Каталог дәуірі, стандарт дәуірі, күн мен түннің теңелу дәуірі

Жоғарыда бірнеше рет дәуір деген термин қолданылды. Бақылаушы өлшейтін уақыттың әртүрлі мезеттерінде аспан денелерінің координаттары прецессия, нутация (яғни Жердің айналу өсінің кеңістіктегі орналасуының өзгеруі, бұл құбылыстар туралы кейін сөз болады), тағы басқа себептерден өзгереді.

Мысалы, прецессия нәтижесінде аспан экваторының жазықтығы кеңістіктегі орналасуын сақтамайды, әлем полюстері 26000 жыл ішінде аспан сферасында шеңберлерді сызады. Шамамен 4500 жыл бұрын әлемнің солтюстік полюсі Айдаһардың α жұлдызы (Тубан) қасында орналасты, бұл жұлдыз сол кезде полюстік болды. 2000 жылдан кейін полюстік жұлдыз Цефейдің g-сы (Альран), ал 14000 жылдан кейін Лира шоқжұлдыздың Вега жұлдызы болады. Егер аспан экваторының белгілі бір уақыт мезетіндегі орналасуын есептеген кезде тек прецессия еске алынса, ал нутация ескерілмесе, онда мұндай экватор орта экватор деп аталады.

Прецессия себебінен күн мен түннің теңелу нүктелері де ығысатыны түсінікті: қазіргі уақытта көктемгі күн мен түннің теңелу нүктесі Балықтар шоқжұлдызында, күзгі күн мен түннің теңелу нүктесі – Бикеш шоқжұлдызында орналасқан, ал біздің дәуір басында олар Тоқты мен Таразы шоқжұлдыздарда орналасқан, мұнымен бұл нүктелердің қолданатын белгілеулері байланысты (^ және d - Тоқты мен Таразының белгілеулері).

Шырақтар координаттарының өзгеруін есептеу үшін ең алдымен бақылаулар арасындағы уақыт аралығын өлшеу керек.

Уақытты өлшеу үшін кейбір периодты процесс таңдап алынады. Екі оқиға арасындағы аралықтың ұзақтығын өлшеу бұл аралықты таңдап алынған процестің периодымен салыстыруда тұрады. Сонымен, бір жағынан, бақылауды жүргізудің мезетін, яғни бақылау дәуірін, максимал дәлдікпен анықтау керек, екінші жағынан, екі дәуір арасындағы интервалды уақыт шкаласының таңдап алынған бірліктер түрінде өлшеу қажет. Баяғы заманнан уақытты санаудын негізгі бірліктері ретінде Жердің өз осі бойымен және Күн бойымен айналуының периодын көрсететін тәулік пен жыл алынады. Бақылау дәлдігі өсуі мен Жер айналуының бірқалыпсыздығының ашылуымен байланысты, қазір дәлдігі жоғарылау уақыт шкалалары енгізілген. Оларды кейін толығырақ қарастырамыз.

Каталогты құрастырған кезде әр жұлдыз бір немесе бірнеше жыл бойында бірнеше рет бақыланады. Мұның нәтижесінде әр мезет, не бақылау дәуірі үшін жұлдыздардың көрінетін координаттары анықталады. Каталог дәуірі деп каталог жұлдыздарын бақылаудың орташа дәуірін айтады. ХАО (халықаралық астрономиялық орталық) жұлдыздар мен радиокөздер координаталарын стандарт дәуірлер деп аталатын таңдап алынған уақыт мезеттері үшін анықталған орта экваторға қатыстыруды ұсынады. Былайша айтсақ, жұлдыздар координаттарын салыстыру мақсатында оларды стандарт дәуір үшін белгіленген бірыңғай координаттар жүйесіне келтіру қажет. Қазіргі уақытта стандарт дәуір ретінде J2000.0 (яғни 2000 жылдың 15-ші қаңтары алынады, 1 қосымшаны қараңыз). Уақыт мезеті геоцентрлік жүйе үшін жер уақыт шкаласында анықталады (Terrestеrial Time, TT).

Күн мен түн теңелуінің дәуірі деп аспан экваторы мен эклиптиканың сәйкес орналасуы, демек күн мен түннің теңелу нүктесі бекітілетін дәуірді айтады. Мысалы, HIPPARCOS каталогының дәуірі - J1991.25 дәуір. Бұл каталогта жұлдыздар координаттары J1991.25 мезеті үшін, ал экватор жазықтығының кеңістіктегі орналасуы - J2000.0 мезеті үшін берілген.

Салыстырмалылықтың жалпы теориясында уақыт ағысы тек қана сағаттың жылдамдығына емес, оған қоса сағаттың орналасуына да, дәлірек айтсақ, сағат орналасқан жердегі гравитациялық өрісті сипаттайтын және гравитациялық потенциал деп аталатын функцияға тәуелді болады. Сондықтан қалап алынған санақ жүйесінде «координаттық» уақыт енгізіледі де, бір жүйеден екіншіге өтудегі уақыттың түрлендіру заңы, яғни басқа координаттық немесе меншікті (егер санақ жүйесі бақылаушамен байланысты болса) уақытқа ауысу заңы, анықталады. Бақылауларды өңдеген кезде бақылау дәуірі, не каталог дәуірі таңдап алынған санақ жүйесімен байланыстырылған уақыт шкаласында беріледі.









Дата добавления: 2015-05-16; просмотров: 1744;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.005 сек.