Дәріс. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауды маркшейдерлік қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасының мұнай және газ кенорындарын өндірудің бірыңғай ережесіне сәйкес, мұнай және газ кенорындарын (кен шоғырларын) өндіріске енгізеді, егер:
· мұнай кенорындарын барлау жұмыстары орындалған, қажет болған жағдайда кен шоғырларын игеру немесе кенорындарының көрсетілген бөлімдерін өнеркәсіптік - тәжрибелік игеру жүргізілген болса, ал газ кен орындары бойынша кен орынды өнеркәсіптік- тәжірибелік игеру;
· мұнай, газ, конденсат және олардың құрамындағы басқа да компоненттердің қорларына мемлекеттік сараптама жасалған болса;
· кеніш және жер телімдері болғанда;
· жер қойнауын пайдаланушылар мұнайды өндіруге лицензиялар алса және сәйкес басқа да жұмыстарға лицензиялар алынса;
· Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрлігінің және төтенше жағдайлар бойынша агенттігінің өндіруге қажетті жобалық құжаттарға сараптамалық қорытындысы бар болғанда;
· белгіленген тәртіппен өндірістік игеруге технологиялық жобалық құжаттар (технологиялық схема, өндіру жобасы), құрылысқа жобалық-сметалық құжаттар бекітілген болса.
· кенорнын өндіруге толық праволы мемлекеттік ұйым мен жер қойнауын пайдаланушы арсында келісім шарт болса.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңда жер қойнауы тікелей мемлекеттің меншігі екендігі туралы ереже, ондағы байлықтарды тиімді пайдалану және қорғау көрсетілген; бұл салада кәсіпорындардың, ұйымдардың және азаматтардың міндеттері белгіленген.
Заң жер қойнауын пайдаланумен байланысты маңызды мәселелерді реттеуді қарастырады, оларды пайдалануға беру тәртібін, оларды пайдаланушылардың негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілейді.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңның міндеттері республиканың мүддесін және табиғи ресурстарын қорғау мақсатында операцияларды жүргізуді реттеу мен жер қойнауын тиімді пайдалану және қорғау, жер қойнауын пайдаланушылардың мүддесін қорғау, шаруашылықтың барлық түрлерінің бірдей дамуына жағдай жасау, жер қойнауын пайдалануға байланысты салаларды заңдылықты күшейту болып табылады.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланумен байланысты қатынастарды заңды түрде реттеу мына принциптерге негізделеді:
· жер қойнауын тиімді, комплексті және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету;
· жер қойнауын және қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз ету;
· республиканың және аумақтың мүдделерін байланыстыруды қамтамасыз ету;
· минералды-шикізат базасының ұдайы өндірісін қамтамасыз ету;
· жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ету;
· жер қойнауын пайдаланудың ақылылығы;
· инвестицияларды тарту үшін тиімді жағдайлар жасау;
· жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар өткізу.
Жер қойнауын қорғау саласындағы негізгі талаптар:
· жер қойнауын пайдалануда берілетін кенорынның жер қойнауының учаскелерінің пайдалы қазбалары қорының шамасы мен структурасын сенімді бағалау үшін озық геологиялық зерттеулердің толықтылығын қамтамасыз ету;
· жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында жер қойнауының ресурстарын тиімді және комплексті пайдалануды қамтамасыз ету;
· пайдалы қазбаларды толық қазып алуды қамтамасыз ету;
· жер қойнауындағы қазып алынатын және қалдырылатын негізгі және олармен бірге жатқан пайдалы қазбаларды сенімді есепке алу;
· пайдалы қазбаларды барлауда және өндіруде, жер қойнауын қауіпті техногендік процестерден алдын ала қорғайтын, қоршаған табиғи ортаны қорғау заңнамаларының талаптарына байланысты жер қойнауын пайдалану;
· жер қойнауын суланудан, өрттен және басқа да олардың сапасын төмендететін немесе кенорнының игеруін және өндіруін қиындататын апаттық факторлардан қорғау;
· жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізгенде, әсіресе мұнайды, газды немесе басқа заттар мен материалдарды жер астында сақтауда, зиянды заттар мен қалдықтарды көмгенде, ақаба суын ағызу кезінде ластануды болдырмау;
· жер қойнауын пайдалану операцияларын тоқтатып қоюда, толық тоқтатуда кенорнын өндіру нысандарын консервациялауда және жоюда белгіленген тәртіпті сақтау;
· өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жинауда және орналастыруда жерасты сулары жатқан жерлерін және су жиналу алаңдарында олардың жиналуын болдырмау мақсатында экологиялық талаптарды қамтамасыз ету.
Жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында: болжауды, жоспарлауды, жобалауды қосқанда қоршаған ортаны қорғау заңнамасымен көрсетілген экологиялық талаптар белгілі бір ретпен сақталуы тиіс.
Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізгенде, жер қойнауын және қоршаған табиғи ортаны қорғаудың негізгі талаптары мыналар:
· жер бетін кенорнын өндірудің арнайы әдістерін қолдану арқылы сақтап қалу;
· жердің техногенді шөлейттенуін болдырмау;
· жер қойнауын пайдалану операциялары басталғанға дейін, тиімді схема бойынша табиғатты қорғау ұйымдарымен келісіп автомобиль жолдарын салу, сонымен қатар ұңғыманы құрудың бірлестік тәсілін енгізу арқасында жердің бұзылу және иеліктен шығару аумағын қысқарту;
· жердің құнарлы қабатының жел эрозиясына және өндіріс қалдықтарымен ластануына жол бермеу;
· тұщы сулы горизонттардың ластануына жол бермеу немесе оларды оқшаулау;
· жерасты суының азаюын және ластануын болдырмау;
· жуу сұйықтықтарын дайындауда уытты емес реагенттерді қолдану;
· бұрғылау ерітінділерін тазалау және қайта қолдану;
· жанар-жағар май және бұрғылау материалдарының қалдықтарын қоршаған табиғи ортада экологиялық қауіпсіз әдіспен жою;
· мұнай кәсіпшілігінде пайдаланған суды, мұнай кенорындарындағы қабатаралық қысымды ұстап тұру жүйесінде тазалау және қайта пайдалану.
Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау келесі құқықтық, ұйымдық, технологиялық жүйелерден тұрады:
· жергілікті халықтың өмірін және денсаулығын қорғау;
· пайдалы қазбаларды тиімді және комплексті пайдалану;
· табиғи ландшафттарды және бұзылған жерді қайта қалпына келтіруді, басқа да геоморфологиялық құрылымдарды сақтау;
· жер сілкінісін, көшкінді, су басуды, грунттың отыруын болдырмау мақсатында жер қойнауының энергетикалық жағдайының қасиеттерін сақтау.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға байланысты жер қойнауын пайдаланушылардың міндеті:
· жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуде, дүниежүзінде іс жүзінде қабылданған, негізгі стандарттарға негізделген ең қолайлы әдістерді және технологияны таңдау;
· келісімшартпен алынған аумақты, ондағы қаралған мақсаттарда пайдалану;
· егер басқа да мерзімдер келісімшартта қаралмаса келісімшарт бекітілген күннен бастап, барлауға және қазба жұмыстарына кірісу;
· жер қойнауын пайдалануды Қазақстан Республикасының заңнамасына байланысты ғана жүргізу;
· жер қойнауын тиімді пайдалануды, жұмысшылар мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуде белгіленген тәртіппен келісілген технологиялық сұлбаларды және жобаларды бұзбау;
· келісімшартпен алынған аумақта басқа адамдардың еркін жүруіне, жалпы пайдаланылатын нысандармен және коммуникацияларды пайдалануға және кез-келген жұмыс түрін жүргізуге, соның ішінде басқа да табиғи ресурстарды, егер бұл ерекше қауіпсіздік шарттарымен байланысты болмаса, барлауға және қазуға кедергі жасамаса және бұл жұмыстар жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге бөгет болмаса;
· толық праволы ұйымдарға жұмыс бағдарламасын, сонымен бірге оны орындау процесі туралы толық ақпаратты жеткізу;
· бақылау органдарына олардың өз қызметтерін атқаруы кезінде керекті құжаттарды, ақпараттарды кедергісіз беру және жұмыс орнына кедергісіз жіберу және олар тапқан қателіктерді өз уақытында жою;
· келісім шартпен алынған аумақтағы қызметтің нәтижелері бойынша геологиялық есепнамаларды жер қойнауын пайдалану және қорғаумен байланысты мемлекеттік ұйымдарға беру;
· салықтарды, жер қойнауын тиімсіз пайдаланғаны үшін айыппұлдарды және басқа да міндетті төлемдерді өз уақытында төлеу;
· операцияның мазмұны туралы ақпаратты үшінші адамға беру, егер осындай қажеттілік туындаса, бірақ әр жақтық келісіммен, егер басқа келісімшартта болмаса;
· мәдени-тарихи маңызы бар нысандарды сақтау;
· заңнамаға байланысты, жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізудің нәтижесінде бұзылған жер учаскелерін және басқа да табиғи нысандарды келесі пайдалануға қолайлы болғанша қалпына келтіру.
