Тіл мен мәдениет сабақтастығы

АЛҒЫ СӨЗ

«Қазақ тілінің рухани және материалдық лексикасы» атты бұл оқу құралы жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің студенттеріне элективті пән ретінде ұсынылады.

Тіл ғылымының дамуында этномәдени лексиканы құрайтын кез келген сөздің, сөз тіркесінің, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің, прецедентті мәтіндердің, ертегілер мен өлең-жырлардың, тыйымдар мен ырым-жоралғылардың, салт-дәстүрлердің мазмұнында ұлттық мәдени ақпараттар тасқыны мол болғандықтан, тек жалаң тілдік мәліметтер негізінде ғана қарастыру жеткіліксіз болып саналады. ­Өйткені бұл ұжымдық құндылықтардың астарында сол ұлттың қалыптастырған ұлттық тарихи мәдениеті мен дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік шаруашылығы, өмір тәжірибесі, моралі, этикасы мен эстетикасы сияқты рухани-мәдени құндылықтары жан-жақты көрініс береді.

Пәннің мақсаты - қазақ тілінің рухани және материалдық лексикасы бойынша тыңдаушыларға жүйелі ғылыми-теориялық білім бере отырып, алған білімдерін практикалық және лабораториялық дәрежеде пысықтау, алынған ғылыми-теориялық біліміне сәйкес болашақта зерттелуге тиісті мәселелеріне байланысты тыңдаушыларды ғылыми ізденіске баулу, олардың шығармашылық ой-пікірлерін жетілдіру, оқытудың қалыптасқан әдістемелерінің (лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, когнитивті-концептуальдық, лексикалық, семантикалық, фразеологиялық, этимологиялық талдаулар, практикалық сабақтар, студенттердің өздік жұмыстары, лабораториялық жұмыстар т.б.) негізінде студенттердің жеткілікті дәрежеде білім алуын қамтамасыз ету көзделеді.

Дәріс мазмұнында рухани және материалдық лексиканы құрайтын туыстық атаулардың, салт-дәстүр мен ырым-жоралғыға байланысты лексиканың, дерексіз сөздер мен діни лексиканың, аспан денелері мен амал атауларының, түр-түс атаулары мен ономастикалық жүйенің, өлшем атаулары мен киелі сандар жүйесінің, ұлттық музыка аспап атаулары мен зергерлік өнер лексикасының, киім-кешек атаулары мен қару-жарақ атауларының ұлттық мәдени ерекшеліктері лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, когнитивті-концептуальдық аспектіден талдауға түседі.

Әрбір тақырып соңынан материал мазмұнына сәйкестендіріліп берілген практикалық тапсырмалар мен сұрақтар қамтылған. Дәріс мазмұнындағы теориялық материалдарды жан-жақты игере отырып, берілген практикалық тапсырмалар мен лексика-грамматикалық тест жүйесі студенттердің алған теориялық білімдерін қаншалықты дәрежеде меңгергендерін анықтау үшін, іс жүзінде орындай білу дағдысын қалыптастыруды міндет етеді.

ДӘРІС 1

Тіл мен мәдениет сабақтастығы

Қазіргі тіл білімінің даму бағыты қоғамдық-экономикалық қатынастар жүйесіндегі жаһандану үдерісіне төтеп берудің негізінде ұлттық тілдің табиғаты мен асыл қазынасын сақтау үшін, тілдік бірліктерді тіл мен таным тұтастығы, тіл мен мәдениет сабақтастығы, лингвофилософиялық құндылықтар жүйесінен зерделеуді қажет етіп отыр.

Тіл тек денотативті (белгілі, сигналдық) коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге коннотативті (белгілі әлеуметтік – мәдени, идеологиялық мәні бар) құрал. Сондықтан тілдің көп қырлы сан-салалы қызметін, адам және оның ақыл-ойымен, аялық білім қорымен, ұлттық дүниетанымдық көзқарасымен, тілдік санадағы этномәдени стереотиптік болмыс-бітімімен сабақтастыра қарастырудың өзектілігі жоғары. Өйткені тілдің кешенділігі қауымдық топтың, этномәдени ерекшеліктерімен, жеке индивидтің дүниетанымдық көзқарасымен қатар сол тілде сөйлеуші қоғам мүшелерінің когнитивтік санасында, генетикалық табиғатында, психофизологиялық болмысында, әлеуметтік жағдайы мен географиялық ортасында, гендерлік жүйесінде өзіндік көп қырлы кешенділк сипатымен көрініс береді.

