Ыспалы-шертпелі аспаптар.
Дәстүрлі музыкалық аспаптардың ішінде ыспалы-шертпелі аспаптардың сипаты, заты және жасалу әдіс-тәсілдері жалпы түркі тектес халықтардың көпшілігіне ортақ. Уақыт керуеніне сай олардың бүгінге дейін жетіген, қылқобыз, нарқобыз, егек, бозаншы секілді бірнеше үлгі-нұсқалары бар.
Ыспалы аспаптарға тағылатын ішектер жылқының жал-құйрығынан алынады. Таулы аудандарда бағылатын жылқылардың жал-құйрығы қайратты, әрі ұзын болып келеді. Ертедегі шеберлер мен қобызшылар қылды жылқылар табында жүрген жерінен көктемнің соңына қарай күзеп алатын болған. Себебі, тірі жылқы қылының тартылыс күші көп, энергиясы мол болып келеді. Сол үшін де қылдан шыққан дыбыс магиялық әсерге толы болып, дыбысы ашық, зарлы, күшті болып келеді. Ұзақ сақталған, суда, ылғалда жатып қалған қылдың энергиялық тартылыс күші жойылады. Сондықтан да қобызшылар ыспалы аспаптарға өлген жылқының қылын пайдаланбайды.
Қобыз. Қазақ тілінде бір ғана қобыз атауынан туындаған қобыздың 5 түрі бар. Бұл аспаптардың жалпы атауы (қобыз сөзі) ортақ бола тұрса да, олардың өздері бір тектес емес, әр текті болып келеді. Қазақ тіліндегі қобыздың түрлерін білдіріп тұрған – қыл, жел, шаң, жез, нар анықтауыштары қобыз атауына тікелей қатысы жоқ, тек олардың материалдық негізі мен сырт тұлғасын ғана білдіріп тұрған сөздер. Қобыз атауының төркінін анықтауға байланысты академик Ахмет Жұбановтың екі пікірі бар. Біріншісі: «Бірқатар халықтарда қобызға аты ұқсас, қомуз, коус, кобза, ағаш комус деген аспаптар бар. Қобыз негізінде ұзақ замандар бойы бақсының қолында болған. Сондықтан қазақ тілінде кездесетін кейбір сөздерге қарағанда қобыз бақсының өзін білдіретін сөз болуы да мүмкін. Мысалы, қобыз қ- дыбысы түсіп қалып, обыз, келе-келе об, аб-қа айналып, абыз болып кетуі мүмкін. Қазақта бұрын сәуегейді, бақсыны абыз деген. Ру құрылысында ру басы да абыз аталуы мүмкін. Қобыздың бақсы қолында негізгі қару болғаны жөнінде орыс этнографтары көп жазып кеткен. Олар қобызды өгіз мініп, ел кезіп жүрген диуаналардың қолынан да көрдік» дейді.
Осы айтылған пікірдің екінші нұсқасы төмендегіше баяндалады: «Қазақтың қобызы скрипка сияқты смычокпен тартылатын инструментке жатады. Ол татарда, башқұртта қобыз деп аталады. Бірақ олардың қобыз дейтіні – темірден жасалған, атқамыт сияқты, бір жағын ауызға салып қойып, үнін ауызбен ретке келтіріп отыратын бір нәрсе. Қырғыздарда қомыс деп біздің домбыра тәрізді, бұдан айырмашылығы тек пернесі жоқ инструментті атайды. Қобыз дейтін инструмент Украина елінде де бар. Олар мұны кобза дейді. Украина кобзасын ескі оқымыстылар шығыстан келген, түрік, монғол елінен үйреніп алған, содан жұққан нәрсе».
Қобыз сөзінен басқы қ дыбысы түсіп қалғанда, о-ның орнына а- дыбысын қолданғанда абыз болады. Қазақта ескі кездегі шамандарды абыз деп атаған. Ру құрылысы дәуірінде олар ру бастықтары болғандықтан, рудың ақсақалы, үлкені болғандықтан, абыз сөзі барлық үлкендердің аты болып кеткен. Әйелдің үлкенін де қазақтар – абысын, татарлар – абызтай, ағаны – абзи дейтіндері сол абыз ұғымынан шыққан сөздер», - деп көрсетеді автор [А. Жұбанов, 17-20 бб.].
