Философиялық антропология
Онтологияның антропологиямен байланысы. Философиядағы адамның негізгі бейнелері. Микрокосм жене макрокосм. Антропоцентризм феномені. Тәнилік пен руханилықтың гармониясы. Тән мен рухтың антиномиясы. Өмір мен рух үйлесімін іздестіру формалары. Адам өмірінің бірегейлігі. Өмір құндылық және аса қымбат тарту есебінде. Өмір алдыңдағы игі көңіл-күй. Өмірдің мағынасы. Рахатқа бату бақыты адам өмірінің мән-мағынасы ретінде. Өмірдің адамгершіліктік мағынасы: дін мен философияның тәжірибесі. Бақыт феномені.
Гректің антропос – «адам» және логос «ілім» сөзінен құралған, антропология дегеніміз – адам туралы ғылым.
Антропология адамның табиғи құрылысын, оның бейімдері мен дағдысын, тілін, өнерін, діні мен өркениетін зерттейді.
Антропологияның үш маңызды бағыты бар. Біріншісі, адамның табиғаттағы орнын қарастырып, басқа тіршілік иелерінен айырмашылығын анықтайды. Осы мақсатта адамның табиғи қасиеттері мен дамуының, өркениетінің өзара байланысына назар аударады.
Екіншісі, адамның нәсілдерін анықтап, жүйелеумен тығыз байланысты. Ол этнология деп аталады. Алғашқы адамдардың қаңқасы мен бассүйектерін қазіргі адамдармен салыстыра отырып, әртүрлі халықтар мен нәсілдердің дәстүрлері мен дінін зертейді. Сөйтіп, әр халықтың өзіндік тарихи, мәдени ерекшеліктерін анықтайды.
Үшінші бағыт антропометрия деп аталады. Бұл ғылым адамның табиғи өлшемдерін бойын, салмағын, әртүрлі нәсілдің өкілдерінің сүйектерінің көлемін зерттейді.
Адам - философияның өзекті, байырғы және өте маңызды мәселесі. Философияның адам мәселесін арнайы зерттейтін бөлігі антропология деп аталады. Оның негізгі сұрағы – «Адам дегеніміз не» мәселесі. Адам туралы толық мәліметті пәнаралық зерттеу аясында көптеген ғылымдардың көмегімен жинақтауға болады. Сондықтан да соңғы жылдары адамтану ғылыми танымның ерекше саласы және оқу пәні ретінде жеке қарастырылады. Философия адамды тиянақты, бүтін, біртұтас жүйе деп анықтап, барлық мәндік қасиеттері мен құбылыстарының өзіндік рухани – практикалық іс - әрекетінің жүйесі ретінде, көпжақты, әмбебап жан етіп көрсетеді.
Адамның табиғаты мен мәні туралы сұрақ философия тарихындағы барлық ілімдерде бар. Адам проблемасын философиялық зерттеудің негізгі өзегі етіп қарастыратын экзистенциализм, персонализм және философиялық антропологияны қоспағанның өзінде психоанализ, герменевтика, структурализм, аналитикалық философия, социобиологияда адам тақырыбы көрнекті орын алып отыр. Мұның өзі тек жай ғана кездейсоқтық немесе ұқсастық емес. Қазіргі уақытта Адам төңірегіндегі мәселелердің алдыңғы қатарға шығып, әлемнің барлық түпкірінде өзекті мәселеге айналуы, ең алдымен, нақты индивидтің күнделікті өмір сүруінен кездесіп отырған жағдайдан туындап отыр. Ядролық қару – жарақтың күннен – күнге көбейе түсуі, табиғи ортаның бұзылуы адамдарды өте бір қиын сын сағатына әкеліп, апырау, осы адамзаттың ертеңгі күні не болмақ деген үрейлі сұрақтарды жиі – жиі туғыза түсуде.
