Шигеллез

Шигеллез –фекальді-оральді механизмімен жұғатын, су, тағам және тұрмыстық заттар арқылы таралатын, көбіне ток ішектің шырышты қабықшасын зақымдайтын, шигелла текті микробтары әсерінен туындайтын антропонозды жедел ішек инфекциялы ауруы.

Клиникалық түрде ауру интоксикация, іштің бұрап ауыруы, қан аралас іш өту белгілерінің болуымен сипатталады.

Дизентерия терминін Гиппократ енгізген («dis» - бұзылыс, «enteron» - ішек).

Дизентерия микробтарын 1891 жылы А.В.Григорьев және 1898 жылы жапон ғалымы К.Шига ашқан.

ДДҰ мәліметтерінде сәйкес жылына дизентерия ауруынан 1 миллионға жуық аурулар қайтыс болады. Жедел ішек инфекциялары арасында дизентерия сырқаттанушылықтың 54-75% құрайды. Дизентериямен сырқаттанушылық дамып келе жеткен елдерде өте көп таралған.

Қазақстанда барлық инфекциялы аурулар ішінде жедел ішек инфекциялары 80% құрайды. Жедел ішек инфекциялары ішінде шигеллездер 30% құрайды. Жедел ішек инфекцияларымен сырқаттанушылық әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Павлодар облыстарында көптен таралған.

Дизентерия ауруының әлі де көптеп таралуының себептері:

.сүт тағамдарының, ауыз суының, көпшілік тамақтандыру

мекемелерінің тағамдарының қоздырғыштармен ластануы;

. тамақ өндірісінде санитарлық-техникалық, технологиялық,

санитарлық-эпидемияға қарсы ережелердің бұзылуы;

. диагностикалық қателіктер;

. аурулардың дәрігерлік көмекке кеш келуі;

. нашар тамақтану, иммунитет жетіспеушілік;

. санитарлық ағарту, гигиеналық тәрбиелеу жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілуі.

Этиологиясы. Қоздырғышы Shigella - дизентерия микробтары, Enterobacteriaceae тобына жатады. Негізгі 4 түрі жиі тіркеледі: Григорьев – Шиго, Флекснер, Зонне және Щмиц-Штуцер шигеллалары. Дизентерия микробтарының морфологиялық қасиеттері ұқсас, грамтеріс таяқшалар, қоректі орталарда жақсы өседі. Микроб жасушаларының ыдырауы барысында эндотоксин бөліп шығарады, Григорьев–Шиго шигелласы эндо- және экзотоксин бөледі. Эндотоксиндердің әсерінен организмде жалпы улану белгілері пайда болады.

Шигеллалар нәжісте 2-35 күнге дейін, топырақта – 10- 62 күн сақталады (топырақтың түріне, температурасына байланысты). Өзен суларында 12-92 күн, заттардың бетінде – 20 күн, сүтте – 12 күн, нан, жеміс-жидектерде 11 күнге дейін сақталады. Shigella sonnei тағамдарда сақталып қана қоймай көбеюі де мүмкін.

ХХ ғасырдың басында көбіне Григорьев –Шиго шигелласы таралған (дизентерия 1, бірінші серовар). Бұл шигеллалардың сыртқы ортада төзімділігі төмен, бірақ барлық дизентерия микробтары арасында аса патогенді. Санитарлық-гигиеналық жағдайдың нашарлығына байланысты Григорьев Шиго дизентериясы көптеп таралған.

1940 жылдары (соғыс, ашаршылық, кедейшілік) Flexner түрі көптеп таралған – патогенділігі төмендеу, бірақ сыртқы ортада төзімді - топырақта қыста 4-5 айға дейін, суда – 3 айға дейін сақталады. Бұл дизентерия көбіне су арқылы берілген.

1950-1980 жылдары елді мекендердің сумен қамтамасыз ету мәселелерінің шешілуімен, сумен байланысты Flexner дизентериясының саны төмендеген. Бірақ оның орнына Sonnei шигеллалары келген, сыртқы ортада өте төзімді және тағамдарда көбеюге қабілетті. Бұл дизентерияның өсуінің негізгі себебі - көпшілік тамақтандыру мекемелерінің көбеюі және көбейген қала халқының асханаларында, буфеттерде жиі тамақтануы.

