Тері өспелері

 

Теріде даму жолдары, құрылымы және өту қарқыны бойынша әртүрлі өспелер кездеседі. Терінің кейбір даму ақауларын шынайы қатерсіз өспелерден ажырату қиындықтарға ұшырайды. Олардың арасында өспеге ауысатын түрлері де болады. Теріге ғана тән өспелер кездеседі. Тері өспелерінің ерекшеліктері болып:

● бірден терінің әр бөліктерінде көптеп пайда болуы;

● қатерсіз және қатерлі өспелердің аралық түрлері жиі кездесуі - есептеледі; бұл кезде өспенің, жергілікті тінді бүліндіріп өсуіне қарамай, метастаза таратуы шамалы болады. Мәселен, теріде болатын базалиома және Дарье-Ферран дерматофибросаркомасы. Кейбір өспелер морфологиялық атипиясы бойынша бүгінгі күнгі жіктеулерде обыр өспесіне жатқызылғанмен олар әдетте қатерсіз түрде өтеді (мәселен, Боуэн ауруы, Кейр эритро-плазиясы).

Терінің қатерлі өспелерінің арасында обыр өспесі мен меланома жиі кездеседі. Саркома және басқа қатерлі өспелер сирек байқалады.

Тері өспелерін шыққан тін белгілеріне қарай:

● эпителийлік;

● дәнекер тіндік;

● тамырлық;

● еттік;

● шелмайлық;

● пигменттік;

● метастазалық – деп ажыратады.

Эпителийлік өспелер өсу қарқынына байланысты қатерсіз, жергілікті тінді бүліндіріп өсетін және қатерлі өспелерге бөлінеді. Шынайы қатерсіз өспелер мен эпидермистің даму ақауларын бірінен бірін ажырату қиындықтарға ұшырайды. Жиі кездесетін эпителийлік қатерсіз өспе - папиллома морфогологиялық құрылымы бойынша терінің даму ақауы мен вирустың әсерінен эпидермистің өспе тәрізді өсіп кетуінің арасында аралық орын алады.

Жергілікті тінді бүлдіріп өсетін эпителийлік өспеге базалиома (тіректік жасуша обыры) жатады. Ол барлық тері обырының 50%-н құрады және ұлғайған жаста, жиі бет терісінде пайда болады (-сурет).

- сурет. Базалиома

Базалиома жалпақ түйіндақ, түйін немесе беткейлік ойық жара, кейде түбі күңгірт-қызыл түсті терең ойық жара түрлерінде көрінеді. Жасушаларында цитоплазмасы азайып, ядросы қою боялады. Олар тері эпителийінің тіректік қабатының жасушаларына ұқсайды. Бірақ олардан арасында қалыпты жасуша аралық көпіршіктер болмауымен ерекшеленеді. Бұл өспе метастаза таратпайды.

Эпителийлік қатерлі өспелерге тері обыры жатады. Ол терінің обыралды бүліністерінен жиі дамиды. Терінің обыралды дерттеріне невустар мен меланома алды ауруларды жатқызуға болады. Пигменттік ксеродерма жиі обыр өспесіне ауысуы ықтимал.

Дәнекер тіндік қатерсіз өспелерге фиброгистиоциттік өспелер (дерматофиброма, ангиофиброма т.с.с.), қатерлі өспеге саркома жатады.

Тамырлық өспелер. Теріде тамырлық өспелердің құрылымы басқа ағзалардағы өспелердегідей болады. Қан тамырларының туа біткен даму ақауларынан дамитын қатерсіз өспесі гемангиома бала туа сала байқалады. Жүйелі ангиоматоз кезінде теріден басқа тіндерге де жайылған гемангиоматоздық бүліністер пайда болады. Жүйелі ангиоматоздың бір түрі болып Рандю-Ослер ауруы есептеледі. Дермада қылтамырлардың керілуі, эпидермисте акантоз, гиперкератоз және эпителийдің жұқару бөліктері түрлерінде теріде өспе тәрізді құрылымдар кездеседі. Оларды ангиокератома дейді. Бұндай, диаметрі 1 см-дей, түйіндер саусақтардың сыртында орнала-сады және олардың сыртқы беті сүйелге ұқсап кедір-бұдыр, түсі күрең қызыл болады.

