Ағылшын ағартушылығы

 

Жаңа дәуірде қоғамдық ойдың дамуына Томас Гоббстың (1588 - 1679) адам, мемлекет және құқық туралы ілімі зор ықпал етті. Гоббс адамды санасы мен тілі бар тіршілік иесі деп біледі. Адам - мәдениет әлемін жасаушы, мораль мен саясаттың нағыз субъектісі. Өзінің “Адам табиғаты” атты зерттеуінде ол былай деп жазады: “Адам табиғаты оның тамақтану, іс-қимыл жасау, өсіп-өну сияқты, сезім, ақыл-ой сияқты тағы басқа табиғи қабілеттері мен күш-қуатынан тұрады. Бұл қабілеттерді біз бір ауыздан табиғи деп айтамыз және ол адамды ақыл-ойы бар жануар ретінде қарастырамыз” [21].

Адам өзінің еркіндігін сезінбесе оның әрекет етуі мүмкін емес. “Шіркеу иелерінің” теоцентристік дүниетанымында ерік-жігер еркіндігі түсінігін адам рухының аяқ асты туындайтын ішкі сезімдерін қасиеттерін түсіндіру үшін пайдаланған. Ерік-жігер еркіндігі көбінесе адамдарды күнәкәрлік әрекеттерге итермелейтін, адамның индетерменистік қылықтарын ақтау жолы болды. Сондықтан да, Гоббс ерік-жігер еркіндігі түсінігіне еркіндік түсінігін қарсы қояды, еркіндік және қажеттіліктің белгілі бір тұтастығы идеясын философия үшін маңызды деп тұжырымдайды. Кейіннен бұл мәселе бойынша Спиноза Гоббстың ізін басушы болды. Ол “еркіндік және қажеттілік үйлеседі”, - деп мәлімдейді. Дене қалай ұзындықпен өлшенсе, сол сияқты еркіндік те қажеттіліксіз өмір сүрмейді. Еркіндік түсінігі қажеттілік түсінігінің толықтырушысы болып табылады. Мәселен, су біркелкі ағып жатыр, бірақ міндетті түрде өзен арнасымен ағады, яғни су ағыны арнамен жүру қажеттілігіне байланысты. Адамның іс-әрекеттерінде де еркіндік пен қажеттіліктің қосылуы жүріп отырады. Бірақ адам еркіндігі тікелей еркіндік пен белгілі бір қажеттілік үйлесімділігіне тәуелді. Бұған көз жеткізу үшін Гоббстың философиялық доктринасының нәтижесі болып саналатын әлеуметтік-саяси білімін қарастыруға болады.

Гоббстың әлеуметтік-саяси тұжырымдамасы жеке-дара ұстанымдар тұрғысынан әлеуметтік өмірді талдау негізінде қаланған. Макиавеллидің ізімен Гоббс та қоғамды құтыла алмайтын зұлымдық, адам мүддесінен туындайтын әрекет ретінде қарастырады. Мұнда адам табиғаты өзіне тән өзімшілдіктің басымдылығына байланысты әлеуметке қарсы, қоғамға қас болып отыр. Гоббстың номиналистік позициясы жекені - негізгі, басты ретінде, қоғамдық мемлекеттікті - туындаушы және кейінгі ретінде қарастырды. Адамның қоғамдық істерге араласуы индивидтің жеке мүдделерін қанағаттандырылуына тікелей тәуелді. Қабілеттер теңдігі өз мақсаттарына жетуге бағытталған үміттер теңдігін туғызады. Бұл теңдік өзара бір-біріне сенімсіздік әкеледі. Өз мақсаттарына жетуге ұмтылған адамдар бірін-бірі жоюға немесе бағындыруға тырысады. Ал өзара сенімсіздіктің салдары - соғыс.

Гоббс адам табиғатында соғыстың үш негізгі себебін көрсетеді: бақталастық, сенімсіздік және атаққұмарлық [22].

