Биосфералық резерваттар. Биосфералық резерваттарды дамытудың Севиль стратегиясы.
Биосфералық резерваттарды кейде «Биосфералық қорықтар» деп те атайды. Мұндай мәртебені иеленген биосфералық қорықтар ЕҚТА-дың ғаламдық деңгейіндегі жеке тобы болып саналады және олар Әлемдік биологиялық резерваттар жүйесінің (ағылшынша: World Network of Biosphere Recerves) тізіміне тіркеледі.
Биосфералық резерваттар мәртебесін иеленген ЕҚТА-тар аумағының табиғаты адамның іс-әрекеттерінен бастапқы табиғи қалпынан онша өзгере қоймаған ауқымды аумақтарды қамтиды әрі белгілі бір географиялық табиғи белдемдерге тән ерекшеліктері бар аумақтар тіркеледі.
Биосфералық резерваттар негізінен табиғат пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті сақтау және қоршаған табиғи ортаның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне тіркеліп, халықаралық деңгейде бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, өзара тәжірибе алмасады және табиғатта болып жатқан түрлі өзгерістерге алдын ала болжам жасап, қоғам мен табиғат арасындағы келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін тиімді шаралар қабылдап отырады.
Биосфералық резерваттардың аумағы негізінен 3 белдемге бөлінеді. Оның біріншісі орталық (ядролық) белдем деп аталады. Бұл белдемде тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ешқандай шаруашылық жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілмейді, яғни бұл белдемнің барлық табиғат байлықтары қатаң түрде қорғалады.
Биосфералық резерваттардың екінші белдемі буферлік белдем деп аталады. Бұл белдем орталық белдемді қоршай орналасады да, онда табиғат байлықтарына жағымсыз әсер етпейтін туризмді дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және экологиялық білім мен тәрбие жұмыстарын жүргізу шараларына ерекше көңіл бөлінеді.
Биосфералық резерваттардың үшінші белдемі шектеулі шаруашылық белдемі деп аталып, онда елді мекендер орналасады және табиғат қорғау жұмыстарына жағымсыз әсер етпейтін кейбір шаруашылық жұмыстары жүргізіледі.
Биосфералық резерваттарды ұйымдастыру жұмыстары алғаш рет ХХ ғасырдың 70-жылдарының екінші жартысынан басталды. 1976 жылы АҚШ-та тұңғыш рет биосфералық резерват ұйымдастырылып, онда ұзақ уақытқа арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары белгіленді. Сонымен қатар, осы жылы биосфералық резерваттар ұғымына нақты анықтама берілді.
1983 жылы Белоруссияның астанасы Минск қаласында биосфералық резерваттарға арналған алғашқы Конгресс болып, онда биосфералық резерваттар жүйесін алдағы уақыттарда дамытудың жоспары белгіленді.
1992 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Жер ғаламшарындағы табиғи қоршаған орта туралы Саммит ұйымдастырылып, онда биологиялық алуантүрлілік Конвенциясы қабылданды. Бұл Конвенцияда ғаламдық деңгейдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді табиғи қоршаған орта мәселелерімен байланыстыра отырып шешу қажеттігі айрықша атап өтілді.
1995 жылы биосфералық резерваттар стратегиясы мен ережелері қабылданып, Әлемдік биосфералық қорықтар жүйесін дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Соңғы жылдары дүниежүзі бойынша биосфералық резерваттар ұйымдастыру шаралары қарқынды түрде қолға алынды. Биосфералық резерваттарды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – биологиялық алуантүрлілікті (гендік, түрлік, экожүйелік) сақтап қалу, оларды қорғау және қалпына келтіру болып табылады.
Қазіргі кезде (2011 жылы) дүниежүзінің 564 мемлекетінде 109 биосфералық резерваттар тіркелді. Оған биылғы жылы (2012 жылы) тағы да 15 биосфералық резерват қосылып отыр.
