Гаэтано Моска

 

Гаэтано Моска (Gaetano Mosca) (1858 - 1941) - итальян саясаттанушысы әрі социологы, саяси қайраткер, заңгер.

Моска “Элементтері” (1895) шыққан уақытта неоконтшылдардың Ф.Ницше мен А.Бергсонның идеялары кең танымал болып, итальяндық неогегельшілдер өз позицияларын нығайта бастағандығына қарамастан, позитивизм ықпалы әлі де сезіліп тұрған еді. Моска позитивзмге екі жақты көзқараста болды, өйткені осы мектептің кейбір өкілдерін сынай отырып, оның жалпы парадигмасына берілгендігін сақтап қалды.

Конттың ілімін қарастыра отырып, итальян социологы оның қолданатын теологиялық, метафизикалық және позитивті сатылар ұғымдарына қарсылық білдірген жоқ. Алайда ол осы сатылардың үшеуі де адамзат дамуының әрбір кезеңінде бірге өмір сүреді деп есептегенімен, бұл сатылардың біртіндеп ауысу заңымен келіспейтіндігін білдірді. Итальян социологының байқауы бойынша, “позитивті сатыдағы” адамның ғылыми білімі дінге деген қажеттілікті жоққа шығармайды, “ал ол әлсіреген жерде социал-демократияның бұрынғыдан да пасық ырымшылдығы мен метафизикалық сандырағы күшейді”. Ол тарихи деректермен бекітілген интеллектуалды үш саты мен бірін-бірі алмастыратын саяси ұйымдар формалары арасындағы Конт параллельдерін таба алмады, оның ішіндегі бірінішісі - балалық шақты, екіншісі - есею кезін, ал үшіншісі - адамзаттың жетілуін білдіреді.

Герберт Спенсер ілімінде Моска қоғамның екі типке: әскери (күштеуге негізделген) және индустриалды (еркін келісімге негізделген) болып бөлінуіне көңіл аударады. Бұлайша жіктеуді Моска “долбарлап” қабылданғандықтан қолайсыз деп есептеді.

Спенсер үшін әскери қоғамнан жеке-дара қоғамға өту қоғамдық реттеудің сапалы жаңа әдісінің пайда болғандығын білдіреді. Орталықтандырылған әскери мемлекеттегі “оң” реттеуден (яғни, “күштеуден іс-әрекет көшу”) қоғам өнеркәсіптік мемлекеттегі “теріс” (яғни, белгілі бір іс-әрекеттерге ғана тыйым салынған кездегі жеке-дара еркіндік) реттеуге өтеді. Моска Спенсермен пікір талас барысында кез келген мемлекет “оң” және “теріс”, яғни күштеуші және шектеуші әрекеттерді қатар жүргізіп отыратындығын баса көрсетті.

Географиялық детерминизм тұрғысындағы әлеуметтік саралану мәселесін Моска Геродоттан, Гиппократтан және Ш.Монтескьеден бастап зерттейді. Оның тұжырымы бойынша өркениет дамыған сайын қоғам өміріндегі географиялық фактордың ықпалы әлсіреп, мәдени фактордың әрекеті күшейеді. Бұл айғақты дәлелдеу үшін Моска Г.Кардтың итальян социологы әрі криминологы Н.Колаяннидің еңбектерімен қатар көптеген деректерді пайдаланды. Мысалы, ХІХ ғасырдағы итальян криминалистері арасында тұлға темпераментін анықтайтын табиғи орта жағдайларының қылмысқа әсері туралы көзқарасқа қарсы шыға отырып, Моска криминалды статистикадағы аймақтық айырмашылықтарды әлеуметтік-экономикалық факторлармен түсіндірді.

Нәсілдік теорияларға көңіл аудара отырып, Моска өзінің заманында әлеуметтік ғылымдарда бұл теориялардың нағыз экспансиясы жүзеге асқандығын көрсетті. Оның пікірі бойынша, қоғамдық прогресс пен халықтардың саяси ұйымы нәсілдік белгілерге тәуелді дейтін ілімдер, өзінің өмірге келуімен Дарвин іліміне және салыстырмалы лингвистика мен антропология сияқты ғылымдарға қарыздар, Моска қандай да бір нәсіл өкілдерінің тумысынан артықшылығы туралы көзқарасты теріске шығарды.

