Айта өрлеу дәуірі

 

Қайта өрлеу дәуірін (XV - XVІ ғасырлар) әлеуметтік ой дамуының жаңа кезеңі деп есептеуге әбден болады. Адамға және мәдениетке қатысты теология үстемдігінен бостандық алу әлеуметтік-саяси теориялар жасау саласында да толық көрініс тапты. Адам, оның бостандыққа, бақытқа және теңдікке деген құқықтары жердегі өмірдің жоғарғы құндылықтары, ал мемлекет оны қамтамасыз ете аталатын ұйым деп жарияланды. Сондықтан сол кездегі ғалымдар жасаған әлеуметтік теориялардың өзегі мемлекет болды.

Жаңа дәуірдегі алғашқы теоретиктердің бірі итальяндық НИККОЛО МАККИАВЕЛЛИ(1469 - 1527) болды. Саяси тақырыптағы (“Тит Ливийдің бірінші декадаға ой-толғаныстары)”, “Әмірші”) және тарихи тақырыптағы (“Флоренция тарихы”) шығармаларынан басқа оның бірқатар әдеби шығармалары бар.

Маккиавеллидің (“Тит Ливийдің бірінші декадаға ой-толғаныстары”, “Әмірші”, “Әскери өнер туралы” және т.б.) шығармалары Жаңа дәуірдің саяси-құқықтық идеологиясына бастау болды. Оның әлеуметтік-саяси ілімі теологиядан азат болды; ол өз заманындағы үкіметтердің қызметін зерттеуге, Антикалық дүниенің тәжірибесіне, саяси өмірге қатысушылардың мүдделері мен ұмтылыстары туралы Маккиавеллидің ұғымдарына негізделген. Маккиавелли өткенді зерттеу болашақты болжауға немесе көнелердің мысалымен осы шақтағы пайдалы іс-әрекеттердің құралы мен тәсілдерін анықтауға мүмкіндік береді деп түйді.

Маккиавелли мемлекетті (оның нысанына қарамастан) үкімет пен азаматтары арасындағы олардың қорқуы мен жақсы көруіне тірелетін қатынас ретінде қарастырды. Егер де үкімет қастандықтар мен наразылықтарға итермелемесе, егер де қол астындағы азаматтардың қорқуы өшпенділікке, ал жақсы көруі жек көруге айналмаса, онда мемлекет мызғымайды [19].

Маккиавелли назарының өзегінде - үкіметтің қол астындағы азаматтарға әмір бере білунің шынайы қабілеттері. “Әмірші” кітабында және басқа да шығармаларында италиялық және басқа да мемлекеттердің тарихы мен сол заманғы тәжірибесі мысалында адамдар мен әлеуметтік топтардың құштарлықтары мен ұмтылыстары туралы тұжырымдарына негізделген бірқатар ережелер, тәжірибелік ұсынымдар бар.

Маккиавелли мемлекет мұраты мен оның беріктігінің негізін жеке тұлғаның қауіпсіздігі мен меншіктерінің мызғымастығы деп санады. Жеке меншіктің мызғымастығын, сол сияқты жеке тұлғаның қауіпсіздігін Маккиавелли бостандықтың игілігі деп атады, мемлекеттің мұраты мен оның беріктігінің негізі деп есептеді. Оның ілімі бойынша, бостандық игілігі республикада неғұрлым жақсы қамтамасыз етіледі. Маккиавелли Полибийдің мемлекеттің пайда болуы және басқару нысандарының иірімдері туралы идеяларын қайта жаңғыртады; антикалық авторлардың ізімен аралас (монархиядан, аристократиядан және демократиядан тұратын) нысанды дұрыс көреді.

Маккиавелли ілімінің ерекшелігі оның аралас республиканы күресуші әлеуметтік топтардың ұмтылыстары мен мүдделері келісімінің нәтижесі және құралы деп есептегенінде.

Маккиавелли халықтың бұзылғандығы туралы тарихшылардың ортақ пікірін жоққа шығаруға тырысты. Бұқара халық әміршілерден гөрі тұрақтырақ, адалырақ, дана және пайымдағыш. Егер де жеке билеуші әмірші заңды жақсы құрса, жаңа құрылыстар мен жаңа мекемелерді құратын болса, халық сол құрылған құрылысты артық сақтайды. Халық жалпы мәселелерде көп қателессе де, жеке мәселелерде өте сирек қателеседі. Ақсүйектердің халықтан айырмашылығы бар, оны Маккиавелли мемлекеттің болмай қоймайтын және қажет бөлігі деп санады. Аристократтар қатарынан мемлекеттік қайраткерлер, лауазымды адамдар, әскери басшылар шығады.

Ерікті мемлекет халық пен ақсүйектердің ымыраласуына негізделуге тиіс; “аралас республиканың” мәні де осында - мемлекеттік органдар жүйесі аристократиялық және демократиялық мекемелерді қамтиды, олардың әрқайсысы халықтың тиісті бөлігінің мүдделерін таныта және қорғай отырып, сол мүдделерге басқа бөлігінің қол сұғуын тежеді.

Маккиавелли саясаттың маңызды құралы деп дінді санады. Маккиавелли дін - адамдардың ақыл-ойы мен парасатына ықпал етудің күшті құралы деп тұжырымдады. Нақ осы себептен мемлекеттердің негізін қалаушылаыр мен данышпан заң шығарушылардың барлығы құдайдың әміріне жүгінген. Жақсы дін бар жерде әскер құру оңай. Мемлекет дінді қол астындағы азаматтарды басқару үшін пайдалануға тиіс.

