Ветеринариялық шараларды жоспарлау
Жоспарлау – ветеринариялық істі басқару функцияларының маңызды бөлігі мен оны ұйымдастыру үшін қажетті бірден-бір маңызды элемент. Ветеринариялық шараларды жоспарлау елімзідегі мемлекеттік және жеке меншік иелігіндегі ветеринариялық қызметтің барлық тізбектері үшін міндетті болып табылады.
Ветеринариядағы жоспарлау нысандарына жатқызылатындар: жануарлардың инфекциялық және инвазиялық ауруларын профилактикалау мен жою; материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен қаржыландыру; ветеринариялық ғылымды дамыту және оның жетістіктерін практикаға ендіру; мамандар дайындау; ветеринариялық мекемелер жүйесін дамыту.
Ветеринариялық шараларды құрастыру кезінде келесі жайттар ескеріледі:
- ветеринариялық шаралардың жоспары максималды түрде малшаруашылығының дамуына септігін тигізетіндей болуы керек;
- жоспарлар бірқатар жылдар бойғы ветеринариялық статистика деректерін пайымдап, қорытындылау ісіне сүйенеді; жоспарлар алдында малшаруашылығына қызмет көрсету жағдайын жан-жақты бағалап, өткен жылдардағы шаралардың тиімділігін айқындап алу керек;
- барлық жоспарланатын жұмыс түрлері нақтылы, сандық шамада көрсетілетіндей, орындалуының күнтізбелік мерзімдері айқындалған болуы керек; ветеринариялық шаралар жоспарлары шынайы болуы тиіс, яғни жұмыс күшімен және қамтамасыз етілген (мамандар, материалдық-техникалық және қаржылай ресурстар) болуы тиіс.
Ветеринариялық шаралар жоспарын құру кезінде келесі принциптерді басшылыққа алады: бірегейлік, кешенділік, демократиялық және жетекші тізбегін бөлу.
Жоспарлардың бірегейлігі дегеніміз шаруашылықтың, кешеннің, кәсіпорындардың ведомствалық иелігіне қарамастан нақтылы аумақта жоспарланатын ветеринариялық шаралардың міндеттілігін қарастыру.
Кешенділік жоспарда арнайы профилактикалық, сонымен қатар емдік және ұйымдастырымдық-шаруашылық шараларды қиылыстыруды қарастырады.
Демократиялық дегеніміз ветеринариялық шараларды нақтылы шаруашылықтан бастап, республиканың ветеринариялық қызметін басқару органдарына дейін алғанда астынан үстіне дейін алып жоспарлауды білдіреді.
Жоспарланатын шаралар кешенінде жетекші тізбекті бөле жара көрсету – бұл ең бастысын немесе маңыздысын, яғни межеленген жоспарлардың өзгелері осыны орындап алмайынша мүмкін болмайтынын анықтап алу.
Ветеринария практикасында жоспарлаудың үш жүйесі қолданыс тапқан: болашақтық, ағымдық және оперативтік, 42 сурет.
Болашақтық жоспарларға ветеринариялық іс саласындағы аса маңызды 2-5 одан да көп ұзақ мерзімдік шаралар кіреді.
Ветеринариялық шаралардың ағымдық жоспарларын жылға арнап айлар мен тоқсанға бөліп жасайды.
Ветеринариялық шаралардың оперативтік жоспарларын қандай да бір мерзімге арнап құрады.
Ветеринариялық шаралар былай бөлінеді:
42 –сурет Ветеринарияда шараларды жоспарлау схемасы
- ветеринариялық-санитарлық саулығы сақталған аумақта аурулар пайда болуы мен жануарлардың азық арқылы улануларының алдын алу, жануарлардың, жануар текті өнімдер мен шикізаттардың, ветеринариялық препараттардың, азықтар мен азықтық қоспалардың саулығын қамту мақсатында Қазақстан Республикасы ветеринария туралы заңының ветеринария саласындағы заңнамалық құжаттардың талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ететін шаралар;
- эпизоотиялық ошақта және сау емес бекетте жануарлардың аса қауіпті ауруларын жою және алдын алу мақсатымен шектеу шаралары мен карантиндеуді қоса алып өткізілетін шаралар.
