Жалпы профилактикалық шаралардың ұйымдастырылуы

Жалпы профилактикалық шаралар ветеринариялық шаралар жүйесінің маңызды тізбегі болып табылады, олар жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының алдын алуға бағытталынады.

Жалпы профилактикалық шараларға жануарларды жеткілікті мөлшерде сапалы азықпен, қалыпты микроклиматы бар қора-жайлармен қамтамасыз ету, ветеринариялық-санитарлық ережелерді ұстана отырып тиісті деңгейде бағып күту, азықтар мен судың сапасын бақылау, қоректік заттардың, витаминдердің, микро- және макроэлементтердің, пестицидтердің, уыттық заттардың, қышқылдылықты т.б. зертханалық зерттеу т.б. жатады. Нормадан кез-келген ауытқулар метаболизм бұзылуына, ауруларға деген төзімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады, ол өз алдына өнімділік төмендеуіне, түрлі этиологиядағы аууурулар пайда болуына, жануарлардың өлім-жітімге ұшырауына әкеліп соғады.

Сол себептен фермаларда, түрлі меншік иеліктеріндегі шаруашылықтарда, аумақтық мемлекеттік ветеринариялық мекемелерде жұмыс жасайтын ветеринария мамандары Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңын басшылыққа ала отырып жануар иелерінің өз иеліктеріндегі жануарлардың денсаулығын, дамуын және олардан алынатын өнімдердің жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ететін жалпы профилактикалық шаралардың қатаң орындалуын қамтамасыз етіп, қадағалаулары керек.

Жануар ауруларын профилактикалаудың маңызды шарты малшаруашылық нысандарының, жануар текті өнімдер мен шикізаттарды қайта өңдеу, сақтау мекемелерінің ветеринариялық-санитарлық жағдайын жүйелі түрде мониторинглеу болып саналады.

Мемлекеттік, ведомствалық, жеке кәсіпкерліктегі ветеринариялық қызметтің барлық деңгейлерінің басты да тұрақты міндеттерінің бірі - өздері қызмет көрсететін шаруашылықтардың, малшаруашылығы нысандарының олармен шектесетін аумақтардың ветеринариялық-санитарлық және эпизоотиялық жағдайын зерттеп білу. Бұл үшін қоршаған ортаның – жайылымдардың, тұрақ орындарының, су көздерінің, қора-жайлардың, ветеринариялық-санитарлық нысандардың т.б. санитарлық жағдайы зерттеледі. Бұл джануарлар организміне кері әсерін тигізетін және аурулар байқалып таралуына ықпал ететін факторларды айқындау мүмкіндігін беретін болады.

Эпизоотиялық ахуал туралы ақпараттарды түрлі ақпарат көздерінен алуға болады. Бұл статистикалық деректерді жинақтау, ветеринария мамандарының хабарланымдары, орын-орындардағы жағдаймен тікелей танысу, шаруашылықтар мен өзге нысандарды зерттеу т.б.

Ветеринария мамандары өз аумақтарындағы жануарлардың жұқпалы ауруларының өңірлік эпизоотологиясын, олардың байқалу ерекшеліктерін, эпизоотиялық қауіпін, мерзімділігін, кезеңділігін, табиғи ошақтылығын зерттеулері керек. Жұқпалы емес патологияларды профилактикалау үшін табиғи биогеохимиялық аймақтарды, сонымен қатар, адамдардың ойланбай жасаған олқылықтары салдарынан туындалатын экологиялық қауіпті ошақтарды білу аса маңызды.

Қандай да бір шаруашылықтың, аумақтың эпизоотиялық жағдайын бағалау үшін эпизоотиялық журналдардың, эпизоотиялық карталардың, зертханалық сараптамалардың, қанды, патологиялық материалдарды зертханалық зерттеу қорытындылары, өлген жануарларды жарып-сою хаттамаларының деректері де пайдаланылады.

