Ішек инфекциялары. Жалпы сипаттамасы.

Ішек инфекциялар тобына көптеген антропонозы және табиғи-антропургиялық инфекциялы аурулар кіреді, олардың қоздырғышы бактериялар мен вирустар болып табылады.

Антропонозы ішек инфекциялары: іш сүзегі, дизентерия, тағам токсикоинфекциялары, тырысқақ, ботулизм, полиомиелит, вирусты А, Е гепатиттері.

Табиғи-антропургиялық ішек инфекциялары: сальмонеллез, парасүзек В, кампилобактериоз, ішек иерсиниозы, бруцеллез, лептоспироз, листериоз.

Вирусты ішек инфекциялары: полиомиелит, вирусты А, Е гепатиттер, ротавирусты инфекция.

Бактериалды инфекциялар: іш сүзегі, дизентерия, ботулизм, тырысқақ, бруцеллез, иерсиниоздар, пастереллез, лептоспироз, листериоз.

Ішек инфекцияларының қоздырғыштары фекальді-оральді механизмімен беріледі, таралу жолдары әр түрлі. Таратушы факторларына нәжіспен ластанған тағам өнімдері, су, тұрмыста қолданатын заттар және сыртқы орта объектілері жатады. Ішек инфекцияларының өршулері жаз–күз айларында көбейеді, бұл мезгілде негізгі тағам мен су арқылы берілу жолдарының белсенділігі артады. Вирусты А мен Е гепатиттерінің күз айларында өсуі инкубациялық кезеңінің ұзақтығымен байланысты. Бруцеллез ауруында сырқаттанушылықтың артуы жануарлар арасында эпизоотиялық процеске, яғни көктем –жаз айларында өршуі ұсақ малдардың төлдеуімен, жүн қырқумен байланысты.

Эпидемиялық процестің ағымы мен көріністері әлеуметтік және табиғи факторларға тәуелді, яғни санитарлық-гигиеналық жағдайға, халықтың санитарлық сауаттылығына, өндірістік және тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты.

Ішек инфекцияларының қоздырғыштары өте төзімді болғандықтан организмнен тыс қоршаған ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті дамиды, кейде көбеюуі де мүмкін.

Ішек инфекцияларының өршуі алдында әр топта әр түрлі алғы белгілері байқалады, бұл судың санитарлық–бактериологиялық көрсеткіштерінің нашарлауы, талаптарға сай келмейтін сүт тағамдарының көбеюі, су құбыры немесе канализация жүйесінде бұзылыстардың болуы, ауруханаларда шартты-патогенді микробтардың көбеюі, бактерия тасымалдаушылардың көп анықталуы.

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің басты мақсаты қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды дер кезінде бағалау, болжам жасау және тиімді алдын алу шараларын ұйымдастыру. Антропонозды ішек инфекцияларында негізінен санитарлық-гигиеналық шараларды, зоонозды инфекцияларында санитарлық-ветеринарлық шараларды дер кезінде ұйымдастыру тиімді нәтиже береді.

Іш сүзегі

Іш сүзегіфекальді-оральді механизмімен жұғатын, су, тағам және тұрмыстық заттар арқылы таралатын, аш ішектің лимфа жүйесін зақымдап, шырышты қабықшасында жара пайда болатын, жалпы улану қайталанатын, ұзақ уақыт бактерия тасымалдаушылықты қалыптастыратын сальмонелла бактериясының (Salmonella typhi) әсерінен болатын антропонозды бактериалды инфекциялы ауру.

Қоздырғыштың эпидемиологиялық сипаттамасы.Іш сүзегінің қоздырғышы Salmonella typhi - сальмонеллалар туыстығына жататын, морфологиясы ұқсас, екі шеті дөңгелектенген, спора түзбейтін, қысқа талшықты грамтеріс таяқшалар. 3 антигендері бар: соматикалық О-антиген, вирулентті Vi және талшықты H-антиген.

