Эмиль Дюркгейм
Эмиль Дюркгейм (Emіl Durkhgame) (1858 - 1917) - француз социологы, социологияны ғылым, мамандық және оқу пәні ретінде қалыптастырушылардың бірі.
Францияның солтүстік-шығысындағы Эпинал қаласында 1858 жылы 15 сәуірде раввин әулетінің отбасында дүниеге келді. Париждегі Жоғарғы қалыпты мектепті тамамдағаннан кейін, провинциалды лицейлерге бірнеше жыл бойы сабақ береді. 1887 жылы Бордо қаласындағы университетте әлеуметтік ғылым және педагогика оқытушысы қызметіне тағайындалады. Он жылдан соң ол бұл жерде Франциядағы ең алғашқы әлеуметтану кафедрасын басқарды.
1896 жылы Дюркгейм социология тарихында елеулі оқиға болған жаңа мерзімді басылымға басшылық ете бастады. Ол 1896 жылы - 1913 жылдар аралығында редакциялаған L’Annee Socіologіque журналы, ең алғаш рет дюркгеймдік мектеп зерттеулерінің нәтижелерін жариялай бастады. Бұл жылнама Франциядағы түрлі бәсекелесуші топтар арасындағы дюркгеймдік социология үстемдігінің негізгі институционалдық факторы болды.
Журнал қызметкері көбіне оның бас редакторының идеяларына негізделген күшті ғылыми ағымды қалыптастырды. Бұл кейін “француз социологиясының мектебі” деген атқа ие болып, осы елдегі социологияның дамуын бірнеше он жылдыққа айқындап берді.
1902 жылы Дюркгейм атақты Сорбоннаға шақырылады. Нәтижесінде оның әлеуметтану бойынша лекциялық курсының негізінде “тәрбие және әлеуметтану туралы ғылымдар” кафедрасы құрылып, ол оған да жетекшілік етеді. Дюркгейм тек қана француз социологиясын қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге пән ретіндегі социология шеңберінен шығып, француздың интеллектуалды және тіпті саяси өміріндегі өте маңызды тұлға болды. Ол Францияның сол кезеңдегі негізгі интеллектуалды және саяси дағдарыстарына белсене қатысты.
Көзі тірісінде Дюркгейм төрт кітап шығарды: “Қоғамдық еңбек бөлінісі туралы” (1893), “Социология әдісі” (1895), “Өзін-өзі өлтіру” (1897) және “Діни өмірдің қарапайым формалары” (1912).
Осы ғылым пайда болған елде - Францияда социологияның институционалануы Дюркгейм есімімен тығыз байланысты. Көптеген адамдар оны қоғамды зерттеуде позитивизмді дәйекті жалғастырушы деп есептейді. Бұл бір жағынан дұрыс және толығымен орынды, өйткені социологияның негізін салушы ретінде Конттың беделі айтарлықтай жоғары болды. Дюркгейм социлогиядағы конттық позитивтік дәстүрді жалғастырушы бола отырып, көбінесе жаратылыстану ғылымдары сараптамаларының үлгілерін басшылыққа алды (әсіресе өзінің ғылыми қызметінің бастапқы кезеңінде), яғни өзінің ғылыми әдісінде теориялық негіздеменің нақтылығы мен дәлелдене алуын, эмпирикалық расталу қажеттілігін баса көрсетті. Сонымен бірге Дюркгейм өзін социологияның негізін салушының белгілі бір дәрежеде жалғастырушы деп есептей отырып, оның шығармашылық мұрасына сын көзімен қарағандығын атап өтпеуге болмайды. Эмпирикалық бақылаудың құндылығын мойындай отырып, ол сондай-ақ әлеуметтік құбылыстардың қайнар көзі мен терең себеп-салдарын түсіну үшін таза теориялық ой сараптамасын жоққа шығармады. Оған қоса, Дюркгейм интеллектуалды эволюцияның үш сатысы туралы Конттың заңы адамзат тарихын және оның қорғаушы күштерін түсіндіруде тым үстірт және біржақты қарастырады, өйткені түрлі қоғамдар тарихында дамудың басты жолдарын одан неғұрлым көп көрінеді деп санады. Кейіннен Дюркгейм “Социология әдісі” еңбегінде біршама нақты көрініс тапқан өзінің жеке социология әдісін қалыптастырды.
Дюркгейм өзінің әлеуметтік көзқарастар жүйесін құрған теориялық-методологиялық база “социологизм” деп аталды. Ол социологиялық реализмнің бір түрі деп есептеледі. Бұл бағыттың басты ерекшелігі номинализмге қарама-қарсы қойылуында болды. Социологиялық реализм өзінің парадигмасы ретінде адамзат қоғамын ерекше шындық ретінде (табиғи орта шындығы мен адамның ішкі психикалық дүниенің шындығымен қатар) мойындау қажеттілігі мен міндеттілігін көрсетті. Социология пайда болғанға дейін арнайы оқу пән ретіндегі мұндай әлеуметтік шындықты зерттеумен бірде-бір ғылым саласы айналысқан емес.
Социологиялық әдіс ережелерінде Дюркгейм қоғамның психологиялық фактілерге сәйкес келмейтін өзінің жеке шындығы бар екенін көрсетуге тырысты. Оның пайымдауы бойынша, қоғам - “өз алуына /suі generіs/ өмір сүруші шындық”. Әлеуметтік шындықтың мұндай ерекше сипатын мына фактіден көруге болады, біз бұл шындықты қалауымыз бойынша жойып жібере алмаймыз. Қоғам біздің ойларымыз бен тілектерімізге қарама-қарсы тұрады, себебі ол табиғат объективтілігімен салыстыруға болатындай объективтілікке ие, алайда ол екеуі бірдей емес.
Дәлме-дәл айтсақ, социологизм дербес жалпы социологиялық теория ретіндегі әлеуметтік өмірге қандай-да бір ерекше анықтама беруге немесе түсіндіруге талпынбайды. Бұл философиялық-социологиялық тұжырымдаманың мәні белгілі бір бастапқы позицияны тұжырымдауға саяды: яғни, адам болмысындағы әлеуметтік шындықтың басты және ерекше маңызын мойындау және де бұл болмысты түсіндіруде социологиялық әдістерді қолдану. Қоғам қарапайым өзіне тән ерекшелік қана емес, сонымен бірге доминантты, жоғарғы шындық деп мойындалғандықтан, қоршаған әлемде (“социологизация”) болып жатқанның бәрін түсіндірудің социологиялық әдісі ең дұрысы деп жарияланады. Ол өзге әдістерді не жоққа шығаруы не жеке оқиға ретінде өзіне қосып алуы тиіс.
