Зін өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
1) Емдеу сауықтыру жұмысының мақсаты мен мазмұны ашыңыздар
2) Түзету тәрбиелеу жұмыс бағыттарын атаңыздар.
Тұтықпа балалармен жүргізілетін логопедиялық сабақтардың дидактикалық негіздері.
Тұтықпа балаларды түзету, оқыту, тәрбиелеу жүйесі төмендегідей дидактикалық қағидаларға негіздеіп жүргізіледі: жекелеу, бірлестіктік, жүйелілік, бірізділік, саналы белсенділік, көрнекілік, беріктік т.б.
Логопедиялық сабақтар курсы бінеше кезеңдерге бөлінеді (дайындық, жаттығу, қорытындылау). Әр кезеңнің өз мақсаты болады және олар бірнеше бөліктерден тұрады (мысалы, үндемеу кезеңі, бірге сөйлеу, қайталап сөйлеу т.б).
Дайындық кезеңнің мақсаты күн тәртібін сақтау, баланы сабаққа дайындау, дұрыс сөйлеу үлгісін көрсету.
Жаттықтыру кезеңінің мақсатына баланың барлық қиын сөйлеу түрлерін, әр түрлі сөйлеу жағдайларын меңгеру жатады.
Қорытындылау кезеңінің мақсаты баланың дұрыс сөйлеуі мен тәртібінің дағдыларын әр түрлі жағдайда және әр түрлі сөйлеу іс әрекетінде машықтандыру.
Жеке сабақтардың құрылымы
Әр сабақта оның құрылымындағы бөліктерінің кезектілігі сақталады: дайындық, негізгі, қорытындылау.
Дайындық бөлігінде балаларды сабаққа ұйымдастыру, психологиялық сипатта әңгіме өткізу, сөйлеу жаттығулары, өткен сабақтардағы сөйлеу материалдарын қайталау және бекіту, алдағы жұмысқа дайындау көзделген.
Негізгі бөлікте жаңа сөйлеу жаттығулары немесе жаңа жағдайда өткізіледі.
Қорытындылау бөлігінде логопед жаңа тақырыпты бекітеді, балалардың істеген жұмысын қорытындылайды, олардың жетістіктеріне көңіл аударады, логопедиялық сабақтан тыс уақытта орындайтын тапсырмаларды және арнайы кеңестерді береді.
Логопед логопедиялық сабақтардың мақсатын тек сөйлеу ақаулығын түзетумен қатар, тұтықпаға байланысты тұлғаның өзгерістерін, тәртібін өзінің кемшілігін, көзқарасын тәрбиелеу деп түсіну керек. Баланың өзінің тәртібі мен сөйлеу кемшіліктерін және тұтықпаны түзету тәсілдерін меңгеруі, оның түзету логопедиялық процесіне белсенді табысты қатысуына мүмкіндік береді. Тұтықпа балалармен жұмыс барысында әр түрлі дәстүрлі және арнайы оқу құралдары қолданылады. Оларға оқу процесінде көптеген қоданып жүрген оқулықтыр, оқу құралдары, ойындар, диафильмдер, видео материалдар жатады.
Арнайы техникалық құралдарға жататындар: Дераксне корректофоны, эхо аппараты, дыбысты күшейтетін аппарат, магнитафон т.б компьютерлік бағдарламалар.
Дераксне аппараты дыбысты басып, естуге жол бермеуге негізделген. Құлаққа резеңке түтікше қойып, әр түрлі күшпен шу беріледі де, баланың өз сөзін естіртпейді. Өз ақаулығына көңіл бөлетін балалар үшін естудің бақылауын алып тастағанда сөйлеу жаттығуларын орындау жеңілдейді. Біртіндеп корретофонсыз сөйлеуге үйренеді.
Б. Адамчик құрастырған эхо аппараты екі магнитафоннан тұрады. Жазылған дыбыс, бірнеше секундтан кейін жаңғырып естіледі.
Дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға магнитафондық сабақтардың маңызы зор. Бұл сабақтардың мақсаты баланың зейінін сөйлеу жылдамдығына, мәнерлігіне, ырғақтылығына, сөйлемді дұрыс құрастыруға аудару болып саналады. Магнитофондық сабақтарды жүргізудің әр түрлі варианттары қолданылады. Мысалы көркем сөз шеберлерін еліктеу, қайталау, салыстырмалы сабақтар т.б.
Қазіргі кезеңде көрінетін сөйлеу әсерін тудыратын әр түрлі компьютерлік бағдарламалар кеңінен қолданылуда. Сөйлеу кезіндегі тыныс алуды ұзарту, сөйлеудің интонациялық саздылық жағын және оның кідіріс процестерін қалыпқа келтіріп, түзету мақсатында көрінетін сөйлеу бағдарламасының бірнеше модульдері қолданады. Мысалы,
1) «Ұзақ демалу модулімен жұмыс». Мақсаты тыныс алудың ұзақтылығы мен күшін ерікті реттеу дағдысын қалыптастыру. Бірнеше ойын жүйесін қолдану арқылы бала жұтқан ауаны үнемді бөліп пайдалану. Тапсырманы көзбен көріп бақылауы, жаңа дағдының қалыптасуына көп көмегін тигізеді.
2) «Дауыстың жоғарылығын өзгерту» модулінің мақсаты дауысын ерікті, жоғарылату, бәсеңдету.
3) «интонация» модулімен жұмыстың мақсаты дұрыс интонацияны қалыптастыру.
4) «Дауыстың қаттылығы мен жоғарылығы» модулімен жұмыстың мақсаты сөйлеудің кідірісін, жылдамдығын, бірге айтылуын түзету.
Бұл модульді пайдалану тұтығушыны компьютер экранында графикалық жазумен берілгенін өз сөзін қадағалау және өзінің айтқанын логопедтің үлгісімен салыстыруға мүмкіндік береді.
«Көрінетін сөйлеу» компьютерлік бағдарламаны қолдану барысында тұтығушының сөйлеуі туралы нақты деректер алуға болады.
