Аударма процесіндегі трансформалау әдісі

 

Аударма объектісі дерексіз жүйе емес, осыған орай нақты тілдік мәтін екеніне назар аударып, зейін қойып отырған жөн. Аудармашының жұмысы осы нақты мәтіннің тіліне байланысты істелетін нақты әрекеттерден тұратынын дәйім ескеріп отырған ұтады. Ол нақты әрекеттер қандай? Ендігі сөз солар туралы.

Аудармада бара-барлыққа жету аудармашыдан әрқилы тіларалық өзгертулер жасай білуді талап етеді. Мұндай өзгертулер аударматануда трансформалау (трансформация) деп аталып жүр. Мұндай трансформалаулар көбінесе түпнұсқа тіліндегі хабар, мағлұматтарды, ақпаратты, мазмұнды аударма тіл нормаларын сақтай отырып жеткізу мақсатына бағындырылады.

Ал осы деңгейлердегі аударма процесінде қолданылатын техникалық әдістердің негізгілеріне төмендегілер жатады:

1) орын тәртібі (сөйлем құрылысындағы сөздер мен сөз тіркестерінің орын тәртібі);

2) ауыстыру (сөздерді, сөз таптарын, сөйлем мүшелерін ауыстыру; құрмалас сөйлемдегі синтаксистік ауыстырулар; тілдік және контекстік нақтылау; генерализация; антономиялық аударма; компенсация);

3) қосу;

4) түсіру [1, 190-231-бб.]. Осы негізгі техникалық әдіс-тәсілдерді қолдану шеберлігіне қарай аударма түпнұсқаға дәл келмейтін (недоперевод) және түпнұсқадан әлдеқайда артық (көркем, түсінікті, әсерлі, ғылыми) көрінетін (сверхперевод) нұсқа ретінде бағаланады.

Бұлай бөлуді, айта кету керек, шартты бөлу деп санаған дұрыс. Өйткені көбіне бұлар аудару үстінде бір-бірімен қоса жарыса, бірігіп, араласып келіп отырады.

1. Орын алмастыру. Бұл – аудару үстінде түпнұсқа тілдегі элементтердің орналасу тәртібін аударма мәтінде өзгертіп жіберу. Алмастырылатын, әдетте, сөздер, сөз тіркестері, құрмалас сөйлемдерді құрастырушы сыңарлардың орын тәртібі, дербес сөйлемдердің тіркестегі орны.

Аудару үстінде неғұрлым көп кездесетін жайт – түпнұсқа мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестерінің орын тәртібінің аударма мәтінде өзгеріске ұшырауы. Мысалы, орыс тілінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі еркін, ал қазақ тілінде қалыптасқан, тұрақты. Бір мысал:

 

Не послушался стрелец своего коня, поднял перо жар-птицы, привез и подносит царю в дар. Мерген тұлпардың айтқанына көнбепті, зымыран құстың қауырсынын әкеп, патшаға тартыпты.

 

(Ауд. – М.Әлімбаевтікі). Бұл аудармада орын алмастыру бір сөйлемнің ішінде болып тұр.

Кейде түпнұсқада белгілі бір сөйлемде тұрған сөзді аударма мәтінде бұл сөйлемнен келесі бір сөйлемге көшіріп аударуға тура келеді. Мысалы:

 

Мен базардан сатып алған телпекті кидім. Бұл – ұзын күнқағары бар, аңшының қызыл телпегі еді. Я надел красную шапку, которую утром купил в базаре. Это была охотничья шапка, с очень-очень длинным козырьком.  

Бұл аудармада орын ауыстыруға мүмкіндік беріп тұрған нәрсе – телпек сөзінің екі сөйлемде де қайталануы.

Құрмаластың компоненттерінің аударуда орын өзгертуі – заңды құбылыс. Бір мысал: Я в отчаянье, если бы Вы на то не согласислись. Егер сіз бұған келіспесеңіз, мен өкініп қалар едім.

Түпнұсқа мәтін құрамындағы аяқталған сөйлемдердің аударма мәтінде орын тәртібінің, яғни мәтіндегі орнының өзгеруі немесе басқа абзацқа көшуі мүмкін. Бұған мысалды М.Әуезовтің Джек Лондонның «Волк» әңгімесін аударуынан келтіруге болады: Аударма мәтіндегі ең алғашқы тұрған екі сөйлем:

–Қасқыр! Қасқыр! Кә! Кә! Қасқыр! - деп Медж итін шақырып тұр еді. Ирвин екі саусағын аузына сұғып тұрып, қатты ысқырып жіберді.

Мұндағы бірінші сөйлем түпнұсқада алтыншы абзацта тұр:

–Волк! Волк! Сюда! - позвала Медж.

