Мемлекеттік шекара мен көліктегі ветеринариялық-санитарлық қадағалаудың маңызы мен міндеттері
Мал және мал текті өнімдер мен шикізаттарын тасымалдауды бақылау жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу үшін жасалады. Сондай-ақ, ол жол үстінде малдың денсаулығын сақтау үшін де қажет. Ветеринариялық бақылаудың тасымалдауға қоятын негізгі талабы – мал және мал өнімдері шыққан шаруашылықтың жұқпалы аурулардан таза және мал саулығының жақсы болуы.
Жұқпалы ауруға шалдыққан малды тасымалдауға, айдауға ветеринарлық ережелер бойынша тыйым салынған. Ауру малды ветеринария органдарының арнайы ресми рұқсаты бойынша ет комбинатына тасиды. Бұл кезде, аурудың тегіне байланысты, тиісті ереже қағидаларын орындауды бақылайды.
Аусыл, шошқа обасы және т.б. тез таралатын аурулар туғанда, (мұндай аурулардың тізімін Ветеринария комитеті бекітеді) осы ауданнан облыс көлемінде, мал өнімдерін тасымалдау облыстық органның, ал басқа облысқа – республикалық ветеринарияның басқарушы органының рұқсаты бойынша ғана жүргізіледі.
Көлік және шекарадағы бақылау – арнаулы мемлекеттік органдар мен мекемелердің міндеті. Бұл жұмысты басқару үшін көлік және мемлекеттік шекарадағы ветеринария бас басқармасы құрылған. Бірақ, бұл бақылауды жергілікті ведомстволық ветеринарияның мамандары да өз міндетін атқаратын аймақта жүргізеді. Бақылау кезінде олар тиісті ветеринарлық ережелердің, нұсқаулардың орындалуын қадағалайды. Мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау ережелерін, нормативтік құжаттарды республика үкіметі бекітеді.
Шаруашылықтан жөнелтілетін малды күні бұрын байқаудан, тиісті алдын алу шаралардан өткізеді (диагностикалық зерттеулер, егулер, паразитоздарға қарсы шаралар). Мал, өнімдері мен шикізаттарына тасымалдау (айдау) үшін міндетті түрде ветеринарлық куәлік (сертификат) немесе анықтама беріледі. Бұл құжаттар ресми ветеринарлық-санитарлық жолдама құжаттар деп аталады. Олар мал, өнімдерінің, сонымен қатар шыққан жерінің жұқпалы аурулардан тазалығын (ауру барын) көрсетеді. Куәлік ауданнан тыс жерде және ет комбинатына жазылады, ал одан басқа жағдайларда аудан ішінде анықтама беріледі.
Куәлік беру мемлекеттік ветеринарияны басқару органдары мен мекемелерінің, сондай-ақ ведомстволық, жекеменшік кәсіптік ветеринарлық қызметтің жекелеген мамандарына ресми тапсырылған. Куәліктің №1 үлгісі бойынша малға, құсқа, тірі балыққа, шаянға, бал арасына, ұрықтандырылған уылдырық пен жұмыртқаға беріледі. Ал №2 үлгідегі куәлік ет және ет өнімдеріне, басқа да мал текті өнімдерге, шикізаттарға, кейбір мал азықтарына беріледі.
Ветеринарлық–санитарлық бақылауды автокөлік жолдарында, теміржол, су және әуе жолы көлігінде ұйымдастыру
Автокөлік жолдарында бақылауды мемлекеттік ветеринарияны басқарушы жергілікті органдар жүргізеді. Тасымалдаушы жақтың ветеринария органдары жол үстіндегі жергілікті ветеринария органдарына хабар беруге міндетті. Жол бойынша тасымалдау (айдау) үстіндегі малға клиникалық байқаулар өткізіледі, тиісті ветеринарлық құжаттар тексеріледі. Айдаумен жеткізілетін мал табындарына бақылау жасауға жауапты дәрігер тағайындалады.
Темір жол, су және әуе көліктерінде бақылауды арнаулы көліктік ветеринарлық-санитарлық бөлімшелер жүргізеді. бұлар ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің көлік және мемлекеттік шекарадағы ветеринария бас басқармасына бағынады. Басқарма темір жол, су және әуе жолдары әкімшілігіне тәуелді емес, ол тікелей республикалық Ветеринария комитетіне бағынады.
Басқармаға қарасты бөлімшелер ірі станцияларда, теңіз-өзен, әуе жол айлақтарында орналасады. Ол басқамаға вагондарды жуушы-дезинфекциялаушы станциядағы ветеринарлық-санитарлық бөлімшелер де кіреді. Олар вагондар мен кемелерді тазалау, жуу, дезинфекциялауды бақылауға арналған мекемелер.