Іш сүзегі таяқшалары қоршаған ортада төзімді: топырақта, суда 1-5 айға дейін, нәжістерде – 25 күнге дейін, төсек жабдықтарында-14 күнге дейін сақталады. Тамақ өнімдерінде бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін сақталады, әсіресе сүтте, ет фаршында, салаттарда, тағамдарда температура 180С жоғары болса көбеюі де мүмкін. Дезинфекциялық заттар (хлорамин) әсерінен бірнеше минуттан кейін өледі, бірақ нәжіс-хлорамин (1:1) ортасында тек 1 сағаттан кейін өледі. Өзендегі мұзда іш сүзегі қоздырғышы қыстап шығуы мүмкін. Жоғары температура әсерінен мәселен, 600 градуста – 30 минутта, 900 – 1000С градуста бірден тез өледі. Күн сәулесі, ультракүлгін сәулелері әсерінен бірнеше сағатта өледі. Іш сүзегі ауруының клиникалық ағымын Гиппократ зерттеген және «typhos»-деп атаған, «түтін», «тұман», «қызба» мағынасын білдірген. Salmonella typhi қоздырғышын 1880 жылы К.Эберт ашқан, Ф. Видаль агглютинация реакциясын енгізген.

Патогенезі және клиникасы.Іш сүзегі қоздырғыштары организмге су, тамақ өнімдерімен түседі. Лимфа түйіндерінде жиналған қоздырғыштар қанға өтеді – бактериемия кезеңі - аурудың клиникалық белгілерінің пайда болуымен сипатталады. Аурудың екінші аптасында бөртпелер пайда болады. Қанның ағымымен қоздырғыштар түрлі органдар мен ұлпаларға таралады – онда екінші ошақтар пайда болады. Эпидемиологиялық тұрғыдан екінші ошақтардың өт жүйесінде және зәр шығару жүйесінде орналасуы өте қауіпті, өйткені бактериялар нәжіспен, зәрмен үнемі шығарылып тұрады. Инкубациялық кезең 7-23 күн (орташа 14 күн)

Асқыну – ащы ішектің перфорациясы.

Клиникалық белгілері 4 кезеңге бөлінеді:

1) Бастапқы кезең - әлсіздік, беймаздану, қалтырау, дене қызуы 390-400 градусқа дейін көтеріледі.

2) Аурудың қызу кезеңі – интоксикация, розеолалы бөртпелер, галлюцинация, іштің өтуі, ішектен қан кету, ішектің жарылуы, перитонит.

3) Клиникалық белгілерінің азаюы, дене қызуының қалпына келуі.

4) Жазылу кезеңі.

Іш сүзегінен өлім жітім 0,3% құрайды.

Инфекция көзі.Іш сүзегінің инфекция көзі – науқас адам және бактерия тасымалдаушы. Созылмалы тасымалдаушылар 3 айдан астам және өмір бойы қоздырғышты бөліп шығаруы мүмкін немесе белгісі жоқ формада өтеді.

Эпидемиологиялық тұрғыдан іш сүзегінің созылмалы тасымалдаушылары, жеңіл формадағы, атиптік формадағы науқастар қауіпті, өйткені олар аурудың белгілері болмағандықтан уақтылы емделмейді, жекешеленбейді, қызметтік міндеттерін жалғастырады, тамақтану, сумен қамтамасыз ету мекемелерінен аластатылмай қалады. Ал жедел түріндегі науқастар қоздырғышты көп мөлшерде 1-5 апта ішінде бөліп шығарады, уақытылы дәрігерлік көмекке келетіндіктен ерте жекешеленіп, толық емделіп шығады.

Берілу механизмі.Іш сүзегінің берілу механизмі – фекальді-оральді механизмі.

Берілу жолдары:су жолы,тағам жолы,тұрмыстық-қатынас жолы.

Берілу факторлары: су, тағам өнімдері, тұрмыстық заттар, микробтармен ластанған кір қолдар, шыбындар. Инфекцияның берілу жолдарына және таратушы факторларға байланысты эпидемиялық процесс су типті, тамақ типті, тұрмыстық типті болып бөлінеді.

Су типті – сумен байланысты эпидемиялық процесс орталықтандырылған немесе орталықтандырылмаған су жүйелерінің бұзылыстарынан, судың нәжіспен ластануынан, судың сапасының нашарлауы мен суды қолданатын халықтың санынан байланысты. Су көздеріне, сумен қамтамасыз етуіне байланысты су құбырлық, құдықтық, бұлақтық, өзендік, арықтық өршулер кездеседі. Су құбырлық өршулер су құбырында, суды алу, тазарту жүйесінде бұзылыстар болса немесе су тарату жүйесінің тексеру құдықтары дұрыс жабылмаса, су үзіліспен берілетін болса, су жүйесінде қысым өзгеріп тұрса орын алуы мүмкін.

