ДАУЫС ЖӘНЕ ОНЫҢ БҰЗЫЛУЫ

Дауыстың акустикалық негіздері

Дауыс – бұл өзінің күрделілігіне және әлеуметтік маңыздылығына байланысты емес адам көмейінен шығатын кез келген дыбыс. Дауыс генераторлық бөлім ретінде қызмет ететін көмейде пайда болады. Тыныс алу мүшелері – энергетикалық бөлім. Энергия көзі ретінде дауыс шымылдығының тербелісін тудыратын ауа ағыны болады. Қойылмалы түтік (жұтқыншақ, мұрын және ауыз қуысы) – мұнда дыбыс өз күшін және мәнерін алатын жаңғырықтыру бөлімі. Дыбыстың акустикалық қасиетін ажырату есту қабілетінің көмегімен іске асырылады.

Үн дыбысы – қалыңдай түскен толқын және тітіркендіріш түрінде жайылатын ауа бөлшектерінің тербелісі.

Дауыстың жоғарылығы - есту мүшелерінің тербелгіш қозғалыстарының жиілігін субъективті түрде қабылдауы.

Ауа тербелісі неғұрлым жиі болса, солғұрлым дыбыс жоғары болып шығады. Дауыстың жоғарлығының сапасы дауыс перделерінің бір секунд үшінде түсетін тербеліс жиілігіне байланысты болады. Негізгі үн (тон) жиілігі герцпен өлшенеді. Жай сөйлеу тілінде еркектерде 85-тен 120 Гц-ке дейін, ал әйелдерде 160-тан 340 Гц-ге дейін өзгереді. Негізгі үннің өзгерістері сөйлеу тілінің мәнерлігіне әсер етеді.

Дауыстың күші,қуаты дауыс шымылдығының діріл қарқынына байланысты болады. Децибеллмен өлшенеді. Дауыс перделерінің діріл қарқыны неғұрлым көп болса, солғұрлым дауыс күшті шығады. Дыбыс тембрі немесе дыбыс ренкі дауыстың сапасының маңызды сипаты болып табылады. Ол күрделі дыбыстардың акустикалық құрамын көрсетеді және тербеліс күші мен жиілігіне тәуелді болады.

Дауыс үшін ең маңызды болып оны шығару тәсілі – «дыбыс шабуылы» деп аталатын тәсіл. Дауыс шығарудың үш түрін ажыратады: 1) алғашқыда жеңіл дем шығару, кейін дауыс перделері қабысып, тербеліске түседі. Дауыс болмашы шудан кейін естіледі. Бұндай тәсіл «қырылдақ (көмей) шабуыл» деп аталады; 2) дауыс перделерінің қабысуы мен дем шығару кезі қатар келеді. Бұл дыбыстың «жұмсақ шабуылы»; 3) алғашқыда дауыс перделері қабысып, содан кейін оларды тербеліске түсіріп дем шығарылады. Бұл түрі «қатты шабуыл» деп аталады.

Көп қолданылатын және физиологиялық негізделген «жұмсақ шабуыл» деп саналады. Бірақ дыбыс шығарудың қалған екі тәсілін де қолдануға болады. Ол дауыс міндеттеріне және адамның эмоциялық күйіне байланысты болады. Сонымен қатар кейбір жағдайда түзету жұмысында дауысты қою мақсатымен пайдаланылады.

 

Дауыс аппаратының қалыптасуы мен қызметінің биологиялық негіздері.

Дауыс өмір әрекетінің интегралды биоәлеуметтік өнімі ретінде адамның биологиялық дамуының кезеңдерімен тығыз байланысты. Бұл категоряларды сәйкестендіре отырып, дауыс функциясының дамуында жеті кезең ажыратуға болады:

- мектепке дейінгі (туылғаннан жеті жасқа дейін) кезең. Бұл кезең үшінде нәрестелік, ерте жас (3 жасқа дейін), мектепке дейінгі ересек жас кезеңі деп бөлінеді;

- мутацияға дейін (жеті жастан он үш жасқа дейін) кезеңі;

- мутация кезеңі (13 жастан 15 жасқа дейін);

- мутациядан кейінгі (15-тен 17-ге дейін) кезең;

- қарастырып отырған қызмет пен адам организмінің қалыптасу кезеңі (18 ден 35 жасқа дейін);

- сенімді қызмет атқару кезеңі (35-тен 60 жасқа дейін);

- басылу кезеңі – кәрілік дауыс (60 жастан кейін).

Дауыстың дамуында қиын-қыстау кезеңі – нәрестелік, мутация және басылу кезеңі болып есептеледі.

Мектеп жасына дейінгі кезеңде дауыс аппараты үшін нәрестелік шақ қиын-қыстау кезеңі болып табылады. Сәбидің айқайы – алғашқы автономдық тыныс алудың маңызды белгісі деп білеміз. Айқай – адам затына өмірмен берілген түпті рефлекторлы-шарттсыз актісі. Бұның іске асуына жүйке, тыныс алу, эндокринды жүйелері қатысады. Ауыру сезгіш, температуралық, тактильді қоздырғыштардың және қанда көмірқышқыл газының артылуынан тыныс алу орталығының қызынуы пайда болады, өкпе ашылып, дауыс перделері алғаш рет қабысады.

