Зін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар

1. Сөйлеу жылдамдығының бұзылу түрлеріне анықтама беріңіздер.

2. Тахилалияның жіктелуін атаңыздар.

3. Сөйлеу жылдамдығын түзету жұмысының негізгі бағыттары қандай?

4. Брадилалияны түзету-логопедиялық әдістемесінің негізгі бағыттары қандай?

5. Тахилалияны түзету-логопедиялық жұмыс кезеңдерін сипаттаңыздар.

ТҰТЫҚПА

Тұтықпа - сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тыртысу салдарынан, сөйлеудің жылдамдығы мен ырғақтылығының бұзылуы. Синонимдері: balduties, disphemie, spasmophemie, laloneurosis.

Арнайы әдебиеттерде тұтықпаның механизміне қатысты әр түрлі көзқарастар кездеседі.

Ерте заманда тұтықпаны бас миы мен тілдің ылғалдылығының кемшіліктерінің салдарынан болатын ауру (Гиппократ) немесе артикуляциялық аппаратының бөліктерінің дұрыс сәйкеспеуінен (Аристотель) деген түсініктер болған.

XVII – XVIII ғ. тұтықпаны перифериялық (шеткі) сөйлеу аппаратының жетілмеуінің салдары деп түсіндіреді. Мысалы: Санторини тұтықпаны да қатты таңдайдағы жарықшақтан тілге шырышы ағып жиналады да тілдің қимылын қиындатады соның салдарынан тұтықпа пайда болады деп есептейді.

Басқа зерттеулер тұтықпаны сөйлеу мүшелерінің функциясының бұзылуымен байланыстырады: дауыс саңылауының тырысып жабылуы ( Арнот, Шультесс); өте тез дем алу ( Беккерель); тілді ауыз қуысында ұстап тұратын бұлшық еттерінің қысқаруы ( Итар, Ли, Диффенбах)-; ойлау мен сөйлеу процесстерінің келіспеушілігі (Блюме).

XIX ғ. аяғында тұтықпаны күрделі психофизикалық бұзылу деген пікір тұрақтала бастайды. Кейбір авторлардың пікірінше, ақаулықтың негізінде физиологиялық бұзылыстар біріншілік, ал психологиылық көріністер екіншілік сипат алады деген. ( А. Гуцман 1879; А. Куссмауль 1878; И. А. Сикорский 1889 т.б). Ал көптеген зерттеушілер психологиялық ерекшеліктері көрініс табады , ал физиологиялық көріністер соның салдарынан болады деп есептейді. (Хр. Лагузен 1838; Р. Коэн 1878; Г. Д. Неткачев 1913 т.б)

Р. М. Боскис тұтықпаны баланың сөйлеу тілінің дамуымауына жатқызады және оның негізіне күрделі сөйлеуді өңдеп құрастырумен байланысты туындайтын сөйлеу қиыншылықтары жатады деп есептейді.

Р. Е. Левина тұтықпаны сөйлеу тілінің дамымауы деп қарастырып оның мәні сөйлеу тілінің коммуникативтік функциясының бұзылуы деп біледі.

Көптеген авторлардың пікірінше сөйлеудегі қиыншылықтар әртүрлі жағдайға байланысты: жүйке жүйесінің типіне, сөйлеу ортасына, жалпы және сөйлеу тәртібіне т.б.

Көптеген ресейлік ғалымдар, И. П. Павловтың жоғарғы жүйке жүйесінің іс – әрекеті, соның ішінде невроздық механизмі іліміне сүйеніп тұтықпаны неврозға жатқызады. Кейбір зерттеушілер тұтықпаны невроздың белгісі деп қарастырса ( Ю. А. Флоренская, Ю. А. Поворинский т.б), басқалары – невроздың ерекше түрі деп қарастырады (В. А. Гиляровский, М. Е. Хватцев, И. П. Тяпугин, С. С. Ляпидевский, Н. И. Жинкин, В. С. Кочергина т.б)

Тұтықпа балаларды клиникалық зерттеу нәтижесінде В.С. Кочергина тұтықпаны симптом да емес, синдром да емес, ол орталық нерв жүйесінің ауруы деп тұжырымдайды.

