Лт мәдениетіндегі ономастикалық кеңістік
Әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе емес, ол – этномәдениеттің көрсеткіші. Тілдің қызметі тек қана коммуникативті-прагматикалық емес, этномәдени ақпараттарды сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, бүтін ұлттық тұтастықты жинастырушы болып табылады. Сөздің кумулятивтік және коммуникативті-прагматикалық әрекетке түскенге дейінгі бастауын номинациядан алатыны белгілі.
Жалпы адамдар өздерін қоршаған заттар мен құбылыстарға танымдық тұрғыдан ат қояды. Бұл процестің өзі ат қоюшының сол нысанға көзқарасына, қарым-қатынасына тікелей байланысты болады. Тілдегі номинация ғылымының ұстанымы нысанның қасиеттерін, оның басқа нысандарға қатыстылығын, ат қоюшы қоғамның әлеуметтік–экономикалық, саяси жағдайларды, адамдардың наным–сенімі мен психологиясы секілді тілдік емес факторлардың әсерін ескеретін әмбебап категория ретінде танылады.
Аталым актісіне үш компонент қатысады: ат беруші, таңбаланушы, таңбалаушы. Осылардың нәтижесінде олар өзімізді қоршаған дүниедегі заттар мен құбылыстарды білдіретін көптеген атаулар қалыптасады. Кез келген ат қою шығармашылығы номинацияның себебін, дәлелін, уәжін болжайды. Атау уәжі дегеніміз – бақылау мен зерттеуде атаудың түрлі типтерінде түрлі дәрежеде қолайлы себеп–салдар байланыстарының кешені [Ж. Манкеева, 78 б]. Затқа алғаш рет ат қойғанда адам ассоциацияға арқа сүйейді. Ассоциация – адамның танымдық ойлау жүйесінің бір көрінісі. Атау заттарға қызметі мен ассоциативтік ұқсастығына байланысты беріледі. Сондықтан әрбір пайда болатын зат ат тағылатын заттың қасиеттерімен уәжделеді.
Номинация теориясында ақиқат дүниенің мәдени ақпаратын танытатын әрбір лингвомәдени бірлік дүниенің тілдік бейнесін айқындаушы лингвомәдени көрсеткіш ретінде қарастырылғандықтан, онда ұлттық таным, ұлт менталитеті, ұлттық мінез, өмір салты, әдеп-ғұрпы, құндылықтар жүйесі, дүниеге көзқарасы, түйсігі, сана-сезімі көрініс табады. Бұл жүйе әсіресе қазақ тілінің ономастикалық жүйесінде ерекше көрініс береді.
Балаға ұнамды, өмірге жарасымды ат қою - ертеден келе жатқан этномәдени дәстүр, дағдылы әдет. Бұл жөнінде қазақ есімдерінің қойылуы мен қалыптасуы туралы құнды деректер де аз емес. Ата-бабалардың есімдерін атап, олардың жақсылықтарын мадақтап, ұрпақтан-ұрпаққа тарату дәстүрі әлеуметтік өміріміздің этномәдениетінің маңызды бөлігін құрайды.
Бұл жөнінде В.А.Никонов деген ғалым: «Кісі аттары - әлеуметтік таңба. Өйткені ол аз болсын, көп болсын әлеуметтік мәнеге ие», - деп антропонимдердің әлеуметтік табиғатын баса көрсетеді [В. Никонов, 37].
Кісі есімдерінің тосыннан пайда бола қоймағаны халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген өмір жолында табиғат пен аңға, құсқа сыйыну, ай мен күйге табыну, хайуандардан ит, қасқыр, бұқа сияқтыларды тотем ету – бәрі кісі есімдерінің әлеуметтік сипатын айқындайды. Мәселен, дана халқымыз ұл бала мен қыз балаға ат қоятын кезде өз заманына сай көптеген культтік мәселелерді ескеріп отырған. Ұл бала ата жолын қуатын, отбасын асырайтын, табиғатынан қыз балаға қарағанда мықты, күші көп келетін болғандықтан, олардың есімдерін «қасқыр, жолбарыс, арыстан, бөрі» және де «бек, бай, мырза, болат, ер» т.б. сияқты сөздермен тіркестіріп қоятын болған. Мысалы, Арыстанбек, Жолбарыс, Бөрібай және т.б.
Қыз бала ұл балаға қарағанда табиғатынан нәзік, әдемі, сыпайы келетіндіктен, халқымыз Айгүл, Еңлік, Қалампыр, Бұлбұл, Күнсұлу сияқты қыздардың есімдерін гүлдермен, әдемі құстардың атауларымен, ай, күн сөздерімен тіркестіріп ат қоюды дәстүрге айналдырған.
Қазақ халқының көне заманнан бергі кәсібі мал шаруашылығы мен егіншілік болған. Осыған орай халықтың мәдениеті мен тұрмысына, мал мүліктері мен әсем табиғат атауларына байланысты балаға ат қою дәстүрінің ертеден келе жатқаны мәлім. Әсіресе, қымбат тастар мен материалдарға байланысты Алтын, Күміс, Болат, Меруерт, Маржан сияқты қойғанын да анық байқаймыз. Бұлай есім берудің ұлттық этномәдени ерекшелігі біздің халқымызың когнитивтік санасында әлі күнге дейін сақталған.
Қазіргі кезде көптеген ата-аналар балаға ат қоюға ерекше шығармашылықпен қарайды. Алайда олардың ішінде бірен-саран мағынасы түсініксіз есімдер кездеспей қалмайды. Біздің халқымыз ұнамсыз қойылған есімдерді бұрын да сынап-мінеп отырған. Ұлы Абай адам атының айтықты, мағыналы, әрі әсем болуына мән беріп отырған екен. Оған М.Әуезовтың мына бір сөзі дәлел: ”Бір жылы Семейде Шорманның Мұсасы кездескенде Құнанбай одан балаларының жайын сұрайды, сонда ол Сәдуақас деген баласының атын атағанда жанында тұрған Абай; Сағат бен Уақас әкелі-балалы екі кісінің аты ғой, оны бір кісіге қойғаны несі екен" депті
[Т. Жанұзақ, 83].
Антропонимдерге тағы бір тән қасиет заман өзгеріп, жаңа ғылым мен техниканың, ақпаратты технологияның дамып өрістеуімен байланысты адам есімдері де жаңарып, өмірге жаңа есімдер келіп жатады. Қазақ тіліндегі есімдер қатарын шет елдерден енген есімдер, әсіресе араб, парсы, монғол, орыс, татар, түркімен сияқты көрші халықтардың тілінен енген кісі аттары да осындай заманауи әлеуметтік мәселелерден бастау алса керек.