Сәбидің дауыс жиілігі орташа есеппен 425 Гц құрайды. Дауысының тембрі жоқ, сондықтан есту арқылы сәбидің жынысын ажыратуға мүмкін емес.

Сәбилік шақта (туылғаннан 28 күнге дейін) көмейдін жүйке-бұлшық ет аппаратының жетік дамымауынан және тыныс алуының тұрақтылықсыздығынан айқай интонациясын өзгерту мүмкіндіктері шектеулі болады. Балалрда тұрақты интонацияларын өзгерту қабілеті 2-3 айынан қалыптаса бастайды. Мектеп жасына дейінгі балалардың фонациясы көмей бұлшық еттерінің әлсіздігінен дауыс перделерінің шеттерінің керілуінің нәтижесінде мүмкін болады. Дыбыстауының диапазоны 5-6 нотаны құрайды.

Мутацияға дейін кезеңінде дауыс аппаратының динамикалық дамуы байқалады. Бұл кезде дауыс шығару және дауысты өңдеу бөлігінің мүшелерінің көлемі ұлғая бастайды. Мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балалардың дауысы өзіндік акустикалық параметрлерге ие болады («бала дауысы»). Дауыс шығару мүшелерінің анатомиялық жетілуімен қатар көмейдің рецепторлы аппаратының дамуы аяқталады, 12 жаста оның морфологиялық құрылуы мен орналасуы ересек адамның рецепторлы аппаратына сай болады. Бала дауысы бірте-бірте дамиды, оның диапазоны 11-12 нотаға дейін кеңиді.

Келесі қиын-қыстау кезеңі - мутация кезеңі. Дауыс мутациясы (лат. т. mutatio — өзгеру, өзгерту) жас ерекшелігіне байланысты эндокринді өзгерістерінің салдарынан дауыс аппаратындағы өзгерістерінің нәтижесінде пайда болады. Бұндай өзгерістер физиологиялық деп есептеледі және жыныстық жетілу (13-15 жаста) кезінде байқалады.

Ер балалардың дауыс аппараты бұл кезде тез өскенімен, бір қалыпты өспейді, ал қыздарда баяу дамиды. Қыздарда 37 % мутацияның белгілері байқалады, бірақ көп жағдайда айқын көрінетін бұзылыстар байқалмайды.

Жыныстық жетілу кезінде еркек және әйелдің көмейі анық ерекше өзгешеліктеріне ие болады. Мутация кезеңі жыныстық жетілу кезіне байланысты алты айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Мысалы, солтүстік тұрғындарына қарағанда, оңтүстіктерде мутация ерте басталып, күшті түрде өтеді.

Мутацияның үш кезеңін ажыратады: алғашқы, негізгі, соңғы.

Алғашқы кезеңде дауыс перделерінің болымсыз қызаруы (гиперемиясы) байқалады. Негізгі кезеңде бүкіл көмейдің гиперемиясы, кейбір жағдайда дауыс перделерінің артқы үш бөлігінің тең бүйірлі үшбұрыш тәрізді («мутациялық үшбұрыш») қабыспауы байқалады. Дауыс перделерінің синхрондық және асинхрондық тербелістері байқалады. Бұл көмейдің сыртқы және ішкі бұлшық ет қызметтерінің, тыныс алудың және дауыс шығаруының үйлесімінің бұзылуын көрсетеді.

Мутацияның соңғы кезеңі ересек адамның дауыс шығару механизмін бекітеді.

Мутациядан кейінгі кезеңге жетіліп болмаған дауыс аппаратының жарақаттанғыштығы, дауыс шаршағыштығы тән болады. Бұл кезең бірнеше айға созылады, осы кезде дауыс диапазоны кеңейіп, дауыстың жеке тембірі, күші, жоғарлығы анықталады. Логопед дауыс аппаратының құрылысы мен қызметін білуі тиіс, әр түрлі жастағы балалардың көмейінің анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескеру керек. Мутация кезінде дауыс тәртібін сақтау жеке орнатылады. Мүлдем үндемеу тәртібі тек көмейдің шырышты қабығының ісінуі кезінде ұсынылады. Мутация кезінде жасөспірімнің дауыс аппаратын сақтау қажет. Сөйлеу жүктемесі орташа, дауысына күш түсірмеу керек. Дауыс тәртібін сақтамаған жағдайда көмейдің ішкі бұлшық ет қызметінің тұрақты бұзылуы орын алуы мүмкін.

Мутация кезеңін жеңілдету үшін жасөспірім организмін шынықтыру, денеге түсетін ауырлығын мөлшерлеу, демалысы мен еңбек жүктемесін дұрыс бөлу пайдалы.