Ал екінші сөйлем сегізінші абзацта тұр:

Ирвин сунул себе в рот оба мизинца, и его пронзительный свист присоединился к зову Медж.

Бір қараған адамға бұл ауыстыруда мән жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ аудармашының байқампаздығы сонда, ол кейінгі сөйлемдегі «... свист присоединился к зову Медж» деген бөліктің қасқырды шақырумен ілесіп тұруының заңды екенін, аударма мәтінге табиғилық сипат беретіндігін жасампаздықпен түйсінген (Бұл айғақтар Джек Лондонның Алматы, «Жалын» баспасынан 1991 жылы «Екі тілде еркін сөйлейміз» айдарымен шыққан «Қасқыр–Волк» атты кітабының 1, 2-беттерінен алынды).

2. Ауыстыру. Түпнұсқа мәтіндегі сөз формаларын, сөз таптарын, сөйлемшелерді, синтаксистік байланыс түрлерін т.с.с. ауыстыру.

Кейде түпнұсқаның сөйлеміндегі нақты атаулар аудармада есімдік арқылы беріледі, кейде керісінше болуы да мүмкін. Бұл – бір сөзді қайталай бермеу мақсатынан туған әрекеттер болады.

Түпнұсқадағы зат есім аудармада етістік түрінде беріле алады. Мысалы: Свист его сильным. – Ол қатты ысқырды. Бұл жерде «оның ысқырығы қатты болды» деп аударса, түпнұсқа мәні өзгеріп, оны қазақша «ашуы қатты болды» деп екіұшты түсініп қалуымыз мүмкін.

Орыс тілінен қазақ тіліне аударуда сын есімдердің зат есімге ауысып отыруы – жиі кездесетін құбылыс. Мысалы: Английское Правительство. – Ағылшын Үкіметі; серебряная ложка – күміс қасық; мамино пальто – шешемнің пальтосы т.с.с.

Кейде орыс тіліндегі предлогі бар зат есімдер қазақ тіліне сын есім түрінде де беріледі. Мысалы: Девушка из города. – Қалалық қыз; человек с характером – мінезді адам т.с.с.

Сөйлем мүшелерін ауыстыру. Ауыстырудың бұл түрі орыс тілі мен қазақ тілі мысалында алсақ, мынадай тұстарда кездесетінін байқадық: Книга прочитана мною. – Мен кітапты оқып шықтым. Бұл аударуда толықтауыш бастауышқа ауыстырылып тұр, өйткені ырықсыз (пассив) құрылым қазақ тіліне сол түрде аударылмайды.

Орыс сөйлеміндегі пысықтауыш қазақ тіліне бастауыш түрінде аударыла алады. Мысалы: В комнате стояла жара. – Бөлме қапырық болып тұр еді. Бұл ауысуға себеп — орыс тіліндегі бастауыш пен баяндауыштың арасындағы мағыналық байланыс, қатынас қазақ тіліне сәйкес келмеуінен.

Сөйлем мүшелерін ауыстыруда сөйлемдегі коммуникативтік мүддені еске ұстаған жөн болар еді. Мәселен, У них был долгий, душевный разговор деген сөйлемді былайша екі түрде аударуға болар еді: 1) Олар ұзақ, шын жүректен әңгімелесті; 2) Олардың әңгімесі ашық та ұзақ болды. Егер түпнұсқа авторы әңгіменің «өткендігіне» ден қойып отырған болса, бірінші нұсқа дұрыс болар еді де, ал егер өткен әңгіменің сипатын көрсетуді мақсат тұтса, екінші нұсқа ұтымды болып шығар еді.

Құрмалас сөйлем көлеміндегі ауыстырулар. Құрмалас сөйлем құрылысына байланысты синтаксистік трансформалаулардың төмендегідей түрлері орыс тілінен қазақ тіліне аудару процесінде жиі кездеседі екен:

1. Жай сөйлемді құрмалас сөйлем етіп аудару;

2. Құрмалас сөйлемді жай сөйлем етіп аудару;

3. Басыңқы сөйлемді бағыныңқы етіп немесе бағыныңқыны басыңқы етіп аудару;

4. Сабақтастық байланысты салалас байланыс етіп немесе салалас байланысты сабақтас байланыс түрінде жеткізу;

5. Жалғаулықты байланысты жалғаулықсыз етіп не, керісінше, жалғаулықсыз байланысты жалғаулықпен жеткізу.

Бұл трансформалаулардың бірінші түрі орыс тілінен қазақ тіліне аударуда өте сирек кездесетіні, ал қазақ тілінен орыс тіліне аударуда жиі кездесетіні байқалады. Мысалы: Тың жерді игерудің не екенін білемісің? – Ты знаешь, что такое освоение целины? (М.И.)

