Тақырып. Экологиялық жүйедегі адамның орны. В.И.Вернадскийдің негізгі биогеохимиялық заңдары. 4 страница

· экологиялық тепе-теңдікті шынайы қалыптастыру үшін жалғыз мүмкіншілік ретінде өндірістегі шығарынды қалдық түрлерін рециклинг қағидасы бойынша толығынан кәдеге жарату шарасы (табиғаттағы қалыптасқан деңгейде) жүзеге асуы шарт екенін түсінуіміз керек.

Рециклинг тәсілі арқылы өнеркәсіпте, немесе тұрмыста пайда болған қалдықты қандай бір жолмен қайта айналдырып пайдалану қолға алынып, оны іске асыру шарасы кәдеге жарату технологиялары арқылы жүзеге асырылатындықтан бұл ерекше маңызды болып табылады.

Кәдеге жарату технологиясыдегеніміз қалдықты өзгертіп өңдеу арқылы шаруашылық салаларында қайтадан пайдалануға жарамды екінші реттік (қосалқы) шикізат шығарып алуға апаратын арнайы өндірістік технологиялық процестер, қадамдар мен операциялардың жиынтығы болып табылады. Бұндай жиынтықтың жүзеге асырылуы қалдық туғызатын белгілі процес аумағында оған қосымша ретінде, әйтпесе салыстырмалы түрде жеке дара жүріледі, бірақ орны мен уақыты жағынан одан бөлек іске асырылады.

Рециклинг тек қана қоршаған ортаны қорғау шарасы ретіндегі, немесе алғашқы шикізат қорын үнемдеуге бағытталған әдіс деп қарауға болмайды, ол өндірістегі экологиялық және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталатын тұрақты шара ретінде қарастырылуы шарт.

Өңдеуге жататын еңбек шикізатының түріне байланысты кәдеге жарату тәсілінің технологиялық процесін келесі топтарға бөліп қарауға болады:

1. механикалық жолмен өңдеу;

2. химиялық жолмен өңдеу;

3. биологиялық жолмен өңдеу;

4. аралас технологиялық процестер.

Кәдеге жарату процесі барысында еңбек шикізатына келетін әсері баяу, әрі өзгеріске жету жолы сыртқы күштердің ықпалы арқылы (механикалық жолмен) жүрілетін болса онда ол механикалық кәдеге жарату технологиясы болып табылады.

Ал, егер еңбек шикізатына келетін әсер белсенді түрде жүрілсе, әрі қолайлы сыртқы жағдай қалыптасса, онда заттар өзара реакцияға түседі және оған белсенді түрде араласады. Бұндағы адамның міндеті реакцияға оңтайлы жағдай туғызу болады да осылайша жүрілетін кәдеге жарату технологиясын химиялық, немесе биологиялық деп атайды.

1. Механикалық жолмен өңдеп кәдеге жарату тәсілі байырғы технологиялар қатарына жатады және осы саладағы қалдықты өңдеу ауқымы үнемі кеңейіп жаңарып отыратындығымен ерекшеленеді. Бұндағы басты мақсат қалдық құрамынан пайдалы, немесе құнды құрауыш заттарды бөліп алу, сосын оны екінші реттік шикізат ретінде ұтымды жолмен пайдалану болып есептеледі. Бұл мақсатқа жету үшін таңдалып алынған тәсіл мен оған тиесілі құрал-жабдықтар қалдықты қайта өңдеуден кейінгі шыққан екінші реттік шикізаттарды ары қарай кең ауқымда пайдалану мүмкіншілігін туғызуы тиіс.

Механикалық жолмен өңдеп кәдеге жарату технологиясы барысында қалдық заттарды кішірейтіп ұсақтау қажеттігімен бірге оларды түріне қарай сұрыптап, ылғау қажеттігі бірге туындайды.

