттері жыл сайын белгіленген тәртіпте сынақтық-емтихан сессиясына шақырылады, осы уақыт ішінде олар жаңа ғылым циклдарын оқу бойынша тапсырмалар алады, оларды оқып үйренуге қажетті әдістемелік нұсқамалар алады, сынақтар мен емтихандар тапсырады, курстық жұмыстарын қорғайды, қажетті кеңестер алады.

Оқу орыны түлектерін жұмысқа бөлу ведомство, шаруашылықтар, кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, бірлестіктер мен өзге ұйымдардың өтінімдері бойынша, сондай-ақ, келісім-шарт негізінде өткізіледі. Ведомство, шаруашылықтар, кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар есебінен оқыған мамандар сол жерлерге жіберіледі.

Біздің елімізде біліктілігін жоғарылату факультеттерінде ветеринария мамандарының біліктіліктерін жоғарылату жүйесі жұмыс жасайды, олардың мақсаты – кәсіби білімді жоғарылату мен тереңдету, ветеринар дәрігерлері мен фельдшерлерінің іскерлік сапаларын жетілдіру. Ветеринар дәрігерлерінің біліктілігін жоғарылату көптеген мамандықтар бойынша, соның ішінде профильдік бағыттар бойынша өткізіледі: шаруашылықтың ветеринар дәрігерлері, өндірістік малшаруашылығы кешендерінің ветеринар дәрігерлері; ветеринар дәрігер–эпизоотологтар, ветсансарапшы, терапевт, акушер-гинеколог; ветеринариялық зертханалардың ветеринар дәрігерлері (вирусологтар, бактериологтар, химик-токсикологтар, радиологтар, серологтар) т.с.с. Факультетте оқу мерзімі 2-аптадан 2 айға дейін. Сонымен қатар, ветеринар дәрігерлерін 5 жылда бір реттен кем емес ретте біліктілігін жоғаратуға жіберіп отыру қолданысқа ендірілген. Жоғары оқу орнынан кейінгі ветеринар дәрігерлерінің біліктіліктерін жоғарылатуы оларды нақты жеке мамандыққа дайындауды қарастырады. Осы кезде таңдаған мамандық бойынша біліктілігін жоғарылату бағдарламасы ғылым мен практиканың жаңа жетістіктерін пайдалануды қарастырады.

Оқыту үшін жоғары білікті оқытушылармен қатар, өндірістегі жұмыс өтілдері көп, жоғары білікті мамандар да тартылады. Оқыту мамандандырылған кафедралар, ғылыми зертханалар және өндірістік базаларда өткізіледі.

 








Дата добавления: 2016-01-29; просмотров: 2045;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.004 сек.