Сәбиге ат беруде халқымыздың ежелгі дәстүрін орынды пайдаланып, есімді таңдап ала білуіміз керек. Араб, парсы, монғол, т.б. тілдерінен енген есімдердің бәрі бірдей қалың оқушы қауымға түсінікті бола бемейді. Осы қауымның өзі иемденіп жүрген араб, парсы, монғол тілдерінен қойылған есімдердің мағыналарын біле бермейтіні хақ. Мысалы, қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бастапқы төл есімі араб тіліндегі Ибраһим. Бұл атау араб тіліне дейін еврей тілінде Авраам болған екен [Т. Жанұзақ]. Бұл тілдерден енген есімдер тіліміздің дыбыстық заңына сәйкес өзгеріске түсіп, бастапқы тұлғасынан айырылып, алуан түрлі формада айтыла береді. Мәселен, араб тіліндегі Мохамед Махамбет, Мұқамет, Мәмет, Махымет, Мәмбет, Мақаш, Мақыш; Әбдірахман Әбдірақыш, Әбдірақ, Әбіш, Әбхан, Әбен, Әбдіраш және т.б.
Жалпы қазақ тіліндегі антропонимдік атауларды лексика-семантикалық мағынасына қарай төмендегідей тақырыптық топтарға бөлуге болады.
1. Төрт түлік малға байланысты атаулар:
а)Түйеге байланысты есімдер: Түйебай, Түйеші, Бура, Бурабай, Нартай, Атантай, Бота, Ботакөз, Ботабек, Тайлақ, Түйебақ;
ә) Жылқыға байланысты есімдер: Жылқыбай, Жылқышы, Жылқыбек, Жылқайдар, Құнанбай, Дөнентай, Сартай, Қаратай, Тұяқбай, Дөненбай, Торайғыр, Жабағы, Құлымбет, Құлыншақ, Тайбөрі, т.т.;
б)Қой,ешкіге байланысты есімдер: Қошқарбай, Аққошқар, Аққозы, Ақтоқты, Қозыбағар, Қойшыман, Қойшықұл, Қозыбақ, Қойбағар, Қойшыбек, Қойайдар, Ешкібақ, Серке, Бұзаубай, Танабай т.б.
2. Туған жеріне байланысты есімдер:
Ахмет Яссауи (Яссы қаласында туған), Баласағұни Юсуп (Баласағұн қаласында туған). Жамбыл, Баян, Сырымбет, Асыбай, Түргенбай, Талғарбек, Ілебай, Ертіс, Нұрабай, Есілбай, Алтай т.б. (бұл жерлерде тумаса да осындай аттар қойыла берген).
3. Туған мезгіліне байланысты атаулар:
а) күн аттарымен байланысты есімдер: Дүйсенбай, Сейсенбай, Сәрсенбай, Бейсенбай, Сембай, Жұмабай, Жұма, Жексенбай, Жексен, Жексенбі, Сәрсенбек, Сәрсенбі, Дүйсебай, Жұмахан, Жұматай, Жұмабек, Жұмағазы, Бейсенғали, Сәрсенғали, Сәрсекей, Сейсенбек, Сембі т.б.
ә) ай аттарымен байланысты есімдер: Наурызбек, Мамыр, Маусымжан, Шілдебай, Қазанқап, Ақырап, Қантарбай (ноябрь), Ақпанбет.
б) жыл аттарымен байланысты есімдер: Қоянбай, Тышқанбай, Жылқыбай, Барысбек, Түйебай, Жыланкөз, Итбай. Бұл аттар бала осы көрсетілген жылдарда туса қойылатын болған.
4. Мінез-құлық, көрікке байланысты есімдер:Жібек, Нұрсұлу, Айсұлу, Жомартбай т.б.
5. Діни ұғымға, ескі сенімге байланысты есімдер:Омар, Оспан, Ахмет, Мұхамбет, Әли, Ыдырыс, Иман, Хожа, Нияз, Сұлтан, Сүлеймен, Ысмайыл, Ыбырайым, Жақып т.т. Мұндағы Сүлеймен, Ысмайыл, Ыдырыс, Ыбырайым сияқты аттар Библей патриархтарының аттары.
6. Жануарларға байланысты есімдер:Қасқырбай, Арыстан, Жолбарыс, Аюбай, Түлкібай, Бұғыбай, Қарсақ, Бөкен, Бөкенші, Бөкенбай, Арлан, Бөрібай, Құланбай, Құлатай, Қоянбай, Құндыз, Күшікбай, Бөлтірік, Көжекбай т.б.
7. Құстарға байланысты есімдер:Бүркітбай, Қаршыға, Қарлығаш, Лашын, Торғай, Бөдене, Шымшық, Тұрымтай, Үкібай, Сандуғаш, Құралай, Тұйғын т.б.
8. Өсімдіктер дүниесіне байланысты есімдер: Талдыбай, Талшыбық, Гүлжан, Гүлназ, Балдырған, Анаркүл, Алма, Алмакүл, Өрік, Мейіз, Миуа, Алуа, Бидайбек, Бидайшы, Арпабай, Күрішбек, Алмабай, Алмабек, Пішенбай, Орманбет, Орманшы, Жидебай, Жыңғылбай, Аршабай, Сабанбай, Қызғалдақ, Қырмызы, Қайыңбай, Ырғайбай т.б.
9. Жәндіктерге байланысты атаулар: Балықбай, Сазанбай, Шортанбай, Мекребай, Жыланкөз, Масабай, Сонабай, Жайынбай т.б.
10. Астрономиялық атауларға байланысты есімдер:Шолпан, Шолпанқұл, Шолпанбек, Зура, Мүштәри, Үркербек, Айман, Айтолы, Айтуар, Күнай, Күнтай, Жұлдыз, Күнбек, Жетіген, Айдай, Айсұлу, Күнжан т.б.
11. Жер-су аттарына байланысты еcімдер: Ертіс, Есіл, Орал, Жамбыл, Баян, Сырымбет, Әндіжан, Мәдина, Шалқарбай т.б.
12. Түрлі заттарға байланысты есімдер: Ошақбай, Қазаншы, Қазан, Шыныбай, Бәкі, Шотбай, Орақ,Қайшыбай, Тұтқышбек, Киізбай, Жәндібай, Орындық, Пілтебай, Сүмбебай, Күркебай, Қорабай, Отарбай, Әйнек, Шәйнек, Сырғалы, Сырғабай, Отыншы т.т.
13. Сан есімге байланысты есімдер:Біржан, Біржамал, Бірке, Үшкемпір, Төртбай, Бесбай, Бестай, Алтыбай, Жетібай, Сегізбай, Тоғызбай, Онба й, Отызбай, Қырықбай, Елубай, Алпысбай, Жетпіс, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай, Мыңбай т.б.