2. Химиялық жолмен өңдеу тәсілі: Жүрілетін химиялық процестер тұрғысынан алып қарағанда осы жолмен өңдеп кәдеге жарату технологиясына жіктеу жүргізу өте күрделі болып табылады. Ол көп жағдайда өңделетін қалдықтың түріне, құрамына, оның бір келкілік деңгейіне, концентрациясына және басқа да қасиеттеріне байланысты болады. Қалдықты кәдеге жаратуға арналған химиялық технологиялар ең алдымен оның құрамындағы зиянды заттарды залалсыздандыруға бағытталып пайдаланылады. Бірақ, ары қарай бұл заттарды химиялық өндірістің қалыпты тәсілдері арқылы өңдеуден өткізіп кәдеге жарату қарастырылады және нәтижесінде қалдықты екінші реттік шикізатқа айналдыру жүзеге асырылады. Бүгінде химиялық жолмен өңдеп кәдеге жарату технологиясының шамамен 50-ге жуық негізгі түрлерін кездестіруге болады. Оларды өз ішінен жалпылама түрде екі негізгі топқа бөліп қарастырады:

· органикалық емес қалдықтарды кәдеге жарату;

· органикалық қалдықтарды кәдеге жарату.

Органикалық емес қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған қалыпты химиялық технологиялар қатарына мыналарды жатқызады:

· гидрометаллургия;

· пирометаллургия;

· қалайысын ылғап алу;

· ерітіп ылғап алу.

Гидрометаллургия – бұл процестің барысында қатты қалдық құрамындағы бір, не бірнеше метал құрамдастарын сұйық күйге айналдырып сілтілеу тәсілі негізге алынған. Қатты қалдықтың өзіндік ерекшеліктеріне орай және сілтілеу процесі жүрілетін жағдайға байланысты шығатын құрауыштар әртүрлі болады. Бөлініп шыққан сұйық құрамындағы құнды құрауыштарын ылғап алу үшін ұйытып қоюландыру (pH мөлшерін реттеу арқылы), цементация (металдардың электродтық потенциялындағы айырмашылығына орай), кристализация (жылу мөлшерін жоғарылату, не төмендету арқылы), ион ауыстырғыштарында сорбциялау секілді тәсілдерді қолданады. Гидрометаллургиялық өндіріс барысында құрамында металы бар қалдықтар мен металы сирек шикізаттардан құнды құрауыштарын бөліп алу шарасы жүзеге асырылады.

Пирометаллургия – жоғары температурада жүріліп кен құрамынан металын бөліп алатын кен қорту тәсілдерін қамтиды. Бұндағы қажетті жылуды арнайы отын түрін жағу арқылы, не шикізат құрамындағы заттарды тотықтырып өртеу арқылы шығарып алып пайдаланады. Пирометаллургиялық тәсілді құрамы майда ұсақталған тұнба шар мен ұшпа заттарды өңдеуге пайдалануға болады.

Қалайысын ылғап алу – электролит тәсілін пайдалану арқылы қалдық құрамындағы қалайысын (Sn) ылғап алуға қолданылады. Бұнда ең алдымен консервінің құты ыдысын жасайтын қалайыланған қаңылтырдың қиқым қалдықтарынан қалайысын (Sn) ылғап алу көзделеді. Ол үшін хлорация, не электролиттік сілтілеу арқылы техникалық таза қалайы бөлініп алынады да арықарай брикеттеліп барып арнайы пеште қортылады.

Ерітіп ылғап алу – құрамында әр түрлі түсті металдардың қалдығы жоғары ауқымда араласқан қалдық заттарды өңдеуге қолданылады. Бұндағы жекелеген металдардың еритін температурасының өзара айырмашылығы негізінде қорту пешінің ішіндегі ыстықтың деңгейін реттеу арқылы қалдықтағы құнды құрамдастардың әрқайсысын жеке дара бөліп алуға болады. Осылайша ерітіп ылғау арқылы екінші реттік шикізат түріндегі пайдалы құрауыштарды бөліп шығарады.

Органикалық қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған қалыпты химиялық технологиялар қатарына мыналарды жатқызады:

· пиролиз;

· гидролиз;

· өртеу.