Тұтықпаның пайда болуына бас ми қыртысының жүйке процесстерінің (олардың күші мен қимылының шамадан тыс зорлануы) -өзара қатынастарының бұзылуының маңызы зор.

Мидың үлкен жарты шарының іс – әрекетіндегі жүйкенің босаңсып шектен шығуы, бір жағынан жағымсыз экзогендік факторлардың әсерінен болуы мүмкін. Жүйкенің шектен шығуы жоғары жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі. Бастапқы ми қызметінің бұзылуы, ми мен ми қыртысы асты бөлімдерінің арасындағы индукциондық қатынастарының және ми қыртысы асты құрылымдардың қызметін реттейтін шартты рефлекстік механизмдерінің бұзылуына әкеліп соғады. Мұндай жағдайда стриопаллидарлық жүйенің қызметінде жағымсыз өзгерістер орын алады. Ал стриопаллидарлық жүйенің тұтықпаның механизіміндегі орны ерекше, өйткені ол жүйке дем алудың жылдамдығымен ырғақтылығына, артикуляциялық бұлшық еттердің тонусына жауапты. Тұтықпа стриопаллидумның органикалық өзгерістерінде емес, оның динамикалық функциясының ауытқуынан пайда болады.

Тұтықпаны И. П. Павловтың невроз туралы ілімі тұрғысынан қарастыруды көптеген зерттеушілер қолдайды (Чехословакияда – М. Зееман, М. Совак, Ф. Досужков, И. Досталова, А. Конделькова; Болгарияда – Д.Доскалов А. Атанасов, Г. Ангушев, Польшада – А. Митринович – Моджеевска; Германияда – К. П. Беккер т.б)

70 жылдары психиатрия саласында невротикалық және неврозға ұқсас бұзылыстарды ажырату үшін клиникалық критерилер ұсынылады, сонымен қатар тұтықпаның да невротикалық және неврозға ұқсас түрлерге бөліп қарастыру тенденциялары байқалады. (Н. М. Асатиани, Б. З. Драпкин, Л. И. Белякова, т.б.).

Қазіргі уақытқа дейін тұтықпаның механизмін зерттеушілер тек клиникалық және физиологиялық жағынан ғана емес, нейрофизиологиялық, психологиялық, психолингвистикалық тұрғыдан қарастыруға әрекеттеніп келеді.

Нейрофизиологиялық зерттеудің мағлұматтары (И. В. Данилов, И. М. Черепанов 1970) бойынша тұтығушының доминантты жарты (сол жақ) шары сөйлеу кезінде өзінің басқарушы, жетекші ролін толық тұрақты атқара алмайды, оң жақ жарты шарға қарсы тұра алмайды.

Тұтығушылардың зейінін, жадын, ойлауын,психомоторикасын зерттеулер нәтижесінде олардың психикалық іс – әрекеттерінің құрылымының, оны өзіндік реттеуінің өзгергені анықталған. Тұтығушылардың тұлғалық ерекшеліктерін зерттеу өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Клиникалық бақылау және эксперименталдық психологиялық әдістемелерді қолдану арқылы олардың бір қатар тұлғалық ерекшеліктері анықталған: секемшілдік, үрейлік, өзіне өзі сенбеушілік, тұйықтық, депрессияға бейімділік т.б.

Тұтықпаның механизімін психолингвистикалық тұрғыдан қарастыру – сөйлеудің тууының қай кезеңінде тыртысу пайда болатынын анықтауға бағытталған. Сөйлеу қатынасының мынадай фазалары болады.

