Ылмыстық жазаны атқару барысындағы мемлекеттік саясат.

Мемлекет белгілі бір әлеуметтік мақсатқа жету үшін нақты саясатты асшылыққа алады. Сол көзделген мақсатқа жетудің жолдары мен тәсілдері саясат анықталғаннан кейін ғана дайындалады.

Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағытын, Конституцияның 40-бабының 1-бөлімінде көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті анықтайды, сондықтан біздегі мемлекеттің даму саясатын біртұтас даму деп айтуға болады. Саясаттың біртұтастығын анықтайтын жалпы мақсаттар мемлекеттік органдардың қызметі арқылы жүргізіліп, іске асырылады және күрделі сатылардан өтеді.

Мемлекеттік саясат таралымды құбылыс, ол қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында кездеседі. Елдің даму бағытын ескере отырып қоғам өмірі салалары да, әдепкі мемлекет саясатының өздеріне қатыстыларын анықтап, іс жүзінде көрсете бастайды.

Конституцияның 66-бабына сәйкес мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағытын Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеп, жүзеге асырады.

Жоғарыда айтылған қоғам өмірі салаларының әр алуандығына байланысты, осындай бағыттың бір түрі мемлекеттің қауіпсіздігі, қоғам тәртібін сақтау, қылмыстықпен күрес саласындағы саясат болып табылады. Бұл саясат қазір қылмыстық саясат деген атауға ие, ол мемлекеттің қылмыстылықты бақылауының әдісіне, нысандарына, қағидаларына, мақсатына, т.б. жақтарына баға және бағыт береді. Қылмыстық саясаттың өзі немесе оның құрамдас бөліктері мемлекеттің осы саладағы саясатын белгілегенде, бұрынғы өткен уақыттардағы осы қызметтерге баға береді және алдағы уақытта жаңа тәсілдер қолдану арқылы жетуге бағыт-бағдар бере алады.

Осы саладағы мемлекеттік саясат жан-жақты, оларды былай бөлуге болады:

1. қылмыстың алдын алудағы саясат;

2. қылмыстық-құқықтық саясат;

3. қылмыстық-атқару саясаты;

4. қылмыстық іс жүргізу саясаты.

Егер қылмыстық жазаны атқару саласындағы саясатты алып қарасақ, ол қылмыстық саясатпен тығыз байланысты. Өйткені ол мемлекет жүргізетін әлеуметтік саясаттың бір түрі болып табылады.

«Қылмыстық саясат» терминін алғаш рет 1840 жылы Ансельман Фейербах қолданған. Қылмыстық саясаттың мазмұнын, көлемін анықтау - күрделі мәселе. Ал, қылмыстық-атқару құқығы саясатының мазмұнын анықтауға келгенде, оны осы құқық шеңберінде қарастыруға жататын мәселелермен байланыстыра анықтаған дұрыс. Қылмыстық-атқару құқығы ғана емес, басқа құқық салалары да өз нормаларының бағытын сол құқықтың қағидаларына, міндетіне қарай белгілейді. Түбінде сол құқықтың қандай мақсатта, қандай бағытта қолданылатыны, неге жетуді көздейтіндігі анықталады. Бұл бір жағынан, ал екінші жағынан, құқықтық саясат қылмыспен күресетін арнайы органдар қызметінің мақсатын, нысанын, мазмұнын анықтай алады.

Сапасына қарай және шығу табиғаты бойынша, саясат пен құқықты біріктіріп қарауға болмайды. Бұлар екеуі екі бөлек сапаға ие және түсініктері де бөлек. Құқықтың бағытына келгенде, саясат құқықтың негізін қалаушы фактор болып табылады.

Дәлірек айтқанда, мемлекет саясатқа сүйене отырып құқықты жасайды. Құқық өзінің нормаларында жүргізіліп отырған саясаттың сәйкес келер тұстарын көрсетіп ол нормаларға сол құқықтың мазмұнында үстем болады.

Жазаны орындау саласындағы саясат мемлекеттің бағытын, тәсілдерін, қағидаларын, мақсатын білдіреді және жазаның орындалуы туралы мемлекеттің көзқарасын іс жүзінде көрсетумен айналысады. Жазаны орындау туралы саясат әлеуметтік-құқықтық саясатқа өзінің үлесін осылай қосады.