Жедел жұқпалы ауру ошағын жою жұмыстарын жоспарлау. Ветеринария практикасында жануарлардың тубepкулёзі мен бруцеллезі бойынша сау емес шаруашылықтарды сауықтыру, қойлар мен ешкілердің ценурозын (айналма), ірі қара мал цистициркозын жою бойынша; шаруашылықтарды вибриоз, фасциолез, диктиокаулез, мониезиоз, эхинококкоз және аскаридоздан сауықтыру; асыл тұқымды жануарларды лейкоздан сауықтыру; омарталарды акарапидоздан, браулезден, америкалық және еуропалық шіріктен, варроатоздан, сальмонеллез бен нозематоздан сауықтыру бойынша болашақтық жоспарлар құрастырылады.
Жануарлардың инфекциялық аурулары бойынша сау емес шаруашылықтарда жедел жұқпалы ауру ошағын жою жоспарын іске асыру жұмыстарына кіріскенде, ветеринар маманы (немесе ветеринария мамандарынан құрылған комиссия) өндіріс технологиясында қарастырылған тәртіпте жануар бастарының орналасуын, оларды ұстау, топтастыру жағдайларын; азықтандыру жағдайы мен сапасын; қора-жайлар мен төңірегіндегі аумақтың ветеринариялық-санитарлық ахуалын; эпизоотиялық жағдайын (ауру таралуы қарқынын, ауру, ауруға, жұқтырылуға күдікті жануарлар санын) мұқият зерттейді.
Осы межеленген жоспары орындау үшін жұмылдырылатын мамандар мен жұмыскерлер белгіленеді. Биологиялық препараттар мен өзге профилактикалық заттардың пайдаланылу мүмкіндігі ескеріледі, шаруашылық және экономикалық жағдайлар ескеріледі. Сосын сауықтыру шараларын өткізудің жалпы схемасы, олардың басты бағыттары мен кезеңдері көзделеді.
Жоспарда ұйымдастыру-шаруашылық, ветеринариялық-санитарлық және арнайы шаралар орындалу мерзімдері мен жауапты тұлғалары көрсетіліп анықталады.
Болашақтық жоспар алдын ала шаруашылықтарда қарастырылып, аудан басшысының өкімімен бекітіледі. Бекітілінген жоспар міндетті түрде орындалуы керек.
Инфекциялық ауруды жою жоспарының орындалуы барысында толықтырулар мен нақтылаулар керек етіледі. Қосымша шараларды шаруашылық басшысының бұйрығымен немесе аудан әкімшілігінің қайта өкіміміен бекітеді. Аудан әкімшілігінің басшысы бекітілінген жоспар бөлімдерінің орындалуын қадағалауына алады.
Жедел жұқпалы аурулардан сау емес шаруашылықтар мен елді мекендерде оперативтік сипаттағы шаралар жүргізіледі. Мысалы, жедел инфекция ошағын (аусыл) жоюдың күнтізбелік жоспарын бірден диагноз нақтыланысымен құрастырады. Оның басты мақсаты – ауру таралуына жол бермеу және ең қысқа мерзім ішінде оны жою, табынды, шаруашылықты елді мекенді сауықтыру. Шаралар бірмезгілде барлық шаруашылықты, барша елді мекенді, барлық сау емес жерді қамтуы керек.
Жедел ағыммен сипатталатын барлық жұқпалы ауруларды жою бойынша шараларды ұйымдастыру барлық дерлік аурулар кезінде біркелкі деуге болады. Алайда әр ауру кезінде оның сипатына, қоздырушысына, жануар түріне және өзге шарттарға тәуелді өзіне тән ерекшеліктер болуы мүмкін. Адамдар мен жануарларға ортақ аурулар кезінде (зооантропоноздар), осы кезде адамдардың жұқтырылуының алдын алуға бағытталынған санитариялық шараларға ерекше мән беріледі. Ауру пайда болғаны жайында ветеринар маманы бірден сау емес елді мекенге қызмет көрсететін медициналық мекемеге немесе аудандық санитариялық-эпидемиологиялық стансаға хабар береді. Медицина қызыметкерлерімен бірлесе отырып фермалар мен жануар иелерінің жеке бас профилактикасына қатысты шаралар белгіленеді. Қажет болған жағдайларда ауру қауіп төндіретін қызмет көрсетушілерге екпе жұмыстары өткізіледі (мысалы, сібір жарасы, т.с.с.).