Генетикалық инженерияның даму бағыты, әртүрлі органдарды трансплантация жасау мүмкіндіктері адамның биологиялық табиғаты туралы үйреншікті көзқарастарды өзгерте түсуде. Сонымен қатар, адам биологиясының біз білмейтін қаншама терең сырлары бар екендігінде де күмән жоқ. Адамның өзін - өзі басқаруы, яғни психологиялық мәселелер де бой көрсетуде.
Философиялық антропологияның басқа ғылымдардан айырмашылығы, ол адамды жалпы дүниетанымдық тұрғыдан зерттейді.
Жалпы, біртұтас, іргелі антропологиялық мәселелерді қарастыра отырып, адамның мәнін, өзіндік ерекшелігін түсіндіреді.
2. Адамның қалыптасуы туралы әртүрлі концепциялар.
Философия адамды таңғажайып тірі Жан деп қарастырады. Адамның табиғаты мен мәні, оның өмір сүруінің мағынасы мен мақсаты аса күрделі дүниетанымдық мәселелер болып табылады.
Адам феноменінің мәні мен қалыптасуын түсіндіруде әртүрлі дүниетанымдық көзқарастар орын алған.
Жаратылыстану ғылымы адамды жер бетіндегі себептердің, яғни материяның дамуының нәтижесі, салдары деп түсіндіреді. Оның қалыптасуының маңызды алғы шарттары - еңбек ету мен сөйлеп үйрену. Еңбек ету дағдысы, яғни табиғатты арнайы құралдармен өңдеу мүмкіндігі, адамның жер бетіндегі тірі жандардың бірі болып қалуына, дамуына жағдай жасады.
Адам игілікті дүние құбылыстарын өзара сабақтастырып жатқан ең басты тұлға ретінде көрінеді. Рухани өмір ағымына ол табиғаттың ең биік сатысынан қарайды.
Адам қандай қиыншылықтарды бастан кешірсе де, бәрібір өз қолымен, ақыл – ойымен әлемді жасандырып, тіршілік көркіне үстеме мән дарытып, сонымен бірге еңбек құдіретімен өзі де өзгеріп, өркениетті заманның ізгілікті бір белесінде өмір сүріп отыр. Демек, еңбек адам баласының табиғатқа қатынасын айқындайтын күретамыр, әрекет өрісі болып табылады.
Әлеуметтік антропогенез теориясы Адам бұдан 30-40 мың жылдар бұрын қалыптасты деп есептейді. Жалпы Адам тарихы 3 млн. жылды қамтиды. Ол алғашқы Орталық Африкада пайда болып, кейіннен жер шарының барлық түкпіріне тарады.
Н.Н.Моисеев «әмбебап эволюционизм» теориясын жасады. Оның идеяларының бастауын В.И.Вернадский мен Н.Ф:Федоров еңбектерінен табуға болады. Моисеев адамды жер мен космостың қасиеттері жиынтығының өзара тоғысуының нәтижесі деп қарастырады. Адамның қалыптасуымен материя өзін - өзі түсініп, даму заңдылықтарын білім арқылы бақылауға мүмкіндік алды. Тіршілік пен адамның қалыптасуы - әлем тарихындағы ең үлкен төңкеріс.
Ақыл – ой пайда болғаннан бастап, әлемнің дамуы саналы сипатқа ие болды. Адамның ойлау қабілетінің негізгі ошағы – ми дамып, жетіле түсті. Әр түрлі іс - әрекеттердің іске асу жолына емін еркін араласып, оның бағытын өзгерте алатын ерік пайда болды. Ақпарат пен тәжірибені сақтап, оны қорытып, керек уақытында тауып беріп отыратын ес қалыптасты.
Адам табиғат шындығына бойлай отырып, оның «адамға тәуелсіз өз ерекшелігін» (Герцен) танып білу деңгейіне көтерілді.