Кез келген этнос пен қауымдық топтың, халықтың, ұлттың өзіндік болмысы мен дүниетанымы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани және материалдық мәдениеті оның тек жанды тілі арқылы ғана дәйектеледі. Яғни, кез келген тіл белгілі бір ұлттың эталондық көрсеткіші болады. Оған этномәдени біртектілік, ұжымдық сана, территориялық біртұтастық, қауымдық құрылым тоғысады.

Тілдің сапалық белгісі коммуникативті қасиетке ие ақпарат беруші таңбалар жүйесінен ғана тұрмайды, ол осы кешенділік сапаның бәрін қамтитын ұлттық мәдениеттің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады.

Мәдениет - жеке адамның өзіне тән қасиеттерінен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін қамтитын күрделі ұғым. Мәдениетті жасайтын және оны тұтынатын – адам. Сондықтан мәдениет, ең алдымен адам әлемі ретінде саналады. Өйткені мәдениеттің қандай түрі болмасын онда адамның ақыл-ойы, парасаты, наным-сенімі, дүниетанымы, эстетикалық талғамы заттандырылып, материалдық және рухани игіліктер көрініс табады.

Мәдениет деген сөз қазақ тіліне араб тілінен енген. О баста арабтың маданият деген сөзі “қала”, “қалалық” деген ұғымды білдірген. Мұның өзі орта ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениеттанушылардың атап көрсеткеніндей мәдениетке берілген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. “Мәдениет” ұғымын талдауды мәдениеттанушылар көне заманнан бастайды. Көне заманда мәдениет “жерді өңдеу” деген ұғымды білдірген. Бұл тұста көзге түсетін нәрсе – мәдениет пен табиғатты қарсы қоюшылық. Кейінірек Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп “жанды жетілдіру” деген ұғымда жұмсалады. Уақыт өте келе Европада мәдениет сөзі “білім беру”, “даму”, “қабілеттілік”, “құрметттеу” сияқты мағыналарда қолданыла бастайды.

Сондай-ақ, бүгінгі ғылымтануда заттық мәдениет, материалдық мәдениет, рухани мәдениет, этнос мәдениеті, этникалық мәдениет, ұлттық мәдениет, шығыс мәдениеті, постфигуративтік мәдениет (дәстүрлік мәдениет), конфигуративтік мәдениет (замандастық мәдениет), предфигуративтік мәдениет (жас ұрпақтық мәдениет), тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, тамақтану мәдениеті, киіну мәдениеті, төл мәдениет, жалпы адамзаттық мәдениет, аймақтық мәдениет, жазу (жазба) мәдениеті, кәсіби мәдениет т.б. Мұның сыртында көркемөнер мәдениеті, экологиялық мәдениет, оқу мәдениеті, ғылым мәдениеті, экономикалық мәдениет т.б. сияқты топтастырушылық та бар.

Демек, мәдениет адамзаттың адам болуынан бастап, оның бүкіл рухани ізденісі, шығармашылығы, тәжірибесі жинақталған мыңдаған жылдардың жемісі. Бұл орайда Н.В. Гончаренконың мына бір пікірін келтіруге болады: “Культура – величайшее завоевание человеческого гения, неувядаемая летопись его высочайших достижений и блестящих побед над стихиями природы, над дикостью, невежеством, злом над самим собой, над силами реакции и тьми, побед, которыми он вправе гордиться” [Гончаренко В., 14 б].

Рухани құндылықтарға ұлттық дүниетаным мен діл, ұлттық психология мен моральдық этикалық нормалар, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, ырым-жоралғы және т.б. жатады. Рухани мәдениетке С.Темірбеков, ең алдымен, адамгершілік құндылықтарын жатқызады. Зерттеушінің пайымдауынша, ар-намыс, парасаттылық, адамгершілік, сенімділік, мейірімділік, кішіпейілділік, кешірімділік және тәуелсіздікке, еркіндікке, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылыс, өзін-өзі бағалау сияқты құндылықтар жинағы – халықтың рухани мәдениетінің негізі, іргетасы. Мәдениеттанушы ғалым: “Мәдениеттің қалыптасу кезеңі адамның адам болуынан, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қажет қарапайым норма, ереже, тыйым, бұйрықтардан басталады, ал рухани мәдениетке жатқызатын әдебиет, өнер, дін, бұқаралық ақпарат құралдары т.б. кейінгі уақыттың жетістігі”, - деп жазады [Темірбеков С., 52 б.].