Дауыс аппаратының қызметі мен адам организмінің қалыптасу және сенімді қызмет атқару кезеңі дауыс шығару механизмінің тұрақтылығымен, кең дауыс диапазонымен, ең жоғары күш және интонациялық мүмкіндіктерімен сипатталады.

Бұл кезеңде де дауыс аппаратының функционалды қалпына әсер ететін жеке физиологиялық функцияларының өзгерістері байқалуы мүмкін. Көбінесе олар гармонды статусқа байланысты болады (қалқанша безі, бүйрек үсті безі, гипофиз гармондары). Қалқанша безі гармондарының балансы бұзылған кезде ауырудың алғашқы белгілерінің бірі дауыс сапасының бұзылуы болады. Қалқанша безінің функциясының жоғарлау жағдайында дауыс тембрінің және жоғарлығының аяқ астынан өзгеруі, тез шаршап қалуы айқын көрінеді. Ал қалқанша безі гармондарының деңгейі төмендеген кезде дауыс диапазонының тарылуы байқалып, артық шулар пайда болады, дауыс бәсең тонға ие болады. Сөйлеу тілі баяу, дауыс ырғағы кедей болады. Бүйрек үсті безі қызметінің төмендеу кезінде сөйлеу шаршағыштығы, дауыс күшінің күрт төмендеуі (афонияға дейін баруы мүмкін), бұл қызметінің жоғарлау кезінде әйелдерде варилизация белгілері (дауыстың еркектерге тән тембрі) байқалады.

Басылу кезеңі (60 жас және одан жоғары) – дауыс аппаратының барлық функционалды мүмкіншіліктерінің төмендеуімен сипатталады. Мұндай төмендеу жүйке импульстарының өтуінің жас ерекшелігіне байланысты өзгеруінің (жүйке қоздырғыштардың жылдамдығының төмендеуі және нерв процестерінің қозғалғыштығының шектелуі), дауыс бұлшық еттерінің солуының, өкпенің тыныс алу көлемінің азаюының салдарынан пайда болады. Кәрілік дауыс акустикалық жағынан төмен диапазонмен, тұрақсыз тембрімен, «салдырлаған», «жарықшақтанған» тонымен, төмендеген күшімен сипатталады. Бірақ дауысты кәсіби әрекетте белсенді пайдалану (актерларда, педагогтарда, вокалистерде) кезінде дауыс аппаратында жас ерекшелігіне байланысты айқын өзгерістер байқалмайды.

 

Дауыс бұзылуының түрлері

Дауыстың бұзылуы – дауыс аппаратының патологиялық өзгерістеріне байланысты фонацияның бұзылуы немесе мүлдем болмауы. Дауыс патологиясын негізгі екі терминмен атайды: афония (грекше «а» - теріс мағыналы қосымша, «phone» - дауыс) – сыбырлап сөйлеу сақталғанның өзінде де дауыстап және қатты сөйлеуге қабілетсіздік. Дисфония («dis» - бұзылу, «phone» - дауыс) – жарым-жартылай дауыс бұзылуы, осы кезде афониядан айырмашылығы дыбыс шығаруы сақталынып, бірақ ерекше тембр, әлсіздік немесе үзілмелілікпен сипатталады.

Дауыс аппаратының әр түрлі ауруларына байланысты дауыстың бұзылуы ересектерде де, балаларда да кездеседі. Бірақ дауыс функцияларының бұзылуы балалар мен жасөспірімдерде жиі кездеседі. Ғалымдардың зерттеулері бойынша созылмалы ларингиты бар балалар саны көбеюде. Оқушыларды өзіндік жұмысқа тарту, гигиеналық тәртібін сақтамай дауыс жүктемесін көтеру дауыс патологиясына әкеледі. Дер кезінде көмек алмаған балаларда дауыс аппараты тұрақты олқылыққа ие болады. Болашақта бұл мамандық таңдауға әсер етеді, әр түрлі дауыс функциялары бұзылған адамдардың санын толықтырады.

Ю. С. Василенконың (1983) мәліметтері бойынша он мың қала тұрғындарының үшінде 60 дауыс аппаратының созылмалы ауырулары бар адамдар екен, ал дауысқа және сөзге қатысы бар мамандар дауысы бұзылған адамдардың 30-40 % құрайды. Әсіресе дауыстың бұзылуы мұғалімдер мен тәрбиешілер арасында жиі кездеседі.

Дауыс патологиясын және оны қалпына келтіру тәсілдерін зерттеу логопедияның қарастыратын мәселесінің бірі болып табылады. Соңғы жылдары дауыс аппаратының бұзылыстарына педагогикалық ықпал ету аймағы кеңейіп, фонопедия деп аталды.

Фонопедия — арнайы жаттығулар арқылы көмейдің жүйке-бұлшық ет аппаратын белсендендіруге және координациялауға, тыныс алуын және тұлғасын түзетуге бағытталған педагогикалық ықпал кешені. Бұл дауыс шығарудың физиологиясына, логопедияның негізгі дидактикалық және методологиялық қағидаларына негізделген педагогикалық процесс.