Социологизмнің онтологиялық (мәндік) жағы, әлеуметтік шындықтың басқа да - физикалық, биологиялық, психологиялық шындықтарға қатысты автономия орнатуы болып табылады. Ол негізделген, тұрақты және белгілі бір заңдар әрекетіне бағынады. Осылайша, социологияны өзге ғылымдардан ерекшелейтін, сондай-ақ өзінің жеке зерттеу пәні бар ғылым қалыптасты. Алайда социологиялық ғылымның өз алдына бөлініп шығуы үшін, сонымен қатар басқа да ғылым салалары айналысатын фактілер түсіндірілетін және бақыланатын болғаны сияқты, оның да пәні бақыланатын және түсіндірілетін болуы тиіс.
Осыдан келіп “әлеуметтік факт теориясы” шығады. Әлеуметтік шындықтың мазмұнын, Дюркгейм бойынша болмыстың не экономикалық, не психологиялық, не құқықтық және басқа да фактілерін жатқызуға болмайтын әлеуметтік фактілер құрайды. Бұл әлеуметтік фактілердің мынадай өз алдына дербес сипаттамалары бар:
(1) Объективті, яғни кез келген бөлек алынған индивидтен тәуелсіз тіршілік әлеуметтік фактілердің мәнін түсіну үшін, физикалық шындықтың деректерін анықтағанымыз сияқты оларды сырттан бақылап, қайтадан ашып отыру керек. Сондықтан, Дюркгейм тұжырымдағандай, “...әлеуметтік фактілерді заттар ретінде қарастыру қажет. Заттар - бізге берілген бақылауға жататын және бақылауға болатын нәрселер. Қоғамды зерттеген бұрынғы барлық ғылыми пәннің негізгі қателігі, Дюркгеймнің пікірі бойынша, мынада: олар әлеуметтік құбылыстарды қарастыру барысында біз оларға қандай мән-мағына берсек, соған сүйенетіндігінде; соған қарамастан олардың нағыз мәнін тек объективті ғылыми зерттеудің көмегімен ғана анықтауға болады.
(2) Кез келген жеке индивидке қысым көрсете алу (күштеу), яғни оның іс-әрекетін анықтау қабілеттілігі. Индивидтің қоғамдағы іс-әрекетінің реттелуі жеке-дара себептер мен түрткі болатын себептермен емес, сол адам өмір сүріп отырған қоғамдағы әрекет етуші әлеуметтік фактілер жиынтығымен анықталады, яғни бұл фактілер оны қандай да бір іске итермелейді. Мысалы, сән көрсету - қарапайым әлеуметтік факт, өйткені әрбір адам өзінің сол сәттегі көңіл-күйіне қарап емес, осы уақытта және осы жерде оны қоршағандар мен қабылдаушылар қалай киінсе, солай бағыт алады. Социология ғылымының ең маңызды міндеттерінің бірі ретінде Дюркгейм әлеуметтік іс-әрекетті “еркін жігер” тұрғысынан түсіндіруді құнсыздандыратын әлеуметтік фактілерді зерттеу деп көрсетті. Дюркгейм еңбектерінің басым көпшілігінде орын алған ой мынадай: “қоғам индивидтен емес, индивид қоғамнан пайда болады”.
Әлеуметтік фактілердің жиынтығын Дюркгейм екі негізгі топқа бөлді: морфологиялық және рухани. Қоғамның өзіндік “материалды субстратын” қалыптастырушы морфологиялыққа, мысалы, халық тығыздығын жатқызуға болады. Ол шындығында да дербес индивидтердің пиғылы мен ісіне тәуелді емес; ал олардың өмір сүру жағдайы тығыздыққа біршама тәуелді. Сонымен бірге қоғам орналасқан аумақтағы аудан бірлігіне сәйкес келетін қоғам мүшелерінің санымен өлшенетін физикалық (материалдық мағынадағы тығыздық) және Дюркгейм көрсеткендей олардың арасындағы қарым-қатынас қарқындылығы мен жиілігін бейнелейтін моральдік тығыздықты ажырата білу қажет. Тығыздықтың бұл екі түрінің өзара үйлесуі, сол қоғамдағы еңбектің қоғамдық бөлінісінің немесе әлеуметтік саралану ерекшеліктерін айқындайды. Жалпы, Дюркгейм әлеуметтік құбылыстарды түсіндіруде (әсіресе өзінің шығармашылығының бастапқы кезеңдерінде) біршама белсенді түрде демографиялық және әлеуметтік-экологиялық факторларды (әлеуметтік топтардың күрделілік деңгейі мен құрылымын қоса) пайдаланды.
Сонымен қатар, морфологиялық әлеуметтік фактілерге адамдардың бірігіп қызмет етуінен шыққан туындылардың бірқатарын жатқызуға болады, мысалы, қоғам мүшелері өмір сүріп отырған елді мекендердің доминантты сипаты, қатынас жолдарының саны мен сапасы. Басқа сөзбен айтқанда, морфологиялық әлеуметтік фактілер - адам өмірінің материалдық жағдайын қалыптастыратын құбылыстар жиынтығы, бірақ та олардың табиғи сипаты жоқ, ол сол қоғам қызметінен келіп шығады.
Ал рухани әлеуметтік фактілерге келетін болсақ, олар морфологиялық секілді “заттай” жүзеге асыра алмаса да, одан кем емес деңгейде объективті (яғни қоғамның әрбір мүшесіне қатысты сырттай одан тәуелсіз қатынас табиғатына ие және күштеу қасиеті бар) болып табылады. Оған жиынтығы ұжымдық немесе жалпы көзқарасты қалыптастыратын “ұжымдық түсініктерді” жатқызуға болады.