Халықаралық келісімдерде белгіленген сотталушыға деген көзқарастың және адамдардың құқықтарын қорғау туралы жалпы ережелер мен қағидалардың құндылығы жоғары деп танылып, басқа мемлекеттермен осы саладағы қатынастарды жасау кезінде жетекшілік роль атқарады. Сондықтан ол зандардың идеологиясы мен қағидалары жазаны атқару саласындағы саясатта және қылмыстық-атқару заңдарында өзінің көрінісін тауып отырады.

Қылмыстық-атқару құқығы саясатын іс жүзінде көрсететін субъектілер - сотталған адамдармен жұмыс істейтін құқық қорғау органдары, жазаны атқарушы мекемелер мен органдар, жергілікті басқару органдары болып табылады.

Қылмыстық-атқару құқығы ұғымы, оның міндеттері, ғылымы және жүйелері.Қылмыстық құқықта негізінен жекелеген қылмыс түрлеріне құқықтық талдау жасалып, олардың әрқайсысына жаза қарастырылады. Соның ішінде жазаны тағайындау кезіңде ескерілетін мән-жайларды қолдануды үйретеді. Бірақ қылмыстық құқық осы тағайындалған жазаны өтеу кезінде пайда болатын қатынастарды қарастырмайды. Демек, сотталған адамдарға тағайындалған әртүрлі жазалардың ерекшеліктерін, оларды өтеу кезінде пайда болатын ерекше қатынастарды зерттемейді. Себебі жазаларды өтеу және атқару тәртібі мен жағдайлары қылмыстық құқық пәнінің зерттеу объектісіне жатпайды. Яғни, қылмыстық жазаны өтеу кезінде басқа құқық саласына жатпайтын ерекше қоғамдық қатынастар туындайды. Бұл ерекше қоғамдық қатынастар негізінен қылмыстық жазаны атқарушы мемлекеттік органдар мен сотталған адамдар арасында болады. Осы екі субъектінің арасында пайда болған қатынастарды жеке құқық саласы - қылмыстық-атқару құқығы реттейді. Бұл реттеушілік қызмет осы қоғамдық қатынасқа түсуші субъектілердің, яғни жазаны іске асырушы мемлекеттік органдар мен сотталған адамдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау жолымен іске асырылады.

Қылмыстық-атқару заңы, жазаны өтеу мен атқарудың тәртібі мен жағдайларын сотталған адамдарға болсын, басқа адамдарға болсын, қылмыс жасаудан сақтандыру, сотталған адамдарды түзеу мақсатында қарастырады. Қай құқық саласы болмасын, өзінің негізгі реттеушілік қызметін қоғамға пайдалы бағытта атқаруы, оның негізгі мақсаты болып саналуы керек. Қылмыстық-атқару құқығы сотталған адамдарды түзеу, оларды алдағы уақытта қылмыс жасаудан сақтандыру арқылы қоғамда әлеуметтік әділеттікті орнатуды көздейді.

Аталған мақсаттармен бірге, қылмыстық-атқару құқығы осы пәннің мынадай жеке міндеттерін келтіреді:

- жазаларды өтеудің тәртібі мен жағдайларын реттеу;

- сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау;

- сотталған адамдардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғау;

- әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету.

Жазаның жүйесіне және оларды атқаратын органдар мен мекемелердің түрлеріне қарай бұл мақсаттар мен міндеттер нақтыланады, дараланады. Ол әр жазаның орындалуы кезінде пайда болатын қатынастардың ерекшелігіне байланысты болып табылады. Мысалы, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру, қамау, өлім жазасы, өмір бойына бас бостандығынан айыру тәрізді жазаларды атқару бойынша қылмыстық-атқару мекемелері жүйесінің міндеттері мыналар бола алады:

- сотталғандарды еңбекке баулу, оларға орта және кәсіптік білім беру;

- денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету;

- сотталған адамдар мен ондағы қызмет жасайтын адамдардың жеке басы қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- оперативтік-іздестіру қызметін атқаратын органдарға көмек көрсету;

- жазаны атқарушы мекемелерде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету.

