Дәріс 10. Қазақ тіліндегі өлшем атауларының этнолингвистикалық сипаты
Әлем бейнесіндегі уақыт пен кеңістік жүйесінде ерекше көрініс беретін бірліктер - өлшем бірліктері. Өлшем бірліктері - белгілі бір нәрсені бір тектес басқа бір нәрседен айыра, салыстыра айқындайтын бірлік [ҚСЭ., 9,5]. Ол адамзат баласының күнделікті іс-әрекеті нәтижесінде белгілі бір санды, сапаны, шаманы, мөлшерді, межені анықтау барысында пайда болған. Өлшем - тиісті өлшеуіш аспаптардың көмегімен ғылыми зерттеуді эмпирикалық деңгейде іске асыратын, материалдық нысандардың сипаттамаларын (салмағы, ұзындығы, нүктелік шамасы, жылдамдығы т.б.) анықтайтын танымдық рәсім [Ф.с, 322]. Өлшем категориясына философия тарихында алғаш кең көлемде талдау жасаған немістің ғұлама ойшылы Г.Гегель болды. “Өлшем дегеніміз - сапаның анықталған саны, өлшемі бәрінен де бұрын тұрмыс-тіршіліктің аясында анықталған сандар, мөлшерлер, межелер, шамалар жүйесі”, - деп ой қорытады [Г. Гегель, 257] .
Әр халықтың, ұлттың, этностың өлшем бірліктері бірдей деуімізге болмайды. Ол өлшем бірліктері атауларының ішкі мағынасы мен мазмұнында, мәнінде халықтың дүниетанымы, қоршаған ортадағы нысандардың сан алуандығы, шұғылданған шаруашылығы, материалдық тұрмыс-тіршілігінде қолданылатын құрал-жабдықтары, тұрған жерінің географиялық ландшафтары сияқты сан алуан сыртқы факторлардың сипаты көрініс береді. Мәселен, Египет, Вавилон, Грек және ежелгі үндістердің тілдеріндегі сандық өлшем, меже, шамаларды таңбалау әдістерінде негізінен аңдар бейнеленген. Ал американдық үндістердің ер адамдары аң аулауға ұзақ сапарға кеткенде, үйлерінде қалған әйелдері оралу уақытын түрлі-түсті жіптермен немесе жіптен түйін түйіп белгілеп отырған. Африканың кейбір тайпаларында белдің немесе мойынның орамын ұзындық өлшеміне, ал кокос жаңғағының бос қабығын сұйық заттардың мөлшерін анықтауға қолданған. Гректер таңертең күн дискісінің жоғары шеті көрінген уақыттан бастап, оның көкжиектен толық көтерілгенге дейінгі аралықты жаяу кісінің аяңдап өткен жолының ұзындығын стадий деп атаған
Канар аралында тұратын испандықтар бір-бірімен сөйлесерде ысқырып хабар берсе, енді бірде бір сигарды тартып бітіргенше кететін ұзындық уақытын айтатын болған. “Сенің ауылың осы арадан қанша сигар жер?” деп сұрау арқылы белгілі бір арақашықтық шамасын анықтай алатын болған. Осындай санау, межелеу, өлшеу орыс халқының “бирка” деген борышты өтейтін белгілерінен де көруге болады. Егер еңбек адамы жер мен дін иесіне берешек болса, онда ағашқа кертіп, оны екіге бөліп отырған. Салық жинаушымен есептескенде осы екі ағашты беттестіріп, кертілген тетіктер арқылы тексеріп отырған екен [Л. Молчанова,48].
Біздің ата-бабаларымыз да қоршаған ортадағы әлем бейнесін өзінің этнотанымдық табиғатымен байланыстыра қараған. Таңның атысы мен күннің батысын, тәуліктік уақытты сағатпен, салмақты таразымен, қашықтық пен ұзындықты километр мен метр сияқты нақты өлшемдік құралдамен өлшемесе де, соның бәрінің өлшемін өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі өмірлік тәжірибесінен таба білген. Әлем бейнесіндегі уақыт пен кеңістіктің бір-бірімен тығыз байланыста тұратын ажырамас біртұтас құбылыс екенін де өз дәуірінде дұрыс болжай алған.
“Көшпелі қазақ уақыт пен кеңістікті бір-бірінен ажыратпай, тұтастықты танып түсінуді дәстүр еткен. Мәселен, қазақ тіліндегі “ұзақ” деген сөз уақыт пен кеңістікке бірдей қатысты. Бұған “ұзақ жол”, “күн ұзақ”, “жол ұзарту”, “уақытты ұзарту” сияқты тіркестер дәлел болады”, - дейді А.Сейдімбеков
[А. Сейдімбеков,196].
Этнос танымындағы уақыт пен кеңістіктің біртұтастығын өлшемдік ұғымдарды білдіретін біршама атаулардан да ерекше көрініс береді. Мысалы: арқан бойы, тұсау бойы, найза бойы, шай қайнатым жер, бие сауым жер, ет пісірім жер, сүт пісірім жер, күндік жер, сәскелік жер сияқты байырғы өлшем бірліктері әрі уақытты, әрі ұзындықты, әрі қашықтықты, әрі биіктікті білдірген. Уақыт өлшемін белгілейтін құралдар жоқ кезде де көшпелі халық уақыт өлшемдерін өзінің өмір сүру тәжірибесіндегі процестерден алып отырған. Бұл ойымызды Ғ.Ақпанбектің мына пікірі айқындай түседі: “Таңмен таласа басталатын қой өргізу, сиыр сауу, бие байлау т.с.с. қат-қабат үй шаруашылығын жүргізу белгілі бір уақытпен мөлшерленіп отырады. Уақыт өлшемдерін білдіретін “бие сауым”, “сүт пісірім”,“ет асым” сияқты сөз тіркестері бар” [Ғ. Ақпанбек,23].