Дюркгейм жазғандай: “Сол қоғамның орташа алынған мүшелеріне деген ортақ нанымдар мен сезімдер жиынтығы өзінің өмірі бар белгілі бір жүйені құрайды; оны ұжымдық немесе жалпы сана деп атауға болады. Сөзсіз, ол субстрат ретінде бір ғана мүшеден тұрмайды; ол анықтама бойынша қоғамның бүкіл кеңістігіне тараған. Алайда, оған қарамастан оның өзіне ерекше шындық қалыптастыратын өзіне тән ерекшелігі бар. Шынында да ол индивидтердің жеке жағдайларына байланысты емес, олар өтпелі, ал ол тұрақты. Ол солтүстікте де, оңтүстікте де, үлкен және кіші қалаларда да, әр түрлі кәсіп өкілдерінде бірдей. Сол сияқты ол әрбір келесі ұрпақ кезінде де өзгермейді, керісінше бірінен соң бірі келетін ұрпақтарды байланыстырады. Осылайша, ол тек қана индивидтер арқылы іске асатындығына қарамастан, жеке санаға қарағанда мүлдем өзгеше”.
Қоғамдағы ұжымдық және жеке-дара интеллектінің дамуы еңбек бөлінісінің тереңдеуімен қоян-қолтық жүреді және белгілі бір деңгейде біріншісі екіншісінің қажеттіліктерімен анықталады. Дюркгеймнің пікірі бойынша интеллект санаға барабар емес, дәлірек айтсақ, ол оны көтереді. Дәл осы сияқты еңбек бөлінісі де ең алдымен қоғамдық өмірдің бет жағында жатыр, бұл әсіресе экономикалық еңбек бөлінісі үшін дұрыс болып табылады (ол қоғамдық еңбек пен экономикалық еңбек бөлінісі арасында айырмашылық жүргізетіндігін атап өту қажет: егер біріншісі бүкіл қоғамның белгілі бір құрылымы болса, ал экономикалық немесе техникалық еңбек бөлінісі - оның тек бір көрінісі ғана).
Әлеуметтік нормалар мен басқа да әлеуметтік факторлар қоғамның дербес мүшелерінің іс-әрекетіне тікелей және тура емес, олардың игерілуінің белгілі механизмдері арқылы ықпал етеді, оған қоса әлеуметтік реттегішттер қызметінің тиімділігі тікелей мәжбүрлеу күшімен емес, ол индивид үшін нормаларды іске асыруға құлқымен болғанда ғана көрініс табады.
Дюркгеймнің ойынша социология құрылымы үш негізгі саладан тұруы тиіс: морфология, социология және жалпы социология. Әлеуметтік морфология, анатомия тектес, қоғам қалай құрылған, оның құрылымы көріністерінің материалдық формалары: әлеуметтік ұйымдар, халықтың құрамы, оның тығыздығы, алып жатқан аумағы бойынша орналасуы т.б. қандай деген мәселелерді зерттеумен айналысуы тиіс. Әлеуметтік физиология қоғам тіршілігінің әр тектес салаларын зерттеп, бірнеше дербес социологиялық теорияларға бөлінеді: дін социологиясы, мораль социологиясы, құқық социологиясы, экономикалық социология және т.б. Ал соңғысы, жалпы социология алғашқы екі бөлімнің жетістіктері мен тұжырымдарын синтездейді және біршама ортақ әлеуметтік заңдарды орнықтырады.
Әлеуметтік байланыстың сипаты мен табиғатын зерттеу тақырыбы Дюркгеймнің бүкіл ғылыми шығармашылығында басты орын алады. Қандай мәселеге көңіл аударса да - қоғам типологиясы немесе өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік факторларын анықтау проблемалары, еңбектің қоғамдық бөлінісін зерттеу немесе дін рөлі мен рәсім мәнін анықтауда, - оны әрдайым мынадай сұрақ мазалады: адамдардың бірігуіне, бір-бірімен жақындасуына не итермелейді, оларды не ажыратады?
“Біз өзімізге ұқсайтынды, біз сияқты ойлап, сезінетіндерді ұнататынымызды әрқайсымыз білеміз. Алайда бұған қарама-қарсы жағдай да жиі ұшырасады. Біз өзімізге ұқсамайтын адамдарға құштарлық сезімде болатын жағдай жиі кезігеді, мұның себебі олардың бізге ұқсамайтындығында”.
Осыған сүйене отырып, ол әлеуметтік ынтымақтастықтың екі формасын ажырату қажет деп есептейді, оларды механикалық және органикалық деп атайды. Бұл ұғымдарды ол өзінің “Еңбектің қоғамдық бөлінісі туралы” атты алғашқы еңбегіне енгізеді. Оның пікірі бойынша, еңбек бөлінісінің тереңдігі мен сипаты қоғам дамуының жалпы деңгейін анықтамаса да, біршама барабар түрде бейнелейді және әлеуметтік байланыстың қандай да бір үстем типін қалыптастырады. Дюркгейм бұл жерде араларында белгілі бір тарихи-логикалық сабақтастығы бар қоғамдардың жетілген типтерін құрастыру идеясына сүйенеді. Ынтымақтастық жоғарғы әмбебап принцип, жоғарғы моральдік құндылық ретінде қарастырылады. Сондықтан да еңбек бөлінісінің өзі моральді.
Механикалық ынтымақтастық, Дюркгеймнің ойынша, архаикалық немесе қарабайыр қоғамдарда басым болып келеді. Оның жеке терминологиясын қолданатын болсақ, бұл ұқсастық нәтижесіндегі ынтымақтастық. Қауым немесе бірлік мүшелері оларда ортақ нәрсе көп болғандықтан - тіл, дәстүр, сенім, тіпті жалпы тарихи (мысалы, ауызша аңыз түріндегі) зерде арқасында бір-біріне тартылады, ұқсас жағдайларда өздерін бірдей сезінеді. Мұндай механизмдер өзге де тайпа өкілдерінің бөлектенуіне алып келеді. Бұл “өзіміз - бөтен” принципіне сәйкес ынтымақтастық.
Алдыңғы қатарлы, дамыған қоғамдарда орын алатын органикалық ынтымақтастық - оның мүшелері функцияларының саралануының, қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуінің жемісі. Адамдар мұнда - барған сайын бір-бірінен түрлі сипаттары бойынша әр түрлі болып келеді. Бірақ та осының нәтижесінде олар одан әрі бірін-бірі қажет етіп, бір-бірінсіз тұра алмайды - функциялардың, қызметтердің және олардың нәтижесінің айырбасы біршама терең өзара тәуелділікке алып келеді, яғни бұл “әлеуметтік бөлшектердің” одан әрі тұтастануына әкеліп соғады. Бұл жерде еңбек бөлінісі тек таза экономикалық қана емес, сонымен бірге әмбебап, тұтас қамтушы әлеуметтік құбылыс ретінде түсіндіріледі. Әрбір адамды жеке алғанда ол мінсіз емес, ал олар бірін-бірі толықтыра отырып, күшті интеграцияға жол ашады. Ынтымақтастықтың бұл типі тіршілік иесінің органдарымен ұқсастығына қарай “органикалық” деп аталады. Өйткені бұлар бір-біріне мүлдем ұқсамайды және өздеріне ғана тән ерекше функция атқара отырып, тек бәрі бірге болған жағдайда ғана организмнің қызмет етуіне мүмкіндік жасайды.
