Макс Вебер
Макс Вебер (Max Weber) (1864 - 1920) - аса көрнекті неміс социологы, тарихшы, экономист және заңгер.
Эрфурт қаласында заңгердің отбасында дүниеге келген. Протестантизм мен саяси либерализм құндылықтарына негізделген тәрбие алған. Гейдельберг, Геттинген және Берлин университеттерінде білім нәрін сусындады. Оның бастапқы ғылыми зерттеулерінің тақырыбы орта ғасырлар мен антика дәуіріндегі қоғамдардың шаруашылық өмірі болды. 1891 - 1897 жылдары ол Германияның бірқатар университеттерінде құқық және саяси экономия профессоры болды. Онымен бір мезгілде белсенді ғылым-зерттеу және публицистикалық қызметпен айналысты. Алайда оның оқытушылық және зерттеу жұмысы сырқаттану салдарынан үзіліп қалды.
1904 жылы М.Вебер Вернер Зомбартпен біріге отырып “Әлеуметтік ғылым және әлеуметтік саясат мұрағаты” атты неміс социологиялық журналының редакторы болады, онда оның ең маңызды шығармалары жарияланады. 1907 жылдан бастап мұра алғаннан кейін толығымен ғылымға ден қояды. Бірнеше жыл бойы неміс социологтар қауымдастығымен белсенді қарым-қатынаста болып, біршама маңызды позицияларға ие болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен мемлекеттік қызметке кіреді. 1919 жылдан бастап Вебер Мюнхен университетінде жұмыс істеді. Ойлағанының бәрін жүзеге асырып үлгермей, 1920 жылы Вебер қайтыс болды. Өлгеннен кейін оның социологиялық зерттеулері қорытындыланған іргелі еңбегі “Шаруашылық және қоғам” және сонымен бірге методология, мәдени-тарихи және социологиялық зерттеулер логикасы, дін, саясат, музыка социологиясы және т.б. бойынша мақалалар жинағы жарық көрді.
Вебер пайымдауының айқындаушы методологиялық принципі жүйелі антинатурализм болып табылады. Бұл бөлімдегі оның идеялары ХІХ - ХХ ғасырлар аралығында бірнеше атақты философтар ұстанған гуманитарлық және жаратылыстану ғылымы білімдерін - “мәдениет туралы ғылым” және “табиғат туралы ғылым” деп ара жігін ашатын тұжырымдамамен байланысты. Бұл тезистегі адам өмірінің шындығын қарастыра отырып, материалдық объектілерді зерттеу барысында қолданылатын ғылыми әдістерге сүйенуге болмайды деген пікірмен келіседі. Адам - саналы тірі жан, сондықтан да мұның өзі, Вебердің пікірінше, оның барлық істеген ісінің сапалы құрамына кірмеуі мүмкін емес, демек, қоғамдық және мәдени шындықты сараптап зерттеушінің бұл жәйттен ауытқуға құқы жоқ. Осыған байланысты неміс ғалымы, оның дәуірінде кең таралған көптеген социология тәсілдеріне қарама-қарсы түрде, оны жаратылыстану ғылымдарының логикасы бойынша жасауға бейім болмады. Оның түсінігінде социология гуманитарлық білімнің бір бөлігі болып табылады. Алайда сонымен бірге ғылымдағы мәдениет туралы ортақ мәні бар, объективті бастаудан бас тарту Вебердің көңіліне қонбады. Мысалы, ол өзінің кейбір әріптестерінің психологизмге бет бұруын сынап, субъективті мағына мен объективті қоғамдық құрылымдардың өзара әсерін зерттеуге ерекше көңіл бөлді.
Әлеуметтік шындық пен социологиялық танымның ерекшелігін сараптай отырып, Вебер адам қоғамы туралы ғылымның маңызды белгілерінің бірі - жете ұғыну болуы тиіс деген қорытынды жасайды. Вебер адамдар өз әрекеттеріне қандай мағына берсе, социология соны танып ұғыну тиіс дегенге сүйенеді. Сол үшін Verstehen термині енгізілді. Ол неміс тілінен сөзбе-сөз “ұғыну” деп аударылады. Вебердің социологиялық әдісінде кәдімгідей автономды маңызға ие болып отыр.
Сонымен бірге социология мейлінше тұжырымдалған түрдегі адамның мінез-құлқын зерттейтін ғылым болғанымен, өзін әрбір жеке алынған индивидтің дәлелін анықтауға арнай алмайды. Бұл дәлелдердің әр түрлілігі және бір біріне ұқсамайтындығы соншалық, біз олардың қандай да бір қисынды бейнелеуін немесе белгілі бір типологияны жасауға шамамыз келмей қалады. Алайда, Вебердің пікірінше оның қажеті де жоқ: өйткені адамдардың барлығының ортақ табиғи болмысы бар, адамдардың өзінің әлеуметтік ортасымен қарым-қатынасындағы түрлі іс-әрекеттерінің типологиясын ғана жасау қажет.