Тұтықпаны түзетудің кешенді әдістемелеріне логопедиялық сылау жатады. Сылау кезінде тері мен бұлшық еттердің рецепторлары тітіркенеді, клетканың қан айналысын, зат алмасу процестерін жақсартады. Бұлшықеттердің тонусын жоғарылатуға, төмендетуге бағытталған сылақтың әр түрлі тәсілдері қолданылады. Жалпы, сылақ сөйлеу процесінде негізгі роль атқаратын жүйке және бұлшықеттер жүйесін, бүкіл организмге шағымды ықпал етеді. Сылауды арнайы дайындықтан өткен, логопедиялық сылау тәсілдерін меңгерген логопед немесе дефектолог жасайды. Кей жағдайда, логопедтің нұсқауымен, қадағалауымен ата- аналарға да жасауға болады.
Өз-өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
1) Тұтықпаны түзету жұмыс жүйесі қандай қағидаларға негізделген?
2) Жеке сабақтардың құрылымын атаңыздар.
3) Арнайы техникалық құралдарды атаңыздар.
4) Дидактиканың бір қағидасын түзету жұмысында сақталуына мысал келтіріп, дәлелдеңіздер.
Мектепке дейінгі тұтықпа балалармен жүргізілетін логопедиялық сабақтардың әдістемесі.
Мектепке дейінгі балалардың тұтықпасын түзетудің кешенді жүйесінің алғашқыларының біріне Н. А. Власованың, Е. Ф. Раудың (1933, 1959, 1983) әдістемелері жатады. Ол әдістемелер осы күнге шейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Авторлар алғаш рет кешенді әдістің қағидаларын негіздейді:
1. Түзету жұмысына дейін толық медициналық – психологиялық – педагогикалық тексеру;
2. Түзету жұмысы тек сөйлеу дағдысын дамытуға ғана емес, тұтығушының тұлғасын қалыптастыруға бағыттау;
3. Логопедиялық жұмыстың алдында сөйлеу ережесін сақтау.
4. Жатық сөйлеу дағдыларын өз бетімен сөйлеу деңгейін біртіндеп күрделену арқылы жүргізу.
Авторлардың пікірінше, тұтықпаны түзету жұмыстары топпен, ұжымда жүргізілу керек.
Н. А. Власова мектепке дейінгі балалармен жүргізілетін сабақтарда сөйлеудің жеті түрін біртіндеп қолданады:
· Ілесіп сөйлеу
· Қайталап сөйлеу
· Таныс сурет бойынша сұраққа жауап беру
· Өз бетімен суретті сипаттау
· Естіген әңгімені айтып беру;
· Өздігінен сөйлеу ( таныс емес сурет бойынша әңгімелеу)
· Қалыпты сөйлеу ( әңгімелеу т.б)
Бұл кешенді жүйеде зейінін, жадын, ойлау операцияларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар жалпы және ұсақ моториканы, дыбыс айтуын түзетуге, сөз қорын толықтыруға сөйлеудің грамматикалық жағын қалыптастыруға бағытталған жұмыс түрлері жүргізіледі.
Е. Ф. Рау тұтықпа балалармен жүргізілетін сабақтарды күрделену деңгейі бойынша үш деңгейге бөледі.
Бірінші кезеңде ілеспелі және қайталап сөйлеу жаттығулары, жаттаған фраза мен тақпақтарды мәнерлеп айту қарастырылады.
Екінші кезеңде сұрау бойынша суретті сипаттауға сериялы сурет бойынша өз бетімен әңгіңіме құраға, логопед оқыған ертегі әңгімелерді айтып беруге жаттығады.
Үшінші қорытындылау кезеңінде балаларға жатық сөйлеу дағдыларын айналасындағы балалар және ересектермен, ойын, сабақ, әңгіме т.б жағдайларда бекітуге мүмкіндік жасалады.
В. И. Селиверстовтың (1968,`1994) кешенді әдістемесі тұтықпаны амбулаторлық және стационарлық емдеу ммекемелері жағдайында түзетуге бағытталған.
Логопедиялық сабақтар тұтығушының сөйлеу мүмкіншіліктеріне байланысты құрастырылады. Сөйлеу жаттығулары өзіндік сөйлеу тілінің деңгейіне, оның дайындығына, құрылымдық күрделігіне қатты, ақырын сөйлеуіне, сөйлеу жағдайына сәйкес ұсынылады, яғни тұтықпаның байқалуына әсер ететін факторлар ескеріледі.
Амбулаторлық сабақтар 3 – 4 айға есептелген үш кезектен тұрады (32 – 36 сабақ ).
1. Дайындық кезеңінде 7 – 8 сабақ өткізеді. Сауықтыру шаралары және қорғау күн тәртібін сақтау мен қатар бұл кезеңде моторикасын дамыту, сөз қорын молайту жұмыстары жүргізіледі. Логопедиялық сабақтарда тек тұтықпа бермейтін сөйлеу түрлері ғана қолданады.
2. Жаттықтыру кезеңі. (20 – 22 сабақ) Моторикамен қатар психикалық фунллллллкцияларына (зейінін, жадын т.б) дамытуға мақсатты жұмыс жүргізеді. Бұл кезеңде сөйлеудің қиын түрлері әр түрлі жағдайда жаттықтырылады және сабақ барысында қалыптасқан дағдыларды бекітуге ата – аналар белсенді қатысады.
3. Қорытындылау кезеңінде (6 – 9 сабақ) тұтықпа баланың тұлғасына кешенді психологиялық – педагогикалық ықпал ету жалғасады. Баланың жатық еркін сөйлеу дағдылары күнделікті іс – әрекетінде бекітіледі. Бұл кезеңде әртүрлі жұмыс түрлері ( әңгімелеу, рольды ойындар, концертке қатысу т.б) кеңінен қолданады.
4. В. И. Селиверстовтың ұсынған түзету әдістемесінде жұмыстың барлық кезеңін де ата – аналармен жұмысқа ерекше көңіл бөледі.
Балалардың тұтықпасын түзету – педагогикалық жұмысының бір бағыты Р. Е. Левинаның психологиялық мектебімен байланысты. Сол мектепте тәрбие алған көп ғалымдар ( А. В. Ястребова, Н. А. Чевелева, С. А. Миронова, О. С. Бот, Л. Ф. Спирова) мектепке дейінгі және мектеп жасындағы баланың тұтықпасын түзету мәселелерімен шұғылданған.