Шаруашылықтарды, малшаруашылығы нысандарын ветеринариялық зерттеу жоспарлы және жоспарсыз өткізіле алады, сонымен қатар, аурулар пайда болғанда немесе олардың байқалу қауіпі төнгенде лажсыз болуы мүмкін. Олар көбіне жоғары тұрған ветеринариядағы мемлекеттік басқару органдарының немесе жергілікті атқарушы билік органдардың тапсырмалары бойынша өткізіледі. Зерттеу мақсатына байланысты бірқатар жылдар бойынша аурулардың таралуы, ауруға шалдығу деңгейі, өлімге ұшырауы, өлімділігі (леталдылығы), белгілі бір жыл мерзімдеріндегі эпизоотиялық жағдайдың қауырттылығы түбегейлі зерттелінеді. Өткізілетін сауықтыру бойынша жалпы, арнайы, ветеринариялық-санитарлық шаралардың тиімділігіне баға жасалады. Алынған деректер жұқпалы аурулармен ғылыми негізделінген тиімді профилактикалық және емдік шараларды жоспарлап, ұйымдастыру үшін қажет деп танылады.

Табиғи-ошақтық аурулармен күресу шараларын құрастыру үшін табиғи ошақ құрылымын, ауру резервуары мен көздерін, жабайы жануарлар фаунасы мен жабайы табиғат ортасында инфекциялық аурулар қоздырушыларының сақталуына ықпалын тигізетін тағамыдық-азықтанымдық байланыстардың құрылымын жан-жақты зерттеу қажет.

Ветеринариялық-санитарлық және эпизоотологиялық зерттеулер тиісті акттермен толтырылады, онда зерттеу нәтижелерімен қатар қорытындылар жасалынып, анықталынған кемшіліктерді жою бойынша нақтылы ұсыныстар беріледі. Ветеринариялық ережелердің бұзылуына қатысты барлық жағдайлар сол орындарда талқыланып, тиісті шаралар жасалуы керек.

Жануарларды диспансеризациялау – бұл жануарлардың субклиникалық және клиникалық белгілерін анықтауға, ауру жануарларды профилактикалау мен уақтылы емдеуге бағытталынған жоспарлы түрдегі диагностикалық және емдік-профилактикалық шаралар жүйесі.

Диспансеризациялаудың басты мақсаты – жануарлар денсаулығын сақтау, олардың жоғары өнімділігі мен табынды ұдайы өндіру үшін қажетті оптималды жағдайларды қамтамасыз ету. Диспансеризациялауды өткізу асыл тұқымды шаруашылықтарда аса маңызды рөл атқарады. Оның өткізілуіне ветеринариялық шаруашылықтардың, мемлекеттік ветеринариялық мекемелердің мамандары қатысады.

Диспансеризацияны шартты түрде үш кезеңге бөледі: клиникалық, емдік және профилактикалық.

Бірінші кезең әр жануарды клиникалық қарап зерттеуден тұрады, яғни: оның жалпы жағдайын, кілегейлі қабықтарын, терісін, лимфотүйіндерін, жүн жамылғысын, сүйек жағдайын, желінін, тұяқтарын, құйрық омыртқаларын, жүрек-тамыр жүйесін, тыныс алу органдарын, асқорыту жүйесін, несеп бөлу, несеп-жыныс және нерв жүйелерін, қозғалу органдары мен сезім органдарын зерттеу. Нормадан ауытқу анықталынған жағдайда қан, зәр, сүт т.б. мұқият зертханалық зерттеу жұмыстары өткізілетін болады.

Жануарлар денсаулығын зертханалық бақылау үшін жануарлардың 5 тен 40% дейінгі бақылау топтары бөлінеді, олардан қажетті көрсеткіштерді биохимиялық зерттеу үшін қан, зәр, сүт алынады. Асыл тұқымды мекемелерде көбірек жануар бастары зерттелінеді. Зерттеулер арасына 1-1,5 ай салып немесе тоқсанына бір рет тәртіпте өткізіледі. Өтпелі кезеңдері (күз, көктем) бақылау мен зерттеулер мұқият өткізілуі керек. Алынған қорытындыларды алдыңғыларымен салыстырып, жануар организмінде өтіп жатқан өзгерістер динамикасы анықталынады.

Клиникалық зерттеу және зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша жануарларды шартты түрде үш топқа бөледі: 1 – нормадан ауытқулары жоқ клиникалық сау жануарлар; 2 – зертханалық зерттеу қорытындылары бойынша нормадан ауытқулары бар клиникалық сау жануарлар; 3 – айқын ауру жануарлар.

Диспансеризациялаудың екінші кезеңінде барлық ауру жануарларды диагнозды нақтылау және ем тағайындау үшін қайтадан мұқият зерттейді.

Диспансерлік зерттеу нәтижелері жануарлардың ауруларын тудыратын себептерді жою бойынша шаралар құрастырып, өткізуге негіз болып табылады.