Ұғыну тұжырымдамасының мәні мынада: адамдар өздерінің нанымдары бойынша қандай мақсатқа қызмет ететіндігін және өздерінің іс-әрекеттеріне қандай мән-мағына беретіндігін көру үшін өзін солардың орнына қою. Мысалы, егер социологтар адамдардың қолдарын бір сілтеуінің әлеуметтік себебін анықтағысы келсе, олар тап осындай жағдайда басқа адамдар неліктен қол сілтемейтіндігін, біреудің қолдарының төмен және жоғары (солға-оңға) сілтеуіне қандай дәлелдер түрткі болғандығын шешіп алуы тиіс. Осы тектес мәндегі зерттеуге сіз қабілетсіз болсаңыз, онда бұл жәйт шындығында түрлі категорияларға жататын әрекет етуші топтардың бір категорияға жатқызылатыны сияқты үлкен адасу көзіне айналуы мүмкін. Адам қылықтарының мәнін зерттеу - бізді қоршаған көптеген әр түрлі адамдардың әрекетін түсінуге тырысқан күнделікті талпыныстарымыз болып шығады.
Вебер социологиясының тағы бір методологиялық ерекшелігі өзі жасаған жетілген типтер тұжырымдамасы болып табылады. Сан алуан деректік тарихи материалдың зерттеушіге бағыт пен өзара байланыстылықты табуға көмек беретіндей танымдық формасын жасау қажеттігі Вебердің саналы түрде жетілген типтер ұғымын өмірге әкелуіне себеп болды. Ғалым бұған балама ретінде “шоғырланған” күйдегі материал құрамының қандай да бір сипаты бар жетілген-типтік үлгіге бастапқы көрсеткіштер қандай деңгейде сәйкес келетіндігін ұғыну деп есептеді.
Әлеуметтік танымдағы ортақ нәрсені логикалық бөлшектеу мен объективизмді ұстанушылармен пікір таласқа түсе отырып, Вебер дәлме-дәл ұғымдық пайымдау адамдардың іс-әрекетіне жауап бермейді және мәдениет туралы ғылым ұғымдарының қажетінше жетілген-типтік табиғаты болады деп тұжырымдады. Жетілген типтер ортақ, түр қасиетін білдіретін қарапайым ұғымдардан, ең алдымен өзінің құрылу тәсілі бойынша ерекшеленеді: олар өмірдегі бір нәрсені мадақтап, сол арқылы белгілі бір процестер мен құбылыстардың керемет ой болжамына айналады.
Жетілген типтер бір жағынан шындықтың іс жүзіндегі сан алуандығын жеңілдетеді. Мұның себебі, олардың тікелей бақыланып отырған шындықтың элементтерін сараптауға құнды болып есептелінетіндерді ажырату мен оларды логикалық байланысты мұратты ойша сәйкестендіруге келіп тіреледі. Вебердің өзі жазғандай, “бұл ойша бейне, тарихи өмірдің белгілі бір байланыстары мен процестерін қандай да бір ішкі қарама-қайшылықтан жұрдай ойша байланыстар ғарышымен ұштастырады”.
Вебердің пікірінше бір тарихи деректерді қарастыру барысында түрлі жетілген типтер қалыптасуы мүмкін. Барлығы да зерттеушінің ғылыми мақсатына, оның “көзқарасына” ойша жобасын құруға қажетті байланыстар мен элементтердің сұрыпталуына қарай. Жетілген-типтік жобаның дұрыстығының бірден-бір өлшемі оның ішкі логикалық қайшылықсыздығы болып табылады.
Вебер тікелей бақыланатын оқиғалар мен процестер деңгейінде жетілген типтер іс жүзінде ешқашан анықталмайтындығын бірнеше рет көрсетті. Бұл жағынан олар жаратылыстануда қолданылатын жетілген үлгілерге ұқсас, сондай-ақ көбінесе эмпирикадан тыс пайда болды. Вебер, идеалды типтердің тұрақты танымдық, эвристикалық мәні болатынын баса көрсетті. Атап айтқанда, ол әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарға қажетті қоғамдық өмірдің зерттеліп отырған қырларының көрнекі бейнесін алуға мүмкіндік береді. Мысалы, олардың көмегінсіз христиандықтың тұтас идеясын келтіру қиынға соғар еді, өйткені оның сан алуан түрленімдері бар.
Сонымен, жетілген-типтік ұғымдар мен құрылымдар, Вебердің ойынша, мәдениет туралы ғылым методологиясының негізін құрайды. Жетілген типтерді қолдану тарихи шындықтағы ерекшелікті көре білуге жол ашады. Бұл әдістің тиімділігінің дұрыстығын Вебердің өзі жасаған “протестанттық этика”, “капитализм рухы”, “рационализация”, т.б. ұғымдары мен тұжырымдамалары растайтындығын атап өту қажет.
Вебер социологиясының басты ұғымдарының бірі әлеуметтік іс-әрекет болып табылады. Ғалымның өзі оған мынадай анықтама берген: “іс-әрекет” деп біз (ішкі және сыртқы сипатына, араласпауға немесе шыдай білуге саятындығына қарамастан) әрекет етуші индивид немесе индивидтер онымен субъективті мән-мағынаны байланыстыратын адамның іс-әрекетін атаймыз. “Әлеуметтік” деп біз әрекет етуші тұлғаның немесе тұлғалардың шамалауы бойынша өзге адамдардың әрекетіне байланыстырылып, соған бағытталған іс-әрекетті атаймыз.