Биосфералық резерваттарда биологиялық алуан-түрлілікті сақтап қалу туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары ғаламдық деңгейде жүргізіледі. Соңғы жылдары дүниежүзінің түрлі аймақтарында адамның шаруашылық іс-әрекеттерінің табиғатқа және оның түрлі байлықтарына әсер етуі жылдан-жылға қарқынды түрде жүріп жатқандығы байқалады. Мысалы, 1600 жылдан бастап Жер бетінде ресми деректер бойынша құстардың 74 түрі, сүтқоректілердің 63 түрі мүлде жойылғандығы анықталды. Дәйекті деректер бойынша қазіргі кезде Жер бетінен маржан полиптерінің – 27%, акулалардың – 17 %, қосмекенділердің - 21 % , құстардың – 12 % және сүтқоректілердің 21 %-на жойылып кету қаупі төнгендігі анықталып отыр.
Қазіргі кезде биолог ғалымдардың ресми деректері бойынша апта сайын өсімдіктердің 1 түрі, күн сайын жануарлардың 1-10-ға дейін түрі жойылып отыратындығы анықталған. Табиғаттан өсімдіктің 1 түрінің жойылуы олармен қоректік тізбекте байланыста болатын 30-ға жуық ұсақ жануарлар түрлерінің жойылуына әсер ететіндігі дәлелденген.
Биологиялық алуантүрлілікті сақтап қалуда биосфералық резерваттардың маңызы зор екендігі белгілі. Қазіргі кезде Жер шарында құрылықтың – 14%, Әлемдік мұхиттардың – 1 %–ның аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастырылған. Мұның өзі дүниежүзі бойынша жойылып кету қаупі төнген 65 түрлі ағзаны сақтап қалып отырғандығы анықталған.
2020 жылға дейін Жер бетіндегі құрлықтың – 25 пайызын, ал әлемдік мұхиттардың 15 пайыз аумақтарында ЕҚТА ұйымдастыру мәселелері қарастырылуда.
2010 жылы мамыр айында Алматы қаласында Халықаралық «Адам және биосфера» бағдарламасының аясында және ЮНЕСКО-ның, Қазақстан Республикасы Ғаламдық Экологиялық Қорының (ҒЕҚ) қолдауымен биосфералық резерваттарға ұсынылатын ЕҚТА-ды анықтау және Орталық Азия аумағында трансшекаралық биосфералық резерваттарды ұйымдастыру жайында арнайы мәселе қаралып, онда алдағы уақыттарда Қорғалжын табиғи қорығын Әлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне тіркеуге қажетті құжаттар дайындау шаралары қарастырылған болатын.
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының биосфералық резерват мәртебесін иеленуінде осы табиғи қорықтың ғылыми қызметкерлерінің талай жылғы табандылықпен еткен ерен еңбектерін ерекше атап өткен жөн. «Ерінбегеннің еңбегі жанады, оның үйіне Қыдыр келіп қонады» деген халық даналығының ақиқатқа айналуын біз Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының Әлемдік биосфералық қорық деген мәртебені иеленуінен айқын көріп отырмыз. Лайым да Қорғалжын биосфералық қорығының абыройы үнемі асқақтап, еліміздің табиғат байлықтарын қорғауда Әлем таңқаларлық жетістіктерге жете беретіндігіне сеніміміз мол.
Қорғалжын мемлекеттің табиғи қорығының аумағындағы Теңіз көлі халықаралық маңызы бар «Тірі көлдер - (Living lakes)» тізіміне тіркелген. 2004 жылы бұл табиғи қорық БҰҰ-ның Ғаламдық Экологиялық Қоры мен БҰҰ-ның бағдарламасы бойынша «Әлемдік маңызы бар табиғи ортаны кешенді түрде сақтап қалу» жобасына тіркелді. 2007 жылы Қазақстан Тәуелсіз ел ретінде Рамсар конвенциясына қайта тіркелді және осы жылы Бонн (Германия) қаласында өткен қоныс аударатын жабайы жануарларды сақтап қалу конвенциясының тізіміне де тіркелген. Қорғалжын табиғи қорығы әлемдік деңгейдегі басты орнигологиялық аумақтар (IBA) тізіміне тіркелді. 2008 жылы БҰҰ-ның жанындағы ЮНЕСКО-ның Әлемдік табиғи мұралар тізімінен орын алды.
Қорғалжын биосфералық табиғи қорығы Еуразия құрылығының құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді табиғи белдемдерінің бірегей табиғат байлықтарын кешенді түрде қорғайтын дүниежүзілік мәні бар биосфералық қорық деп есептелінеді. Сонымен қатар, осы биосфералық қорық аумағы арқылы Үнді-Орталық Азия және Шығыс Африка – Сібір бағыты бойынша ұшатын жыл құстарының миграциялық жолы өтетіндігімен де ерекшеленеді.