Көлік және мемлекеттік шекарадағы ветеринария басқармасының штаттық кестесін, бастығын мемлекеттік ветеринарияны басқарушы орган тағайындайды немесе ауыстырады. Басқарма бастығы көліктегі және шекарадағы ветеринарияның мемлекеттік бас инспекторы міндетін қоса атқарады.
Көліктегі ветеринария мекемелері өз жұмысын ҚР «Ветеринария туралы» заңы, көліктегі ветеринария басқармасы туралы ережелер, басқа да ҚР Министрлер Кабинеті бекіткен ветеринарияға қатысты құжаттар, ереже көрсеткіш негізінде атқарады.
Көліктегі ветеринарлық-санитарлық бөлімшелер малға, өнімдері мен шикізаттарына тиеу-түсіру кезінде, жол бойы өтіп бара жатқанда (транзит) дәрігерлік байқау өткізеді, ветеринарлық-санитарлық ережелер мен тасымалдау шарттарының орындалуын қадағадайды. Бұл мекеме мамандары транспорт түйіндеріндегі азық-жем қоймаларын, мал суаратын орындарды, азық пен су сапасын тексереді. Сондай-ақ, вагондарды және мал мен өнімдерін тасымалдауға керекті басқа да жарақтарды тазалаудың, дезинфекциялаудың ветеринарлық талапқа сай болуын қадағалау міндеті де жатады. Осындай жұмыстардың ауқымына байланысты көліктегі ветеринарлық бөлімшелердегі дәрігер, фельдшер, санитар, дезинфекторлар саны әр түрлі болады. Мамандар санын ветеринарияның көлік және мемлекеттік шекарадағы бас басқармасының бастығы бекітеді.
Көліктік ветеринарлық бөлімшелердің мамандары төңірегіндегі аймақтық эпизоотиялық ортасын және ветеринарлық-санитарлық жағдайын зерттеп, жетік білуге міндетті. Жағдайға сәйкес індеттерге қарсы күрес шараларын ұйымдастыруға, шектеу, карантин енгізуге міндетті. Егер ветеринариялық-санитарлық ережелер сақталмаса, бөлімше бастығы тасымалдаушы объектілерді тиеу-түсіруді тоқтатуға, жөнелтуге тыйым салуға, кінәлілерге ҚР заңдарына сәйкес айып төлетуге құқы бар.
Көліктік ветеринарлық бөлімшелер малдарды, өнімдері мен шикізаттарын байқауды арнайы тіркеу үлгісіне жеке-жеке өз тобымен ветеринарлық жағдайын көрсете отырып жазады. Егер тасымалдау кезінде малдың жұқпалы аурулары кезіксе, мемлекеттік ветеринария мамандары «Тасымалдау үстінде малдың жұқпалы аурулары шыққанда, міндетті түрде жүргізілетін ветеринарлық-санитарлық шаралар туралы» арнайы ереже көрсеткішін басшылыққа алып жұмыс істейді.
Су, әуе жол қатынасындағы ветеринарлық қызметтің теміржолдағыдан көп айырмасы болмайды, мұнда ветеринарлық-санитарлық бөлімшелер (нүктелер) ірі өзен, теңіз, әуе жол айлақтарында орналасады. Олар да мемлекеттік ветеринарияның көлік және мемлекеттік шекарадағы басқармасына бағынады.
Мемлекеттік шекарадағы ветеринарлық–санитарлық бақылауды ұйымдастыру
Шет елдермен экспорттық-импорттық алмасу кезінде малға, өнімдеріне, шикізаттарына ветеринарлық-санитарлық бақылау жүргізу үшін мемлекеттік шекаралық ветеринарлық бақылау нүктелері ашылған. Олар көбінесе кешендермен қатар орналасады. Шекаралық ветеринарлық бақылау нүктесінің бастығы ветеринария дәрігері, оны және оның қол астындағы мамандар санын көліктегі ветеринарияның бас басқармасы тағайындайды. Мекеме өз жұмысын ветеринарияның республикалық басқарушы органы бекіткен ережелерге сәйкес атқарады.
Шекаралық бақылау нүктесі Қазақстан аумағына шет елдерден жұқпалы аурулардың қоздырушыларын өткізбеу, республикадан тысқа шығатын малдар мен өнімдерінің ветеринарлық тазалығын қамтамасыз ету міндеттері жүктелеген. Шекарадан Қазақстан жеріне өткізуге дені сау мал, өнімдері мен шикізаттары дені сау малдан алынған, шыққан тегі малдың жұқпалы аурулардан таза жерден болу шарттары сақталғанда ғана рұқсат беріледі.
