Остеонекроз

Дерттуындататын химиялық, физикалық ықпалдардан немесе ишемияның нәтижесінде толығынан немесе жартылай жергілікті сүйек тінінің тіршілігін жоғалтуын остеонекроз дейді. Ол жарақаттың нәтижесінде немесе жарақат болмай-ақ (мәселен, кессондық ауру, иондағыш сәулелердің т.б. әсерлерінен) дамуы ықтимал. Бұл кезде қан өндіретін жасушалардың, май және сүйек жасушаларының тіршілігі жоғалады. Остеонекроздың салдары тіршілігін жоғалтқан сүйек жасушаларының аумағына байланысты болады. Шамалы остеоцитердің тіршілігін жоғалтуы сүйектің тіректік қызметінің бұзылыстарына әкелмейді. Тіршілігін жоғалтқан сүйек тіні жұқпалармен асқынбаған жағдайда асептикалық қабыну дамуы барысында сорылып кетеді де жаңа сүйекпен алмастырылады. Ал, ол жұқпалармен асқынғанда остеомиелит дамуы ықтимал.

Остеомиелит.Ірің туындататын бактериялармен (жиі стафилококктармен) жұқпалануынан дамитын сүйек тінінің тіршілігін жоғалтуын остеомиелит дейді. Бұл кезде нәруыздардың, кальций мен фосфордың алмасулары қатты бұзылады, минералдардың сүйекке енуі тежеледі. Сау сүйек ішінде сақталып қалған тіршілігін жоғалтқан сүйек тінін секвестр дейді. Ол ірің туындататын микробтармен жұпалануынан, оған нейтрофилдер шоғырланып, іріңге айналады. Ірің айналасындағы сау тіндерді ыдыратып, тері арқылы сыртқа шығуы мүмкін. Остеомиелит ұзақ өтуінен организмнің қатты уыттануы болып, нәруыздардың ыдырауы күшейеді, гипо- және диспротеинемия, гиперазотемия, метаболизмдік ацидоз дамиды, дене қызымы көтеріледі, шеткері қанда лейкоциттер қатты көбейеді.

Тіршілігін жоғалтқан жұқпаланған сүйек бөлігін хирургиялық жолмен алып тастау (секвестрэктомия делінеді) қалпына келу үрдісін сергітіп, жаңадан құрылған сүйекте минералдардың жиналуын жақсартады.

 

Келбетсіздендіретін остеодистрофия (Педжет ауруы) мезгіл-мезгіл остеокластардың белсенділігі артуымен және ол өз алдына остеобластардың әсерленуіне әкеліп жаңа сүйек тіні құрылуымен көрінетін, пайда болу себебі әлі белгісіз, дерт. Остеокластардың әсерленуінен сүйек тіні бөліктерінің кері сорылуынан терең үңгіршіктер пайда болады. Остеобластардың қатысуымен жаңадан құрылған сүйек қалай болса солай орналасуынан сүйектің бастапқы келбетін жоғалтып, кедір-бұдырланып кетеді. Бұндай сүйек жұқарып, қисаяды, бұл жаңа құрылымдар айналасындағы тіндерді қысып, ауыру сезімін туындатады және олардың қызметтерін бұзуы мүмкін. Мәселен, есту жүйкесін қысып қалудан адам саңырау болып қалады. Кейде ол ешбір әйгіленімсіз өтуі де мүмкін. Сол себепті белгілі бір жағдайларда сүйекті рентген суретке түсіргенде кездейсоқ анықталады. Бұл ауру кезінде қан сұйығында сілтілік фосфатазаның белсенділігі қатты көтеріледі, Ол дерттің жіті түрде өтуін көрсетеді. Науқастың несебінде Са2+ және НРО42- иондары, оксипролин көбейеді.

 

Жүре пайда болған остеопатияларды емдеу негіздері:

● оларды туындатқан себепкер ықпалдарына бағытталуы қажет;

● сүйек тінінің жаңадан құрылуын сергітетін дәрі-дәрмектер қолданылады. Осы мақсатта кальций тұздары (кальций глюконаты, карбонаты, лактаты, цитраты), Д-витаминінің өнімдері (дегидротахистерол, кальцитриол, холекальциферол, эргокальциферол т.б.), кальцийдің Д-витаминімен, микроэлементтермен қосылған дәрілері (вектрум кальций, витрум остеомаг, кальций+витамин Д3 витрум, кальций-Д3-никомед, натекальД3 т.б.) қолданылады. Ішетін тамақта сүт және оның өнімдері, балық өнімдері, көкөністер көп болуы қажет. Онда газдалған су, кофе, майлы және нәруыздары көп тағам, тұздалған және сүрленген тамақ шектелуі керек. Олар кальцийдің организмнен сыртқа шығарылуын көбейтеді. Тағам құрамында кальцийден басқа мырыш, барий және мыс болуы қажет. Олар көкөністерде, жеміс-жидектерде, бұршақтарда, жеміс қақтарында, балық етінде, майы аз етте көп болады;

● биофосфанаттар (фосамакс, ксидифон) сүйек тінінің кері сорылуынан сақтандырады;

● әйелдерге эстрогендер мен прогестерон тағайындау емдік әсер етеді. Оларды беруге болмайтын жағдайда кальцитонинмен емдеу қолданылады;

● қабынуға қарсы емдеу, аурыусынуды басатын дәрілер, транквилизаторлар қолдануға болады;

● гимнастикалық жаттығулар жасау, күнделікті 1,5-2 сағат далада жүру арқылы сүйектерге белгілі мөлшерде жүктеме беру қажет.

 








Дата добавления: 2015-05-08; просмотров: 1675;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.007 сек.