Азақ тіліндегі түр-түс атауларының лингвомәдени сипаты
Әрбір халық, әрбір этностық топ қоршаған ортадағы түр-түс ұғымын өздерінше танып, өз дүниетанымында тұжырымдайды. Қоршаған әлемдегі түр-түс ұғымдары кез келген ұлт мәдениетінің феномені. Ол этностың рухани дүниетанымымен, мәдени өмірімен, болмыс бітімімен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық сана арқылы беріліп отырады.
Ш.Жарқынбекова қазақ этномәдени болмысындағы түр-түс ұғымы туралы төмендегідей пікір білдіреді. «В казахских цветоконцептах наиболее ярко представлены пространственный и временной коды, что связано с образом жизни и восприятием окружающей действительности еще со времен кочевничества» [Ш. Жарқынбекова, 193].
Жалпы арғысы түркі тілінде, бергісі қазақ тілінде жүздеген түр-түс атаулары қалыптасып этномәдени өміріміздің әр саласында дәстүрлік дүниетаным негізінде кеңінен қолданыс тапқан. «Бұл танымды біздің дәстүрлік таным деп атауымыздың себебі: ол ұзақ дәуірдің, халық болып жаралғаннан бергі дүниетанымның, өзін қоршаған тамаша табиғаттың түр-түсін меңгеруінің және олардың өз тілінде қалыптастыруының нәтижесі болып саналуында» [Ә. Қайдар, 67] - деп дәйектеуі де қисындылыққа сәйкес келеді.
Түр-түстердің символдық мәні туралы Ә. Марғұлан: «көк түс - көкке табынудың, аспанның символы, қызыл - оттың, күннің, ақ - шындықтың қуаныштың, бақыттың, сары - ақыл-ойдың, қара - жердің, жасыл - көктемнің, жастықтың символы», - деп жазады [Ә. Марғұлан].
Ата-бабаларымыз дүниені төрт бұрыш деп түсініп әрі бұрышқа өзіндік символдық реңк-түс берген. Атап айтқанда, шығыс - көк түс, оңтүстік-қызыл түс, солтүстік - қара түс, батыс - ақ түс деген күн айналымына негізделген этномәдени дүниетаным.
Ақ түс - қазақ ұғымындағы ең қасиетті, ең ардақты, ең сүйкімді, ең жұмсақ бояулардың бірі. Сол себепті ақ түс әлемдік дүниетанымда жақсылық, ізгілік, адамгершілік, пәктік, сүйкімділік секілді ұғымдардың бәрімен де шектесіп, астарласып жатады. Басқаша айтқанда, аталмыш ұғымдардың барлығы да осы ақ түспен ассоциацияланады. Мұны тіліміздегі ақ жарқын, ақ жүрек, ақ көңіл, ақ ниет, ақ пейіл, ақ жолтай болды, ақ иық, ақ иіліп сынбайды, ақ тілек тәрізді сөз орамдары дәлелдей түседі. Қазақ халқы дүние тұтқасы, барлық тіршіліктің бесігі, адамзат өмірін өрбітуші ананы ақ ана дейді, оның махаббат-мейірімімен, іңкәрлік сезімімен қайнар бұлақтай құйылған тіршілік нәрін ақ сүт атаған. Сондықтан қазақ үшін ең жоғарғы адамгершілік парыз «ананың ақ сүтін ақтау» болып саналады.
Ақ түстің этносимволикалық «киелілік», «қасиеттілік» мәнін әулие-әнбилерді, Қыдыр бабамызды сипаттаудан да көреміз, яғни қазақ халқының дүниетанымдық ұғымында олар ақ сақалды, ақ сәлделі, ақ шапанды қария ретінде түсіндіріледі. Сонымен қатар ақ түс Еуропа, Азия, Африка мәдениетінде сүт, тазалық, жақсылық ұғымдарымен ұштасып сакральды (қасиетті) мәнді иеленеді екен.
