Соқпалы-шулы аспаптар.
Сақпан - қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының бірі. Сақпанды сілкіп ойнайды. Бүгіндері сақпанның «жаңартылған» жетілген түрі фольклорлық ансамблдерде пайдаланылады. Сақпан - тарихи деректен, қазба тарихтардан, ел арасынан кездескенімен түбегейлі зерттелмеген аспап. Оның сырт бейнесі сүйір доғалы «жалауға» ұқсас. Оның тілі болады. Сақпанды ағаш, темір құрсаулардан істеп, әшекей құймалар құяды. Сақпанның сабына қарай істелген «тілі» сабына тіреліп тұрады да, сақпан сабын оңға қарай сілке айналдырғанда тілі кедіргектей босап дыбыс шығарады.
Сақпан сөзінің этимологиясы беймәлім. Алайда «сақ» етіп дыбыс шығаруы, қақпандай «қабуы» сөздерінен сақпан аталуы мүмкін. Қазақтың арасына тас салып ататын бауы бар былғары қаруы «сақпыны» үйіріп-үйіріп лақтыратындықтан сақпан аспабының да сілкіленіп үйірілген ұқсастығынан сақпанға ұқсас аталуы ықтимал. Бұл мәселе де зерттеуді қажет етеді. Осы бір көне жойылып бара жатқан аспапты қайтадан жаңғыртып, қазақтың рухани этномәдени қорына қосу қажет.
Дудыға. Дудығаны ерте замандарда сарбаз басылары мен жеке батырлар қолданған. Аспап туралы «дудыға қағып, сырнайын тартып» немесе «дудыға сілкіп қағайын, дұшпанға ойран салайын» деп келетін эпикалық жыр-дастандарда айтылады. Аспаптың жалпы тұрқы сегіз қырлы, күмбезді етіп жасалады. Жасалу әдіс-тәсілі күрделі болғандықтан да ел арасында сирек кездеседі. Аспаптың шанағы тұтасымен шала иленген теріден жасалады. Теріні ұстап тұратын ішіндегі кергіштері қатты ағаштан орнатылып, оған шағын сылдырмақтар немесе ұсақ қоңыраулар тағылады. Шанақ сыртына еменнен жасалған ұсақ жарғақ қаққыш сәлпеншектер орнатылады. Ертеде оның сыртын асыл тастармен безендіріп жасалатыны туралы ел арасында айтылады. Аспапты шайқап, ырғақтатып, сілкіп ойнайды. «... Аспап атауы батырлардың ду-ду еткен шайқасты көрінісі мен «ду-дуға қосылды» деген ұғымнан туындаған», - дейді халық ескілігінің білгірі О. Қаймолда. Аспаптың белгілі зергер, қолөнер-шебері Д.Шоқпарұлы мен А. Хасенов 1981 жылы қалпына келтірілген жалғыз этнографиялық нұсқасы Халық аспаптар музейінде сақталған.
Дүңгір /дүңгірлек/. Қазақ халқында ықылым заманнан бері қарай жалғасып келіп бүгіндері бірен-саран сақталып қалған ұрма әуендік дәстүрлі аспабы. Дүңгірдің де бейнесі басқадай ұрма аспаптармен ұқсас. Әсіресе, даңғыра, кепшіктермен тектес. Алайда өзіндік өзгешеліктері бар. Даңғыраға ұқсаса жұқа «шөп терілерімен» қапталып, шеңбер дөңгелек ағашқа керілгенімен даңғырадай ішкі қабырғаларына «салпыншақтар», әртүрлі металдардан дыбыс берер темірлер ілгектеліп, бекітіліп ілінгенімен, дүңгірдің бет терісі жағынан емес, ішкі жағынан «қосу белгісіне» ұқсас ағаш тіреуіш қабырғаларын тірей қойылады. Мұның да өзіндік сыры бар, себебі «дүңгір» көбінде «бақсылық аспап» болғандықтан көне Түрік, тәңір діні бақсылық өнеріне сай «дүниенің төрт құбыласын» меңзеп тұрған бағыт болмақ. Дүңгірді «ұрмамен» ұрғанда, салпыншақтары қосылып нағыз дүңгірлеген әуен шығады. Бұл бақсы ойынына өте үрейлі әсер береді. Дүңгір кейбір топты аспаптарға «селт етпе» дыбыс қосатындықтан оркестрлерден де орын алса артықтық етпейді. Қазақ бақсылары дүңгірді көп қолданған. Содан да қазақта дыбысы күшті дүниелерді «дүңгірдей, даңғыр-дұңғыр, даңғыр-дүңгір, дүңгірлеген» десіп жатады. Дүңгір тектес аспаптар чуваштарда «қаңғыр», алтай, қалмақ, монғолдарда «дунгарга», қырғыз, туваларда «дүңгір», өзбектерде «дойра», ұйғырларда «дап» ретінде сақталған.