Музыка аспаптарын зерттеушілер арасында қобыз атауының қамуз//қамус вариантына байланысты, көне түркі тілдеріндегі шаман дініне байланысты қала түбірінен топтастыру дәстүрі де бар. Қашғари, Жүсіп Баласағұн еңбектерінде дам деген сөздің – шаман деп, не соның (с различными оттенками значения; врачеватель, исцелитель, прорицатель, предсказатель, заклиннатель, кудесник, тародей, маг, волшебник, колдун) өте кең мағыналы баламасы деп қарау да бар [ДТС., 413 б.]. Бірақ бұл жоба да әлі анықтай түсуді керек етеді.
Қобыз атты музыкалық аспаптар туыстас түркі және басқа халықтарда да кездеседі және олар түбірі бір бола тұрса да, сыртқы тұлғасы бөлектеу болып келеді: қобыз//қомус//қобыз//қумус//қомыс//қобыж т.б. Бірақ пайымдап қарасақ, бұл атаулардың барлығы бір ғана ортақ гомогенді ілкі түбірден тарағанын көруге болады. Ол ортақ бір буынды түбірді – қом//құм//қоб//құб тұлғаларда қалыптасқан моносиллаб болып табылады. Бұл түбір қазақ тілінде, сондай-ақ басқа тілдерде бүгінгі таңда өзінің жеке-дара қолданысы ең дербес мағынасын сақтаса да (тілімізде мұндай ескірген түбірлер өте көп), көне және орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілінде әр алуан этимологиялық варианттарда және бәріне ортақ «іші қуыс ыдыс», «кеуек зат» деген мағынасында кездесетіні белгілі.
Ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде қобы, кейде қовы тұлғалы сөздер қазіргі тіліміздегі қуыс, бос мағыналарын берген [ДТС., 451]. Демек аталған ортақ мағынада (қуыс, кеуек) кездесетін, бірақ сырт тұлғасы түркі тілдеріне тән фонетикалық заңдылық бойынша сан құбылып өзгерген: қау [gaw] – қауға, қауыз//құу [guw] – қуыс, қуық//қап [gap] – қабық, қапшық, кеу [key] – кеуек, кеуілжір, қоп [gop] – қобы, қабық, қобыз т.б.
Осы түбірлерді негізге ала отырып, түрлі жұрнақтар жәрдемімен сол кездің өзінде іші қуыс ыдыстарға кова (шелек, күбі мағынасында) сияқты атаулар берілген [ДТС., 461 б.]. Ұлттық сипаттағы музыка терминдерін зерттеген Т.Б.Жаубасованың пікірі бойынша, қобыз атауы осы аталған ілкі түбірлердің [w-m-p]– дыбыс алмасуы негізінде қалыптасқан этимологиялық гомогенді нұсқалардың ең соңғы [қоб] тұлғасынан туындаған атау.
Бұл атау көне түркі жазба ескерткіштер тілінде әртүрлі нұсқаларда кездеседі. Мысалы, gamic «черпак, ковш», gamis«тростник», «камыш»; gapag«покрышка, крышка», gap «оболочка плодного пузыря», gapcug «мешочек», gabucag «дупло», gabag «тыква», gaban «блюдо, поднос», gavug «мочевой пузырь», gobuz «комуз, музыкальный струнный инструмент», gobsa «играть на комузе» [ДТС., 450 б.].
Қобызатауының шығуы – оның ішін қуыстап жасалуымен әрі ұқсатудан туғандығына тағы бір деректі якут, тува тілдерінен кездестіреміз: якуттарда – хомуос, тува тілінде – хымыш тұлғалы сөздер «ожау», «шөміш» мағыналарында қолданылады [ЯРС., с. 496]. Осы аталған ыдыстың түр-тұлғасын сипаттасақ, бас жағы қуыс, үңгіп жасалған, сабы ұзын, жіңішке. Сырт қарағанда – айнымаған қобыз. Ең алдымен ыдыс (ожау) атауы, соған ұқсатудан қобыз сөзі шыққан. Түркі тілдерінен ауысқан болса керек, осыған сәйкес музыкалық аспап тунгус-маньчжур тілдерінде де камус болып дыбысталады [ССТМЯ., І, 372]. Қобыз атауының пайда болуына негіз боларлық сөз жүйесі басқа тілдерде де ұшырасады. Мысалы, парсы тілінде кәбус тұлғасы «қисық, иілген» іспеттес мағыналарда айтылады [РПРС, 307]. Қобыз тұлғасының иіліп, қисық көрініп тұратыны да бекер емес. Демек, біздің пайымдауымыз бойынша, қобыз атауы о баста музыкалық аспаптың шанағының сырт тұлғасына байланысты «іші қуыс шанақты аспап» деген уәж негізінде қалыптасқан.