Механикалық ынтымақтастық үстемдігі кезінде ұжымдық сана жеке-дара сананы жұтып қояды. Адамның жеке-даралығы органикалық ынтымақтастық басым қоғамдарда ғана пайда болуы мүмкін.
“Біріншісі тек жеке-даралық тұлға ұжымға енген жағдайда ғана ықтимал; екіншісі егер әрбір адам өзінің әрекет ету саласы болған жағдайда ғана, яғни тұлға болғанда ғана мүмкін. Сонымен, ұжымдық санада өзі реттей алмайтын арнайы функциялар орнығуы үшін, ол жеке-даралық сананың бір бөлігін ашық күйінде қалдыруы тиіс. Және де бұл сала ауқымдырақ болған сайын, осы ынымақтастықтан келіп шығатын байланыс күштірек болады.
Шынайы өмір сүретін қоғамдардағы ынтымақтастық сипатын анықтауға талпына отырып, біз бұл арада жетілген типтерді қарастырғанымызды ұмытпауымыз қажет. Ынтымақтастықтың екі типін ажырату мен олардың даму деңгейі бойынша әр түрлі қоғамдарда басым болатындығы туралы тұжырымның нанымдылығына қарамастан, бұл сараланудың едәуір дәрежеде сараптамалық сипаты бар. Әрине, қазіргі заманға индустриалды дамыған қоғамдарда да механикалық ынтымақтастық көрінісі жиі ұшырасады: дәл осы ынымақтастық, мысалы, отбасылық және туысқандық байланыстар негізінде жатыр. Ұлттық, діни және тіпті саяси-партиялық қатынастар да “біздікі - бөтен” типіндегі байланысқа негізделгендіктен көп жағынан келгенде механикалық ынтымақтастық көрінісі болып табылады. Соған қарамастан, қандай да бір ынтымақтастықтың басымдылығы, доминанттығы туралы тезис өзінің теориялық күшін жоймайды.
Әлеуметтік байланыстың, оның сипаты мен түрлерінің сараптамасына Дюркгеймнің атақты еңбектерінің бірі “Өзін-өзі өлтіру” арналған. Бұл кітап ортақ қағида бойынша классикалық социологиялық еңбек ретінде қарастырылады. Бұл еңбегінде Дюркгейм өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік себептеріне назар аударады. Өзін-өзі өлтіруді тек адамдар ғана іске асыруға қабілетті, бірегей жеке-дара актілердің бірі болғандықтан бұл ерекше қасіретті жағдай. Бұған қарамастан Дюркгейм мол әлеуметтік деректерге сүйене отырып, өзін-өзі өлтіру ықтималдығын анықтауда әлеуметтік негіздеудің шешуші маңызы бар екендігін көрсетті. Сондықтан да ең бірегей жеке-дара оқиға ұжымдық және жоғарғы абстрактілі факторлармен байланысқан болып шығады. Бұл кітаптың бірінші ең үлкен тарауында қайсы бір қоғамдағы өзін-өзі өлтіру статистикасының өзгеруіне ықпал ете алатын әлеуметтіктен тыс сипаттағы факторлар қарастырылады: психопатиялық күй; нәсілдік және тұқым қуалаушылық ерекшеліктер; климаттық ортаның маусымдық өзгерістері; еліктеу механизмдері. Кең ауқымды статистикалық сараптамаға сүйене отырып, Дюркгейм бұл тараудың әрбір бөлімін мынадай тұжырыммен аяқтайды: олардың бірде бірі өзін-өзі өлтіру пайызын жеткілікті түрде түсіндіре алмайды. Бірінші тараудың түйіні мынаған келіп саяды: “...әрбір әлеуметтік топтың өзіне ғана тән өзін-өзі өлтіруінің ерекшелік бейімділігі болады, ол не индивидтің физикалық-органикалық құрылысымен немесе оларды қоршаған ортаның физикалық табиғатымен түсіндірілмейді. Осыдан келіп жоққа шығару принципі бойынша бұл бейімділік әлеуметтік себептерге байланысты болып, ұжымдық құбылыс ретінде көрінуі тиіс”, демек тек социология ғылымы ғана өзін-өзі өлтірудің себептерін қанағаттанарлық деңгейде түсіндіре алады.
Статистикалық мәліметтерді сараптай келе, Дюркгейм бірқатар заңдылықтарға оқырмандардың көңілін аудартады: қалаларда өзін-өзі өлтірудің үлес салмағы ауылдық жерлердегіге қарағанда неғұрлым жоғары; өзін-өзі өлтіру деңгейі католиктермен салыстырғанда протестанттарда басым; отбасы адамдарға қарағанда бойдақтар өзін-өзі өлтіруге бейім тұрады және де бұл процент ажырасқандар арасында көп; әйелдер ер адамдармен салыстырғанда өз-өзіне сирек қол жұмсайды; өзін-өзі өлтіру соғыстар кезінде едәуір азаяды ұлттық көлемдегі апат жағдайында мүлдем болмайды. Мұның бәрі қандай да бір әлеуметтік қауымдастықта азды-көпті деңгейдегі жаппай құбылыс ретінде өзін-өзі өлтірудің негізгі факторы әлеуметтік байланыстың күші мен сипаты екендігін көрсетеді. Индивидтің әлеуметтік байланысының әлсіреуі және тіпті оның одан әрі өмір сүруінің мақсатсыздығы туралы қорытындыға келуіне және өмірден кету туралы шешім қабылдауына алып келуі мүмкін. “Егер адамды өмірмен жалғастыратын дәнекерлер үзілсе, онда мұның себебі оның қоғаммен байланысының әлсіреуінде”. Алайда кейбір индивидтердің белгілі бір жағдайларда өмірден кету туралы шешім қабылдауына әлеуметтік байланыстың шамадан тыс күшеюі де итермелеуі мүмкін. Осыған сәйкес Дюркгейм өзін-өзі өлтірудің жеке типологиясын жасады.