Өз заманындағы әлеуметтік теорияларға көзқарасын білдіре отырып, Моска социологиялық ғылым әдісі мен пәні туралы жеке түсінігін анықтады. Оның міндеті ретінде ол бұқаралық іс-әрекетке бағынатын заңдар мен тұрақты психологиялық үрдістерді ашу деп біледі және оның позициясы бұл жөніндегі Паретоның “Жалпы әлеуметтану тезисінің” бастапқы тезистеріне сәйкес келеді. Бірақ та Парето үшін социология Конт рухындағы қоғамды зерттейтін барлық ғылымдардың жалпылама көрінісі болса, ал Моска, негізінен, социология пәнін саясаттану зерттеулерінің бүкіл кешенінен бөліп қараған жоқ. Конт ұсынған социология пәнінің мазмұнын Моска тым ауқымды және анық емес деп есептеп, оны саяси ғылым деп атауды ұйғарды. Оның басты міндеті, саяси билік құрылысын анықтайтын тұрақты үрдістерді зерттеу деп есептейді, өйткені билік жүйесі осы уақыттағы қоғамның қандай екенін және неге ол дәл осы бағытта дамып отырғандығын білдіреді.

Әмбебап саяси теория ғылымилығының өлшемі ретінде Моска оның құрамында барлық зерттеушілер мойындаған кешен мен күмәнға жатпайтын ақиқаттың болуы және әмбебап әдістердің қолданылуы деп санады. Оның негізгі талаптары мыналарға келіп саяды: а) саясат пен тарих саласындағы танымдық процестен субъективті компонентті алып тастау; б) деректердің мүмкіндігінше көптеу мөлшеріне арқа сүйеу.

Моска қолданатын “тап” ұғымының мазмұны марксистік түсініктемемен сәйкес келмейді, өйткені негіз ретінде экономикалық нышан емес, билік иерархиясындағы орны алынады. Басқарушылар мен бағынушылар арасында қатынастың болу фактісі қандай да бір дәлелдеуді талап етпейді. Адамдардың бұл екі тобы өркениеттен бастап кез келген қоғамда болды және бола бермек және де басқарушы тап саны жағынан әрқашанда өзі билейтін көпшіліктен неғұрлым аз болады.

Моска қоғамның әрбір саяси ұйымында демократиялық, монархиялық және аристократиялық басқару принциптерінің элементтері қатар өмір сүреді деген тұжырым бойынша Спенсермен келісе отырып, Руссо заманынан келе жатқан демократиялық ағым ұсынған халық билігі идеясын теріске шығарды.

Алайда, бір индивид үшін оның және өзінің мүддесін қорғап отыратын азшылыққа арқа сүйемейінше билік ету мүмкін еместігін оңай мойындайтын болсақ, онда Москаның пайымдауы бойынша нақ азшылық көпшілікті билейді, керісінше емес деген тұжырымды қабылдау қиынға соғады. Мұны дәлелдеу үшін Моска мынадай тұжырым ұсынды: азшылық ұйымдасқан болғандықтан билік етеді, ал көпшілік қолында билік жоқ және өз-өзінен ұйымдасуға қабілетсіз, себебі ол - көпшілік. Ұйымдасқан азшылықтың бытыраңқы көпшілік алдындағы артықшылығын Моска өзгермейтін және мәні бір тарихи заң ретінде қарастырады. Бұл оның қалған басқа салаларда сыналатын позитивизм әдістемесіне толығымен жауап береді.

Ұйымдасу артықшылығымен қоса үстем тап өкілдері басқарылатын бұқарадан “оларға материалдық, интеллектуалдық, сонымен бірге моральдік артықшылықтар беретін” белгілі бір қасиеттермен ерекшеленеді. Моска жауынгерлік, айбынды, қарабайыр қоғамдарда индивидтің үстем тапқа оңай кіруін мүмкіндік беретін қасиеттің нақ өзі деп санады.

