Ресми ісқағаздары терминдерін қалыптастырудағы аударманың ықпалы
Қазақ ісқағаздары терминдерін жасау, қалыптастыру, жүйелеу, реттеу жұмыстарын дұрыс жолға қою, жалпы даму бағытын белгілеу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Соңғы он-он бес жыл көлемінде термин мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, тілші-ғалымдардың, ісқағаздарын жүргізушілердің, аудармашылардың, жалпы көпшіліктің жаппай пікір білдіріп ат салысып жатқандығына қарамастан, қазақ ісқағаздары терминдерін қалыптастырудың өзіндік проблемалары аз емес. Қазақ ісқағаздары терминдерін қалыптастыру үшін термин шығармашылығында іске қосылатын амал-тәсілдер мен пайдаланылатын ішкі мүмкіншіліктерді айқындап, өзіндік ерекшеліктерін көрсетудің маңызы ерекше. «Термин ең алдымен белгілі ғылым саласының ұғымдар жүйесінен туындайды. Ол осы құбылысты таңбалау үшін құрастырылған немесе сол жағдай үшін арнайы ойлап табылған шартты белгілер емес. Олар тілде бұрыннан бар белгілі бір мағынаға ие сөздер мен түбірлер негізінде пайда болады», - деп жазады Ө.Айтбаев «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты еңбегінде [67, 10-б.]. Ғалым өз еңбегінде терминнің басты белгілері дәлдік, қысқалық және жүйелілік екендігін атап көрсете отырып, қысқа әрі ыңғайлы термин жасау үшін түркологияда, жалпы тіл білімінде қолданылып жүрген негізгі әдістерге тоқталады. Олардың негізгілері: термин құрауға қатыстырылатын кейбір элементтерді қысқарту, термин құрамының қайсыбірін басқа элементтермен алмастыру, термин құрамындағы жеке сөздерді қосымшалармен алмастыру, бір синтаксистік конструкцияны екіншісімен ауыстыру.
Қазақ халқы өз даму тарихының әр кезеңінде түрлі елдермен араласып, әртүрлі қарым-қатынас жасағаны белгілі. Бұл қарым-қатынас нәтижесінде қазақ тілінің сөздік құрамында бірқатар кірме сөздер пайда болды. Олар негізінен VIII-XI ғасырларда ислам дінінің енгізілуімен байланысты енген араб-парсы және XVIII ғасырдан бастап Ресеймен арадағы қарым-қатынастың күшеюіне байланысты енген орыс сөздері. Араб-парсы тілінен енген сөздердің көпшілігі қазіргі кезде ана тілінің төл сөздеріндей болып, негізгі сөздік қордан түпкілікті орын теуіп отыр. Солардың бірқатары ресми-ісқағаздар тілінде қолданылатын, жалпы халыққа түсінікті бола отырып, әлеуметтік өмірдің, шаруашылық пен өндірістің түрлі саласында жұмсалатын терминдер мен терминдік сипаты бар сөздер. Олар: нарық, қарыз, емтихан, ақпар, құн, қазына, жәрдем, жарнама, хабар, куә, мөр, саясат, кеден, өкімет, өкіл, құқық, әкім, мәртебе, азамат, айып, мырза, мекеме, мағлұмат, мәжіліс, мемлекет, бұқара, салтанат, абырой, әйел т.б. Қазір қолданыста жүрген іс қағаз атауларының бірқатары араб-парсы тілінен енген сөздерден жасалған. Мысалы, арыз, есеп, ереже, үкім, өкім, шарт, кепілдеме, мәлімет т.б. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде ислам діні халық арасына кең таралып, оқу негізінен мұсылманша болғандықтан қазақ ісқағаздар тілінде араб-парсы элементтері көп қолданылды. Уақыт ілгерілеген сайын араб-парсы элементтерінің жаңасы кірмей, олар сан жағынан азая бастағаны байқалады. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде ісқағаздар тілінде қазақтың төл сөздері мен орыс тілінен енген сөздер біршама көбейе бастайды.