Заттық (материалдық) мәдениетке адамның өмір сүруіне қажетті ішер асы, киетін киімі, тұратын баспанасы, көлігі, қолөнерінің бұйымдары, ауылшаруашылық және малшаруашылық құрал-саймандары, өнім өндіретін шикізаттары, қару-жарағы, аңшылық, саятшылық жабдықтары, саз аспаптары, ыдыс-аяқ, жиһаз т.б. жатады. Яғни “материалдық мәдениеттің шындық өмірдегі, күнделікті тұрмыстағы заттармен тығыз байланыста қаралатыны белгілі” [Манкеева Ж.А., 65 б.]. Яғни материалдық мәдениет заттар әлеміне барып саяды. Этнографтар табиғат сыйынан тыс, адам қолынан шыққанның бәрі мәдениеттің айғағы бола алады деп санайды.

Қазақ халқының рухани болмысы мен ой-арманы, қиял-ғажайыбы, іс-әрекеті нәтижесінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті құрал-сайман, киім-кешек, қару-жарақ, тұрмыстық заттар мен қолөнер бұйымдары сияқты сан алуан материалдық заттар әлемі дүниеге келгені белгілі. Яғни ұлт мәдениетінде рухани мәдениет пен материалдық мәдениет етене тығыз байланыста дамыған. Әйтсе де бүгінгі ғылымтануда шартты түрде болса да рухани мәдениет және материалдық мәдениет деп топтастыру кездеседі.

  МӘДЕНИЕТ
Рухани мәдениет  
Материалдық мәдениет  

 


 

Тіл, сөз өнері.  
Үй жабдық атаулар жүйесі.

 

 


Киім-кешек атаулар жүйесі.
Адамның ақыл-ой жүйесі (мораль, ар-намыс, этика-эстетика, сезім, сенім) қасиеттері.

Адамның ақыл

Музыкалық аспап атаулар жүйесі.
Мифологиялық діни тотемдік ұғымдар мен дерексіз ұғымдар жүйесі.
Жас, жыныс, туыстық атаулар жүйесі.
Құрал-сайман атаулар жүйесі.
Тағам атаулар жүйесі.
Қару-жарақ атаулар жүйесі.
Зергерлік атаулар жүйесі.
Қолөнер бұйымдар жүйесі.
Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралғы атаулар жүйесі.  
Қоғамдық-әлеуметтік атаулар жүйесі.
Әлемді тану жүйесі (аспан атаулары, түр-түс атаулары, ономастикалық жүйе).  

 


 

«Тіл мен мәдениет біртұтас» деген қағидатқа сәйкес, қазақ тілінің ұлттық мәдениетін танытатын рухани және материалдық лексиканының барлық жиынтығын іштей сала-салаға жіктеп, жүйелеп, сан алуан ұғым-түсініктердің мән-мағынасын ашып, этностың дүниетанымдық таным-талғамы тұрғысынан түсіндіру тіл ғылым үшін қашанда өзекті мәселе болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі тіл ғылымындағы лингвомәдениеттану мен этнолингвистиканың ролі ерекше.

Лингвомәдениеттану - тіл мен мәдениеттің өзара қатынасының тілдегі көрінісін қарастырады. Ол тілдік және тілдік емес (мәдени) мазмұнды бірліктерді біртұтас құрылым ретінде кешенді әдістемелер көмегімен және қазіргі заманның басты бағыттары мен мәдени ұстанымдарын негізге ала отырып жинақтаушы (синтезирующий) түрінде зерттейтін кешенді ғылым.

В.А. Маслова бұл жаңа саланың ұлт мәдениетін тануда этнолингвистикамен сабақтас, ұштас екенін алға тартады: «Лингвокультурология – это отрасль лингвистики, возникшая на стыке лингвистики и культурологии и исследующая проявления культуры народа, которые отразились и закрепились в языке. С ней тесно связана этнолингвистика и социолингвистика, причем настолько тесно, что это позволяет В.Н. Телия считать лингвокультурологию разделом этнолингвистики. [Маслова В.,14 б].

Тіл - мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет - оның ішкі мәні. Лингвомәдениеттанудың антропоөзектік бағыты тіл мен мәдениеттің байланысын, тілдің мәдениетті сақтау, сипаттау, жарыққа шығару кешенділігін зерделейді.