Қара түс - қазақ мәдениетінде ақ – қара түстері өзара бинарлық жүйе құрайды. Сонымен бірге ақ - күннің, қара - түннің символдық белгісі. Дүниеде қарама-қарсылықсыз еш нәрсе жоқ. Қарама-қарсылықсыз дамудың жүзеге асуы да мүмкін емес. Оны нақты түрде былай көрсетуге болады: ізгілік пен жауыздық, әділеттілік пен әділетсіздік, адалдық пен арамдық, пайда мен зиян т.б., демек өмірдің мәні қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресін тану, жеңу болса, сол түсінік қазақ ұғымында ақ пен қара айналасынан орын алады.
Жалпы қара түс қазақ дүниетанымында тұяқ, атамекен, күшті, ірі, қыруар, әдемі сияқты жағымды коннотациялық мәндерде де жұмсалады Мысалы: қара шаңырақ, қара халық, қара орман, қара көз, қара қас, қара шаш және т.б.
Негізінен қара түстің қазақ тілінде қараңғылық, жалғыздық, қайғы, өлім, ыза, кек, лас, кедей, сиқырлық, бақытсыздық сияқты жағымсыз коннотациялық мәндерде қолданылуы басым. Оған дәлел ретінде қара түнек, қаралы үй, қара дақ, қара тас, қара жамылу, қара сүйек, қара шаруа, қара жүрек, қара ниет сияқты тіркесімдерді келтіруге болады.
Ш. Уәлихановтың көрсетуінше, қазақ халқында ертеректе ел жақсысы қаза тапқанда шаңырақтан қара ала шашақты қара жалау көтеріп, жақындары қара жамылып аза тұтатын, оның мінген атын бір жылға дейін тұлдап, ер-тұрманына қара жабу жауып, көші-қон кезінде жетелеп ертіп жүрген. Қаралы үйге қара тігуде қайтыс болған кісінің жас ерекшелігі ескерілген. Егер өлген адам жас болса - қызыл, орта жастағы адамға - қара, ал қарт болса ақ орамал байлаған. Қаралы үйде қандай адамның өлгенін осы белгі арқылы жүргінші жолаушыға білдіріп отырған.
Көк түс – жалпы адамзаттық түсінік бойынша аспан әлемі мен су кеңістігіндегі мұхит, теңіз, көл, өзен ұғымдарымен байланысты тұжырымдалады.
Көк түс танымының көне түркілер дүниетанымында аспан әлемімен байланыста болғандығын Күлтегін ескерткіштеріндегі:
Биікте көк Тәңірі
Төменде қар Жер жаралғанда
Екеуінің арасында адам баласы жаралған, - дейтін өлең жолдары дәлелдей түссе, оны жалғастыратын батырлық идеяны «Оғуз қаған» эпосындағы көк бөрі ұғымымен байланыстыруға болады.
Қазақ ұғымында көк түс аспанға берілген оның тәңірлік сипаты ретінде танылғандықтан, ата-бабаларымыз көк түсті аспан әлемі, жаратушы тәңір әлемі, биіктік пен бостандық әлемі деп қабылдаған. Осыған орай бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағы аспан түстес еркіндіктің, бостандықтың символын білдіреді. Көк түстің этносимволикалық табиғаты жөнінде Е.Шаймерденов былай дейді: « .......своеобразный «небесно-голубой мир» кочевника оставил глубокий след в его мировосприятии, национальном характере. Спокойствие души, бисхитростная открвенность во взаимоотнешениях с людьми, вера в добро – эти качества, отличающие его, как раз закодированы в символических значениях небесно-голубого цвета. Такой же след, может быть, даже более яркий, прослеживается в мировоззрении и мировосприятии казахов» [Е. Шаймерденов,110].
Қызыл түс - о баста Күннің, Оттың түсіне байланысты қабылданып, күні бүгінге дейін көптеген халық үшін символ ретінде қасиеттілік, махаббат символы, билік ұғымдарымен байланысты қалыптасқан.
Қызыл түстің басқа түстерден өзіндік ерекшелігін В.Василевич төмендегідей көрсетеді: «Если белый и черный цвет в языковым сознании средневекового человека были сакрализованы, то красный – был социологизирован, так как соотносился с идеей власти» деп көрсетеді [В.Василевич,56]. Қазақтың дүниетанымында да коммунистік идеямен байланысты қызыл әскер, қызыл отау, қызыл империя ұғымдары жоғарыдағы зерттеуші пікірін нақтылай түседі.
