Леуметтік философия
Леуметтік философия предметі. Қоғам феномені. Қоғам пайда болуы (генезисі). Антропосоциогенез. Қоғам өмірінің күрделіленуі. Саясат. Мемлекет. Қоғамдық келісім идеясы. Азаматтық қоғам. Биліктерді бөлісу идеясы. Мемлекет пен қоғамның ажырасуы. Қоғамның әлеуметтік құрылымы. Қоғам динамикасы. Қоғамның экономикалық негіздемелері. Әлеуметтік модернизм. Еңбек қажеттілік ретінде. Адам болмысын еңбекке телу (редукциялау). Еңбек қабілет ретінде. Өндірмелі және өндірімсіз еңбек. Әйел еңбегі. Еңбекті бөлісудің гендерлік аспектілері.
Экономикалық жатсыну феномені. Әлеуметтік жатсыну феномені. Ашық қоғам. Жабық қоғам. Бұқаралық қоғам. Индустриалдық және стиндустриалдық қоғам. Ақпараттық қоғам феномені. Қазақстандық қоғам дамуының жолдары перспективалары.
Қоғам - дегеніміз басқа да барлық организмдер сияқты ғылыми техникалық прогрестің, ресурстық, потенциалдық, ақпараттық және басқадай байланыстардағы өзгерістердің әсерімен, сондай – ақ бүкіл әлемнің, геосаяси қалыптың, әсіресе көрші елдердің әсерімен дамиды.
Қоғам көпжақты, әртүрлі қатынастар жүйесі. Олар бір – бірімен тығыз байланысты, бірінен – бірі туындап отырады. Дегенмен, қоғамдық қатынастар өзінің маңызына, атқаратын рөлінен қарай бірдей немесе бір қатарда бола алмайды. Мысалы, әр адам өзінің өмірін ұйымдастыруда материалдық жағдайы мен басқа да мүмкіндіктерін есепке ала отырып, ең алдымен, қандай қажеттілікті қанағаттандыру керектігін анықтайды, әрине тіршілікті қамтамасыз ететін тамақ, тұратын баспана, киетін киім болмаса, басқа құндылықтар туралы ойлау қиын болатыны сөзсіз.
«Материалистік түсінік бойынша, тарихтағы шешуші нәрсе, сайып келгенде, тіршіліктің өзін өндіру және ұдайы өндіріп отыруы болады, - дейдіФ.Энгельс – Ал оның өзі тағы да екі түрлі болады. бір жағынан – тіршілік заттарын, ... киім – кешектерді, пәтер – үйлерді және осыған керекті құралдарды өндіру; екінші жағынан – адамның өзін өндіру тұқым жая беру түрінде болады».
Материалдық өндіріс – тарихи процестің негізі. Адамдар материалдық игіліктерді өндіру үшін белгілі бір өндірістік қатынастарды тудырады.
Адам баласы басынан әртүрлі қоғамдық өндіріс әдістерін өткізді. Олардың даму дәрежесін бейнелейтін бір ортақ көрсеткіш бар. Ол еңбек құралы. Еңбек – күрделі процесс, қозғалыс, даму. Құрал бола алатын кез келген зат еңбек құралы бола бермейді. Ол ең алдымен, адамның қажеттілігін өтеуге жарамды болып, оның тікелей қатысымен еңбектенуге қолайлы құралға айналуы керек. Ертедегі тас дәуірі – жабайы адамдар тастан жасаған балта, балға, пышақ тектес құралдарды қару еткен заман болған еді.
Еңбек құралы мен адам бір уақытта пайда болып, бірге жасап келеді. Олар бір – бірімен біте қайнасқан.
Табиғат заттарын игеру бірқалыпты бола бермейді, күрделеніп отырады. Адам еңбек құралдарын жетілдіре берді. Бұл процесс шексіз. Адамның табиғатпен байланысы ұлғайып, тереңдеген сайын оның керексінуі артады, еңбек қарулары өзгереді, өздері де жаңаша қалыптаса береді.
Адамның от жаға біліп, пайдалануы өміріне түбегейлі өзгеріс әкелді. Ол металлургия өндірісінің өзегіне айналды. Тас, қола, темір «ғасырлары» деп аталған әртүрлі технологиялық өндіріс әдістері өмірге келді.
К.Маркстің «экономикалық дәуірдің айырмашылығы не өндіретіндігінде емес, қалай және қандай еңбек құралдармен өндіретігінде» деген тұжырымы өміршеңдігін көрсетті. Шындығында, еңбек құралы қоғамның өсу дәрежесін белгілейді және бейнелейді. Ұзақ мерзімді қамтыған қоғам дамуының тарихы еңбек құралдарының даму тарихы десе де болады.
Адамзат тарихының балаң дәуірінде өндіргіш күштердің дамуының деңгейі мейлінше төмен болды, соған сәйкес қажеттіліктер де қарапайым еді.
XX ғасырда әлеуметтік қажеттіліктер жан – жақты дамып, күрделене түсті. Адамдар ешқашан қол жеткенге қанағаттанып, тоқырап қалған емес, керісінше, өндірісті үздіксіз жаңартып, алған білімін, ашқан жаңалығын, тәжірибеде пайдаланумен келеді. Жаңадан пайда болған өндіріс құралдары адамнан білім мен тәжірибені, қабілетті талап етеді. Күнделікті тұрмысқа, өндіріске енген электроника адамдардан едәуір дәрежедегі дайындықты керек етеді.
Еңбек құралдарының дамуы нәтижесінде техника пайда болды. Техника- жасанды органдар жүйесі, оған адам өзінің көптеген функцияларын сеніп тапсырады. Қазіргі замандағы техника – адамға таусылмас энергия мен шексіз мүмкіндік беретін ерекше әлем.
Еңбек құралдары мен техника өндірістің құралдары болып табылады. Оларды материалдық өндірістің заттық бөлшегі деп қарастыруға болады.
Өндіріс тәсілінің құрылымында адам ерекше орынға ие. Адамның жан қиярлық еңбегі, қажымас қайраты, кәсіптік шеберлігі, ұйымдастыру қабілеті кез – келген материалдық өндірістің дамуындағы аса маңызды фактор. Адам - өндіріс тәсілінің тұлғалық бөлшегі.
XX ғасырда нақты білім жүйесі ретінде ғылым қоғамның тікелей өндіргіш күшіне айналды. Материалдық өндірістің өсу қарқыны, денсаулық сақтаудың келелі мәселелері, адам өмірін ұзартудағы жетістіктердің бәрі ғылымның дамуына байланысты.
Қоғамның тарихы – адам мен өндіріс құралдарының өзара әрекеттесуінің тарихы. Әрбір адам жаңа экономикалық және әлеуметтік, тағы да басқа қатынастарды игеріп және жете меңгеріп отырады.