Алайда адамдардың іс-әрекеті мен қылықтарын көптеген басқа ғылымдар атап айтқанда тарих пен психология зерттейді. Таза социологиялық әдістердің сапалық ерекшелігі неде? Ең алдымен, социология адамдардың жалпы іс-әрекетінің қандай да бір жетілген жағдайдағы күйін зерттейді. Оған қоса оның басқа адамдарға бағытталуымен қатар, бір мәнге ие болу мәселесі де қызықтырады. Мән ұғымы мақсат пен құрал арақатынасынан келіп шығады. Мұндай арақатынастың түрлі нұсқаларын зерттеу Вебердің әлеуметтік іс-әрекеттердің жетілген типологиясын жасауына алып келді.
Әңгіме адам баласы іске асыратын кез келген іс-әрекеттер мен қылықтар осы өзіндік эталондар арқылы “өлшене” алатынын, яғни жақындаудың жоғарғы және төмен деңгейде төрт жетілген типтердің біріне жатқызылуы мүмкін.
Мақсатқа сай ұтымды іс-әрекет - іс-әрекеттің ең жоғарғы деңгейдегі ұтымды түрі, алға қойылған мақсаттың айқындылығымен сипатталады, оның үстіне дәл осы мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін ұтымды ойластырылған құралдар да осыған кіреді. Меженің ұтымдылығына екі ұдайылық түрде көз жеткізуге болады: біріншіден, оның жеке мән-мағынасы тұрғысынан, екіншіден, таңдап алынған құралдардың ақылға сыйымдылығы тұрғысынан (яғни, мақсаттың лайықтылығымен). Нақты іс-әрекет ретінде (яғни, басқа адамдар тарапынан белгілі бір үмітке бағытталған) ол бір жағынан қоршаған адамдардың реакциясына сәйкес әрекет етуші субъектінің ұтымды есебін, ал екінші жағынан олардың іс-әрекетін алға қойылған мақсатқа жету үшін қолдануды көрсетеді. Бұл жерде мұндай үлгі ең алдымен адамдардың нақты қылықтарын бұл үлгіден ауытқу деңгейін анықтау арқылы ғана түсінуге болатындығын атап өту қажет. Кейбір жағдайларда мұндай ауытқулар онша пәрменді болмаса, онда біз шынайы әрекет туралы “мақсатқа сай ұтымды дерлік” деп айта аламыз. Егер де ауытқулар біршама үлкен болса, онда ол іс жүзінде бізді әлеуметтік іс-әрекеттің мүлдем бөлек түрлеріне бағыттайды.
Құндылыққа сай ұтымды іс-әрекет - әлеуметтік іс-әрекеттің жетілген типі, ол құндылықтың толықтығына сенуге негізделген қылықтарды жүзеге асыруды білдіреді, яғни бұл жерде мақсат ретінде іс-әрекеттің өзі болады. Құндылыққа сай ұтымды іс-әрекет, Вебердің ойынша, белгілі бір талаптарға бағындырылған, ал оларды ұстанып отыруды индивид өзінің борышы деп есептейді. Егер ол осы талаптарға сәйкес әрекет етсе - тіпті егер ұтымды есеп оның жеке өзі үшін мұндай әрекеттің теріс салдарларының үлкен ықтималдылығы болса - бұл құндылыққа сай ұтымды іс-әрекет. Құндылыққа сай ұтымды іс-әрекеттің классикалық мысалы: суға батып бара жатқан кеменің капитаны өзінің өміріне қауіп төніп тұрса да кемеден ең соңынан кетеді. Іс-әрекеттің мұндай бағыттылығының саналылығы борыш, қадір-қасиет, сұлулық, мораль және т.б. құндылықтар туралы белгілі бір көзқарастарға жатқызылуы өзі саналылық, рационалдылықты білдіреді. Егер де сонымен бірге осындай іс-әрекеттерді жүзеге асырудағы дәйектілікпен, демек мақсаттылықпен кезігетін болсақ, онда мысалы жан азабына қарағанда, құндылыққа сай ұтымды әрекеттің неғұрлым жоғарғы деңгейдегі рационалдылығы туралы айта аламыз. Сонымен қатар, индивид бағытталатын құндылықтар абсолюттендірілгендіктен, “құндылыққа сай ұтымды “іс-қимылда мақсатқа сай ұтымдылық түрімен салыстырғанда қандай да бір иррационалдық болады. Вебердің пікірінше “таза құндылыққа сай ұтымды” түрде әрекет ететін адам ықтимал салдарларды ескермей отырып, өзінің сенімдеріне сәйкес әрекет етеді және борыш, қадір-қасиет, сұлулық, діни ұстаным, қандай да бір... “істің” маңыздылығы мен басымдығы талап еткенді іске асырады. Құндылыққа сай ұтымды іс-әрекет... әрекет етуші адам өзіне берілген нәрсе деп есептейтін “талаптарға” немесе “уағыздарға” сәйкес іс-қимыл болып табылады.