Сөйтіп, әлеуметтік организмнің ең нәзік бөлшегі, жаңа Адам әлемі – мәдениет әлемнің бастауы, адамның рухани әлемі қалыптасты. Адамның даму эволюциясында екі қарама – қарсы бағыт қалыптасты. Бірінші – сыртқы дүние туралы білімнің өсе түсуіне негізделген оның өзіндік еркіндігі, құрал – саймандар мен мәдениеттің дамуы. Екіншісі – адамның өз қолымен дамып отыратын екінші табиғаттың күрделене түсуіне байланысты оған оның бағыныштылығының арта түсуі.
Әлем халықтарының фольклорында Адам мен әлемнің қалыптасуы туралы әртүрлі тұжырым бар. Мәселен, эскимостардың айтуынша, Адам жерден соғылған, құстардың көмегімен бүкіл дүниеге тараған. Кейбір рулардың пікірінше, Адам тастан немесе ақ, қызыл, қоңыр қиыршықтардан пайда болған. Осы көзқарастардың бәріне ортақ идея – ол әлемді жарататын сыртқы күштің болуы.
Тейяр де Шарден «эволюциялық мәре» теориясын ұсынды. Ол Адам мен әлемнің пайда болуын түсіндіру үшін ғылым мен дінді, ақыл – ой мен мистиканы өзара біріктіруге тырысты. Тейярдың ойынша, әлемнің тарихы – оның ұдайы күрделене түсуінің және саналылыққа ұмтыла түсуінің тарихы. Осы тарихи процесте әлем дамуының белгісіз бір бағыты, косомстық діңгек қалыптасты. Соның аясында тіршілік пен сананың негізгі болатын Жер рухы пайда болады.
Осының нәтижесінде туындаған Адам өзінің даму эволюциясында ең соңғы нүктеге, яғни «Омега нүктесіне» жетуге ұмтылады. Философтың ойынша, «Омега» нүктесі эволюцияның аяқталып, сүйіспеншілік негізінде бір – біріне ұмтылатын жалпы бірігу мен әлемдік гармонияның бастауы болып табылады. Бұл әлем бөлшектерінің бірін – бірі іздестіріп, өзара гармонияда бірігуі. Омега нүктесі - Әлем мен Адамзаттың болашағы, эволюцияның ең жоғарғы полюсі. Онда барлық индивидтер мен халықтардың өзара келісуі болады. Барлығы сүйіспеншілік арқылы бірігеді. Православие дінінің көрнекті уағыздаушысы. А.Меньнің пікірінше «Адамның әлемдегі орны туралы тейярдизм ілімін», «оптимистік мәре» деп атауға болады. Омега нүктесі – бұл жарық.
Тейярдизмге жақын идеялар орыстың көрнекті философы, суретші Н.К.Рерих шығармашылығында көрініс тапқан. Адам – Жер мен Космостың өзара кездесуі болып түратын ерекше нүкте. Әлемдік құбылыс ретінде адамның өзі де толық игеріп болмаған керемет космостың энергияның иесі болып табылады.
Адамның жаралуы туралы аңыздар көп, оны жерде мекендеп отырған барлық халықтың әдебиетінен қиналмай-ақ табуға болады. Қытайдың ерте замандағы «Әдет – ғұрып естеліктері» деген көне жазбасында осы жайлы былай жазылған: «Дүние жаралған шақта Адам баласы әлі жаратылмаған еді. Hola (жаратушы) адамның тұрқын сары топырақтан жасаған. Ол жалғыз өзі ештеңе тындыра алмайтын болған соң тұрған арқанды балшыққа тастай салады. Содан соң құдіреттің күшімен сол арқанға Жан бітеді де, адамға айналады».
Біз атап өткен ілімдердің барлығы Адам мен табиғаттың бірлігін мойындайды. Адам табиғаттың өз жемісі, оның даму эволюциясы нәтижесінде қалыптасты.
Дата добавления: 2015-01-21; просмотров: 2962;