Қазақтың ұлттық этномәдениетінде қызыл түстің жағымды мағыналары түрлі сезімдік коннотацияға байланысты әдемілік, махаббат, жастық, қуаныштық, шешендік сияқты ұғымдармен ассоциациялық байланысқа түсіп қызыл шырайлы, қызыл қызғалдақ, қызыл көйлек, қызыл алма, қызыл шиедей сияқты сөздер мен тіркесімдерде ерекше көрініс береді.
Қызыл түстің бұдан да бөлек қызыл кеңірдек болу, қызыл өңеш болу – дау, жанжал, ұрыс; қызыл көз пәле - ыза, кек; қызғаныштың қызыл түлкісі сияқты сан алуан жағымсыз коннотациялық мәні бар екенін аталған тіл бірліктері айқындайды.
Сары түс -ежелгі түркілер мен көшпенділердің дүниетанымдық түсінігінде даналық пен ақылдықты, байлықты, әлемге жарық беруші күннің нұрын бейнелеген. Сондай-ақ сары түсінің семантикалық өрісі қозғалысты, сағынышты, аурумен байланысты көңілсіздік пен қайғыны, тоқтаусыз өмір мағыналарын да бедерлейді. Мұның негізінде сары жұрт, сары жілік, сары уайым, сары төсек болу, сары жамбас болу, сары майдай сақтау, сары алтындай сарғайып күту сияқты тіл бірліктері өмірге келгені белгілі.
Сары түс бүгінгі поэзия тілінде лингвопоэтикалық қолданысты жиі ұшырасады. Оған Н.Оразалиннің «Сары күз» өлеңі дәлел.
Саралап, сарғаяды жарық Айым,
Сағынып, сілкінеді сары қайың
Сары күз....
Сары дала.....
Сары тоғай.....
Санамда сақыр-сұқыр сары уайым....
Сам жанып, салқын көкте от күледі,
Сарғайған салқын күздің жеті лебі,
Сарыжұрт бүріседі кеште суық
Сабылып сары ала қаз көк тіледі
Сары бел жетімсіреп қалқияды,
Сары адыр саздау еңіс салқияды
Сары тал.....
Сары қайың.....
Сары белес....
Сағым - мұң тербетеді сал қияны.
Қоңыр түс - халқымыздың этномәдени дүниетанымында жанға жақын түстердің бірі. Қоңыр түсіне пропозиционалды модель тұрғысынан талдау жүргізген Н.Айтова былай дейді: «Қоңыр» өзі қатысты немесе өзін ассоциациялайтын сөздерімен уақыт, кейде обьект (аргумент), қатынас ретінде байланысады. «Қоңыр» байланыстарында мына мәндердегі ақпараттарды мазмұндау үшін қызмет етеді: орташа, қарапайым, жұтаң өмір; жанға жайлы оңтүстіктен соққан жел, салқындау жел; жаз соңынан басталатын мезгіл; алыстан қарауытқан биіктік (төбе); сағыныш назды саз; мұңдылау дауыс; мұңды әуен; жай ойнайтын саз; майда күй; жағымды дауыс; момын, жуас адам; тыныш кеш, тыныш орын [Н.Аитова,118]. «Қоңыр» түсі қоңыр күй, қоңыр дауыс, қоңыр күз, қоңыр кеш, қоңыр жел, қоңыр саз, майда қоңыр сияқты тіркестермен келіп, әртүрлі құбылыстың небір жанға жайлы, құлаққа жағымды, жүрек тебірентетін нәзік те әсем сәттерді, өмір тіршіліктің жайбарақат күйін сипаттайтын семантикалық өрісімен қазақ дүниетанымында көрініс тапқан.