Дәстүрлі іс-әрекет - дәстүрді ұстану негізінде қалыптасатын іс-әрекет, яғни мәдениетте қалыптасып, қосталған, сондықтан да іс жүзінде ұтымды ойластыруға және сынауға жатпайтын іс-әрекеттің қандай да бір үлгісіне еліктеу. Мұндай іс-әрекет көбінесе таза автоматты түрде, қалыптасқан таптауырындар бойынша жүзеге асады, ол өткен ұрпақ пен өзінің жеке тәжірибесінің негізінде қалыптасқан іс-әрекеттің әдеттегі үлгілеріне бағытталу талпынысымен сипатталады. Дәстүрлі іс-әрекеттер жаңа мүмкіншіліктерге (мүмкін дәл сол себепті болар) бағыт ашуды білдірмейді, бірақ дәл соның өзі индивидтер іске асыратын іс-әрекеттің үлкен бөлігін қамтиды. Адамдардың дәстүрлі әрекеттерді (көптеген нұсқаларда көрініс табатын) орындауға бейімділігі белгілі бір деңгейде қоғамның өмір сүруінің тұрақтылығы мен оның мүшелерінің іс-қимылының болжамдылығына негіз болады. Вебердің көрсетуі бойынша, “...таза дәстүрлік әрекет... “саналы” бағытталған іс қимыл деп аталатынның шекарасында, тіпті көбінесе оның шегінен шыққан күйде болады”.
Жан азабына сай іс-әрекет - барлық іс-әрекет түрлерінің ішіндегі ең аз ойластырылғаны. Оның басты сипаттамасы - қорқыныш, өшпенділік, ашу, құмарлықтың және т.б. өршуі сияқты белгілі бір эмоционалды күй болып табылады. Жан азабына сай іс-әрекеттің “мәні” алдымен пайда болған эмоционалды шиеленісті тез арада басуында, бәсеңдетуінде. Бұл жағынан ол мақсатқа сай ұтымды іс-әрекетке тікелей қарама-қайшы; алайда бұл жерде біз жоғарыда көргеніміздей қандай да бір “сыртқы” мақсатқа жетуді көздемейтін және айқындықты іс-әрекеттің жүзеге асуынан көретін құндылыққа сай ұтымды іс-әрекетпен ұқсастық жатады. Вебердің пікірінше, “индивид, егер тез арада өзінің өш алуға, ләззатқа, берілгендікке, масайраған пайымдауға қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтылса немесе қандай арсыз не нәзік болса да кез келген басқа жан азабын жеңілдету үшін әрекет етеді”.
Әлеуметтік әрекеттің соңғы екі жетілген түрі тура мағынасында толығымен әлеуметтік еместігі айдай анық - қалай дегенмен де бұл сөздің Вебер айтқан мағынасында. Шынымен де, дәстүрлі және әсіресе әрекеттің азапты түрі көбінесе жануарларға тән іс-әрекеттер типіне жақын. Олардың ішіндегі біріншісі - дәстүрліні - басым деңгейде шарттыға, ал екіншісі - азаптыны - сөзсіз рефлекске жатқызуға болады. Олар әлеуметтік іс-әрекеттің екіншісі және әсіресе бірінші түрімен салыстырғанда неғұрлым аз деңгейде ақыл-ойдың туындысы болып табылатындығы түсінікті.
Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік іс-әрекеттің жетілген түрлері типологиясы Вебер социологиясының негізгі идеяларының бірі - әлеуметтік өмірді жүйелі түрде ұтымды ету идеясымен біршама тығыз байланысты. Жалпы ұтымдылық маңызының күшею идеясы қандай да бір қоғамның тарихи дамуына қарай Вебердің ғылыми шығармашылығы арқылы өтіп отырады. Ол рационализация - тарихи процестің өзінің басты үрдістерінің бірі екендігіне нық сенімді болды. Рационализация әлеуметтік әрекеттің барлық ықтимал түрлерінің жалпы көлеміндегі мақсатқа сай ұтымды іс-әрекеттер үлесінің көбеюі мен жалпы қоғам құрылымы тұрғысынан оның маңызының өсуінен көрініс табады. Бұл шаруашылықты жүргізу әдісі ұтымды етілгенін, басқару, ойлау жүйесі ұтымды етілгенін білдіреді. Және мұның барлығы, Вебердің пікірінше, ұтымдылық принципінің ең “таза” іске асуымен - яғни, ғылыми білімнің әлеуметтік рөлінің орасан зор күшеюімен қоса жүреді. Вебердің ұғымындағы формальді ұтымдылық - ең алдымен салдық есеп пен тіркеуге түсетіндердің барлығының есептелуі. Осы тектес басым идея пайда болған қоғамның бұл түрін қазіргі заман социологтары индустриалды деп атайды. (Оны бірінші болып Сен-Симон осылай атаған, кейін Конт бұл терминді белсенді түрде қолданған). Бұрын өмір сүрген қоғам түрлерінің барлығын Вебер (оның артынан - қазіргі заман социологтарының басым бөлігі) дәстүрлі деп атады. Дәстүрлі қоғамдардың маңызды белгісі - оның мүшелерінің көпшілігінің әлеуметтік іс-әрекеттерінде формальді-ұтымды бастаудың болмауы және өзінің сипаты бойынша іс-әрекеттің дәстүрлі түріне неғұрлым жақын әрекеттердің басым болуы.