Н. А. Чевелева мектепке дейінгі балалардың тұтықпасын қол еңбек сабақтарында түзету әдістемесін ұсынған. Автор, баланың байланыстырып сөйлеуінің дамуы ситуациялық сөйлеуден басталып (іс – әрекетпен, көрнекілікпен байланысты), контекстік сөйлеуге (жалпылама, өткен уақиғаларға байланысты, көрнекіліксіз, болатын уақиғамен байланысты) өтеді деген психологиялық концепцияға сүйенеді. Сондықтан, сөйлеу жаттығулары біртіндеп сөйлеудің көрнекілікке сүйенген жеңіл түрінен, контекстің сөйлеуге ауысуы қарастырылған.
Тұтықпаны түзетудің бұл жүйесі бес кезеңнен тұрады.
1. Пропедевтикалық кезеңнің мақсаты:
· Ұйымдасқан тәртіпке дағдыландыру. Сөйлеуді шектеу тәртібі сақталады.
2. Қоса сөйлеу логопедиялық сабақтағы іс – әрекетін өздігінен қоса айту. Баланың сөйлеуі біртіндеп күрделенеді ( бір сөзбен, екі сөзбен, толық жауап беру т.б).
3. Қорытындылап сөйлеу немесе көргенін елестету ізімен сөйлеу; Бұл кезеңнің барлық сабақтарында қоса сөйлеу, қорытындылап сөйлеу (істелген іс – әрекетіне қатысты) түрлері қолданады. Көрнекілікті біртіндеп азайту арқылы контекстік сөйлеуге ауысуға мүмкіншілік жасалады.
4. Алдын ала сөйлеу кезеңінде бұрын қолданған сөйлеу түрлерімен қоса, баланың орындайтын жұмысын алдын ала жоспарлау біліктілігін дамытады. Бала істейтін жұмысын жоспарлап, іс – әрекетін айтып түсіндіреді. Сөйлеуі күрделене түседі: бірнеше сөйлемді айту, күрделі сөйлемдерді қолдану өз бетімен әңгіме құрастыру, сөздерді дұрыс қолданып, кезектілікті сақтап өз ойын дұрыс жеткізу.
5. Өз бетімен сөйлеу дағдысын бекіту кезеңінде балалар істеген заттарының қалай орындалғанын әңгімелейді, сұрақ қояды, сұраққа жауап береді, талдайды.
С. А. Миронова (1975,1979) балабақшаның орта, ересек, дайындық топтарға арналған бағдарламасын өту барысында тұтықпаны түзету ұсынады. Бағдарламаның барлық бөлімдері (айналамен таныстыру, тіл дамыту, сурет жапсыру, құрастыру, қарапайым математикалық түсінігін қалыптастыру) бойынша жүргізілген жұмыс түрлерін тұтығушының сөйлеуін қайта тәрбиелеу мақсатында қолданады. Сондықтан, автор логопедтің алдына екі міндет қояды: бағдарламалық және түзетушілік. Жұмыс төрт тоқсанға бөлініп жүргізіледі.
Бірінші тоқсанның міндеттеріне сөз қорын молайту, сөздің мағынасын анықтау, енжар сөз қорын белсендіру жатады. Логопедтің, тәрбиешінің сабақтарында ситуативтік сөйлеу қолданады. Логопедтің сөйлеуіне ерекше талап қойылады: сұрақ нақты, қысқа, түсінікті, әңгімені көрнекілікке сүйеніп жүргізу және асықпай сөйлеу керек.
Екінші тоқсанда тұтықпа балаларды қарапайым және жайылма сөйлемдерді қарастыруға, байланыстырып сөйлеуге үйретеді. Ситуативтік сөйлеу дағдыларын бекітіп, контекстік сөйлеудің қарапайым түрлерін меңгереді.
Үшінші тоқсанның міндеттері жалпы балабақшаның міндеттеріндегідей болады. Тұтығушылар көрнекілікке сүйеніп, логопедтің сұрағы бойынша әңгіме құрастыруға, мәтіннің мазмұнын айтуға, өзбетімен әңгімелеуге үйренеді.
Төртінші тоқсанның міндеттері әр деңгейдегі өз бетімен сөйлеу дағдыларын бекітуге бағытталған.
Сонымен қатар, бұрынғы кезеңдердегі сөз қорын молайту, сөйлеу тілінің грамматикалық жағын жетілдіру жұмыстары жалғасады.
2–4 жастағы тұтықпа балалармен логопедиялық жұмыс ерекшеліктері Л. М. Крапивинаның (1992) жұмысында қорытындылады.
Түзету жұмысының негізгі міндеттеріне: жалпы, ұсақ, артикуляциялық моторикасын, фонациялық тыныс алуын, сөз қорын анықтау және молайту, грамматикалық жағын, диалогтік сөйлеуін дамыту жатады. Түзету педагогикалық жұмыс тұтықпаның клиникалық түріне байланысты жүргізіледі.
Г. А. Волкова тұтықпаны ойындарды (дидактикалық, қимыл, драматизациалық т.б) қолдану арқылы түзету жүйесін ұсынады.
2 – 7 жастағы тұтықпа балалармен жүргізілетін кешенді жұмыс жүйесі мынадай бөлімдерден тұрады: ойнау іс – әрекетінің әдістемесі (ойындар жүйесі);
Логоритмикалық сабақтар;
Тәрбиелік сабақтар;
Баланың шағын әлеуметтік ортасына ықпал ету.
Жұмыс келесі кезеңдерден тұрады: тексеру, баланың сөйлеуін шектеу, қосарланып қайталап сөйлеу, сұрақ – жауап, әртүрлі жағдайларда өз бетімен қатынас жасау.
И. Г. Выготский, Е. Л. Пеллиншер, Л. П. Успенскийдің әдістемелерінде ойындар және ойын тәсілдері босаңсыту (релаксация) жаттығулар ретінде қолданады.
Логопед белгілі әдістемелерді қолдануда тұтықпа баланың жеке – психологиялық ерекшеліктерін ескеруі керек. Барлық түзету әдістемелері балалар бала бақшада тәрбиелеу және оқыту бағдарламасына сай құрастырылған, өйткені болашақта тұтықпа балалар қалыпты сөйлейтін балалармен бірге оқып, тәрбиеленеді.
Мектеп жасындағы балалардың тұтықпасын түзету әдістемелері.