Өндіріс тәсілінің маңызды элементі - өндірістік қатынастар. Олар материалдық өндіріс процесінде адамдар арасында қалыптасатын әртүрлі байланыстар мен қатынастарды білдіреді.
Өндірістік қатынастардың жүйелік құрамы күрделі, оған әртүрлі бағыттағы қатынастар кіреді. Меншіктік қатынастар, құралдар мен еңбектің нәтижелері кімнің қолында екенін анықтайды. Меншік иелері жеке адам, әлеуметтік топ немесе мемлекет болуы мүмкін.
Өндіру процесінде оған тікелей қатынастын адамдар арасындағы қатынастарды технологиялық қатынастар деп атауға болады.
Өндіріліген өнімді бөлу мен иемдену, айырбастау, сату мақсатында әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастар аса маңызды роль атқарады.
Адам өзін сақтап және келешек ұрпақты өсіріп, адамзат өмірін жалғау үшін игіліктерді шығарғанда бір – бірімен экономикалық байланыс қатынасын жасайды. Жекелеген қоғамдық – экономикалық формациялардың өндірісіне енеді, іс - әрекет жасайды, өндірісті дамытады, қоғамдық қатынастарды қамтиды. Сөйтіп, еңбекшілер – қоғамдық қатынастарды бойына сіңірген, іске асыру үлгісін жасаушы, таратушы.
Әрбір тарихи дәуірде адамдар әртүрлі өндіріс тәсілін дамытты.
Балаң дәуірдегі жинақтау өркениетінде материалдық өндірістің қарапайым түрі дамыды, еркектер аң немесе балық аулады, еңбек құралдарын дайындады, ал әйелдер үй шаруашылығын басқарды.
Аграрлы өркениеттің материалдық өндірісінің негізі жер өңдеу мен мал өсіру облды. Жер өңдеумен қатар қолөнер де ілгеріледі. Қосымша өнім пайда болып, сауда – саттық дамыды, саудагерлер әлеуметтік топқа айналды.
XVIII ғасырдың ортасынан бастап өндірістік өркениет қалыптасты. Осы дәуірде ағылшын ғалымы Дж.Уатт алғашқы бу машинасын ойлап тапты. Табиғатты игеруге мүмкіндік беретін көптеген машиналар пайда болды. Темір жолдар салынып, елдің өндірістік қатынасы нығая түсті. Газеттер мен телефон бірыңғай ақпараттың және рухани кеңістіктің қалыптасуына ықпал етті. Өндірісті көркениеттің тамаша жетістігі – адамдардың космосты игеруі. Бұл өркениет саяси партиялар, профсоюз, парламентарий сияқты қоғамды өмірдің маңызды институттарын тудырды.
XX ғасырдың 60 – 70 жылдарында материалдық өнідірістің жаңа бағыттары дами бастады. Олар адамзаттың өркениеттің, жаңа сатысына, яғни постиндустриялық өркениетке көтерілгендігін дәлелдейді. Оған дейін индустриялдық қоғам дамыды. Көрнекті батыс ғалымы Р.Арон өзінің «Тарих философиясы» деген еңбегінде индустриалдық қоғамның негізгі қасиеттерін атап көрсетеді:
1) өндірісті ғылыми түрде ұйымдастыру;
2) материалдық молшылықтарға жету;
3) ұлттық өнімде өндірістің үлесінің көбеюі және соған сәйкес ауыл шаруашылығының үлесінің кемуі;
4) баюдың көзі ретінде соғысты жою;
5) «индустриалдық қоғамда» өндіріс құралдарына деген меншік формаларының еш маңызы жоқ.
Р.Арон атап көрсеткен индустриалдық қоғамның маңызды белгілері одан әрі тереңдеп, постиндустриялық, яғни индустриялықтан кейінгі қоғам деген ұғымды туындатты. «Постиндустриялық қоғам» теориясын жасаушылардың бірі болған Д.Белл (1919 ж.) қызмет көрсету экономикасы, «плюралистік демократия» және «меритократия» сияқты қоғамның жобаларын ұсынды.
М.С.Горбачев «Основы философии» деген кітабында постиндустриялық өркениеттің материалдық және рухани негіздерін атап көрсетеді. Оларға мыналар жатады:
- адам өзінің көптеген функцияларын техникалық тетіктерге тапсырады;
- адамзаттың керемет энергетикалық қоры, қазіргі уақытта планетада 250-ге жуық атомдық электр станциялары мен жылу – энегетикалық цехтары жұмыс істейді;
- халық шаруашылығында жаңа және икемді өндіріс технологиялары қолданылады;
- ауқымды ақпараттық инфаструктура, бұған космостың байланыс құралдарының көмегімен құралған ақпарат жүйелерін қосуға болады;
- адамның шаруашылық іс - әрекеттерінің көпжақтылығы, мемлекеттік және жеке меншіктің түрлерінің өзара мидай араласып кетуі, әлеуметтік бағытталған нарықтық экономиканың құрылуы;
- біртұтас әлемдік экономикалық организмнің қалыптасуы, елдер мен аймақтар арасындағы шаруашылық байланыстардың нығаюы.
Сонымен қатар, қоғамда рухани өндірістің, яғни ғылыми білім мен ақпарат алудың көздері де ерекше дами түсуде.
Ғылыми техникалық прогресс және ғылыми – техникалық революция ұғымдары адамның еңбек ету әрекетінің ұдайы дамуып отыруының объективті логикасын көрсетеді.
Ғылыми – техникалық прогресс деп өндіріс тәсілінің барлық заттық элементінің ұдайы жетілдіруі мен ғылымның нақты білім жүйесі ретінде одан әрі дами беруі бағытын айтамыз. Адам нақты бір міндетті шешу үшін жаңа технологияны, еңбек құралдарын жасайды және энергия көздерін іздестіреді.
Ғылыми – техникалық революция дегеніміз – қазіргі ғылым мен техника жүйесінде болып жатқан, осы жүйенің барлық компоненттерін, технологиялық қатынастардың барлық жақтарын қамтитын түбірлі сапалық өзгеріс.
Техника өз дамуының жаңа кезеңіне, яғни ғылыми техникалық революцияның нәтижелерін өндірісте қолданудың сара бағыты болып табылатын автоматтандыру кезеңіне аяқ басты. Адам технологиялық процеске тікелей қатысып, оны басқарады, ал ол орындайтын еңбек процестерін технологиялық жүйенің өзі атқарады.
XX ғасыр ғалымдары ашқан революциялық табыстар техникалық даму дәрежесіне өте үлкен әсер етіп, атом реакторларын, атом үдеткіштерін,космос ракеталарын, электрондық есептеу машиналарын, нәзік регистратор аппаратурасын, космос байланыс жүйелерін жасауға жол ашты.