Қобыз атауының көптеген этимологиясының ішінде біздің ұсынып отырған жобаға жақыны - қырғыз ғалымы К.Сейдахметовтың пікірі. Ол өзінің «Қырғыз тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде»: «Комуз байыркы түрк тилинде кобы сөзү «көндөй» маанисин берген. Ына ушул сөзгө - з мүчөсу жалгануудан кабыз сөзү келіп чыккан. Жалкы сөзүне – з мүчөсү уланып, кайра эле аға мааниси бирдей болгон жалгыз сөзү жасалған сыяктуу кобы сөзүнөн жасалған кобыз да ошондай эле аани берген», - деп көрсетеді [К. Сейдахметов, 46 б.]. Бұл жердегі кобыз сөзі де «іші қуыс» деген мағынаны білдіреді. Қобыз аспабы халық арасына кең таралған құндылықтардың бірі. Оның мақал-мәтел, қанатты сөз, жұмбақ нысаны ретінде жиі кездесуі де осыған байланысты. Қобыз табиғатын мақалдап-мәтелдеп бейнелеу, жұмбақтап, астарлап таныстыру, сайып келгенде оларды қарапайым қалың жұрттың жетік танып-білуінің бір белгісі.
Қобыз – көптеген түркі халықтарында кездесетін қос ішекті музыкалық аспап. Ертеде бұл аспап жыңғыл, үйеңкі секілді мықты ағаштан ойып жасалған. Қобыздың шығаратын үні адам дыбысына ұқсас. Бақсы-балгерлер оның осы ерекшелігін халықты көк тәңірімен сөйлестіретін құрал деп нандырған. Қобыз жайындағы алғашқы деректер біздің заманымыздан 3 мың жыл бұрын белгілі болған. Қобызды біздің заманымыздың 5-8 ғасырда тасқа қашалған таңба суреттерден көруге болады.
Қобыздың сыртқы түрі адам денесіне ұқсас. Оның мойны, басы мен құлағы, тостағанша дөңгеленіп келген беті, оны қаптаған сірі шанағы болады. Оған жылқы қылы тағылады. Осыған байланысты қылқобыз деп аталып кеткен. Қылқобыз қыл керілген ысқы арқылы тартылады. Жауға ат қояр кезде нарқобыз сарыны естіледі. Нарқобыз – жорыққа шыққанда қолданылған аспап. Ол батырларға күш-жігер беріп, ерлік істерге рухтандырып отырған. Ерте дәуірде барлық жырлар қобыздың сүйемелдеуімен айтылған. Шоқанның көрсетуінше, қобызбен жыр айтқан ең соңғы жырау – Жанақ. Бертін келе қобыз сарыны шертпе күй дәстүрінің тууына елеулі ықпал еткен. Оның үн-әуенін домбыраға түсіргендердің бірі – Сүгір.
Жетіген.1) Жетіген – жеті қыл ішегі бар, байырғы музыкалық аспап [ҚТТС, 4, 113 б.]; 2) Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан шертпелі музыка аспабы. Жеті – ішектің санын көрсетсе, аған – арабша «ән» деген сөз, яғни жеті әндететін ішек мағынасында болуы керек деседі. Түркі халықтарында жетіген сияқты шертпелі музыкалық аспаптың бар екендігін чадаган (тува), чатхан (хакас), етіган (татар) атауы дәлелдей түседі. Ерте кезде жетігенді тұтас ағаштан астау тәрізді ойып жасаған» [ҚМТС., 51-52 бб.]; 3) Қазақтың байырғы шертпелі аспабы, ертедегі нұсқасы тұтас ағаштан астау тәрізді ойып жасалған. Ойылған жағы ашық тегіс бетінде жеті қыл ішегі бар. Содан жетіген аталған. Тиек орнына асық қойылған. Орындаушы сазына қарай тиектерін (асықтарын) әрлі-берлі жылжытып, күйдің орындаушылық қасиетіне келтіретін болған...» [ҚСЭ., 428 б.];
Жетіген аспабының шығу тарихы туралы халық арасында тамаша бір аңыз болғанын этнограф-зерттеуші А. Сейдімбек былай дәйектейді: «Ерте заманда бір көпті көрген қарттың жеті ұлы болыпты. Жетеуі де елге қорған, жұртқа пана болған аптал азаматтар еді дейді. Ол бір жаугершілігі көп, тынышсыз заман болса керек. Күндердің бір күнінде ала өкпе болып, жаушы жетіп, ел шетіне дұшпан әскерінің тұяқ іліктіргенін хабарлайды. Содан көне көз қарттың жеті ұлы мұздай сауыт құрсанып, жаудың алдын алуға ұмтылады. Қанды шайқаста жаудың бетін қайтарып асқан ерлікпен жеті жігіт қаза табады. Қаралы хабар әкеге жетеді. Жеті боздағынан бірдей айырылған қарттың қайғысында шек болмайды. Еш жұбаныш таппай, жаны мүжіле береді. Арада айлар күндер өтсе де, жеті ұлының бейнесі көз алдынан кетпей, жанын жегідей жеумен болады. Содан жеті ұлының рухына арнап бір аспап жасайды, оған жеті ішек тағады. Бұл аспаппен жеті баласының қылық қасиетін елестете отырып жеті түрлі күй шығарады. Сол жеті күйді перзентіндей тербетіп, қалған өміріне жұбаныш етеді. Жетіген аспабы осылайша дүниеге келсе керек. Ал қарттың жеті ұлына арнап шығарған жеті күйі ел ішінде «Қарағым», «Қанат сынар», «От сөнер», «Бақыт көші», «Күн тұтылды», «Құса», «Төралым» деген атпен тараған [А. Сейдімбек,191 б.].