· Сөйлеуге қажеттіліктің немесе қарым-қатынасқа ниетінің болуы;

· Іштен сөйлеуде түпкі ойдың тууы;

· Дыбысты айтуын іске асуы;

Сөйлеу іс–әрекетінің әр түрлі құрылымдарында бұл фазалар өзінің толықтылығы мен ұзақтылығы жағынан әр түрлі болады. Барлық жағдайда ойланғаны мен іске асырғанын салыстырып отырады.

Сонымен, тұтықпа мәселесіне қатысты әртүрлі көзқарастарды қарастыра отырып, тұтықпаның механизімі біртекті емес деген қорытынды жасауға болады.

Бір жағдайда тұтықпаны бас миының жүйке процесстерінің шектен шығуы, ми қыртысы, ми – қыртысы асты бөлімдердің өзара іс – әрекетінің бұзылуы, сөйлеу қимылдарының (дауыстың, тыныс алудың, артикуляцияның) жылдамдығын бірге автоматты реттеудің бұзылуының салдарынан болатын күрделі невротикалық бұзылыс деп түсіндіреді.

Екінші жағдайда – әртүрлі себептердің салдарынан туындаған сөйлеудегі алғашқы қиыншылықтар дұрыс сөйлеу рефлексі ретінде бекіп қалудың нәтижесінде болатын күрделі невротикалық бұзылыс деп есептейді.

Үшіншіден – жалпы және сөйлеу дизонтогенезінің, тұлғаның үйлесімсіз (дисгармониялық) дамуының салдарынан байқалатын сөйлеудің функциональды бұзылуы.

Төртіншіден - тұтықпаның механизімін орталық жүйке жүйесінің органикалық өзгерістерімен түсіндіреді. Басқаша да түсіндірулер болуы мүмкін.

 

Тұтықпаның этиологиясы

Арнайы әдебиеттерде тұтықпаның себептеріне әр түрлі көзқарастар айтылады. Хр. Лагузен (1838) тұтықпаның себептеріне аффектті, қорқуды, ұялшақты, қатты ашулануды, бас миының зақымдалу мен ауруын, тұтығуға еліктеуді жатқызады. А. И. Сикорский тұтығудың негізгі себебі тұқым қуалаушылық деп есептейді. Г. Д. Неткачев (1909) отбасында дұрыс тәрбиенің болмауы деп санайды. Көптеген зерттеушілер тұтықпа инфекциялық аурулардың салдарынан организмнің әлсіреуінен (А. Г. Гутцман) экзогендік және эндогендік факторлардың қосылып әсер етуінен деп санайды (В. А. Гиляровский, М. Е. Хватцев, Н. А. Власова, Н. П. Тяпугин, М. Зееман т.б)

Қазіргі кезеңде тұтықпаның себептерін екі топқа бөледі: бейімдеуші және қоздырушы.

Біріншісіне баланың нерв жүйесін әлсіретіп, оның жұмысының бұзылуына әкеліп соғатын жағдайлар жатады (құрсақта жатқанда, туу кезеңдегі зақымдалу; инфекциялық аурулар; тұқымқуалаушылық яғни ата-аналарының нерв жүйесінің әлсіздігі, ерекшелігі; конституциональдық бейімділігі, педагогикалық қараусыз қалу).

Қоздырушы себептерге жататындар:күшті жүйке күйзелісін тудыратын кенеттен психиканың зақымдалуы, тәрбиелеу тәсілдерін дұрыс қолданбау, сөйлеу ортасының жағымсыздығы, сөйлеу тілінің дамуының кешеуілдеуі.

Осы уақытқа дейін тұтықпаның этиологиясына бірдей көзқарас жоқ. Дегенмен, барлық зерттеушілер, тұтықпаның пайда болуына бірқатар факторлардың маңызын атайды.

1. Баланың жасы.

2. Баланың орталық жүйке жүйесінің жағдайы.

3. Жеке тұлғаның ерекшелігіне байланысты сөйлеу онтогенезінің өтуі.

4. Бас миының функциональдық ассимитриясының қалыптасу ерекшеліктері.

5. Психикасының зақымдалуы.

6. Генетикалық фактор.