Сумен байланысты өршулерде сырқаттанушылық бірден күрт өседі және негізгі судың ластану себебі жойылғаннан кейін сырқаттанушылықта күрт төмендейді. Бірақ, кейбір жағдайларда тұрмыстық факторлардың қосылуынан эпидемияның жалғасуы бірнеше уақытқа созылуы мүмкін.

Құдықпен байланысты өршулерде тек құдықтың суын ішкендер ауырады, сырқаттанушылық біртіндеп өседі. Аурудың себебі: ластанған шелектер, немесе жер бетіндегі ластанған сулардың сіңіп өтуі.

Ашық сулармен байланысты өршулердің (арық, өзен сулары) ауырлығы судың ластану деңгейінен және қанша адам суды қолданатындығынан байланысты. Егер сырқаттанушылық өзен суымен байланыста болса, онда өзенге жақын аймақта тұратындар ауырады, өршулер жаз айларында көбейеді, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар ауырады.

Сумен байланысты өршулердің негізгі белгілері:

1. Науқастарда іш сүзегінің түрлі фаготиптері анықталады.

2. Көбіне орташа ауыр және жеңіл түрінде өтеді.

3. Өршу бір инкубациялық кезеңнен астам уақытта таралады.

4. Өршу алдында жедел ішек аурулары көбейеді, судың сынамасында жалпы микробтар саны мен патогенді микрофлора көбейеді.

5. Іш сүзегі бойынша қауіпті аймақтарда таралады.

6. Бір аймақтың ішінде, бір белгілі су көзімен байланысты болады.

Тағаммен байланысты өршулерде негізгі берілу факторлары: сүт және сүт өнімдері, қаймақ, ірімшік, балмұздақ, ет өнімдері, фарш, балық, жеміс-жидек, салаттар.

Тағаммен байланысты өршулердің белгілері:

1. Науқастардан іш сүзегінің бір фаготиптері анықталады.

2. Ауыр және орташа ауыр түрінде өтеді.

3. Ауру бір инкубациялық кезең ішінде таралады.

4. Бір тағаммен байланысты болады.

5. Тағамдарда қоздырғыштар көбейеді.

6. Сүтпен байланысты өршулерде көбіне балалар ауырады, өйткені олар сүтті және сүт тағамдарын жиі қолданады.

Тағамдар шыбындар және кір қолдар арқылы да ластануы мүмкін, мұндай сырқаттанушылық көбіне жаз айларында жиі кездеседі.

Іш сүзегінің таралуы тұрмыстық заттармен байланысты болса сырқаттанушылық кездейсоқ түрінде немесе тұрмыстық жағдайы нашар жанұялық ошақ түрінде таралады. Таратушы фактор ретінде ластанған ойыншық, ыдыстар, асхана заттары, есік тұтқалары, төсек жабдықтары болуы мүмкін. Іш сүзегінің шыбындар арқылы таралуы санитарлық жағдайдың нашарлауы, тұрғылықты аймақты тазарту деңгейіне байланысты.

Эпидемиологиялық ерекшеліктері.Іш сүзегі барлық жерлерде таралған ауру, сырқаттанушылық деңгейі түрлі елдерде әр түрлі және халықтың санитарлық, әлеуметтік жағдайымен тығыз байланысты. Жаз, күз айларында сырқаттанушылық күрт көбееді. Барлық жастағылар бірдей ауырады, бірақ балалар, жасөспірімдер, жастар арасында жиі кездеседі.

Қауіп-қатер топтар:

1. Ашық су көздерінде шомылатын балалар және жасөспірімдер.

2. Іш сүзегі бойынша эндемикалық елдерге баратын адамдар (Африка, Азия және Латын Америка).

Диагностикасы:1. Клиникалық белгілері мен эпидемиологиялық анамнез.

2. Бактериологиялық әдіс: нәжіс, несеп, өт, қанды тексеру.

3. Серологиялық әдіс: Видаль реакциясы, ГАТР, ИФА, РИФ.








Дата добавления: 2015-01-26; просмотров: 24389;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.016 сек.