Мәселен, қазақтың өткен өміріндегі мәдениетінен мол мәлімет беретін арқан, құрық, қамшы, сойыл, найза, тұсау, оқ, балта сияқты құрал-саймандарды ата-бабаларымыз өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде негізгі қызметімен қатар, өлшеу қызметінде де кеңінен пайдаланған. Осыған орай, тілімізде (фразалық тіркеске айналған) арқан бойы, найза бойы, құрық бойы, қамшы бойы, тұсау бойы, оқ бойы, балта сабы сияқты өлшемдік мәнге ие болған номинативтік тіркестер қалыптасқан. Күнделікті тұрмыс- тіршілікте қалыптасқан этномәдени мазмұны мол өлшем бірліктерін төмендегідей лексика-семантикалық топтарға бөлуге болады:
Уақыт өлшемдері: ай қараңғысы, сүмбіле туа, астық піскенде, жайлауда шөп шабыста, таңға жақын бір жеңіл ұйқы қалғанда, жазғытұрым және т.б.
Арақашақтық өлшемдері – ат шаптырым жер, тай шаптырым жер, бие бауындай жер, түйе көш жер, қозы көш жер, күндік жер т.б.
Ұзындық, биіктік, қалыңдық өлшемдері – қар, қарыс, қарыс сүйем, сере қарыс, кере қарыс, жырта қарыс, елі, аршын, шынтақ, табан, бармақ, сүйем, құлаш, адым және т.б.
Салмақ-көлем өлшемдері – батпан, қадақ, пұт, мысқал, бір мес қымыз, бір шым-шым тұз, бір жұтым су, үйір-үйір жылқы, бір табын сиыр, отар-отар қой.
Қазақ тіліндегі ұзындық, биіктік, қалыңдық өлшем атаулары көбінесе дене мүше атаулары арқылы дамып қалыптасқан.
Қар, қарыс – бас бармақпен ортаңғы саусақпен өлшенеді. Қарыс атауымен тілімізде мынадай сөз тіркестері қалыптасқан: қарыс сүйем, кере қарыс, жырта қарыс, қарыс қадам, қарыс жер, сақалы қырық қарыс, бойы бір қарыс, алты қарыс ақ болат және т.б.
Елі – қазақтың таным-түсінігінде елі атауының қолданылуы соғым қазысымен (2 елі, 3 елі) байланысты. Сондай-ақ, тілінген тақтай қалыңдығын өлшегенде жиі қолданылады. Елімен өлшенетін дененің үстіне қолды салып оған сұқ қолдан бастап қанша саусақ орналасқандығын анық анықтайды. Қатар 4 саусақ – 4 елі деп аталады. Шамамен 7-8 см. Мәселен, бас бармақтың енін қатар қойғанда алты арпа дәнімен сәйкес келіп отырған. Елі сөзімен байланысты қалыптасқан тіл бірліктері: бір елі аузға екі елі қақпақ, төбесі көкке екі елі жетпеу, қасынан екі елі қалмау, майданның соры бес елі және т.б.
Құлаш – ұзындық өлшемін білдіруде қолданылады. Бұл атау о баста дене мүшелерінің қимыл қозғалысқа түсуіне байланысты адамның өмірлік тәжірибесінде үнемі қолданылған. Құлаш – иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының арасы. ХІ ғасырда «құлаш» - қолыңды аш, жаз сөздерімен шыққан. Көшпенділер өмірінде өлшемнің нақты метрикалық жүйесіне түскенге дейін бұл атау туралы 1938 жылы мәлімет бойынша Ферғана құлашы 166-170 см болса, Қазақстанда қолданылып келген Бұхар құлашы – 142 см тең келген. Құлаштың этнос өмірінен өткен кезеңдерге басқа елдермен сауда жасауда, басқа бір нәрсенің ұзындығын өлшеуде өте қолайлы, ыңғайлы және көп қолданылған өлшем бірлігі. Бұл метрологиялық бірліктің өлшеу қызметі туралы Қ.Жұбанов мынадай ой келтірген: «Қатар тұрған екі ағаштың біреуін құлаштап өлшеп, 5 құлаш екенін біліп, екіншісін қарыстап өлшеп, 50 қарыс екенін біліп алып, одан кейін бұл екі санды қосып екі ағаштың ұзындығының 55 қарыс немесе оны не құлашқа, не қарысқа айналдырып отырған.
Аршын – қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «аршынға» метр тең келетін келетін кез деп айтылады. Бұл атау парсы тілінен, ал парсы тіліндегі мағынасы шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі ара қашықтықтық. Бұрынғы кездегі Орта Азия мен славян халықтары сауда-саттықта матаны аршынмен өлшеу тәсілі кең қолданылған. Аршын атауы семантикалық даму негізінде тілімізде екпін, қарқын деген ауыспалы мағынаға ие болған. Мысалы, аршын төс, бұл тіркес көбінесе сымбаттылық пен әдемілікті сипаттауда қолданылады.
Қазақ және түркі тілдеріне тән кейбір байырғы өлшемдердің шығу төркініне назар аударсақ.
Адым- жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы [ҚТТС, 1,56]. Бұл сөз қазақ, қарақалпақ, қырым татарлары, ноғай, татар тілдерінде адым, әзірбайжан тілінде азым, өзбек тілінде әдим, башқұрт тілінде адим, түркімен тілінде ута, чуваш тілінде утам деп қолданылады. Аталған тілдердегі бұл сөздің беретін мағынасы - адымдау, аяқты басу, жүру, жүріс. Түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінде әр кезеңде әр алуан мағынаға ие болған. Мәселен, Э.В.Севортянның айтуынша, бұл сөз ХІІ-ХІІІ ғасырда Орта Азиялық теферистердің лексикасында “үш адымдық ұзындық өлшемі”, чуваш тілінде “1/24 жер өлшемі” мағыналарын білдірген [Э. Севортян,88].