7. Жыныстық деморфизм.

Тұтықпаның пайда болуына ықпал ететін көптеген факторларды атауға болады (соматикалық әлсіреу, мінезінің жағымсыз жақтары, әлеуметтік жағдайы мен ортасы т.б). әдетте, тұтықпа бір емес, бірнеше факторлардың қосылып келу салдарынан пайда болады. Этиологиялық факторлардың әрқайсысына жекеше тоқталайық.

Баланың жасы тұтықпа екі – алты жас арасында пайда болады. Ол мектепке дейінгі жастағы баланың сөйлеу іс – әрекетінің координаторлық механизмдері қарқынды қалыптасу сатысында болуымен байланысты. Көптеген физиологиялық зерттеулерде, қарқынды даму сатысында, кез – келген функциональді жүйенің зиянды факторлардың салдарынан ауытқуға шалдыққыштығы дәлелденген.

Көп жағдайда тұтығатын балаларда бас миының резидуальдық сипаттағы органикалық зақымдалуы байқалады. Жалпы тұтықпаларға әртүрлі деңгейде қимыл сферасының жетілмеуі байқалады.

Орталық жүйке жүйесінің жағдайы кейбір тұтықпа балаларда бас миының органикалық зақымдалуы байқалмайды. Сонда да, қалыпты балаларға қарағанда тұтықпа баланың жүйке жүйесінің ерекшелігін көрсететін үрейлену, жаңа жағдайдағы бейімділігінің төмендігі сияқты белгілері байқалады.

 

Сөйлеу онтогенезінің өту ерекшеліктері.

Көптеген балаларда тұтықпа пайда болғанға дейін, сөйлеудің қарқынды даму кезеңінде, физиологиялық итерация, сөйлеу кезіндегі тыныс алу мен күрделі фразалы айтудың психикалық мүмкіншіліктерінің арасындағы үйлеспеушілік байқалады.

Тұтықпаның пайда болуына сөйлеудің қарқынды даму жылдамдығының да әсері зор. 1,6 – 1,8 айдағы ауызша толық сөйлеуі жаңа қалыптасып келе жатқан сөйлеудің функциональды жүйесіне қауіп төндіреді. Ондай жағдай кейбір сөйлеу тілінің кешеуілдеуінде де байқалады. Сөйлеуі кешеуілдеп дамыған балаларда 3,5 – 4,5 жаста фраза қарқынды қалыптаса бастайды, бұл қалыптасып келе жатқан сөйлеу жүйесінің координаторлық механизімін әлсіретеді және тұтықпаның пайда болуына мүмкіншілік тудырады.

Бас миының функциональдық ассимитриясының қалыптасу ерекшеліктері.

Тұтықпа балалардың арасында солақайлар жиі кездеседі және сол қолды оң қолға қайта тәрбиелеу кезінде тұтықпа пайда болуы мүмкін.

Тұтықпа балалардың ауызша сөйлеуін ұйымдастырудағы сол жақ жарты шардың басқарушы ролінің бұзылатындығы электрофизиологиялық зерттеулерде анықталған (И.В. Данилов, И.П. Черепанов, 1970)

Бас миының симметриялық құрылымдарының арасындағы байланыстың әлсіреуі алдымен сөйлеу функциясына әсерін тигізеді.

 

Психиканың зақымдалуы.

Көптеген авторлар тұтықпаның пайда болуы психикалық зақымдалуымен байланыстырады. Психикалық зақымдалу әртүрлі болып келеді. Көбінесе тұтықпаның алғашқы рет пайда болуы психиканың зақымдалу кезімен сай келеді, оның қоздырушы себебі болып табылады.

Генетикалық фактор.

Әлемдік әдебиеттердің деректері бойынша тұтықпадағы ауыр тұқым қуалаушылық бірнеше ұрпақта байқалуы мүмкін. Тұтықпасы бар ата – аналарды қалыпты ата – аналарға қарағанда, балаларында тұтықпаның байқалу мүмкіншілігі бірнеше рет көбірек болады. Шамасы, орталық сөйлеу механизмдерінің әлсіздігі тұқым қуалауы мүмкін. Кез келген ауытқу генетикалық тұқым қуалаушылыққа қосымша зиянды факторлар қосылғанда ғана байқалады.