Инфекция көзі жедел, созылмалы түріндегі аурулар және бактерия тасымалдаушылар. Инфекция көзі ретінде жедел түріндегі аурулардың эпидемиологиялық маңызы өте үлкен, өйткені аурудың барлық кезеңдерінде қоздырғыш көп мөлшерде нәжіспен шығарылады. Неғұрлым аурудың іші жиі өтетін болса, соншалықты көп мөлшерде қоздырғыш нәжіспен шығарылады. Жеңіл түріндегі науқас қоздырғышты аздау шығарғанымен, аурудың белгілері болмағандықтан қарым-қатынастарын, жұмысын жалғастыра береді, дәрігерлік көмекке кеш барады, уақтылы емделмейді. Дер кезінде анықталмаған аурулардың эпидемиологиялық маңыздылығы өте үлкен, олар жанұяда, ұжымда, әсіресе балалар, тағам өндіру, сумен қамтамасыз ету мекемелерінде жұмыстарын жалғастырып белсенді түрде инфекция таратушы болады.

Берілу механизмі -фекальді-оральді механизм. Берілу жолдары: тұрмыстық-қатынас жолы, су жолы, тағам жолы.

Дизентерияны «кір қол» ауруы деп атайды. Көбіне инфекция кір қол және нәжіспен ластанған тұрмыста қолданатын заттар арқылы жиі таралады. Балалар мекемелерінде санитарлық, эпидемияға қарсы ережелердің сақталмауынан дизентерия ауруы горшоктар, ойыншықтар, ыдыстар, төсек жабдықтары, шыбындар, кір қол арқылы таралуы мүмкін.

Тағам арқылы көбіне Зонне дизентериясы таралады. Инфекция таратушы факторлар: сүт, балмұздақ, қаймақ, сары май. Көпшілік тамақтандыру мекемелерінде салаттар, винегреттер, компот, кисель, ет өнімдері, фарш, балық арқылы таралады. Тағам өнімдерінде қоздырғыштар көбеюі де мүмкін. Тағаммен байланысты өршулер өте ауыр түрде өтеді, клиникалық белгілері тамақпен улану белгілеріне ұқсас болады.

Су арқылы Флекснер дизентериясы таралады. Ашық су қоймаларының суы жаңбыр, еріген қардың суымен, тазаланбаған тұрмыстық қалдық суларымен және кір жуылған суларымен немесе шомылу кезінде ластанады. Сумен байланысты өршулер бір белгілі су көзімен қатысты болады, тек ластанған суды ішкендер ауырады, Инкубациялық кезеңі ұзақтау, клиникалық белгілері орташа ауыр түрде болады.

Қабылдағыштық және иммунитет.Дизентериямен барлық адамдар ауырады (60%). Аурудан кейін тұрақсыз, ұзаққа созылмайтын (14-12 ай) түрлік, типтік арнайы иммунитет пайда болады. Дизентерия қоздырғыштарының антигендік варианттары көп болғандықтан иммунитет тұрақсыз, қайта ауру реинфекциясы, суперинфекция түрінде өтеді.Инкубациялық кезеңі 1 күннен 5 күнге дейін.

Диагностикалық әдістері:

1. Бактериологиялық әдіс: нәжісті тексеру

2. Серологиялық әдіс: ГАТР - диагностикалық титр 1:200, аурудың барысында бірнеше рет жасалады.

3. Экспресс – диагностика, эпидемиологиялық өршу кезінде қолданылады: ИФА, ИФР, иммуносорбция.

4. Копрологиялық зерттеу (шырыш, лейкоциттер, эритроцидтер,

эпителий торшалары).

Дизентерия диагнозы аурудың клиникалық белгілері, зертханалық тексеру мәліметтері және эпидемиологиялық анамнез негізінде қойылады.

Бір реттік зертханалық тексеру жүргізу қажет:

1. Емдеу – алдын алу ұйымдарына қаралған кезде жедел ішек

инфекциясымен ауырғандар және ауруға күдіктілер;

2. Декреттелген контингент қатары ішінен ішек инфекциясымен ауыратын науқаспен қатынаста болатын адам;

3. Емделуге түскен психиатриялық аурулар ауруханасының емделушісі;

4. Мектеп-интернат, балалар үйі мен нәрестелер үйіне алынатын балалар;

5. Қарттар үйіне алынатын жасы ұлғайған адамдар;

6. Ішек инфекциясынан жазылған реконвалесценттер.