Тіліміздегі кейбір атаулардың семантикалық табиғатына тоқталатын болсақ:
Азамат – ар., 1) ұлылық, даңтылық; 2) ер жігіт; 3) саналы адам;
Айбек– Айдай берік, мықты әрі тұрақты, беделді болсын деген тілекпен қойылған;
Айгерім – ай және керім сөздерінен жасалған біріккен тұлғалы қыз есімі. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы негізгі кейіпкердің лақап есімі. Автор тарапынан Шүкіман деген сұлу қыздың аса сұлу, нұрлы бейнесіне таңданғандықтан қойылған есім. Қыздың асқан көркі мен сұлулығына, әдепті жүріс-тұрысына қызығып: Әй, керім! Ай, герім! деп таңдануынан Айгерім аталып кеткен;
Айжан – қаз.(ай), ар. (джон). Ай сияқты мәңгі ұзақ өмірлі болып, көп жасасын деген тілекпен қойылған;
Айзада – қаз., ир., зада – перзент, бала; Айдай перзент бала;
Айсәуле – екі сөзден құралған қыз есімі. Айдың сәулесі сияқты жарық болсын деген үмітпен қойылған есім;
Айсұлу – екі сөзден құралған қыздың есімі: Ай сияқты сұлу, көркем болсын деген тілекпен қойылған көне тұлғалы, дәстүрлі есім;
Алмас – ең асыл, ең қатты тас. Бала өткір, алғыр болсын деген тілекпен қойылған есім;
Ақмарал – бұл есім еркіндікте, тамаша табиғаттың қойнауында жүрген сұлу, паң аңды қажет тұтумен байланысты қойылған;
Ақжарқын – ашық жүзді, көңілді, шат-шадыман. Бала ақ көңіл, жарқын жүзді, батыл болсын деп қойылған.
Аман– ар., сау, есен, саламат. Бұған тай, ғали, бай сияқты сөздер қосылып Амантай, Аманғали деген сияқты біріккен тұлғалы есімдер;
Арман– ир., мақсат, тілек, мүдде. Еркелету тұлғасы: Арманжан, Армантай, Армаш;
Арай– таң шапағы, шұғыла сәуле;
Асқар – 1) ең биік, сеңгір тау, қарлы биік тау; 2) халықтың ең жоғарғы тірегі, сүйеніш белі;
Асыл – ар., 1) негіз, түбір, ақиқат, нағыз; 2) ардақты, қымбатты, бағалы;
Әбдіқадыр – ар., ғабд. – құл, хаир, қайырым, жақсылық; Жақсылық қылушының, қайырымдылық етушінің құлы;
Әкбар – ар., ұлы, өте, үлкен, зор, құрметті;
Әли//Ғали – ар., биік, аса зор, асқар, заңғар. Мұхамбеттен кейінгі төртінші халифтың аты;
Әлия//Ғалия – Ғалия сөзінен құралған қыз есімі. Мағынасы: 1) құн, бағалы артық, биік, жоғары; 2) қымбатты, сүйікті; 3) мәртебелі, көрнекті қыз;
Әшір – ир., 1) оныншы; 2) мукарам айының оныншы күні, сол күні туылған бала; Біріккен тұлғалы есімдер: Әшірбай, Әшірбек, Әшірәлі;
Бағдат – ир., бағ. құдай + дад – сый, сыйлық; Құдай берген, сыйға тартқан бала;
Батыр – батыл, ер, ержүрек. Осы батыр сөзіне бай, бек, қан, әлі сияқты сөздердің қосылуы арқылы Батырбай, Батырбек, Батырәлі біріккен тұлғалы есімдер;
Баян– ар., вайан 1) айқын, ашық; 2) түсінік, анықтама; 3) хабарлама;
Бекболат – бек + болат. Бала мықты болады, болаттай берік, өмір жасы ұзақ болып, көп жасайды деген мақсатпен қойылған;
Берік – қаз., мықты, табанды, тұрақты;
Дастан – ир., батырлық шығарма, қисса, әңгіме, поэма, аңыз;
Дауылбай – дауыл күні туылған балаға ертеде осылай ат қойылған;
Гүлназ – ир., назды гүл, гүл сияқты құлпырған, әдемі, әсем қыз;
Гүлшат – ир., шаттық, қуаныш, қуаныш гүлі;
Ерболат – бала батыл, өжет, қырағы, ер болсын деген тілекпен қойылған есім;
Ерлан – ерлікке, батырлыққа, батылдыққа кенел деген мағынаны білдіреді.
Есбол – өзінен кейінгі балаларға ақылшы, естияр болсын деген мақсатпен қойылған;
Жадыра– жайнау, жарқын жүзді болып гүлдену, көңіл-күй көтеріліп көңілдену;
Жандос – ир., жан біткеннің досы;
Жанар – көздің жанары, сәулесі; 2) күннің жанары, шапағы;
Жансұлу– жан біткеннің сұлуы, көркемі деген мағыналы есім;
Жұмат – ар., жыл санауындағы 5-ші ай;
Жолдас – сенімді серік, пікірлес дос. Біріккен тұлғалы есімдер: Жолдасбек (әлі);
Жібек – халық арасында кеңінен тараған есім. Баланың мінезі жібектей, әрі әдемі, сұлу болсын деген мақсатпен қойылған;
Кенже – ең соңғы перзент. Бұған басқа сөздер қосылып біріккен тұлғалы есімдер жасалады. Мысалы: Кенжебай, Кенжебек, Кенжетай, Кенжегүл т.б.
Қаламқас – қаз., жіңішке келген әдемі қара қас. Халық арасында кеңінен тараған қыздар есімі;
Қанат – бұндай есім бала ата-анасының сүйеніші, тірегі болсын деген мақсатпен қойылған;
Құралай – 1) киіктің лағы; 2) уақыт мезгілі; Әдемі, қара көзді – құралай көз деген теңеу бар;
Ләйла – ар., әлләйлун 1) түн, кеш; 2) көне еврей тілінен араб тілінен енген сөз; Мағынасы – лилия;
Ләззат – ар., ләззат. 1) тәттілік, шырындылық; 2) сүйкімділік, жағымды, ұнамды;
Маржан– 1) теңіз астынан алынатын қызыл, яки ақшыл түсті тастар; 2) інжу;
Нариман – ир., найри + батыл, ер жүрек, қызба + ман;
Нұржамал – ар., сұлулық, көркемдік сәулесі, жанары;
Нұржан – ар., ир., көрікті, әдемі, сұлу адам; Бұл сөз біріккен тұлғалы кісі аттарын жасауға белсене қатысады;
Перизат –ир., пари (пері) + зат – әдемі, сұлу, асқан сұлу, көркем қыз;
Санжар – ар., 1) патша, император, белгілі бір монархтың есімі; 2) түркі тілінде тесіп, түйреп өтуші, жарып өтуші;
Салтанат – ар., 1) сұлтандық, патшалық; 2)мақтаныш, абырой, байлық, тәкаппарлық; 3) әсемдік, асқан әдемілік, сән- салтанат;
Тоты – тоты құс. Бұл есім қыздарға қойылады да, шешендік пен сұлулықтың бейнесі ретінде белгіленеді;
Фазыл– ар., 1) аса қадірлі, құрметті әйел; 2) сый, құрметке лайық, тамаша кісі;
Ұлжан – ұл баласы аз немесе жоқ ата-ана қызына осылай ат қойған. Бұл сипаттағы есімдер: Ұлтай, Ұлтуар, Ұлмекен, Ұлбала;
Қосалқы аттар.Тіліміздегі антропонимдер жүйесінде ресми шын аттармен қатар, қосалқы лақап аттар болатыны белгілі. Ондай лақап аттардың тым ерте кезде-ақ қолданылғанын байқаймыз. Ү-ҮІІІ ғасырға тән түркі халықтарының жазба ескерткіштеріндегі Күлтегін, Яш Ак Баш, Джагит Шад, Богю, Ышбара тәрізді есімдер лақап аттар болған.