Эгоистік өзін-өзі өлтіру. Қандай да бір діни сенім үстемдігінің өзін-өзі өлтіру статистикасына қалайша әсер ете алатындығын түсінуге ұмтылып, Дюркгейм протестантизмге көбіне көп еркін ойлау тән, сондықтан да бұл жердегі сенушінің шіркеумен және өзінің қауымымен байланысы, христиандықтың басқа тармақтарымен салыстырғанда неғұрлым әлсіз деген қорытындыға келеді. Ал “дінге сенушілер тобында жеке пайымдаулар күштірек болған сайын, оның адамдар өмірінде алатын орны төменірек және бірлігі мен өміршеңдігі де әлсіздеу. Сондықтан да “өзін-өзі өлтіру саласында протестантизмнің көш басында болу себебі, бұл шіркеудің католик шіркеуіне қарағанда тұтастығы төмендігінде.
Қалалық және ауылдық жерлердегі өзін-өзі өлтіру коэффициенттері айырмашылығының әлеуметтік механизмдері шамамен мынадай: біріншісінде адамдар айтарлықтай деңгейде оқшауланған және олар өз бетінше жүреді, ал ауыл тұрғындары арасындағы әлеуметтік байланыс мықты болумен қатар (олардың дәстүрлі сипатына байланысты) тура және ашық көрінеді. Бойдақтар (және әсіресе ажырасқандар мен жесір қалғандар) арасындағы суицид үрдісінің күшею себептері мынада: некелеспегендерге қарағанда ерлі-зайыптылар арасындағы дәнекерлік және моральдік ұйым жақсырақ”.
Бұл тектес өзін-өзі өлтірудің бірқатар нұсқаларын талдау нәтижесінде Дюркгейм өзімшіл суицидтік типке мынадай анықтама береді: “Шектен шыққан дарашылдық өзін-өзі өлтіруге итермелеуші себептердің әрекетіне жағдай жасай отырып, өзі де осы тектес себептің бірі деп есептелуі мүмкін. Ол адамдардың өзін-өзі өлтіруге ұмтылысын тежейтін кедергілерді жойып қана қоймай, өзі де осы ұмтылысты өршітіп, өзін-өзі өлтірудің арнайы түріне орын береді”.
Альтруистік өзін-өзі өлтіру. Дюркгейм сондай-ақ “эндемикалық” деп атайтын өзін-өзі өлтірудің бұл типі жоғарыда қарастырылғанға мүлдем қарама-қайшы және ол “жұртшылық дарашылдықты толығымен, түгелдей жұтып қойғанда іске асады” деп көрсетеді. Өзін-өзі өлтірудің бұл түріне, көбінесе, кейбір халықтардың тарихтан белгілі қарт адамдардың “өмір сүру қиындап кеткен кезде” өзін-өзі өлтіру салты немесе индуизмде қабылданғандай жесір әйелдің күйеуін жерлеу кезіндегі өзін-өзі өртеуін жатқызуға болады. Дюркгеймнің ойынша, альтруистік суицид, яғни топтық мүдде үшін өзін-өзі өлтіру, күшті топтық қысым мен әлеуметтік қолдаудың нәтижесінде болады.
Сонымен бірге адамдардың өз өмірін құрбан етуінің бірқатар себептері бар, ол әдетте қоғам игілігі үшін немесе белгілі бір жағдайларда - қалыптасқан салт-дәстүр бойынша болады. Дюркгеймнің тұжырымдауынша, “қоғам әлеуметтік мүдде негізінде осы тектес өзін-өзі құрбан етуді талап етеді”. Азаматтық тұлғалармен салыстырғанда әскери адамдар жиірек іске асыратын суицид жағдайларын қарастыра келе және бұл топ өзін-өзі өлтіруге ерекше түрде бейім деп есептей отырып, Дюркгейм мұның өзі альтруистік өзін-өзі өлтірудің бір түрі деген қорытындыға келеді. Оның пікірі бойынша мұның басты себебі, “әскери мансап адамның бойында өмірмен қоштасуға итермелейтін жан азабын өршітеді”.
Альтруистік өзін-өзі өлтірудің жалпы қасиеті оның эгоистікке тікелей қарама-қайшы болуында және “индивидуализмнің жеткіліксіз дамуы: ол әдетте борыш үшін жүзеге асырылады”.
Аномиялық өзін-өзі өлтіру. Бұл тип әлеуметтік байланысты қоғам тарапынан реттеу сипатымен ұштасады. Аномия - “әлеуметтік өзара әрекеттестікті басқаратын нормалардың жарылысымен сипатталатын әлеуметтік жағдай” немесе “қоғам мүшелерінің едәуір билігі міндеттеуші нормалардың бар екенін біле тұра оларға жағымсыз немесе бей-жай түрде қарайтындай күйі”. Мұндай жағдай, қоғам мүшелері бұрынғы нормаларға еті үйреніп және оларды орындауға дағдыланып, жаңа нормалар қалыптасып бітпеген кезде, реформалар дәуірі мен әлеуметтік алапаттар барысында, өтпелі кезеңдерде жиі болып отырады. “Бұрынғы иерархия бұзылды, ал жаңасы лезде орныға алмайды”. Мұндай жағдайда көбісі өзін нормативті вакуумдегідей сезініп, әлеуметтік бағдарын жоғалтып алатыны түсінікті.
Дюркгейм, мысалы, экономикалық дағдарыс кезеңдерінде өзін-өзі өлтірудің өршу себептерін қарастырады. Оның пайымдауы бойынша, қоғамда өзін-өзі ұстай білуге үйретілген, өз өмірлерінің жағдайларына байланысты ішкі тәртіптілігімен ерекшеленетін әлеуметтік топтар бар; бұл адамдар “жаңа қажетті құбандықтарға неғұрлым аз қысыммен төтеп бере алады” деп санайды. Сонымен бірге, өз кәсібінің түрі мен өмір сүру қалпына сәйкес мүмкіндігінше прогреске тез жетуге ұмтылатындардың өткен шақта да, болашақта да тірегі жоқ, сондықтан да олар экономикалық дағарыстың жиі құрбаны болып, өмірден өз еркімен кетеді. “Жоғары процент (1 млн-ға 720 адам) өзін-өзі өлтіруге көбінесе тағдырдың тәлкегіне ұшырамаған адамдар бейім екендігіне көз жеткізеді”.