Формальді-ұтымды - сандық тіркеу мен есепке түсетін, оның үстіне біршама деңгейде өзінің сандық сипаттамаларымен тамамдалатын кез келген құбылысқа, процеске, іс-әрекетке қатысты қолдануға болатын анықтама. Тарихи даму процесі қозғалысының өзі қоғам өмірінде формальді-ұтымды бастаудың өсу үрдісі мен әлеуметтік әрекеттегі мақсатқа сай ұтымды түрдің басқаларға қарағанда неғұрлым басым түсуімен сипатталады. Бұл сонымен бір мезгілде дәлелдеулердің жалпы жүйесі мен әлеуметтік субъектілердің шешім қабылдауындағы ақыл-ой рөлінің өскендігін білдіретіндігі түсінікті.
Формальді ұтымдылық үстемдік ететін қоғам - норма ретінде тек қана пайда табу ұмтылысы ғана емес, ұтымды (яғни, саналы-есепшіл) іс-әрекетте көрінеді. Мұндай қоғамның барлық мүшелері, ұтымды және ортақ пайда үшін бәрін - материалдық ресурстарды, технологияны, ақшаны пайдалану мақсатында осылай әрекет етеді. Сән-салтанат, мысалы, ұтымды болып есептеле алмайды, себебі бұл ақшаны саналы түрде жұмсау емес.
Процесс, тарихи үрдіс ретіндегі ұтымды ету, Вебердің пікірінше мыналардан тұрады: экономика саласында - фабрикалық өндірісті бюрократиялық құралдармен ұйымдастыру және пайданы жүйелі бағалаушы рәсімдер көмегімен есептеу; дін саласында - интеллектуалдар арқылы діни тұжырымадамалардың дамуы, біртіндеп сиқыршылықтың жойылуы және жеке жауапкершілік құпиялылығының ығыстырылуы; құқық саласында - арнайы орнықтырылған заң шығару мен әмбебап заңдар негізіндегі дедуктивтік құқықтық пайымдаулар түріндегі ерікті сот жағдайының эрозиясы; саясатта - харизмалық лидерлікті тұрақты партиялық машина көмегімен орнықтыру мен заңдастырудың дәстүрлі нормаларының құлдырауы; моральдік мінез-құлықта - тәртіп пен тәрбиеге баса назар аудару; ғылымда - жеке-дара инноватор рөлінің біртіндеп төмендеуі және зерттеу командаларының, шоғырланланған эксперименттердің және мемлекет бағыттап отыратын ғылыми саясаттың дамуы; қоғамды тұтас алғанда - басқарудың бюрократиялық әдістерінің, мемлекеттік бақылау мен әкімшіліктің кең таралуы.
Сонымен, ұтымды ету ұғымы Вебердің капиталистік қоғамға деген көзқарасының бір бөлігі болды. Ол капиталистік қоғамды, діни мағына мен моральдік құндылықтардан жұрдай болған индивидтің мемлекеттік қадағалау мен бюрократиялық реттеуге түсуін барған сайын өсіп отыратын, өзіндік “темір тор” ретінде қарастырды. Маркстік оқшаулану ұғымы секілді, ұтымды ету индивидтің қауымнан, отбасынан, шіркеуден бөлініп, оның фабрикадағы, мектептегі және мемлекеттегі құқықтық саяси және экономикалық реттеуге бағынуын білдіреді. Сөйтіп, Вебер ұтымды етуді батыс капиталистік қоғамының сөзсіз жетекші үрдісі ретінде көрсетті. Ұтымды ету - адамдар қатынастарының саласын есептеу мен басқару объектісіне айналдыратын процесс. Марксшілдер есептің жетекші рөлі тек қана еңбек процесі мен фабрикалық тәртіптен көрінеді десе, Вебер ұтымды етуді барлық әлеуметтік салалардан - саясат, дін, экономикалық ұйым, университеттік басқару, лабораториядан және тіпті ноталық жазбалардан тапты.
Веберді әрдайым қызықтырған және өз еңбектерінде қайта-қайта оралып отырған мәселелердің бірі - бір адамдардың басқаларға бағыну себептері және де үстемдік-бағыну әлеуметтік қатынастарының жүзеге асырылу механизмдері. Вебер билік пен үстемдікті бөліп қарастырғандығын атап өту қажет. Ол бірінішісі екіншісінен бұрын болады және әрқашан оның қасиеттеріне ие болмайды деп есептейді. Турасын айтсақ, үстемдік - ең дұрысы, билікті іске асыру процесі. Сонымен бірге үстемдік бір адамдар (билік құзыры барлар) беретін бұйрықтар өзге адамдардың бағынуға, бұл бұйрықтарды іске асыруға дайындығының белгілі бір ықтималдығын білдіреді.
Мынадай заңды сұрақ туады: адамдар арасында үстемдік-бағыну қатынастары қандай жағдайларда орнығады? Бұл қатынастар Вебердің пікірінше екі жақты экспектацияға негізделеді: басқарушы, яғни бұйрық беруші жағынан - берілген бұйрық міндетті түрде орындалатындығына үміт ету; басқарылатындар жағынан - басқарушының мұндай нұсқауларды беруге құқығы бар екендігіне сену; мұндай құқыққа көзі жеткенде барып басқарылушының бұйрықты орындауын болады. Басқаша айтқанда легитимді, яғни, заңды үстемдік билік ету фактісімен ғана шектеліп қоймайды, ол оның заңдылығына сенуді қажет етеді. Адамдар оны заңды деп бағалағанда ғана билік үстемдікке айналады.