Қазіргі таңда белең алған бір құбылыс ісқағаздарын, олардағы терминдерді түгелдей орыс тілінен аударып алып жатырмыз. Тіпті бір сөзін, бір тіркесін мүлт жібергіміз келмейді, түгендеп отырамыз, кейде осыны қатаң ұстанамыз деп шарттылыққа, түсінбеушілікке ұрынамыз. Мысалы, орыс тіліндегі делопроизводство термині ісқағаздарын жүргізу болып қалыптасқан, соңғы кезде орыс тіліндегі нұсқасында қағаз сөзі жоқ болғандықтан оны алып тастап іс жүргізу деп айту, жазу, белең алып жүр. Негізінде іс жүргізу заң саласында қолданылатын термин ретінде қалыптасқан. Беретін мағынасы да көпшілікке түсінікті – белгілі бір қылмысты істі жүргізу. Осыған орай істі болды, ісі сотта қаралды, қылмысты іс тоқтатылды, істі жүргізу Пәленшеевке тапсырылды деген сияқты тіркестерді жиі қолданамыз. Олай болса делопроизводство терминін іс жүргізу деп алудың қанша қажеттілігі бар? Делопроизводство терминінің ісқағаздарын жүргізу деп қолданылғаны дұрыс. Себебі ісқағаздарын жүргізу термин ретінде бұрыннан қалыптасып, тілге сіңісті болған, екіншіден өз мағынасын толық, айқын бере алады, үшіншіден іс жүргізу заң термині ретінде қалыптасқан, өзінің беретін мағынасы, атқаратын қызметі, қолданылу ерекшелігі бар, төртіншіден әрқайсысының өз атауы тұрғанда екі терминді бір сөзбен беру қажеттілігі жоқ. Делопроизводство – ісқағаздарын жүргізу, деловые бумаги – іс қағаздары болып қолданылуы тиіс.
Кеңес дәуірінде басшылыққа алынып келген терминжасаудың негізгі принциптерінің біразы бүгінгі күні ескерілмей, қазақ тілінде термин қалыптастырудың ғылыми негізделген жаңа принциптері әлі қалыптаса қоймағандықтан, бүгінгі таңда қазақ терминологиясы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Осының нәтижесінде терминжасау бейберекет, бұқаралық әрекетке айналып бара жатқаны да жасырын емес. Бұған соңғы жылдары жарық көрген түрлі сөздіктерді, оқулықтарды, оқу құралдарын, ісқағаздарында қолданылып жүрген түрлі сөз қолданыстарын салыстыру арқылы көз жеткізуге болады.
Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайық толыққанды қызмет атқарып, кеңінен қолданысқа түсу деңгейі ұлттық терминологияның дамуымен тығыз байланысты екені даусыз. Қазақ ісқағаздары тіліндегі көптеген терминдер орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген. Олардың көпшілігінің қазақшаланған нұсқасы бар. Кейбірінің орыс тіліндегі нұсқасы да қазақшаланған нұсқасы да қатар қолданылып жүр. Мысалы, резолюция – бұрыштама, резюме – түйіндеме, акт-кесім т.б.
Кез келген құжаттың алғашқы, яғни негізгі нұсқасы болады. «Оригинал документа: 1. Первоначальный экземпляр документа. 2. Экземпляр документа, являющийся исходным материалом для копирования» [68, 54-б.]. Бұл негізгі нұсқа да ісқағаздарында әртүрлі жазылып жүр. Кейде оригинал күйінде, яғни орыс тілінен аударылмай сол күйінде қолданылса, кейде төлқұжат, кейде түпқұжат деп те қолданылады. Төлқұжат деген сөзді оригиналдың аудармасы ретінде қабылдай алмаймыз. Біріншіден төлқұжат термині «паспорттың» аудармасы ретінде бекітіліп, қолданысқа еніп кетті, екіншіден, оригинал паспорта деген қолданысты төлқұжаттың төлқұжаты деп қалай аударамыз?! Оригиналдың ең ұтымды баламасы ретінде түпнұсқа сөзін алуға болады. Себебі түп сөзінің шыққан тегі, негізі деген мағынасы бар, ал нұсқа сөзі түсіндірме сөздікте берілген «Белгілі бір заттың ең алғашқы түп негізі» мағынасымен қатар қазір вариант сөзінің баламасы ретінде де қолданылады. Сонда түпнұсқа сөзі ісқағаздар тілінде белгілі бір құжаттың алғашқы нұсқасы, негізгі варианты деген ұғымды бере алады.