Мектеп жасындағы тұтықпа балалармен жүргізілетін жұмыстың өзіндік ерекшеліктері болады.
1.Жетекші іс-әрекеттің түрі өзгереді. Оқу іс-әрекеті негізгі болады,бірақ ойнау іс-әрекеті оқу процессінде қолдануы мүмкін.
2.Мектепке дейінгі балалармен барлық жұмыс отбасы арқылы жүргізілсе,оқушылармен мұғаліммен бірігіп жүргізеді.
3.Сабақтың ойнау түрі сабақпен алмасады.
4.мектепке дейінгі балаларда сөйлеудің барлық элементтері логопедті еліктеу негізінде ойын процессінде тәрбиеленсе,мектеп жасында саналы түрде ақаулығын түзетуге,сөйлеу жаттығуларын өздігінен жасауға көп көңіл бөлінеді.
Тұтықпаны түзету мектептегі барлық пәндерді оқыту процессінде жүргізіледі.
5.Жанама психотерапиямен қатар,ұтымды (рациональды)психотерапияның түрлері кеңінен қолданылады.
6.Сөздік материалдар мен логопедиялық сабақтардың түрлері мектеп тәжірибесіне жақын болады.
Тұтықпаны түзетуде мұғалімінің орны ерекше.Мұғалім тұтығушының отбасымен тығыз байланыс жасайды,сыныптағы балалардың тұтығушыға ықыласпен қарауын қадағалайды,сыныптағы ,мектептегі қоғам жұмысына тартып баланы сөйлеуін түзетуге қызығушылығын белсендіруіне жағдай жасайды.
Қазіргі кезде оқушылардың тұтықпасын түзнту үшін мектепке дейінгі балаларға,жасөспірімдерге арналған әдістемелерді қолжданады.Мысалы Н. А. Чевелева ІІ сынып оқушыларының тұтықпасын қол еңбегі іс-әрекетінде түзетуді ұсынады. Бұл әдістеменің мектепке дейінгі балалардың әдістемесінен айырмашылығы аз,тек оқушыларға берілетін жұмыс күрделірек болады.Педагогикалық сабақтар оқу тоқсанына байланысты төрт кезеңнен тұрады:
1.ілеспелі (қоса)сөйлеу;
2.аяқтап сөйлеу;
3.алдымен сөйлеу;
4.өзіндік сөйлеуді бекіту;
Н. А. Чевелева қол еңбек сабақтарында тұтықпаны түзету жұмысын мектептің және поликлиниканың логопедиялық кабинеттерінде ,арнайы мектеп жағдайында жүргізуге болады деп есептейді.
В. И. Селиверстовтың да логопедиялық сабақ жүйесі тұтығатын оқушылармен поликлиника, санаторий, арнайы стационар,логопедиялық кабинет жағдайында жұмыс жүргізуге бағытталған.
А. В. Ястребова оқушылармен жүргізілетін логопедиялық сабақ жүйесін үш кезеңге бөледі.
Бірінші кезеңдегі сабақ мазмұны келесі бағыттарды қамтиды:
1.сөйлеудің жылдамдығын,ырғақтылығын,жаттықтығын реттеу;
2.сөз қорын анықтау,молайту,ұғымдар мен түсініктерін кеңейту;
3.сөйлеудің грамматикалық жағын меңгеру;
4.сөздің дыбыстық құрамын,морфологиялық құрамын талдау дағдыларын дамыту және бекіту.
Екінші кезеңде тіл саласындағы алған білімдерін және жаттығудың,ырғақты және мәнерлі сөйлеу дағдыларын күрделі сөйлеу материалдарында белсенді қолдануға үйрету.
Үшінші кезеңде сөйлеудің дыбыстық,интонациялық жағын дамыту жұмыстары жалғасады, барлық жағдайда фонетика-фонематикалық, лексикалық-грамматикалық, дағдыларын саналы түрде қолдану талаптары іске асырылады.
Сонымен,тұтықпа балалардың ауызша және жазбаша сөйлеу тілінде жалпы сөйлеу тілінің дамымауының элементтері байқалған жағдайда негізгі логопедиялық жұмыс келесі бағыттарда жүргізіледі:
-сөйлеу тілінің жылдамдығы мен жаттықтығын түзету жұмыс барысында, оның негізгі компоненттерін (фонетикасын, лексикасын, грамматикасын мақсатты және жан-жақты дамыту;
-логопедиялық сабақтарда қолданатын сөздік материалдары орыс тілінің бағдарламасының мазмұнымен тығыз байланысты болу;
-балалардың сөйлеу белсендлігін дамыту.
Тұтықпа оқушылармен түзету -педагогикалық және емдеу сауықтыру жұмыстары сабақтан тыс уақытта және демалыс уақытымен сәйкестендіріп жүргізеді.
Өз-өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
1. Мектеп жасындағы балалардың тұтықпасын түзету жұмысының ерекшеліктері қандай?
2. Н. А. Чевелеваның әдістемесінің мазмұнын ашыңыздар?
3. А. В. Ястребованың әдістемесінің ерекшелігін атаңыздар?
4. Оқу процессінде оқушылардың тұтықпасын түзету логопедиялық жұмыс жүйесі тақырыбына кесте толтыру.
Жасөспірімдер және ересек тұтығушылармен логопедиялық жұмыс.
Жасөспірімдер және ересек тұтығушылармен логопедиялық жұмыстың ерекшеліктері туралы И. Ю. Абелева, Л. З. Андронова Л. П. Голубева, А. Я. Евгенова, М. Н. Кисилева, А. И. Лубенская, Ю. Б. Некрасова, Н. Ф. Синицина, М. В. Смирнова, М. Е. Хватцев, В. М. Шкловский т.б. жазған.
Жасөспірімдердің тұтықпасын емдеу стационары жағдайында түзету әдістемесі профессор С. С. Ляпидевскийдің басшылығымен құрастырылған. Логопедиялық жұмыс 6 кезеңнен тұрады: - Дайындық (2-3күн)
- Нұсқаушы
- Сөйлеуді барынша шектеу (10-14күн)
- Сөйлеу дағдыларын қайта қалыптастыру (3-4жұма)
- Дұрыс сөйлеу дағдыларын бекіту (3-4жұма)
- Қорытынды кезең (арнайы нұсқау беру)
Л. Я. Евгенова мен М. В. Смирнованың емхана жағдайына бағытталған әдістемесі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде (14сабақ) артикуляциалық және демалу жаттығулары, есеп және фразалық жаттығулар, сұрақ-жауап, қысқа әңгіме айту, тақпақтар жаттау қарастырылған.