Аномия сонымен қатар неке-отбасы қатынастарын да қозғайды. Дюркгейм Францияның, Германияның, Швейцарияның түрлі аймақтарын салыстыра отырып, ажырасу статистикасы мен өзін-өзі өлтіру статистикасы арасында тұрақты сәйкестік бар деген қорытындыға келеді. Бұл, оған отбасы шырқының бұзылуы өзін-өзі өлтіру факторларының бірі деп тұжырымдауға негіз береді.
Ғылым мен дін арасындағы қарым-қатынас осы ғылым саласы дамуының “классикалық” кезеңіндегі барлық социологтардың дерлік зерттеу тақырыптары ішінен негізгілерінің бірі болды (бұған билік етуші таптың үстемдігі мен ол құрған меншік формасын нығайта отырып, діни идеология әлеуметтік құрылымнан келіп шығады деген тұжырыммен шектелген Марксті қосуға болмайды).
ХІХ ғасырдың аяғында әлеуметтік ғылымдарда діни наным мен ғылым арасындағы ымыраға келмейтін қарама-қайшылық туралы идея күш ала бастады, оның үстіне қоғамдық прогрестің дамуына қарай екіншісі біріншінің әлеуметтік өмірдегі маңызын төмендетеп, дәйекті түрде ығыстырып шығарады. Дюркгеймге келетін болсақ, ол негізінен бұл қайшылықты мойындайды, сонымен бірге, егер қоғамның барлық мүшелерін біріктіруші қандай да бір ортақ сенім болған қоғам өз құрылымы мен оны құрайтын бөлшектер арасында жеткілікті түрде мықты байланысты сақтап қалуға болатындығына кәміл сенді.
Дюркгейм өз еңбектерінде барлық әлеуметтік институттардың функционалдық себептілігі туралы идеясын біршама дәйекті жүргізеді. Таза ұтымды тәсіл тұрғысынан келгенде қандай да бір әлеуметтік институт немесе қарапайым дәстүр, әдет-гұрып архаикалық, орынсыз, мәнсіз болып көрінуі мүмкін. Алайда, егер олар ұзақ уақыт бойы өмір сүріп келсе, демек олар белгілі бір әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталғаны және егер жойылмаған болса, онда оны жеткілікті түрде қанағаттандырып отырғаны.
Парасатты ойлау тұрғысынан келгенде сізде дінге көзқарасыңыз бойынша ұстанатын екі жеткілікті анық позициялар болуы мүмкін. Сіз Құдайға не сенесіз, не сенбейсіз. Бірінші жағдайда сіз адам санасы жетпейтін жоғары “Шындықтың” бар екенін мойындайсыз. Бұл “Шындық” социология зерттейтін тақырыптардан тыс тұрады. Екінші жағдайда Құдайға сену - бұл ұтымды дүниеде орын ала алмайтын нәрселерге қатысты жай ғана иррационалды соқыр сенім. Алайда социолог үшін дінде маңыздырағы бұл анық екі қатынастағы - не дінге сену, не оған қарсы шығудың бірде-біреуі болып табылмайды. Үшінші балама бар. Дюркгейм діннің өзіндік айқын емес теориясын жасады. Онда діннің кілті сенім емес, дінге бет бұрғандар іске асыратын әлеуметтік ритуалдар болып табылады. Дін - әлеуметтік ынтымақтастық кілті, ал діни нанымдар өзінің жеке құқығы бойынша емес, әлеуметтік топтың символы ретінде маңызды. Сондықтан да дін әлеуметтік өмірде басты рөл атқаратындарға қатысты ұтымды емес феномен мысалы ретінде маңызға ие болады.
Барлық діндерге ортақ нәрсе ие деген сұрақ қояйық. Бұл Құдайдың - Иегова және Иисус, Аллах және Мұхаммед, Кришна, Вишну, Изида немесе Зевстің қандай да бір нақты доктринасы емес. Бір ғана құдайдың болуы туралы тұжырым да міндетті емес, өйткені бірнеше құдайы бар діндер жеткілікті: зороастриттердегі - Агумаразда мен Ариманда іске асқан зұлымдық пен жақсылықтың жұбы, Олимпте жайғасқан антикалық грек және рим құдайларының пантеоны, ежелгі үнділер мен өзгелердің көптеген құдайлары. Мәселе тіпті жалпы қандай да бір құдай түсінігі туралы да емес: мәселен, буддизм кәдуілгі дін болып табылады, бірақ та оның ағартуының базалық тұжырымдамасы шүбәсіз атеистік бағытта. Сонымен бірге көптеген тайпалық діндерде де құдай жоқ, дегенмен оларда табыну объектісін құрайтын тотемдік аңдар, өсімдіктер, тастар және осы тектестер бар.
Дюркгеймнің пайымдауы бойынша барлық діндер екі ортақ белгісінің болуымен сипатталады: дінге сенушілер ұстанатын белгілі бір нанымдар және діндарлар ұжымдық түрде іске асыратын нақты жоралғылар.
Дюркгейм үшін базалық діни сенімнің мәні бүкіл әлем екі категорияға бөлінуінде: қасиетті (сакральды) және қасиетті емес (профаникалық). Кез келген нәрсе қасиетті бола алады: рухтар, көзге көрінбейтін құдайлар, нақты бір аңдар немесе терек, алтарьлар, крестер, қасиетті кітаптар. Тек инициацияны өткендер ғана айта алатын ерекше сөздер немесе тек олар ғана айта алатын әндер. Қасиеттінің ерекшелік белгісі оның аса маңыздылығы мен қауіптілігінде: сіз оған байсалдылықпен, құрметпен қарап, қажетті дайындықпен келуіңіз тиіс. Қасиетті емес заттар қалған әлемді құрайды: сіз қалаулы және пайдалы деп тапқан, нақты шындықта қарым-қатынаста болғыңыз келгеннің бәрі, қалған заттардың бәрі.