Басқарушының қолына билік беретін заңдылықтың үш идеологиялық негізі бар: дәстүрлі, харизмалық және заңды-ұтымды. Осыған сәйкес Вебер үстемдіктің үш жетілген типін негіздеп, оның әрқайсысын идеологиялық негізі бойынша атайды.
Заңды-ұтымды үстемдік жағдайында бағынудың басты дәлелі ретінде, белгілі дәрежеде, жеке мүдделерді қанағаттандыру болып табылады. Оның үстіне олар белгілі адамдарға емес, солардың еркін білдіретін және солардың атынан шығатын жалпы қабылданған заңдарға, ережелерге бағынады. Заңды-ұтымды үстемдік “дұрыс” жария рәсімдерінің көмегімен орнығатын формальді қағидаларға бағынуды білдіреді. Осыдан ұтымды қоғамның ажырамас бөлігі ретінде заңды-ұтымды қоғамдағы бюрократияның аса зор маңызы және Вебердің зерттеулеріндегі оған деген зор көңіл бөлу келіп шығады.
“Бюрократия” ұғымының кем дегенде екі мәні бар: 1) басқарудың белгілі бір әдісі және 2) басқарудың бұл процесін жүзеге асырып отыратын ерекше әлеуметтік топ. Вебер кез келген бюрократиялық ұйымның басты сипаттық ерекшелігі ретінде тағы да ұтымдылықты көрсетеді. Вебердің пікірінше, бюрократиялық ұтымдылықты капитализмнің көрінісі ретінде қарастыру керек; сондықтан да бюрократиялық ұйымда өз жұмысында ғылыми әдістерді қолданатын және арнайы дайындықтан өткен техникалық мамандар шешуші рөл атқаруы тиіс.
Бюрократиялық ұйым бірқатар маңызды ерекшеліктерімен сипатталады, оның ішінде Вебер мыналарды бөліп көрсетеді. Аппарат қызметкерлерінің арасында міндеттерді нақты бөлудің арқасында тиімділікке қол жеткізу, бұл позициялардың әрқайсысында жоғары билікті және тар салалы мамандарды пайдалануға мүмкіндік береді. Жоғары тұрған лауазымды шенеуніктің төмендегілердің қызметін қадағалауға жол ашатын биліктің қатаң иерархиялық сипат алуы. Басқару қызметінің біркелкілігін қамтамасыз ететін ережелер жүйесінің формальді орнығуы мен нақты белгіленуі және жеке жағдайларға ортақ нұсқауларды қолдану. Әкімшілік қызметінің тұлғасыздығы және қатынастардың эмоционалды бейтараптығы: әрбір қызметкер ерекше қайталанбас тұлға ретінде емес, белгілі бір деңгейдегі әлеуметтік билікті формальді сақтаушы, өзі атқарып отырған лауазымның өкілі іспетті көрінеді.
Дәстүрлі үстемдік, көпшілік мақұлдаған дәстүрлердің беріктігі мен қасиеттілігіне және олар орындап отырған биліктің төтенше құзырының заңдылығына әдеттегідей, көбінесе жете ойластырылмаған күйде сену. Дәстүрлі билік жолын ұстанушы әдет-ғұрып пен ежелгі тәжірибені іске асыратын қағидаларды қабылдайды. Үстемдіктің бұл түрінің шеңберінде билік ету құқығы көбінесе мұрагерлік сипаты болады. Таза күйінде алғанда бұл патриархалды билік. “Патриархат” ұғымы социологияда әдетте ер адамдардың әйелдерге үстемдік етуін сипаттауда қолданылады. Сонымен бірге ол қоғамдардың әр түрінен көрініс таба алады. Бұл ұғым, сондай-ақ неғұрлым жас бозбалалармен қоса бүкіл отбасыны жас мөлшері үлкен ер адам үстемдік ететін үй шаруашылығының белгілі бір түрін де бейнелеуге пайдаланылады. Сондықтан да әмірші мен оның әкімшілік аппараты араларындағы қатынасты дәстүрлі түр барысында үй иесі мен құлдар, сондай-ақ оған тәуелді туысқандары арасындағы өзара қатынаспен теңестіруге болады: олардың тұлғалық сипаты мен нақты эмоционалдық мәнері болады және жеке басының адалдығына негізделген. Вебердің пікірінше, дәстүрлі үстемдіктің ең кең тараған түрінің бірі патримониализм. Патримониалды жүйелерде әкімшілік пен саяси күш әміршінің тікелей жеке бақылауына болады.