Лингвомәдениеттану мен этнолингвистика ұлт мәдениеті үшін бір-бірімен етене тығыз байланысты ғылыми іргелес пән екенін А.Сейілхан төмендегідей пікірмен дәйектейді: «Лингвомәдениеттану этнос мәдениеті мен сол тілде сөйлеуші халықтың лексикасының мәдени тілдік деректерін сипаттайтын, жұрт мәдениетін өз лексикасы арқылы басқа этносқа танытатын, ұлттық рух пен ұлттық тілдің туын көтеретін, халықтың тіл байлығын тек болмысы арқылы өз тұғырына жеткізіп келешекке танытатын, тілдік деректерді ұлттық нышанда жарата да, жарқырата да алатын, этнолингвистика пәнімен ағайындас, ұлттық рух пен тіл арасында өзіндік жолы бар, тілді мәдениет арқылы танудағы бітімімен басқа тіл ғылымдарынан ерекшеленетін, қоғамдық әлеуметтік, эстетикалық, философиялық сипаты бар кешенді пән» [Сейілхан А., 23].

Соңғы жылдарғы ұлт мәдениетін зерттеу үрдісі этнолингвистикалық бағытта кеңінен қарастырылып келеді. Этнолингвистика – этнос дүниетанымын тек тіл феноменінің өзіндік мүмкіншіліктері арқылы зерттеуді мақсат ететін ғылым. Ол – жиырмасыншы ғасырдың басында этнография мен тіл білімінің ұштас жақтарының бірігуінен тіл мен этнос мәдениетінің өзара қарым-қатынасын зерттеумен айналысатын тіл біліміндегі антрополингвистикалық этносемантикалық бағыт ретінде өмірге келгені белгілі. Этнолингвистиканың зерттеу обьектісі – этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу. Осы мақсатта этнолингвистиканың басты мәселелері этностың ұлттық рухани бейнесі мен өзіндік болмысын оның тіл байлығы (тіл әлемі) арқылы танып білу, этнос тілінің лексикалық байлығын түгел қамтып зерттеу.

Тіл бірліктерінің астарында ұлт мәдениетінің рухани және материалдық қасиеттері, лингвомәдени асыл қазыналары жан-жақты көрініс беретіндіктен, бұл мәселенің шешімін іздеуші, этнограф, философ, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы, психолог ғалымдар да әр дәуірде сан алуан ой-пікірлер айтты. Бұл бағытта зерттеудің алғашқы нысандарын XVІІІ-XІX ғасырдағы немістің мәдениеттанушы-этнограф ғалымы Иоган Гердердің еңбектерінен бастау алатынын атауымызға болады. Ол ұлттың рухани мәдени құндылығы - миф, таным-түсінік, тіл, моральдік нормалар, әдет-ғұрып, салт-дәстүр қағидаларын уақыт пен кеңістік аясында қарастыруға ерекше назар аударды.

Лингвистика тарихында тіл мен мәдениет сабақтасығының ғылыми теориялық негізін алғаш рет неміс ғалым Вильгелм фон Гумбольдт алға тартты. Ол рухани және материальдық мәдениеттің ұлттық сипаты тек жанды тілде ғана көрініс беретінін, тілдік белгіге ішкі форманың тән екендігі және тілдің адам мен қоршаған орта арасын байланыстырушы дәнекер қызметінің зор екенін төмендегіше тұжырымдады: “Язык народа есть его дух и дух народа есть его язык, и трудно представить себе, что-либо без него более тождественное ”[ Гумбольдт В., 89].

Тіл мен мәдениет сабақтасығын этнолингвистикалық тұрғыдан алғашқылардың бірі болып американдық ғалымдар Э. Сепир мен Б. Уорф зерттеді. Олар жергілікті үндістердің бірнеше тайпаларының тілдерін зерттеп, ондағы тілдік элементтерді оның мәдениетімен, антропологиясымен, этностық сипатымен байланыстыра қарастырды. Американ үндістерінің тілдік ерекшеліктеріне жүргізілген бұл зерттеуді "тілдік ықтималдық пен детерминизм " гипотезасы деп атады. Кейіннен бұл тіл білімінде "Уорф гипотезасы " деген атауға ие болды.