Боз түс- халық ұғымында киелі, қасиетті түс. Сондықтан да қазақ жырауларының сөз қолданыстарында оны әркез қадірлі, қасиетті деген заттар мен құбылыстарды суреттеуде мол пайдаланып отырған: Боз сазаны тоқтыдай (Қазтуған). Боз мойынды сұр үйрек (Бұхар). Еңсесі биік боз орда (Доспамбет) т.б. Бұл мысалдарда боз түсі екі түрлі мағынада қолданылған. Бірі - түстік мағынасында болса, екіншісі - көне, қасиетті, киелі деген символдық мәнді танытады. Ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, наным-сенім бойынша үлкен жеңіске жеткен ел қуанар елеулі тойда немесе екі ру, екі ел арасындағы бітім кезінде боз бие шалып, құдай жолы деген садақаға боз қасқа қойды соятын болған екен. Демек, кез-келген ұлт мәдениетіндегі түр-түс өзіндік этносимволдық мәнге ие болып келеді. Ол адам баласының сан ғасырлық өмір тәжірибесінің нәтижесінде когнитивтік санасында қатталған.
Қазақ тіліндегі түр-түс атаулары төмендегідей семантикалық өріс шеңберінде жұмсалады:
ақ – сүт, сүт тағамдары. Сүт тағамдарына төрт түлік малдың сүтінен өндірілетін тағам, сусындар енеді;
ақ – адал, таза, күнәсіз, пәк мағынасында;
ақ – әділ, әділетті, арамдығы жоқ, істің дұрысы;
ақ – ізгі тілек, жақсылық, бақыт;
ақ – асыл, таза, қоспасыз (болат, құрыш, алмас, т.б. металл жайында);
ақ – бірқалыпты бір деңгейде ұзаққа созылған құбылысқа қатысты;
ақ – «тозу, жұтау, күйзелу» мағынасыне аңғартады;
ақ – қасиетті, қастерлі;
ақ – хан, бек, төре тұқымына тәндігін, елден ерекшелігін, олардың байлығын, дәулетін, сәулетін аңғартады;
ақ – әйелге тән әдемілікті, қабілеттілікті аңғартады;
Қазақ тілінде ақ түстің мағыналық түрлеріне байланысты көптеген мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, жұмбақтар мол ұшырасады.
Көзімнің ағы мен қарасындай - «ең абзал, қадірменім, қымбатты екі адамым» мағынасында. Бұл тіркестің пайда болуына о баста, әрине, көзге тән ақ түс пен қара түстің негіз болуы сөзсіз. Бірақ бұл түс атаулары бара-бара ол мағынасынан алыстап кеткен. Сондықтан бұл тіркесті қара көз қазақ та, көк көз, қой көз қазақтардың да айта беруі заң.
Ақ иық қыранға – ендігі жерде өзінің өнерімен, ақындығымен, сері –салдығымен қазақ даласына әйгілі болған азаматтарын теңейді: Арқаның ақ иығы Ақан сері, Біржан салдар, міне солар.
Ақ адам – адал, таза, күнәсіз, пәк мағынасында. Мысалы: Жала жаптым, аққа қара жақтым (бұл арадағы ақ-таза, күнәсіз адал адам); аққа зауал жоқ (ақ адамға пәле жоқ мағынасында); айтқан жерде пәле жоқ, ақ жүргенге жала жоқ т.б.
Ақ жауын- бірқалыпты бір деңгейде ұзаққа созылған құбылысқа қатысты. Мәселен, ақ жауын - жер мен көк бозғыл тартып, ұзақ уақыт себелеп жауатын жаңбыр; ақ боран - аспан әлемі мұнартып, үдей соғып ұзаққа созылатын боран; ақ түтек - қарды сыпыра соғып, бет қаратпайтын боран т.б.
Ақ сүйек қылу – тозу, жұтау, күйзелу мағынасын аңғартады. Мысалы: ақ сүйек қылу (қатты қыстың, боранның малдың жұтатып шаруашылықты күйзелтіп кетуіне байланысты айтылады); ақ сирақ жұт (малды қырып кететін қатты аязды, боранды қыс); ақ үрпілену (малдың ерте суалып жүдеуі); ақ табан шұбырынды (елді азып-тозып, қаңғып кетуі) т.б.