Харизмалық үстемдік лидердің бойында болатын ерекше қасиеттерге негізделеді. “Харизма” терминінің өзін (сөзбе сөз грек тілінен - алланың рақымы, игілік) социологиялық тұжырымдамалық аппаратқа неміс теологы Э.Трельч енгізді. Үстемдіктің мұндай түрі кезінде бұйрықтар өз көсемінің мүлдем ерекше сипатына оның жақтаушылары мен ізбасарлары сенгенде ғана орындалады. Харизмалық үстемдік әміршінің өте ерекше, мүмкін, тіпті сиқырлы қабілеттеріне негізделеді. Оның үстіне мұндай қабілеттерді оның жолын қуушылар мен оған берілген адамдар шындығында өздері ойлап табатындығы онша маңызды емес. Бұл жерде тектілік, оған байланысты мұрагерлік қандай да бір ұтымды ойлау емес, тек қана лидердің жеке қасиеттері басты рөль атқарады. Харизманың болуы тікелей, тура жүргізілетін үстемдікті білдіреді. Тарихта атағы шыққан көптеген пайғамбарлар (әлемдік діндердің негізін салушылармен қоса), қолбасшылар мен аса көрнекті саяси көсемдер харизматиктер болған.
Әдетте, лидер қайтыс болғаннан кейін оның ізбасарлары харизмалық нанымды таратады немесе оны дәстүрлі (“ресми харизма”), не заңды-ұтымды формаға айналдырады. Сондықтан харизмалық биліктің өзі тұрақсыз және уақытша сипатта болады.
Макс Вебер шын мәнінде салыстырмалы дін социологиясының негізін салушы болып есептеледі. Діннің француз, ағылшын социологтарының басым көпшілігі, сонымен бірге Дюркгейм, Леви-Брюль, Тайлор және Фрезер сияқты аса көрнекті ғалымдармен салыстырғанда, Вебер архаикалық культтерді арнайы түрде зерттеумен айналысқан жоқ және діндер генезисі мәселесін қарастыру діни сала құрылымын сол күйінде ұғынуға қажетті шарт деп есептеген емес. Сонымен бірге неміс ғалымы діннің мәні туралы мәселені де көтерген жоқ. Ол үшін, социолог ретінде діни топтар өкілдерінің құндылықтық және мінез-құлықтық ерекшелігін сараптауға сүйену тиімдірек болды. Шын мәнінде, Веберді дін адамдардың әлеуметтік іс-әрекеті дәлелінің ерекше, сондай-ақ аса маңызды түрі ретінде қызықтырды. Сондықтан да социология олардың ақиқаттығы немесе жалғандығы және шығу көздері туралы мәселеге соқпай, діни көзқарастардың дәлелді әсерін зерттеуге, олардың қоғамдық өмірге тигізетін әсерін анықтауға шоғырлануы тиіс.
Вебер дінге үлкен мән беріп, оны дербес әлеуметтік құрылым ретінде өмір сүретін және жалпы қоғамның мәндік-символикалық, құндылықтық жүйесін анықтайтын, негізін қалайтын әлеуметтік-мәдени институт деп есептеді. Діннің басты рөлін Вебер оның құндылықты бағдардың алғашқы себебі бола алатынынан көрді, соның арқасында ол әлеуметтік іс-әрекетке мән-мағына берудің маңызды тәсілі ретінде көрініс табады, оның маңызы мен мақсатына себепші болады. Діни тұжырымдардың көмегімен адам өзінің өмірінде болып жатқан оқиғаларды мәні бар немесе мәні жоқ деп жіктейді. Дін әлем бейнесін, нормалар мен басымдылықтар жүйесін құрады, соған сәйкес индивид өзінің іс-әрекетін бағыттайды. Осылайша реттеу қағидалары мен нұсқаулар кешені пайда болып, этикалық принциптер қалыптасады.
Дін социологиясына арналған өзінің алғашқы зерттеулерінде, оның ішінде “Протестанттық этика және капитализм рухы” атты атақты еңбегінде Вебер басты назарды капиталистік қоғам мен оның дүниетанымдық негіздерінің, мысалы, ұтымдылық принципінің қалыптасуында, протестантизмнің шығуы мен дамуына байланысты діни этиканың рөлі қандай болғандығына аударды. Дәлірек айтсақ, бұл экономикалық қызмет түрі мен діни - адамгершілік жорамалдар арасындағы өзара байланысты анықтауға қызығушылықты білдіреді. Ғалымның бұл позициясы дінді зерттеудегі марксистік экономикалық центризмге қарсы бағытталған болатын. Алайда Вебер өзінің кейінгі еңбектерінде діни және экономикалық нәрселердің өзара әсері туралы мәселені көтере отырып, сонымен бірге әуел бастан субъективті ойластырылған мән мен топтық дәлелдермен байланысты сала ретіндегі діннің көмегімен әлеуметтік әрекет категориясының мазмұнын ашуға тырысады.
Вебер адамның әлемге көзқарасындағы діни фактордың әсерін сараптауға үлкен көңіл бөлді. Бұл көзқарасты ғалым әр түрлі діндер жіктелімінің негізіне алды. Бір нанымдар пассивті өмірлік позицияны (мысалы, буддизм) бекітсе, басқалары адамды өзін қоршаған болмысты қайта құруға және белсенді түрде игеруге бағыттайды (мұның жарқын мысалы - протестантизм). Кейбір діндер әлемді өздерінің мұраттарына сәйкес бейімделген жағдайда ғана қабылдайды: бұл ислам мен христиандықтың көптеген түрлеріне тән. Қорытып айтқанда, бұл жердегі жалпы заңдылық мынадай: әлемді қабылдамайтын діндердің әлеуметтік бағыттылығы төмен деңгейде, ал қабылдайтын діндердікі тиісінше жоғары деңгейде.