Шеткі табиғи (органикалық) бұзылуы дауыс шымылдықтарының фибромасы, папилломасының болуы кезінде туындайды, бұл олардың тығыз емес қабысуына әкеліп соғады. Дауыс қарлыққан түр алады, одан да ауыр жағдайларда афония дамиды.

Сонымен, дауыс бұзылуына жататындар: афония, дисфония, фонастения.

 

 

Дауыстың бұзылуының себептері, механизмі және классификациясы

 

Дауыс бұзылуының себептері алуан түрлі: көмей, мұрын қуысы мен жұтқыншақтың қосылған жерінің, өкпе, бронх және кеңірдек, жүрек және жүрек-тамыр жүйесінің ауырулары, дауыс гигиенасын ережелерін сақтамау, есту қабілетінің төмендеуі. Аталған этиологиялық факторлар дауыстың органикалық және функционалды бұзылыстарына соқтырады. Бірақ дауыс бұзылуының осы түрлерінің арасында шек қою өте қиын. Органикалық бұзылыстың алғашқы симптомы көмей функцияларының жартылай бұзылуы және жеңіл түрде қырылдауы болуы мүмкін, ал функционалды бұзылыстар көмейдің ауыр органикалық өзгерістерінің, тиісінше дауыстың созылмалы бұзылыстарының себебінің бірі болуы мүмкін.

Дауыстың бұзылуы орталық және шеткі (перифериялық) болып бөлінеді. Бұның әр қайсысы органикалық немесе функционалды болуы ықтимал. Бұзылыстардың көпшілігі жеке бұзылыс болып келеді. Олардың себептері тек дауыс аппаратының әр түрлі өзгерістерінің немесе ауруларының пайда болуына байланысты. Бірақ, олар басқа да күрделі тіл кемістіктерімен бірге жүруі мүмкін (афазия, ринолалия, дизартрия, тұтықпа кезінде).

Дауыс бұзылуының механизмі көмейдің жүйке-бұлшық ет аппаратының өзгеруінің сипатына, бәрінен бұрын дауыс перделерінің қозғалуы және тонусына байланысты болады. Ол гипо- немесе гипертонус түрінде байқалады. Екеуінің тіркесуі сирек кездеседі.

Дауыстың органикалық бұзылысы. Дауыс аппаратының созылмалы асқыну процестерінің немесе анатомиялық өзгерістерінің салдарынан пайда болған дауыс патологиясын органикалық бұзылыс деп есептейді.

Перифериялық органикалық бұзылыстарға созылмалы ларингиттер, көмейдің парезі мен салдануы, ісікті сылып тастау кезіндегі афония мен дисфониялар жатады. Дауыс ақаулығы ауырудың түріне емес, оның ауырлығына байланысты болады. Көмейдің шала және толық салдануымен байланысты дауыс бұзылуы көмейдің төменгі немесе қайтару жүйкесінің инфекциялық зақымдалуынан немесе жарақаттануынан пайда болады. Көмейдің орталық парезі мен салдануы бас ми қабығының, сопақша мидың, өткізгіш жолдарының зақымдалуына байланысты болады. Балаларда балалар сал ауру кезінде кездеседі. Көп жағдайда ісіктер және оларды сылып тастағаннан кейінгі жағдай (адамның халі) дауыстың органикалық бұзылыстарының себебінің бірі болып келеді. Ересектер мен балаларда зарарсыз ісіктер қатерлі ісіктерге қарағанда жиі кездеседі. Ісіктердің дауыс қатпарларында оқшаулану кезінде бірте-бірте ісіктің өсуіне қарай дауыс патологиясы пайда болады. Көптеген папилломалар балаларда жиі кездеседі. Олар бүкіл көмейде жайылуы мүмкін және оларды алып тастағанның өзінде қайталануы (рецидив беруі) ықтимал. Кең таралған папилломатоз және қайта-қайта жасаған операциядан кейін пайда болған берішті өзгерістер тыныс алу мен дауыс шығарудың ауыр бұзылыстарына соқтырады. Бұл дерттің этиологиясы мен патогенезі әлі де белгісіз. Ерте пайда болған папилломатоз тыныс алу және дауыс функцияларының бұзылуымен бірге баланың сөйлеу тілі қалыптасуына және тұлғасына кері әсер етуі мүмкін. Қатерлі ісіктің кесірінен көмейді мүлдем алып тастау адамды дауысынан айырады және тыныс алу функциясын күрт бұзады, өйткені кеңірдек пен көмей байланыссыз қалады.

Жоғарыда аталған дауыс бұзылулары созылмалы түрлеріне жатады және өз бетімен жойылмайды.