Құжат жоғалған кезде қолға берілетін, құжаттың түпнұсқасымен күші бірдей көшірмесі дубликат деп аталады. Оқу құралдарында дубликат – төлқұжат деп аударылып жүр. Төлқұжат жоғарыда айтылғандай паспорттың аудармасы ретінде бекітіліп, қолданысқа еніп кеткендіктен және төл деген сөз ең алғашқы, өзіне ғана тән деген ұғымдарды беретіндіктен дубликат сөзінің орнына жүре алмайды. Қазір ісқағаздар тілінде дубликаттың баламасы ретінде телқұжат, телнұсқа терминдері қолданылып жүр. Оригиналды түпнұсқа деп қалыптастырсақ дубликатты телнұсқа деп қалыптастыруға әбден болар еді.
«Протокол» терминінің аудармасы ретінде осы уақытқа дейін мәжілісхат, хаттама сөздері қатар қолданылып келді. Мәжілісхат терминінің мәжілістің мәжілісхаты сияқты қолданыстардағы үйлесімсіздігіне байланысты соңғы уақытта хаттама сөзі термин ретінде көп қолданылып, қалыптаса бастады. Бірақ хаттама термині мекеменің, ұйымның жиналысы мен мәжілістерінде қаралған, қорытындыланған мәселелерді көрсететін, тіркейтін құжат атауына сәтті табылған балама болғанымен, «дипломатиялық акт тәртібін реттейтін ережелер мен дәстүрлер жиынтығы» ұғымында қолданылатын дипломатический протокол, Протокольная служба президента сияқты тіркестерде қолданысқа жарай алмай тұр.
Хаттаманың қолға берілетін белгілі бөлігін (выписка из протокола) осыған дейін хаттамадан көшірме деп атап келдік. Енді осындағы көшірме сөзі копия сөзінің аудармасы және оның мағынасын дәл беретіндіктен және копия мен выписканы бір-бірімен шатастырмас үшін хаттамадан көшірме емес, хаттаммадан үзінді деген қолданыс дұрыс. Біріншіден, екі терминді бір сөзбен атағанша, әрқайсысының өз атауы болғаны дұрыс, екіншіден, копия мен выписка бір нәрсе емес, үшіншіден, үзінді сөзі хаттамадан үзінді (выписка из протокола) деп аталатын құжаттың мағынасын көшірмеге қарағанда дәл ашады. Хаттамадан көшірме деп аталатын құжат хаттаманың бүкіл мазмұнының көшірмесі емес, тек қажетті бөлігінің мәтіні өзгертілмей жазылған, қолға берілетін нұсқасы. Кез келген құжаттың үзіндісі құжаттың толық мәтіні қажет болмаған жағдайда, құжатта жазылған бірнеше мәселенің ішінен біреуі ғана қажет болғанда немесе құжаттың толық мазмұнын құпия ұстау қажет болған жағдайда дайындалады. Құжат үзіндісінде жазылған мәліметтің растығын, дұрыстығын дәлелдеу үшін орыс тілінде «выписка верна» деп жазылып, жауапты қызметкердің қолы қойылып, мекеме мөрі басылады. Құжат үзіндісінің дұрыстығын, растығын дәлелдейтін жазба үзіндісі рас, үзіндісі заңды, үзіндісі дұрыс т.б. бірнеше нұсқада қолданылып жүр. Бұлардың ішінен үзіндісі дұрыс деген нұсқа ісқағаздар тілінде қолдануға икемді, растайтын жазба ұғымын бере алады. Құжаттың үзіндісі емес, көшірмесі берілген жағдайда көшірмесі дұрыс деп жазылады.
Статус сөзінің орнына мәртебе сөзінтерминдік балама ретінде қолдана бастадық. Мәртебе тілімізде жағымды реңк беретін сөз екені белгілі. Мәртебесі арту, мәртебесі көтерілу, мәртебесі өсу сияқты тіркестер тілімізде жиі қолданылады. Мәртебе сөзі ұлттық университет мәртебесі, мемлекеттік тіл мәртебесі, депутат мәртебесі, азаматтық мәртебе сияқты тіркестерде сәтті қолданыс болғанымен, статус беженца, статус безработного, статус оралмана тіркестерін аударған кезде қарама-қайшылыққа ұрындырады.