Түркі халықтары есімдерінен де осындай тарихи жағдайды байқау қиын емес. Мұсылман діні негізінде құраннан қойылған аттарымен қатар, әр адамның таза ана тілінде қойылған аты болған. Оның негізгі себебі, біріншіден, діни есімдер халыққа жат болса, екіншіден, тұрмыста айтылуы да қиын болған. Осымен қатар, бала науқастанып қалған кезде атын өзгертіп, басқа ат қою әдеті көптеген халықтар дәстүрінде бар құбылыс. Мұның негізгі себебі, «жан алғыш», «жын шайтанды» науқастан адастыру үшін жаңадан ғана ат қойылған әлгі науқас баланы сау адам екен деп түсініп, жанын алмайды деген ұғымнан туса керек. Қосалқы аттар табиғаты мен түсінігі жағынан өзара байланысты болып келеді. Қазақ тіліндегі қосалқы аттардың үштүрлі жолмен жасалатыны байқалып отыр:
Біріншіден, ислам дініне сәйкес құраннан қойылған және үй ішінде, туған-туыс арасында аталатын ат. Мәселен, Ибрахим – Ибраш, Шахбатдун – Шоқабай, Перизат – Пикон.
Екіншіден, ислам діні бойынша құраннан я кітаптардан қойылған есімдерді қазақылап, қысқарта айту. Мәселен, Мұхамметқанапия – Шоқан,Сәдуақас – Сәкен,Шаймерден – Шәкен, Әбдірахман - Әбіш, Мағрипа – Мағыш т.б.
Қосалқы аттардың үшіншісіне қазіргі кезде кеңінен қолданылып жүргендері жатады. Бұл әдіс бойынша, жеке куәліктен басқа тұрмыста қолданылатын екінші аты болады. Мәселен, Алғазы – Алик, Ерғали – Эдик, Айгерім – Айка, Досымхан – Досик, Еркін – Эрик, Зиния – Зина, Зағипа – Зоя, Ғалия – Галка, Абзал – Абоня т.б.
Қосалқы аттар белгілі бір жағдайларға, ерекше іс-әрекеттерге байланысты да қойылып отырады. Ондай қосалқы аттар ел арасында көп кездеседі. Мәселен, «Жаманшал Түркістандықтардың аңызы болған бай емес пе оның қосалқы аты «Ақшалы» болыпты.
Лақап аттар.Лақап аттар ертеректе қазіргі кездегідей мағынасына қарай сараланбаса керек. Тіптен алғашқы қоғамда-ақ адамдар дене бітімі мен тұлғасына сай лақап есімдермен аталып отырған. Қазіргі кезде қоғамның даму сатысына лайық адамдарға ат қойылған, оның мәніне де көңіл бөліне бастағанын көреміз. Лақап ат адамның дене бітім, пішін-тұлғасына және психологиялық ерекшелігіне сай, кейде істейтін кәсібіне лайықты қойылып отырады.
Лақап аттар кісінің бастапқы шын атымен қатар өмір сүреді. Олардың бірі әбден қалыптасып, нағыз адамның шын атына айналады да, сол адам өмірімен бірге кетеді. Ал екінші бірі, біраз уақыт айтылып жүргеннен кейін, ескерусіз, ұмыт қалып қояды. Мұндай жағдайда адамның бұрынғы аты жеңіп шығады. Ал кейбір лақап аттар кісінің бастапқы атымен тіркесе айтылып қолданудан шықпайды. Олар осы тіркес ықпалында келіп, тұтас кісі атын білдіреді. Оған мынандай тарихи аттардан мысал келтірейік. Олар: Қозы Көрпеш, Алдар көсе, Жиренше шешен, Ақан сері, Біржан сал т.б. Осылардың тіркесіндегі «көрпеш», «көсе», «шешен» сөздерінің семантикасы кісінің қасиетін, пішінін және сапасын аңғартып тұр.
Баланың сәби кезінде қойылған лақап аты оның есейіп, егде тартқан шағына дейін сақталуы мүмкін. Мәселен, Әли деген адамның мектеп қабырғасында қойылған лақап аты – Сүйекекен. Сол кездері ол кісі өте арық болған. Қазір 42 жаста. Достарымен бүгінде жиналған кезде, әлгі аға келсе: «О,Сүйек!» деп қарсы алуды ұмытпайды.
Тағы бір осындай лақап есімі бар қызға келсек, студенттердің шығармайтыны жоқ емес пе? Мәселен, Ұлжан есімді қызды көпшілік адамдар – Питер деп айтады. Мұның мәнісі: Ұлжан ағылшын сабағында «Питер Пейпе» деген жаңылтпаш айтып, содан Питер болған көрінеді. Демек, лақап аттар ресми түрде әке аты, яки фамилия болып қалыптаcпайды. Өйткені, олар ресми паспорттық есімдер емес. Сондай-ақ баланың өңі қара болса кішкене күнінен Қарабала, Қарақыз, Қаратай, ал көзі қара я көк болса – Қаракөз, Көккөз деп атап кету болған.
Лақап аттар ауыл адамдары арасында, әсіресе мектеп жасындағы балалар арасында көп кездеседі. Бойы қысқа баланы Қортық, Быртташ, басы үлкен болса – Бартпас, тез сөйлегіш болса – Сартылдақ деу бар. Лақап аттар халық ауыз әдебиетінде кеңінен орын алған. Ертеректе кездесетін Алдар көсе, Жиренше шешен, Асанқайғы, Аязби - лақап аттар. М.Әуезов «Абай жолы» романында Кеңгірбайдың лақап атын былайша баяндап берген. «Кеңгірбайдың халық қойған аты «Қабан» болатын. Жем үшін, осындайда қарындастың қанын ішкендіктен «Қабан» атанған.
Адамның түрлі белгілеріне байланысты лақап аттар:
а) адамның бет-әлпет түріне, көзі, шашына байланысты есімдер: Қаракөз, Айша, Қасқыркөз Телқара, Сары Асан, Шұбар Малыбай, Жылтырбет Төрехан, Ақбас, Әзім, Шегір, Асаубай, Алакөз, Көккөз,т.б. Бұл топқа халық ауыз әдебиетіндегі: Қарашаш, Қара Көжік, Қаракөз Айым сияқты есімдердің тіркестерін лақап аттарға жатқызуға болады;
б) адамның жүрісі, тұлғасы, мүсініне байланысты есімдер: Жорға Жұмабай, Ұзын Ахмет, Қисық Әлтай, Ұзын Әшқар, Бүкір түйе балуан, Қортық Сәми, т.б.;
в) адамның дене мүшесінің кемдігіне байланысты кісі есімдері: Бүкір, Сақау Баймағамбет, Шолақ Шәймерден, Таз Сұлтақай, Балуан шолақ, Пысылдақ Омар,т.б.;
г) мінез-құлық, бейімділік әрекетке байланысты есімдер: Найзағай Асан, Қиябай, Қисық, Дарабоз.