Диспансеризациялау нәтижелерін диспансерлік картаға енгізеді, ол тиісті ұсыныстар кіргізілген акт толтыру негізі болып табылады.

Баорлық меншік иеліктеріндегі жануар иелері ҚР «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес жануар денсаулығын қамтамасыз ететін жағдайларды жасау бойынша ветеринария мамандарының барлық талаптарын орындауға міндетті. Диспансеризациялау нәтижелері бойынша ұсыныстарды орындауды бақылау ісін шаруашылықтардың және мемлекеттік ветеринариялық мекемелердің ветеринар дәрігерлері жүргізеді, олар табынның ұдайы өндірілуін үнемі өз бақылауларында ұстайды. Диспансеризация өткізілуі көбею органдарының патологиялары бар жануарларды айқындап, ұдайы өндіру функцияларын қалпына келтіру үшін уақтылы ем тағайындау мүмкіндігін береді. Мұнымен қатар, ұдайы өндіруге эпизоотиялық жағдай, күресу үшін эпизоотияға қарсы шаралар қажет етілетін инфекциялық және инвазиялық аурулар болуы әсер етеді. Сонымен қтар, оған фермадағы ветеринариялық-санитарлық жұмыс жағдайы мен жануарларды ұрықтандыру кезінде ветеринариялық-санитарлық ережелердің сақталмауы да әсерін тигізетін болады.

Шаруашылықтардың ветеринариялық мамандары өндірушілерді уақытында эпизоотиялық ахуалды ескере отырып бруцеллезге, туберкулезге, паратуберкулезге, лептоспирозға, кампилобактериозге тағы басқа аураларға зерттеулері керек. Жануарлар ұрықтарының сапасын мемлекеттік асылдандыру мекемелерінің ветеринария мамандары бақылап оытрады.

Жануарларды ұстаудың зоогигиеналық және ветеринариялық-санитарлық ережелерін ұстану жануарлар денсаулығын сақтаудың және ветеринариялық-санитарлық тұрғыдан алғанда қауіпсіз, сапалы өнім алынуының шарты әрі кепілі болып саналады. Микроклиматты қамтамасыз ету ғимараттарды дұрыс пайдалану, қи шығару, тиісті түрде желдету жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету арқылы өткізіледі. Түрлі ғимараттарда желдетуді ұйымдастыру мен қи шығарудың түрлі жүйелері қолданылады. Сондықтан малшаруашылығы ғимараттарын жобалау және құрылысын жүргізу сатылары кезінде тиісті әкімшілік аумақтық мекемелердің бас ветеринар инспекторлары осы жүйелерді таңдау ісіне белсене ат салысып, құрылысын жүргізу, пайдалануды бақылауларында ұстаулары керек.

Малшаруашылығы ғимараттарындағы микроклиматты бақылап отыру үшін әр шаруашылықта, аудандық ветеринариялық бөлімде ауаның газдық құрамын бақылауға, микробтық ластануды анықтауға, салыстырмалы ылғалдылықты, ауа температурасын және өзге көрсеткіштерді анықтауға арналған құрал-жабдық жинақтары болуы керек.

Ветеринариялық-санитарлық режимді қамтамасыз ету үшін ғимараттарда және ферма аумағында тазалықты қамтамасыз ету, кесте бойынша профилактикалық дезинфекция, дезинсекция және дератизация өткізуіне қажетті және қажет болған жағдайда осы жұмыстардың сапасын зертханалық тексеру жұмыстары жүргізілуі керек. Дезинфекция сапасын тексеру тек бактериологиялық қана емес, жұмыс ерітіндісіндегі дезинфектанттың пайыздық қатынасын анықтау түрінде химиялық жолмен де өткізілуі мүмкін.

Дезинфекциялық жұмысты ДУК, ЛСД, ВДМ, АГ, УД-2 аэрозолдік генераторлары типіндегі стационарлық жылжымалы дезинфекциялық қондырғылардың көмегімен өткізген жөн.

Жануарларды ұстау, азықтандыру гигиенасы мен ветеринариялық санитария ережелері шаруашылық, ферма басшыларына, барлық малшылар қауымына таныс болғаны жөн. Бұл үшін ветеринария мамандары ауқымды түсіндіру жұмыстарын, фермаларда оқыту жұмыстарын жүргізулері керек.