Шекарадан өтетін малдардың, өнімдерінің тиісті ветеринариялық сертификаттары болуын тексереді. Онда ынталы жақтың ветеринария қызметі өз мемлекеті тарапынан, малдың, өнімдерінің және олардың шыққан жерінің жұқпалы аурулардан тазалығына кепілдік береді.
Шекара арқылы кірген малдар тиісті байқаудан, шаралардан өткен соң, алдын алу карантитіне қойылады. Малдарға шетелдік сертификат орнына ветеринарлық куәлік жазылып, баратын жеріне карантин мерзімі біткен соң жөнелтіледі.
Шекарадан тысқа шығатын малдар, мал текті өнім де тиісті ветеринарлық-санитарлық байқаудан өткізіледі. Бақылау пункті мамандары оларға ветеринарлық куәлік орнына сертификат жазады. Ауырған мал болса, оқшаулап емдейді, қажет болса, тиісті алдын алу шаралары жүргізіледі.
Қазақстанға шетелдерден мал, өнімдері мен шикізаттары сатып әкелуге рұқсат мемлекеттік ветеринарияны басқарушы республикалық органның ғана билігінде болады.
Сойыс орындарында, ет өңдеу мекемелерінде, тоңазыту орындары мен қоймаларда ветеринариялық-санитарлық қадағалау жүргізудің маңызы мен оның міндеттері
Осындай бақылау ұйымдастырудың негізгі принципі: сойыс малдарының, малұшаларының ешқайсысын ветеринарлық байқаудан, сараптаудан тыс қалдырмау.
ҚР «Ветеринария туралы» заңында және «Мемлекеттік ветеринарлық қадағалау туралы арнайы ережелерге» сәйкес барлық заңды және жеке тұлғалар, егер іс-әрекеті мал өнімдері мен шикізаттарын қабылдау-дайындау, сақтау, өңдеу, сатуға байланысты болса, олар иелігіндегі өнімдер мен шикізаттарын ешбір қарсылықсыз ветсансараптан өткізуге, барлық технологиялық, гигиеналық, ветеринарлық-санитарлық талаптарды орындауға, мамандардың жұмыс атқаруына жағдай туғызуға міндетті.
Шаруашылықтардың мал сою нүктелерінде сойыс малдарына ветеринарлық байқау және ұшалар мен ағзаларға ветсансараптама жасау өз штатындағы мамандарға жүктеледі. Ет өңдеуші кәсіпорындарда бұл жұмысты арнайы бөлім – өндірістік ветеринарлық-санитарлық бақылау бөлімінің (ӨВСББ) мамандары жүргізеді. Бөлім жұмысы республикалық Ветеринария комитеті бекіткен арнайы ережелерге сәйкес атқарылуға тиіс. Бөлім құрамында бастығы, дәрігерлер, фельдшерлер, санитарлар, дезинфекторлар, лаборанттар, химиктер болады. Бөлім бастығы кәсіпорын төрағасына бағынады және мемлекеттік ветеринарияның жергілікті органының бақылауында болады. Бұл бөлім ведомстволық бақылау жүргізеді, кәсіпорын есебінен қаржыландырылады. Егер кәсіпорында мұндай қызмет болмаса, бақылауды мемлекеттік ветеринарияның жергілікті мекемелері жүргізеді.
ӨВСББ мал қабылдаудан бастап, адан дайын өнім алғанша технологиялық және ветеринарлық-санитарлық талаптардың сақталуын бақылауға міндетті. Яғни, бақылау малды қабылдау, сояр алдында ұстау базарында, сою цехына, ішек тазалау, шұжық және консервілеу цехтарына, лабораторияда, тұтынушыларға тасымалдау барысында жүргізіледі. Бақылау «Сойыс малдарын ветеринарлық байқаудан және ет пен ет өнімдерін ветсансараптан өткізу» ережелеріне сәйкес болуға тиісті. Ауырған малды союға рұқсат берілмейді (ондай аурулардың Ветеринария комитеті бекіткен тізімі бар), жарамсыз ұшалар, ағзалар өтелдеуге, күдіктілері залалсыздандыруға жіберіледі.
Ұшаларға арнаулы ветеринарлық таңбалар соғылады, олардың түсі, формасы ет сортына байланысты болады. Таңба соғылмаған етті сатуға, пайдалануға рұқсат берілмейді.
Дата добавления: 2016-01-29; просмотров: 3145;