Қоғамның әлеуметтік құрылымы күрделеніп, одан сайын жіктеле түседі. Онда жаңа кәсіптік топтар пайда бола береді. Мысалы, менеджерлер, программистер, космонавтар т.б. Қала халқының саны өсіп, ал ауылдағылардың саны күрт азаюда.
XX ғасырдың екінші жартысында қоғам мен табиғаттың өзара қарым – қатынасы күрт өзгерістерге ұшырады. Адамның табиғатқа әсер етуі бұрынғыдан терең көлемді сипатқа ие болуда. Бұл экологиялық мәселелерді тудырады.
Ғылыми – техникалық прогресс адамдардың биосферадағы іс - әрекетінің аясын кеңейте түсуде. Ал оның аясына космостың жерге таяу кеңістігі де ене бастаған, басқа планеталардың ресурстарын пайдалану туралы мәселе қарастырылуда.
Ғылым мен техниканың күрт өсуіне байланысты адамдардың білім деңгейі мен кәсіптік шеберлігі де арта түсуде. Енді өз ісінің шын мамандары мен шеберлерінің қолы жүрер сәті туды. Себебі, нарықтың заңы солай. Бұл үрдіс XXI ғасырда одан әрі кеңейе береді. XXI ғасырдың жалпы белгілері – жоғары технология, жаңа байланыс жүйелері, информатиканы дамыту. Осы жалпы бағыттан Қазақстанды тыс қалды деуге болмайды. Сондықтан да:
- электроника және физиканың оны қамтамасыз ететін тиісті бағыттары;
- есептеуіш техника мен математиканың оны қамтамасыз ететін салалары;
- машина жасау және оның технологиясы XXI ғасырдағы Қазақстан ғылымының жаңа салаларына жатады.
Әрине, мұндай түбегейлі өзгерістер дәуірінде адам да оған әруақытта дайын болуы қажет. Демек, ендігі жерде күнделікті күйбең тіршілікке алданып, уақыт өткізбей, ең болмаса, бір мамандқыты игеріп алудың қамына кірісу керек, меңгеріп қана қоймай, оның ұңғыл – шұңғылын жетік біліп, өз ісінің шебері болған адам ғана заман талабына сай еңбек ете алады.
Ғылыми техникалық революция қоғамға кері де әсер ете алады. Өйткені ол адам баласындағы табиғи бьастаулар мен қоршаған ортаның әдемілігін, үйлесімділігін бұзады.
Ғылыми – техникалық революцияның салдары тіл, дәстүр, мораль, адамгершілік сияқты дәстүрлі мәдениет үлгілеріне әсер етіп, әлеуметтік психологияны, отбасылық қатынастарды өзгертуде.
Саяси сала қоғамдық өмірдің күрделеніп, ондағы әлеуметтік жіктелудің тереңдеп, әлеуметтік теңсіздіктің қалыптасуы нәтижесінде пайда болды. Ол үлкен топтардың қарым – қатынасының реттелуімен тығыз байланысты, оның негізгі элементі билік орталығы болып табылатын мемлекет.
Саясат дегеніміз – билікті өз пайдасына шешу, өзінің талап – тілегін жүргізіп отыруға мүмкіндік алу үшін индивидтер мен әлеуметтік топтар арасындағы айрықша іс - әрекеттің формасы. Бұл іс - әрекет адамдардың мүлдесі мен еркінің, эмоциясы мен ақыл – ойының өзара қабысуы. Саясат – бұл биліктің қатынастар жүйесі. Саясаттың философиялық анықтамасының мәні осында.
Саясат индивидтер мен әлеуметтік топтардың өзара әрекеттесуінің сферасы. Өйткені олардың меншіктік, құқықтық, адамгершілік, тағы да басқа мүдделері өзара бәсекеге түседі.
Саясат әрқашан да күрделі және шатасқан іс - әрекет, одан не нәрсе күту керек екенін айту қиын. Саясат – мемлекетті және қоғамды басқарудың өнері, сондықтан ол саналы іс - әрекеттер саласы. Саясатта саналы іс - әрекет етіп, көрнекті табыстарға жету үшін көптеген қасиеттер қажет.
Саяси билік – деп белгілі әлеуметтік топ пен индивидтің әр түрлі ұйымдар мен заңдардың, идеялардың, қатынастардың күшіне сүйене отырып саясатта өз еркін жүргізу қабілетін айтамыз. Билік ету дегеніміз – басқа адамдардың іс - әрекетіне, тәртібіне әсер ете отырып, өз мүддесін іске асыру. Саяси биліктің күре тамыры – мемлекеттік билік болып табылады. Бұл күш қоғамда тұрақтылық пен реттілікті орнатады.
Саяси өмір қоғамның мүдделері бір – біріне қарама – қарсы әлеуметтік топтарының қалыптасуы нәтижесінде өрбіп дамыған. Қоғам күрделене түсті, әлеуметтік мүдделерді өзара мәмілеге келтіру мақсатында саясат пайда болды. Халық басқарушыларға, элитаға және бағынушыларға, бұқараға бөлінді. Саясаттың негізгі функциясы мемлекеттің көмегімен ықпалды топ пен таптың мүддесін қорғау үшін бүкіл қоғамды басқару болды.
Саяси сала – қоғамның әлеуметтік өмірінде туындап, дамып отыратын процестердегі салдары мен бейнесі.
Саяси қажеттіліктер мен мүдделер - адамдардың саяси қызметінің қозғаушы күші. Бұған меншіктік қажеттіліктер, олардың идеалы мен абыройы, адамгершілік жөніндегі ойлары жатады.
Саяси сана қоғамның саяси өмірінің рухани жағын бейнелейді. Оған саясат пен мемлекект туралы қарапайым көзқарастар мен ілімдер, теориялар жатады. Саяси сана жоқ жерде толық қанды саяси өмір де болуы мүмкін емес. Саясат туралы білім мен көзқарастарына сүйене отырып, адамдар оған саналы түрде ат салысуға, саяси фактілер мен құбылыстарға баға беруге мүмкіндік алады.
Қоғамның саяси өмірін зерттей отырып, философия саясат субъектілерінң саяси мәдениетіне, лидерлер мен бұқараның өзара қарым – қатынасына, саясатқа қатысушылардың рухани деңгейіне ерекше көңіл аударады. Философия саяси өмірдегі субъективті бастаманың жоғары деңгейін атап көрсетеді. Ол, сонымен қатар, қоғамның қаншалықты деңгейде демократиялық, яғни саясатқа қатысушылардың мүмкіндіктері бірдей ме, бірдей емес пе деген мәселелерге көңіл қояды. Саяси өмірідің институттарына әртүрлі партиялар, қоғамдық ұйымдар мен ассоциялар жатады. Дегенмен, саясаттың негізгі құралы мемлекет болып табылады.
Саясат билікті сақтау, тұрақтау, функциясын орындап қана қоймай сонымен қатар қоғамда азаматтық келісім, ізгілік орнатуға да атсалысады.осы мақсатта іс - әрекеттің өркениетті формалары констуктивті диалог, компромисс, партнерлік кеңінен қолданылады.