Бозаншы -төрт қыл ішекті, мойны ұзын, шанағы шөміш тәрізді, пернесі жоқ ыспалы аспап. Ертеде түрік халықтарының көпшілігінде қолданыста болған бұл аспап атымен «Кіші жүз Әлім ішіндегі Кете руынан тарайтын ру аты – Бозаншы аталады (ҮІІІ)». әл-Фарабидің еңбектерінде осыған ұқсас аспап суреті сақталған және бұл асапапты ғұламаның өзі жасағаны туралы айтылады. Зерттеуші Ә.Дәулетхан осыған ұқсас келетін аспап туралы: «Мойны түзу, іші қуыс дөңгелек, жарты кеспекке ұқсайды, төрт ішекті, түбі бір ғана тіреуге тірелген» - деп, қытай тарихшылары қалдырған деректерден мәлімет береді [Ә. Дәулетхан, 67-70 бб.].
Тапсырма.
1. Қазақ ұлттық музыкалық аспап атауларын лексика-семантикалық топқа топтастыруда негізге алынған лексика-семантикалық белгілері бойынша сипаттаңыз.
2. Прецендентті мәтіндерден ұлттық музыкалық аспап атауларына қатысты тіл біріктерін жинастырып, сол материалдарды (мәселен, қара домбыра, домбыраның қоңыр дауысы, қоңыр қобыз, үкілі домбыра, кеуде қобыз т.б.) ұлт мәдениетін, ұлт дүниетанымын, ұлттық психология мен символиканы бейнелеудегі мәнін түсіндіріңіз.
3. Мәтіннен асты сызылған сөздер мен сөз тіркестеріне компонентті талдау жүргізу арқылы осы контексте қай семалық бөліктің актуалданып тұрғандығын дәйектеңіз: Сөзді Асан қайғы енді Қотанға берді; қарт жырау қара күйектеніп кеткен кәрі қобызын ботасы өлген інгендей боздатып, қарлыққан кәрі даусымен асқақтата жыр төкті (І. Есенберлин, Алмас). Қобызшы қалтасынан бір түйір шайырды алды да, қос қыл ішек пен қолындағы ысқыш шыбықтың адырнасын ысқылады (Ә. Көшімов, Қысталаң). Кеудесі қобыздың шанағындай иір. Одан былайғы қобыз кеудесі мен бүкіштеу біткен белі талмастан, ұзаққа жүгіруге жаралғандай (А. Сейдімбеков, Ақиық). Қорамжан қамшысын домбыраша көлденең ұстап ыңғайлана берді. (Ж. Жұмақанов, Солдат). Өзі ештеңе білмеген соң, «бір жерден жазалы болып қалам ба?» - деп, жоғары орыннан келген қызметкердің көрінгенінің қобызында ойнайтыны сол (С. Дөнентаев. Шығ.).
4. Жалпытүркілік қабатқа тән музыкалық аспап атауларын уәждемелік талдау жүргізу арқылы олардың сол туыс тілді этностармен ұқсас, ортақ жақтары мен өзіндік ерекшеліктерін айқындаңыз.
ДӘРІС 13
Дата добавления: 2016-09-20; просмотров: 4854;