Ісқағаздары мазмұны мен қызметіне қарай жеке адамға қатысты және қызметтік деп бөлінетіні белгілі. Бүгінгі таңда жеке адамға қатысты құжаттардың ішінен заман талабына қарай ең жиі қолданылатындарының бірі – резюме. Резюме сөзі түйін, түйіндеме, тұжырым, тұжырымдама деп аударылып жүр. Қазақ ісқағаздары терминдерінде бірізділіктің болмауы оны құжат мәтінінде жазу-жазбау тығырығына тірейді де, осыдан келіп құжат толтырушылардың көпшілігі орыс тілі арқылы енген нұсқасын пайдалануға мәжбүр болады. Резюме – француз тілінен алынған термин. Айтылған немесе жазылған мәселенің қысқаша түйіні деген мағына береді. Белгілі бір шығарманың, айтылатын ойдың, ғылыми жұмыстың т.б. резюмесі болады. Адамның жеке басына қатысты ісқағазының бір түрі ретінде жазылатын резюмеде белгілі бір адамның өмірбаяны, білімі, мамандығы, кәсіптік шеберлігі, біліктілігі, икемділігі т.б. жайлы нақты, қысқа мәлімет беріледі. Қазақша айтқанда резюме деген тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болғандықтан түйіндеме оның сәтті баламасы. Қазір резюменің бірнеше аудармасы да, орыс тілі арқылы енген нұсқасы да қатар қолданылып жүргенімен түйіндеме термині сәтті балама ретінде ісқағаздар тілінде орнығары сөзсіз.
Терминге лексикология тұрғысынан да, концептология тұрғысынан да қарай отырып, оның термин-сөз, термин-ұғым деп аталатын екі қырына бірдей мән берілуі қажет. Термин-сөздің термин-ұғымды дәл беруі дегеніміз оның өзге ұғымдардан айрықша, өзіне тән басты белгілерін көрсете білуі, ұғым мен атаудың бір-бірімен ұштасып жатуы. Қазір қолданылып жүрген ісқағаздары терминдерінің ішінде атауы мәтінде берілетін мән-мағынамен, мазмұнмен сәйкеспей жататындары да кездеседі. Мұндайда ресми құжаттың мазмұнына үңіліп барып, оған сәйкес атауды таңдап алу қажеттігі туындайды. Мәселен, жиі жазылатын ісқағазының бір түрі – арыз. Арыз – ұйым басшысының, лауазымы жағынан жоғары тұрған адамның атына белгілі бір ақпаратты, мәліметті, өтінішті жеткізу мақсатында немесе жеке адамның қандай да бір ұйымға немесе заңды тұлғаға өзінің құқықтары мен мүдделерін іске асыру, қорғау үшін жазылатын ісқағаздарының бір түрі. Арыз көбінесе жеке адамның атынан жазылады. Іс жүзінде қойылған мәселе бірден бірнеше адамның немесе үлкен ұжымның мүддесін көздейтін ұжымдық арыз түрлері де кездеседі. Арыз белгілі бір себеппен ғана жазылады, әдетте онда бір ғана мәселе көтеріледі. Арыз онда айтылған мәселені шешуге құқы бар адам атына жазылады. Қазір арыз, шағым, өтініш атауларының аражігі ашылмай қолданылып жүр. Себебі арыз сөзі осы уақытқа дейін жиі қолданылып, жұмысқа қабылдауды сұрасақ та, жұмыстан босатуды сұрасақ та, материалдық көмек, пәтер, жатақхана сұрасақ та, жалақыны көтеру туралы, басқа жұмысқа ауыстыру туралы өтініш жасасақ та, наразылық білдіріп, біреудің үстінен шағымдансақ та арыз деп ат қойып, айдар