Алтай тілдері семьясының кейбірінде адым сөзі “із, адамның ізі” деген мағынаны білдірсе, чуваш тілінде “циркуль” деген мағынаны білдіреді екен. Егер біз осы адым сөзі мен циркуль сөзін салыстырсақ, олардың қызмет атқару бірлігінде ұсастық бар екенін байқаймыз. Циркульдің арасын ашып, белгілі бір нәрсені өлшеп анықтауымызға болады. Ал екі аяқ арасы арқылы адымдап белгілі бір нысанды өлшеуге болатынын да білеміз. Демек, адым сөзі түркі тілдерінің кейбірінде семантикалық жағынан дамып, өлшемдік қызмет бірлігі негізінде дыбысталуы мүлде бөлек циркуль деген жаңа сөз тудырып отыр. Осман түріктерінің тілінде “аяқ басып өлшеу” мағынасын білдіретін ә:т тұлғасының адым тұлғасымен белгілі бір мөлшерде семантикалық байланысы болуы мүмкін деп ойлаймыз. Жалпы ат түбірінің мағынасын есте жоқ бағзы заманнан бүгінгі күнге дейін сақталғанын ғалым Б.Сағындықұлы да атап көрсетіп, олар қандай семаларға ие екенін төмендегіше көрсетеді:
- жанды мақұлықтың қозғалысы;
- мұндай қозғалыстың объективті қажеттіктен ырықсыз болатындығы;
- қозғалыстың барынша жылдам, шалт өтетіндігі;
- қозғалыстың нәтижесінде мақұлықтың өз орнынан ажырап бөлінетіндігі;
- мұндай қозғалыстың табиғатта шексіз қайталанатындығы
[Б. Сағындықұлы,7].
Мұнда ең басты мағынасы қозғалыспен байланысты болған ат архитипі сөзжасамдық ұяға айналып, тілдің даму сатысында аттау, ату, адақ, адым, тас атты, садақ атты, тау атты сияқты туынды тұлғалардың өмірге келуіне ұйтқы болғанын байқаймыз. Түркі тілдеріндегі адым сөзінің монғол тіліндегі адым сөзімен семантикалық іліктестігі болуы мүмкін. Өйткені бұл атау монғол тілінде “асығыс”, “тез жүру”, “шапшаң адым” мағынасын білдіреді екен. Бұл пікірлерді салыстыра қарап, ой түйіндейтін болсақ, “жүру”, “аттау”, “секіру”, “асығу” мағыналарын білдіретін ат, ад, атых, ат+ых тұлғаларының семантикалық жағынан дами келе, өлшеу мағынасына ұласқанын аңғаруға болады. Өлшемдік мағынаны білдіретін адым атауының шығу төркіні қимыл-қозғалысты білдіретін ат, ад түбір етістіктерімен байланысты қалыптасқаны сөзсіз.
Аршын - метрге жуық ұзындық өлшемі, кез [ҚТТС.,1, 355]. Түркі тілдерінің көпшілігінде бұл сөз әр түрлі фонетикалық вариантта кездеседі. Татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, қырым-татары, азербайжан, түрік тілдерінде - аршин, аршын, (arsіn), якут тілінде – ассы:н, (arsі:n), чуваш тілінде - аршан (apsan).
Э.В.Севортянның сөздігінде бұл атаудың төмендегідей мағыналары көрсетіледі:
1. шынтақ (локоть), ұзындық өлшемі;
2. 40, 65, 75, 100 сантиметрге тең ұзындық өлшемі.
В.Г.Егоров аршын атауын парсы тіліндегі арадж, арандж тұлғасында қолданып, “шынтақ” деген мағынаны білдіреді. Түркі тілдеріне сол тілден ауысқан дейді [В. Егоров, 33]. Сондай-ақ, бұл атау монғол, бурят тілдерінде де аршан/аршам тұлғасында кездесіп, осы өлшемдік мағынада қолданылады. Жалпы бұл ұзындық өлшемін білдіретін атау “шынтақ” мағынасында славян тілдеріне енген деген пікірді зерттеуші ғалымдардың көпшілігі құптайды.
Түркі тілін зерттеушілердің көпшілігі бұл ұзындық өлшемін білдіретін атау славян тілдеріне түркі тілдерінен енген деп жобалайды, мәселен, Н.К. Дмитриев орыс тіліндегі аршин атауын бұл тілге татар тілінен енгендігін нақты мысалдармен көрсетеді.
Г.Я. Романова “Орыс тілінің ұзындық өлшемдері” атты еңбегінде XV ғасыр соңында орыстың жазба ескерткіштерінде аршин атауының қолданыла бастауына мынадай уәж келтіреді: “Москва мемлекетінің Польша–Литвалық грамматикасында князь Иван Васильевичтен король Казимирге жіберілген қонақтардың тізімі көрсетілген. Мұнда Каф қаласынан тауармен шығып Литва қалаларында тонауға ұшыраған керуендердің кейіннен тізімдеп тауарларын санай бастағанда, осы тізімнің ішінен алғаш рет аршын сөзін кездестіреді. Мұнда ол “кафин аршыны” деген тіркеспен берілген сөздің “матаның ұзындық өлшемі” мағынасын береді”, - деп көрсетеді. Бірақ шығыс саудагерлерінен енген бұл атау орыс тіліндегі ежелгі ұзындық өлшемі локать бірлігімен қатар қолдана жүріп, кейінгі кезеңдерде славян тілдерінде негізгі мата өлшейтін ұзындық өлшеміне айналып, сөйлеушілердің ауызекі сөйлеу тілінде жиі жұмсалуына орай, әдеби тіл деңгейіне дейін көтерілген негізгі ұзындық өлшемінің бірі болғанын орыстың жазба құжаттары дәлелдей түседі.
