Іш сүзегі ошағында эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру әдістемесі.
Ошақта эпидемиологиялық тексеру жүргізу алдында СЭҚБ-дағы материалдармен танысу қажет, яғни «Инфекциялы ауруларды тіркеу журналы» және бактерия тасымалдаушылардың картотекасымен танысып, бұған дейін іш сүзегі, парасүзектер ошағы қашан, қай жерде тіркелгенін, инфекция көзі мен жұғу жолдарының байланысын, кездейсоқ сырқаттанушылық немесе эпидемиялық өршу екендігін анықтау керек.
Ошақты эпидемиологиялық тексеру барысында анықтау қажет:
1. Аурудың айналасындағы адамдар ішінде 15-25 күн аралығында қызуы көтерілгендерді анықтау, егер ондайлар болса диагноз қою үшін клиникалық және бактериологиялық әдіспен 1 рет тексеру.
2. Аурудың айналасында бұрын іш сүзегі, парасүзекпен ауырғандарды анықтау.
3. Аурудың айналасында бактерия тасымалдаушыларды табу мақсатында өт пен зәр шығару жүйесі ауыратын адамдарды тауып тексеру. Аурудың және бактерия тасымалдаушының фаготиптері бірдей сәйкес болғанда ғана байланыс бар екендігін дәлелдеуге болады.
4. Аурудың таралу жолдарын анықтау үшін су, тамақ өнімдерінен және сыртқы орта объектілерінен зертханалық тексеруге сынама алу (қоздырғыштың табылмауы материалдың тексеруге кеш алынуымен байланысты болуы мүмкін).
5. Аурудың кәсібін, жеке бас гигиенасын сақтау жағдайын анықтау.
6. Аурумен бірге үйінде, жұмыс орнында, оқу орнында бірге қатынаста болғандардың тізімін жасау, олардың ішінде су, тамақ өндірісінде, балалар мекемелерінде жұмыс істейтіндерге ерекше назар аудару.
7. Ауру адамның және онымен қатынаста болғандардың іш сүзегіне қарсы егілгендігін, егілген болса препараттың атауын, егу мерзімін, егу себебін анықтау.
8. Ошақтың санитарлық жағдайын, тазартылуын, сумен қамтамасыз ету жағдайын, шыбындардың бар -жоқтығын анықтау.
9. Ошақтың эпидемиологиялық жағдайына байланысты алдын алу, күресу шараларының жоспарын құру.
10. Ошақта қатынаста болған адамдарға іш сүзегіне қарсы бактериофаг 3 рет аралығы 5 күнде беру.
11. Егер іш сүзегімен сырқаттанушылық 100 000 халыққа 25,6 жоғары болса аймақ тұрғындарына іш сүзегіне қарсы вакцина егу.
Дата добавления: 2015-01-26; просмотров: 4618;