Зоогигиеналық және ветеринариялық-санитарлық ережелердің ұсталынуын бақылау ережелерін шаруашылықтың, мемлекеттік ветеринариялық мекемелерінің және басқару органдарының ветеринар дәрігерлері жүргізеді.

Жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша жалпы шаралар: жануарлар организмінің төзімділігін арттыру бойынша шаралар кешені; шаруашылықтарды, фермаларды жұқпалы ауру қоздырушылары енуінен қорғау; шаруашылықтың, жергілікті орындардың және шекараласатын аймақтардың эпизоотиялық жағдайларын есепке алу; бұқаралық ветеринариялық-ағарту жұмыстарын жүргізу.

Жануарлар организмінің инфекциялық және инвазиялық ауруларға төзімділігі толыққұнды азықтандыру, жануарларды ұстау гигиенасын ұстану және ветеринариялық санитария ережелерін ұстану арқылы қамтамасыз етеді. Жануарларды жұқпалы аурулардан сақтау шараларына жататыны: жүйелі түрдегі дезинфекция, дезинсекция, дератизация, жануар өлекселерін жинау және өтелдеу, сонымен қатар шаруашылықтарды, феромаларды инфекциялық ауру қоздырушыларының енуінен қорғау.

Малшаруашылық кешендері мен ірі малшаруашылық фермаларында қорғаныстың ерекше режимі өткізіледі – бұл тұтас дуалдармен қоршау, ветеринариялық-санитарлық өткізгіштер салу, оны санитарлық және дезинфекциялық блоктармен, кіреберіс, шыға беріс дезбөгеттерімен жабдықтау.

Шаруашылықтар мен фермаларды инфекциялық ауру қоздырушылары енуінен қорғау үшін ветеринариялық зерттеуден өтпеген жануарларды енгізіп, шығаруға және сау емес деп танылған шаруашылықтардан жануарларды шығаруға тыйым салынады.

Мұнымен қатар, шаруашылыққа енгізілген жануарларды 30 күн бойы профилактикалық карантиндеу шарасы өткізіледі, осы кезде оларды аса қауіпті инфекциялық және инвазиялық ауруларға зерттеп, аталған аумақта тіркелінген инфекциялық ауруларға қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі.

Жануарларды, әсіресе асыл тұқымды жануарларды енгізу шаруашылықтың және мемлекеттік ветеринариялық мекемелердің ветеринария мамандарының қатаң бақылауында өткізіледі.

Жұқпалы ауруларды профилактикалау бойынша арнайы шаралар қатарына диагностикалық зерттеулер, жануарларды иммунизациялау және паразиттерге қарсы өңдеу жұмыстары жатады.

«Ветеринария туралы» Заңда жануар иелері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша міндеттері айқындалып көрсетілген. Осындай міндеттердің бірі – ветеринар мамандарының талаптары бойынша қарап зерттеу, диагностикалық зерттеулер өткізу және сақтандыру екпе жұмыстарын жүргізу үшін жануарларын ұсыну.

Тиісті ветеринариялық нормативтік құжаттар арқылы жоспарлы және лажсыз аллергиялық, серологиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, микроскопиялық, капрологиялық тағы басқа диагностикалық зерттеулерді өткізу қажеттілігі мен өткізу тәртібі айқындалады. Жекелеген жағдайларда бұл зерттеулерді жануарларды термометриялау және клиникалық қарап зерттеу шараларымен қиылыстырып өткізеді.

Міндетті бас-басына зерттеу жұмыстарын жануарлардың бруцеллезі, туберкулезі, маңқа, киеңкі, жылқылардың инфекциялық анемиясы, трихомоноз, ірі қара малдың кампилобактериозы, жылқылардың, түйелердің трипонозамозы ауруларын профилактикалау кезінде өткізеді, таңдап зерттеу жұмыстарын гельминтоздар кезінде өткізеді.

Диагностикалық зерттеулерді ұйымдастыру тәртібі ауру, жануар түріне және орындау әдісіне байланысты болады.

Жануарлардың аллергиялық зерттеулерін ұйымдастыру кезінде келесі тәртіпте дайындау жұмыстары өткізіледі: зерттелетін жануарлардың тізімідері жасалады; жұмыс орны мен жабдықтар дайындалады; өңдеу ісін өткізу үшін қажетті мамандарға, операторлдарға, жануарларды бекіндіру бойынша жұмыскерлерге деген қажеттілік анықталады. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес бір ветеринар маманы 2-3 қосалқы жұмысшымен қоса бір жұмыс күні ішінде 200 бас ірі қара мал басының аллергиялық зерттелуін қамтамасыз ете алады.