Бұл базалық діни наным: қасиетті мен қасиетті еместің дуализмы. Онымен бірге діни әрекет жасалады, дәлірек айтсақ - ритуал. Ритуал әдеттегі мінез-құлықтан мүлдем өзгеше. Көшеде серуендеу, өз жұмысын атқару, дүкенде бір нәрсені сатып алу сияқты қарапайым күнделікті әрекет және кез келген өзге нәрсе түрлі тәсілдермен іске асуы мүмкін. Сіз оны қалай жасайтындығыңызда ешқандай айырмашылық жоқ. Ритуалдар болса - қатаң белгіленген іс-әрекет. Ритуалдарда формалардың неғұрлым зор маңызы бар. Дұға оқу, гимн айту, қарапайым түрдегі құрбандық шалуды жүзеге асыру немесе би билеу, процессиядағы салтанатты шеру, идол алдында тізе бүгу немесе крест белгісі - бұларда әрекет дұрыс іске асуы тиіс. Ритуалдар - тәжірибелік іс-әрекеттің түрлі әдістерінде сияқты кезекті межеге жету құралы емес; мақсатқа жетпей тұрып, оларды қалай іске асырсаң да айырмашылық жоқ деп айта алмайсыз, өйткені ритуал формасы - оның мақсаты болып табылады. Егер ол дұрыс жасалса, онда оның мәні болғаны, ал қате іске асса түк те болмайды.
Сонымен діндер өзара байланысқан нанымдар мен ритуалдардан тұрады. Ритуалдар - адамдар қасиетті деп есептейтін заттар әлеміне кіру рәсімдері. Бұл екеуіне қарама-қайшы ұғымдар бірдей орын алған: қарапайым, жол-жорасыз әрекет - сіздің қасиетті еместер алдында өзіңізді қалай ұстайтындығыңыз. Көріп отырғанымыздай, Дюркгейм нанымдарға қарағанда ритуалдарға артықшылық береді. Белгілі бір мағынада ритуалды дұрыс іске асыру - қасиеттілікке сенуге бастама болған нәрсе.
Ендігі жерде: қалайша адамдар бұл айырмашылықты ойлап таба алды деген сұрақ туады? Неліктен жер жерде әлемді қасиетті және қасиетті емеске бөлудің әмбебап дерлік тұжырымдамасы қалыптасты? Табиғатта бұл тектес еш нәрсе жоқ. Жануарлар мұндай айырмашылықтар жасамайды. Физикалық әлемде барлығы бір деңгейде орналасқан. Неге адамдар өзін көрінбейтін рухтармен, құдайлармен, құрметтеудің білгілі бір түрін талап ететін және оған бағынбаған жағдайда қауіп тудыратын күштермен қоршалған деп ойлайды. Әлемде көптеген шын мәніндегі нақты қауіптердің бар екенін болжау қиын емес, сондықтан адамдар олармен іс жүзінде не істеу керектігіне үйреніп отырулары тиіс. Таза тәжірибелік тұрғыдан келгенде, дін әлемді галлюцинациялармен толтырады деп көрсетілуі тиіс.
Дегенмен, адамдар құдайға телитін сипаттамалардың барлығы кездесетін бір шындық бар. Бұл шындық не табиғатқа, не метафизикаға жатпайды. Бұл қоғамның өзі. Өйткені қоғам - кез келген дербес индивид немесе тіпті индивидтер тобына қарағанда неғұрлым үлкен күш. Дәл қоғамның өзі бізді бұл дүниеге алып келді және ол ғана бізді жоя алады. Біздің әрбіреуіміз онымен сансыз әдістермен байланыстымыз. Біз өзіміз ойлап таппаған құралдар мен шеберлікті пайдаланамыз, өзгелерден келген тілдерде сөйлейміз. Шын мәнінде, біздің барлық материалдық және символикалық әлеміміз қоғамнан алынған. Біз өмір сүретін институттар - біздің отбасымыз экономика, саясат және т.б. формасы, - өзгелердің жинақталған тәжірибесінен, қысқасы - қоғамнан келген. Сонымен, Құдай - қоғамның символы деп нық сеніммен айта аламыз.
Сондықтан бізден тыс қандай да бір құдіретті сезімді көз алдымызда көрінетін қарапайым физикалық шындықтың бөлігі болып табылмайтындығына қарамастан иллюзия деп есептеуге болар ма екен. Оның үстіне, бұл қандай да бір нәрсе - біздің қоғамға тәуелділік сезіміміз - бізден тыс және ішімізде бір уақытта өмір сүреді. Діндерде әрқашан бізден тыс қасиетті әлем мен біздің ішіміздегі қасиетті бір нәрсемен байланыс әрқашан көрсетіледі. Құдай бір мезгілде біздің ішімізде және бізден тыс. Христиан немесе ислам сияқты алдыңғы қатарлы діндерде, Құдайға тиісті жеке-дара жан дейтін ұғым бар. Қарадүрсін тайпалардың тотемдік діндерінде, тайпаның әрбір мүшесі тотеммен ұқсастырылғандықтан осы сарындағы байланыс орын алған. Егер де австралиялық әулеттің қасиетті жануары кенгуру болса, онда әулеттің кез келген мүшесі өзін белгілі бір деңгейде кенгурумын деп сезінеді. Және бұл сенім қандай да бір шындықпен сәйкестікте болады. Біз қоғамның бөлшектері болып табыламыз: ол біздерден құралған агрегат күйінде ғана өмір сүре алады.
Оның үстіне біздің жеке ішкі тұлғамыздың жүйесі, бізге сырттан келетін бөліктерден құралған. Біздің есіміміз, біздің өз-өзімізді ұқсастыруымыз, біздің басқа адамдармен және өзге адамдардың бізбен қалай байланысқандығының әдістерімен келіп шығады. Өзіміздің жеке есімдерімізді қолдана отырып, біз өзіміз туралы жиі ойланамыз, бірақ та бұл есімдерді өзімізге өте сирек қоямыз. Біздің өзіндік имиджіміздің терең қырлары өзге адамдармен қарым-қатынас тәжірибесінен көрінеді. Сіз өзіңізді әдемімін, қарапайыммын немесе барып тұрған жағымсызбын деп ойлайсыз ба? Сіз өзіңізді сенгіш, ықпалға берілгіш, аңғырт, мазасыз немесе жаңғалақпын деп сезінесіз бе? Өзіңізге қатысты бұл сезімдер көбіне көп басқа адамдардың сізбен қалай араласқандығына сәйкес қалыптасады. Өзіндік имидждің өзге адамдарға байланыстылығы әлеуметтік психологияда жақсы таныс. Біз өзімізге адамдардың көзімен қарауға бейімбіз. Бұл фактіні түсіндіру үшін социолог Чарльз Хортон Кули “өзін-өзі айнадан тамашалаушы” ұғымын пайдаланды.
