Азақ халқының ұлттық киімдері
Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, бірге қайнасып келе жатқан бай қазына. Қазақ халқының қол өнерінің бір саласы – киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес.
Еуразия даласын қоныс еткен көшпелі ел қазақтардың басқа халықтарға ұқсамайтын киім ұлгілерін табиғи ерекшеліктер мен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасты. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол – біздің ұлттық мәдениетіміз.
Қазақ халқының ұлттық киімдеріп ерлер киімдері және әйелдер киімдері деп екіге бөлсек; ерлер киімдеріне: айыр қалпақ, зерленген тақия, шапан, шалбар, тымақ, ішік, саптама, етік жатады. Ал әйелдер киімдеріне: қос етік, койлек, сәукеле, кимешек, кебіс-мәсі, тақия, бөрік, көкірекше жатады.
Қазақ халқының ұлттық киімдері – киім үлгілері. Этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген.
Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады (қазақ Киім). Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.
Қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасын ойып пішіледі. Артқы бойдың екі жақ шеті алдыңғы өңірге қусырыларда оның екі жақ етегіне, бел мықынға жеткенше, екі үшкіл қойма қойылады. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді (“шабу” деп атайды). Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады. Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе,Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген. Қазақтар шапанға шабу, жең түптеріне ойынды, қолтырмаш қояды.
Ішіне жабағы жүн салынып сырылған, суықта киетін сырттық – күпі, түйе жүнінен иірілген жіптен тоқылған жұмсақ сырттық – шекпен (тайлақ жүнінен тоқылса шидем шекпен), жеңсіз, киізден қаусырылған, сәндендірілген кебенек, астары қалыңдатылған қаптал шапан, сырмалы, шабулы, жұрынды түрлері болады. Иленген, әрі боялған (қарағай, қайың нілімен, өсімдік, қына, томар бояумен боялған) тон, сырты қымбат матамен тысталған ішіктің түрлері кең таралған. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп, кестелеп, қаптама тон жасайды, етек жеңіне жұрын ұстайды. Жарғақ, тайжақы, қылқа, дақы деген киімдерді тай, құлын, лақтың терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді. Шалбарды барқыт, ұлпа, пүліш, тібен, шибарқыт, шегрен, ләмбек, мәлескен, қырмызы, қамқа, бақисап, көк мәуіті сияқты ширақы маталардан, қой ешкі терілерінен тіккен. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, атқа мініп-түсуге ыңғайлы, кең балақ болып келеді. Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарлау, әсіресе, батырлар мен аңшыларға, балуандарға тән болған.
Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі.
Қос етек көйлек – жібек, торғын, шәйі сияқты асыл матадан тік жаға, кең етек етіп тігілетін көйлек. Етегіне өрнектеліп, бүрмеленген қос желбіршек салынады, сондықтан оны «қос етек көйлек» деп аталады.
Шапан – қалындықтың сырт киімі. Ол да асыл матадан алтын жіппен зер салынып, өрнектеліп тігіледі. Шапанның өңіріне оюлы өрнек салынса, етегіне өсімдік тектес өрнектер кестеленеді. Бұл - өсіп-өңсін, өркенді болсын деген тілек белгісі.
Камзол – әйелдердің ұлттық киімінің бір түрі, оны көйлек сыртынан киеді. Ол барқыт, пүліш, мақпал сияқты асыл, сапалы кездемелерден тігіледі. Камзолды кей жерлерде «жеңсіз бешпент» немесе «көзекей» деп атайды. Камзолда жең де, жаға да болмайды және де екі өңірі тек тыс пен астардан тұрады. Камзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдалынады. Оның екі өңірі біріне бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігеді. Сондықтан, түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадалады. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады не зер тігеді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді.
Қыздар мен жас келіншектер киетін өте сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт, маржандар тағылады. Кейбір жерлерде күміс теңгелерді тесіп тағып қояды. Қазіргі кезде жергілікті өнеркәсіп орындары барқыт пен пүлішпен сәндеп тіккен камзол шығаратын болды.
Қазақ халқының ұлттық киімдеріндегі бас киімді былайша топтастыруға болады: 1) ерлер бас киімі: шыт, кепеш (құстаңдай, қолкесте, бізкесте түрлері бар), үшкүлдір, жекей, жапетер, тақия (зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа, т.б.), құлақшын, бөрік, жалбағай, қалпақ, құлақты тымақ, күлапара, қырпу (іштік бөрік); 2) әйелдер бас киімі: сәукеле, бөкебай, қарқара, кимешек, күндік, желек, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар), бүркеніш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық. Қыста киетін бас киімдер қымбат, қалың матамен тысталады.
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің ішінде аяқ киім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен бірге сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киетін, жүні ішіне қараған, иленген теріден жасалған байпақ тәрізді аяқ киім) түрлері таралған. Орта Азия және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың нәтижесінде қымбат бағалы жібек, мақта маталары алынып, киім тігуге қолданылды. 18 ғ-дан бастап орыстың фабрикалық арзан маталары көптеп айырбасқа түсуі қазақ ұлттық киім түрінің көбеюіне мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіледі.
Қайыстан, барқыттан, жүннен және жібектен жасалған белдіктер қазақ киімдерінің міндетті бір бөлшегі болды. Қайыс белдіктері әр түрлі өрнек, жапсырмалармен әшекейлендіріліп, асыл тастардан салынған көздер мен сүйек оюлы бастырмалармен әшекейлендірілді. Мұндай белдіктер “кісе” деп аталады. Жас жігіттердің белдіктерінде алқа, әлеміштер болды. Әйелдердің белдіктері жалпақ әрі сәнді, негізінен, жібек пен барқыттан тігілді. Әйелдер, сондай-ақ, белдеріне жұмсақ белбеу байлады.
Әйелдердің әшекейлері алтыннан, күмістен, асыл тастардан әзірленді. Салмақты күміс білезіктерге алтын жалатылды, ою салынды. Сырғалар, негізінен, күміс сымдардан имек, жарқырауық тастар түзілген шығыршық түрінде жасалды, оның өзара күміс сыммен бекітілген төрт бұрышты қиықша, дөңгелек, жалпақ тілікті түрлері көбірек пайдаланылды. Шашқа салатын әшекейлер – өзара кіріккен шығыршықтармен біріктірілетін алқалар немесе теңгелер тізбегі түріндегі шашбаулар жасалды. Оның орт. алқалары түрлі түсті асыл тастармен безендірілді. Шашқа тағылатын әшекей қатарына аспалы шолпылар да жатады. Жүзіктер құйылып және нақышталып, сопақша, дөңгелек, көп қырлы қисында жасалды. Олар түрлі түсті асыл тастармен безендірілді.
Қазақ зергерлері бұлардан басқа омырауша, өңір жиек, “бой тұмар”, белдіктерге ілгектер, сәукелеге арналған өрнекті тана–шылтыр, салмақты дөңгелек түймелер торсылдақ түйме, түйреуіш сияқты әшекей бұйымдар да жасаған. Әйелдер әшекейлерін әзірлеуде әр түрлі тәсілдер: құю, ою салу, нақыш қондыру, қалыптау, зерлеу, қараға бояу, інжу қадау, эмаль жағу қолданылды (қазақ Зергерлік өнер). Мұндай сәндік бұйымдар Қазақ халқының ұлттық киімдеріне ерекше әр берді. Қазақ халқының ұлттық киімдері үлгілерінің көшпелі тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейімделіп дамығаны, көрші халықтармен арадағы мәдени, шаруашылық байланыстар әсер еткендігі сөзсіз.
Лекция 21,22
Дата добавления: 2017-11-04; просмотров: 1348;