Тұтықпа қыздарға қарағанда, еркек балаларда үш есе жиі кездеседі. Мұның механизмі әлі де түсініксіз. Қыздардың моторлық функциялары: жүруі, сөйлеуі, ұсақ моторикасы ұлдарға қарағанда тезірек қалыптасады деп болжамдайды. Бәлкім, соған байланысты қыздардың сөйлеу қимыл механизмдері экзогенді зияндықтарға төтеп беру қабілеті жоғары болуы мүмкін.

 

Тұтықпаның белгілері

Тұтықпа – сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тыртысу салдарынан ауызша сөйлеу тілінің жылдамдығының, ырғақтылығының бұзылуы. Тұтықпа көбінесе баланың сөйлеу функциясының қалыптасу кезеңінде ( 2-6 жас аралығында) пайда болады. Арнайы әдебиеттерде мектеп жасына дейінгі балаларда басталған тұтықпаны өз бетінше сөйлеу ақаулығы деп қарастырады, ал бас миының әр түрлі органикалық ауруларында немесе жүйке психикалық бұзылыстарында байқалатын түрлерін симптоматикалық тұтықпа немесе екінші реттілік деп есептейді. Тұтықпаның негізгі белгісі – ауызша сөйлеу процессінде сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тыртысуы. Тыртысу тек сөйлеу кезінде немесе сөйлей бастағанда байқалады.

Тыртысу негізгі екі түрге бөлінеді: тоникалық және клоникалық, сонымен қатар кейде аралас түрге де бөледі.

Сөйлеудегі тоникалық тыртысу бірнеше топтағы бұлшық еттердің (мысалы: еріннің, тілдің т.б.) тонусының қатаюымен сипатталады. Тұтығушы сөйлеу кезінде тоқтап, бөгеліп қалады (к – ітап). Ауыз бұл кезде жартылай ашық немесе еріндер қосылып тұрады.

Тырысудың клоникалық түрі сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің біркелкі қайталанып қысқаруымен сипатталады. Көбінесе тұтықпада тыртысудың клоникалық және тоникалық түрлері бірдей байқалады.

 

Тыртысудың оқшаулануы (локализациясы)

Тыртысу сөйлеу аппаратының барлық бөлімдерінде: артикуляциялық дауыс шығару және тыныс алу мүшелерінің бұлшық еттерінде кездесуі мүмкін. Тұтықпаның асқынған түрінде тыртысудың аралас түрлері жиі кездеседі: демалу – артикуляциялық, артикуляторлық – дауыс шығару т.б.

Демалу аппаратының тыртысуы. Инспираторлық тыртысу. Кенеттен шұғыл дем алудың салдарынан сөйлеудің әр кезеңінде пайда болатын үзіліс немесе кідіріп қалуымен сипатталады. Мұндай тыртысулар фонацияны, сонымен қатар сөйлеу артикуляциясын бұзады. Инспираторлық тыртысулардың күші әртүрлі болады. Көбінесе олар әлсіз болып келеді, өте сирек жағдайда күшті және ұзақ болуы мүмкін.

Экспираторлық тыртысу ауызша сөйлеу кезінде кенеттен шұғыл дем шығарумен сипатталады. Оған қарынның көк етінің қатты қысқаруы тән. Экспираторлық тыртысу кезінде артикуляция да, вокализацияда тоқталады. Тұтығушыда кеудесі қысылған ауа жетпейтін сезім пайда болады.

 

Дауыс шығару аппаратының тыртысуы.

Дауыс шығару аппаратында тыртысу көбінесе дауысты дыбысты айту кезінде байқалады. Дауыс шығару аппаратының тыртысуының негізгі үш түрі кездеседі.