Дауыстың бұзылуы сөйлеу тілі жүйесінің қалыптасуына әсер етпейді. Тек ерте жастағы ауыр патологиялары сөйлеу тілі дамуына кері әсерін тигізеді. Бұндай жағдай сөйлеу тілі қалыптасқанға дейін пайда болған көптік папилломалары және көмейдің берішті стенозы бар балаларда байқалады.

Қайта-қайта жасаған операциялар, дауыстың жоқтығынан табиғы жолдармен тыныс алудың бұзылуы баланың соматикалық әлсіреуіне әкеледі, сонымен қатар оның сөйлеу тілі және психикалық дамуының тежелуінің, ерік-жігер аймағының ауытқуларының себебі болуі мүмкін. Балалар өздерінің олқылықтарын сезінеді, оларда тұйық, ұшқалақ, ерке мінез пайда болады. Бұндай балалар қатынасқа әзер түседі. Олар дыбыс айтуды әзер меңгереді, сөздік қоры кедей болады. Осыған байланысты балалардың мектепте ойдағыдай оқуы шамалы. Дауыс бұзылудың жеңіл түрлерінде балалар өздерінің күйіне жай қарайды. Кейбір балалар өз ақауына сын көзбен қарап, оны жоюға тырысады. Басқалары өз олқылықтарын сезбейді, сондықтан дауысының өзгеруіне немқұрайды қарайды.

Ересектер дауысының бұзылуын қатты ұайымдайды. Бұның бірнеше себебін атауға болады: тұлғалық ерекшеліктері; өзінің күйін дұрыс бағаламау; дауыс бұзылуының ұзақтылығы және емнің нәтижесіз болуы; еңбек қызметіндегі дауыстың орны.

Перифериялық органикылық бұзылыстарға есту қабілеті бұзылысының салдарын пайда болған дауыс бұзылысынжатқызады.

Туа біткен немесе ерте жаста пайда болған саңыраулықта акустикалық бақылаудың жоқ болуынан дауыстың жоғарлығы, күші және тембрі өзгереді.

Нәрестелік шақта сәбидің дауысының табиғи тембрі және дауыстың құйқылжуы (модуляциясы) жоғалған күйде, үілдеуінің дұрыс ритмі жоқ, былдырлау инстинкті төмен болады. Бала дамып, өскен сайын дауыс бұзылыстары айқын көріне бастайды. Дауыс көлемі емшектегі бала дауысының диапазонының деңгейінде қалады, яғни 3-4 тоннан тұрады. Дауыс әдетте қатаң, өте әлсіз, бәсең, әзер естілетін болады, бірақ шаңқылдақ, үзік-үзік, қарлыққан, дөрекі, мұрындық ренкпен, төмен болуы мүмкін.

Естуі бұзылған жағдайда дауыстың сипаты естуінің күйіне және есту қабілетінен айырылу мезгіліне байланысты болады.

Қалдық есту қабілеті бар немесе одан кеш айырылған балалардың дауысы үнді, табиғи болып шығады. Туа біткен саңыраулығы бар немесе бір-екі жасында есту қабілетінен айырылған балаларға дауыстың әр түрлі бұзылыстары және сөйлеу тілінің ырғақтылығының, сөз әуенінің, интонациялық жағының бұзылуы тән. Олардың сөйлеу тілі мәнерлі емес, бір сарынды, табиғы модуляциясы жоқ болуымен сипатталады. Бұл балалар дауысын жоғарлатып, төмендете алмайды, дауыстың күшін және ұзақтығын өзгерте алмайды, мұрын және ауыз резонаторларын дұрыс пайдалана алмайды.

Есту қабілеті төмендеуінде дауыстың бұзылуы құрылысында анатомиялық өзгерістері болмаған жағдайда артикуляциялық, тыныс алу және дауыс аппараттарының жеткіліксіз және нақты емес жұмысымен түсіндіріледі.

Көмейді тексеру кезінде дауыс қатпарларының қабыспауы немесе олардың құрысып тарылуы байқалады. Естімейтін адамның дем шығару кезінде ауаның жартысы дауыс қатпарларының арасынынан өтеді, соның салдарынан дауысқа қарлыққан ренк беретін шу пайда болады. Дауыс қатпарларына күш салған кезде спастикалық дисфония және дауыс қатпарларында түйіншектер пайда болуы мүмкін. Фонация кезінде ауаның жартысы мұрын қуысына барады, нәтижесінде дауыста мұрындық ренк пайда болады.

Дауыстың функционалды бұзылыстары кең тараған және алуан түрлі. Оларда көмейдің анатомиялық және асқыну өзгерістері байқалмайды.

Функционалды патологиялардың себептері әр түрі: дауыстың қалжырауы, дауыстың дұрыс қойылмауы, әр түрлі инфекциялық ауырулары және психикалық факторлардың әсері.

Функционалды өзгерістердің ұзақ уақытқа созылуы, көмейдің шырышты қабығының жалған органикалық өзгешеліктерін - қызаруын (гиперемиясын), дауыс қатпарларының қалыңдауы мен іскендігіне ықпал етуі мүмкін. Бұның бәрі функционалды бұзылыстарды дұрыс анықтауын қиындатады.

