Гидраденит
Гидраденит – тер бездерінің іріңді қабынуы. Дерттің пайда болу себепкер ықпалы болып стафилококктар есептелінеді. Тер бездерінің өзекше-леріне стафилококктардың өтуіне қатты терлеу, баздану және әртүрлі себептерден пайда болатын сызаттар, эндокриндік бұзылыстар, әсіресе қантты диабет, қолайлы жағдай туындатады.
Патогенезі. Стафилококктар тер бездерінің тер шығаратын өзекшелері арқылы тікелей безге өтеді. Кейде олар лимфалық тамырлармен тері астындағы шелмайға өтіп, артынан тер безіне тарайды. Соған жауап ретінде қан тамырлары кеңіп, қабырғаларының өткізгіштігі көтеріледі, эксудация және лейкоциттердің эмиграциясы, пролиферация болуынан қабынулық сіңбе қалыптасады. Қабыну ошағы іріңдеуден бездің дәнекер тіндері мен ұлпасы ыдыратылып кетеді, іріңдік пайда болады.
Гидраденит қолтықта ең жиі кездеседі. Ол кейде шапта немесе кіндік маңында және әйелдердің емшек ұшында дамуы ықтимал. Гидроаденит кезінде, диаметрі 0,5-1 см, ауыратын тығыз түйін пайда болады. Бұл түйін шелмайдың сыртқы қабатында тікелей терінің астында орналасады. Артынан түйіннің көлемі 3 см-ге дейін үлкейеді, ауыру сезімі күшейеді. Тез арада түйін жұмсарып, іріңдік қалыптасады. Ол жарылғанда іріңді жалқық бөлініп шығады. Пайда болған жара тыртықталып бітеді.
- сурет. Гидраденит
Кейде дерттік үрдіс бірнеше бездерді қамтиды. Бұл кезде қатты ауыратын кедір-бұдыр тығыз сіңбелер болуымен көрінеді (-сурет). Гидраденит лимфаденит, флегмона, сепсис дамуымен ушығуы мүмкін.
Безеу
Безеу (грек. acne) – терінің май бөліп шығаратын бездерінің қабынуы. Пайда болу себептеріне қарай қарапайым (acne vulgaris), келоидтық (acne keloidea), қызыл (acne rosacea), некроздық (acne necrotica), дәрі-дәрмектік (acne medicamentosa), кәсіби (acne professionalis) безеудің түрлерін ажыратады.
Қарапайым немесе жасөспірімдік безеу бозбалалар мен бой жеткен қыздарда жыныстық даму кезеңінде байқалады және 25-30 жасқа жеткенде жоғалады. Теріде май бездерінің қабынуынан және гиперплазиясынан олар көптеп тері майын шығарады. Бұл майдың сапалық құрамы өзгеруінен бездердің өзекшелерін бітеп қалатын тығындар қалыптасады. Анаэробты микробтар (Corynebacterium acne және Staphylococcus epidermidis) май бездерінің қабынуын туындатады. Сонымен бірге тері майының сапасы өзгерген құрамбөлшектері де безеу дамуына себепкер бола алады. Қарапайым безеу дамуында май бездерінің құрылымдық және функциялық ерекшеліктерінің, эндокриндік ауытқулардың, иммундық жүйе жеткіліксіздігінің маңызы бар. Ол беттің, арқа мен кеуденің терісінде орналасады. Өйткені оларда ең ірі май бездері болады. Безеу бөртпесі айқын қызғылтым түсті, диаметрі 5 мм-ге дейін, қабынулық түйіншек. Безеудің ортасында май шығаратын без өзегінде немесе шаш түбірі қапшығының сағасында қара нүкте пайда болады. Қабыну айқын көрінгенде түйіншектің үстінде іріңді бөртпе (пустула) қалыптасады және ол кепкеннен кейін іріңді қабыршыққа айналады. Бұндай іріңді бөртпелер көптеп кездеседі. Олар жазылғаннан кейін нәзік тыртықшалар қалады. Кейде қарапайым безеу асқынып ауыр түрлеріне ауысады.
