Анафилаксиялық шокта мейірбикенің тактикасы
Ø қандайда болмасын анафилаксиялық шоктың себепшісі болып табылатын дәрінің денеге егілуін тоқтату. Тез арада дәрігерді шақыру;
Ø анафилаксиялық шоктың дамуы аллергеннің енгізілген әдісіне және мөлшеріне байланысты емес (Б.К.М), мысалы, көзге дәрі тамызу, тыныс жолдары арқылы түсу, парентеральдық жолмен жіберу немесе ас қорыту мүшелері арқылы түсу. Антиген ағзаға түссе, иммун жүйесінің патологиялық серпілісі күрт дамып, антиген/антитело кешені тамыр қабырғаларын зақымдап, плазма сыртқы тіндерге жәйіліп, қан қысымы күрт төмендейді. Сол себептен жедел жәрдем қағидасы қан қысымды қалпына келтіріп, ағза мүшелерінің жұмыс қабілетін сақтау болып табылады. Сол мақсатпен шеттік қан айналымын азайтып, қанды орталыққа жинау үшін науқасты көлденең Тренделенбург жағдайымен жатқызу (басын төмендетіп, қол-аяғын жоғары көтеру). Тіл артқа кетіп қалмау үшін басын бұрып, тіл ұстағышпен бекіту;
Ø егер дәрі – дәрмекті көк тамыр арқылы жіберіліп жатқан жағдайда анафилаксиялық шок аяқ астынан дамыса, онда дәрінің енгізілуін тоқтатып, инені көк тамырда қалдырып, шприцті инеден босатып алуы керек. Көк тамырда қалған инеге инфузиялық құралды жалғастырады. 0,9% – 200 мл натрий хлор ерітіндісін, 5% – 200 мл глюкоза ерітіндісін және т.б. сұйықтықтарды тамшы арқылы енгізеді (көк тамырдың «жұмыс» қабілетінен айырылып қалмас үшін). 0,1% - 0,5 мл адреналин ерітіндісін және гормон препараттарын осы инфузиялық құрал арқылы жібереді;
Ø егер анафилаксиялық шок дәрі-дәрмек көз, тыныс жолдары, ас қорыту мүшелері арқылы түскенде дамыса, қан қысымы анықталмай, көк тамырға түсе алмаған жағдайларда тері астына әр 3-5 минут сайын 0,1% адреналин ертіндісінің 0,5 мл-ден қан қысымы анықталғанша егеді. Кейде адреналиннің 1 - 2 инъекциясын тілге немесе иек астына егуге болады. Есте болсын! Иньекция салатын жерді әрдаим ауыстырып отыру керек. Себебі адреналин ерітіндісін салған жердің тамырлары жергілікті түрде жиырылып, кейінгі салған мөлшерлері тез сінбейді (бұл жағдай адреналин «блоктарының» алдын алуы болып табылады). Жалпы жіберілетін адреналин ерітіндісінің мөлшері 10 - 12 мл аспағаны жөн, неге десек ол бүйрек, жүрек инфарктысына әкеліп соғуы мүмкін;
Ø егер қан қысымы анықталса 0,1% адреналин ертіндісінің 0,5 мл-ін физиологиялық ерітіндімен қосып көк тамырға жібереді. Анафилаксиялық шоктың ауырлығына байланысты көк тамырға 90–120 мг преднизалонды 20 мл - 0,9% натрий хлор ерітіндісіне қосып жібереді және бұлшық етке оның 30 мг егеді; немесе 8-16 мг дексаметазонды 20 мл - 0,9% натрий хлор ерітіндісіне қосып көк тамырға жібереді және бұлшық етке оның 4 мг егеді; немесе 125 - 250 мг гидрокортизонды 20 мл - 0,9% натрий хлор ерітіндісіне қосып көк тамырға жібереді және бұлшық етке оның 50 мг егеді;
Ø дәрігер келгенше мейірбике көк тамырдан инені шығармай жұмыс жағдайында сақтау керек (инфузиялық құрал арқылы сұйықтықтар жіберу үшін);
Ø әл үстінде жатқан адамның тілі мен жағы, көмейін тығындап, әп – сәтте тұншықтырып тастайды. Сондықтан төменгі жақ пен тілін ілгері қарай, басын шалқайтып ұстап, көмейіне жиналған сілекеймен қақырықты тазартады, оттегімен байытылған ауамен демалдырады;
Ø науқастың жүрек соғуы мен дем алысы әлсіз немесе тоқтаған болса, онда уақытты өткізбей белгілі жандандыру қағидалары бойынша қолдан жасанды дем алдырып, жүрекке жабық массаж жүргізеді. Ол үшін “ауыздан ауызға” үрлеп дем алдыру мен төстің тұсынан жүректі сығымдап, қан айналысын қалпына келтіру тәсілдерін қолданған жөн.
Бейнелеме
Дата добавления: 2015-11-06; просмотров: 1513;