Қабысып тыртысу сөйлей бастағанда немесе сөйлеудің ортасында пайда болды да кенеттен дауыс беру тоқталады. Тыртысудың бұл түрінің негізгі белгісі дыбыстың мүлдем болмауы болып табылады. Ұзаққа созылған тыртысуда тұтығушының бет әлпеті қимылсыз, зорланып көрінеді.

Вокальдық тыртысу әдетте сөйлеу процессінде дауысты дыбысты айту негізінде пайда болады. А. И. Сикорскийдің айтуынша, тыртысудың бұл түрі тұтықпаның басталар алдында жиі кездесетін және оның тұтықпаның алғашқы белгісі деп қарастыруға болады.

Вокальдық тыртысу, көмекей аумағында оқшауланып, мойын бұлшық еттеріне таралуы мүмкін және дауыс шығару аппаратынан барлық бұлшық еттерінің іс – әрекеті бұзуы мүмкін кейде вокальдық тыртысу біткенше артикуляторлық қимылдар толықтай тоқталуы байқалады.

Дірілдеген немесе жұлқыған көмекейдің тыртысуы дауысты дыбысты айтқанда немесе айтуға әрекет жасағанда пайда болады. Сөйлегенде үзіп сөйлейді, дірілдеген дыбыс пайда болады, артикуляция толығымен болмайды.

 

Артикуляциялық аппараттың тыртысуы.

Артикуляцияның тыртысуды беттік (ерін, астыңғы жақ) тілдік және жұмсақ таңдайлық деп бөледі.

Беттік тыртысулар. Еріннің қабысқан тыртысуы тұтықпада жиі кездесетін түрінің бірі. Ауыздың айналма бұлшық еттерінің тыртысуы салдарынан, еріндер қатты қабысады. Тыртысудың бұл түрінде еріндік дыбыстардың (п,б,м,в,ф) айтылуы бұзылады.

Жоғары еріндік тыртысу сирек кездеседі. Тыртысудың бұл түрінде барлық еріндік дыбыстарды айта алмайды, бет әлпетінің кескіні бұзылады.

Төменгі еріндік тыртысу ауыздың бұрыштарын төмен түсіретін бұлшық еттерді зақымдайды беттің күрделі тыртысуы, ауыздың бұрышындағы тыртысу сияқты түрлері кездеседі.

 

Тілдің тыртысулары.

Тілдің тыртысуының бірнеше түрлері болады. Ең жиі кездесетін түрінің бірі тілдің ұшының тыртысуы. Тілдің ұшы қатайып қатты таңдайға тіреледі, соның салдарынан артикуляция тоқталады.

Тілдің түбірінің тыртысып көтерілуі және артқа тартылуы. Бұл кезде тілдің түбірі таңдайға қабысады да ауаның ауыз қуысына өтуіне бөгет жасайды. Тыртысу тіл арты дыбыстарды (г,к,х,қ) айтқанда байқалады.

Тілдің қуғындаушы тыртысуы тілді тістердің арасына итеріп шығаруымен сипатталады. Ол клоникалық және тоникалық түрде болуы мүмкін. Тыртысу кезінде дыбыс айтуы мүмкін болмайды, дем алу бұзылады, кейде ауруды сезінуі мүмкін.

Тіл асты тыртысуы төменгі жақтың төмен түсіп ауыздың ашылуымен сипатталады. Тыртысудың бұл түрінде буынның қайталауы мен дауыстың қырылдауы жиі байқалады.

Жұмсақ таңдайдың тыртысуы жеке түрде сирек кездеседі. Көбінесе артикуляциялық аппараттың жалпы тыртысулар құрамында кездеседі. Тыртысу кезінде жұмсақ таңдай біресе көтеріліп, біресе төмен түсіп тұрады, соның салдарынан мұрын қуысына жол ашылып жабысып тұрады да дыбыстар мұрыннан айтылады.