Дабыл - қазақ халқының соқпалы, ұрмалы музыкалық аспабы. Дабылдың дөңгелек шанағының бір бетіне жұқа дүңгірлек тері қапталады. Бүйіріне қайыс ілмек, бүлдіргі немесе ағаш тұтқа істеледі. Дабылды көшпелі өмір, тіршілік-тынысында, әртүрлі мақсаттарға пайдаланған. Бейбіт күндері аңшылық, құсбегілік, саят, серуен кездерінде аңды үркітіп шығару үшін және жаугершілік, соғыс уақыттарында әскерді жию, сапқа тұрғызу, қарсылас топтың үрейін ұшыруға, ойын-сауық, би өнері сияқты көптеген өмірлік қажеттілікке байланысты қолданған. Қазіргі кезде дабылдың жаңа түрін әртүрлі оркестр ойындарында пайдаланады.
Дабыл сөзінің түп тамыры, төркіні дауыл сөзіне ұқсас. Бұл мәселе жеке зерттеуді талап етеді. Дабыл аспабы – көшпелі түркі-монғол тайпаларына ортақ, бұл аспапты қырғыздар – дообұл, өзбектер – дауыл, татарлар – давул, әзербайжандар – тэбль, армяндар – доол, арабтар – табл деп атайды. Дабыл сөзін кейбір зерттеушілер арабтың табл сөзінен туындаған деген болжам да айтады. Біздіңше, бұл аспап көне түркі, ғұн дәуірінде қолданылғандықтан, көне түркілердің жел үнді, айбарлы деген сөзінен туындаған деп тұжырымдауға болады.
Шыңдауыл - қазақ халқының дәстүрлі ұрма аспаптарының бір түрі. Ол дауылпазға ұқсас болғанымен аспап «сүйегі», «қазаншасы» дауылпаздағыдай ағаштан емес, асыл, жұқа темір, металдардан істелінеді. Шыңдауылдың беті жұқа терілермен керіліп, кептіріліп жасалады. Шыңдауылдың сырт құрылысы темірден істелгендіктен күшті, «шаңқылдап» темірдің дауысына ұқсас шығады. Шыңдауыл атауы сол «шаңқылдаған» темірдің дауысына сәйкес айтылуы мүмкін. Көне түркілер темірді кейде «шың» деп те атап келгені жайлы деректер бар.
Ертеде шыңдауылдарды хан сарайына сақтап қойған деген мәлімет баршылық. Әртүрлі дәстүрлі мәдени, саяси шараларға қолданған. Шыңдауыл сөзінің «нақтылы дауыл», «шыңқылды дауыл» тағы басқа сөздерге ұқсас келуі мүмкін. Шыңдауылды әскери істерде кеңінен қолданған. Шыңдауылдың кейбір бейнесі темір дулығаға ұқсас келеді. Шыңдауыл - көшпелі мәдениеттен туындаған қазақи аспап. «Шың» сөзі табиғаттағы асқар таулар, биік шыңдар, олардан үнемі жаңғырып «шың дауысы» шығып тұрады. Содан да «шыңдауыл» атанған деген де болжам бар.
