Тақырып №9. Әскери қызметпен сотталғандарға жазаны орындау

Жоспары:

1. Әскери қылмыстар үшін тағайындалатын жазаны түрі.

2. Тәртіптік-әскери бөлімде ұстау жазасын атқарудың тәртібі мен жағдайлары

Тәртіптік-әскери бөлімде ұстау жазасын атқаруды тәртібі мен жағдайлары.Қылмыстық заңда тәртіптік-әскери бөлімде ұстау жазасы бас бостандығынан айыру тәрізді жазалармен қатар қарастырылған және ол сипаты бойынша да бас бостандығынан айыру жазасына ұқсайды. Тәртіптік-әскери бөлімде ұстау жазасы бас бостандығынан айырудың бір түрі емес, ол жазаның жеке түрі болып табылады.

Тәртіптік-әскери бөлімде ұстау - әскери қызмет уақыты аяқталмаған қатардағы жауынгерлер, сержанттар және контракт негізінде әскери қызмет атқарушы қатардағы жауынгерлер мен сержант тобындағыларға тағайындалады. Бұл жаза - әскери қызметшілерге 3 айдан 2 жылға дейінгі мерзімге, негізгі жаза ретінде тағайындалады.

Тәртіптік-әскери бөлімде ұстау жазасы Қылмыстық заңның Ерекше бөлімінде қарастырылған, ол әскери қылмыстарды жасағандық үшін тағайындалады. Бұл жаза қылмыстың сипаты мен қылмыскердің жеке басы ерекшеліктері, 2 жылдан аспайтын бас бостандығынан айыру жазасын сол мерзімге тәртіптік-әскери бөлімде ұстаумен ауыстыруға мүмкіңдік болғанда ғана тағайындалады. Бас бостандығынан айыруды тәртіптік-әскери бөлімде ұстаумен ауыстыру - сотталушы әскери қылмыстарды жасағанда ғана емес, қылмыстық заңның басқа да тарауларында қарастырылған қылмыстарды жасағанда қолданылады.

Бас бостандығынан айыру жазасын тәртіптік-әскери бөлімде ұстаумен ауыстырғанда, бас бостандығынан айырудың бір күні тәртіптік-әскери бөлімде ұстаудың бір күнімен теңестіріліп ауыстырылады.

Тәртіптік-әскери бөлімде ұстау әскери қылмыстар бойынша тағайындалатын жазалардың ең ауыр түрі болып табылады және бұл жазаға тартылған адам жаза уақытында әскери қызметтерді атқара береді. Себебі, тәртіптік-әскери бөлімнің күн тәртібі әдеттегі әскери бөлімдердің күн тәртібіне ұқсас келеді. Тәртіптік-әскери бөлімде ұсталушылар әскери қызметшілер болып саналып, әскери міндеттерді орындайды.

Әдеттегі әскери бөлімдерден тәртіптік-әскери бөлімдердің негізгі айырмашылығы - мұнда әскери қызметшілерге тәртіптік жұмыстар қолданылады және әскери қаруларды пайдаланып жаттығулар жүргізілмейді. Сондықтан, тәртіптік-әскери бөлімде жаза өтеушілерге адамды түзеу, қылмыстылықтан арылту тәрізді жазаның мақсаттары қолданылады.

Тәртіптік-әскери бөлімдер – тәртіптік батальондар, тәртіптік роталар түрінде кездеседі. Тәртіптік батальондар, роталар Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне бағынады. Тәртіптік әскери бөлімдерге жетекшілікті ҚР Қорғаныс министрі өзінің тиісті құрылымдық бөлімшелері арқылы іске асырады. Тәртіптік бөлімдерде әскери қызметтің түрі, тобы бойынша сотталғандарды топтастыру жүргізілмейді. Әртүрлі әскери топқа жататын (мысалы, әуе қорғанысы әскерлері, ішкі майдан бөлімдерінің әскерлері, ракеталық әскери топтардың қызметшілері, т.б.) әскери қызметшілер бір тәртіптік батальонда ұстала алады.