тағып келдік. Бірақ арызда өтініш, тілек, талап ету реңкінен гөрі көңілге қонымсыздық, теріс әрекеттерге қарсы реніш білдіру, шағымдану реңкі басым. Сондықтан азаматтардың заң арқылы қорғалатын құқықтары ескерілмей, оны қалпына келтіру туралы талап қойылған жағдайда, құжатты жазушының құқықтары мен мүдделерін бұзып отырған мекеменің немесе лауазымды адамның атына сын айтылғанда, әлеуметтік әділетсіздік, жалпы келеңсіз жағдай жайлы жазылатын ісқағазының түрін арыз деп атап, ал жеке тұлғаның немесе ұйымның заңмен бекітілген түрлі қажеттіліктерін өтеу үшін, өздеріне берілген түрлі құқықтарды пайдалану үшін өтініш жасап жазған ісқағазын өтініш деп атаған дұрыс. Себебі термин саналы түрде жасалатын болғандықтан оның жасалуына негіз болған тілде бұрыннан бар сөздің мағынасын тарылтуға да, оған қосымша мағына үстеуге де, ол сөздің негізінде жаңа термин жасауға да, мағынаны, термин-ұғымды дәл бермеген жағдайда қолданыстан шығарып, басқа сәтті баламасын қолдануға да болады. Ісқағаздарында жиі қолданылатын рапорт термині бар. Рапорттың табиғатында хат, арыз, өтініш, баяндау, есеп беру сияқты бірнеше ұғым бар. Қазір рапорт түрінде де, баянат түрінде де қолданылып жүр. Рапорт ауызша да, жазбаша да беріледі. Көбінесе өзінен қызмет-лауазымы, шені жоғары адамның алдында бір тапсырманың орындалуы, оқиғаның, істің жағдайы туралы мәлімдейтін болғандықтан, рапорттың орнына мәлімдеме терминін қолданған ыңғайлы әрі қазақша айтуға да, жазуға да тиімді, түсінікті.
Кез келген мекемеде жиі жазылатын құжаттың бірі – іссапар куәлігі (командировочное удостоверение). «Екі тілде іс жүргізу» атты сөздік-анықтамалықта Іс сапарының куәлігі деп берілген [69, 112-б.]. Іссапар деп екі сөзді қосып жіберсек, біріншіден -ныңдеген артық жалғаудан құтылар едік, екіншіден, іссапар куәлігі дегенде құжат атауы қысқа, нұсқа болып нақтылана түсер еді. Осы жерде айта кететін тағы бір ұсыныс Шәкәрім шығармасында:
Банкрот боп күйресек.
Бұл расхотқа еріксіз
Бізді біреу сұқты ма?
Билет, жолхат, куәлік қағазыңды
Сатар ма едің он мың сом ақшаны алсаң? –
деген өлең жолдары бар [70, 438-б.]. Осы мәтіндегі жолхат сөзін іссапар куәлігінің орнына қолданысқа енгізсек, біріншіден, іс сапарының куәлігі деген шұбалыңқы атаудан гөрі айтуға да жазуға да ыңғайлы болар еді, екіншіден, куәлік сөзін кез келген жерге тықпалай беруден құтылар едік, үшіншіден, жолхат сөзі қолхат, сенімхат, кепілхат сияқты ісқағаз атауларымен үндес, әрі бір үлгі бойынша жасалып тұр.
Тілімізде хат сөзінің тіркесуі арқылы жасалған құжат атаулары көп. Олардың қолхат, сенімхат, жеделхат т.б. түрлерін біріктіріп жазамыз да, құттықтау хат, қызметтік хат, нұсқау хат т.б. түрлерін бөлек жазу қалыптасқан. Тілдің жазу нормасындағы бірізділік сақталу үшін хат сөзімен келетін құжат атауларының барлығын біріктіріп жазу дәстүрін қалыптастыру керек.