Қорғалжын биосфералық табиғи қорығының аумағы Ақмола облысының Қорғалжын және Қарағанды облысының Нұра аудандарының 543 711 гектар аумағын қамтитын еліміздегі жер көлемі ең ауқымды биосфералық табиғи қорық болып саналады.
Қорғалжын биосфералық табиғи қорығының аумағында өсімдіктердің 374 түрі өсетіндігі анықталған. Оның 5 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына (1981) тіркелген. Сонымен қатар, қорық аумағындағы сирек кездесетін өсімдіктердің 45 түрі қатаң қорғауға алынған. Қорық аумағындағы көлдерде суда өсетін өсімдіктердің 22 түрі кездеседі.
Қорғалжын биосфералық табиғи қорығының аумағы жануарлар дүниесіне де бай алқап болып саналады. Мұнда балықтың – 14, қосмекенділердің – 2, жорғалаушылардың – 5, құстардың – 345 және сүтқоректілердің 42 түрі таралған.
Қорғалжын биосфералық табиғи қорығының басты байлығы қызғылт қоқиқаз болып есептелінеді. Сондықтан да бұл биосфералық табиғи қорықтың рәмізі етіп осы құстың бейнесі арнайы таңдап алынған.
Қорыта айтқанда, Қорғалжынның биосфералық табиғи қорық мәртебесін иеленуі еліміздегі табиғат қорғау жұмыстарына мемлекетіміздің ерекше көңіл бөлетіндігінің айрықша көрінісі екендігін атап айтуға болады.
Биосфералық қорықтар туалы Халықаралық конференция (Севилья, 1995 жыл) XXI ғасырдағы биосфералық қорықтардың рөлі мен дамуының Севилья стратегиясын жасады.
Биосфералық қорықтар өзара толықтырушы үш функцияны атқаруы керек:
генетикалық ресурстарды, биологиялық түрлер, экожүйелер мен пейзаждарды сақтауға бағытталған қорғау функциясы;
· тұрақты экономикалық және адамзаттық дамуға көмектесу үшін даму функциясы;
· зерттеу жұмыстарын қолдау үшін материалдық-техникалық қамтамасыз ету функциясы. Сонымен қатар, білім беру, мамандарды дайындау, жергілікті, ұлттық және ғаламдық сипаттағы іс-шараларға байланысты мониторингті жүзеге асыру.
Әрбір биосфералық қорық үш элементтен тұруы қажет.
1.Қорықтық белдеу. Биологиялық алуантүрлілікті сақтау мақсатында ұзақ уақыттық қорғауға алынған территория. Онда ең аз бұзылуға ұшыраған экожүйелерді бақылау, ғылыми-зерттеулер, зиян келтірмейтін қызмет, мысалы білім беру саласында жүргізіледі.
2.Буферлі белдеу. Әдетте, қорықтық белдеудің айналасында, шектесіп жатады. Ол экологиялық қауіпсіз қызмет жүргізуге, соның ішінде экологиялық білім беру, демалу, экотуризм, қолданбалы және фундаменталды зерттеулер жүргізу үшін қолданылады.
3.Өтпелі белдеу. Мұнда ауыл шаруашылық жұмыстарының кейбір түрлері, тұрғын жерлер, осы территорияның ресурстарын ттұрақты игеру мен тиімді пайдалану мақсатындағы әр түрлі кәсіпорындардың өзара бірлескен жұмысы жүргізілуі мүмкін.
1996 жылдың мамыр айында Алматыда биосфералық резерваттар туралы Халықаралық конференция өтті. Жоспар бойынша Қазақстандағы бірінші биорезерват Қорғалжын қорығының негізінде түзілді. Олай болса, биосфералық қорықтар жаңа рөл атқара бастайды. Олар тек осы аудандарда өмір сүретін халыққа табиғатпен тепе-теңдікте болатын ортамен дамуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге де жағдай жасайды. Яғни, олар болашақтағы тұрақты дамудың мүмкіндігін көрсетеді.
Дата добавления: 2016-02-04; просмотров: 6165;