Тіл мен мәдениет сабақтасығын Еуропада өсіп-жетілуіне неміс ғалымы Лео Вайсгербер де өз үлесін қосты. Оның айтуынша: “Народ в ходе своей истории строил свой язык, закладовал в него то, что представлялось ему ценным в его внутренних и внешних судьбах, в его исторических и географических условиях, в процессе становления и роста духовной и материальной культуры для того, чтобы осмыслить мир и овладеть им” [Вайсгербер Л.,19].

Орыс және славян тілдерінде тіл мен мәдениеттің сабақтастығы туралы Н.И.Толстой, В.Н.Топоров, Н.Телия, В. Воробьев, В.А. Маслова сияқты ғалымдар теориялық еңбектер жазды. Қазақ тіл ғылымында тіл мен мәдениет сабақтастығы академик Ә. Қайдар бастаған этнолингвистикалық бағытта жан-жақты зерттелуде. Бұл қазақ тіл білімі үшін ұлттың ментальдық ерекшелігін, өткені мен бүгінінің іліктес екенін жаңа қырынан таныта бастаған тың саланың бірі. Этнолингвистика ғылымының қазақ топырағында қалыптасып дамуына, өсіп-өркендеуіне Ә.Қайдар, И.Копыленко, Е. Жанпейісов, Ж. Манкеева, Р. Сыздық, Н. Уәлиев, Б. Қалиұлы, Г. Смағұлова, Б. Момынова, Ғ. Аронов, Р. Шойбеков, Қ. Ғабитқанұлы, Ш. Сейітова, Р. Иманалиева, Б. Қарағұлова сияқты ғалымдар өз үлестерін қосып келеді. Этнолингвистка туралы сүбелі зерттеу жүргізіп, көптеген шәкірт тәрбиелеген Ә. Қайдар бұл тың сала туралы ең алғаш әрі нақты, әрі жүйелі тұжырым жасады: “Этнолингвистика - этностың нысандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тілі арқылы қалыптасып, қорланып рухани-мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі де құнарлы саласы” [Қайдар Ә., 5].

Ә. Қайдар этнолингвистика ұғымын екі обьектінің – этнос пен оның тілінің ортасынан туындаған ғылым саласы дей отырып, «этнос» атты күрделі ұғымды этнолингвистика мақсатына орай «этнос болмысы», ал тілдің орнына «тіл әлемі» деген термин-ұғымдарды қолдануды жөн көреді.

Академик Ә. Қайдар бастаған қазақ ғалымдары этнолингвистика ғылымының бүгінгі даму үдерісін «Адам», «Қоғам», «Табиғат» үштігінде қарастырып, оларды іште жіліктей отырып, 30 макротопқа, 200 микротопқа бөліп, үлкен идеографиялық классификация жасап жатқан «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты 4 томдық этнолингвистикалық сөздіктің ғылыми маңызы мен ұлттық құндылығы аса жоғары болмақ.

Бұл салада Е. Жанпейісовтің қазақтың этномәдени лексикасына тарихи-лингвистикалық тұрғыдан зерттеу жүргізіп, көптеген пассив қабатқа енген көнерген сөздер мен тіркесімдерге сан алуан қырынан жаңа нәр беріп, этномәдени сипатын ашып көрсеткен монографиясы мен еңбектерінің құны аса зор.

Жалпы ұлт мәдениетінің рухани және материалдық лексикасын кешендік сипатта зерделеуде этнолингвистика мен лингвомәдениеттанудың бүгінгі тіл ғылымындағы когнитивті лингвистика, әлеуметтік тіл білімі, концептология, семантика, этимология, тіл тарихы, диалектология, прагматика сияқты тың бағыттармен тығыз сабақтастықта зерттелуі бұл пәндердің ғылыми мазмұнына мол ақпар береді.

 

Тапсырма.

1. Адам - мәдениет – тіл: антропоөзектік парадигмасындағы лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу мақсаты мен міндеттері туралы түсінік беріңіз.

2. Лингвистикалық пәндер қатарындағы лингвомәдениеттану пәнінің ғылыми мәртебесін анықтаңыз.

3. Лингвомәдениеттану пәнінің ғылыми методологиялық негізі және әдіс-тәсілдері туралы ғылыми әдебиеттер негізінде конспектілеңіз.

4. Қазақ тілтанымдағы этнолингвистикалық зерттеу бағыттарының даму сипаты туралы ой-пікірлеріңізді ортаға салыңыздар.

 

ДӘРІС 2








Дата добавления: 2016-09-20; просмотров: 8557;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.025 сек.