Маккиавелли өз заманындағы мойынсұнуды, өзін-өзі жоюды, адамзат ісіне жиіркене қарауды уағыздайтын христиандықты жақтамады [20]. Маккиавелли католик шіркеуі мен діндарлардың елді бытыратып ұстағандарын бетіне басты. Маккиавелли дінді адамдарды басқару құралдарының бірі ретінде қарастыра отырып, оның отанды даңққа бөлеу мен қорғауға қызмет ететіндей түрленуіне болады деп есептеді. Құқық пен мемлекет туралы ілімді христиан этикасына бағындырғысы келетін католиктік дін ілімдарларына қарсы Маккиавелли саясатты моральдан бөліп қарады. Саясат (мекеме, ұйым және мемлекет қызметі) адам қызметінің өзіндік заңдылықтары бар ерекше аясы ретінде қарастырылды, олар әулие жазудан алынып немесе ойдан құрастырылмай, зерделенуге және ұғынылуға тиіс. Мемлекетті зерделеуге деген мұндай көзқарас саяси-құқықтық теорияның дамуында орасан ілгерілеу болды.

Маккиавеллидің шығармаларында саясат моральдан бөлініп қана қоймай, жалпыға ортақ тараған тиісті мен тиісті емес, ұят пен мақтаншақтық, адамгершілік пен адамгершілікке жатпайтын, масқара мен құрмет туралы ұғымдарға қарсы қойылды. Мемлекет қызметін ол жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін мораль нормаларына сәйкес келмейтін айрықша ережелер орын алатын адамдардың, әлеуметтік қауымдастықтар мен үкіметтердің мүдделерін, сезімдерін, көңіл-күйлерін айқындайтын сала ретінде зерттеді. Жалпы мемлекет негізін қалаушылардың, жаулап алушылардың, тақты тартып алушылардың, заң шығарушылардың, саяси қайраткерлердің істеген істері мораль тұрғысынан емес, олардың нәтижелері бойынша, олардың мемлекет игілігіне қатынасы бойынша бағалануға тиіс.

Маккиавелли шығармалары әлеуметтік ойлардың кейінгі дамуына орасан зор ықпал етті. Онда буржуазияның басты бағдарламалық талаптары тұжырымдалып, негізделген: жеке меншіктің бұлжымастығы, жеке бас пен мүліктің қауіпсіздігі, “бостандық игілігін” қамтамасыз етудің ең жақсы құралы ретіндегі республика, феодалдық дворяндықты кінәлау, дінді саясатқа бағындыру және бірқатар басқа талаптар. Буржуазияның неғұрлым көреген идеологтары Маккиавеллидің әдістемесін, әсіресе саясатты діннен арылтуын, мемлекет пен құқықты жаңаша тиімді түсіндіруін, олардың адамдардың мүдделерімен байланыстарын анықтауға тырысуын жоғары бағалады. Маккиавеллидің аталған қағидаларын кейінгі теоретиктер (Спиноза, Руссо және басқалар) қабылдап, дамытты.

Антикалық мұраның қайта дамуы Платонның “Мемлекет” кітабына деген қызығушылықты арттыра түсті. Платонның ортақ меншік идеясы жаңа дәуірдегі социалистік идеялар негізін қалыптастыратын шығармалардың пайда болуына алып келді. Ерте социализм теориясында жаңалық ретінде ортақ меншік барлық азаматтарға қолданылатын болды (Ал Платонда ол тек философтар мен жауынгерлерге қатысты еді). Сонымен қатар мемлекеттерде қоғамдық мүлікке негізделген демократиялық мекемелер құру кең таралды. Бұл идеялар Томазо (Джиана Доменико) Кампанелланың (1568 - 1639) шығармаларында дамытылды. Оның ең жақсы қоғамдық құрылым туралы идеялары “Күн Қаласы” атты еңбегінде жақсы жазылған. Кампанелла да Платон сияқты некелік жанұялық қатынастарды ортақтандыру принципін таратуға тырысты. Ол Күн Қаласында өндіріс ұясы жанұя емес, бригада немесе ұстаханалар болады деп есептеді. Кампанелла еңбекті барынша дәріптеп құлдықты сынады, сондықтан да Күн Қаласында қылмыскерлер қоғамдық жұмысқа тартылмайды.

Кампанелланың ойынша, ортақ меншікке негізделген қоғамда мемлекет сақталады. Алайда ол суреттеген мемлекет саяси ойлар мен мемлекеттік мекемелер тарихында белгілі болып келген мемлекеттен мүлдем өзгеше еді. Күн Қаласында билік пен басқару үш принципке негізделеді:

· жаңа мемлекеттің басты міндеті өндіру мен бөлуді ұйымдастыру, азаматтарды тәрбие арқылы басқару;

· мемлекеттің бұл міндеті билік пен басқаруды жүзеге асыруда ғалымдардың елеулі рөлі болатынын көрсетеді;

· жаңа қоғамдық құрылыс мемлекетті басқаруға халықтың қатысуын талап етеді.

Күн Қаласында құқық, әділ сот және жаза болды. Заңдар көп емес, қысқа әрі нұсқа жазылды. Заңдардың мәтіндері сот жүргізілетін ғибадатханалардың колонналарына ойылып жазылған. Сот процесі ашық, ауызша және тез өтеді. Феодалдық процестерге тән азаптау мен сот тартыстарына жол берілмеген. Жазалау әділеттілік принципімен және қылмысына сәйкес жүргізіледі. Кампанелла саясаткерлер мен тирандар ойлап тапқан “мемлекеттік қажеттілік” ұғымын моральге жат нәрсе деп есептеді, оның ойынша билікке қол жеткізу және оны сақтап қалу үшін кез келген заңды бұзуға болады деген қағида тек соларға ғана тиімді деп есептеген.








Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 1626;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.