Ананың ақ сүті – қасиетті, қастерлі. Мысалы: ананың ақ сүті (адам баласының бойына сүтпен бірге тараған ізгі қасиет); ақ жауып, арулап көму (адамды қастерлеп, жақсы әдет-ғұрыптармен жерлеу, о дүниеге шығарып салу) т.б.
1. Қара – сиыр, жылық, түйе сияқты ірі мал: ірі қара мал; қара сөзі қазақ тілінде кейде жеке тұрыпта дәл осы мағынаны білдіреді: тоқсан мың екен қарасы, ноқта тимеген (Қазақ эпосы).
2. Қара – алыстан бұлдырап, қарауытып көрінетін бейне, жанды және жансыз зат тұлғасы.
3. Қара – хан, ақсүйектер, төре тұқымына жатпайтын, жалпы халық не сол халықтың өкілі.
4. Қара – серік, ес, жәрдемші.
5. Қара – майсыз, дәмсіз, қатықсыз, сүтсіз дайындалған ас.
6. Қара – айыпты, кінәлі, қылмысты адам.
7. Қара – жала, орынсыз айып.
8. Қара – адамға зиян келтіретін қасиетсіз мақұлық, ескі сенімге байланысты неше түрлі жын шайтан албасты сияқты нәрселер.
9. Қара – өлім-жетім, қайғы-қасірет, ылаң.
10. Қара – реңсіз, қоңырқай, түр-түссіз.
11. Қара – жай, қарапайым сөз, прозалық шығарманың тілі.
12. Қара – ауыр, зілбатпан.
13. Қара – қатыгез, қаныпезер, ұятсыз, пиғылы жаман адам.
14. Қара – жазу, сызу, хат, әріп таңбалары.
15. Қара – көңілсіз, сүреңсіз.
16. Қара – күшті екпінді.
17. Қара – ең жақын, ең қымбатты, ең аяулы.
18. Қара – кедей шаруадан шығып еңбекпен ысылып өскен.
19. Қара – үлкен, қадірлі, қастерлі, қасиетті.
Ірі қара- сиыр, жылқы, түйе сияқты ірі мал. Қара сөзі қазақ тілінде кейде жеке тұрыпта дәл осы мағынаны білдіреді: тоқсан мың екен қарасы, ноқта тимеген (Қазақ эпосы).
Қара күш – күшті екпінді, қара дауыл – жер бетіндегі заттарды қиратып бұзып кететін қатты соғатын дауыл; қара күш – тепсе темір үзетін адамның, күшті хайуанның т.б зор күші.
Қара суық – желсіз, тымырсық қыс күндеріндегі қатты суық, қатты аяз, тоңазу. Мысалы: қара суық – бораны жоқ қыс және күз айларында болатын суық, аяз.
Қара жаяу – жаяу-жалпылы (адамның өз аяғымен жүруіне байланысты). Мысалы: қара жаяу - аяқ артарсыз жаяу жүріс; қара жарыс – жаяу жарыс, қара желіс - атты жорғалатпай, шаптырмай, бірыңғай желдіріп отыру.
Қарашық – ең жақын, ең қымбатты, ең аяулы. Мәселен, көзімнің ағы мен қарасындай – ең абзал, қадірлі, қымбатты жан мағынасында қолданылады.
Қара шаңырақ – үлкен, қадірлі, қастерлі, қасиетті. Қара шаңырақ – ел қадірлейтін не әкенің, не атаның, не бабаның дәстүр бойынша кенженің еншісіне тиген үлкен үйі
Қызыл тіл - шебер, көркем, жылтыр, айшықты, (сөзге, тілге байланысты): Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл (Абай); қызыл сөз «Шебер де шешен айтылған, бірақ тиянақсыз, байлауы жоқ, пәтуасы жоқ сөз»
Қызыл кеңірдек болу – адам іс-әрекетіндегі, табиғатындағы кейбір жағымсыз қылық, мінез: қызыл көз (пәлеқор, жалақор адам); қызыл өңеш (сөзуар, дәукес адам); қызыл шеке болу, қызыл тұмсық болу (жанжалдасу, төбелесу), қызыл кеңірдек болу (бекер, босқа бажылдасу, жанжалдасу) т.б.