Бұл жұмысты өткізу үшін осы шартты басшылыққа ала отырып өткізу уақыты мен мамандар санын да анықтауға болады. Сонымен қатар диагностикалық препараттарға, деззаттарға және құрал-жабдықтарға деген сұранысты да есептеп алған маңызды.

Жұмыс күні қарсаңында ветеринар маманы жұмысқа тартылатын адамдарға арнап нұсқамалық түсіндіру кеңесін жүргізіп, әр адамның міндеттерін бөліп, қауіпсіздік техникасымен таныстырады.

Жұмыс аяқталған соң зерттелінген жануарлар тізімі жасалып, белгіленген тәртіпте зерттеу жұмыстары туралы акт толтырылады.

Тізімде келесі бөлімдер болуы керек: кезекті номері, жануар иесі (тегі, аты-жөні, ферма, шаруашылық, жануар иесі т.с.с.), жануар түрі, жынысы, жасы, зерттеу нәтижелері.

Актте ауыл, кент, қала атауы, толтырылу кұні, кім толтырғаны, өткізілген жұмыс түрі (ірі қара малдың аллергиялық зерттеулері), өткізу уақыты, препарат атауы, оның сериясы, дайындаушы фабрика, дайындау мерзімі, жарамдылық мерзімі, енгізу әдісі, мөлшерлемесі, шығындалған препарат, мақта, спирт мөлшері, зерттеу нәтижелері көрсетіледі.

Актке жұмыс орындаушылары қол қояды. Жұмыстарды осылай ұйымдастыру схемасы өзге ветеринариялық зерттеулерді өткізу кезінде де жасалады, айырмашылығы тек орындаушыларында ғана.

Тізімге келесі графалар кіреді: реттік номері, шаруашылық атауы, жануар иесі (иелері), жануардың инвентарлық номері, лақапаты, жынысы, жасы, зерттеу нәтижелері (РА, РСК), ескертулер.

Жануарларды иммунизациялауды жоспарда бекітіліген мерзімде тиісті вакцинамен, сарысумен, анатоксинмен биопрепараттарды пайдалану бойынша нұсқаулықты қатаң басшылыққа ала отырып өткізеді. Иммунизацияға дайындық жануарлар санын, биопрепаратқа, құрал-жабдықтарға, таңу материалдарына, деззатарға деген қажеттілікті, керекті ветмамандар санын, жануарларды бекіндіру үшін керек жұмыскерлер санын анықтауды қарастырады.

Жануарларды вакцинациялау алдында ветеринар дәрігері поствакциналды реакция асқыну белгілерімен өтуі мүмкін деген жекелеген жануарларға қажетті гипериммундық сарысу немесе тиісті гаммаглобулиндерді дайындап қоюы керек. Вакцинация өткізілген соң жануарларға азықтандыру, ұстау, суарудың жақсы ждағдайларын жасау керек. Бұл жағдайда поствакциналық реакция жеңіл ағымда өтетін болады.

Вакцинация өткізілуіне акт толтырылады, онда ауыл (село), қала, толтыру күні, акті кім толтырғаны, қандай вакцинация өткізілгені, препарат атауы, биофабрика атауы, дайындалу мерзімі, сериясы мен мемлекеттік бақылау номері, жарамдылық мерзімі, енгізу әдісі мен мөлшерлемесі, вакцинацияланған жануарлар саны, шығындалған вакцин, мақта, спирт т.б. мөлшері, сонымен қатар вакцина қалдығын жою тәртібі мен жануарлардың вакцинациядан кейінгі жай-күйі жазылады.

Аэрозольды вакцинация кезінде аэрозольдік құрылғыларға деген қажеттілікті анықтап алу керек.