Перифериялық функционалды бұзылыстарға фонастения, гипо- және гипертонусты афония және дисфония жатады.

Фонастения («phone» - дыбыс, дауыс, «astheneia» - әлсіздік, дәрменсіздік) – сөйлеу қозғалу аппаратының табиғи зақымдануының болмауы кезіндегі дауыс қалыптасуының бұзылуы. Көбінесе шамадан тыс дауыс зорығу салдарынан болады. Психогендік сипат алуы мүмкін. Бұл бұзылыс «дауыс» мамандарында байқалады. Фонастения тыныс алу мен фонацияның үйлестігінің бұзылуымен, дауысты күшейту және төмендету мүмкіндігінің болмауымен сипатталады. Фонастенияның ауыр түрлері афонияға айлануы мүмкін.

Әдебиеттерде фонастенияның пайда болу себептері жайында бірыңғай көзқарас жоқ. Кейбір авторлар себептердің арасында психикалық жарақаттар мен шамадан тыс эмоционалды жүктемелерді атаса, басқалары тыныс жолдарының асқыну ауырулары кезінде дауыстың сақтану тәртібін ұстанбаудан дейді.

Гипотонусты дисфония (афония) екі жақты миопатикалық парездің салдарынан, яғни көмейдің ішкі бұлшық еттерінің парезімен шартталған. Олар кейбір инфекциялардан кейін (тұмау, дифтерия), сонымен қатар дауысқа артық күш салу нәтижесінде пайда болады. Дауыс перделерін тарылтатын бұлшық еттері зақымдалады. Бұл жағдайда дауыс перделері толығынан қабыспайды, олардың арасында саңылау қалады. Дауыс ауытқуы жеңіл қарлыққаннан дауыстың шаршауы, мойын бұлшық еттерінің, желкенің және кеуде қуысының ауыруымен білінетін афонияға дейін көрінуі мүмкін.

Дауыстың гипертонусты (спастикалық) бұзылыстары көмей бұлшық еттерінің тонусының жоғарлауына байланысты. Фонация кезінде тоникалық құрысу басым болады. Гипертонус дауыс және вестибулярлық қатпарларын зақымдауы мүмкін. Фонацияда тырысу кезінде дауыс мүлдем шықпауы мүмкін немесе бұзылған, қатаң дыбыс шығады.

Ринофония мен ринолалия дауыс бұзылыстарының арасында жекеше орын алады, өйткені олардың патофизиологиялық механизмі жұмсақ таңдайдың функциясының органикалық немесе функционалды сипатында дұрыс болмауында. Жабық ринофония кезінде мұрын жолды дауыссыздар ауыздық резонансқа ие болады, дауыстылар үнін, дауыс табиғи тембірін жоғалтады. Ашық ринофония барлық ауыз жолды дыбыстардың патологиялық назализациясымен сипатталады. Дауыс әлсіз, қарлығып шығады. И. И. Ермакованың (1984) деректері бойынша ринолалия кезінде 70-80% фонестения мен гипотонусты дисфония байқалады.

Сонымен, балаларда және жасөспірімдерде дауыстың функционалды бұзылыстары этиологиялық факторларға, жасына, жынысына қарай әр түрлі көрінеді. Барлық функционалды бұзылыстарды көмейдің және дауыс қатпарларының құрылысында тұрақты анатомиялық ақаулардың жоқ болуы біріктіреді. Көмейдегі ларингоскопия арқылы анықталған өзгерістер (гиперемия, ісіктену, қалыңдау, дауыс қатпарларының толық қабыспауы, т.с.с.) өткінші сипатта болып, дәрімен емдеуден, дауыс тыныштығын сақтаудан кейін және логопедиялық (фонопедиялық) жаттығулардан кейін толық жойылады. Дауыс гигиенасы мен оны сақтандырудың да маңызы зор.

Орталық функционалды бұзылыстарына функционалды немесе психогенді афония жатады. Бұл бұзылыс адамның психикасын жарақаттайтын жағдайда аяқ асты пайда болады. Ол, әдетте, истериялық реакцияларға бейім адамдарға тән, қыздар мен әйелдерде жиі кездеседі. Дауысы мүлдем жоқ болғанымен үнді жөтел мен күлкі сақтаулы болады. Бұл маңызды диагностикалау белгісі деп саналады. Функционалды афония ұзаққа созылуы және дауысты қалпына келтіргеннен кейін қайталануы мүмкін.

Дауыстың бұзылуын осылай органикалық және функционалды бөлуі фониаторлық емдеу және логопедиялық сабақтардың әдістерін таңдауын болжауда маңызы зор. Мысалы, дауыстың функционалды бұзылыстары көмейдегі дауыс қатпарларының функциясының өткінші өзгерістеріне байланысты болады, сондықтан, логопедиялық ықпалдың арқасында бұрынғы дауыс қалпына келтірілуі мүмкін. Органикалық бұзылыста көмей, дауыс перделерінің құрылысында ауыр патологиялық-анатомиялық өзгерістер орын алады, сондықтан дауыстың коммуникативті функциялары қалпына келтірілгенімен оның күшінің, жоғарлығының және тембрінің сапасы қалыпты дауыстан өзгеше болады.