Алдын-алу шаралары. «Жедел ішек инфекциялы аурулары жөніндегі санитарлық – індетке қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу» санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормаларына сәйкес жүргізіледі. (№2 кесінді)

Инфекция көзіне бағытталған шаралар. Жедел ішек инфекцияларымен ауырған науқастарды ауруханаға жатқызу клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша жүргізіледі.

Жедел ішек инфекциясы науқастарын ауруханаға жатқызудың клиникалық көрсеткіштері:

  1. 2 айлыққа дейінгі балалардағы аурудың барлық түрі;
  2. Баланың жасына қарамастан қатты сусыздандыратын ауру түрлері;
  3. Қосымша патологиясы, созылмалы аурудың түрі;
  4. Әртүрлі деңгейдегі қатты созылмалы іш өту;
  5. Дизентерияның созылмалы түрлері.

Жедел ішек инфекциясы науқастарын ауруханаға жатқызудың эпидемиологиялық көрсеткіштері:

  1. Науқастың тұрғылықты жері бойынша қажетті эпидемияға қарсы тәртіпті сақтау мүмкіндігі болмағанда (әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жатақхана, казармалар, коммуналдық пәтерлер);
  2. Емдеу, алдын алу ұйымдарындағы, мектеп-интернаттардағы, балалар үйіндегі, нәрестелер үйіндегі, санаториялардағы, қарттар және мүгедектер үйіндегі, жазғы сауықтыру мекемелеріндегі, демалыс үйіндегі ауру жағдайлары;

Реконвалесценттерді ауруханадан шығару толық клиникалық сауыққаннан кейін жүргізіледі, амбулаториялық жағдайда ауруханадан шыққаннан кейін, бірақ антибиотикпен емдеуді тоқтатқаннан 2 күннен соң 1 рет нәжісті бактериологиялық тексеру жүргізіледі.

Жедел ішек инфекцияларымен бұрын ауырғандарды диспансерлеу.Жедел дизентериядан сауыққаннан кейін диспансерлік бақылауға жатады:

  1. Қоғамдық тамақтану және азық-түлік саудасы, тағам өнеркәсіп объектілерінің қызметкерлері;
  2. Балалар үйінің, нәрестелер үйінің, мектеп интернаттарының балалары;
  3. Психоневрологиялық диспансерлер үйінің, балалар үйінің, нәрестелер үйінің, қарттар және мүгедектер үйлерінің қызметкерлері.

Диспансерлік бақылау соңында 1 айдың ішінде 1 рет нәжісті міндетті түрде бактериологиялық зерттеу жүргізіледі. Ауру қайталанған жағдайда немесе зертханалық тексеріс қорытындысы оң болғанда қайта емделуі тиіс: емдеу аяқталғаннан кейін 3 ай бойы, ай сайын зертханалық тексеріс жүргізу қажет. Бактериятасымалдаушылық 3 айдан асқан адамдар дизентерияның созылмалы түрімен ауыратындар ретінде емделеді.

«Декреттелген контингент» клиникалық, бактериологиялық тексерулер теріс болып толық сауыққан соң ғана мамандығы бойынша жұмысқа рұқсат етілуі тиіс, дизентерияның созылмалы түрі қоғамдық тамақтануымен байланысы жоқ жұмыстарға ауыстырылады.

Дизентерияның созылмалы түрімен ауыратын адамдар диспансерлік бақылауда 1 жыл бойы тұрады. Бұл адамдарға бактериологиялық тексеру және дәрігерлік қарауды ай сайын дәрігер-инфекционист жүргізеді.

Таралу жолдарына бағытталған шаралар.Дизентерия ауруының таралу жолдарына бағытталған шаралар үнемі жүргізілуі тиіс және оған жатады:

· Сумен қамтамасыз ету мекемелерінде технологиялық, санитарлық, эпидемияға қарсы тәртіптің сақталуын қадағалау.

· Тағам өнімдерін тасымалдау, қабылдау, сақтау, дайындау, тарату ережелерінің сақталуын қадағалау.

· Тағам өндіру мекемелерін, көпшілік тамақтандыру мекемелерін санитарлық қадағалау.

· Балалар мекемелерінде санитарлық-эпидемияға қарсы тәртіптің сақталуын қадағалау.