Тәртіптік-әскери бөлімдер Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен құрылады немесе жабылады.

Мұндай жаза атқарушы мекемелерде туындайтын қатынастар, қылмыстық-атқару заңының нормаларымен және тәртіптік-әскери бөлім туралы Ереже нормаларымен реттеледі.

Қорғаныс министрі тәртіптік-әскери бөлімдердегі жұмысты дұрыс ұйымдастыру мақсатында, осы заңдарға сүйене отырып, тәртіптік бөлімдердің құрылысы, жұмысшылар штаты, сотталғандардың әскери оқу бағдарламасы тәрізді қызметтерді жеке тәуелсіз үйымдастырады.

Тәртіптік-әскери бөлімде Әскери жарғы қолданылады. Осы заңдар мен өзге нормативтік актілердің негізінде сотталған әскери қызметшілердің құқықтық жағдайлары, яғни міндеттері мен құқықтары анықталады.

Сотталған әскери қызметшілер әскери формаларды киеді. Олардың киімінде әскери қызметтің түрін, тобын білдіретін белгілер болмайды.

Тақырып №10. Жазаны өтеуден босату. Түзеу мекемелерінен босаған адамдарға көмек көрсету және оларға бақылау жасау. Шартты түрде сотталғандарға бақылау жасау.

Жоспары:

1. Жазаны өтеуден босатудың негіздері

2. Жазаны өтеуден босатудың түрлері

3. Шартты түрде сотталғандарға бақылау жасау.

Жазаны өтеуден босату - сотталғанның жауапкершілікті атқарып шығуын білдіреді.

Мерзіміне байланысты жаза өтеуден босату екі түрге бөлінеді жаза мерзімінің толық өтеліп бітуіне байланысты босату және ерте босату.

Жаза мерзімінің толық өтелуіне байланысты босату дегеніміз сот тағайындаған жаза мерзімінің толық аяқталуы болып табылады. Бұл жазадан босатудың қарапайым түрі.

Жазадан мерзімінен бұрын босату - бірнеше түрлерге бөлінеді: Қылмыстық іс бойынша ақтау үкімінің шығуына немесе істің қысқартылуына байланысты босату, шартты түрде ерте босату, жазаны жеңілірек жазалармен ауыстыру, кешірім жасау немесе рахымшылық, сотталғанның ауыр сырқатқа шалдығуына немесе мүгедектігіне байланысты босату және басқа да негіздерде босату.

Шартты түрде ерте босату - түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, тәртіптік-әскери бөлімдерде ұстау және бас бостандығынан айыру жазалары бойынша қолданылады. Заң жазадан шартты түрде ерте босатуды қолдану үшін бірнеше негіздердің болуын қажет етеді. Ең алдымен жазаны атқарушы мекеменің сотталғанның түзеліп келе жатқаны туралы мәліметтерді сотқа беруі, соттың «ол сотталған түзелуі үшін, жазаны толық өтеуі міндетті емес» деген көзқарасы болуы керек. Мұны материалдық негіз деп атайды. Келесі бір негіз ретінде, сотталғанның жаза мерзімінің белгілі бір бөлігін өтеуі алынады. Бұл - жазадан босатудың формалдық негізі болып саналады. Мысалы, маңызы ауыр емес немесе орташа ауыр қылмыстар үшін сотталған адам жазаның кем дегенде жарты бөлігін, ауыр қылмыстар үшін сотталғандар жазаның 2/3 бөлігін, ал аса ауыр қылмыстар үшін жазаның 3/4 бөлігін өтегеннен кейін ғана шартты түрде босатыла алады. Сондай-ақ, шартты түрде ерте босатуды, бұрын осындай ерте босату түрін пайдаланған, бірақ шартты уақыт ішінде қайтадан тәртіп бұзушылықпен айналысып, әкімшілік жазаларға тартылған немесе соттың белгілеген мерзімі ішінде қойған талаптарын сақтамай, мшдеттерін атқарудан кәнігі бұлтарған және сынақ мерзімі кезінде абайсыздықта қылмыс жасағандығына байланысты қайтадан сотталғандарға да қолдануға болады. Бірақ, мұндай сотталушылар енді жазаның тек 3/4 бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде ерте босатылуға ұсынылады. Мұндағы шартты уақытқа жазаның өтелмеген бөлігі белгіленеді. Осындай шартты түрде ерте босатылған адам, сынақ уақыты ішінде қасақана қылмыс жасап қайтадан сотталса, оған да жазаның енді 3/4 бөлігі өтелгеннен кейін, шартты түрде ерте босату қолданылуы мүмкін. Қылмыстық заң - мұндай топтағы сотталғандарға шартты түрде ерте босатуды қолдануға тыйым салмаған. Сондай-ақ, қылмыстық заң - шартты түрде ерте босатуды рецидивтерге қолдануға да арнайы тыйым салмаған. Заң - өлім жазасы бас бостандығынан айырумен ауыстырылғандарға ғана шартты түрде ерте босату қолданылмайтындығын келтірген.