Ол сыртқы күштеу теориясын жоққа шығара отырып, позитивтік әдіске қарамастан, таптық қатынастарды зерттеумен қатар таптардың қалыптасу мәселесіне де көңіл бөлді. Бұл жерде ол осы процесте әскери жорықтармен және басып алушылықтармен қоса жерге жеке меншіктің пайда болуы үлкен рөл атқарғандығын мойындауға мәжбүр болды.

“Саяси ғылым элементтері” еңбегінде Моска саяси ұйымның екі типін көрсетті. Феодалдық типі барысында қоғам көптеген ұсақ, өзін-өзі қанағаттандыра алатын әлеуметтік қауымдастықтардан (“агрегаттардан”) тұрады, ал басқару функциялары болса дерлік бөлінбеген немесе бөлінбеген болады.

Дегенмен байлық пен билік арасында өзара тәуелділік болады және “саяси билік байлықты жасағаны сияқты, байлық та билікті жасайды”. Бұл байланысты демократиялық процестің дамуы бұза алмайды.

Билік етуші тап байлықты жинаумен және сақтаумен қатар рухани салада үстемдік етуге қажетті ғылыми білімдерді пайдалану мен таратудағы басты позицияларды қолға алуға талпынады. Шіркеудің белгілі бір деңгейде демократиялық болатынына қарамастан, онда да “дін басылар аристократиясының” ерекше табы қалыптасады. Кез келген қоғамда билік етуші таптың “мұрагерлік кастасы” қалыптасатын үрдіс болады.

Бірақ үстем таптың азғындап, оның орнына жаңасының келуін немен түсіндіруге болады. Кез келген таптың үстемдік ету жағдайынан айрылуының басты себептері Москаның көзқарасы бойынша не билікке келуге көмектескен қасиеттерін жоғалтуы немесе олардың жаңа әлеуметтік ортаға сәйкес келмеуі болады.

Н.Макиавелли және И.Тэн еңбектерімен жігерленген Моска қоғам дамуының басты жемісі екі үрдіс арасындағы күрес деп есептеді: үстем таптың билікті сақтап қалып, мұрагерлік бойынша беруге ұмтылысы және жаңа таптың күштердің ара салмағын өзгертуге ұмтылысы. Қоғамдағы жаңару мен тұрақтану үрдістерінің кезектесуі тарихи процестің белгілі бір ырғақты өрістеуін тудырады.

Билік етуші таптың немесе Италияда саяси тап деп аталатынның жалпы теориясынан, Моска оны азшылық тарапынан көпшіліктің жүріс-тұрысын басқарудың нақты механизмін сараптауда қолдануға көшті. Мұндай зерттеудің алғашқы нәтижесі оның бозбала кезіндегі (1883) еңбегінде саяси формуланы ашуы болды, егер маркстік терминді қолданатын болсақ, онда оны үстем таптың артықшылық жағдайын идеологиялық ақтау ретінде түсіндіруге болар еді.

Итальян социологы саяси формуладан, саяси ұйым мен оның барлық азаматтарының бірігуін бекітетін әлеуметтік күшті көрді.

Моска тағы бір негізге аларлық ұғымды - “әлеуметтік тип” ұғымын енгізді. Ол арқылы Моска әлеуметтік топ өкілдерінің біріне тән тұрақты сипаттағы әлеуметтік және психологиялық белгілерінің жиынтығын көрсетеді. Олар тұрғылықты аумақтық бірлік, тарих, тіл, дін, өмір сүру қалпының ортақтығы нәтижесінде қалыптасады.

Әлеуметтік типтің қалыптасуының бастапқы тарихы ретінде Моска тайпалардың бір тотемнен шыққандығына сенуін қарастырады. Оның пікірі бойынша, әрбір осы тектес дербес халық “құмдағы көкорай сияқты”, мәдениеттердің өзара байланыстары кездейсоқ болғанға дейін, яғни қарабайыр тайпалар ортасында өмір сүргенге дейін ежелгі өркениеттерден әлеуметтік типтер біртұтас болды. Осы тектес ертедегі мемлекеттердің барлығында саяси формула толығымен дінмен біріктірілді: құдайлар “ұлттық құдайлар” болып табылды, олардың әрбіреуі “аумақтың” сақшысы мен саяси ұйымның тірегі болды” және “ол халқымен бірге жасады”.