Бұл міндеттерді іске асыру күрделі мәселе болып есептеледі. Себебі аталған міндеттерді іске асыру үшін, қылмыстық-атқару заңында қарастырылған барлық қатынастарды, міндеттер мен құқықтарды қосып, кешенді түрде пайдалану керек.

Қылмыстық-атқару құқығы маңызы жағынан келгенде, құқық саласы ретінде ғана емес, сондай-ақ ғылым түрі ретінде де қолданылады.

Бұл пән көлемі жағынан жалпы және ерекше бөлімге бөлінеді. Жалпы бөлімде нақты жазаларды атқару кезінде негізге алынатын жалпы ережелер қарастырылған. Жалпы ереже ретінде, қылмыстық-атқару құқығының түсінігі, қағидалары мен міндіттері, оның қайнар көздері, сотталған адамдардың құқықтық жағдайлары. сондай-ақ жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың түрлері, олардың қызметіне бақылау жасау мәселесі қарастырылған. Ерекше бөлімде қылмыстық-атқару құқығымен реттелетін жекелеген жазаларды атқарудың тәртібі мен жағдайлары баяндалады. Сонымен бірге, жазаны өтеген адамдарға көмек көрсету, оларға бақылау жасау мәселесі де қарастырылады.

Қылмыстық-атқару құқығының қағидалары.Қылмыстық-атқару құқығының қағидалары ретінде, барлық нормалардың бағытын бір жолға салып біріктіретін, сол бағытта нормаларын түзететін, құқықтық қатынастарды реттеу жолында басшылыққа алып отыратын заңның ізгі пікірлері алынады. Демек, қылмыстық-атқару құқығының қағидалары дегеніміз - құқықтың осы саласының сипатына, оның мазмұны мен міндеттеріне қоғамның пікірін білдіретін негізгі ережелер, жетекшілікке алынатын идеялар болып табылады. Осы құқықтық қағидалар арқылы қылмыстық-атқару құқығының қандай бағытта жұмыс істейтіндігін байқауға болады. Қылмыстық-атқару құқығының объектісі қылмыстық құқық тәрізді құқық салаларымен ұқсас болғандықтан, оның қағидаларында ішінара ұқсастық байқалады. Бірақ қағидалардың атауында ұқсастық, біркелкілік байқалғанымен, оларды түсіндіру кезінде осы құқық саласына ғана тән бағыт қолданылып, ерекшеліктері анықталады.

Әдетте, құқықтық қағидаларды жалпы құқықтық, салааралық және салалық деп бөледі. Жалпы құқықтық қағидалар барлық құқық салаларына тән болып келеді, олар барлық құқықтарда кездеседі. Салааралық қағидалар белгілі бір құқықтарда кездеседі. Біздегі салааралық қағидалар қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу құқығымен ұқсас болып келеді. Ал белгілі бір құқық саласына ғана тән, сол құқықтың мазмұнын, маңызын білдіретін қағидалар салалық қағидалар деп аталады. Олар заңның өзінде, жеке нормаларда аталып көрсетілмейді. Қылмыстық-атқару заңының қағидалары заңның мазмұнын сипаттайды. Қағидаларды заңда жеке бап ретінде атап көрсетудің бір жақсы жағы - ол осы құқықтың қағидаларын атау кезінде орын алуы мүмкін әралуандықка, әртүрлілікке жол бермейді. Себебі, әр оқытушының осы құқықтың жетекшілікке алатын идеясы ретінде пайымдаған ойлары, кейде даулы болуы да мүмкін. Ал, қағидаларды заңда тікелей атап көрсету, қағида жүйелерін бірдей түсінуге, демек, заң актілері нормаларынын біркелкі қолданылуына жағдай жасайды. Қылмыстық-атқару Кодексінің 6-бабында мынадай қағидалар келтірілген: заңдылық, баршаның заң алдындағы тендігі, гуманизм, демократизм, жариялылық, жазаларды атқарудың саралануы мен жеке даралығы және жазаны түзеу ықпалымен біріктіруді қамтамасыз ету.