Гельминтоздарға, протозоноздарға, арахноэнтомоздарға қарсы арнайы шараларды ұйымдастыру кезінде жалпы профилактикалық шаралар өткізіледі, олардың қатарына жануарларды ұстау, азықтандыру жағдайларын жақсарту, үнемі тазартып отыру, ғимараттарды дезинвазиялау, қиды уақытында шығару және залалсызыдандыру, жайылымдарды дұрыс пайдалану, су тұтыну орындарын аббатандыру, фермаларда санитарлық орындарды (дәретханалар) жабдықтау т.б. жұмыстар өткізіледі. Арнайы шараларды қандай да бір нақты аурудың ерекшеліктеріне және онымен күресу нұсқаулықтарына сәйкес өткізеді. Мысалы, протозооздармен күресу кезінде кенелерге қарсы өңдеулер, жайылымдарды қоздырушы мен тасымалдаушыларының биологиясын, табиғи-клиаматтық жағдайларды, ауру эпизоотологиясын ескере отырып өткізу аса маңызды.

Псороптозды (қышыма) профилактикалау кезінде қойларды шомылдыру жұмысын көктемде қырқу жұмыстарынан соң және күзде тұрақтық жүйеге қояр алдында, қора-жайларды дезинфекциялау түрінде өткізіп ұйымдастыру керек. Бұл шараларды өткізу үшін түпкілікті жұмыс жоспары құрылады, оны кез-келген меншік иелігіндегі шаруашылық басшысы бекітеді. Онда барлық орындаушылардың міндеттері бөлініп, материалдық-техникалық жабдықталуы, сонымен қатар отарларды шомылдыру орындарына айдап жеткізу графиктері мен маршруттары көрсетіледі.

Шомылдыру ерітіндісін дайындау сапасы мен шомылдыру технологиясын ұстануды бақылау ветеринар мамандарына жүктеледі, олар ветеринариялық ережелердің аздаған сәйкеспеушіліктері кезінде олқылықтарды жою үшін шомылдыру шарасын тоқтата алады. Гиподерматозға қарсы шараларды бөгелектердің жаппай ұшуы кездерінде және көктем мен күз мерзімдерінде өткізеді. Жаз айларында жануарларды шыбын-шіркейлерден, бөгелектер мен кенелерден қорғау жұмыстары өткізіледі. Дегельминтизациялануы тиісті жануарларды гельминтоздарға қарсы өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру кезінде антгельминтиктерге, жұмыс күшіне деген қажеттіліктерді анықтайды, өзге жұмыс түрлеріндегідей жұмыс орындарын дайындайды.

Барлық арнайы шаралар ұйымдасатырылымдық тұрғыда жергілікті атқару органдарының бұйрықтарымен, шешімдерімен регламенттеледі, ал олардың орындалуын ветеринариядағы басқарушы мемлекеттік органдар қатаң бақылайды.

Дезинфекция, дезинсекция, дератизация және дезинвазия жұқпалы аурулармен күресудегі профилактикалау және күрес жүргізу істеріндегі шаралардың басты тізбектері болып табылады.

Келтірілген ветеринариялық-санитарлық жұмыстарды ұйымдастыру ұйымдастыру-шаруашылық сипатындағы және арнайы шаралардан құралады. Ұйымдастыру-шаруашылық сипатындағы шараларды техникалық құрал-жабдықтардың, қызмет көрсететін мамандардың қатысуымен қамтамасыз етіп, өткізеді. Ұйымдастыру-шаруашылық сипатындағы шараларға ферма қора-жайлары мен аумағын дезинфекция, дезинсекция, дератизация және дезинвазия жұмыстарын өткізу үшін дайындау жұмыстары жатады. Арнайы шараларға жұмыс өткізу үшін құрал-жабдықтарды, әдіс-тәсілдерді таңдау, жұмыстардың көлемін, әр жұмыс түрі үшін керекті қор көлемін айқындау, дезинфекция және басқа ветеринариялық-санитарлық жұмыстар өткізілуі сапасын тексеру жұмыстары жатады.

Әр жұмыс түрі, қауіпсіздік техникасы, қоршаған орта экологиясын қорғау бойынша ветеринариялық нұсқаулықтар талаптарын ескере отырып жұмыс жоспарлары толтырылады. Жұмыстар өткізілуі үшін жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың, ветеринариядағы мемлекеттік басқару органдарының бұйрықтары, шешімдері шығарылады. Орындалған жұмысты өзге ветеринариялық жұмыстар тәрізді актпен толтырады. Актте міндетті түрде жұмыс, нысан түрі, жалпы ауданы, өңдеу заттары, жұмсалынған препараттар саны және өткізілген жұмыстардың тиімділігі көрсетіледі.

 








Дата добавления: 2016-06-13; просмотров: 1559;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.021 сек.