Құтырық ошағын жою бойынша жоспар құрастыру кезінде жануарлардың құтырық аурумен күресу шаралары туралы Нұсқаулықты басшылыққа алады.
Құрастырылған шаралар жоспарын аудан әкімшілігінің басшысы бекітеді, оның орындалуына ауылшаруашылығы мекемелерінің басшылары мен малшаруашылығы мамандарыны, басқару органы қызметкерлерін, коммуналдық, орман, аңшылық шаруашылығы, ит асыраушылар қоғамы, аудан әкімшілігінің ішкі істер бөлімі, ветеринария және медицина мекемелерінің (құтырық мысалындағыдай) қызметкерлерін жұмылдырады.
Инфекциялық ауруларды профилактикалау бойынша пайдасы бар шаралардың бірі жануарлар организміне тірі немесе инактивирленген вакциналарды енгізу арқылы телімдік профилактика болып табылады. Қазақстан Республикасында, жақын және алыс шет елдерде құрастырылған телімді биологиялық препараттармен жануарларды түрлі әдістер көмегімен иммунизациялайды. Вакциналарды тірі организмге енгізу әдісі бойынша парентералды, энтералды және респираторлық әдістерді айырады. Парентералдық әдіске теріасты, бұлшықеттік, терішілік және тағы басқа асқазан торабын айналып өте енгізілетін биопрепараттарды енгізу жолдарын жатқызады. Теріастылық және бұлшықеттік иммунизациялау әдістері көптеп қолданылады.
Энтералдық әдіс кезінде биопрепараттарды азықпен, сумен жеке немесе топтық тәсілде ауыз арқылы енгізеді. Бұл өте ыңғайлы әрі қарапайым әдіс, дегенмен биологиялық тұррғыдан алғанда жануарларда асқазандық қорғаныс бөгет механизмінің болуына орай қолданылуы күрделі болып табылады. Энтералдық вакцинациялау кезінде салыстырмалы тұрғыдан алғанда препарат көп шығындалады әрі барлық дерлік жануарларда біркелкі қауырттықтағы иммунитет қалыптаспайды. Респираторлық (аэрозолды, шаң тәріздес шашыраңқы) вакцинациялау әдісі кезінде биопрепаратты тыныс алу жолдарына құрамында вакцинасы бар шашыраңқы күйіндегі аэрозоль немесе шаң бөліктері түрінде енгізеді.
35 –кесте Жануарлар құтырығы ауруы ошағын жою бойынша жоспар
№ | Шаралар | Орындау мерзімі | Жауапты орындаушы |
Барлық сезімтал жануарлар басын, соның ішінде құрғақ өсінділік инактивирленген БҒЗИБжБП вакцинасымен жұқтырылу қауіпі бар жануарларды егу жұмыстарын өткізу. | 200 ж 15-20 қаңтары. | Бас ветеринар дәрігер | |
Құтырық ауруына күдікті және бұралқы иттер, түлкілер, өзге жыртқыш аңдар тістеген жануарларды мұқият клиникалық тексеру | Күнделікті | ветеринар дәрігер | |
Ауру жануар анықталған сиыр мен қой табындарын ұдайы ветеринариялық бақылауда ұстау | Сау емес мерзім ішінде | Бас ветеринар дәрігер | |
Құтырықпен ауру жануарлар мен ауруға күдігі бар ит, мысықтарды өлтіру, өлекселерін өртеу | Бірден | Мекеме басшысы, ветдәрігер | |
Ауру және ауру күдігі бар жануарлар болған жерлерді, оларды бағып-күту бойынша пайдаланылған заттарды және ауру жануарлар сілекейімен, өзге бөлінділерімен ластанған заттарды 10% күйдіргіш натр ерітіндісімен дезинфекциялау | Ауру анықталған жағдайда | Мекеме басшысы, ветдәрігер | |
Ауылшаруашылық мекемесінен тысқары жерге ит,мысықтардың шығуына тыйым салу және жабайы жануарлардың тасымалдануына тыйым салу | Сау болмау кезеңінде | Кәсіпорын жетекшісі, жергілікті басқару органының жетекшісі, Ветдәрігер | |
35 кестенің жалғасы | |||