Сарғая күту- табиғи физиологиялық кейбір құбылыстың ұзаққа созылуын заттың созылыңқылығын сипаттайды. Мысалы: сары күз (ұзаққа созылған күз); сары төсек, сары жамбас (аурудың ұзаққа созылуы); сары уайым (уайым-қайғыға қатты берілу); санаменен сарғаю, сары ізіне шөп салу, сары аяз (ұзаққа созылған қатты суық). Сарғая күту ( ұзақ күту), сары өзек уақыт, ұзын сары т.б.
ала – табиғат құбылысының, жыл, ай, апта, тәулік мерзімінің, әр түрлі көрінісін анықтауға қатысады;
ала – бір-біріне сай келмейтін, жанаспайтын, ала бөтен заттар мен қарам-қарсы құбылыстарды анықтайды;
ала – араздасу, ала ауыз болу мағынасына қатысты;
ала – кейбір этнографиялық мәні бар сөздерді анықтайды.
Ала бөтен – бір-біріне сай келмейтін, жанаспайтын, ала бөтен заттар мен қарама-қарсы құбылыстарды анықтайды. Мысалы: ала бөтен, ала бөлек (елден ерекше, оқшау, үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын); ала көңіл (көңілі жат, жұртты бөлек санайтын), ала қозыдай бөліну (өзара жік-жік болу, басы қосылмау) т.б.
Ала жіпті аттамау- кейбір этнографиялық мәні бар сөздерді анықтайды. Мысалы: ала жіп, біреудің ала жібін аттамау (біреуге қиянат жасамау); ала қап, ала қаптың аузын ашу (барын аямай, түгел ортаға салу); ала қоржын, ала қоржынын арқалау (бет алды қаңғып, ел арасынан шығып кету) т.б.
Тапсырма.
1. Берілген сөздердің атауыштық мағынасын жазып, өзге сөздермен тіркесуіне байланысты туындаған семантикалық өзгерістерге назар аударыңыз: көк, қызыл, қара, сары, күрең, жирен, ала, жасыл, күлгін.
Үлгі:Ақ – сүттің, қардың түсіндей аппақ түс. Мысалы:ақ шаш, ақ мата, ақ бояу, ақ қағаз, ақ тамақ «сұлулық пен әдемілік бейнесі» (түс мағынасында емес, фразеологиялық байлаулы мағына).
2. Түр-түс атауларына байланысты қалыптасқан тілдік бірліктерді ассоциациялық уәждемелік белгісі тұрғысынан түсіндіріңіз: ақ, қызыл, көк, қоңыр, қара
Үлгі:
Түр-түс атауы | Жағымды реңк | Ассоциациялық белгісі | Жағымсыз реңк | Ассоциациялық белгісі |
Сары | сары жайлау, сары жазық, сары дала т.б. | сары уайым, сары ауру, сары жамбас, сары төсек болу | семантикалық белгісі – сарғаю (солу, қурау, өлу); ассоциациялық белгісі: адам ағзасына осы түс спектрінің тигізер физиологиялық қасиетімен байланысты болуы мүмкін. Ұзақ ауырған, қатты қайғырған адамның өтінен бөлінетін сөлдің сары түске боялуы. |
3. Символ ұғымының түр-түстегі көрінісіне байланысты көркем әдебиеттерден мысал тауып, берілген үлгі негізінде талдап жазыңыз.
Үлгі: Елдігің сол ма? Сары жұртыңа бір қонғанға түптамырымен жалмап кетердей нөкер жиямысың (Сматаев). Тәкежанның ауыл сырты тозған, сары жұрт болса да, бай ауыл қарашаның қатты суық қара желіне жонын төсеп, күзекті тақырлап жеп бітіргенше көшпей тырысып отыр (М.Әуезов).
Сары жұрт – ерте уақыттан бері бірге жасасып келе жатқан ескі жұрт деген мағынаны білдіреді.
ДӘРІС 8
Дата добавления: 2016-09-20; просмотров: 4467;