Бұл атау ежелгі түркі ескерткіштерінде аршын, аршун, арчин түрінде кездеседі, сонымен бірге дене мүше атауы шынтақ та ежелгі түркі ескерткіштерінде өлшемдік мағынада жұмсалған. Әйтсе де бұл екі атаудың қайсысы ежелгі дегенге жауап әлі күнге дейін күңгірт. Дегенмен көптеген түркі тілдерінде шынтақ атауынан гөрі, аршын атауының қолданылу аясының кең екенін, өлшемдік мәнінің басымдау екенін аңғарамыз.
Бұл атаудың шығу төркіні жөнінде зерттеу жүргізген ғалымдардың көпшілігі парсы тілінен түркі тілдеріне түбір формада “арш” болып еніп, -ын, -ун қосымшалары жалғанып, кішірейту-ұқсастыру мағынасын берген деп тұжырымдайды. Ә. Нұрмағамбетов парсы тіліндегі әрш сөзі бізде “шынтақ” деген мағына береді, кейде “шынтақ пен саусақ ұшына дейінгі аралықты” да арш деп атайды. Осы түбірдің біріне =ын жұрнағы қосылып, аршын атауы пайда болған дейді.
Жоғарыда айтылған пікірлерге сүйене отырып, ұзындық өлшемін білдіретін аршын атауы парсы тілінен енген кірме сөз екенін, бірақ тілімізге өзіміздің төл сөзіміздей сіңіп, байырғы халықтық өлшем ретінде ата-баба тұрмыс-тіршілігінде кеңінен өлшем құралы қызметін атқарған деуімізге болады.
Қары - қолдың шынтақ қосындысынан иыққа дейінгі бөлігі [ҚТТС., 6,112]. Бұл өлшемдік атау Шығыс елдеріне кең тараған. Ертедегі Вавилондықтарда қолдың қары 525 мм шамасында болған. Ол вавилондық өлшем бірліктері жүйесінің негізінен алынған. Кейінгі ұзындық бірліктері осы бірліктің туындысы ретінде пайдаланылады. Египеттіктерде үлкен қары (шамамен 525мм) және кіші қары (шамамен 450мм) өлшемдері қатар қолданылған. Ал түркі тілдерінде бұл атаудың ұзындығы қаншалықты шаманы қамтитындығы туралы пікірлерде бірізділік жоқ. Қазақ тілінде “иық пен шынтақтың арасын” және “иықтан саусақтың үшына дейінгі қолдың сыртқы ұзындығы” - қары деп түсіндіріледі. Бұл сөз көне өзбек, ұйғыр тілдерінде “қол” мағынасын білдірсе, алтай, қырғыз, түрік тілдерінде “қолдың жоғары бөлігі, шынтақтан иыққа дейінгі аралық” мағынасында қолданылады. Қары сөзі ежелгі якут, тува тілдерінде “қолдың шынтақ бөлігі, шынтақ сүйегі” деген мағынада жұмсалатынын түрлі сөздіктерден көруімізге болады.
В.Д. Колесникова якут тіліндегі хара//хары фонетикалық вариантында қолданылуымен қатар харан//харын сөздері де бар, бұл сөздер тек ұзындық өлшемін білдіреді. Яғни ол “шынтақтан ортаңғы саусақтың ұшына дейінгі аралыққа” (62см ұзындық өлшемі) сәйкес келеді. Хара/хары түбірлеріне сөзжасамның синтетикалық тәсілінің көмегімен -н, -ң қосымшыларының бірі жалғану арқылы якут тілінде харан/харын ұзындық өлшемі қалыптасқан деп тұжырымдалады.
Қары атауы туралы В.В. Радлов мынадай дерек келтіреді: «Қар - өлшемдік бірлік, ол иықтан саусақтың ұшына дейінгі аралық. Мәселен, бұл ұзындық Хиуада – екі аршынға, Түркістандағы ханның қары үш аршынға, базардағы қар екі аршын өлшемдік ұзындыққа сәйкес келеді» [Р.Сл,103].
Қары атауына талдау жасаған А.В. Дыбо бұл сөздің көптеген түркі тілдерінде негізінен түбір тұлғада кездесетінін анықтап, осы тілдердегі білдіретін мағынасын төмендегіше түсіндіреді: “Қары” шор тілінде “иық пен иықтың арасы”, ойрат тілінде “шынтақтан иыққа дейінгі қолдың бөлігі”, азербайжан тілінде “жануарлар төсінен тізесіне дейінгі аралық”, түрікмен тілінде “кеуденің ортасынан қолды созғандағы саусақтың ұшына дейінгі аралық”, татар тілінің диалектілерінде ол каре тұлғасында кездесіп, “шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралықты” білдіретінін атап өтіп, осы мағыналардың дамуы негізінде метрологиялық мағынаға ұласқан,- деп тұжырымдайды [А. Дыбо,164]. Сондай-ақ, А.В. Дыбо қары бірлігінің бүгінгі күндегі өлшемдік мағынасының шығу төркінін оңтүстік шығыс ұйғыр тіліндегі бір метрге жуық ұзындық өлшемі “кері” атауымен және чуваш тіліндегі екі метрге жуық өлшемдік мағынаны білдіретін “хура” атауымен байланыстыра қарауды жөн санайды.
Зерттеудің тағы бір болжамы - “қары атауының ертедегі шағатай, ұйғыр-түркі тілдеріндегі garay сөзі (қарулы күштің мағынасын білдіретін сөз) мен қары сөзінің арасында ешқандай байланыс жоқ”,- деп көрсетілуінде. Біздіңше, бұл атаулардың о бастағы gar архисемасы бір, тек тілдің даму сатысында семантикалық өзгеріске ұшырап, жаңа сигнификаттық мәнге ие болған деп топшылауға болады.