Дауыстың бұзылуын терең зерттеуі науқастарды әр түрлі мамандардың кешенді тексеру нәтижесінде ғана мүмкін болады. Сонымен, дауыстың бұзылуын клиникалық (фониаторлық, отоларингологиялық, неврологиялық), логопедиялық және психологиялық тұрғыдан тексеру аса маңызды. Дауыстың бұзылуын медициналық, логопедиялық және психологиялық аспекілерден қарастыру ауытқудың түп негізін тереңірек анықтауға және оны жеңудің тиімді жолдарын, әдістерін шығаруға мүмкіндік береді.

Дауыс бұзылуын медициналық аспектіден талдағанда мынаны ескереміз: сөйлеу анализаторының қайсысы бұзылған (сөйлеу-қимыл, сөйлеу-есту); анализатордың қай бөлігі бұзылған (шеткі немесе орталық); бұзылу сипаты қандай (органикалық немесе функционалды). Сонымен қоса ақаудың пайда болу уақыты ескеріледі. Дауыстың органикалық және функционалды бұзылуының көбі баланың кішкене кезіндегі даму үрдісінде, оның тұлға болып қалыптасу, сөйлеу функцияларының қалыптасу кезеңінде жүре пайда болады. Ескертетін бір ғана, ол дауыстың орталық органикалық бұзылыстары туа біткен және жүре пайда болған болулары мүмкін (афония, анартрия, дизартрия кезіндегі дисфония), сонымен бірге жұмсақ таңдайдың ақауларының салдарынан (ринолалия, туа біткен естуінің зақымындағы дисфония) дауыстың перифериялық (шеткі) бұзылыстары. Даустың барлық функционалды бұзылыстары баланың сөйлеу тілі қалыптасу үрдісінде, не болмаса сөйлеу тілі қалыптасып болғаннан соң пайда болады. Кейбір жағдайда дауыс бұзылысы сөйлеу тілінің басқа бұзылыстарымен тіркесу түрінде кездеседі (дизартрия, ринолалия, естудің төмендеуінің салдарынан сөйлеу тілінің бұзылуы).

Логопедиялық аспект дауыс бұзылуының мәнін ашады. Негізгі нозологиялық бірліктер — афония, дисфония, жалған байланысты дауыс, ринолалия және ринофония. Дауыстың бұзылуының әр бір формасы бұзылудың жоғарлығы, дауыс модуляциясы, сөйлеу тілінің ырғақты-екпіндік-әуендік жағының әр түрлі бұзылыстарымен көрінеді. Өзгерудің әртүрлігі бір қатар факторларға байланысты: бұзылу деңгейі, анализатордың қай бөлігі зардап шекті, бұзылу қашан пайда болды, бұл бұзылыс сөйлеу тілінің басқа бұзылыстарымен қалай үйлеседі, т.б.

Психологиялық аспект – сөйлеу тілінің коммуникативті қызметіне, тұлғалық ерекшелігіне тигізетін әсері ескеріледі. Дауысы бұзылған баланың қатынасқа түсуінің қиындауына байланысты сөйлеу тілінің коммуникативті қызметінің төмендеуі байқалады. Бала өз дауысынан ұялып ыммен қатынас жасайды, кейде мұғалімнің тапсырмасын жазбаша түрде орындайды. Эмоционалды ерік-жігер аясында ауытқушылық байқалады, өзіндік мінез көрініс береді, сабырсыздық, ашуланшақтық, түңілушілік, негативизм және т.б. Кейін бұл ерекшеліктер науқастың жеке еңбек өмірінде өз ізін қалдырады.

Функционалды орталық дауыс бұзылулары үлкен адамдарға қарағанда балаларда сирек кездеседі. Мысалы, психогендік афония немесе дисфония. Осы кездегі бұзылудың механизмі келесіде: күшті есеңгіреу (стресс) әсері кезінде орталық жүйке жүйесінде тежеудің соңғы аясы пайда болады, нәтижесінде бас миының қабығы жағынан дауыс қалыптасуының барысын реттегіші бұзылады. Кейде себеп болушы фактордың жоғалуынан дауыс өздігінен пайда болады, бірақ афония немесе дисфония түріндегі патологиялық рефлекс пайда болуы мүмкін. Бұндай жағдайларда дауысты орнына келтіру үшін арнайы жұмыс жүргізу керек.

 

Дауыс аппаратын тексеру әдістері

 

Дауысты зерттеуінде дауыс аппаратын, біріншіден дауыс қатпарларының функциясын тексерудің маңызы зор.