Клиникалық сау жануарлардан алынған сүттіғ сау емес ферманың сау сиырларынан алынған сүтті алғашқы 5 күн ішінде қайнатып барып қолдану керек немесе 80-85 0С температурада 30 минут бойы пастеризациялаған соң ғана адамдардың тамағына немесе жануарлардың азығына пайдалануға болады | дәл солай | Ферма меңгерушісі, зооинженер, ветдәрігері | |
Сау емес отардың клиникалық сау жануарларынан алынған жүнді ауылшаруашылық мекемесінен өңдеу үшін тығыз маталы қаптамада шығару керек; ветеринариялық куәлікте жүнді дезинфекциялау керек екендігі көрсетіледі | Сау болмау кезеңінде | Ферма меңгерушісі, зооинженер, ветдәрігері | |
Елді-мекенді үйді-үйлі аралап, құтырыққа қарсы егуді керек ететіндерді анықтау, ит, мысықтарды, өзге жануарларды ұстау ережелерінің ұсталынуын бақылау, сонымен қатар ауру, ауруға күдікті және құтырық ауруымен жұқтырылуы ықтимал делінген жануарларды айқындау жұмыстарын ұйымдастыру | 15-20 қаңтар | Ветдәрігері, жергідікті атқару органының өкілі | |
Ауданда жабайы, жыртқыш аңдардың, әсіресе түлкілер санының ұлғаймауын қадағалау, осы шараларды ұстану | қаңтар | Орман және аң шаруашылығы өкілдері | |
Ауылшаруашылығы мекемелері мен жеке меншік қораларындағы жануарлардың тұрақтық және аулалық ұсталуын ұйымдастыру | Бірден | Кәсіпорын жетекшісі, жергідікті атқару органының өкілі | |
Адамдарды тістеген ит, мысықтарды оқшауландыру және 10 күн бойы ветеринариялық бақылауда ұстау | Бірден | Жануар иелері, ветдәрігер | |
Бұралқы ит, мысықтарды аулау және ату шараларын ұйымдастыру | қаңтар | Ит өсірушілер қауымдастығы мен аңшы шаруашылықтары | |
35 кестенің жалғасы | |||
Ит, мысықтарды, түбітті аңдарды және өзге жабайы жануарларды ұстау ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету | Бірден | Жануар иелері | |
Барлық иттердің міндетті түрде тіркелуін қамтамасыз етіп, бұл жайлы арнайы куәліктер мен белгіленген тәртіптегі жетондар табыстау | қаңтар | Ауданның коммуналдық шаруашылығы органдары | |
Жабайы аңдардың отар, табындарға, фермаларға жақындауына жол бермеу шараларын жасау | Бірден | Кәсіпорын жетекшісі, ферма қызметкерлері, жануар иелері | |
Ауылшаруашылығы жануарлары мен иттердің жабайы аңдармен, ит, мысықтармен тістелініп, жарақаттанулары туралы немесе осы жайлы, я болмас құтырықпен ауыруы туралы күдік туған кездері бірден ветеринария маманына, медициналық мекемеге, полиция қызметкеріне хабар беру; жабайы аңдармен, бұралқы иттермен тістеліп, жарақаттанған жануарларды бірден оқшауландыру шараларын жасау | Бірден | Малшаруашылығы, орман және аң шаруашылығы қызметкерлері, жануар иелері | |
Құтырық ауруын жұқтыру күдігі туындалған (тістелінген немесе құтырық ауруымен жұқтырылған жануармен байланыста болған) адамдарды медициналық-санитарлық зерттеулерге жіберу керек | бірден | Кәсіпорын жетекшісі, жергілікті атқару органы | |
Теледидиар, радио, газет өзге баспасөз орындарында, кинотеатрларда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құтырық пен оның қауіпі, жасалуы тиісті шаралар, алдын алу шаралары туралы дәрістер оқу, әңгімелесу кеңес беру жұмыстарын өткізу | Жүйелі түрде | Бас ветдәріігері, бас санитар дәрігері |
Бас ветеринар дәрігері тегі, аты-жөні.