Алғашқы империялар пайда болған тұстағы антикалық кезең саяси формулаға өзгерістер енгізді. Орасан зор аумақтарда бағындырылған халықтар үстінен жүргізетін билік пен бірлікті сақтап қалу және ұлтаралық жанжалдарды басу үшін, билеуші өзіне бағынышты халықтардың ұлттық табыну белгісін сақтауға келісті. Өзінің Пантеонында бағындырылған елдердің құдайларын мойындаған антикалық римдіктер одан да асып түсті.

Ақырында, нәсіл мен тілге қатысты бойкүйез әлемдік діндер пайда болды. Олардың көп таралуы бұрын болмаған әлеуметтік және ұлттық типтерге бөлінуге алып келді. Соның нәтижесінде әр түрлі халықтар ішіндегі бір дінге сенушілер арасында бірігуге деген күшті ұмтылыс пайда болып, тіпті тілі мен нәсілі бойынша жақын халықтар арасында діндегі айырмашылыққа байланысты жеңіп шығуға болмайтын кедергілер пайда болды.

Билік етуші тап дінмен қоса өз билігінде заңдық және моральдік тіректерді қажет етеді. Діни сезімдер “әулеттің ғасырлық берілгендігімен” “ұлттық сезімдермен” және т.б. біріккен кезде мемлекеттерде де бұл елдердің ұлттық және саяси ерекшеліктеріне жауап беретін әлемдік діндердің түрленімі ретінде өздерінің жеке діни конфессиялары қалыптаса бастайды. Әлемдік дінді уағыздаушы құдіретті шіркеу экспансиясына мемлекет қарсы тұра алуы үшін, үстемдік етуші тап бұқараның ұлттық және материалдық мүдделеріне арқа сүйеуі қажет. Егер де халықтың ұлттық сезімдері жеткілікті түрде күшті болмай, моральдік және интеллектуалдық күштер әлсіреп, ал саяси ұйымда үлкен кемшіліктер орын алатын болса, “онда мұндай мемлекет әлемдік дін мен дүниежүзілік саяси ілімнің қолындағы ойыншыққа айналуы мүмкін”.

Үстем тап пен басқарылатын көпшілік арасында белгілі бір бірлік болуы тиіс. Мәдениет, дін, білім саласындағы қоғамның төменгі және жоғары таптары арасындағы үлкен алшақтық, “заңды түрде билік етіп отырған таппен жиі бітіспестікке түсіп отыратын жарлы-жақыбайлар арасында жаңа саяси таптың қалыптасуына” алып келеді. Мұндай жаңа тап саяси билікке қол жеткізу үшін жаңа саяси формулаға арқа сүйеуге тырысып, қоғамның төменгі табының қолдауына ие болуға ұмтылады. Ал осы төменгі тап орнап отырған тәртіпке өшпенділікпен қараған таптың соңынан қуана еретін болады.

Материалдық күштермен қоса, саяси билік қоғамда орныққан адамдар өмірінің қағидалары мен нормаларына сүйенеді, алайда мораль мен құқық сияқты әлеуметтік реттегіштердің қызметі неге негізделген, олар қаншалықты тиімді және олардың шекарасы қандай?

Олардың табиғи негізі ретінде Моска “адам жаратылысының өз құлқының қанағаттандыру, үстемдік етуі мен пайда табуға табиғи бейімділігін” тежеп отыратын “адамгершілік сезім” деп есептеді. Оның айтуы бойынша: “өзіңді қалай жақсы көрсең, айналадағыларды тап солай жақсы көр”, “өзіңе істемегенді, өзгелерге істеме” деген сияқты христиан моралінің нормалары мен моральдік аксиомалар өмір шындығына сай келмейді, өйткені мұнда негізінен жақын тума-туысқандарын айтпағанда, “кез келген индивид бәрінен бұрын өзінің жеке істерін алға қояды”. Ал бұл “сәл де болса оның өзгелерден гөрі өзін жақсы көретіндігін” білдіреді.