Екінші кезең (12 сабақ) сөйлеу жаттығулары оқу, оқығанын айтып беру, тақырып бойынша әңгімелеуден тұрады. Үшінші кезеңде (12 сабақ) тұтығушылармен келесі жұмыс түрлері қолданады: кішірек баяндама дайындау, әдеби материалдармен жұмыс (өлең, проза), драмматизация, экскурсия (жеке ,топпен), есеп беру.
И. Ю. Абелеваның, Л. П. Голубеваның, А. Я. Евгенованың, Н. Ф. Синицинаның, М. В. Смирнованың әдістемелері бойынша логопедиялық сабақтар демалу, дауыс шығару және артикуляциалық жаттығулардан басталады.
Жұмыс әрі қарай келесі кезектілікпен жүргізіледі: дауысты, дауыссыз дыбыстар, сол дыбыстардан басталатын сөздер мен сөйлемдер,тақпақ, мәтін, мәтіннің мазмұнын айту, берілген тақырыпқа әңгіме құрау т.б. Қазіргі кездегі әдебиетте М. И. Буянов, Б. З. Драпкин, Е. В. Багданова, Н. Б. Жихирева т.б. құрастырған. Жасөспірімдердің тұтықпасын түзету жүйесі берілген. Бұл жүйе негізгі үш бағыттан тұрады:
- Психотерапиялық
- Логопедиялық
- Психологиялық
Бұл ықпал емдеу, сауықтыру шараларымен қатар жүргізіледі. Аталған жүйеде психотерапияның барлық түрлері (тиімді, сугестивтік және еңбек терапиясы).
Тиімді психотерапияның көмегімен жасөспірімдерге сөйлеу ақаулығының себептерін түсіндіріп өзінің ақаулығына орынды көзқарасын біртіндеп тәрбиелейді.
Сугестивтік терапия барысында (тұтығушының сергек жағдайында өткізіледі) тұтықпадан толық айығуға болатынын, өзінін сөйлеуін, тәртібін, эмоциалық жағдайын реттеуге болатынын түсіндіріп сендіреді.
Сугестивтік терапияның маңызды әдістемесінің біріне аутогендік жаттығу болып табылады. Сонымен қатар түзету жұмысында ұжымдық психотерапияның да маңызы зор.
Логопедиялық түзету жұмысының бірінші кезеңінде сөйлеу техникасын, демалуын, дауыс шығаруын артикуляциясын қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Логопедиялық жұмыс психотерапиямен қатар жүреді.
Екінші кезеңде сөйлеу түрлері күрделенеді. Мәтінді оқу мен оның мазмұнын түсініп айтуға көңіл бөлінеді.
Үшінші кезеңде сөйлеудің жаңа дағдылары машықтандырылады және әртүрлі жағдайда, әртүрлі сөйлеу түрлерін өз бетімен қолдануға үйренеді. Сөйлеудегі және басқа да қиыншылықтарға, стресстік жағдайды жеңуге психологиялық тұрақтылығын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы жұмыс барысында отбасымен тығыз байланыс болу қажет.
В. М. Шкловскийдің (1994) құрастырған тұтықпаны түзетудің кешенді жүйесі жасөспірімдер мен ересектерге арналған. Бұл жүйеде логопедтің, психиатрдың, психотерапевтің, невропатологтің тығыз байланысты жұмыс жасауы қарастырылған.
Түзету жүйесі стационарлық жағдайға, 2-3 ай мөлшерге есептелген және 4 кезеңнен тұрады: диагностикалық; сөйлеудің патологиялық дағдыларын және тұлғаның бұзылған қатынасын қайта қалыптастыру, қол жеткен нәтижелерін бекіту; диспансеризация және қайталаудан (рецедив) сақтандыру.
Диагностикалық кезеңде (10-15күн) барлық мамандар (невропатолог, психолог, психотерапевт, логопед, нейропсихолог) тұтығушыны тексеріп диагнозын анықтайды және емдеу жоспары белгіленеді.
Келесі кезеңде (30-45күн) логопедиялық сабақтарда демалу және дауыс шығару функциаларын қалыпқа келтіру, сөйлеу үлгісін қалыптастырады. Логопедиялық жұмыспен қатар психотерапияның барлық түрлері (сугестивтік, жеке, топпен) жүргізіледі.
Үшінші-төртінші кезеңде (30күн) әдетті, күнделікті жағдайда сөйлеуін жаттықтырады, сөйлеу белсендігін және өздігінен сөйлеудегі кемшіліктерді түзетуге сенімділігін арттыруға тәрбиелейді.
В. М. Шкловский тұтықпаның қайталануынан сақтандыру мақсатымен диспансеризациялаудың қажеттілігіне ерекше көңіл бөледі.
Н. М. Асатианидың басшылығымен «сөйлеу патологиясы лаборатория» ұжымының құрастырған кешенді дәрігерлік - педагогикалың жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл емдеу жүйесінің негізіне Н. А. Васильеваның тәсілдері алынған. Түзету жұмысының дәрімен емдеу, психотерапевтикалық логопедиялық және логоритмикалық ықпал ету жатады.
Стационар жағдайында емдеу мерзімі 45күнге созылады және бірнеше кезеңге бөлінеді.
1. Дайындық кезеңде (5-7күн) «үндемеу тәртібі» және «сөйлеуді шектеу» ережесі сақталады осы кезден бастап психологиялық, психотерапевтикалық, логопедиялық сабақтар жүргізіледі.
2. Белсенді терапия кезеңі (20күн). Бұл кезеңде топпен және жеке логопедиялық сабақтар, арнайы аутогендік терапия, жеке психотерапия, және дәрімен емдеу жүргізіледі.
3. Белсенді жаттығулар кезеңінде (10күн) стационардан тыс (көшеде телефонмен, дүкенде т.б). Функциональды жаттығулар жүргізіледі, яғни тұтығушы өзінің сөйлеуін әртүрлі ситуациаларда қолдануға үйренеді.