Шартты түрде ерте босатудың үшінші негізі - жазаның 6 ай мерзімін өтемей ерте босатуға болмайтындығы болып табылады.

Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар да шартты түрде ерте босатылуы мүмкін. Олар екі түрлі негіз болғанда жазадан босатылады. Біріншіден, сотталушының жаза өтеу мерзімі кезінде түзелуі, яғни қоғам мен адамзатқа оң көзқарастың қалыптасуы, еңбекке адал қарауы, ондағы қоғам үшін қауіпті мінез-құлықтардың жақсы жағына қарай өзгеруі және екіншіден, ол сотталушының жазаның 25 жылын өтеуі. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адам осы аталған екі негіз болғанда жазадан шартты түрде ерте босатылады.

Сонымен, жазадан шартты түрде ерте босату - кез-келген қылмыс санаттары бойынша қолданылады деуге болады. Тек, ол сотталғандарда түзелу процесі қалыптасқан және заңдағы қойылған өзге де талаптар болуы керек.

Жазадан ерте босатудың бір түрі - белгілі бір топтағы сотталғандарға арналып рахымшылық туралы заңның шығуы болып табылады. Рахымшылық туралы заң Қазақстан Республикасының парламенті арқылы қабылданады. Рахымшылық туралы заңда қандай топтағы сотталғандардың жазадан босатылатындығы немесе жаза мерзімінің азайтылатындығы және кімдердің жазасы жеңілірек жаза түрімен ауыстырылатындығы, сондай-ақ қандай қосымша жазалардан босатылатындығы көрсетіледі.

Рахымшылық заңының күші қолданылатын белгілі бір топтағы сотталғандар ретінде, қылмыстардың санаттары, ауру түрі, сотталғандардың жасы, т.б. белгілер алынады.

Рахымшылық заңына байланысты жаза өтеуден босатылғандардан соттылық атағы алынып тасталады.

Кешірім жасау - Қазақстан Республикасының Президентімен, жекелеген сотталғандарға сот үкімі шыққаннан кейін жасалады. Кешірім жасау туралы өтінішті сотталғанның өзі немесе бұрын жұмыс істеген еңбек ұжымы, туыстары немесе жазаны атқарушы мекеменің әкімшілігі бере алады. Президенттің кешірім жасауы арқылы сотталған жазадан толық босатылады немесе жаза мерзімі азайтылады немесе жаза басқа жеңілірек жазаның түрімен ауыстырылады. Сотталған кешірім жасау арқылы жазадан босатылғанда, оның соттылығы жойылады.








Дата добавления: 2016-04-22; просмотров: 3391;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.