Саясатта айлакерлік те, екіжүзділік те, таза емес ойын да, жауыздық та, қаталдық та бар.
Саяси қатынастар әлеуметтік топтар мен индивидтер арасында билік үшін күрес жолында қалыптасатын байланыстар мен бағынушылақтар.
Саяси іс - әрекеттер саяси принциптер мен идеяларға сүйенеді.
Ең алдымен, заңның үстемділігін барлық жерде қамтамасыз ете алатын нақты құқықтық мемлекет құру бірден – бір қажеттілік. Мұны жүзеге асыру үшін мемлекеттік құрылымдардың өздері заңда белгіленген ережелер бойынша қимыл жасауы керек. Саяси процестің басқа субъектілеріне қойылатын талап та осындай. Сонымен қатар, қоғамдағы барлық азаматтар заңға сәйкес өмір сүріп үйренуге тиіс. Бұл толыққанды демократияға көшудің сара жолы.
Демократияның қанат жаюы экономикалық өмір шарты мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да іргелі құқықтардың іс асырылуымен тығыз байланысты.
Орталық Азияда халықаралық экстремизм қысымының ұлғайып келе жатқанын еске ала отырып, халықтың аса күрделі ұлттық және мәдени құрамын ұдайы назарда ұстап, процестерді дұрыс бағытта дамытып отыруымыз керек.
Саяси жүйені демократияландыру сот жүйесін жетілдіру, құқықтық реформа, өкімет органдарының өкілеттілігін кеңейту, сайлау процесін, азаматтық қоғам институттарын нығайту бағыттарын дамыту арқылы іске асырылады.
Қоғам өте күрделі жүйе. Ол өзінің сан ғасырлық даму барысында адамның материалдық - өндірістік, әлеуметтік – саяси, рухани – адамгершілік салаларына енгеннен кейін сан түрлі қажеттілік тудыратын орасан мол материалдық және рухани қазыналар туғызды. Бір адамдар әсем бұйымға әуес болса, келесі біреулер театр алдында, кітап дүкенінде көбірек болғанды ұнатады. Адамның қажеттілігі қарапайым материалдық мұқтаждықтан асқақ рухани сұранысқа дейін жетеді.
Қоғамда белгілі бір әлеуметтік құрылым болады. Әлеуметтік құрылым ұғымы қоғамдық еңбек бөлінісіне, өндіріс күштерінің және өндірістік қатынастардың деңгейіне байланысты қалыптасқан қауымдардың тұтастығы мен олардың өзара тұрақты қатынастарын білдіреді. Әлеуметтік құрылым қатарына адамдардың жас шамасына, жынысына, ұлтына, кәсібіне, туған жеріне, тағы басқа да ерекшеліктеріне байланысты шоғырланған топтары жатады. Бұл осы топтардың қажеттеліктері мен қызығушылықтарының іс - әрекеті мен белсенділігінің себептерінің әлемі. Мұның өзі қоғамдық өмірге тән ерекше сипаттағы әлеуметтік кеңістікті қалыптастырады.
Бұл жүйенің өзіндік құрылымы бар, яғни әр элементтің әлеуметтік кеңістікте өз орны, өзіне тән сипаттары бар.
Әлеуметтік құрылым – салыстырмалы, тұрақты және бірқалыптағы топтарының жиынтығы мен олардың арасындағы өзара іс – қимыл жасаудың, байланысудың белгілі бір реті.
Әлеуметтік кеңістікте жіктелудің мынандай түрлері бар:
- адамдардың әлеуметтік – таптық қауымдастығы (таптар, топтар)
- әлеуметтік демографиялық топтар (жастар, әйелдер, қариялар)
- адамдардың шағын топтары (отбасы, еңбек ұжымы)
Әлеуметтік қауымдастық дегеніміз – жалпы қызығу объектілері мен іс - әрекеттері, психологиялық ерекшеліктері мен өмір салты бір – бірімен ұқсас адамдардың біртұтастық жиынтығы.
Қауым – адамзат басынан өткерген дүние жүзі халықтарының бәріне ортақ алғашқы қауымдық құрылыстың негізгі экономикалық ұясы. Онда өндіріс құрал – жабдықтарына қоғамдық меншік болған. Еңбек ерлер мен әйелдер, еркектер мен балалар арасында табиғи түрде бөлінді. Өндірілген өнімді бірлесе отырып, бөліп, тұтынып отырды.
Қауымның дамуы – қауым мүшелері тұрақты атқаратын еңбек түрлерінің күрделеніп, көбейе түсуімен және осы түрлердің өзара байланысының күшеюімен сипатталады.
Қоғамдық еңбек күрделене түскен сайын қоғамның әлеуметтік жүйесі де біркелкі болмайды, ол да өзгеріске ұшырап отырады.
Қоғамның әлеуметтік құрылымының біркелкі болмайтыны туралы көне дүние философтары айтып кеткен. Мәселен, Аристотель «Әрбір мемлекетте үш бөлік бар: өте дәулеттілер, ең жарлылар және үшіншілер, яғни солардың тұрғандар».
Қоғамдағы таптар туралы ілімді жан – жақты дамытқан К.Маркс еді. Ол жұмысшы табы мен капитал арасындағы қарама – қайшылық қоғамның ішкі қасиетінен туындайтындығын, яғни капитал дүниесінің өзінен бастау алатындығын көрсетті.
К.Маркстің таптар туралы ілімі кеңес одағында ерекше маңызға ие болып, оның бастапқы қағидалары көп жылдар бойы қоғамның әлеуметтік жіктелуінің теориялық, методологиялық негізі болып келді.
К.Маркс ерекше көңіл аударған меншіктік қатынас пен өндіріс тәсіліне сүйене отырып, қоғамда жұмысшы табы мен колхозшы, шаруа табы ғана бар деп есептедік. Ал интеллигенцияны аралық топ деп қарадық.
Бір жақтылыққа кеңес ғалымдарының ішінде алғашқы көңіл аударған белгілі социолог Р.В.Рывкина болды. Ол 1989 жылы «талдау құралдарының әдістемелік және теориялық құрамында әлеуметтік стратификация (бөлшектеу) теориясының алар орны ерекше. Біз үшін әлеуметтік топтардың, олардың меншікті иелену жүйесінде, билік, табыс және бедел мәселесінде іс - әрекет методикасын анықтау өте қажет» деп жазған.
Р.В.Рывкина атап көрсеткен әлеуметтік стратификация теориясының авторы 1922 жылы шетелге кеткен әйгілі орыс ғалымы П.Сорокин еді. Ол АҚШ-та жемісті еңбек етті. 25 жыл бойы Гарвард университетінің социология кафедрасын басқарды.