д) негізгі кәсібі, қызмет бабына байланысты бүркеншік есімдер: Етікші Ахмет, Оташы Мәлібек, Саятшы Ораз, Ұста Сұлтанбек,т.б. қазіргі кездегі мұғалім Оспан, профессор Қойшынов, ғалым Әсел сияқтылар белгілі бір мамандықты, яки ғылыми атақтарды білдіреді.
Қазақ есімдерін лингвистикалық әрі тарихи этнографиялық тұрғыдан зерттегенде этномәдени мәні ашыла түседі. Қорыта айтқанда, антропонимдердің этнолингвистикалық және семантикалық табиғатында ежелден бергі салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптар, ырымдар, әр кездегі қоғамдық құрылыстардың түрлі көріністері, көрші елдермен жасаған этномәдени қарым-қатынасы мен тарихи байланыстардың сыры сақталған.
Жүгірген аң мен ұшқан құстың қанаты талатын Алтайдан Еділге, Батыс Сібірден Памирге дейінгі аралықты алып жатқан ұлан ғайыр қазақ даласындағы жер-су атауларының этномәдени мазмұны көне дәуірден бастау алады. Бұл атаулар тіл ішкі жүйесінде өз алдына дербес сұрыпталған лексикалық қабат ретінде өмір сүреді. Ғылым тілінде осы жер-су атауларын білдіретін тілдік бірліктер жиынтығы топонимдер деп аталады. Топонимдер – халықтың көне тарихынан мол мәлімет беретін, этностың өткен өмірі мен тұрмыс-тіршілігінен мол этнографиялық деректер мен мәліметтер жеткізетін, дәуірлік жүк арқалаған ұлттық лексиканың негізгі саласының бірі.
Топонимдер (жер-су атаулары) |
Ойконимдер (елді мекен атаулары) |
Гидронимдер (су нысандары атаулары) |
Оронимдер (тау атаулары) |
Урбанонимдер (қала көшелерінің атаулары.) |
Хоронимдер (әкімшілік бірліктердің атаулары) |
Некронимдер (мола, зират атаулары) |
Дромонимдер (жол атаулары) |
Дримонимдер (орман, тоғай атаулары) |
Спелонимдер (үнгір атаулары) |
Агронимдер (дала, жер атаулары) |
Инсулонимдер (арал атаулары) |
Ал қазақ ономастикасын жүйелі зерттеп жүрген Т.Жанұзақов осы салаға байланысты мынадай пікір білдіреді: «Қазақ онамастикасының шығу, даму, қалыптасу кезеңдері және жасалу жолдары да кеңінен зерттеп, ерекше зер салатын мәселелердің негізінен саналады. Бұның өзі сөз тарихымен, тілдің әр дәуірдегі даму, өзгеру күйімен, тіптен қоғамдық формациялардың өзгеруімен де тікелей байланысты келеді» [Т. Жанұзақов, 14 б.].
Қазақ даласының бәрі атауға толы. Ол атаулар қазақ ономастикасының негізгі лексикалық құрамы ретінде белгілі бір дәрежеде көшпелі халқымыздың мәдени-тарихи өмірінің ізін өте ерте замандардан бері көрсете алады. Топонимдік материалдар жүйесі - әр дәуірдегі лексиканың бөлек-бөлек қабаттарының тарихын ашуға өз септігін тигізетін қайнар бұлақ болып саналады.
Тіл мен сол тіл аясындағы топонимдерді ұлт мәдениеті көрінісі ретінде қарастыру сол тілде сөйлеуші халықтың топонимдер номинациясындағы бай мәдени үлгілері мен іс-тәжірибелерін, қоршаған ортаны қабылдау ерекшеліктерін танып білуге жол ашады [Т. Жанұзақов, 27 б.]
Белгілі бір өңірде белгіл бір кезеңде этногенетикалық, этногенездік, этнотерриториялық үрдіске сай ру, тайпа, одақтардың өмір сүруіне байланысты жер-су атауларының мол болуы қазақ топонимдер жүйесінде жиі ұшырасады. Мысалы, Керей өзені, Қыпшақ көлі, Найман жалы, Жалайыр тауы, Қалмаққырылған өзені, Қырғыз елді мекені және т.б.
Қазіргі қазақ топонимдер жүйесінде мекен-тұраққа қатысты апеллятивтердің де қоры баршылық. Олар: үңгір, қорған, там, шатыр, орда, сарай, кене, күрке және т.б. Мысалы, Орталық Қазақстандағы Айдаһарлы үңгірі – Ұлытауда, Жамантас үңгірі – Жаңаарқа ауданында, Әулиеата үңгірі- Баянауылда, Шатыр үңгірі – Қарқаралыда, Бектауата үңгірі – Ақтоғай ауданында және т.б. Сондай-ақ там, қорған апеллятивтермен байланысты Төретам, Әулиетам, Жалғызтам, Ноғайтам, Ақтам, Тамқайнар, Қотыртам, Талдықорған, Қарақорған, Қорғантас, Қорғантүбек, Қарақорған және т.б. топонимдер молынан ұшырасады.
Қазақ халқының этномәдени тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, қазақ тіліндегі топонимдер жүйесінде төрт түлік мал атауларымен байланысты жер-су атаулары да мол қабатты құрайды. Мәселен, айғыр, нар, бұқа, бура, өгіз атаулары – биік, үлкен, көлемді геообъектілерді, тай, байтал, бота, бұзау – кіші объектілерді, қой, қошқар, қозы - шаруаға жайлы объектілерді, ешкі, теке, лақ – шаруаға жайсыз жер бедерлерін таңбалаған. Мысалы, Айғыржал, Бозайғыр, Айғырұшқан, Қараайғыржал, Қошқар, Қойтас, Қойшоқы, Тоқтыадыр, Нарөлген, Ақмая, Қараүлек, Ақтайлақ, Қараінген, Бурашөккен және т.б.
Сондай-ақ қазақ топонимдер жүйесіндегі оронимдердің семантикалық табиғатын жүйелі зерттеген Е.Керімбаев төмендгідей пікір білдіреді: «Қазақстан оронимдері мен орографиялық терминдерінің шығу төркіндерінің шығу төркіні мен пайда болу, дамуына тұрақты түрде әсер етуші факторлар –географиялық орта республика территориясындағы таулы және ұсақ шоқылы жер бедері мен қазақ этносының көп ғасырлық мәдени-тарихи, шаруашылық кәсібімен тікелей байланысты көшпенді өмірі және де халықтың экономикалық-шаруашылық, әлеуметтік-мәдени тірлігінің жер шаруашылығы, ескі дін т.б. жағдайлары себеп болды [Е.Керімбаев,14 б.]. Яғни, қазақ топонимдеріндегі тау, адыр, құз, жал, жота, бел, төбе, шоқы, қыр сияқты жер бедері атаулары арқылы жаңа номинациялық атаулар жасалған. Олар: Ақадыр, Қараадыр, Бұйратадыр, Ақтөбе, Көктөбе, Қаратөбе, Жуантөбе, Құлантөбе, Ақшоқы, Найзашоқы, Тасшоқы, Айғайтас, Керегетас, Беріктас, Қаражота, Ирекжота және т.б.