Бірінші себеп пайда табу мақсатында адамдарды бір-біріне тиісуге мәжбүр етеді, екіншісі - өз қауіпсіздігі мақсатында, ал үшіншісі - абырой табу жолында. Ондай жағдайды Гоббс “адамның бір біріне қарсы жаугершілік күйі”, “табиғи жағдай” деп анықтап, мұны мемлекеттік ұйымның жоқ болуымен түсіндіреді. Гоббстың “табиғи жағдайы” - алғашқы қауымдық қоғам емес. Ол ұғым адам табиғатының “таза күйіндегі” ерекшеліктерін көрсететін рационалистік абстракцияны құрайды. Ондай жағдайда мораль шеттетіліп, адам өзінің құштарлық пен құмарлық сезімдеріне беріліп кетеді. Бұл өз қажеттіліктерін қанағаттандырудағы шексіз бостандық болып есептеледі. Алайда бұл бостандық елес қалпында қалады, өйткені ол қажеттілікпен байланысты емес, онымен шектелмеген. Мұндай бостандық “адам адамға қасқыр” жағдайын және адамның өзін-өзі жоюы қаупін тудырады. Осыдан Гоббстың табиғи жағдайдан мемлекеттік, қоғамдық жағдайға өту жөніндегі өмірлік қажеттілігі пайда болады, бұл қажеттілік бейбітшілікке жетуде адамның барлық табиғи құқықтарын шектейді. Мұндай шектеуге тәуелсіз және барлығына міндетті мемлекеттік билікті орнату туралы қоғамдық келісімді бекіту арқылы қол жеткізуге болады. Гоббс бойынша бұл келісім белгілі бір уақытта бекітілетін акт емес, ол адамдардың соған қажеттілігі туындағанын сезіну процесі.

Гоббстың мемлекет жайындағы ілімінің прогресшілдік маңыздылығы, оның мемлекет - құдайдың орнатқаны емес, адамзаттық деп қарастыруында жатыр. Халық игілігі мен бейбітшілікті қорғау - мемлекеттің негізгі заңы мен “табиғи құқықтың” негізі. Мемлекет табиғат заңдарының орнына қоғамдық заңдарды алға тартады, табиғи құқықтарды азамат құқықтарымен шектейді. Алайда табиғи құқықтар еш нәрсемен шектелмейтіндіктен, азаматтың құқықтары да шектелмейді. Бұл арқылы Гоббс мықты мемлекеттік билік қажеттілігін негіздейді және оның бөлінуіне жол бермейді. Билік бөлінетін болса, ол тек оны әлсіретеді деп есептейді.

Гоббс мемлекет туралы ілімінде мемлекеттік басқарудың үш формасын көрсетеді: демократия, аристократия және монархия.Мемлекеттік басқарудың ең қолайлы формасы ретінде монархияны, яғни заңдармен шектелген король билігін көрсетеді. Алайда басқару формаларын бөлудің маңызы жоқ, өйткені Гоббстың ойынша кез келген мемлекетті халық басқарады. Гоббс үшін ең маңыздысы - ол мемлекетті абсолюттік егемен ретінде мойындау. Күшті мемлекетті дәріптей отырып, ол Англияда жүріп жатқан азаматтық соғысты тоқтату мақсатындағы буржуазия диктатурасы теоретиктерінің алғашқыларының бірі болды. Гоббстың мемлекет туралы ілімі XVІІ - XVІІІ ғасырлардағы Еуропаның қоғамдық-саяси ойлардың дамуына үлкен ықпал етті.

Джон Локктың (1632 - 1704) социологиялық көзқарасында буржуа­зия мен дворяндардың арасындағы саяси ынтымақты келісім идеясы жатыр. Ол ағылшын буржуазиялық либерализмінің алғашқы өкілдерінің бірі, конституциялық монархияның жақтаушысы болып табылады. Оның әлеуметтік-саяси ойларының негізіне табиғи құқықтар мен қоғамдық келісім туралы ілімі жатады. Локктың “табиғи күйі” Гоббстың “адамдардың бір біріне қарсы жаугершілік күйіне” ұқсамайды. Ол бүкіл билік пен заңдылық өзара тепе-тең жағдайды көрсетеді деп есептейді. Локк бұл жағдайды тең қатынастардың, бостандықтың және адамдардың бір-біріне тәуелсіздігінің жиынтығы деп көрсетеді.