П.Сорокин тарихта жіктелуге, әсіресе әлеуметтік жіктеуге тап болмаған қоғамның болмағандығын, олай болмады деп ойлау миф екендігін айқын дәлелдейді. Оның ойынша, кез – келген қоғамда әлеуметтік стратификацияның үші түрі бар.
Бірінші – кәсіптік, яғни адамдар технологиялық белгі бойынша бөлінеді.
Екінші – адамдардың экономикалық жіктелуі, олардың тұрмыс деңгейі, кіріс – табыс мөлшері әртүрлі. Үшінші жіктелу – саяси стратификация деп аталады, өйткені кез келген қоғамда оны басқаратын элита және оған бағынышты бұқара өмір сүреді.
Әлеуметтік жіктелу Конституциясында барлық адамдардың теңдігі жазылған демократиялық қоғамдар да орын алған. Жіктелу отбасында, шіркеуде де, тіпті кез келген әлеуметтік топ та болуы мүмкін.
Қоғамның жікке бөлінуі табиғи және заңды құбылыс. Бұл тұрғыдан алғанда әлеуметтік біркелкілікті орнатуға бағытталған коммунистік идея ешуақытта тәжірибеде орындалмас еді.
П.Сорокин кез келген тарихи дәуірде жіктелу күштері мен қоғамдағы топтарды бір – бірімен жақындастыруға тырысқан күштердің арасында әрдайым күрес жүріп отырады деп пайымдаған. Бірінші күш – ұдайы және тұрақты жұмыс істейді, ал екіншілері - өз жұмысын келеңсіз, тіпті кейде бір сезімге берілумен жүргізеді. Мысалы, кеңес өкіметі кезінде қоғамдық меншіктік қалыптастыру жолдары белгілі бір күш қолдану арқылы іске асырылды, не болмаса селоны қаланың деңгейіне көтеру үшін адамдардың дәстүрлі өмір сүру салтының жекелеген элементтерін жою т.б.
Әлеуметтік стратификация – қоғамдағы халықтың табиғи, қалыпты жіктерге (топтарға) бөлінуі. Әртүрлі топтар арасында құқық пен артықшылықтар (привилегии), міндеттер мен жауапкершіліктер әртүрлі бағытта, сарында бөлініп отырады. Л.Сорокиннің ілімінің үлкен танымдық мүмкіндігі бар, өйткені ол қоғамды оның ішкі әртүрлігі мен көпжақтылығы тұрғысынан қарастырады. Бұл идеяның методологиялық маңызы өте жоғары, өйткені, ол қоғамды қоғамдық еңбектің дамуымен, оның көпжақты көріністерін бейнелейтін күрделі біртұтастық ретінде түсінуге жол ашады.
Қоғамдық өмірдің әлеуметтік саласын зерттеуде маркстік көзқарас та маңызды роль атқарады. Әлеуметтік саланың объективті негізі қоғамның материалдық өмірі болып табылады.
А.Айталиев «Ұлттану» тақырыбындағы көрнекті еңбегінде адамдар өздерінің жүріп өткен тарихи жолында басынан кешірген алғашқы топтар төңірегіндегі бірқатар терминдерді анықтап көрсетеді. Ол өз талдауын «нәсіл», «нәсілдік топ» ұғымын саралаудан бастаған.
Адамдардың антропологиялық жалпы белгілері бойынша топтасқан бірлестігі – нәсіл деп аталады. Нәсіл – шығу тегіне және әртүрлі тұқым қуалайтын ерекшеліктеріне байланысты бірлескен – адамдар тобы.
Ру – алғашқы қауымның экономикалық қатынасының барысында туыстық байланыстармен топтасқан адамдар бірлестігігінің түрі. Рудың экономикалық негізі жерге деген қоғамдық меншіктік қатынас.
Алғашқы қауымдық құрылыстың маңызды қауымдастың түрі – тайпа болды. Ол – белгілі бір территорияда тұратын, ортақ тілі, діні, әдет – ғұрпы бар рулар мен рулық қауымдастықтың одағы. Тайпаның ыдырауына мүліктің оқшаулану мен ақсүйектердің жіктелуі, қолбасылар рөлінің артуы себеп болды. Рулық қатынастардың товарлық қатынастармен алмасуына байланысты тайпалар халықтарға біріге бастады.
А.Айталиев халық ұғымының әдебиетте үш мағынасы бар екендігін көрсетеді. Біріншіден, белгілі бір елде қоныс теуіп, өмір сүретін адамдар тобы – халық деп аталады.
Мысалы, Қазақстан халқы, Ресей халқы. «Халық» осы мағынада территориялық, мемлекеттік ұғымды білдіреді.
Екіншіден, халық ұғымы этникалық қауымдастықты бейнелейді. Орыстар, қазақтар, еврейлер т.б. Құрамы біркелкі елдерде ұлт, мемлекет, халық ұғымдарының мазмұны біртектес.
Үшіншіден, халық деп – көп ұлтты мемлекеттің сан жағынан аз халықтың тобын атайды.
Ұлт деп жер, тіл, экономикалық қатынастар, мәдени ерекшеліктер мен психологиялық ортақтығы негізінде қалыптасқан адамдардың тарихи - әлеуметтік этникалық бірлестігін айтады.
Ұлттың бірнеше маңызды белгілері бар. Біріншіден, территорияның ортақтығы. Бірақ тек қана белгілі территория емес, сол территорияда өрбіген шаруашылық кәсібі маңызды болған. Мысалы, біздің қазақ халқының өмір салты, еңбек тәжірибесі, талғамы, мінез – құлқы, әдет – ғұрыпы көшпелі мал шаруашылығының адам өмірі мен психологиясына тигізген әсерінен туындайды.
Екіншіден, ортақ территорияға тілдің де ортақтығы қосылады. Ұлттық тіл - әдебиетте, бекіген осы ұлттың барлық өкілдеріне тән сөйлеу.
Үшіншіден, экономикалық өмірдің ортақтығы. Ол елдің әртүрлі аймағының белгілі бір кәсіпке бейімделуі мен олардың арасындағы сауда – саттық қатынасының нығаюымен тығыз байланыста болады.
Әр ұлттың өзіне тән менталитеті болады. Менталитет – қазақша, «діл» деген ұғыммен барабар. Менталитет дегеніміз – ұлттың «қоршаған әлемді белгілі бір кейіппен, қалыпта сезіну, түйсіну, түсіну және іс - әрекеттер жасау мақсатында қордаланған табиғи – тарихи дайындықтары мен ыңғайларының жүйесі» деп жазды С.Е.Нұрмұратов.
А.Айталиев философия және саяси ойлар тарихында этнос болмысын белгілі бір бастаулармен байланыстыру орын алғандығын атап көрсетеді. Оған биологиялық, географиялық, діни, экологиялық, мәдени, тіл, таптық тағы басқалар жатады. Осы сипаттағы барлық теориялардың жинақтап, сұрыптап, саяси - әлеуметтік және табиғи – биологиялық тұжырымдамалар деп екіге бөле отырып, ғалым Л.И.Гумилевтің пассионарлық теориясын ерекше атап өтеді.