В.Д. Колесникова қазақ және түркі тілдеріндегі ұзындық өлшемін білдіретін қары атауының алтай тілдері семьясына жататын монғол, тұңғыс-маньчжур, корей тілдеріндегі гар, гара, гарга, қары, сон-карак сөздерімен фонетикалық және семантикалық сәйкестігі бар екенін атап көрсетеді. Мәселен, монғол тіліндегі гар (қол) ауыспалы мағынада “аймақ”, “қанат”, тұңғыс-маньчжур тілінде гара (“сук”) - “тармақ”, “тармақталу” (ответвление), “өзеннің тармақталуы” (приток реки), маньчжур тілінде гарга/гарган (“сук”, “ветка”, “отпрыск”) - дене мүшесі (екі қол, екі аяқ), корей тілінде қары-да “бөлу”, сон-карак “саусақ”, калълэ -тармақталу (“разветвление”, “ответвление”) сияқты сөздер барлық тілдерде өлшемдік мағынада қолданылатынын атап көрсете отырып, бұның түпкі түбірі алтай семьясына жататын тілдердің архетипі гари/а (қол) екенін дәлелдейді [Колесникова В.,206]. Осы тіл деректеріне қарағанда, тіліміздегі өлшемдік мағынада жұмсалатын қары атауының о бастағы мағынасы туыстас алтай және түркі тілдерінде “қол” (гар, гара, гар барих) атауымен байланысты екенін білдік. Ал бұл тілдерде қарының алғашқы мағынасы дене мүше атауы болса, тұрмыс-тіршілік барысында заттың ұзындығын, биіктігін өлшеу қызметінде қолданыла келе сөз мағынасының метонимиялық жолмен ауысуы нәтижесінде өлшемдік мәнге ие болған деуге болады.
Қарыс - бас бармақ пен ортаңғы саусақтың аралығымен өлшейтін ұзындық өлшемі [ҚТТС., 6, 119]. Түркі тілдерінде қарыш-қарич/қарыс/хаrus сияқты фонетикалық варианттарда кездеседі. М. Қашқари сөздігінде қаrиш түрінде ұшырасып, Bіr karич деген мысал келтірілген [М. Қашқари,426].
Ұзындық өлшемін білдіретін қарыс атауының шығу төркіні туралы пікірлерде бірізділіктің жоқ екенін байқаймыз. Көптеген зерттеушілер бұл атау - ежелгі ұзындық өлшемі, яғни “бас бармақ пен ортаңғы саусақты жазғандағы аралығы” дей отырып, түркі тілдерінің біразында кездесетін зат есім сөз - қар, қары атауымен байланыстырады. Қары түркі тілдерінің кейбірінде “шынтақтан иыққа дейінгі аралық бөлік” дегенді білдіреді. Қары сөзіне өнімсіз -ш жұрнағы жалғану арқылы көптеген түркі тілдерінде әртүрлі фонетикалық вариантта кездесетін қарыш, қарыс, карыч атаулары жасалған деп тұжырымдаймыз. Мұндағы ш-с дыбыс сәйкестігі арқылы қазақ тіліне қарыс болып өзгергенін байқауымызға болады.
Е. Жанпейісов өз монографиясында Э. Севортянның: Ежелгі “қары” атауын -ыш, -ыс, -ш, -с жұрнақтары арқылы зат есім жасай отырып, бұрынғы мағынасының үстіне қосымша ұқсастыру, кішірейту мағынасын үстейді» деген пікірін келтіреді. Осы пікіріне сүйене отырып, ұзындық өлшемін білдіретін қарыс атауының семантикалық құрылымын құлашпен, аршынмен, қарымен, шынтақпен, сүйеммен салыстырғанда ұзындықтың кіші ширегін (шынтақтың 4/1 бөлігі) білдіреді деген қорытынды ұсынуға болады.
Түрколог ғалым К. Дыйканов қарыш(с) атауына мынадай түсініктеме береді: “Бұл сөз екі морфемадан тұрады, алғашқы морфема қар “қол” деген мағынаны білдірсе, екінші морфема - ши(ич) “қолдың ішкі бөлігі” деген мағынаны білдіреді, екеуі қосылып “қолдың ішкі бөлігінің ұзындығы” екенін анықтайды [Дыйканов К.,87].
Қарыстың шығу төркіні туралы Ә. Нұрмағамбетов: “Қарыс сөзі иран тілінде “ғәрыс” тұлғасында ұшырасып, “ен, енділік” деген мағынаны білдірген, қазақ тіліне қарыс қалпына дейін өзгеріске ұшыраған” - дейді. Өлшемдік мәнді білдіретін бұл атаудың түркі тілдерінде кейбір мағыналық ерекшелігін де байқауға болады. Өзбек тілінде қарыс атауы 140-145 см-ге тең ұзындық өлшемі “шынтақтан саусақ ұшына дейінгі аралық” [Узб-Рус сл.] ретінде көрсетілген. Чуваш тілінде қарысты шит деп атайды. Бұл тілде қарыстап өлшеу дегенді шитке деп атайды. Қарыс атауы чуваш тілінен басқа ешбір түркі тілінде шит тұлғасында кездеспейді. Ғалымдардың анықтауынша, шит атауы чуваш тіліне географиялық жағынан жақын орналасқан марии тілінен енген болу керек деген болжамдары бар. Географиялық лингвистикада мұндай құбылыстардың жиі кездесетініне көңіл бөлсек, өлшемдік мәнге ие шит атауына да осындай құбылыс тән деуімізге болады.