Айтарлықтай шектелінген кеңістіктерде көп мөлшерде жануар бастарын ұстаумен байланысқан жағдайларда, малшаруашылығы кешендерін қарқынды түрде ұйымдастырғанда, сонымен қатар малшаруашылығы үдерістерін механизациялау мен автоматизациялауда, қолданыстағы вакциналарды шприц көмегімен енгізу сынды дәстүрлік әдістер қазіргі заман талаптарына сай келе бермейді де практикаға жаппай, экспресстік, аз еңбек шығынын талап ететін және үнемділеу вакцинопрофилактикалау әдісін енгізу керек етіледі. Жануарларды иммунизациялаудың бірнеше әдістері бар, олардың ішінде жаппай орындалатыны деп танылатыны: инесіз (ерітіндіні шашыратып енгізу), пероралдық (ауыз арқылы) және ингаляциялық (аэрогендік). Көптеген зерттеулер көрсеткеніндей осы аталған әдістердің барлығы иммуногенез механизмі мен ақтық иммунизаторлық тиімділігі бойынша кәдімгі парентералдық иммунизациялаудан айырмашылығы аз. Осы аталған иммунизациялардың айырмашылығы антигеннің иммундық органдарға жеткізілуі, лимфоидты ұлпа, иммунокомпетенттік жасушалар тәрізді қандай анатомиялық-физиологиялық бөгеттерді өткеруі керек екендігінде. Ингаляциялық және пероралдық иммунизация тері арқылы өткізілетін иммунизациялау әдістерімен салыстырғанда анатомиялық жаратылынған физиологиялық, яғни табиғи жолдармен (инфект тәрізді) тері жамылғысының біртұтастығын бұзбай енгізіледі.
Бірқатар шетелдік зерттеушілердің мәліметтері бойынша жаппай иммунизациялау үшін перспективті (болашағы бар) деп танылатыны шашыратып егетін иньекторлар. Бұл әдістің артықшылығы оның жоғары өнімділігінде (сағатына 1500 инъекцияға дейін), қазіргі заманғы иньекторлардың әмбебаптығы препаратты қажет тереңдікке, ендікте енгізу мүмкіндігін береді, иньекциялайтын мөлшерлемелер диапазоны да ауқымды. Сонымен қатар, шашыратып өткізілетін инъекция қауіпсіз екені дәлелденген, осы кезде инемен жасалатын (екпелік) иммунитеттен еш кем түспейтін, тіптен асып түсетін иммунитет қалыптасуына жағдай жасайды, «шприцтік» инфекциялардың, атап айтқанда вирустық этиологиядағы жануарлар мен адамдардың иммун тапшылығы синдромын тудыратын инфекциялардың енуін болдырмайды.
Пероралды иммунизациялау әдісі зертеушілерді өзінің қарапайымдылығымен, аз физикалық еңбек шығынын талап ететіндігімен еліктіреді. Алайда ол әрдайымтиімді бола бермейді, өйткені вакциналардың барлығы бірдей, әрі толық мөлшерде асқазан ішек торабынан организмге өтіп, иммунокомпетентті жүйемен өзара байланысқа түсе бермейді. Аэрогендік иммунизациялаудың өзге түрлерден артықшылығы мен тиімділігі жануарлар мен құстардың көптеген аурулары кезіндегі профилактикалық жұмыстарға қатысты зерттеулерде көрнекі түрде көрсетілген.
Жануарларды иммунизациялаудың аэрозолдық әдісі иммунизациялаудың тері асты әдісіне қарағанда уақыт шығынына қатысты (адам/сағ.) 8 ретке өнімдірек, ал құралдық шығындарға қатысты – 2-2,7 ретке тиімдірек. Аталған артықшылықтарымен қатар бұл иммунизациялау әдісінің бірқатар кемшін тұстары да бар, оның бастысы вакцинаның көптеп шығындалуы (10 одан да көп ретке). Сонымен қатар, аэрогендік иммунизациялау әдісінің кемшін тұсы квалификациясы жоғары мамандарды қажет етеді, арнайы бөлмелер мен жабдықтарды талап етеді. Және ең бастысы, бұл әдіс қоршаған ортаның экологиялық тазалығына кепілдік бере алмайды.
Инфекциялық аурулардың телімдік профилактикасы да иммундық сарысуларды (ауырып шыққан жануарлардан арнайы алынып, дайындалатын), глобулиндер мен иммунолактонды енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Серопрофилактиканың бұл әдісі (пассивті иммунизация) жылдам (бірнеше сағат ішінде туындалатын), дегенмен аз уақыттық иммунитет (2-3 аптаға дейінгі) қалыптастырады.
Дата добавления: 2016-01-29; просмотров: 3284;