Құрмалас сөйлемді жай сөйлем етіп аудару орыс тілінен қазақ тіліне аударуда молынан кездеседі, әсіресе, орыс тіліндегі «который», «что» т.с.с. жалғаулықтар арқылы байланысқан құрмалас қазақ тіліне көбіне жай сөйлем түрінде жеткізіледі. Мысалы: В моей небольшой библиотеке сохраняются лишь те книги, к которым я постоянно возвращаюсь (О.Сулейменов. Аз и Я). – Менің шағын кітапханамда мен әрқашан қайта қауышып отыратын кітаптар ғана сақталады (аударма менікі – Ж.Ж.); Что волки жадны, всякий знает (И.Крылов). – Қасқырдың қомағай екенін әркім біледі (аударма менікі – Ж.Ж.); Уединенный дом, куда мы переехали, стоял в глубине тенистого сада (Чехов). – Біз көшіп кірген оңаша үй бақтың ең түкпірінде тұратын еді (аударма менікі – Ж.Ж.).

Сөз етіп отырған трансформалаулардың ерекше бір түріне түпнұсқадағы құрмалас сөйлемді мүшелеп бірнеше жай сөйлем етіп аудару да жатады. Бұған мысал ретінде М.Әуезовтің Л.Толстойдың «После бала» атты әңгімесінен аударғанын келтіруге болады: Дождавшись начала мазурочного мотива, он бойко топнул одной ногой, выкинул другую, и высокая, грузная фигура его то тихо и плавно, то шумно и бурно, с топотом подошв и ноги об ногу, задвигалась вокруг залы. – Мазурка күйінің басы бастала бергенде, ол бір аяғын екпінмен тарс еткізіп, екіншісін соза бастады. Зор, ауыр денесі кейде жай, кейде қалқып, кейде құлшынып, екіленіп кетеді. Бір аяғын бір аяғына соғып немесе табанымен тақтай теуіп, зал бойымен жылжып берді. Мұнда бір құрмалас сөйлемді үш жай сөйлем етіп берген.

Басыңқы тұрғының бағыныңқыға ауысуы. Бірден мысалдан бастайық: Разошлись по домам после того, как отряд остановился в центре города и начал размещаться по квартирам (Н.О.). – Отряд қалашық орталығына келіп пәтерлерге орналасуды бастаған соң, үйді-үйлеріне тарады.

Бұл құбылыс, әрине, сирек кездеседі, дегенмен синтаксистік түзілімнің терең мағынасын білу – аудармашының парызы.

Сабақтастық байланысты салаластық байланысқа ауыстыру. Қазақ тілінде сабақтас құрмалас сөйлемнің сыңарлары жалғаулық арқылы байланыспайтыны белгілі. Жалғаулық арқылы байланысу қазақ тілінде салалас құрмаласқа тән. Ал орыс тілінде сабақтас құрмалас сөйлемнің арнайы жалғаулықтары бар. Орыс тіліндегі осы сипаттас құрмалас сөйлемдердің кейбірі қазақ тіліне аударғанда салаласқа ауысып кетеді. Мысалы: Она была настолько красива, что никто не пытался за ней ухаживать (Д. Гранин). – Оның сұлу болғандығы сондай, оған қырындауға ешкім бата алмайтын.

Жалғаулықты байланысты жалғаулықсыз байланысқа ауыстыру. Қазақ тілінде жалғаулық арқылы салалас құрмалас сөйлемді құрайтын сыңарлар ғана байланысады, оның өзінде жалғаулықты сөйлемдер арасындағы мағыналық қарым-қатынасты анықтауда бірден-бір қызметті жалғаулықтар ғана атқармайды.

Жалғаулық қатыспай тұрып та, құрмалас сөйлемнің компоненттерінің арасындағы мағыналық қатынастарды контекст көмегімен ажыратуға болады. Ал орыс тілінде жалғаулықтар құрмаластың компоненттері арасындағы мағыналық қарым-қатынастарды айқындап тұрады. Осы себепті орыс тіліндегі жалғаулықты байланысты қазақ тіліне жалғаулықпен жеткізу міндетті емес.

Лексикалық аудару. Бұл трансформалық әрекет аударманың лексикалық мәселелерімен тікелей байланысты және сол бөлімде айтылуға тиісті. Дегенмен бір ғана мәселені көрсете кету керек.

Қандай да болмасын екі тілдегі балама сөздердің мағыналық ауқымы, жүгі әртүрлі болады, соған байланысты түпнұсқа тіліндегі кең мағыналы сөздерді аударуда нақтыландыруға тура келеді немесе, керісінше, түпнұсқа тілдегі тар мағыналы сөзді аударуда кең мағыналы сөзбен беретін жайттар болады. Мұның бірінші тәсілін — нақтыландыру (конкретизация), екінші тәсілін жалпыландыру (генерализация) деп атайды.