4. Қортынды кезеңде тұтығушыны күрделі сөйлеу ситуациаларына дайындайды-көпшіліктің алдында сөз сөйлеу, өлең айту т.б.
5. Стационардан шығарудың алдында әр маман пациентпен жеке кеңес жүргізіп, болашақта өзіндік жұмыс ұйымдастыру туралы нұсқау береді.
Сонымен, бұл жүйенің ерекшелігіне жататыны:
-міндетті түрде тұтықпаның клиникалық түрі ескеріледі;
-кешенді дәрігерлік педагогикалық барлық тәсілдері қолданады (психотерапия), дәрімен емдеу. Логопедиялық және логоритмиканың жаттығулар, жеке, топпен, ұжыммен жүргізілетін сабақтар, емдеу физкультурасы, физиотерапия және жалпы денсаулықты нығайту шаралары.
Ю. Б. Некрасованың тұтықпаны түзетудің ерекше жүйесі (1985,1992). Бұл жүйе әлеуметтік реабилитациалық (социореабилитациалық ) деп аталып бірнеше кезеңге бөлінеді және тұтығушының тұлғалық жағына мақсаты ықпал етуге бағытталады.
Пропедевтикалық кезеңнің мақсаты тұтығушының алдағы жұмысқа қызығушылығын қалыптастырып «жағымды психикалық жағдайларды» көбейту.
Екінші кезеңнің негізгі тәсілі эмоционалдық-стрестік (титықтау) психотерапия болып табылады. Сеанстың негізгі мақсаты – тұлғаны қайта қалыптастыру (реконструкция) жұмысын бастау. (М.Н.Дубровский) Сеанс көпшіліктің алдында күрделі жағдайда өтеді. Бұл сеанстан кейін тұтығушыда белсенді логопсихотерапияға сенімділкпен және қызығушылықпен қарайтын жаңа психикалың жағдай пайда болады.
Үшінші кезеңде библиотерапияны, символотерапия және кинезотерапияны қолдану арқылы тұтығушының тұлғасын қайта тәрбиелеу іске асырылады. Бұл кезеңде тұтығушы өзін және сөйлеу техникасын реттеу дағдыларын меңгереді. А.Н.Стрельникованың демалу жаттығулары белсенді қолданылады.
Ю. Б. Некрасованың ұсынған жүйесін қолдану нәтижесінде пациенттердің сөйлеуге деген қажеттілігі дамытылады. Л. З. Арутюнян ұсынған кешенді жүйе бойынша түзету жұмысы үш бағытта жүргізіледі:
-сөйлеу кезіндегі тыртысуды жоюға бағытталған логопедиялық жұмыс;
-сөйлеу актісіне байланысты үрей сезімін жеңілдетуге бағытталған психотерапия; өзінің жағдайын сезінуге және жазылудың толық мүмкін екенін сендіруге бағытталған психологиялық жұмыс.
Аталған логопедиялық әдістемелік ерекшелігі фразаның жылдамдығы мен интонациялық бейнесін анықтайтын жетекші қолдың саусақтарының қимылы мен сөйлеуін үйлестіру болып табылады. Қолдың саусақтарының қимылы мен сөйлеуін баяу жылдамдықпен үйлестіру, бірінші сабақтан бастап кідіріссіз сөйлеуге мүмкіндік береді.
Дайындық кезеңінде психотерапиялық ықпал арқылы ішкі психологиялық қорын (резерв) жұмылдырады, белсендіреді. Сабақтың негізгі маңыздылығы баланың өзінің ақаулығына, өзіне деген пікірін өзгерту болып табылады.
Түзету жұмысының негізгі кезеңінде сөйлеу мен саусақ қимылдарының үйлесу барысында пациентте жаңа сөйлеуқимыл дағдысы қалыптасады. Жаңа сөйлеу стеоретипті әр түрлі деңгейдегі функционалдық жаттығулар нәтижесінде бекиді.
Негізгі емдеу курсы біткен соң бірнеше микрокурстар өтеді. Ондай микрокурстардың мақсаты біртіндеп өзіндік жұмыстың көлемін молайту, қол жеткен нәтижелерді бекіту болып табылады. Жалпы түзету жұмысы микрокурстарды қосқанда бір жылға созылады.
Өз-өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар
1. В. М. Шкловскийдің психологиялық–педагогикалық түзету жүйесінің негізгі мазмұнын ашыңыздар.
2. Ересектердің тұтықпасын түзетудің емдеу – педагогикалық жүйесінің негізгі мазмұнын ашыңыздар.
3. Л. З.Арутюнянның «тұтықпада сөйлеудітұрақты қалыпқа келтіру кешенді әдістемесінің» мазмұнын айтыңыздар.
4. «Ересектердің тұтықпасын түзету жұмысының кезеңдері» бойынша кесте толтыру.
Тұтықпадан сақтандыру.
Тұтықпадан сақтандыру жұмысы негізгі үш бағытта жүргізіледі:
- Балаларда тұтықпаның пайда болуынан алдын ала сақтандыру;
- Тұтықпаның созылмалы түрінен және қайталануынан сақтандыру;
- Әлеуметтік бейімдеудің бұзылуынан сақтандыру;
Тұтықпаның қатерлі факторлары кездесетін балаларда бірнеше топқа бөлуге болады. Біріншіден ондай балалардың мінезінің ерекшеліктерінің бірі-үрейлілік. Олардың ұйқысының, тәбетінің бұзылуы, жылауықтың, ашуланшақтық байқалады. Екіншіден, сөйлеу тілі ерте дамыған балалар. Олардың алғашқы сөзі 1жасқа дейін, фраза 1,6-1,8ж, пайда болады. 2-2,5 жаста жайылған сөйлемдерді қолданады. Бұл кезеңде олардың сөйлеуінде көптеген итерациялар байқалады. Үшіншіден, психикасы кешеуілдеп дамыған балалар. Ондай балалардың сөйлеу компоненттері кешеуілдеп дамиды. Көп жағдайда сөйлеуі түсініксіз, дыбыс айтуы бұзылған. Төртіншіден, генетикалық қатерлі факторлары бар балалар (солақай, тұқымында тұтығы бар). Екі тілде сөйейтін балалар да қатерлі топқа жатады. Ондай балалардың отбасы баланың соматикалық және жүйке –психикалық дамуына қалыпты жағдай жасау қажет.