Асатаяқ - қазақ халқының байырғы музыка аспабы. Асатаяқтың ежелгі аспап болуының себебі бақсылық өнердің пайда болуымен тығыз байланысты. Бақсылар, абыздар, ел аралаған диуаналар сияқты ерекше дараланған адамдар ұстайтын болған. Асатаяқты олар қылқобыз, даңғыралардың үнімен ұштастырып ойнайтын болған. Асатаяқтың түрі көп. Олар көбінде істелу сипатына қарай бөлінеді. Оларға: «Жалпақ басты», «Жылан басты», «Қалақша», «Күмбезді», «Сопақша», «Аша басты», «Ай басты» тағы басқаларды жатқызуға болады. Асатаяққа сылдырлатып үн шығару үшін әртүрлі темір тектес салпыншақ, шығыршық, сақина, дөңгелек, ұзынша сылдырмақтар тағылады.
Асатаяқты сілкіп, ырғақтатып, жоғары-төмен көтеріп «шайқап» ойнайды. Таяқтай жерге түйіп ойнайтындары да болады. Асатаяқты жасағанда өте берік, жеңіл, дыбысты ағаштарды пайдаланады. Оларға қайың, үйеңкі, емен, доланаларды көп пайдаланса, мұндай ағаш жоқ жерде, самырсын, қарағай, терек, талдан да істейді. Асатаяқты қазақ халқы «киелі аспап» деп құрметтеп, биік, таза жерге қояды. Кей жағдайларда халық емшілігіне де пайдаланады.
Асатаяқтың орташа ұзындығы 50-77 см аралығында болады, басқы жақ ұзындығы 27-29 см-ге жетеді. Ал, кейбір ертедегі бақсы, диуана, шейхтардың «асатаяқтары» кісі бойынан ұзын болған. Бұл атаудың мағынасы - қос таяқ. Аса - арабтың «таяқ» мағынасындағы сөз, диуананың қолына ұстайтын сырлы, сылдырмақты ағаш. Екінші сыңарындағы таяқ түркі тілдеріндегі таяқ мағынасын білдіреді. Сонда асатаяқ - қос таяқ атауы екі сөздің бірігуі арқылы жасалған [Б.Сарыбаев, 148 б.].
Рлемелі аспаптар.
Керней. 1) «Мойнын ұзынша етіп, жезден жасалған үрлемелі музыкалық аспап» [ҚТТС., 4, 637 б.]; 2) «Керней (кер – сап, сапта тұру мағынасындағы көне сөз) – үрлемелі музыкалық аспап. Түрі – жіңішке жез түтік іспеттес, ұзындығы 3 м., үні өте күшті, әсіресе төменгі дыбыстарды жақсы шығарады. Керней Орта Азия халықтарында, кейбір Шығыс елдерінде көп тараған, әсіресе әскери музыкалық аспап ретінде қарсы алған кезде тартылатын болған. Қазіргі кезде керней Өзбекстан мен Тәжікстанда салтанатқа шақыру ретінде тартылады» [ҚМТС., 61 б.]; 3) «(кер – сап, сапта тұру мағынасындағы көне сөз, най сыбызғыға ұқсас ескі музыка аспабы) үрлемелі музыкалық аспап. Дыбыс шығаратын жағы қоңырауға ұқсас келген жіңішке жез түтік тектес, жалпы ұзындығы үш метр... Негізінен музыка аспабы ретінде (атой шақырушы, хабар беруші) Орта Азия мен Иранда кең тараған...» [ҚСЭ., 393 б.]; 4) «Керней – мойнын ұзынша етіп, жезден жасалған үрлемелі музыкалық аспап, (кер – сап, сапта тұру мағынасындағы көне сөз, най сыбызғыға ұқсас ескі музыка аспабы) үрлемелі музыкалық аспап.
Сырнай.1) «Ауызбен үрлеп ойнайтын, қурайдан, ағаштан жасалатын музыкалық аспап»; «гармонь» [ҚТТС., 8, 504 б.]; 2) «Ерте заманнан келе жатқан қазақтың үрлемелі музыкалық аспаптары өзінің жасалған затына, құрылысына қарай – саз сырнай, қамыс сырнай, қос сырнай, мүйіз сырнай немесе сырнай деп бөлінеді. Сондықтан сырнай жоғарыдағы аталған музыкалық аспаптарына қолданылатын жалпы атау. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қазақ арасына гармоника тарай бастайды. Ел ішінде гармонды «қағаз сырнай» немесе «сырнай» деп атап кеткен» [ҚТТС., 120 б.].