Елі-саусақтың қалыңдығы, көлделең ұзындығы [ҚТТС]. Түркі тілдерін зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне қарағанда, бұл атау туыстас түркі тілдерінің біразында әр түрлі фонетикалық варианттарда кездесетіні анықталып отыр. Мәселен, алтай тілдерінде ely/ elіі, өлy/цlіі , татар, башқұрт тілдерінде илі, іlі, иллі/ іllі, илиғ/іlіr тува тілінде, іlіr/іlіg, қазақ, қырғыз, ноғай қарақалпақ тілдерінде елі түрінде ұшырасады. Бұл атаудың мағынасына түсініктеме беруде де ғалымдар пікірі сан алуан. Елі атауының екі түрлі мағынасын көптеген түрколог зерттеушілердің пікіріне сүйене отырып, төмендегідей топтастыруға болады:
1. Бұл атау түркі тілдерінің көпшілігінде әр түрлі фонетикалық вариантта кездесіп, “саусақтың ені, саусақтың қалыңдығы” деген мағынаны білдіреді.
2. Алтай тіліндегі елі атауы орыстың 4,4 см шамасындағы көне ұзындық өлшемі вершок бірлігіне сәйкес келеді .
К.К.Юдахиннің орысша-қырғызша сөздігінде еліге “4,4 смге барабар ұзындық өлшемі” деген түсініктеме берілген. Э.В. Севортян өз сөздігінде елі атауына берілген Броккельманның пікірін құптап, елі атауының мағынасы “алақанның еніне сәйкес келетін өлшемдік бірлік” дейді [Севортян Э., 305].
Елі атауының шығу төркінін көптеген түркі және кейбір алтай тілдеріндегі “қол” деген мағынаны білдіретін дlіk, alіk, илик, ели тұлғаларымен байланыстыруға болады. Өйткені, дене мүшелерінің ішіндегі қолдың ең белсенді қызметінің бірі өлшеу болғандықтан, түркі тілдеріндегі бұл атау омоним сөз ретінде өлшемдік мәнге ие болған. Мұнымен қатар елі атауының ежелгі ұйғыр, якут диалектілерінде “саусақ” мағынасын білдіретін аlік, іlік сөздерімен де шығу төркіні жақын екенін этимолог ғалымдардың зерттеулерінен кездестіруімізге болады. Көптеген түркі тілдерінде “саусақ ені” мағынасын білдіретін елиг/елик/елек тұлғалары кездеседі. Кейбір зерттеушілер дене мүшесі “саусақ” мағынасын білдіретін ел атауы осы елиг/елик/елек тұлғалы “саусақ ені” мағынасынан шығуы мүмкін деген қызықты тұжырым жасайды. Біздіңше, дене мүше мағынасының жіктелуінен өлшемдік “саусақ ені” мағынасы пайда болған деп ойлаймыз.
Өлшемдік атаулар мен дене мүше атауларының арасындағы мағыналық байланыс дәстүрлік байланыс екенін атап өткен жөн. Шынтақ, қар, қарыс сияқты дене мүшелерінің қызметі өлшеу болғандықтан елі де сол мақсатта қолданған. Сондықтан бұл лексика-семантикалық топтың арасында ортақ семалық байланыс бар.
Елі атауының генетикалық коды жалпытүркілік “қол” мағынасын білдіретін ел атауымен байланысты. Түркі тілдерінде түбір ел атауы “төрт аяқтылардың алдыңғы аяғы және қол, саусақ, алақанның ені” дегенді білдірген. Осыған қарағанда, тіліміздегі өлшемдік мәнге ие елі атауының шығу төркінін “қол”, “саусақ” мағынасын білдіретін түркі тілдеріндегі alіk, іlіk, илик, alіr сөздерімен ұштас болуы мүмкін деген ғалымдардың пікірлерін құптаймыз. Қысқасы, этимология ғылымында көп буынды түбірдің тарихын ашуға қарағанда, бір буынды түбірдің тарихын ашып беру аса күрделі мәселе деген үрдіске сүйенсек, бір буынды түбір өлшемдік мәнге ие елі атауының шығу төркіні туралы зерттеулердің күңгірт екенін байқаумызға болады.
Сүйем- сөзі алтай тілдер семьясына жататын тілдердің ішінен, тұңғыс-маньчжур тілдер тобына жататын эвенк тілінде сум, сом, сэм/сэм тұлғаларында фонетикалық вариант түрінде кездесіп, қазақ тіліндегі “сұқ саусақ пен бас бармақты керген кездегі аралық” деген мағынаға сәйкес келеді. Сондай-ақ, удэгей тілінде де sяө атауы кездеседі. Ол екі түрлі мағына білдіреді: сұқ саусақ; қолдың төрттен бір бөлігі (четверть), қарыс.
Алтай семьясына жататын тілдердегі бұл атау туралы В.Д.Колесникова: «Удэгей тіліндегі сүйем (sяө) сөзінің екінші мағынасы алғашқы мағынасынан әлдеқайда кейін пайда болған. Сұқ саусақ басқа өлшемдерге қарағанда заттың ұзындығын өлшеуге өте қолайлы болған. Тіл дамуының барысында бұл сөздің екінші мағынасы негізгі болып қалыптасып, ал алғашқы “сұқ саусақ” мағынасы әртүрлі алтай тілдерінде әр басқа мағынаға ие болған. Мәселен, удэгей тілінде sяө сөзі есім сөз болып қалыптасқан. Оның “көрсету, назар аударту” сияқты қимылдық мағыналары сақталмаған. Ал уэдегей тілінде басқа алтай тілдердегідей sцgem (сүйем) түрінде түрлі фонетикалық формада кездесетінін ескерсек және sяө атауымен қатар -м сөз тудырушы қосымшасының болғанына қарағанда бұл атау кейбір тілдерде туынды сөз екенін байқауымызға болады», - дейді В.Д. Колесникова [Колесникова В.,193].