Гумилев ұлттың пайда болып, қалыптасуында атмосфера, гидросфера, биосфера маңызды роль атқарғандығына ерекше назар аударған.
«Этностардың бір – бірінен айырмашылығы олардың қоршаған табиғи – территориялық ортаға бейімделуіне байланысты. Әр ландшафт өз этносын өмірге әкеледі. Ал өз ландшанфтынан айрылған этнос (жер аударғанда, көп ұлттың қалаға көшкенде, тағы басқа жағдайларда) басқа бір этносқа жанды қауымдастыққа айнала бастайды.
Этнос қалыптасуын, дамуын және бірте – бірте сөніп ыдырауын Л.Гумилев бес кезеңге бөледі.
Бірінші кезең – этностың материалдық және рухани күш жинау кезеңі. Оны автор «императив» деп атайды.
Екінші кезең – «пассеизм», ұлттың тарихи сахнаға шығуы, оны құрайтын аталастар өздерін ата – бабаларының жалғасы ретінде сезініп, ұлттық мұраға үлесін қосады. Тағы да бір табыс – жеңіс, тағы да бір ғимарат, тағы да бір әдеби ғылыми туынды, тағы да бір шыңдалған семсерден, ұлттық құндылықтар осылай тырнақтап жиналады. Бұл кезеңді Л.Гумилев қуатты құлшыныс (пассионарность) деп атайды.
Үшінші кезең – «актуализм» немесе «гүлдену», «сұйылу» деп анықталады. Бұл тұста адамдар өткенін ұмыта бастайды, ұлттың болашағын ойламайды, оны білгісі де келмейді. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, жеке қара бастары үшін ғана ерлік жасайды. Бірте – бірте тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра шашылып – төгіліп, ысырап болады. Оны орынсыз жұмсау, алдамшы молшылық, гүлдену сияқты жалған ойлар тудырады.
Төртінші кезең футуризмге – этностың бұрынғы тарихын өткен заман деп бағаламау, бүгінгі ұлттық мүддені тиімсіз деп қабылдамау, болашаққа, арманға ғана сену.
Бесінші кезең – ұлттың ыдырауына, күйзеліске ұшырауына байланысты. Пассеизм, актуализм, футуризм және күйзеліс, немесе ыдырау ұлт қалыптасуының дамуының өзара байланысты үйлесімді кезеңдері. Ол шамамен 1200 – 1500 жылға созылады. Даму үстінде ұлт табиғаты күрделі өзгерістерге ұшырайды, бүлдіргіш процестер мен жасампаз процестер де жаңа этникалық қауымдастықтар қалыптасуға алғы шарттар жасайды».
Қазақстанда қазіргі уақытта тарихи мәдени шығу тегі жағынан алшақ тұрған этностар өмір сүруде. Қазақстандық екі негізгі ұлт – екі үлкен этностың, (түркі және славян) өкілдері. Бұдан басқа немістер, корейлер, поляктар, еврейлер, татарлар тұрады. Бұл халықтардың әлеуметтік жағдайлары біркелкі емес. әлеуметтік кәсіптік құрылымдары, әлеуметтік дәрежелері, аймақтық, қоныстық жағдайлары да әртүрлі.
Мұндай жағдайда қоғамдағы жарастық, үйлесімдік, бір ұлттың екінші ұлтқа төзімділікпен, түсіністікпен қарауы, өзара сыйластықпен қатынас жасауы қоғамдық әл –ахуалдың оңдылығын, өркениетті даму жолында екенін көрсетеді.
Бүгінгі таңда әртүрлі этникалық топ адамдары арасында өзара түсіністік кеңістігін орнатып, әлеуметтік және экономикалық қайта құруды ілгері апару үшін әркімнің бойында жеке азаматтық сезім мен адамгершілік жауапкершілікті қалыптастыруда патриоттық және интернационалдық тәрбиенің маңызы зор.
Патриотизм дегеніміз - өз елін, өз отанын, өз аймағын сүю, сыйлау ғой. Ол ашық қоғам, нарық, демократия сияқты құндылықтарға қайшы келмейді. Керісінше, ол демократиялық дамуды мақсат еткен қоғамның ең жоғарғы құндылығы болып табылады.
Өйткені өз ұлтын, өз елін, өз Отанын қадірлей бағалай білетін адам ғана басқа ұлттар өкілдеріне шынайы адамгершілік, сыйлау тұрғысынан қарай алады.
Әрбір ұлттың тарихына, дәстүріне, өмір сүру салтына, мәдениетіне, ұлттың құндылықтарына үлкен сыйластықпен қарап, оны аялау интернационализмге жетелейді.
Интернационализм әлеуметтік реалдылықта бүкіл әлемнің, табиғаттың объективті біртұтастығын айқындайды. Интернационализм термині «халықаралық» деген мағынаның синомимі ретінде бүгінгі таңдағы журналистік, дипломатиялық лексикада жиі қолданылуда. Ол жалпы Жер планетасында интернациялану процесінің ауқымды бола түсуін меңзейді.
Маргиналдар – белгілі бір себептерге байланысты қоғамның негізгі әлеуметтік табына, тобына кірмей қалған аралық жағдайдағы адамдар. Маргиналдар мәдениет аралық өзара байланыстың нәтижесінен туындаған. «Бұл құбылыспен адамдардың шынайы өзіндік ұлттығынан айрылған және басқа этностың мәдениетіне бойлап ене алмай, екі ортадағы шекаралық жағдайда өмір кешіп жатқан азаматтардың сана сезімін, дүниетанымын өмір салтын атаған», - деп жазды С.Е.Нұрмуратов.
«Маргинал» (кейінгі латын тілінде – шетте тұрған, «шекарада орналасқан»дегенді, ал француз тілінде – «қосымша», «жанама», бір нәрсенің шетінде жазылған дегенді білдіреді).
Бұл терминді Р.Парк 1928 жылы жарияланған «Адамдар миграциясы және маргинал адам» деген еңбегінде алғаш рет қолданған.
XX ғасырдың 20 – шы жылдары Р.Парк Азияда Гавай аралдарына және Оңтүстік Африкаға саяхат жасайды. Қазақстандық мәдениеттанушы ғалым А.Құлсариева Гавай аралдарында, бір жағынан Америкадан, Еуропадан және Азиядан жеткен ұлттық мәдениеттердің, дәстүрлердің, діндердің, ал екінші жағынан, жергілікті полинезиялық мәдениеттің дамуы, әрі солардың өзара араласуы нәтижесінде бұдан (гибрид) мәдениет қалыптасқандығын айтады. Яғни Батыс және Шығыс мәдени дәстүрлері өзара ұшырасып, жаңа мәдени тип қалыптастырды.