Құссайрауық.Өткен ғасырдың соңында Түркістан қаласының ашылып қалған ежелгі қоныс орнынан кездейсоқ табылған бұл аспап көне түрік дәуіріне (ҮІІ-ҮІІІ ғғ.) жатады.
Аспап табиғи саз, майда құм секілді заттардың қосындысынан қатты, тығыз етіп жасалған. Аспаптың үрлеу қуысына жақын және екі бүйірінде дыбыс ойықтары бар. Үрлеу қуысының салыну әдісі бұған дейін анықталған ұлттық үрлемелі аспаптарда кездеспейді. Аспаптың сырты кедір-бұдырлы, боялмаған табиғи қалпында. Күйдірілмей табиғи түрде қатып, тасқа айналған бұл аспап көк саздан (мергель) жасалынған. Дыбысы көне дәуірге тән бес дыбыстық (пентатоникалық) жүйеге тән.
Аспаптың этнотегін анықтауда оның ел арасында «сазсайрауық» (С. Сақалұлы (ІҮ)), Фарабидің сазсырнайы (К.Қарабдалов (Ү), «сайрамақ» (Ә. Марғұлан) сияқты атаулары болған және онымен байланысты болып келетін «ұшатын ән-құс» (Ш. Уәлиханов) жайында аңыздар жинақталды. Аспап сайрайтын құстардың үнін бере алатындықтан, жиынтық түрде құссайрауық аталады.
Бұғышақ - көшпелі түркі-монғол тектес тайпаларға тән, үрлемелі аспап. Бұл аспап өте ерте дәуірден бері қарай келе жатқан құрал. Оның бір сыры – аңшылық құрал болуы. Бұғышақты көбінде «қуыс мүйізден» жасайды. Бұған бұғы, марал тағы басқа аңдар, кей жағдайда мал мүйізін пайдаланып келген. Мүйіздің ішін үңгіп, сүйір үрлейтін жағына дыбыс шығаратын «тілше» салады. Ұзындығы 28-30 см-ге жетеді. Бұғышақтан шыққан үн, дыбыс бұғы, маралдың үніне ұқсас. Бұғы, маралды шақыру яғни «шақырып ату» әдісіне пайдаланады. Алайда аңды алдап атудан «сескенетін» және ырымдайтын тайпалар тек бір-екі рет ғана қолданады. Бұл аспапты бұғы сыбызғы, бұғы шақырғыш деп те атайды. Алтайлықтар мен тува халқы абырғы десе, хақастар пырғы дейді. Бұғышақ монғол тектес тайпаларда да көп сақталып қалған. Абырға сөзі монғолша «сүйіктім» деген мағынаны білдіреді. Олай болса «бұғының сыңар сүйіктісінің» даусына салып шақыру бұғышақтың «абырға» атануы осымен байланысты болса керек.
Желқобыз -қазақтың көне музыкалық аспабы. Желқобыз туралы зерттеулер өте аз кездеседі. Желқобыз сөзі кейде желқабыз, жел-ғыбыз, желбуаз, желқобыз түрінде дыбысталады. Аспаптың желқобыз, желбуаз атауларына келетін болсақ, ол желғабыз – балықтың жүзуіне қажетті үрген қарын тәрізді зат, торсылдақ [ҚТС., 227 б.] деген мағынаны білдіреді де, түбірі ортақ қобыз (қоб – қаб) сөзінің бір варианты болып саналады, ал буаз сөзі аяғы ауыр әйелдің, не буаз малдың қарнына балаудан туындаған бейнелі атау. Н.Тілендиев «Отырар сазы» оркестріне қосып дыбыстандырған бұл аспап желбуаз деп аталған екен. Кейіннен бұл атау желқобыз вариантына ауысқан.
Дата добавления: 2016-09-20; просмотров: 4779;