Лимфалық тамырлардың қатерсіз өспесін лимфангиома дейді. Ол көпшілік жағдайларда бір жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Лимфангиома өспе мен лимфалық тамыр дамуы ақауларының арасында болатын құрылым. Ол шектеліп өседі және қатерлі өспеге ауыспайды. Құрылымы бойынша бұл өспелер қылтамырлық, жылауық тәрізді және каверноздық түрлерде болады. Қылтамырлық лимфангиома бет терісінде (үстіңгі ерінде және ұртта) байқалады. Сыртқы көрінісі домбық түрінде байқалады. Оны қаптаған тері өзгермейді. Айналасындағы теріге қарағанда ол серпімді болады, шекарасы айқын болмайды, диаметрі 2-3 см-ден аспайды. Микроскоппен зерттегенде қылтамырлық лимфангиома кеңіген және иректелген, эндотелий жасушаларымен қапталған, лимфалық қылтамырлардан тұрады. Өспенің стромасында фиброздық тін болады. Онда кейде лимфоидтық жасушалар жиналады.

Жылауықтық лимфангиома лимфалық түйіндер орналасқан жерлерде байқалады. Ол мойын мен қолтықта жиі орналасатын және теріге жабысып қалмайтын, ауырмайтын, үлкен көлемді құрылым. Оны қоршаған терінің түсі әдетте өзгермейді, кейде көгілдір түсті болуы мүмкін. Бұл лимфангиома, ішінде сүт тәрізді немесе сірнелі мөлдір сұйығы бар, бір ірі немесе бірнешеуі біріккен қуыстан тұрады. Ол сұйық кейде іріңдеуі мүмкін.

Каверналық лимфангиома ұстағанда жұмсақ, бүлінген бөлікшенің пішінін қатты өзгертетін, өспе түйіні. Кей жағдайларда ол теріні бүлдіріп оның бетінде диаметрі 0,5 см-дей, лимфаға толған, жұқа көпіршіктер пайда болуына әкеледі. Микроскоппен зерттегенде ол өзара байланысқан және эндотелиймен қапталған ұсақ қуыстардан тұрады. Бұл өспеде, ішінде нәруыздар мен бірен-саран қан жасушалары бар, жекелеген ірі қуыста болады.

Теріде қатерлі тамырлық өспелер өте сирек байқалады.

Еттік өспелер. Теріде тек тегіс салалы ет талшықтары болады. Сондықтан барлық еттік өспелердің құрылымы тегіс салалы ет талшықтары коллаген талшықтарымен тұтасып араласып кеткен лейомиома түрінде байқалады. Тері түгін (шашты) көтеретін, тамыр қабырғалары еттерінен, ен мен сарғынай және емшек ұшы еттерінен дамитын лейомиомалардың көптеп пайда болуы теріге ғана тән құбылыс. Бұл лейомиомалар ұстағанда ауырады. Кейде терінің лейомиомасы тінді бүлдіріп өседі және отап тастағаннан кейін қайталануы мүмкін.

Лейомиосаркома түріндегі қатерлі өспе теріде өте сирек кездеседі. Ол жарақаттан қанайды, жараға айналады, кейде көлемі ұлғайып, лимфалық түйіндерге жиі метастаза таратады.

Шелмайлық өспелер.Шелмайда өсетін кең тараған қатерсіз өспелерге липомалар жатады. Ол жұмсақ серпімді немесе шамалы тығыз түйін түрінде байқалады. Бұл түйін біртіндеп, кейде оның көлемі 10 см-ден астам болып, баяу өседі. Оның денеде көптеп өсуін липоматоз дейді.

Пигменттік өспелер.Теріде кездесетін қатерлі пигменттік өспеге меланома жатады. Ол бүлінбеген теріде пайда болған біріншілік және пигменттік невустардың орнында пайда болатын салдарлық болып ажыратылады. Көпшілік жағдайда меланома тіректік қабатта болатын меланоциттерден дамиды.

- сурет. Меланома

Метастазалық өспелер.Теріде басқа ағзаларда орналасқан қатерлі өспелердің метастазалары болуы ықтимал. Емшек, асқазан, бүйрек, өкпе, анабез т.б. ағзалардың обыр өспесі теріге жиі метастаза таратады.

 

 








Дата добавления: 2015-05-05; просмотров: 3232;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.009 сек.