Гавай аралығындағы осындай өзгерістерден алған әсерінен Р.Э.Парк жаңа өркениетті дамытатын, өрістетін жана типті тұлғалар да болуы қажет деген қорытынды жасап, осы жаңа тұлғаларды «маргиналдар» деп атады. Оның пікірінше, «маргинал адам» - екі түрлі, бір – бірімен жиі қақтығысатын мәдениеттер шекарасында орналасқан индивид. Ол қандайда бір әлеуметтік топтардың ортасында аралық шекаралық жағдайда орналасқан, өзінің бұрынғы әлеуметтік байланыстарын жоғалтып, өмірдің жаңа талаптарына бейімделген адам.
Маргинал адам - екі түрлі халықтардың мәдени өмірі мен дәстүрлерінде өмір сүруші, әрі оларға саналы түрде қатысушы адам. Ол ешқандай өз өткенінен және дәстүрлерінен қашып кете алмайды да және ешқашан өзінің жаңа орнын таппақ болып жатқан бөтен қоғамда толығымен қабылданбайды да.
Тұрғын халық – қоғам дамуының аса қажетті табиғи жағдайы. Белгілі бір аймақта тіршілік ететін халықсыз табиғаттың байлығын меңгеру де, ілгерілеп даму да мүмкін емес, тіпті өндіріс те болмайды. Өйткені кез келген өндіріс белгілі бір мөлшерде адамдар санын қажет етеді.
Халықтың жынысты, этникалық құрылымы, туу, өсу, қоныс аудару процесінің барысы туралы мәселелерді демография ғылымы зерттейді. Демография - әлеуметтік, экономикалық, биологиялық, саяси, медициналық мәселелерге көңіл аудара отырып, миграция, табыс көзі мен еңбек русурстарын бөлумен де айналысады.
Демография жас, жыныс, отбасылық белгілеріне сүйене отырып, халықтың жастық, жыныстық динамикасын да анықтайды.
Осы белгілер тұрғысынан халықтың құрылымының екі қыры бар: біріншісі, белгілі бір аймақтағы әйелдер мен ер адамдардың, екіншісі, әр түрлі жастағы адамдардың қарым – қатынасы.
Этностық және демографиялық факторлармен қатар қоғамда арнайы қоныстану жүйесі бар. Тұрғылықты жер, қоныстануды әлеуметтік жүйеге енгізіп, оны арнайы қарастырған С.Э.Крапивенский.
«Қоныстану құрылымы – қоғамды ұйымдастырудың кеңістіктегі түрі. Бұл ұғым адамдардың өзі тіршілік етіп отырған территорияға қарым – қатынасын білдіреді» - деп жазады С.Э.Крапивенский. Адамдар негізінен қала мен ауылда немесе селода өмір сүреді.
Қала мәдениет ошағы, онда кинозалдар, театр, музейлер, кітапханалар шоғырланған. Тіпті қаланың өзінің пайда болуы да аса маңызды мәдени – рухани шығармашылық болып табылады. Өйткені, қаланы әдемі, ыңғайлы ететін адамдардың көркемдік ойының мүмкіндігі, өзінің кеңістікті, кескінді, мөлшерді игерудегі бар өнерін қала құрылысына жұмсайды.
Қала халқының рухани деңгейі мен белсенділігі жоғары, өйткені қала тұрғындары кәсіптік іс - әрекетпен белгілі уақытта, белгіленген мөлшерде айналысады. Оның жұмыстан бос уақыты мол, өзін - өзі дамытуға мүмкіндігі бар. Бос уақытында өзі ұнатқан ісімен айналыса алады, кітап оқиды, білімін тереңдете алады.
Ауыл немесе селоның өзіндік ерекшеліктері бар. Ауыл адамдары ашық – жарқын, қонақ – жайлы, еңбекқор. Ауыл тіршілігі адамдардан үлкен табандылықты, жігерді қажет етеді. Күні – түні еңбек етуге тура келеді.
Ауыл адамдары білім, өнер көздерінен тікелей нәр ала алмайды. Сондықтан олардың рухани деңгейі жалпы қалаға қарағанда төмен болуы мүмкін. Бірақ мұны біржақты түсінуге болмайды. Ауыл өмірінің жанға жайлы қарапайым ритмі адамдарға жақсы әсер етеді.
XX ғасырда қала мен ауыл айырмашылығы бірте – бірте жойыла бастады. Бұл процесс қала типтес поселкалардың пайда болуымен кең өріс алды. Қала мен село тұрғындары бірыңғай технологиялық әдіс арқылы өндірісті игере бастады.
Жалпы қалалық өмір деңгейінің өріс алуы – урбанизация деп аталынады.
Қазақстанда адамдардың қалада шоғырлануы өсе түсуде. Мысалы, Алматыда 1939 жылы 220 мың халық тұрса, бұл күндері ол 1,5 млн. тұрғыны бар үлкен қалаға айналып отыр. Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шымкент қалаларының тұрғындары 2 – 3 есе өсті.
Адам қалада тұрсын немесе ауылда күнелтсін, бәрібір ол белгілі бір топтың немесе таптың өкілі.
Таптар дегеніміз – адамдардың қоғамдық өндірістің белгілі бір жүйесінде алатын орнына, өндіріс құрал – жабдықтарының қатынасына, еңбекті қоғамдық жолмен ұйымдастырудағы рөліне қарай, яғни қоғамдық байлықтан алып отырған үлесінің мөлшеріне және ол үлесті бөлу әдістеріне қарай жіктелетін үлкен топтары. Бұл анықтаманы «Философиялық сөқздіктен» алып отырмыз.
Латын сөзі «classis» топ, жік, класс дегенді білдіреді. Қоғам дамуының алғашқы кезеңінен бастап – ақ, онда әртүрлі топ өмір сүрген. Класс, тап туралы жүйелі ілім марксизм философиясында жасалды. Оның туындауының тарихи негізі – капиталистік қоғам. Өйткені, капитализмде қоғамдық қарым – қатынастар жүйесі кәдімгідей жеңілдеді, соның нәтижесінде тапқа тән белгілер дараланып, көріне бастады. Қазіргі замандағы тап теориясында оның көрнекті екі бағыты көзге түседі: маркстік және либералды – демократтық.
Маркстік теорияда таптың негізгі белгісі ретінде адамдардың өндіріс құрал – жабдықтарына меншіктік қарым – қатынасы алынады. Таптың экономикадағы жағдайы оның басқа да – саяси, құқықтық, идеологиялық, әлеуметтік, адамгершілік, мәдени жағдайын анықтайды.