Тұтықпа күрделі тіл кемістігі болып саналады. Онда сөйлеу функциясының бұзылуымен қатар нерв жүйесінің, соматикалық денсаулығының, жалпы және сөйлеу моторикасының бұзылуы және психологиялық ерекшелктері байқалады. Аталған әрқалай байқалатындығы көптеген зерттеулерде анықталған.

А. Митринович – Моджеевска орталық жүйке жүйесінің көптеген аурулары тұтықпада оның белгісі (симптомы) ретінде байқалатынын айтады. Басқаша айтқанда, тұтықпа орталық жүйке жүйесіндегі функциональды өзгерістердің салдары болып табылады. С. С. Ляпидевский, В. П. Баранованың деректері бойынша 92,2%, М. Совактың деректері бойынша 84,6% тұтығушыларда вегетативтік нерв жүйесінің дистаниясы байқалады.

В. С. Кочергинаның зерттеулерінде мектепке дейінгі жастағы тұтықпа балалардың көбінде жүйке жүйесі мен физикалық денсаулығында әртүрлі бұзылыстардың болатыны анықталған: ашуланшақ, өкпешіл, жылауық, негативизм, ұйқының және тәбетінің бұзылуы, суық тигіш және инфекциялық ауруларға бейімділік, энурез.

Сонымен қатар, тұтықпада жалпы және сөйлеу моторикасының әртүрлі деңгейде бұзылуы байқалады. Олар ерікті және еріксіз болуы мүмкін. Ерікті қимылдарға тұтығушы өзінің қиын сөйлеуін білдірмеуге немесе жеңілдету мақсатымен әртүрлі қимылдарды қолдану ( теңселу, қолын қимылдату, саңылау т.б) жатады.

Еріксіз қимылдарға сөйлеу кезіндегі тыртысу жатады. Б.И. Шостак, сөйлеу кезіндегі тыртысумен қатар тұтықпа балалардың сөйлеу аппаратында, беттің, мойынның, қолдың бұлшық еттерінде күштелген қимылдардың болатыны анықталған. Н. А. Рычкованың зерттеген ( 1985) мәліметтері бойынша тұтықпаның неврозға ұқсас түрінде жалпы, ұсақ, мимикалық қимылдарының бұзылуы, қозғалыстың бөгелуі, солғындығы немесе дискоординациясы, бір қимылдан екінші қимылға өту қиындығы жиі кездеседі.

 

Экспрессивтік сөйлеуге мынадай ерекшеліктер тән:

· Сөйлеудің ырғақтылығының, жылдамдығының және жартылай әуезділігінің бұзылуы.сөйлеген кезде кідіріп қалуы, жеке дыбыстарды қайталауы, фразаны бастағанда қиналуы;

· Эмболофразия, қосымша дыбыстарды немесе сөздерді пайдаланып, сөйлеуді жеңілдету үшін амал жасау (ана, мына, сосын т.б). Әдетте эмболдар қиын дыбыстарды айтудың алдында қолданады;

· Сөйлеу белсенділігінің төмендеуі, айналасындағылармен қарым қатынасы азаяды яғни сөйлеудің қатынас функциясының бұзылуы;

· Дыбыс айту кемшіліктері, сөздерді дұрыс қолданбау, сөйлемді дұрыс құрастырмау т.б.

· Ауызша сөйлеу кемшіліктері, жазбаша сөйлеу тіліне әсерін тигізеді. Жазуда бірдей әріптер мен буындар қайталанады, сөзді бөліп жазады. Мұндай ерекшеліктер Р.Е. Левинаның, М.Е. Хватцевтің, В.И. Селиверстовтың, А.В. Ястребованың, Г.А. Воронованың жұмыстарында көрсетілген.

 

Тұтықпа балалардың психологиялық ерекшеліктері.