Пиролиз деп ауасыз ортада органикалық қалдықтардың ыдырау барысын басқара отырып ыдырау мен синтез нәтижесінде пайдалы заттар шығарып алу мақсатын іске асыру шарасын айтады. Бұл тәсілді органикалық қалдықтардың көптеген түрлеріне (ағаштың, қағаздың, матаның, терінің, резеңкенің, майдың, пластмассаның, химиялық қоспалардың, тұрмыстық және ауырухана қалдықтарының) пайдалануға болатындықтан бүгінгі заман талабына сай алдыңғы қатарлы тәсілдердің бірі болып есептеледі. Бастапқыда бұл пиролиза тәсілі қалдықты энергетикалық мақсатқа пайдалануға арналған болса кәзір екінші реттік құнды шикізаттар шығарып алуға (көміртегіні, шәйірді, жеңіл майларды, органикалық еріткіштерді және т.б.) кеңінен қолданыс тапты. Пиролиздік ыдырау барысында бөліп шығаруға болатын бұл заттарды шикізат түрінде де және отын түрінде де пайдалануға болады. Мысалға, пиролиз арқылы пластмасса қалдықтарын ыдырату барысында бөлініп шығатын заттар мұнай өңдегенде бөлінетін заттармен бірдей болумен қатар бұл процес экономикалық тұрғыдан өте тиімді болып табылады. Полимер қалдықтардың кейбір түрлерін көмір тотығы (СО) ағымы ортасында қыздыру арқылы жүрілетін редукциялық пиролиз деп аталатын тәсіл айрықша оңтайлы болып есептеледі. Бұндағы басты артықшылық ретінде қоршаған ортаға келетін зиян өте аз деңгейде болатындығы келтіріледі.

Гидролиз деп иондары босатылған деңгейде суда ерітілген заттың реакцияға түсуін айтады. Бұны кәдеге жарату технологиясы ретінде қалдық құрамындағы целлюлоза құрамдастарын ыдыратып бөліп алу үшін пайдаланады. Сонымен қатар қалдықты гидролиттік жолмен ыдырату арқылы полиамин заттарды өңдеп диамин шығарып алу мақсатына да қолданады. Құрамында целлюлоза араласқан органикалық қалдықты пиролиз тәсілімен өңдеу арқылы жем ашыртқылары мен кейбір сілтілерді шығарып алады.

Өртеу шарасын химиялық кәдеге жарату технологиясы ретінде түсінуге болады және бұл әсіресе қалдықтың энергетикалық потенциалын пайдалануға қатысты қолданылады. Бұнда қалдықты өртеу барысында химиялық процеспен қатарласа физикалық өзгерістердің де жүрілетіндігін ескеру қажет.

3. Биологиялық жолмен өңдеу тәсілі: Биологиялық жолмен өңдеп кәдеге жарату тәсілін көбіне биотехнология саласы зерттейді. Биотехнология дегеніміз шикізатты биохимиялық жолмен өңдеп тұтыныс заттарына, не арықарай өңдеуге жататын аралық өнімге айналдыру заңдылықтарын, әдістері мен процестерін зерттейтін ғылым болып табылады. Бұндағы процестер тірі клеткалар түріндегі микроағзалардың көмегімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жасанды заттар ортасында белсенділік танытатын катализаторлар да пайдаланылады.

Байырғы биологиялық жолмен өңдеп кәдеге жарату технологиясына мысал ретінде келесі тәсілдерді келтіруге болады:

· қордалау – бұл тәсіл негізінен тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге қолданылады. Ал, өндірістік қалдықтарда, егер олардың құрамында өсімдіктен, не жан-жануардан шыққан органикалық қалдықтар көп мөлшерде қамтылған болса, онда оларды өңдеу барысына осы тәсіл қолданылуы мүмкін. Процес оңтайлы жағдайда өтетін шіріту амалы негізінде жүріледі. Бұнда органикалық заттардың микробиологиялық ыдырауы барысында және ыдыраған құрамдастардың биохимиялық синтезі нәтижесінде пайда болатын қарашірік алынатын басты өнім болып табылады. Органикалық заттардың биологиялық жолмен қарашірікке айналуына аэробтық және аэробтық емес микроағзалардың қай-қайсысы да әсер етеді. Бұндағы процестің жүрілу барысына жылулық, оттегінің жеткіліктігі, көміртегі мен азоттың құрамы, материалдың құрылымы және pH өлшемінің шамасы әсер етеді.

· микробиологиялық сілтілеу – бұл қалдықты пайдалануға арналады және оған микробиологиялық процеспен ықпал ету арқылы екінші реттік шикізатқа айналдыру үшін қолданылады. Мысалға, қалдықтың судағы ертіндісіне ілескен металдарды микроағзалармен сілтілеу арқылы ылғап алу экономикалық тұрғыда болашағы бар тәсіл ретінде қарастырылады. Химиялық сілтілеумен салыстырғанда бұның ерекшелігі процестің икемді жағдайда жүрілуі болып есептеледі. Сонымен бірге энергия шығынын да талап етпейді, әрі тіршілік ортасына да зиянсыз болып табылады.