Шендестіре аудару (Антонимический перевод). Шендестіре аудару дегеніміз — түпнұсқадағы болымды мағынаны болымсыз түрмен я, керісінше, болымсыз мағынаны болымды түрмен жеткізу. Мысалы: 1) Я серьезно говорю. – Мен ойнап айтып тұрған жоқпын. 2) Вспомнил я об этом, когда мы уже проехали почти весь парк. – Мен мұны бақтан өткенше есіме түсірмеппін. Болымдыны болымсыз түрмен жеткізуге мысал: Астронавты вернутся на землю не раньше, чем февраля. – Астронавтар ақпан болмай жерге оралмайды.

Компенсация (өтеу, орнын толтыру). Бұл тәсіл түпнұсқа тілдегі белгілі бір элементтердің аударма тілде дәлме-дәл баламасы болмауына байланысты аудармашының оны басқаша тәсілдермен және сол сөйлемнің ішінде емес, мәтіннің басқа бір жерінде түпнұсқа сөзінің орнын толтыруға қызмет етеді. Мұндай жағдайда кейбір сөз суреттеле, сипаттала аударылуы мүмкін.

3. Қосу. Кейде түпнұсқа тілдегі құрылымда белгілі бір сөздің не элементтің айтылмай тұруы, көрінбей тұруы мүмкін. Ал аударуда сол элементті көрсетуге тура келетін жайттар болады, міне, осыған байланысты қосу тәсілі пайдаланылады. Мысалы: Слава народам Казахстана! – Қазақстан халықтарының даңқы арта берсін! Решения сессии – в жизнь – Сессия шешімдерін жүзеге асырайық.

Қосуға байланысты тағы бір байқалғаны – аударма мәтін оқырманының түпнұсқадағы берілгендер туралы хабары болмауы. Мәселен, Олар Припятьке таяды деген сөйлемді осы тәсілмен Олар Припять өзеніне таяды деп беру ұтымды болуы мүмкін, өйткені қазақ оқырманы «Припятьтің» өзен, қала, әлде село екенін айыра алмауы ықтимал. Тағы бір мысал: Ол шіркеуге баратын күні келді. –Ол жексенбіде, шіркеуге баратын күні, келді (Христиандардың шіркеуге жексенбі күні баратынын қазақтың бәрі біле бермейді).

4. Түсіріп тастау. Бұл – мәні жағынан қосуға қарсы тәсіл. Аудару үстінде түпнұсқадағы мағыналық тұрғыдан басы артық сөздер, оларды алып тастаса да, мағына-мазмұнды өзгеріске ұшыратпайтын, тым болмаса, нұқсан келтірмейтін сөздер түсіріліп тасталуы мүмкін.

Мұндай басы артық сөздер плеоназм құбылысына байланысты болатыны байқалады. Мысалы, орыс тілінде «каждая минута времени», «в апреле месяце», «промышленная индустрия» сияқты тіркестер қолданылады, бұларды ыңғайына қарай, контексті есепке ала отырып, «әрбір минут», «сәуірде», «өнеркәсіп» деп аударуға да болады, өйткені минут сөзінің өзі уақытты білдіреді, ал «апрель» ай аты екені мәлім, «промышленность» пен «индустрия» сәйкес ұғымдарды береді.

Келесі бір кездесетін құбылыс – орыс тілінің сөйлеміндегі кейбір сөзді қазақ тілінде көрсету міндетті болмай қалады. Мысалы: Солдаты остановились у дома, хозяйн встретил их. – Солдаттар үй жанына келіп тоқтады, үй иесі қарсы алды.

Қазақ тілі синтаксистік құрылысының бір ерекшелігі сол, салалас құрмалас сөйлемді құрастырушы сыңарлардың жалғаулықты, жалғаулықсыз болуы көбіне мағына өзгерте бермейді. Ал орыс тілі синтаксисі үшін бұл – ұстанымдық қағидат. Сондықтан орыс тіліндегі кейбір жалғаулықтарды аудармай-ақ түсіріп тастауға болады. Мысалы: Пошла ба и она влес, но детей не с кем оставить. – Ол да орманға барар еді, балаларды қалдырып кетер ешкім жоқ. Байқап отырғанымыздай, орыс тілінде қарсылықты мағына жалғаулық арқылы айқындалып тұр, ал қазақ тілінде жалғаулықсыз-ақ бұл мағына айқын көрініп тұр.

Қалай десек те, аударманың нәтижелі болуы аудармашының тілдік білімі, аялық білімі, контексті түйсінуі, филологиялық білім мен шығармашылық талантына байланысты болатыны даусыз.

 








Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 7043;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.017 сек.