Итальян социологы моральдік реттегіштер рөлі мен қоғамдағы мораль деңгейінің өзгеру мәселесін қарастырады. Ол өз дәуіріндегі неғұрлым танымал екі көзқарасқа сыни көзбен қарады. Ағылшын тарихшысы және социологы Г.Бокль дамытқан бірінші көзқарасқа сәйкес, қоғамдық процесс таза интеллектуалды және ғылыми сипатта болады және ол мораль саласына қатысты емес. Ал француз этнографы және социолог-эволюционисті Ш.Летурно көрсеткен екінші пікір бойынша қоғамдық мораль әр түрлі қоғамдар арасындағы күресте моральдің жалпы деңгейі жоғары болатындар жеңетіндіктен дамиды.

Москаның пікірінше мораль саласындағы тәртіпті реттейтін әлеуметтік механизмдер біз құқықтық қорғау деп атайтын нәрсені құрайды. Мұндай қорғанның деңгейі мен механизмдері әр қоғамда әр түрлі болады. Оны әлеуметтік ыдырау мен “өзімшілік сезімдерді ұстап тұратын тәртіптің” құлдырауына әкеліп соғатын, “ұзақ соғыс пен үлкен революция” секілді ірі әлеуметтік апат әлсіретеді, сөйтіп “адамдарда мүлгіп жатқан, алайда өлмеген хайуандық сезімдер қайта оянады”. Моска, жабайы адамдар мен варварлардағы интеллектуалды прогресс мораль саласындағы дамуға қарағанда неғұрлым жылдам жүретіндігіне және сонымен бірге бұл жағдай әлеуметтік іріткі салу кезеңінен шығып келе жатқан өркениетті халықтарға да тән екендігі жөнінде Летурномен толық келіседі.

Қоғам мүшелерінің құқықтық қорғану деңгейін айқындайтын басты фактор ретіндегі саяси ұйымның ерекше рөлін қарастыра келе, Моска ол халықтың өркениеттілік деңгейі мен оның интеллектуалдық және экономикалық даму деңгейіне сөзсіз байланысты деген қорытындыға келді.

Москаның ойынша кез келген деспоттық режимде бірегейлік принципі әрекет етеді. Деспотизм үшін әрқашан да қандай да бір жалғыз саяси күштің абсолюттік үстемдігі, мемлекет құрылысының бір ғана жеңілдетілген тұжырымдамасының басым болуы және мейлі ол “діни құқық” немесе халық билігіне сендіру болсын, құқық саласында бір ғана принципті қатаң ұстану тән.

Тирания - “саяси режимнің ең нашар түрі” екендігіне қарамастан, Моска ол анархиядан, яғни “қандай режимнің болмасын жоқтығынан” гөрі дұрысырақ деп есептеді. Тиранияның орнығу мүмкіндігі Монтескье ұсынған биліктің бөліну принципіне сәйкес саяси жүйенің қызмет етуі мен саяси күштер тепе-теңдігінің алуына жол ашады.

Феодалдық және бюрократиялық принциптерге сәйкес ұйымдастырылған қоғамдарды салыстыра келе Моска ұйымдасу деңгейі төменірек және автономияға неғұрлым бейімдірек феодалдық қоғам өзін басқарушыдан бюрократиялыққа қарағанда күшті тұлғалық қасиеттерді талап етеді деген қорытындыға келді. Соңғысының тұрақтылығы тіпті ескі саяси формула жоққа шығарылып, жаңасы іздестіріліп жатқанның өзінде-ақ сақталынып қалады, ал сол кезде біріншісі, егер де ол жақсырақ ұйымдасқан мемлекеттер ортасында болса, онда “ол солар арқылы орталық биліктің ұдайы қайталанып отыратын дағдарыстардың бірінде оп-оңай жұтылып кетеді”.