Биологиялық жолмен өңдеп кәдеге жарату технологиясы саласында кәзіргі қалыптасқан технологиялық тәсілдерден басқа әлі де көптеген мүмкіншіліктер игерілген жоқ. Бұнда, әсіресе, өсімдіктен және ауылшаруашылық өнімдерінен шыққан органикалық қалдықтарды өңдеу барысына биотехнологиялық жаңа тәсілдерді қолдану күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, қолданатын шикізат негізін қант қызылшасы, крахмалды заттар, не метанол құрайтын өңдеуші кәсіпорындарда осы келтірілген қалыптасқан шикізаттардың орнына ағаш, қағаз қалдықтарын және ауылшаруашылық кәсіпорындарынан шығатын қалдықтың барлық түрлерін керектенетін биотехнологиялық тәсілдер қолдану мақсатын іске асыру шарасы өз кезегін күтуде.

Кәдеге жарату технологиясының көмегімен екі түрлі мақсатқа қол жеткізуге болады. Бұнда біріншіден қалдық қоқыстан қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге қол жеткізеді, яғни қалдықты кәдеге жарату арқылы экологиялық жағдай жақсарумен қатар табиғи қор көздерін орынсыз ысырап етіп пайдалану мөлшері төмендейді.

Екінші жағынан экономикалық тұрғыдан да тиімді болып шығады, яғни алғашқы шикізат қорын дайындауға кететін өндірістік шығын азаяды, өңдеу, тасымалдау шығындары үнемделеді, қажетті энергия қоры азайып шектеледі.

Өндіріс техникасы, оның сыртқа әсері:

Адамзат баласы өз тіршілігінің қажеттігін қамтамасыз етіп өмір сүруі үшін табиғаттағы шикізат пен энергия қорларын пайдалана отырып өз еңбегін жеңілдететін, немесе оны мүлде алмастыратын техникалық қондырғылар мен машиналарды кеңінен қолдануда. Өндірістің сан саласын қамтитын осындай технологиялық, энергетикалық, информациялық қондырғылар қолдану арқылы олар өздерінің күнделікті тіршілік әрекетіне қажетті заттарды өндіріп тасымалдайды, мәліметтерді тауып таратады және қоршаған тіршілік ортасын ретке келтіре отырып қорғайды.

Өндіріс техникасын қоршаған тіршілік ортасына тигізетін әсері тұрғысынан негізгі үш топқа бөліп қарауға болады. Олар:

1. Механикалық қозғалысы мен іс-әрекеті нәтижесінде қоршаған ортаға зиянды қалдық заттар мен қалдық энергия түрлерін шығарып тарататын тіршілік ортасын ластаушы техникалық қондырғылар мен машиналар (көлік түрлері, энергетикалық машиналар, өндірістік станоктар мен технологиялық қондырғылар және т.б.);

2. Өндіріс ағымында пайда болып қоршаған ортаға шығатын қалдық заттар мен қалдық энергия түрлерін шектеуге, не кәдеге жаратуға арналған арнайы технологиялық қондырғылар (ауаға таралатын түтінді сүзетін, өндірістен және тұрмыстан шығатын сарқын суды сүзіп тазалайтын, вибрациялық дірілді, қатты шуылдақты басатын әр түрлі қондырғылар және т.б.);

3. Тұрғын үйлердің және мекемелер мен кеңсе құрылыстарының ішіндегі жұмыс орнында ауа алмасуын, жылуын қамтамасыз ететін арнайы техникалық қондырғылар (желдеткіштер, ауа алмастырғыштар, жылту қондырғылары).