1жастан 6-7жасқа дейін ата-аналардың дұрыс сөйлеу үлгісінің балалар үшін өте маңызды екеніне ата-аналардың көңілін бөлу керек.
Ата-аналар үшін сөйлеу тәртібінің жалпы ережелері мыналар:
- Сөйлеу жатық , эмоциа мәнерлі, байсалды болу керек;
- Ата-аналардың сөзі анық болуы қажет;
- Балалардың тілімен сөйлеуге немесе дыбыстарды бұзып айтуға болмайды;
- Ересектердің сөзінде балалар үшін қиын айтылатын сөздер көп болмау керек;
- Сөйлемдер құрылымы бойынша өте күрделі болмау керек;
- Баламен сөйлескенде сұрақты нақты қойып, жауабын айтқанда асықтырмау;
- Сөйлеу кемшіліктері үшін баланы жазалауға, келекетуге немесе ашуланып түзетуге болмайды;
Балаға оқитын мәтін, өлеңдер жасына сай болуы керек.
Сөйлеуі ерте дамыған баланың сөйлеу қатынасына көп күш түсірмеу керек, яғни жаңа,құрдай сөздерді, белсенді сөз қолдануын, «баланың жетістіктерін» көпшілік алдында көрсетуін шектеу. Ондай балаға психикасына артық салмақ түсіретін көпшілікке арналған шараларға қатысуға болмайды. Ондай балалар үшін ырғақты қимыл ойындары, жеке сөздерді, қысқа сөйлемдерді ырғақты айту пайдалы. Олардың сөйлеу кезінде дем алуына көңіл бөлу қажет.
Сонымен, сөйлеу тілі ерте дамыған балалар үшін сақтандыру шаралары, алдымен, сөйлеуден сақтандыру тәртібі, сөйлеудің ырғақтылығы мен сөйлеудегі тыныс алуын қалыптастырумен байланысты.
Сөйлеу тілі кешеуілден дамыған балалардың, алдымен, дыбыс айтуы мен сөйлеудегі тыныс алуын қалыптастыру керек. Сөз қоры қарқынды молайып, фразалық сөйлеуі дамыған кезеңде итерацианың байқалуына көңіл бөлу керек.
Солақайлықты мектепке дейінгі кезде бірден анықтау қиын, өйткені бала екі қолмен бірдей еркін пайдаланады. Мұндай жағдайда баланың оң қолын көбірек іс-әрекетке қосу керек (қасықты, қарындашты, затты т.б. оң қолға ұстата беру керек). Егер мұндай шараларға қарамай бала сол қолымен қимылды көбірек жасаса, оған тиым салмау керек.
Әдетте солақай балалардың эмоциональді күйі тұрақсыз, үрейлі, мазасыз, орталық жүйке жүйесінің бейімделу мүмкіндіктері төмен болады.
Отбасында тұтығушы болған жағдайда, әсіресе баланың сөйлеу тілі қарқынды даму кезеңінде тұтығушымен қарм-қатынасын шектеген жөн.
Отбасында екі тілде сөйлеу жағдайында (билингвизм) балаға ерекше жағдай жасау қажет. Баланың сөйлеу тілі даму кезеңінде жүйке жүйесіне айтарлықтай салмақ түседі. Бірджен екі тіл қалыптасқан жағдайда, салмақ күшейеді де, сөйлеудің ауытқуының пайда болуына әсер етеді. Сондықтан алдымен бір тіл жүйесінің лексикалық-грамматикалық базасын толық қалыптастыруға жағдай жасау керек. Қалыпты дамыған жағдайда 4 жасқа таман қалыптасуы керек. Содан соң, бала екінші тілді меңгеруге болады.
Тұтықпаның созылмалы түрінен сақтандыру
Тұтықпа кенеттен басталса (қатты қорыққанда) баланың эмоциональдық күйін қалпына келтіруге жағдай жасау керек. Мұндай жағдайларға: сөйлеуді шектеу, көбірек ұйықтату, ақпаратты азайту, логопед және психоневролог мамандардан кеңес алу жатады. Баланың сөйлеуінде кідіру, тұтығу байқалса дыбыстарды дұрыс айтуға, жатық сөйлеуді талап етпеу керек. Ересектер асықпай, анық, ақырын сөйлегені дұрыс.
Әдетте, тұтықпа бала өзімен өзі ойнау барысында өзінің іс-әрекетін сөзбен айтып отырғанда тұтықпайды, сондықтан оларға әр түрлі ойындар, іс-әрекеттірді (сурет, мозайка т.б.) оңаша жүргізу қажет.
Баланың сөйлеуге талабы болып тұрса оған тиым салмау керек, тек сөйлеудің оңай түрін қолдануға бағыттау крек. Баланың жасына сәйкес қарапайым жеңіл тақпақтар жаттатуға болады. Музыкамен ырғақты қимылдар жасау өте пайдалы.
Логопедтің нұсқауларын дұрыс орындаған жағдайда тұтықпаны түзетуге болатынын ата-аналарға түсіндіру керек.
Тұтықпаны қайталануынан сақтандыру
Мектепке дейінгі тұтықпа балалармен тиімді түзету-педагогикалық жұмыстардың жүргізілгеніне қарамастан, мектепке барғанда тұтықпа қайталануы (рецидив) мүмкін. Қайталанбау үшін баланы мектепке ерекше дайындау қажет.
Оқу басталғанша (1-ші қыркүйекке дейін) бала мектепке барып, оқитын сыныппен, мұғаліммен танысады. Мұғалім бұрын баланың тұтыққанын және онымен қарым-қатынас жасау ерекшеліктерін білуі керек. Мысалы, ол баладан сабақты бірінші сұрамау, толық жауап беруін талап етпеу, аздаған жетістіктерін қолдап мақтап отыру т.б. Тұтықпа қайталанған жағдайда баланың ауызша жауап беруін тоқтатпау керек, ата-аналары ол кезде үйдегі тапсырманы бірге дайындап, дауыстап айтуға жаттықтырады. Ондай балалар кемінде 1,5-2 жыл логопед пен психоневрологтың бақылауында болады.