Барлығының ішіндегі ең құндысы - біздің санамыздың өзі - әлеуметтік болып табылады. Біз сөз арқылы пайымдаймыз, алайда оларды біз ойлап тапқан жоқпыз. Бізде идеялар болмаса, онда ойламаған болар едік. Сонымен қатар, біз өзіміздің іс-әрекеттерімізде белгілі бір мұраттарды басшылыққа аламыз. Алайда не идеяны, не мұраттарды жалғыз өзіміз ойлап таппаған болар едік. Идея мен идеалдарда қандай да бір ортақ нәрсе болуы тиіс; олар дәлдіктен асып түсетін және әрбір нақты нәрсені заттардың біршама кең тобының мысалы ретінде көрсететін ұғымдар болып табылады. Дегенмен табиғат бізге ешқашан тұжырым ұсынбайды, өзімізді бөлшек ретінде сезіндіреді. Табиғатты бақылау бізге ешқашан жалпы ұғымдар бермес еді. Әрбір ағаш өз алдына ерекше және бізде ағаштың жалпы идеясы болғандықтан ғана, біз ағаштар арасындағы ұқсастықты көріп, оларды бір топтың өкілдері ретінде қарастыра аламыз.
Егер де Құдай қоғамның өкілі болып табылса, онда бұдан қоғамның әр түрлі типтерінде құдайдың әр түрлі типтері болуы тиіс екендігі келіп шығады. Дін типі мен әлеуметтік топ құрылымы арасында сәйкестік болуы тиіс. Қоғамның өзгеруіне қарай бірдей дәрежеде діндер де өзгеріп отыруы тиіс.
Адамзат тарихын құрайтын - аңшылар мен жинаушылар тайпасынан әлемдік ұлы империяларға дейінгі, қоғамның бүкіл диапазонына, өткеніне қарайтын болсақ, олардың әрбіреуі табынған құдайдың типі қоғам құрылымы мен өлшеміне сәйкес екендігін көруге болады. Құдай қоғамды тек жалпы мағынада емес, сонымен бірге бөлік ретінде де көрсетеді. Қоғамның әрбір дербес типінде өзінің жеке құдай типі болады.
Егер де Құдай қоғамның көрінісі болса, онда қоғам өлшемі ұлғайған сайын құрылымы күрделілене түседі, Құдай айбындана отырып, алшақтай береді. Оған қоса, Дюркгеймнің көрсетуі бойынша, қоғам күрделілене түскен сайын Құдай идеясының өзі абстрактілі бола береді. Еңбек бөлінісінің күрделіленуі мен тереңдеуіне байланысты қоғамның жекелеген мүшелері неғұрлым мамандандырылған өмірлік тәжірибеге ие болып, барған сайын араларындағы айырмашылық күшейе түседі. Демек, қоғамды тұтас түрінде көрсететін кез келген символдың мазмұны көмескілене беруі тиіс. Құдай австралиялық тотем секілді, нақты эмблема түрінде қабылдануы үшін алшақтай береді және тіпті гректің әйел немесе еркек құдайларының бірі іспетті тұлға ретінде қабылдау шеңберінен шығып кетеді. Діннің орасан зор әлемінде Құдай, немесе Шекті Шындық физикалық әлемнің барлық сипаттамаларының шеңберінен тыс жарияланады және сондықтан тек қана шексіз, белгісіз, мәңгі, бәріне ортақ, жоғарғы игілік сияқты абстрактілі күшейтпелі деңгейде ғана суреттеледі. Құдайды дара туған адамның бір түрі ретінде қарастыру құдайға тіл тигізу болып есептеледі.
Бұл дамуда тіпті келесі саты бар. Құдай жеткілікті түрде абстрактілі болған сайын, біртіндеп діннің барлық антропоморфиялық бөлшектері жойылады. Дюркгейм тұжырымдары бойынша, индустриалды қоғамдардағы еңбек бөлінісі ауқымының аса зор болуы соншама, тіпті Құдайдың ең ортақ идеясының өзі ауада таралып, жайылып кету үрдісі болады. Ол адамгершіліктің жалпы тұжырымдамасына айналып кетеді.
Дюркгейм өз алдына ықпалды болып қана қоймай, өте маңызды мектептің негізін салушы болды. Әдетте, Дюркгейм мектебі деп қарастырылатын бұл мектеп Франциядағы әлеуметтік ғылымдар саласында шамамен отыз жыл бойы үстемдік етті. Бұл кезеңнің өне бойында Франциядағы социология дюркгеймдік социологияны білдірді. Адамды зерттеген өзге пәндер қатарында дәл Дюркгейм студенттерінің өздері маңызды және ықпалды еңбектер жазды. Бұл әсіресе этнология (қазір ол Америкада мәдени антропология деп аталады), тарих, лингвистика, психология мен құқыққа қатысты әділ болып табылады. 30 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың бұл қауымдастығы бір-бірімен тұрақты байланыста болып, қоғамдағы оқиғалар туралы шын мәніндегі тамаша және мәні біртұтас білімдер жүйесі арқылы қозғалысқа келтіріліп отырды. Ақпараттың бұлай шоғырлануы осы күнге дейін сарқылған жоқ. Өкінішке орай Дюркгейм мектебі 1930 жылдардан аса алмады. Оның бірнеше себептері бар, мысалы, оның көптеген мүшелері еврейлер болғандықтан Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Францияны нацистер жаулап алған кезеңде көбісінің көзі жойылды. Бірақ басты себеп дюркгеймдік социология тығыз байланыста болған саяси көзқарастармен күшті бірігуінде болар. Дюркгеймнің республикалық ұстанымының рационализмі мен оптимизмі Екінші дүниежүзілік соғыс азабына төзе алмады. Франция азат етілгеннен кейін дюркгеймдік социологияның қайтып оралуы маңдайға жазылмады. Француз социологиясының басым бөлігі не марксшілдермен айналысты немесе шет елдің, әсіресе АҚШ-тың ықпалына түсті. Дегенмен, Дюркгейм мен оның мектебі атқарған жұмысы осы ғылым саласының тарихындағы ең ұлы істердің бірі болып қалады.
Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 6780;