Келлоидтық безеу ересек ер адамдарда байқалатын сирек кездесетін дерт. Оның пайда болуына әкелетін себепкер ықпалға стафилокок-ктар.жатады және даму жолдарында тері майы көптеп шығарылуы мен бактерияларға терінің сенсибилизациясы маңызды орын алады. Келлоидтық безеу шүйдеде шаштың төменгі аумақтарында шығады. Біртіндеп шаш түбірінің қапшықтарында майда, тығыз қабынулық түйіншектері пайда болып, артынан олар бірігіп кетеді. Бұл кезде шаш түбірі қапшығының айналасында лимфоидтық, плазмалық және алып жасушалардан тұратын сіңбе пайда болып, іріңді қабыну байқалады. Түйіншектер жиі келоидтық (өспе тәрізді) тыртыққа ауысады.
Қызыл безеу 30 жасқа дейін немесе одан үлкен жастағы әйелдердің бет терісінде жиі пайда болады. Дерт дербес жүйке мен қан тамырлары жүйелері құбылып тұратын, сонымен бірге ішек-қарын жолдары мен ішке сөлденіс бездерінің бұзылыстары бар адамдарда дамиды. Қабынудың мүмкін болатын себепкер ықпалы болып шаш түбірі қапшықтары мен май бездерінде өсіп-өнетін стафилококктар есептелінеді. Дерт әдетте сүлде түрде өтеді, ал көңіл-күйдің қобалжуы, қоректенудің бұзылыстары, асқын қыздырыну немесе суық тию, күн сәулесіне артық күю, жеке бастың тазалығын сақтамау кездерінде ушығып кетеді. Маңдайдың, иектің, ұрт сырты терісінде диаметрі 5-7 мм ашық қызғылтым немесе көгілдір-қызыл түсті іріңдемеген немесе іріңді бөртпелер пайда болады. Артынан бұл жерлерде телеангиэктазия дамиды. Дертке ұшыраған тері бөліктерінен май шығарылуы көбейеді. Терінің сыртқы бөліктерінде, шаш түбірі қапшықтары мен май бездерінде қан тамырлары қатты кеңейіп кетеді, лимфоидтық-гистиоциттік жасушалардың және нейтрофилдердің қабыну ошағына сіңбеленуі болады, артынан іріңдік және дерт ошағының айналасында фиброз дамиды.
Некроздық безеу сирек кездесетін ересек адамдардың дерті. Оның пайда болу себептері әлі анықталмаған. Жорамал бойынша стафилококктардың және зат алмасуларының бұзылыстары маңызды. Шаш түбірі қапшықтарының айналасында қызғылтым немесе қызыл-күрең түйіндер пайда болады, олардың ортаңғы бөліктерінде іріңді бөртпеге ұқсаған некроздық ошақ байқалады. Бұл ошақ біртіндеп кеуіп қара қанды қабыршыққа айналады. Қабыршық сыдырылып түскеннен кейін, шешек дағына ұқсас, терең тыртық қалады. Әдетте бұндай түйіндер маңдайдың шаш өскен шетінде және самайда орналасады. Некроз дамуы қан қатпаларымен майда артериалық тамырлардың бітелуінен болады.
Дәрі-дәрмектік безеушаш түбірі қапшығы мен май бездеріне дәрінің тікелей немесе жанама бүліндіргіш әсерлерінен безеуге ұқсас қабынулық бөртпелердің пайда болуы. Ол жиі бром мен йодтың әсерінен, кейде глюкокортикоидтық гормондармен немесе кортикотропинмен, кортико-стероидты жақпамайлармен ұзақ емделуден байқалады. Бұл бөртпелер бетте және денеде немесе жақпамай жағылған жерлерде пайда болады. Оның даму жолдарында келтірілген дәрілерге терінің сезімталдығы көтерілуі маңызды.
Кәсіби безеу теріге тас көмір, мұнай өнімдерінің ұзақ әсер етуінен дамиды. Бұлар эпидермистің өсіп-өнуіне әкеледі, май бездерінің өзекшелерін бітеп қалады, артынан жұқпалар қосылып қабыну дамиды. Терінің қатты ластанған бөліктерінде (білекте, денеде және бетте) безеу тәрізді түйіндер қалыптасады, олар жиі шиқан шығуымен қабаттасады.
Дата добавления: 2015-05-05; просмотров: 4791;