Келесі қатерлі кезең пре- және пубертантты кезең болып саналады. Бұл кезеңде жасөспірімдердің сөйлеу қатынасы күрделенеді, өзінің сөйлеуіне талап күшейеді, организмнің эндокриндік жүйесінің қайта қалыптасуына байланысты эмоциональды жағына күш түседі. Балалардың арасындағы өзіндік орнына байланысты ұйымдастырушылық байқалады. Осы кезеңде тұтықпаның қайталануы мүмкін.
Тұтықпаның қайталануын болдырмау үшін ұзақ уақыт диспансерлік бақылауда және мезгіл-мезгіл логопедиялық сабақ, психотерапия түрінде психологиялық-педагогикалық көмек алып тұруы керек.
Ересек тұтығушылар үнемі кеңес беретін және оңалту орталықтарында әртүрлі курстарға («демеуші топтар», «ашық қабылдау күндері» т.б.), шараларға қатысады.
Арнайы тәрбиелік шаралар өзіне сенімділігін, белсенділігін, өздігінен шешім қабылдауын қалыптастыруға бағытталады.
Тұтықпа мамандық талдауға кедергі болмауы тиіс, дегенмен тұтықпасы жиі қайталанатындар сөйлеуге және психикасына ауыр салмақ түсетін мамандыққа бармағаны жөн.
Психологиялық–педагогикалық оңалтудан өткен жасөспірімдер мен ересектер бірнеше жаднамаларды білуі керек.
Психологиялық-педагогикалық оңалту курсын өткен ересектер мен жасөспірімдер үшін жаднама.
1. Жүйке жүйесін сауықтыру.
Сөйлеу организмінің жалпы физикалық жағдайы мен нерв жүйесінің жағдайына тығыз байланысты. Сондықтан төмендегідей ережелерді сақтау қажет:
- Жүйке жүйесіне зақым келтіретін темекіден , алкогольдан бас тарту;
- Организмді сауықтыру үшін дұрыс тамақтану, дем алу мен еңбекті, ұйқыны, сергуді ойдағыдай алмастыру ( ұйқының бұзылуы өте зиян).
- Эмоциялық салмақ түсіруден сақтану;
- Жүйке жүйесін шынықтыру үшін таңғы гимнастика, шынықтыру шараларының пайдасы көп;
Орынды дене шынықтыру, организмді шынықтыру қимылдың үйлесімділігіне жақсы ықпал етеді және сөйлеу функциясын жақсартады.
2. Тұтықпаны тудыратын психикалық реакцияларды жеңілдету
Сөйлеу тілінің бұзылыстарын түзету барысында басты кедергі жағымсыз эмоциялық қайғыру болып табылады. Сондықтан өзін мазалайтын жағдайларды жан-жақты ойластыру қажет. Күнделікті өмірде өзін байсалды, салмақты, сенімді болуға тырысу.
Өмірдегі кездесетін қиыншылықтардың бтұтықпаның себебінен деп есептемеңдер жолдастардан, жақындарыңнан, әріптестеріңнен сөйлеудегі қиыншылықтарды жасырмай, оларға ем алып жүргендерінді түсіндіру керек.
Өздеріңде батылдылықты, қатаңдықты, шыдамдылықты және ерікті тәрбиелеңдер. Қойған мақсаттан бас тартпай, өз күштеріңе және мүмкіншіліктеріне сеңіндер. Өздеріңді әр жағдайда байсалды ұстауға үйреңіңдер. Егер аутогендік жаттығуларды ұдайы қолдансаңыз ол бұған көмектеседі.
3. Үй жағдайында сөйлеу жұмысын жүргізу
Жатық сөйлеу дағдысын бекіту үшін күнделікті дұрыс сөйлеуді жаттықтыру қажет:
- Жаттығуға қолайлы уақыт бұл таңертеңгі жұмысқа немесе оқуға дейінгі кезең;
- Сөйлеу жұмысын өлеңнен бастау керек (көңілді, ырғақты өлеңдерді пайдалану);
- Орташа жылдамдықпен, ережелерді сақтап, тақпақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдерді және кішірек мәтіндермен жұмыс;
- Өзіндік жұмысқа логопедиялық сабақтарды қосу керек.
Естеріңде болсын! Ырғақтылық қимылдар сөйлеу функциясын қалыпқа келтіруге жағымды әсер етеді.
Меңгерген сөйлеу дағдыларын біртіндеп адамдармен қарым-қатынас функцияларында бекіту.
4. Сөйлеудің негізгі ережелері
1. Дененің дұрыс кейпі тіршілік процестерін жақсартады және сөйлеуді ұйымдастыруға әсер етеді. Сөйлеу кезінде денеге байсалды және ыңғайлы кейіп беру керек.
2. Сөйлеу кезінде әңгімелеушіге қарап, өзін сенімді және байсалды ұстау.
3. Айтатын фразаны алдымен ойлап, баяу, бөліп айту.
4. Мәнерлеп айтыңыз: ол үшін буындық, логикалық екпіндерді, интонацияны сақтап, сөйлемнің мазмұнына сай айту.
5. Сөздің және сөйлемнің басын ақырын, жатық, дауысты дыбыстарды жеңіл айту.
6. Ұзын сөйлемді мазмұнды бөліктерге бөлу. Әрбір бөлімін қысқа фразадай айту.
7. Байсалды және баяу сөйлеуге тырысыңдар.
8. Сәтсіз сөйлеуден кейін – тоқтаңыз, сосын баяу сөйлеп жалғастырыңыз.
Естеріңізде болсын, тұтықпаны түзету сөйлеу дағдыларын қайта қалыптастыруды талап ететін күрделі жұмыс.
Жетістікке жету үшін уақыт, білім және тұтықпаны түзету тәсілдерін білу қажет.
Ерікті, күшті, қажырлы адамдар туралы әңгіме, кітаптарды жиі оқыңдар.
Өз-өзін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар.
1. Мектепке дейінгі балалардың тұтықпасын түзету әдістемелерін атаңыздар.
2. Н.А. Чевелеваның методикасының мазмұнын ашыңыздар.
3. В.И. Селиверстовтың әдістемесінің ерекшелігін атаңыздар.
Дата добавления: 2016-02-13; просмотров: 6891;