Тіл тазалығы үшін күрес дегеніміз – тілді тек кірме сөздерден тазарту емес, тілге сіңе алмай жүрген түрлі жасанды элементтерден тазарту, сөзді қазақ тілінің заңдылығына сай қолдану, тіл мәдениетін арттыру. Әкімшілік, басқару саласында жиі қолданылып жүрген жасанды сөздердің бірі – төрайым. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ тіліне енген сөздердің бірі – председатель. 1920-1930 жылдары қазақ тіліне құрметті бастық, ардақты бастық, төбе басы, кеңес ағасы, аға, басшы, бастық, басы деп 8 түрлі нұсқада аударылып қолданылып жүрген председатель сөзін сол кездегі Білім кеңесінің жиынында С. Сейфуллин төраға деп алайық, мәжіліске төбе басылық еткен, мәжілістің құрметті бастығы болған т.б. нұсқада қолданылып жүрген председательствовал сөзінің аудармасы ретінде төрағалық ету сөзін алайық деп ұсыныс жасайды. Бұл сөздердің сөздік құрамымызға емес, сөздік қорымызға да енгені мәлім. Тәуелсіздік алған жылдары сөз жасаушылардың да саны көбейді. Төрағаның құрамындағы аға сөзінің айым деген «женский род вариантын» тауып төрайым сөзін жасап алдық. Бірақ төраға сөзінің құрамындағы аға сөзінің мағынасы, қолданысы жасы үлкен ер адам, еркек деген мағына емес басшылық ету, басқару, жетекші, жетекшілік ету екенін ескеріп жүрген ешкім жоқ. Ал айым сөзінде басқару, жетекшілік ету ұғымдары жоқ, әйел, жұбай мағынасы ғана бар. Аға сөзінің басшы, жетекші мағынасына Сүгір ақынның: Кешегі өткен Ер Сырым, Кіші жүздің ағасы – деген өлең жолдары мен ертеректе қалыптасқан ел ағасы, от ағасы, ауыл ағасы, жігіт ағасы тіркестері дәлел бола алады [71, 11-б.]. Төрайым сөзінің председатель сөзіне балама бола алмайтындығына сопредседатель, председательствовать деген сияқты әрі қарай түрлене алмайтындығы да дәлел бола алады. Тең төраға, төрағалық етті деп қолдана аламыз, ал тең төрайым, төрайымдық етті деп қолданылмайды. Сондықтан ойланбай, сөздің мән-мағынасына, қолданысына жете үңілмей жасалған мұндай жасанды сөздерді байқап қолданғанымыз, дұрысы мүлдем қолданбағанымыз абзал. Мұндай жасанды сөздерді қазір тықпалап, тілге зорлап енгізгенімізбен уақыт өте келе, әйтеуір бір күні мұндай өз табиғатына жат элементтерді тілдің өзі қолданыстан шығарып тастайды. Бұған бір кезде орыс тіліндегі род категориясының ықпалымен жасалып, тілге күштеп енгізілген мұғалімнің «женский род» нұсқасы мұғалима, азаматтың «женский род» нұсқасы азаматша сөздерінің бүгінгі күні қолданыстан шығып қалуы дәлел.
Термин сөздер қоғам өміріндегі өзгерістермен тікелей байланыста өзгеріп, қалыптасып, дамып отырады. Себебі қоғамда болып жатқан өзгеріс, жаңалық, соған байланысты туып жатқан жаңа ұғымдардың тіл арқылы бейнеленіп отыратыны белгілі. Ресми-ісқағаздары терминдерін жасауда қазақ тілінің сөзжасам тәсілдері актив қызмет атқарады. Мәселен, ресми-ісқағаздар тіліне қатысты кейбір терминдерді жасауда лексика-семантикалық тәсіл, яғни, сөздердің мағыналарын тарылту немесе кеңейту тәсілі қолданылады. Ал морфологиялық тәсілдің термин жасауда қолданылатын басты құралы қосымшалар екені белгілі. Ресми-ісқағаздар тілінде қолданылып жүрген термин сөздердің бірқатары осы тәсіл арқылы яғни түрлі сөзтудырушы қосымшалардың қызметі нәтижесінде пайда болған. Сөздерді біріктіру, тіркестіру амалдары да ресми-ісқағаздар терминдерін қалыптастыруда актив қызмет атқарып отыр. Ресми-ісқағаздары тілінде қолданылатын терминдер мен стандарт тілдік бірліктердің көпшілігі калькалау тәсілі арқылы жасалған. Өзге тілдегі терминдік ұғым мен түсініктің идеясы мен мазмұнын ұлттық тілдің құралдары, тәсілдері арқылы беру де іс қағаздар терминдерін жасауда өнімді қызмет атқарған, қазір де қолданылып отыр. Ресми-ісқағаздары терминдерінің де өзіндік қалыптасу, даму жолы, құрылымдық модельдері мен жасалу тәсілдері, заңдылықтары бар. Бүгінгі қазақ ресми-ісқағаздар терминдері әлі де толық қалыптасып, сараланып біткен жоқ.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 5915;