Дизентерия ошақтарда эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі:

  1. Қоғамдық тамақтану және азық-түлік саудасы, сумен қамтамасыз ету объектілерінің, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлері, азық-түліктер өндіру, сақтау және сатумен байланысты кәсіпкерлік жұмыспен айналысатын жеке тұлғалар жедел ішек инфекциялармен ауырған кезде;
  2. Мектепке дейінгі балалар ұйымына, балалар үйіне, мектеп интернатына баратын балалар ауырған кезде;
  3. Психоневрологиялық ауруханалардың, балалар үйінің, нәрестелер үйінің, қарттар үйінің қызметкерлері ауырған кезде;
  4. Бір аурудың дамуының инкубациялық кезеңінде 3 және одан да көп адамның науқастану жағдайы тіркелген инфекция ошақтарындағы адамдар;

Ошақтарды эпидемиологиялық тексеру кезінде тағам азық-түлігінің, судың, жұғындылардың сынамалары зертханалық тексеру үшін алынады.

Ауруды ауруханаға жатқызғаннан кейін ошақта дез.станция қызметкерлерінің күшімен қорытынды дезинфекция жасалады. Ауру үйінде қалдырылса ошақта ағымды дезинфекцияны медицина қызметкерлерінің нұсқауымен жанұя мүшелері жасайды, дезинфекция шараларының орындалуын қадағалау қажет.

Ошақта аурумен қатынаста болғандарға медициналық бақылау – 7 күн (термометрия, нәжісті бактериологиялық тексеру), тағам өндірісінде жұмыс істейтіндерді міндетті түрде 1 рет бактериологиялық тексеру.

Балалар мекемелерінде ауру анықталса топтың барлық балалары, тәрбиешілері 1 рет бактериологиялық әдіспен тексеріледі. Түрлі топтарда анықталса қосымша тамақ дайындайтын қызметкерлерін де тексеру қажет. Карантин кезінде жаңадан балаларды қабылдауға, басқа топқа ауыстыруға тиым салынады, эпидемияға қарсы тәртіп күшейтіледі. Медициналық бақылау барысында күнделікті дене қызуын өлшеу, нәжісін тексеру қажет.

Ауруханаішілік ауруларды алдын алу мақсатында санитарлық эпидемиологиялық қадағалау органдары психоневрологиялық диспансер, балалар үйінде, нәрестелер үйінде, қарттар және мүгедектер үйінде, балалар ауруханаларында санитарлық, індетке қарсы тәртіптің орындалуына қадағалау жүргізіледі. Дизентерия ошағында індетке қарсы шараларды ұйымдастыру әдістемесі. Дизентерия ошағында эпидемиологиялық тексеру жүргізу алдында эпидемиологиялық бөлімдегі №60 үлгідегі «Инфекциялы ауруларды тіркеу» журналын, аймақтық емхана, бала бақшалардың картотекасын талдап, аурудың айналасында соңғы кезде тіркелген дизентерия ауруларын анықтау қажет. Эпидемиологиялық тексеру барысында аурудың үйін тексеріп қана қоймай, ауруханаға барып, аурумен немесе оның ата-анасымен сөйлесу, қажет болса бала бақшаны, жұмыс орнын тексеріп, туыстарынан, көршілерінен де мәлімет жинап, сұрастыру керек.

Аурудың таралу жолдарын анықтау үшін соңғы 5-7 күн аралығында қандай суды қолданғандығы (қайнаған,қайнамаған,су көзі), суда шомылғандығы (қайда, қашан,кімдермен бірге) анықталады. Ауырғанға дейін не жеді,қайда тамақтанды, үйде немесе асханада,егер асханада тамақтанса,оның мекен жайы,санитарлық жағдайы,тағам өнімдерінің сақталу, дайындалу, таратылу жағдайы толық зерттеледі. Судың,тамақ өнімдерінің сынамасын бактериологиялық тексеруге алу керек.

Жиналған мәліметтерді талдау кезінде, патогенді микробтармен ластанған тағамдардың органолептикалық қасиеттері бұзылмауы да мүмкіндігін, керісінше, бұзылған тағамдарда (ашыған) микробтардың болмауы да мүмкін екендігін ескеру қажет. Тексеру кезінде табылған шигеллалар ғана диагнозды дәлдеуге көмек береді. (№2 кесінді)

 








Дата добавления: 2015-01-26; просмотров: 12877;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.013 сек.