Адамдардың бақылауға келмейтін бостандықтарын табиғи заң шектейді, онда былай деп жазылған: “ешбір адам басқа адамның өмірін, денсаулығын, бостандығын не оның мүлкін шектей алмайды” [23]. Бірақ біртіндеп табиғи заң бұзыла бастады. Табиғи күйден “адамдардың бір біріне қарсы соғыс күйіне” ауысу белгілері пайда бола бастады. Мұның себебін Локк халықтардың өсуімен түсіндірді. Мұндай жағдайда адамдар мемлекетті орнатып, келісімнің негізінде құрылған билікке табиғи құқықтардың бір бөлігін беруді қажет деп санады. Билік адамдардың жеке бостандығы мен мүлкі сияқты “табиғи заңдарды” қорғауға міндетті. Сонымен қатар билік абсолютті бола алмайды, оның өзі заңдарға бағынуға міндетті. Егер билік заңға қарсы іс-әрекет етіп, құқықты бұзса, онда халық өзіне егемен құқығын қайтарып, үкіметпен келісімін бұзып, басқа үкімет орнатып, оған егемендікті бере алады. Бұл жағдайлар Локк заманындағы Англияда жүріп жатты. Осылай ол В.Оранскийдің буржуазиялық-дворяндық партиясының билікке келуін теориялық жағынан түсіндіруге тырысты.

Локк өзінің “Басқару туралы екі трактатында” буржуазиялық парламентаризм теориясын дамытады. Оның ойынша саналы құрылған мемлекет биліктің үш элементіне ие болады: заң шығарушы (парламент), атқарушы (сот және әскер) және “федеративті” сыртқы қатынастарды (король мен министрлер) басқарушы. Мемлекетте басты рөл заң шығарушы биліктің қолында болуы керек. Билікті дұрыс бөлу теориясы абсолюттік монархияға қарсы бағытталған және бұл бөлініс буржуазия мен буржуазияланған дворяндықтардың арасында бейнеленеді.

Локктың әлеуметтік-саяси көзқарасы, соның ішінде оның қоғамдық келісім идеясы және билікті дұрыс бөлу теориясы Гоббстың көзқарастарымен салыстырғанда неғұрлым алда. Оның ілімдерін кейін француз революциясының идеологтары мен XVІІІ ғасыр ағартушылары пайдаланды.

Дэвид Юм (1711 - 1776). Қоғамдық келісім теориясының утопизмін көрсетуге тырысып, адамзат тарихын табиғи және қоғамдық жағдайлар кезеңіне бөлуді теріске шығарады. Юм бойынша адамдардың қоғамға дейінгі жағдайы болмағандықтан, оның қоғамдық жағдайға тарихи дәуір ретінде өтуі де мүмкін емес. Алғашқы кездің өзінде адамдар қоғамдық жағдайдың шеңберінде болып, соның шарттарында дамиды. Алайда қоғам мен мемлекетті бірдей тең көру дұрыс емес. “Адам табиғаты трактатында” Юм адамзат қоғамының саяси ұйымға өтуі отбасы институты арқылы жүргізілген деп есептейді. Яғни әлі дамымаған тайпалар өмірінде отбасы түріндегі қоғамдық жағдайдың элементтері пайда болған. Әкенің балалары алдындағы билігі мемлекеттік биліктің бейнесі ретінде қарастырылды. Отбасы басшысының билігінен жалпы тәртіп пен әділеттілік органы ретіндегі саяси билікке өту жолын Юм мемлекеттіліктің құрылуы мен даму жолы деп есептейді.

“Алғашқы келісім туралы” еңбегінде үкімет билігін орнатуға қатысты адамдар мен оның конституциялануына себепкер болушы адамдар арасындағы ерікті келісім орнату ойы айтылады. Сонда мұның өзі “ортақ мүдде үшін қандай да бір уәде бермей-ақ, келісім де жасамай-ақ екі адамның қайық есіп отырғанындай” “үнсіз үндестігі” түріндегі қоғамдық келісімнің бастамасы болып шығады [24].








Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 2510;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.011 сек.