Кез келген атаудың пайда болуы қандайда бір ішкі фактімен тарихи уәжделіп, күні бұрын анықталады. Заттар мен құбылыстардың белгілеріне атау, есім беру халықтың дүниетанымымен, ой-санасының өсуімен, ұлттық психология мен менталитетіне байланысты айқындалады. Тіл дамуы әлем бейнесін танып-біліп, олардың әртүрлі белгісі мен қасиеті, сапасы мен саны, қимылы мен іс-әрекеті, амалы мен сипатына атау беру арқылы орындалады. Осы орайда географиялық атаулардың пайда болуының басты екі белгісі – уәжділік және тұрақтылық болып табылады. Сондықтан топонимдер арқылы ұлттық этникалық шекараларды, халықтардың ертедегі көші-қон бағыттарын, өлкелердің отарлануы сияқты мәселелерді айқындай отырып, ата-бабаларымыздың рухани және әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі сипатынан мол ақпарат аламыз.
Қазақ даласы көне дәуірден бастап тарихшылардың, саяхатшылардың, географтардың, өлкетанушылардың зерттеу объектісіне айналғаны белгілі. Қазақ даласымен VIII ғасырда араб саяхатшысы, Араб халифаты мемлекетінің елшісі Ахмед ибн Фардан Бұлғарияға өтеді. Оның осы сапары туралы жазылған күнделігінде жеріміздің біраз топонимдері кеңінен қамтылған. С. Әбдірахмановтың монографиялық зерттеуінде Қазақстанның 800-ге жуық топонимдік бірліктеріне семантикалық тұрғыдан жан-жақты талдаулар жүргізілген.
Қазақ даласының ұлан-байтақ терреториясындағы кейбір жер-су атауларының уәждемесі туралы Т. Жанұзақов, Е. Қойшыбаев,
Ә. Нұрмағамбетов, Е. Керімбаев, Г. Конкашпаев, С. Әбдірахманов,
А. Жартыбаев сияқты топонимдерді зерттеуші ғалымдардың еңбектеріндегі мәліметтер негізінде төмендегі деректерді келтіруімізге болады:
АЗЫНАБАЙ ТАЙПАҚ – Ақжайық, бұрынғы Тайпақ ауданындағы жер атауы. Азынабай-Тайпақ атауының азына түбірі «маң даладағы жел, боранның өті» мағынасымен байланысты беріліп, сол жердің геометеорологиялық ерекшелігін көрсетеді. Тайпақ топонимі қазақ тілінде «биік емес, аласа» деген мағынаға сәйкес, сол жердің ерекше белгісіне қарай қойылса керек.
АҚЕШКІ- Ақсу ауданы, Қапал өңірінен ағып өтетін Қызыл ағаштың сол саласы. Ақсу ауданы аталуын ауыл тұрғындары былай баяндайды: «Бір атақты бай кісі бір жылы сол Ақешкі аталған жердің маңындағы тау баурайымен жайлауға көшеді. Ол сол жайлауда шөп шауып, малын қыстатып қыс өте қайтадан ауылына қайтады екен. Байдың малы мыңғырған көп екен. Ол қыстауға барып малын түгендегенде 4-5 ешкісінің жоқ екенін біледі. Бай оны іздемейді де. Келесі жылы күзде ауылына қайта көшіп бара жатқан бай, сол таудың беткейінде жайылып жүрген ешкілерінің үстінен түседі. Қалып қойған 4-5 ешкісінің лақтап 7-10 ешкі болғанын көреді. Оған қуанған бай мен оның ағайындары «мынау бір ешкі өлмейтін берекелі өлке екен ғой» деседі. Содан сол тау Ешкіөлмес атанып, оның баурайы яғни қазіргі ауыл Ақешкі аталыпты дейді.
АҚМОЛА – тарихи қала, іргетасы 1822 жылы қаланған. Бұрын Қараөткел атанған. Қазір Қазақстан Республикасының астанасы, Елбасының 1998 жылғы 6 - мамырдағы Жарлығына сәйкес Астана атауына өзгертілді. Ақмоланың шығу төркіні мен мағынасы жағынан әртүрлі пікірлер, халық аңыздары бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша: «Бір кісіні жерлегенде, астынан ақ балшық шыққан. Осы балшықпен мәйіттің басына орнатылған моланы майлаған. Содан соң мола алыстан ағарып көрініп тұрғандықтан, бұл жер Ақмола атанған.
«Ақмоланың ақ қайрақ тастан әдемілеп жасалған. Оның қабырғасы төрт бұрышты тікше түрінде қаланып, үстіне шардың жартысына ұқсаған не киіз үйдің төбесі тәрізді күмбез орнатқан. Күмбез жолаушының көзіне алыстан жарқырап көрініп, Есіл өзенінің жағасын V-VI ғасырлар бойы сұлулыққа бөлеп тұрған. Сондықтан оның даңқты аты Ақмола болып көп ғасыр бойы сол төңіректегі «Есіл өлкесінің» аты болады (Қ.Ұ.Э.).
АҚСАЙ –Бөрілі ауданының орталығы, Сырым ауданындағы елдімекен және шағын өзен атауы. Бұл атау көне дәуірде оғыз-қыпшақ тіл бірлестігі кезеңінде қалыптасқан. Оның басты дәлелі – Ақсу, Ақсай гидронимдерінің қырғыз, татар, түркімен, азербайжан топонимиясында да кездеседі. Ол тілдерде де ақ сөзі судың ағуы мағынасын береді.
АҚТӨБЕ –Теректі, Ақжайық, бұрынғы Тайпақ ауданындағы елді мекендер. Белгілі бір тарихи кезеңдер мен дәуірлер топонимикалық лексиканың құрамы мен мазмұнына өзінің қайталанбас ізін салып отырған. Сондай атаудың бірі – Ақтөбе. Қазақтар мемлекеттік істерді ақылдаса отырып шешетін, билер мен хандар түсетін қасиетті мекендер ақ төбе деп аталған. Ол жерлерді үнемі биік болып, қалған жерден айрықша дараланып тұруы шарт және үнемі киелі болып есептелген. Бұл дәстүр көптеген халықтарда бар. Ертедегі халықтар билік құратын орталық биік жерде орналасуы керек деп түсінген.
БАЛҚАШ– көл және осы көл жағасына орналасқан Қарағанды облысына қарасты қала атауы. Бұл гидроним орта ғасырда Көкшетеңіз, Атрақкөл деп те аталған. Балқаш гидронимінің құрамындағы бал/bul синкретикалық түбірлері семитохамид, үндіевропа, алтай тобы тілдерінде де кеңінен ұшырасып, дымқыл жер, лай, сыз, сулы жер мағыналарында қолданылған. Яғни түбірлік сипаты орал-алтай тілдік дәуірінен бастау алатын Балқаш лексемасы жергілікті өңірде «өзен, көл жағалауындағы батпақты, балшықты жер» ұғымдарымен байланысты болса керек.