Этимолог ғалым Ә. Нұрмағамбетов: “....сүйем сөзі монғол тілінде соом тұлғасында, тұңғыс-маньчжур тілдеріндегі кейбірінде суум дыбыстық құрамында көрініп, қазақ тіліндегі мағынада қолданылады. Бірақ осылардың бәрі сөздің алғашқы тұлғасы мен тұңғыш мағынасы емес. Оған себеп - қырғыз тіліндегі сөөмөй, тұңғыс-маньчжур тіліндегі сууө сөздері біздің тіліміздегі “сұқ қол” дегеннің орнына жұмсалады”,-деп тұжырымдайды [Нұрмағамбетов Ә.,107]. Жоғарыда келтірілген тілдік деректерге қарағанда сүйем атауы алтай семьясына жататын тілдерде де қазақ тіліндегі мағынада қолданылатынын байқадық және бұл атаудың шығу төркіні алғашқы мағынасы “сұқ саусақпен” байланысты деген В.Д. Колесникова мен Ә. Нұрмағамбетовтың пікірін құптаймыз. Әрине, сөздің семантикалық даму өрісінде қолданушы ұжым тілінде қажеттілігіне қарай актив немесе пассив қабатта қолдануымен байланысты кейбір мағыналық қолданыстарын жоғалтатын кездері болады. Сүйем атауының да алғашқы “сұқ саусақ, нұсқау, көрсету” мағынасы көмескіленіп, кейінгі өлшем бірлігі мағынасы алтай тілдерінде көп сақталғаны белгілі.
Батпан¦¦Батман. Батпан атауы түркі тілдерінде батман, batman, патман, badman сияқты әртүрлі фонетикалық варианттарда кездеседі. Батпан туралы ең көне пікір XІ ғасырдағы жазба ескерткіштерге тән. М.Қашқари сөздігінде батпан қанша килограммға тең екені нақты көрсетілмеген. Көне түркі сөздігінде батманға “180 кг-нан 300 кг-ға дейін салмақ өлшемін білдіретін атау» деген анықтама берілген [ДТС]. Батман қырғыз тілінде: 1.Ферғана аңғарында 4-тен 16 пұтқа дейінгі салмақ өлшемі, Талас өзенінің аңғарында12 пұтқа сәйкес;
2. белгісіз, салмағы ауыр қандайда бір нәрсенің саны;
3. 2 десятинға жуық жер өлшемі.
Шағатай кітаби тілінде түркімендер, османдықтар, хиуалықтар мен қазандықтар батпан деп “4 пұт салмақты” айтқан [Р.Сл.,17]. Қазандықтар батпанды салмақ өлшемі мен жер мөлшері мәнінде де, яғни “жарты десятина” мағынасында қолданады.
Батпанның шығу төркіні туралы Р.Г. Ахметьяновтың берген мәліметі өте қызық. Татар тілінде батпанға “балды сақтау үшін және балдың салмақ мөлшерін білдіру үшін ерте уақыттарда бүтін ағаш дінінен (өзегінен) жасалған ыдыс” ұғымы сәйкес келеді. Ол 12 фунт бал 4 пұт бидайға тең болған, Еділ бойы халықтары үшін ол кезде фунт және пуд сөздері белгісіз болған. Осыған орай бал 1:15 немесе 1:16 сәйкестікте бидайға айырбасталған болар дейміз ”,- дейді [Ахметьянов Р.,16]. Батман атауы башқұрт тілінде “төгілген заттарды өлшейтін ежелгі салмақ өлшемі” деп көрсетілсе, татар диалектісінде “бір батманға сәйкес келетін шашылып-төгілетін заттардың да ыдысын батман деп көрсеткенін” атайды. Мұнымен қатар батман атауы башқұрт тілінде “сауыт ” (колчан) және “салқын қойма ”(погреб) деген мағынада қолданатыны кездеседі. Ғалымның пікірінше, батман атауының шығу төркіні араб-парсы тілдерінен енген болуы күңгірт. Өйткені батман атауының алғашында айтқан татар-башқұрт тілдеріндегі “балды өлшеу үшін жасалған ағаш ыдыс”, қарашай-балқар тілдерінде себет (корзина), құмық тілінде, “топырақтан құйылған ыдыс, жүннің салмақ өлшемі ” деген нұсқалармен байланысы бар деген пікір айтады [15,16]. Ғалым батман атауының шығу төркінін “безмен” атауымен де байланыстыра қарағанды жөн санайды.
Безмен атауының Скандинав және Герман тілдер тобынан кездескеніне қарағанда, бұл тілдерге араб, түркі тілдерінен енген болса керек. Мәселен, bezmen - швед, bezeman - неміс, рrezman – чех, bezіman - поляк.
Э.Севортян бұл сөздің әр тілде әртүрлі дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрлерін көрсетіп, “салмақ”, “ыдыс”, “жер өлшемі” мағыналары бар екенін айта отырып, ғалым Ф. Миклочиштің батпан сөзін безмен сөзімен салыстырғанын, бұндай салыстыруды М. Рясянен де қолдағанын айтады [Севортян Э.,81]. Э.Севортян өз сөздігінде М. Рясяненнің де пікірін келтіреді: “М.Рясянен также прибегает к этому сопоставлению исходя из чув. pasma, pasman(a) “старая мера для зерна, примерно 4 пуда” восходящего по автору, к древней форме basma (n), источником которого можеть мн. ч. Перс.vaznan < ар.wasn“вес” [Севортян Э., 82].