Жер қойнауын тиімді пайдалануды және қорғауды қамтамасыз етуде басты роль жергілікті атқару ұйымдарына тиісті.
Облыстық атқару органдары:
· жер заңнамасына байланысты, жер қойнауын пайдаланушыға келісімшартта белгіленген размерде жер учаскесін береді. Қажет болған жағдайда көрсетілген мақсат үшін, жеке меншік иелерінен немесе жерді пайдаланушыдан жер туралы заңдамада көрсетілген тәртіппен жер учаскелерін алады;
· оларға берілген заңнама актілері шегінде, жер қойнауын пайдалану операцияларын жүгізу үшін берілген жер және су учаскелерін қорғауды, жер қойнауын падаланушының экологиялық қауіпсіздікті сақтауын, археологиялық ескерткіштерді және басқа да мәдени-тарихи нысандарды сақтауын бақылап отырады;
· келісімшарт жасалғанда аумақ халқының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделерін сақтауға байланысты мәселелерін шешу үшін жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздерге қатысады.
Жер бетін қорғау. Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамасының міндеті болып, жерді тиімді пайдалануды және қорғауды қамтамасыз ету, жер қыртысының құнарлылығын жаңарту, табиғи ортаны сақтау және дұрыстау, барлық шаруашылық формаларын біркелкі жетілдіруге жағдай жасау, жылжымайтын мүлік нарқын жасау және жетілдіру, жер қатынастары саласында заңдылықтарды күшейту.
Республиканың жер заңнамасы мына басты принциптерге негізделеді:
· жерді табиғат нысаны, адам өмірі мен тіршілігінің негізі ретінде сақтау;
· жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
· экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
· жерді мақсатпен пайдалану;
· жерді ауылшаруашылық жұмыстарына қолдану;
· жер жағдайы туралы ақпараттың ашықтығы;
· жерді қолдану және қорғау шараларын мемелекеттік қолдау;
· жер шығынын болдырмау немесе оның ары қарай бүлінуіне жол бермеу;
· жерді ақылы қолдану.
Мұнай және газ кенорнын игеруде жерді пайдаланушыларға уақытша жерді пайдалану құқығын беру, жер учаскесін жер қойнауын пайдаланушы мен жергілікті атқару ұйымдары арасындағы жалға беру келісімі негізінде орындалады.
Жерді пайдаланушының міндеттері:
· жерді негізгі мақсатына сай етіп, ал уақытша қолданғанда, жалға беруде жер учаскесін беру актына байланысты пайдалану;
· өндірістің табиғатты қарғау технологиясын қолдану, өзінің шаруашылық жұмыстарының нәтижесінде қоршаған табиғи ортаға зиян келтіруге және экологиялық жағдайды нашарлатуға жол бермеу;
· жердің құнарлылығын арттыру, оны қорғау шараларын жүргізу;
· жер салығын (жалға беру ақысын) және басқа да заңнамалар мен келісім бойынша көрсетілген төлемдерді уақтылы төлеу;
· орман, су және басқа да табиғат ресурстарын пайдалану тәртібін сақтау, мемелекет қорғауындағы тарихи және архитектуралық ескерткіштерді және сол сияқты жер учаскесінде орналасқан нысандарды қорғауды қамтамасыз ету;
· жер учаскелеріндегі құрылысты салғанда қолданылатын архитектуралық-пландау, құрылыстық, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және басқа да арнайы тапсырмаларды қолдану керек;
· мемелекеттік ұйымдарға жер туралы заңнамада көрсетілгендей жердің жағдайы мен қолданылуы туралы мәліметтерді уақтылы өткізу;
· басқа жер иелері мен жерді пайдаланушының құқығын бұзбау;
· құнарлы топырақ қабатын басқа адамдарға сату немесе беру үшін бөліп алуды болдырмау, тек қана құнарлы қабаттың мүлде жойылып кетуін болдырмау үшін бөліп алу рұқсат етіледі.