Тақырыптың зерттелуінің нәтижесі Моска өңдеп шығарған мемлекетті қоғамнан ажыратып қарастырудың барлық талпынысынан немесе қоғам мен мемлекетті антагонистер ретінде талқылаудан мүлдем бөлек мемлекет тұжырымдамасы болды. Моска оны екі қырынан: құқықтық және саяси қырынан ашады Құқықтық тұрғыдан келгенде мемлекет “заңды тұлға құқығы бар.., заңды әрекеттерді жүзеге асыруға.., қоғам мүддесін білдіруге.., қоғам мүлкін басқаруға... жеке және өзге де заңды тұлғалармен мүдде қақтығысына түсе алатын нақты ұйым”. Одан әрі ол былай деп жазады: “Саяси жағын айтар болсақ, онда мемлекет саяси мәні барлық әлеуметтік өлшем ұйымы екендігін атап өту қажет.., ол - саяси функцияларды атқара алатын бүкіл элементтердің кемесі... яғни, ол олардың үйлестірілуі мен тәртібінің нәтижесі”.

Алайда Москаның бюрократиялық ұйымның күшін жеңетін түбегейлі бағдарламасы жоқ болғанымен, ол өзі мәлімдеген саяси зерттеу ісіндегі бейтараптық пен объективтілік талабына қарамастан, “парламентаризм дертін” емдеуге арналған кейбір нақты тәсілдерді көрсетті. Ол ең бастысы әкімшілікке және мемлекеттік қызметке жұмыс істеуге “жалақы алатын шенеунік болып есептелмейтін, ешқандай да сый-сияпат көрмеген, министрдің зорлық-зомбылығына тәуелді емес және өз құзыретінің ұзартылуын дауыс беру қорытындысынан, комитет пен сайлау іскерлерінің рақымшылдығынан күтпеуге тиісті” “бюрократияға кірмейтін адамдарды” таптауға үміт артады.

Бұл шаралар, әлбетте, бюрократизмге сенімді тосқауыл болмайды. Қоғамдық істерге және жартылай экономикалық салаға қажетті мәдениеті мен білімі бар қоғамдық өкілдердің қатысуы ешқашан бюрократияны толығымен алмастыра алмайды және ол өзін үнемі жаңалап отырады. Бірақ та мемлекеттік бюрократияны “жеке бәсекелестікке байланысты барлық ауыртпалықтан, дарашылдық мен өзімшілдіктің барлық кінәраттарынан” қорғаушы ретінде қарастыруға болмайды, өйткені Москаның өзінің көрсетуі бойынша, “мемлекет негізінен қоғамның үстемдік етуші элементтерінен тұратын ұйым”.

Гаэтано Москаның итальяндық және әлемдік социологияның дамуына қосқан үлесін бағалай отырып, саяси-әлеуметтік зерттеулердегі парадигманың өзгеруі, яғни либералды классикалық тұжырымдамадан элита тұжырымдамасына өту Вильфредо Парето есімі сияқты, оның да есімімен байланысты екенін айтуымыз керек. Ол либералдар мен социал-демократтардың либералдық және демократиялық принциптер мен мұраттарды іске асырмақ болған үмітінің бос қиял екенін, парламенттік жүйенің шынайы жұмысын көрсетіп берді және парламенттік демократияның олигархияға ұласып кету қаупін көре білді.

Москаның кітаптары өз алдына ерекше, ол қандай да бір философиялық және социологиялық мектептің дәйекті ізбасары емес. Позитивтік социологияның оған тигізген ықпалы зор, өйткені ол неоканттық мектеп проблематикаларын жете бағаламай, өз зерттеулерінде өзгермейтін функционалдық заңдарды тұжырымдай отырып, объективті талдаудың салыстырмалы-тарихи әдісін қолданды.

Алайда Г.Моска консервативтік немесе реформистік бағытты ұстанушы болып табылмайды. Асылы біз оны өз заманының саяси жағдайынан жақсылық күтпеген терең ойлы сарапшы әрі көреген саясаткер деп білеміз. Оның еңбектерінде мұңды сарын басым, бірақ та ол пессимист болып кеткен жан емес, өйткені қоғамның бюрократиялануы мен олигархияның қалыптасу үрдісіне қарсы тұруға, толық демократия жағына қарай саяси дамудың қандай да бір негіздемесін табуға ұмтылумен болды.

 








Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 1944;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.014 сек.