Сақтандырудың жіктелуі.
Сақтандырудың жалпы жүйесі үш бөліктен түрады:
қоғамдық қорғаудың жүйесі;
әлеуметтік сақтандыру (қорғау) және әлеуметтік қамсыздандыру;
жалпы сақтандыру және өмірді сақтандыру.
Сақтандырудың жалпы жүйесінің салыстырмалы дербес бөлігі медициналық сақтандыру болып табылады.
Сақтандыру - сақтық ұйым өз активтері есебінен жүзеге асыратын сақтық төлем арқылы сақтандыру шартында белгіленген сақтық жағдай немесе өзге де оқиғалар туындаған кезде жеке немесе заңды тұлғалардың заңды мүдделерін мүліктік жағынан қорғауға байланысты қатынастар кешені. Сақтандыру сферасы адам өмірінің, өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық жағын қамтиды, ол өтемдік және жиналымдық функция атқарады.
Сақтандырудың экономикалық мәні барлық қатысушылардың төлемдері есебінен оқыс оқиғаға ұшырағанға көмек көрсетілетіндігінде. Демек, сақтандыру - қолайсыз құбылыстар мен күтпеген оқиғалар болған кезде жеке және заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау және оларға материалдық зиянды төлеу үшін мақсатты ақша қорларын құру және пайдалану жөніндегі қайта бөлгіштік қатынастардың айрықша сферасы.
Ерекше сақтық қатынастар, сақтық қызметтің рыногін дамыту, азаматтар мен занды тұлғаларды сақтандыру тұрғысындағы қорғау “Сақтық қызмет туралы” Қазақстан Республикасының заңымен, сақтандыру мәселелері жөніндегі Үкімет қаулыларымен және Ұлттық банктің сақтық қадағалау департаментінің нормативтік актілерімен реттеліп отырады.
Сақтандыру категориясының қаржы категориясымен ортақ өзгеше белгілері бар:
сақтық қатынастардың ақшалай сипаты;
сақтандырудың қоғамдық өнімнің құнын қайта бөлуге қатысуы;
оның іс-қимылы ақша қорларын жасап, пайдаланумен қосарланып отырады;
сақтық қатынастардың бір бөлігінің міндетті сипатының болуы;
ақша қорларын жасап, пайдалану кезіндегі сақтық баламалығы барлық жағдайда бола бермейді (қатынастардың баламасыздығы).
Сақтандыру шеңберінде мемлекет сақтық ресурстары меншігінің субъектісі болып келетіндіктен сақтандыру жалпы мемлекет қаржысының құрамды бөлігі болып табылады, қалған барлық жағдайда сақтық ісін (қызметті, бизнесті) экономикалық жүйе шеңберіндегі айырықша сақтанушыға немесе оның қайта бөлу процестерін жүзеге асыратын арнаулы қаржы-несие институты ретінде қарауға болады.
Сақтандырудың мақсаты қоғамдық ұдайы өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтарды, мүліктерді, өндіріс процестерін қоғамдық және ұжымдық қорғау болып табылады.
Сақтандыру категориясы үшін мына белгілер оған тән болып келеді:
1) қатынастардың ықтималдық сипаты;
2) қатынастардың төтенше (жай емес) сипаты (кез келген ауқымда - мемлекеттік, аймақтық деңгейде, кәсіпорын немесе оның бөлімшесі, жеке адам деңгейінде).
Сақтандыру процесі сақтандыру шарты негізінде не өзара сақтандыру қоғамына мүшелік негізінде жүзеге асырылады.
Сақтандыру шарты бойынша бір тарап (сақтанушы) сақтық сыйақыларды төлеуге міндеттенеді, ал екінші тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы пайда болған кезде сақтанушыға немесе оның пайдасына шарт жасалған өзге де тұлғаға (пайда алушыға) шартта белгіленген соманың (сақтандыру сомасының) шегінде сақтық өтемін төлеуге міндеттенеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі бойынша мыналар сақтандырудың нысандары болып табылады:
міндеттілік дәрежесі бойынша - ерікті және міндетті;
сақтандыру объектісі бойынша - жеке және мүліктік;
сақтық өтемді жүзеге асыру негіздері бойынша - жинақтаушы және жинақтаушы емес.
Міндетті сақтандыру - заңнамалық актілер талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру. Ол сақтанушының есебінен жүзеге асырылады. Міндетті сақтандырудың әрбір түрі сақтандырудың жеке (бөлек) сыныбы болып табылады. Міндетті сақтандыру нысаны бойынша әрбір сыныптың мазмұны және оны жүргізу жағдайлары бойынша қосымша талаптар сақтандырудың осы сыныбын реттейтін заңнамалық актілермен белгіленеді.
Ерікті сақтандыру - тараптардың еркін білдіруіне орай жүзеге асырылатын сақтандыру.
Сақтық қызметі - сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының сақтық (қайта сақтандыру) шарттарды жасау мен орындауға байланысты Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде жүзеге асырылатын қызметі.
Сақтық қызметгі ұйымдастыру және мемлекеттік реттеу мен лицензиялауды жүзеге асыру үшін сақтандыру салаларға, сыныптарға және түрлерге бөлінеді. Сақтық ұйымның сақтық қызметі
“өмірді сақтандыру” саласы және “жалпы сақтандыру” саласы бойынша жүзеге асырылады.
Өмірді сақтандыру саласы ерікті сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды: өмірді сақтандыру; аннуитеттік сақтандыру. (Аннуитет [нем. Аnnuitat < кенже лат. аnnuitas жыл сайынғы төлем] сақтандыру ісінде рентаны немесе зейнетақыны сақтандыру жөніндегі төлемдердің шамасын көрсетеді.)
Жалпы сақтандыру саласы ерікті сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды: жазатайым жағдайдан және аурудан сақтандыру; медициналық сақтандыру, көлік құралдарын (автомобиль, темір жол, әуе және су көліктерін) сақтандыру; жүктерді сақтандыру; мүлікті сақтандыру (көлік құралдарын қоспағанда); кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру; көлік қүралдары иелерінің және тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру; шарт бойынша азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру; зиян келгіргені үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру (көлік құралдары иелерінің және тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауаптылығын қоспағанда).
Сақтандыру түрі сақтық ұйым сақтанушыға сақтандыру шартын жасау арқылы сақтандырудың бір немесе бірнеше сыныбы шеңберінде әзірлейтін және беретін сақтық өнім болып табылады.
Дата добавления: 2015-09-28; просмотров: 4142;