Қылмыстық-атқару құқығы қатынастары.Сот үкімі заңды күшіне енген кезден бастап, мемлекеттің қылмыстық жазаны атқарушы органдары мен мекемелеріне сотталған адамға белгілі - бір жазаға сәйкес, белгіленген құқықтық шектеулер мен түзеу шараларын қолдану құқығы туындайды. Сондай-ақ нақты жаза түріне сотталған адамға да заңда белгіленген құқықтық шектеулерді сақтауға, түзеу шараларына бой ұсынуға міндеттілік туындайды. Осыдан барып қылмыстық-атқару заңы нормаларымен реттелетін қылмыстық-атқару құқық қатынасы пайда болады.

Қылмыстық-атқару құқығы нормалары, жазаны атқару мен өтеуден пайда болатын қатынастарды анықтап, осы қатынастарды реттеумен айналысады. Демек, қатынастарды реттеу кезінде, оған қатысушы субъектілердің арасында заңда қарастырылған міндеттер мен құқықтар туындап, құқықтық қатынас түрінде іске асырылады.

Жазаны атқару және сотталғандарға түзеу шараларын қолдану кезінде, жай және күрделі құқықтық қатынастар туындайды және онда бірнеше құқықтық қатынастар, дәлірек айтқанда, олардың әртүрлі көріністері пайда болады. Мұндай жағдайда субъектілер арасындағы құқықтық байланыс, жазаны атқару кезінде әртүрлі мәселелерден туындайтын (мысалы, сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету, режим талаптарын іске асыру, т.б.) өзара байланысты құқықтар мен міндеттердің болуымен сипатталады.

Қылмыстық-атқару құқық қатынасының басқа да құқықтық қатынастардан айырмашылығы, ол сот үкімімен тағайындалған мерзімге сәйкес, ұзақ мерзімдік құқықтық қатынас болып табылады.

Қылмыстық-атқару құқық қатынасының басқа құқық қатынас түрлерінен келесі басты айырмашылығы, оның субъектілерінде. Мұнда негізгі субъектілер ретінде, жазаны атқарушы орган мен мекеме және жазаны өтеуге міндеттенген сотталушы алынады.

Қылмыстық-атқару құқық қатынасында, субъектілер арасындағы құқықтар мен міндеттіліктер тең емес дәрежеде жүргізіледі. Яғни бір субъектіге немесе жазаны атқарушы органға, мекемеге екінші субъектінің, сотталушының бағынышты болуымен жүргізіледі.

Қылмыстық-атқару құқық қатынасына жазаны атқару және өтеу барысында субъектілердің міндетті жасайтын әрекеттері (әрекетсіздіктері) болып табылатын ерекше объектілер тән. Бұл объектілер жазаны өтеу және атқару барысында міндетті түрде кездеседі немесе жазаның көрінісі, мазмұны ретінде орын алады.

Сонымен, қылмыстық-атқару құқық қатынасы дегеніміз - жазаны атқару және өтеуге байланысты мемлекет пен сотталушының арасында туындайтын, қылмыстық-атқару құқығы нормаларымен реттелетін құқықтық қатынастар болып табылады.

Қылмыстық-атқару құқық қатынасын қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалардың түрлері бойынша топтастыруға болады. Егер нормаларда субъектілердің міндеттерді орындауы, шектеулерді сақтауы, құқықтарды пайдалануы туралы айтылса, онда мұндай нормаларды материалдық нормалар деп атайды. Мұндай жағдайлардың негізінде туындайтын құқықтық қатынас - материалдық қылмыстық-атқару құқық қатынасы деп аталады. Егер нормаларда субъектілердің қатынастарын құжаттандыру, ресмилендіру туралы қарастырылса, онда мұндай нормалар іс жүргізушілік (процессуалдық) нормаларға жатады. Мұның негізінде материалдық қылмыстық-атқару құқық қатынасының бір нысаны болып келетін, іс жүргізушілік қылмыстық-атқару құқық қатынасы туындайды. Нәтижесінде, материалдық қылмыстық-атқару құқық қатынасы, іс жүргізушілік қылмыстық-атқару құқық қатынасы арқылы іске асырылады.