Қорыта келгенде, дін социологиясы Макс Вебердің шығармашылық мұрасының ең маңызды бөлігі екендігін атап өту қажет, өйткені ол діннің өзін жалпы адамның қоғамдық, мәдени өмірінің өзіндік бір үлгісі ретінде қарастыруға бейім болды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Berger P., Berger B. Socіology: Bіographіcal Approach. - London: Penguіn Books, 1981. - Chap.2.
Collіns R. Socіologіcal Іnsіght. - Oxford, 1992.
The Penguіn Dіctіonary of Socіology, - London, 1998.
Tonnіes F. A new evaluatіon: Essays and documents / Ed. And іntroductіon by W.J. Cahnman. Leіden: E.J. Brіll, 1973
Андреева Г.М. Современная буржуазная эмпирическая социология. - М., 1965.
Американская социологическая мысль. - М., 1994.
Арон Р. Этапы развития социологической мысли. - М., 1993.
Беккер Г., Босков А. Современная социологическая теория в ее преемственности и изменении. - М., 1962.
Буржуазная социология на исходе ХХ века (Критика новейших тенденций). М., 1986.
Вебер М. Избранные произведения. - М., 1990.
Вебер М. Избранное. Образ общества. - М., 1994.
Вебер М. Основные понятия стратификации // Социологические исследования. - 1994, ғ 5.
Гайденко П.П., Давыдов Ю.Н. История и рациональность: Социология М. Вебера и веберовский Ренессанс. - М., 1991.
Гофман А.Б. Семь лекций по истории социологии. - М., 1995
Громов И., Мацкевич А., Семенов В. Западная теоретическая социология. - СПб, 1996.
Дюркгейм Э. Самоубийство: социологический этюд. СПб., 1912. (Второе издание: М., 1994).
Дюркгейм Э. О разделении общественного труда. Метод социологии. - М., 1991
Дюркгейм Э. Социология. Ее предмет, метод, предназначение. - М., 1995.
Западная теоретическая социология 80-х годов. - М., 1989.
Зиммель Г. Конфликт современной культуры. - Пг., 1923
Зомбарт В. Буржуа. Этюды по истории духовного развития современного экономического человека. - М., 1994.
Из истории буржуазной социологии ХІХ-ХХ веков. - М., 1968.
Ионин Л.Г. Понимающая социология. - М., 1979.
История буржуазной социологии первой половины ХХ века. - М., 1979.
История буржуазной социологии ХІХ- начала ХХ века. - М., 1979.
История социологии. - Минск, 1993.
История социологии в Западной Европе и США. - М., 1993.
История теоретической социологии. - М., 1995.
Кон И.С. Позитивизм в социологии. - Л., 1964.
Конт О. Дух позитивной философии. - СПб., 1910.
Краткий очерк истории социологии. - М., 1990.
Критика современной буржуазной теоретической социологии. - М., 1977.
Культурология. ХХ век. - М., 1995. (Виндельбанд В. Философия культуры и трансцентальный идеализм; Дильтей В. Типы мировоззрения и обнаружение их в метафизических системах; Зиммель Г. Конфликт современной культуры; Риккерт Г. Науки о природе и науки о культуре.)
Левада Ю.А. Лекции по социологии. - М., 1969.
Маркс К. Восемнадцатое брюмера Луи Бонапарта // Маркс К., Энгельс Ф. Собр.соч. 2 изд. - т.8
Маркс К. Капитал. т.1 // Маркс К., Энгельс Ф. Собр.соч. 2 изд. - т. 23
Маркс К. Экономические и философские рукописи 1844 года // Маркс К., Энгельс Ф. Собр.соч. 2 изд. - Из ранних произведений.
Маркс К., Энгельс Ф. Немецкая идеология // Маркс К., Энгельс Ф. Собр.соч. 2 изд. - т.3
Милль Дж.С. Система логики силлогистической и индуктивной. М., 1914.
Монсон П. Современная западная социология. Теории, традиции, перспективы. - СПб., 1992.
Москвин С.А. Герберт Спенсер против тоталитаризма // Социологические исследования. - 1992. ( 2.
Новейшие тенденции в современной немарксистской социологии. - М., 1986.
Осипов Г.В. Современная буржуазная социология. - М., 1964.
Осипова Е.Г. Социология Эмиля Дюркгейма. - М., 1977.
Очерки по истории теоретической социологии ХІХ - начала ХХ века. - М., 1994.
Очерки по истории теоретической социологии ХХ столетия. От Вебера к Хабермасу, от Ззиммеля к постмодернизму. - М., 1994.
Родоначальники позитивизма. - СПб., 1912. - Вып. 4 (Конт О. Курс позитивной философии).
Современная американская социология. - М., 1994.
Современная западная социология: классические традиции и поиски новой парадигмы. - М., 1990.
Современная западная социология: Словарь. - М., 1990.
Социологический словарь. - Минск, 1991.
Социология для студента. - Свердловск, 1991.
Спенсер Г. Основания социологии. - СПб., 1876 (Второе издание - СПб., 1898).
Спенсер Г. Социология как предмет изучения. - СПб., 1896.
Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 4063;