Жер қойнауын пайдаланушылар келесі негізгі шараларды жүргізуі керек:
· топырақтың құнарлылығын және жердің басқа да пайдалы қасиеттерін қайта қалпына келтіру және жақсарту;
· жерлерді су және жел эрозиясынан, селдерден судың басуынан, батпақтанудан, екінші тұзданудан, құрғақтанудан, тығыздалудан, кірленуден және өндірістің қалдықтарымен, химиялық және радиоактивті заттармен т.б. бұзылу процестерімен ластанудан қорғау;
· бұзылған жерлерді қалпына келтіру, олардың құнарлылығын және жердің басқа да қасиеттерін қалпына келтіру және шаруашылыққа уақытында пайдалану;
· жердің бұзылуына байланысты жұмыстар кезінде, құнарлы топырақ қабатын бөліп алу, сақтау және қолдану.
Маркшейдерлік жұмыстарды орындау кезінде қоршаған ортаны қорғау. Мұнай және газ кенорындарын іздеу, барлау және игеру процестерінде пайда болатын зиянды құбылыстардың әсер етуінен қоршаған ортаны және халықты қорғау мәселелері, мұнай мен газды өндірудің өсуімен және мұнай газ өндіру салаларын техникалық жабдықтармен қамтудың ұлғаюымен шешілуі керек маңызды мәселе.
Маркшейдерлік жұмыстарда құрылыстың ізденіс және салу жұмыстарын жүргізуде табиғатқа, қоршаған ортаға, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын құнды жерлерге, ормандарға, су қоймаларына ұқыпты қарау және ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи теңдікті бұзбау керек. Теодолиттік және нивелирлік жұмыстарды жүргізгенде және тірек тораптарын құрғанда, маркшейдерлік пункттерді құнсыз жерлерде, соның ішінде автомобиль жолдарының қасында орналастыру керек. Теодолиттік және нивелирлік нүктелер мен пункттерді бекіту үшін барлық жерлерде ағаш қазықтарды қолдану керек. Оларды дайындағанда, қоршаған ортаны сақтау және ағаштарды кеспеу керек. Мұнда, ағаш дайындайтын өндірістің қалдықтарын, болмаған жағдайда қураған ағаштарды пайдаланған жөн.
От жаққан кезде, әсіресе құрғақ кездерде абай болу керек. Отты биік ағаштарға, олардың тамырларын күйдірмеу үшін жақын жақпау керек.
Трасса жобасын жерге көшіргенде, мүмкін болғанша кесілетін орманның ұзындығы мен енін аз алуға және құнды ауылшаруашылық жерлерде трассаның ұзындығын қысқарту керек.
Кенорнының құрылысы және өндіру, үлкен инженерлік құрылыстарды пайдалану процесінде, жер бетінің және құрылыстардың жылжуы мен деформациялануына жүйелі түрде бақылауды ұйымдастыру қажет. Геологиялық-физикалық процестердің және құбылыстардың (карстар, опырылулар) учаскелерін арнайы түсіру және бақылау керек.
Кенорнын барлауда және игеруде жер бетінің бұзылуы. Өзінің шаруашылық құндылығын немесе адамдардың өндіру қызметінің нәтижесінде қоршаған ортаға теріс әрекет етуінен болатын жерлер бұзылған жерлер деп аталады. Мұнай және газ кенорындарын игеруде жердің бұзылуы кенді іздегенде, барлағанда және өндіргенде пайда болады. Топырақ қабатының сапасының нашарлауы, шалғындық шөптерді жою, бұталы өсімдіктер мен ағаштарды кесу, тасымалдау жолдары мен геологиялық барлау партияларының өндіріс алаңдарын салуда болады. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізгенде тракторлар, машиналар жүктерді және жұмысшыларды тасиды. Халық тұрмайтын немесе аз тұратын аудандарда уақытша топырақ жолдарымен тасылады. Әрбір автомобиль немесе трактор жолдарын салу, ауылшаруашылық, орманшаруашылық және т.б. жер учаскелерін фондтан уақытша алумен байланысты.