Материалдық та, іс жүргізушілік те құқық қатынастары реттеушілік және қорғаушылық құқық қатынастарына бөлінеді. Егер тараптардың әдеттегі міндеттері мен құқықтары іске асырылып жатса, онда реттеушілік материалдық және іс жүргізушілік құқық қатынасы орын алады. Мұндай құқықтық қатынас түріне сотталғандардың заңда белгіленген шектен шықпай жаза өтеуі жатады.

Сотталғандардың жаза өтеу тәртібін бұзуы, өздеріне тағайындалған міндеттерді орындамауы, құқықтық шектеулерді сақтамауы нәтижесінде қорғаушы нормалар қолданылып, қорғаушы құқықтық қатынастар туындайды. Қорғаушы материалдық және іс жүргізушілік қатынас нәтижесінде, сотталғандарға осы құқықтың мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Бұл қатынас түрі, қылмыстық-атқару құқығы нормаларын бұзуға жағдай жасайтын себептер мен жағдайларды жоюға, сотталушыны заңсыз іс-әрекеттер жасаудан бас тарттыруға бағытталған.

Кез-келген құқықтық қатынастың өз құралы болады. Яғни ол құқықтық қатынастар белгілі бір элемештердің жиынтығынсыз бола алмайды. Ол құрамдас бөлімдерге (элеметтерге) құқықтық қатынастың субъектілері мен басқа да қатысушылары, құқықтық қатынастың объектілері, құқықтық қатынастың мазмұны және заңды уақиғалар жатады.

Субъектілер және басқа да қатысушылар қылмыстық-атқару құқығы нормаларымен белгіленген тәртіпте, белгілі бір субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді атқаратын жеке адамдар мен заңды ұйымдар болып табылады. Құқықтық қатынастың субъектілеріне оның негізгі тараптары жатады, олар болмаған жағдайда құқықтық қатынас та туындамайды. Қылмыстық-атқару құқық қатынасы субъектілеріне жазаны атқарушы мекемелер мен органдар, олардың лауазымды адамдары, сотталған адамдар мен олардың туыстары жатады.

Құқықтық қатынастың объектілері, қатынасқа түсуші субъектілер мен қатысушылардың белгілі бір заңды мүдделері бола алады. Мысалы, сотталған адамның түзеу мекемесінен тысқары қысқа мерзімді жол жүруі, кездесулер өткізуі т.б. Демек, қылмыстық-атқару құқық қатынасының объектілерін, жазаны өтеу барысында орын алатын жағдайлар құрайды.

Қылмыстық-атқару құқық қатынасының мазмұныретінде, оның субъектілерінің негізгі міндеттері мен құқықтарының жиынтығы және субъектілер мен қатысушылардың нақты жасаған әрекеттері алынады. Субъектілерде белгілі бір құқықтар мен міндеттердің болуы оларды жаза өтеу және атқару барысында байланыстыратын құрал болып саналады. Қылмыстық-атқару құқық қатынасы субъектілерінің сипаты мен көлемі жазаның түріне қарай ерекшеленеді, оның түрінде өзгешеліктер кездеседі. Мысалы, түзеу жұмыстары жазасын өтеуші сотталған адамның құқықтары мен міндеттері бас бостандығынан айыру жазасын өтеуші сотталғандардыкіне қарағанда кең.

Құқықтық қатынастарды мазмұнына қарай екі түрге бөлуге болады: жазаны қолдану барысында түзеу шаралары қолданылатын құқықтық қатынастар және түзеу шаралары қолданылмайтын құқықтық қатынастар.

Заңды уақиғалар қылмыстық-атқару құқық қатынасын туындататын, өзгертетін және аяқтататын уақиғалар немесе әрекеттер болып табылады. Құқықтық қатынасты тудыратын, өзгертетін және аяқтайтын заңды уақиғаларға сот үкімінің күшіне енуі, сотталушыға жазалау шараларының қолданылуы, соттың шартты түрде жазадан ерте босату туралы шешім шығаруы тәрізді, т.б. оқиғалар мысал бола алады.








Дата добавления: 2016-04-22; просмотров: 2311;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.013 сек.