БАҚАЙ – тау. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан. XVIII ғ. жоңғар қалмақтарымен жаугершілік заманда қазақтан шыққан Бақай батыр осы тауды бекініс, қорған еткен екен. Содан бастап бұл тау батыр құрметіне Бақай тауы деп аталыпты. Батыр осы таудың басына шығып, Талдықорған жеріндегі Матай тауындағы бекініс құрған Матай батырмен шартты белгілер арқылы тілдесіп отырыпты. Сондықтан осы тау екі батыр атымен Бақай, Матай атаныпты дейді халық аңызы.
БУРАБАЙ (БОРОВОЕ) - Солтүстік Қазақстан обл, Шортанды ауданындағы көл, елді мекен. С. Сейфулин «Көкшетау» поэмасында осы жерді ақ бура мекендеген екен. Атау осы оқиғаман байланысты қалыптасс керек.
ЖЕТІГЕН - 1920-жылдары бұл жерде Жетіген есімді инженер жұмыс істеген екен. Жергілілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, атау соның есімімен қойылған көрінеді. Ауыл Алматы облысы, Іле ауданында орналасқан. Алматы қаласынан 37 шақырым жерде.
ЖҰМБАҚКӨЛ –Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының аумағын алып жатқан Аққұмдағы көл атауы. Ел арасындағы аңызға сүйенсек, Жұмбақкөл бірде жарқырап көрініп жатса, бірде жоқ болып кетеді екен. Гидроним атауы көлдің осы қасиетіне байланысты қалыптасқан болуы керек.
ҚАРАҚЫР - Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы елді мекен. Халық арасында осы атаумен байланысты мынандай аңыз әлі күнге дейін айтылады: «Ертеректе екі жас бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешкен екен. Сонда екеуі әңгімелесіп отырып: «Жаман айтпай жақсы жоқ деген, бұл дүниеден өтсек, тәнімізді осы қырға қоялық» деп уағдаласыпты.Ажалы жетіп жарық дүниден келіншегі кетіпті. Сөйтіп, осы Қарақырға әйелдің денесі қойылған екен» дейді көнекөз қариялар.
ҚАСТЕК АСУЫ – 1723 жылы қалмақтармен шайқаста ерен ерлікпен көзге түскен, Ұлы жүзден шыққан Қастек батырдың құрметіне қойылған атау. Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің пікіріне сүйенсек, көптеген жердің шығу төркіні ойлануды қажет етеді. Қастек батыр соңғы шайқастарының бірінде қатты жараланып, осы жерде асқан ерлікпен қаза табады. Бұл асу әлі де солай аталады.
ҚАРАСАЙ- Райымбек ауданында орналасқан елдімекен. Саты асуы тұсындағы сай аты. Жоңғар басқыншыларына қарсы қанды жорықтарда ерлікпен аты шыққан атақты Қарасай батыр құрметіне қойылған жер аты. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданданында, Маңғыстау облысының Бейнелеу ауданында, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында және Қарағанды облысының Жаңаарқа, Шет аудандарында Қарасай батыр есімімен қойылған өзен аттары бар. Бұның бәрі –халықтың өзінің ардақтаған батырына деген шексіз құрмет, қадір-қасиет зор сүйіспешілігінің белгісі екені сөзсіз.
1993 жылға дейін советтік идеология күшімен сол Қарасай деген атын ұмыт қалдырып, Куйбышев селосы аталып келді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Төралқасының қаулысымен 1993 жыл мамыр айының 4-нен бастап Куйбышев селосы бұрынғы тарихи атауы бойынша Қарасай елдімекені болып аталды. Білетін кісілердің айтуы бойынша: «Жетісуда Қарасай атымен аталатын жеті сай, үш қыстақ, бір тау, бір шоқы бар. Бір үлкен ұрыста боран болғанда Қарасай батыр мың кісілік үңгірге кіріп паналаған.
ҚОЗМОЛДАҚ- Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы елді мекен. Осы ауданның «Сызған» шаруашылығының орталығы ретінде белгілі. Шежіреші Есіркеп Өмірбековтың мағұлматы бойынша: «Осы жердегі Мыңжылқы шоқысының шатқалы мен етегінде бұрын қалың сәмбі талы өсіпті. Жергілікті тұрғын ел сәмбі талдан киіз үйдің уығын, керегесін жасайтын болған. Сәмбі талды отқа қыздырып иген, ал отты қоламтаны халық «қоз» деп атаған. Сөйтіп, бұл жерде биыл «қоз мол-ақ екен» деген ел сүйіншісінің белгісі ретінде жер аты Қозмолдақ атанып кетіпті» деген халық аңызы бары екен.
ҚОРАМ - елдімекені Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысында орналасқан. Аспанмен таласқан асқар Алатау етегінде орналасан бұл мекен атауының шығуы жайлы нақты пікірлер бары мәлім. Шоқан Уәлиханов 1856 жылғы Ыстықкөл сапарының күнделігі атты еңбегінде: «На пути от Каратурука к Чилику на левой руке лежит воданястый лог, называемый киргизами по могиле одного батыра-Корам. Он проходит параллельно дороге... На другом сухом конце его лежат развалены крепостцы или лучше сказать остатки рва около вырыт колодец. Предание киргиз гласит, что тут был калмыцкий пикет, что хан Абылай разрушил его очистил долину Чилика от неверных» дейді.
ҚОСТАНАЙ -Тобыл өзенінің бойындағы қала. Қостанай облысының орталығы. 1893-1895 ж.ж. Николаевск, бұдан 100 жыл бұрын ол Ордабай, Жаңа Ордабай аталған. Ордабай сайы осы есімді кісі атына байланысты қойылған. Қостанай атының шығу төркіні туралы халық арасында аңыз әңгімелер аз емес. «Қостанай» аты Қостан батыр атымен байланысты қойылса керек. Ал Қостан Әлмәмбетұлы керей тайпасының көбеше руынан шыққан батыр. Қазақ жерін қалмақтардан қорғаған ержүрек, батыр болған. Қостанай екі тұлғадан құралған. Қостан батыр есімі, ай - таңдануды таңырқауды білдіретін реңк мәнін тудырушы жұрнақ.
ҚҰЛАНӨТПЕС- Орталық Қазақстан облысы, Ерейментау ауданындағы елдімекен. Бұл атаудың шығу төркіні жайлы ел ішінде мынандай аңыз бар: «Шыңғыс ханның ұлы Жошы аң аулап жүріп бір үйір құланға кездеседі. Шетте жайылып жүрген буаз құланды атады. Құлан жараланады, сонда да Жошыны қуа жөнеледі. Ақыры қуып жетіп, жарып өлтіреді. Мұны естіген Шыңғыс хан баласының ажалы құланнан болғанына қатты назаланады. Бүкіл қарамағындағы елді жинап сол жерге құлан өтпестей қалың орман егеді. Сол кезден бастап бұл жер «Құланөтпес» деген атқа ие болады.