Учаске енінің кішілігі жолдың алып жатқан аудандарының мөлшері үлкен емес сияқты етіп көрсетеді. Бұл учаскелер өңделетін жерлерде орналаспаса, мүлдем саналмайды. Бірақ ені 4 м-лік қарапайым жолдың құрылысы трассаның әрбір 2,5 км сайын ауданы 1 га жерді алады. Геологиялық барлау партиясының жолдары әдетте ондаған километрлермен өлшенеді. Олар бір емес, екі және одан да көп трассаларды салады: біреуі – өте қысқа, құрғақ жыл мезгілдеріне арналған; басқасы (немесе басқалары) – суық және сулы мезгілдер үшін.
Геологиялық барлау мекемелерімен құрылатын жолдар орманды және орманды-шөлді (кейбір кезде таулы) ауданда салынады: олардың жұмыс мерзімі бірден бірнеше жылдарға дейін өзгеруі мүмкін. Жол құрылысы жер беті учаскелерінің келесі негізгі өзгеруімен жүргізіледі: трассадағы орманның кесілуі, жобаланған жолдың астында қалатын шалғындықтар мен бұталы өсімдіктердің жойылуы; қарашірік қабатының бұзылуы; жолдың құрылысы үшін таужыныстары алынатын жолдың жағасында орналасқан жер учаскелерінің осындай бұзылуы; трассаның жеке учаскелерінде қазынды мен үйінділерді жөндегенде, дамбаларды және т.б. салғанда жаңа ландшафтың пайда болуы.
Өсімдіктердің жойылуы салынатын жолдың дайындық жұмыстарына байланысты қолайсыз географиялық жағдайы нашар аудандарға экологиялық зақым тигізуі мүмкін, өйткені өсімдік қабатын қалпына келтіру процесі өте баяу жүреді. Мұндай аудандарға шөлейт, биік таулы және тундралық аумақтар жатады. Қарашірік қабатының бұзылуы жер қабатының структуралық өзгеруіне, құм және ұсақ тастармен немесе байланыстырушы материалдармен ластануына алып келеді, бұл процесс құнарлы жерлерге тиісті.
Жолды орманды алқапта салғанда орманға көп шығын келтіріледі. Орманды алқаптың үлкен бөлігінде ағаш кесіледі, ені 10-15 м жол салғанда 1 км қашықтыққа 1,0-1,5 га орманның ағашы кесіледі. Орманның кесілуі жер бетінің температурасының өзгеруіне және жаңа су ағыны мен трассаның батпақталуына алып келуі мүмкін.
Ұңғымаларды бұрғылаған кезде бұрғылау мұнарасын құрастырылған күйінде басқа жерге тасымалдау жерге экологиялық зақым тигізеді. Мұнараны тасымалдау үшін жаңа (прогрессивтік) технология болып саналатын қуатты шынжырлы тракторлар, 3-12м дейін кең алқапты қамтып бұрылады және ауыр шойынды арқанмен бұрғылау мұнарасы жер бетін «жыртып бітіріп» өз жолындағы бүкіл өсімдік қабатын жойып тастайды (22-сурет). Бұрғылау мұнарасының 15 км-ге жылжуы 100 га жер бетін бұзады.
Бұрғылау алаңында бұрғылау жабдықтары мен мұнараның басындағы құрылғылары, онымен қоса сұйықтықпен тазалау тежегіші, жанармайы бар ыдыстар мен санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, жолдар, инженерлік коммуникациялар орналасқан. Тау-кен барлау жұмыстары жүріп жатқан жер бөліктеріндегі құнарлы қабаттың бұзылу ауданы орасан кең аумақты алып жатыр. Бұл аумақ терең емес қазбалар нәтижесіндегі жүздеген метр квадраттан бастап, барлау арықтарының торын жасау нәтижесінде болатын бірнеше мың квадрат метрге дейін жетуі мүмкін.
22-сурет. Бөлшектелмеген бұрғылау мұнарасын тракторлармен тасымалдау
Мұнай кенорындарын өндіру нәтижесінде, жер көлемінің орасан көп бөлігіне зиян тиеді. Мұндай жерге оқшаулайтын сызықтар тартылып, топталған өлшеуіш қондырғылар, сығушы насостық станциялар мен мұнайдың орталық жинау пункттері салынады.