Өндіріс техникасының көрсеткіштері:

Өндіріс ағымында қолданылатын техникалық қондырғылар өздері арналған жұмыс түріне орайласа келесі физикалық және химиялық заңдылықтардың біріне негізделе отырып дайындалады. Бұндай заңдылықтар қатарында:

· энергия өзгерісі мен тасымалы (энергияның бір түрін екіншісіне айналдырып өзгерту, мысалы, жылу турбинасында жылу энергиясын механикалық энергияға айналдыру; энергия тасымалдау, мысалы, химиялық және энергетикалық алмастырғыштарда жылу тасымалдау);

· зат өзгерістері мен тасымалы (заттың химиялық құрамын өзгерту, мысалы, шикізатты химиялық өңдеу барысында; сұйық, қатты, не газ күйіндегі заттарды ауаға және суға арналған сүзгіштерге тасымалдау);

· механикалық өңдеу арқылы материал заттардың келбетін, өлшемін өзгерту, химиялық құрамына өзгеріс келтірмей қасиетін жақсарту (ағаш өңдеу, металды жону, қыздырып суару арқылы қатайту, шүберек матадан тігін тігу және т.б.);

· информациялық мәліметтерді өңдеу және тасымалдау (автоматты басқару желілерінде және информациялық жүйедегі техникалық жабдықтарда).

Жалпылама тұрғыдан алғанда кез-келген техникалық қондырғыны энергияның бір түрін екінші біріне айналдыратын, әйтпесе әр түрлі жұмыс операцияларын атқаратын механикалық құрылым ретінде қарастыруға болады. Ал, өздігінен жұмыс атқармайтын, бірақ физикалық, не химиялық әсер арқылы белгіленген өзгеріске қол жеткізуге болатын күрделі қондырғының бір түрі ретінде техникалық аспапты алып қарастырады (мысалы, оптикалық аспап, дәрігерлік аспап, өлшегіш аспап, реттегіш аспап және т.б.).

Өндіріс ағымында қолданылатын техникалық қондырғылар мен өңдеуші станоктар өзгерісіндегі дамыстың бағытына зер сала қарайтын болсақ олардың құрылымы өзара байланыса құрастырылған агрегат түріндегі кесек бірліктерден тұратындай болып өзгере бастағанын байқауға болады. Бұнда кесек бірлік агрегат қондырғылардан жалғаса құрастырылған бүкіл-бүтін тізбек құрамында өлшегіш және реттегіш аспаптармен жабдықтала отырып автоматты басқару жүйесімен өз жұмысын жүргізе алатындай деңгейге көтерілді. Жалпылама тұрғыда ондай бірліктерді өндіріс техникасының кешені ретінде алып қарайды. Егер олар белгіленген технологиялық тізбек ретінде жұмысын атқаратын болса технологиялық қондырғы болып табылады, ал әлдебір өнім өндіруге арналған болса онда өндірістік қондырғы болып есептеледі.

Қолданыстағы арналған мақсатына сәйкес техникалық қондырғыларды өз ішінен келесі келтірілген негізгі топтарға бөліп қарауға болады. Олар:

· жылу энергетикалық қондырғылар (жылту қазандықтары, жылу турбиналары, ядролық реакторлар, жылу алмастырғыш қондырғылар, жылу-электр станциялары, өртегіш пештер);

· тоңазытқыш қондырғылар (компрессорлық мұздатқыштар, тоңазытқыштар, суытқыш қондырғылар);

· гидравликалық және пневматикалық қондырғылар (су турбиналары, сорғылар, компрессорлық қондырғылар);

· көлік және тасымал техникасы (темір жол техникасы, су кемелері, автокөлік түрлері, тракторлар, мотоциклдер, әртүрлі моторлар мен турбиналар);

· ұшақ техникасы (түрлі ұшақтар, ғарыш кемелері, жер серіктері);

· оптика және жоғары дәлдік механикасы (электрмеханикалық, механикалық, оптикалық, электрондық аспаптар, денсаулық сақтау техникасы);

· химия, тамақ және жеңіл өндіріс техникасы (осы сала өндірісіне арналған техникалық қондырғылар);

· машина жасау өндірісінің техникасы мен станоктары (темірді балқытып құйатын, пісіріп дәнекерлейтін, жонып өңдейтін станоктар, өндірістік роботтар және манипуляторлар);

· тігін техникасы (киім тігетін, тоқыма тоқитын, киім жуып тазалайтын қондырғылар);

· құрылыс өндірісінің техникасы мен көтеріп тасымалдайтын механизмдер (көтергіш крандар, лифтлер, аспалы жолдар, жүк көтеретін механизмдер, жер қазатын, құрылыс салатын, жол жөндейтін, қар тазалайтын техника түрлері, жер бетіндегі және жер асты шахталарына арналған қондырғылар);