ҚУЛЫҚ- Алматы обылысы Райымбек ауданының Ұзынбұлақ елдімекені орналасқан жердегі тау аты. Биіктігі 2757 метр. Жергілікті тұрғындардың аңызы бойынша, ерте кезде бір үйір жылқы тау ішіндегі сайлардың бірінде қалып қойып, ел жайлауға көшіп, келесі қысты өткізіп, көктем шыққанда құлындап, әлгі бір үйір биеге көбейіпті. Оған кездейсоқ аң аулап жүрген аңшылар тап болады да, құлын-тайын ертіп жүрген биелерге таң қалады. Содан барып қулығын шұбыртып ертіп жүргендіктен, ол тауды халық арасында Қулық деп атап кетіпті. Ал қулық сөзі түркі-монғол тілдер жүйесінде құлын сөзінің синонимі көрінеді.
ҚҰМТЕКЕЙ - Алматы облысы Райымбек ауданындағы ауыл. Халық аңызына қарағанда, жазы онсыз да салқын бұл жерді жаздыгүні қатты жел тұрып, осы аймақты құм басып қалыпты. Содан бастап осылай аталған екен дейді жергілікті тұрғындар.
МАРҚАКӨЛ - Шығыс Қазақстан облысындағы ағынды көл. Ұзындығы 38 км, ені 19 км. Марқакөл жайында халық арасында екі түрлі аңыз бар. Соның бірі көл орнында баяғыда үлкен аңғар болған деседі. Шөптің не түрі аңыздай өсіп, жап-жасыл болып жайқалып тұрады екен. Ал аңғардың ортасында бұлақ болыпты. Бірде жергілікті бір қойшы сол бұлақтың басында қой жайып жүреді. Қой ішінде жүні қап-қара бір әдемі марқа бар екен. Бастаудан су ішуге келген әлгі марқа кенет бұлақтың суына күмп беріп түсіп кетеді. Мұны қойшының баласынан басқа ешкім көрмей қалады. Баланың марқаны құтқармақ болған әрекетінен түк шықпайды, су қайта тереңге тарта түскендей болады. Бала әкесіне барып айтады. Екеулеп жүріп қозыны зорға судан сүйреп шығарады. Сол-ақ екен су бүкіл аңғарға жайыла бастайды. Қайнар бұлақ лақылдай келіп атқылай бастайды. Сөйтіп, көп ұзамай бұл жерде көл пайда болады. Осы оқиғаға байланысты көл кейін Марқакөл атанып кетіпті деседі халық этимологиясы.
Сонымен қатар бұл көл атауының Марқакөл болуын жалайыр тайпасының марқа руымен байланыстыру да бар. Тарихи деректерде 13-15 ғасырларда Алтай тауының Күршім ауданында жалайырлардың тұруы бұған дәлел сияқты. Жалайыр билерінің Шыңғыс ханның оң жағында отыратыны және Шыңғыс хан әскери қолбасшыларының жалайыр тайпасынан болғаны тарихи шындық. Жалайырдың барлас руынан шыққан әйгілі Ақсақ Темір заманында да жалайырлардың беделді болғанын да бұл мәлімет еске түсіреді.
МАТАҚ –Қарқаралы тауының солтүстік батысындағы Қарасор көлі мен Нұра өзені аралығындағы алқап. Жер бедері тегіс, ортасын қақ жарып Матақ өзені ағады. Тіліміздегі мата сөзі байла, бөге сөздерімен синонимдес. Алайда байла, бөге тұлғаларымен салыстырғанда мата тұлғасының тілімізде қолданылу аясы тар. Атау құрамындағы қ/к етістіктерден зат есім тудырушы жұрнақ (салыст. тара+қ, күре+к, төсе+к, құра+қ т.б.). Ал көктем, күз айларында жазық далаға су мол іркіліп, табиғи бөгет жасалатынын бейнелейтін Матақ атауының күре+к т.б. туынды сөздерге қарағанда көнелігін байқаймыз.
МҰЗАРТ - Райымбек ауданында орналасқан мұз таудағы ең биік асу. Атаудың екінші сыңарындағы арт сөзі түркі-монғол тілдер жүйесінде асу, бел деген мағынаны білдіреді. Бұл біріккен сөз арқылы жасалған топонимнің этномәдени мағынасы мұзды тау асуы болады. Бір замандарда Мұзарттан асып өту қиын болғандықтан адамның аяғы не малдың тұяғы таймау үшін киіз үйдің құрым киіздерін үстіне жайып жіберіп, соның үстімен өткен замандар болған екен. Осы ауданның Шәлкөде жайлауында Есекартқан деген тау асуы бар. Ол есек асқан асу, бел мағынасын білдіреді..
НАЙМАНАЙДЫН –Жаңақала ауданындағы көл атауы. Гидроним Найман руының атауына байланысты қойылған. Егер қазақтың ру-тайпаларының орналасу ерекшеліктеріне сүйенер болсақ, Найман этнонимі Батыс Қазақстанда кездеспеуге тиіс. Алайда бұл этноним Ақжайық даласында көне дәуірлерде түркі тайпалары мен монғол тайпаларының аралас өмір сүргендігін растайды.
САНТАС- Алматы облысы, Райымбек ауданындағы тау аты. Қытайға шабуыл жорығына кетіп бара жатқан атақты Әмір Темір әр аттаған қырқасына тас тастатып, белгі қалдырып отырған. Соның нәтижесінде үйілген тастардан сансыз көп тас, яғни «Сантас» ұғымы пайда болған деседі халық аңызы.
ҰРБҰЛАҚ – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы елдімекен. Бұл кішкентай ғана шағын ауыл аты айтып тұрғандай кішігірім Ұрбұлақ аталуының себебі сол таудың әр бұлақ көзі атқылап бүгін бір жерден ақса, ертесіне ол жерде су тоқтап қалып, тағы бір жерді тесіп шығатын болған. Сол себепті тау да, ауыл да Ұрыбұлақ атауына ие болған. Кейіннен айтыла келе ұры сөзіндегі жуан ы дыбысы түсіп қалып Ұрбұлақ атанып кеткен.
ШӨЛАДЫР- жота Райымбек ауданы, Қарқара ауылының солтүстік-шығысынан басталып, Жолдықолатқа дейін созылып жатқан жота. Оның етегінде құм басып қалған Құмтекей жатыр. Бұл жотаның (адыр) сай-саласында не етегінде бастау не бұлақ жоқ болғандықтан да «шөл адыр» аталса керек. Жергілікті тұрғындар бұл жердегі асуды Марусяның тауы деп те атаған. Оның себебі 1932 жылы осы асуда ақ бандылар Маруся есімді орыс қызын атып кетіпті. Соны аяп, қайғы тұтып, ел сол жерді Маруся тауы деп атаған. Бұл жайында мәліметті өзінің шығармаларының бірінде ақиық а
Дата добавления: 2016-09-20; просмотров: 3391;