Р. Е. Левинаның пікірі бойынша сөйлеу тілінің бұзылуы әр қашан тұлғаның дамуына және психикасының дамуына әсер етеді, оның әсері ақаулықтың табиғатына, деңгейіне сонымен қатар баланың өзінің ақаулығына көңіл аударуына байланысты болады. Көптеген авторлар тұтықпа балаларда әр түрлі деңгейде психикалық ерекшеліктері байқалатынын атайды (Х. Лагузен, И. А. Сикорский, Г. Д. Неткачев, Э. Фрешельс, Ю. А. Флоренская, М. Е.Хватцев т.б). Кейінгі жылдардағы ғылыми жұмыстарда психологиялық ерекшеліктерін тереңірек зерттеумен қатар (С. С. Ляпидевский, В. И. Селиверстов, В. М. Шкловский, Ю. П. Некрасова, Г. И. Ангушев, Л. З. Андронова, Э. М. Кулиев). оларды психологиялық ерекшеліктері бойынша ажыратуға (дифференциялауға) көңіл бөлмеді. Оның негізіне логофобияның болуы (С. С. Ляпидевский, С. И. Павлова) әр түрлі деңгейде өз ақаулығына көңіл аударуы (В. И. Селиверстов, В. М. Шкловский) алынады.

Қазіргі кезде психологиялық-педагогикалық сипаттаманы ескере отырып, өзінің ақаулығына көңіл аударуын негізге ала отырып тұтықпаларды 3 топқа бөледі: нольдік, біркелкі, орташа және айтарлықтай немесе жоғары деңгейде ақаулыққа көңіл аудару.

Бірінші топтағы балалар өздерінің ақаулығын байқамайды, көңіл аудармайды. Олар үлкендермен де өзінің құрдастарымен, бөтен адамдармен ұйалмай қарым – қатынас жасайды. Екінші топтағы балалар тұтықпаға байланысты іштей қайғырады, әр түрлі амал арқылы тұтықпаны байқатпауға тырысады. Дегенмен ақаулықты сезінуі, іштей қайғыруы тұлғаның дамуына оншалықты әсерін тигізбейді. Үшінші топтағы балалар үнемі өзінің ақаулығын сезінеді. Ондай балалар әрдайым сөйлеу қиыншылықтарына көңіл аударып, терең және ұзақ қайғырып, ренжиді. Соның салдарынан олар өздерін кем санайды, секемшіл келеді және сөйлеу алдында қорқыныш пайда болады.

Сонымен, тұтықпада тек сөйлеу функциясының бұзылуымен қатар нерв жүйесінің, жалпы және сөйлеу моторикасының бұзылуы, психологиялық ерекшеліктері байқалады.

 

Тұтықпаның таралуы.

Балалар арасында тұтықпаның таралуы туралы статистикалық мәліметтерді талдау барысында төмендегідей қорытындыларды жасауға болады:

1. Тұтықпа көбінесе 2-5жас арасында пайда болады, яғни фразалық сөйлеудің қарқынды даму кезінде.

2. Тұтықпа бастауыш сынып (әсіресе 1-сынып) оқушыларында жиі кездеседі.

3. Мектепте оқу кезінде және жыныстық жетілу кезеңінде күшейеді.

4. Ер балалар арасында тұтықпа қыздарға қарағанда 3 есе көбірек кездеседі

5. Жалпы балабақшалар мен мектептерді салыстырғанда балалар үйіндегі, мектеп интернатының балалар арасында балаларда тұтықпа жиі кездеседі.

6. Қалада тұратын балаларға қарағанда ауылда тұратын балалар арасында тұтықпа сирек кездеседі.

Ауылда 0.8-0.9% (И. И. Демина, О. Т. Мороз), ал қалада 2% шамасында (М. Е. Хватцев т.б) тұтықпа байқалады.

Профессор М. Зееманның айтуынша климат та тұтықпаның байқалуына әсерін тигізеді.

Сонымен, статистикалық мағлұматтар тұтықпаның байқалуына әр түрлі факторлар (жынысы, жасы, мекеменің түрі, климаттағы т.б) әсер ететінін көрсетеді.

 








Дата добавления: 2016-02-13; просмотров: 6274;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.046 сек.