· ауылшаруашылық техникасы (жер жыртып өңдейтін, тыңайтқыш шашып тарататын, шөп шабатын, астық жинайтын машиналар, өсімдіктерді қоректендіретін, өңдейтін, қорғайтын механизмдер, мал соятын, ет өңдейтін, сүт сауып өңдейтін қондырғылар);

· қоршаған ортаны қорғауға арналған техника (өндіріс ағымынан шыққан қалдық заттар мен қалдық энергияны шектейтін, кәдеге жарататын қондырғылар, ауаға таралатын түтінді сүзетін, сарқын суды тазалайтын, қатты қалдықты өңдейтін кешендер, қатты шуылдақ пен вибрацияны азайтатын құрылымдар, балама энергия көздерін пайдаланатын қондырғылар, ғимараттардың ішіндегі ауаны алмастыруға, жылтуға және желдетуге арналған қондырғылар).

Өндіріс техникасының көрсеткіштерін алдымен оның өнім өндіруші күш қуатын білдіретін көрсеткіштері арқылы, ал одан кейін айнала қоршаған ортаға әсерін айқындайтын көрсеткіштерін саралау арқылы өзара салыстырып бағалайды. Бұрындары техниканың тек қана өнім өндіру күш қуатын негізге алып бағалайтын болса бүгінде ол біртіндеп өз маңызынан айрыла бастады. Кәзір кез-келген техника түрінің көрсеткіштерін талдау кезінде оның қоршаған тіршілік ортасына қаншалықты залал әкелетіндігі де еске алынып бағаланады. Алайда, осындай маңызды өзгерістің белең алуына қарамастан бүгінгі таңда қоршаған ортаға келетін залалдың қомақты бөлігі сол өндіріс техникасының кесірінен туындайды.

Бұндай қолайсыз жағдай орын алуының басты себебі әр түрлі болуы мүмкін. Энергия мен зат алмасуы барысында және өндірістегі станок қондырғыларда шикізатты механикалық жолмен өңдеу кезінде үнемі белгілі бір көлемде қалдық бөлініп шығады. Энергетикалық өзгерістер мен өндірістердегі ілкімділік деңгейі әр қашанда 100%-дық шамадан төмен болады және оның ысырап болған бөлігі қоршаған ортаға өз ауыртпалығын түсіреді (мысалы, жылу электр станцияларында электр өндіру кезінде шығатын жылудың босқа ысырап болатын бөлігі). Өндірістегі станоктарды қозғалысқа келтіретін электр моторлардың жұмысы кезінде бөлінетін қызу ғимараттың ішіндегі ауаның қызып ысуына әсер етеді. Заттардың химиялық құрамындағы өзгеріс кезінде пайдасыз қосалқы заттардың бөлініп шығуы және көп жағдайда олардың қоршаған ортаға тигізетін залалының ауқымы бөлініп алынған өніммен салыстырғанда өлшеусіз артық болатындығы өндіріс ағымында кездесіп тұратын құбылыс болып табылады (мысалы, күкіртті көмірді қазандықта отқа жағу кезінде бөлініп шығатын күкірт оксидінің таралуы). Өндірісте шикізат материалын механикалық жолмен өңдеу барысында қолданылған шикізатты толық көлемде пайдаға асыру мүмкін емес, ал одан қалған қалдықты қайтадан кәдеге жарату көп жағдайда іске асырылмайды.

Бүгінгі таңда өндіріс ағымындағы техникалық қондырғылар көп жағдайда қоршаған тіршілік ортасын қорғау талаптарына сай келе бермейді. Адамзат тіршілігінің барлық саласында дерлік техникалық қондырғылар кеңінен қолданылатыны мәлім, ал өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, құрылыста, коммуналдық жүйеде және тағы басқа осындай көптеген салада қолданып жүрген техникалық қондырғылар моральдық тұрғыда ескіріп, қоғамдағы дамыс талабынан қалып қойғандықтан қоршаған ортаны қорғау талаптарына және гигиеналық нормаларға сай келе алмайды.








Дата добавления: 2015-09-11; просмотров: 2713;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.019 сек.