Пайдалы қазбалардың кенорындарын барлау, іздеу және өндіру себебінен бұзылған жер бөліктерін тазартып қалпына келтіру мен оны сақтау мәселелері қазіргі кезекте өзекті орын алып отыр. Өйткені жер шығыны өте үлкен екпінмен көбеюде.
Геологиялық барлау жұмыстары кезінде автомобиль және трактор жолдарын салу мен пайдалануда экологиялық шығындарды азайтуға бағытталған негізгі шараларға жатқызуға болатындар:
· мекеннің құнарлы-өсімдікті қабатының зақымдалуын барынша азайту үшін, географиялық шарттарға байланысты, тасымалдау жолдары мен трассаларын мұқият таңдау;
· жол төсемдерін пайдалану мен жөндеу жұмыстарын құрылыс технологиясын және конструкциялық параметрлерін қолайлы ету;
· пайдалану барысында немесе кез-келген жағдайларда, басқа машиналардан жұмысы сапалы, экологиялық зияндылығы аз, жол төсемдерін бұзбайтын машиналарды таңдау;
· тас жолдың сапалылығы жақсы және көпке дейін шыдауы үшін, уақыт мезгілдерін ескеріп, қолайлы климатты ескере отырып тасымалдау жұмыстарын орындау;
· жолды салу және жөндеу кезінде жер учаскелерінің зақымдалып, бұзылған бөліктерінде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу;
· жолдарды пайдаланғаннан кейін ластанған және эррозияға жер бөліктерін қайта қалпына келтіруге арналып жүргізілген қарапайым агротехникалық шараларды орындау.
Геологиялық барлау жұмыстары орындалатын өндірістік алаңдарының құрылысында және пайдаланғанда кері әсерлерді азайтуға арналған шаралардың өткізілуін біз барлау ұңғымаларын бұрғылау істері жүріп жатқан жер бөліктерінде қарастырайық. Жер бетінің план бойынша орналасатын өндірістік алаңдарында биологиялық жағына қатысы бар бүкіл жойылған қымбатты, құнарлы топырақты буртқа жинау керек. Мұнай шикізаттарымен, химреагенттермен, сазбен, цементтеп құнарлы топырақтың биологиялық қатынасын нашарлататын, ластануға қаупі бар жерлерде үстіңгі құнарлы топырақ қабаты (қалыңдығы 0,3-0,5м) алынады және буртқа жиналады. Астыңғы қабаттағы құнарлы топырақтарды ластаушы заттарға қарсы тұратын дайындалған алаңға төсегіштер жайылады. Ол жайылған қабаттың үсті қатты және гидроизоляциялық қабаттан құрастырылады, оның бетіндегі топырақ абсорбент болады. Төсегіштердің түрлері бұрғылау жұмыстарын жүргізгендегі табиғаттың жағдайына байланысты таңдалады.
Жер бетінің бұзылуы, кенорнын орналастырумен байланысты, кен тілімдері ауданымен және резервуарлармен мұнай жинайтын орталықты орналастыру үшін бөлінген алаңдармен шектеледі. Сондықтан бұл жерлердің құнарлы топырақ қабатын алып оны басқа жерге тиімді пайдалану міндетті түрде қажет. Құнарлы топырақ қабатын алу негізінде құрғақ уақыттарда жүргізіледі. Алынған құнарлы топырақ бұрғылау ұңғымасын және құрылыстарды салғанда бұзылған жерлерге қолданылады.
Нег. 1[171-185]
Бақылау сұрақтары:
1.Жерді пайдаланушылардың міндеттері қандай?
2. Көмірсутек кенорындары өндірісін жұмысқа қосу тәртібі қандай?
3. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану заңдылықтарының принциптері қандай?
4. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғаудың міндеттері қандай?
5. Көмірсутектерді өндіргенде қандай негізгі экологиялық талаптар сақталуы керек?
6. Жер қойнауын қорғаудағы негізгі талаптарды айтыңыз.
7. Көмірсутек кенорындарын барлағанда және пайдалануда жердің қандай бұрғылулары болады?
8. Бұзылатын жерлерден құнарлы қабат қалай алынады?
9. Мұнай және газ кенорындарын игергенде жердің бұзылуын азайту жолдары қандай?
Дата добавления: 2014-12-08; просмотров: 4482;