Батыстың өркениетті елдерінде кең тараған либералды – демократиялық ілім бойынша да тапқа бөлудегі белгі – экономикалық болып табылады. Бірақ оның марксизмнен айырмашылығы, ол негізгі емес, екінші қатардағы фактор болып табылады. Бұл жерде, ең алдымен, кіріс көлемі есепке алынады. Кірісінің көлеміне қарай таптар жоғары, орташа, төменгі деп бөлінеді.
Жоғарғы тапқа, яғни байлар табына миллионерлер мен миллиардерлер жатады. Бұлар – сауда, финанстық - өндірістік буржуазияның өкілдері. Сан жағынан көлемі өте аз. Әртүрлі елдерде олардың саны 0,25 пайыздан 1 пайызға дейін болады.
Орташа тап саны жағынан өте көп. Оған әртүрлі меншік иелеріне, яғни мемлекетке, буржуазияға, әртүрлі қорларға жалданып еңбек ететін адамдар кіреді.
Төменгі тапқа табыстары күн көру минимумінен әлдеқайда төмен адамдар жатады. Бұлар мүгедектер, пенсионерлер, бомждар, тентіреп жүргендер. Батыс елдердің ғалымдарының пікірі бойынша, төменгі тап сан жағынан жоғары тапқа сәйкес келеді.
Мемлекет салық саясаты мен қолында бар басқа да тетіктерді пайдаланып кіріс бөлісуді реттеп отырады, сондықтан да таптар арасындағы айырмашылық ашық антагонизм дәрежесіне көтерілмейді.
Қазақстан әлеуметтік жүйесінде күрделі өзгерістер пайда болуда. Айналасы 3-4 жылдың ішінде Қазақстанда бұрын болмаған таптар пайда бола бастады. Бұлар – кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, жеке меншік фирмалардың, дүкендердің, ресторандар мен қонақ үйлердің иелері т.б. Кеңес өкіметінен қалған таптар мен әлеуметтік топтардың жағдайы күрт өзгерістерге ұшырады. Қоғамда жіктелу процесі өте үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Қазақстанда меншік иелері табы қалыптасуда. Бұл республикадағы маңызды жаңалық. Мұның өзі экономикалық сипатының өзгергенін көрсетеді.
Нарықтық экономика әлеуметтік жүйені түбірлі өзгертеді. Меншіктің жаңа түрлері – жеке, корпоративті, акционерлік, коллективтік, жартылай жеке, жартылай мемлекеттік болып қалыптасуда. Оның иелері – кішігірім, орта кәсіпорындардың, сауда үйлерінің, акционерлік компаниялардың өкілдері.
Республикада шетелдермен бірлескен компаниялар да жұмыс істей бастады. Сөйтіп Қазақстанда меншік иелері табы қалыптасуда. Бірақ оның саны әлі аз, жағдайы тұрақты емес.
Олардан басқа мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындардың, ұйымдардың, банкілердің, министрліктердің қызметкерлері бар. Олар тек жалақы алады. Әрине, жалақы тек қарапайым ғана мұқтаждықты қанағаттандыра алады. Сондықтан адамдар жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болды.
Қазақстанның қазіргі жағдайында әлеуметтік мобильдік жиі орын алып отыр. Жұмысшы немесе қызметкер кәсібінің өсіп, жаңа мамандық алуына байланысты басқа тап немесе топқа өтеді. Өндірістің тоқтап тұруына байланысты көптеген адамдар өзінің байырғы мамандығымен жұмыс істей алмайды. Сондықтан ол екінші мамандық алуға тырысады. Байырғы үйреншікті жұмысын жоғалтқандардың көбісі қызмет ету жағына ауысуда. Қызмет көрсету саласының көлемі көбейе түсуде. Мұның себебі, қонақ үйлер, дүкен, мода үйлері, дене шынықтыру комплекстері, казино, санаторий сияқты адамдарға әртүрлі қызмет көрсететін объектілердің қатары өсе түсуде.
Қоғамның нарықтық қатынастарға бет тұра бастауы әлеуметтік кесел – жұмыссыздықты тудырды. Экономикалық жағынан тиімсіз кәсіпорындардың жабылып қалуы жұмыссыздардың санын көбейте түсті. Бірақ адамдар қарап отырған жоқ. Сауда – саттық жасап, қажет жерінде өзінің еңбегін сатып күн көріс жағдайын жасауда. Ауылды жерлерде тұратын азаматтар өзінің жекеменшік шаруашылығына еңбек етіп, малын бағып, өзін - өзі асырап отыр.
Көптеген дамыған елдер орта тап қоғамын құрамыз деп жариялады. Орта тап – деген ұғым қоғамдық ғылымдарға XX ғасырдың басында еніп, батыс елдеріне насихаттала бастады. Бұл топқа алғашқы кезде дәрігерлер, адвокаттар, кәсіпкерлер, фермерлер, кейбір кәсіпкер жұмысшылар жатқызылды. Бүгіндері бұл таптың шекарасы кеңейтіліп, бұған 10 мың мен 100 мың доллар арасында табысы бар адамдар енгізіді. Бұл топтың негізі белгісі – экономикалық көрсеткіш. Қазір орта тапқа қоғамның барлық стратының өкілдері кіре алады. «Орта тап» теориясы батыс қоғамында адамдардың көпшілігі табысты және ықпалды деген пікірді дәлелдеуге бағытталған. Америка Құрама Штаттары, Англия өздерін орта тап қоғамымыз деп жариялады.
Қоғам өміріндегі қазіргі қиындықтарға қарамастан Қазақстан да өркениетті ел. Оның кәсіпкер мамандары, ғылымы, мәдениеті, бай шикізат қоры, көптеген елдермен жан – жақты байланысы бар. Сондықтан Қазақстанда да орта тап қалыптасуына жағдай жасалынатынына сенуге болады.
Қоғамның әлеуметтік жүйесінде білім беру, білім алу да маңызды роль атқарады. Білім – қазіргі өрлеудің, тұрақты дамудың негізі. Білім жүйесінің әлеуметтік функциясы терең және қомақты. Өйткені ол - әлеуметтік ауысулардың негізгі құралы. Жоғары білім алған жұмысшы интеллигенция қатарына, ал менеджерлік дайындықтан өткен инженер басқарушылар тобына өтеді. Сонымен қатар, білім - әлеуметтік құрылымның нақты түрлерінің қайтадан пайда болуының негізгі шарты. Арнайы дайындықсыз, білімсіз дәрігердің, педагогтың, инженердің орнын басуға болмайды. Білім арқылы адамдар белгілі бір әлеуметтендіру процесінен өтеді, белгілі әлеуметтік рөлді орындауға мүмкіндік беретін дағдылар мен бейімделулерді үйренуге болады.
Білімнің мәдени функциясы ұлттық мәдениетті сақтап, ұрпаққа жеткізуінен көрінеді. Білімсіз мәдениет болмайды, ол оның негізін құрайды.
Лекция
Дата добавления: 2015-01-21; просмотров: 2191;