Бұл деректерден батпан, батман, безмен сөздері генетикалық жағынан өзара байланысты лексемалар деген пікір туындайды. Безмен атауы көптеген ежелгі түркі тілдерінде кездеседі. Мәселен, чуваш тілінде bazman “4 пудқа тең салмақ өлшемі”, солтүстік кавказ тілдерінде базман, сібір татарларының диалектісінде басман “10-12 фунтқа тең” салмақ өлшемі. Осыған қарағанда ежелгі түркі тілдерінде bezіman¦ bedіman¦ betіman вариантында кездескен атаулардың прототипі санскрит тіліндегі parіman, parі-mana сөздері болуы мүмкін. Өйткені бұл сөздердің де мән-мағынасы өлшемге қатысты “пропорция, номер, баға, ұзындықты өлшеуге арналған, ұшында кірі (гир) бар жіп немесе таяқ” дегенді білдірген.
Ежелгі орыс жазбаларында Безменді белгілі бір салмақтың ауырлығына сәйкес араб, түркі тілдеріндегі Wlsne “таразы” мағынасын білдіреді деп беріледі. Батман сөзінің шығу тегі жөнінде Е.Н. Шипова өз еңбегінде Н.М. Шанскийдің пікірін келтіреді: “Батпан ежелгі орыс тіліне татар тілінен енген өлшемдік бірлік. Бату, ену, жоқ болып кету мағынасын білдіретін бат етістігіне есім тудырушы -ман аффиксінің жалғануы арқылы жасалған” [Шипова Е., 67].
Қорыта айтсақ, батпан атауы түркі тілдерінде салмақ өлшемі ретінде кеңінен қолданылған араб тіліндегі vaznan < ар.wasn “салмақ” мағынасын білдіретін кірме атау деген пікірмен қатар, Р.Г. Ахметьянов келтіргендей кейбір түркі тілдеріндегі “балды сақтау және балдың салмақ мөлшерін білдіру үшін ерте уақыттарда бүтін ағаш дінінен (өзегінен) жасалған ыдыс мағынасынан тараған ежелгі салмақ өлшемі” деген пікірлерді құптаумызға болады.
Жоғарыда талданған адым, аршын, қар, қарыс, елі, сүйем, батпан сияқты өлшем бірлік атауларының шығу төркіні туралы айтқанда, бұл атаулардың барлығы бергісі түркі тілдеріне ортақ болса, арғысы алтай семьясына жататын монғол, тұңғыс-маньчжур тілдеріндегі дене мүшелерімен, қимыл атауларымен, ыдыс-аяқ атауларымен байланысты. Ғасырлар бойы тілдің даму сатысында бұл атаулар бір тілден екінші тілге түрлі экстралингвистикалық себептермен ауысып, түрлі фонетикалық, лексика-семантикалық өзгерістерге ұшырағаны да белгілі болды. Аталмыш атаулардың шығу төркіні туралы айтылған пікірлер мен тұжырымдардардан бірізділік пен нақты фактілерден гөрі ғылыми болжамдар басым. Әйтсе де бұл өлшем бірліктері халқымыздың өткен тарихы мен ғасырлар қойнауынан талай мәдени мәнді мәліметтер беретіні ақиқат.
Тапсырма.
1. «Барлық заттар өлшемі - адамның өзі» деген Протогордың пікірін айғақтайтын тілдік фактілер арқылы өз ойыңызды қазақ тіліндегі ұзындық, биіктік, қалыңдық өлшем атаулары негізінде дәлелдеңіз.
2. Байырғы өлшем бірліктерінің қарапайым тілдік санадағы бейнеленуін ұлттық мәдениет тұрғысынан түсіндіріңіз.
3. Қазақтың байырғы өлшем бірліктерін алтай тілдері семьясына тән тілдер жүйесімен салыстыра отырып, ортақ универсалиялар мен ерекшеліктерін айқындаңыз.
4. Мәтіндегі өлшем бірліктерінің мағынасын түсіндіріп, тіркесімділікке түскенде қандай мағынаға ие болғанына талдау жүргізіңіз.
“Қай ұлттың болмасын өзіндік өлшем заңы бар. Қыпшақ өлшемдері де ешкімнен кем қалыспайды. Қазір қырман зекетін астық саудасын табақ, шараяқ, батпан, қап, қанар, құмыра деп өлшеп жүрміз. Бұл өлшемдердің ең кішкентайы көзе, пиялай, қадақ,мысқал болып келеді. Бұлардың бәрі кім көрінгеннің ойынша ала салынған өлшем емес, жылдар бойы қалыптасып, тәртіпке түскен өлшемдер. Мысалы, қыпшақтың бір мысқалы хорезм дирхемінің жеті бөлігі, яғни дирхемнің төрт жарымға бөлгенге тең алтын салмағы екені анық. Жер көлемін танап пен бап өлшемдері арқылы анықтаймыз”(Д. Досжанов, Жібек жолы).
Ақымақтан арқан бойы алыс жүр, Тұрлаусыздан тұсау бойы алыс жүр. Арқан бойы жердің, Тұсау бойы төтелігі бар (Халық ауыз әдебиеті).
Ашықта күн найза бойы көтерілмей, ормандағы көлеңке жарыққа жеңдірмейді (Б. Момышұлы). Азуы кере қарыс Малқарға қаршадай сені қарсы қойған (Ғ. Мұстафин, Дауылдан кейін). Оқу басталуына әлі бір жеті қалса да, Қасым жатақханадан қарыс аттам шықпады (Д.Исабеков, Таңд.).
Келесі күні таңертең князь Дуань бір адамды құрбандыққа шалғаны, бір басқан таңбасы үшін, бір үйір жылқыға, қоржын толы күміс жамбыға ие болып, Құлжаға қарай бет түзеді (Қ. Жұмаділов, Тағдыр,575).
ДӘРІС 9
Дата добавления: 2016-09-20; просмотров: 4441;