Тексерудің бірнеше медициналық әдісі бар. Көмейдің күйі туралы алғашқы мәліметтерді тікелей емес ларингоскопия (айнаның - ларингоскоп көмегімен тексеру) арқылы алуға болады. Ларингоскопия анатомиялық өзгерістер мен асқыну ауыруларын анықтауға мүмкіндік береді. Дауыс қатпарларының функциялары жайында толық деректерді ларингостробоскопия арқылы алады. Арнайы құрал-электронды стробоскоп көмегімен дауыс қатпарларының тербеліс сипатын байқауға болады. Рентгенография және томография көмейдің бір мезгілдегі жұмысын көрсетіп береді. Көбіне ісіктерді анықтауда пайдаланылады. Электромиография көмейдің ішкі және сыртқы бұлшық еттерінің функциясы жайында мәліметтер береді. Тексеру кезінде ине тәрізді электродты бұлшық етке кіргізеді. Бұндай тәсіл күнделікті тәжірибеде аз қолданылады.

Соңғы жылдары дауыс аппаратын тексеруде жаңа әдіс — глоттография көп қолданыста жүр. Глоттографты француз физиологы Ф. Фабр (1957) ойлап шығарған. Бұл әдіс табиғи фонация кезінде науқаста жағымсыз сезім тудырмай дауыс қатпарларының тербелісін бақылауға мүмкіндік береді.

Ф. Фабр әдісін физиологтар, дәрігерлер, вокал педагогтары, лингвисттер, логопедтер пайдаланады. Глоттография дауысты түзету, қалпына келтіру жұмысы және оның аяқталған кезеңінде объективті түрде дауыс аппаратының динамикалық өзгерістерін бағалайды.

Түзету жұмысын бастамастан бұрын логопедтің қолында оториноларинголог пен фониатордың қорытындысы болуы тиіс, сонымен бірге дауыс бұзылуының басталуы және ағыны жайында анықтап біліп алуы керек. Науқастың анамнезін жете жинап, дауыс бұзылысына алғашқы түскен шағымдар уақыты, себептерін анықтау қажет.

Бұзылыс жайында қосымша мәліметтерді науқастың жұмыс жағдайын, жұмыс және демалыс тәртібін анықтау арқылы алуға болады. Сөйлеу тілі күрделі психофизиологиялық процесс болғандықтан, орталық және шеткі нерв жүйелерінің қалпы туралы білген өте маңызды. Әңгімелесу барысында науқастың өз ақауына қандай көз қараста екені белгілі болады. Логопед дауыстың үнінің сапасына көңіл бөледі: дауыс күшінің төмендеуі, қарлығуы, үні, мойынның сыртқы бұлшық еттерінің күш салуы, рефлекторлы жөтелдің пайда болуы, тыныс алуы. Тәжірибелі логопед дауыстаудың сипатына қарай бұзылыстың этиологиясы мен механизмін анықтай алады.

 

Түзету жұмысының әдістемесі.

 

Дауысты қалпына келтіру жұмысын ерте бастаған дұрыс. Бұл патологиялық дыбыстау дағдыларын бекуінен және неврологиялық реакцияларының пайда болуынан сақтандырады. Дауыс бұзылуының этиологиясы мен механизміне қарай қалпына келтіруінде екі міндет қойылады: 1) организмнің компенсаторлы мүмкіндіктерін анықтау және іске қосу; 2) патологиялық дыбыстау тәсілін жою. Бұл міндеттерді шешу үшін келесі жұмыс атқару керек:

• көмей аппаратының нерв-бұлшық ет функцияларының белсенділігін арттыру;

• дауыс аппаратының екіншіреттік ақауларының – жалған органикалық өзгешеліктердің пайда болу – дамуын алдын алу;

• психогендік реакцияларды жою үшін тұлғаға оң әсер ету;

• жойылған дауыстау кинестезияларын (фонацияның өзін) қалпына келтіру;

• тыныс алу мен фонацияның үйлесімдігін (координациясын) қалыптастыру.

Дауысты қалпына келтіру міндетіне қарай оқытудың дифференциалды тәсілдері пайдаланылады. Бірақ дауыс бұзылуының барлық түрлері түзету жұмысының ортақ кезеңдерін белгілеуге болады:

• рационалды психотерапия;

• физиологиялық және фонациялық тыныс алуын түзету;

• дауыс аппаратының кинестезиясы мен координациясын фонопедиялық жаттығулар арқылы жаттықтыру;

• қалыптастырған фонацияны машықтандыру.

Сабақ алдында науқаспен дұрыс қарым-қатынас орнатылып, оның өз ақауына қалай қарайтыны анықталады. Бұл түзету жұмысының тиімді жолдарын және сендіру тәсілдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Бірінші кездескен кезде науқасқа бұзылыстың мәнін түсіндіріп, түсінікті түрде дауыстаудың механизмі ашылып айтылады және қалпына келтіру жұмыстың жолдары анықталынады. Бұзылысты бастапқы қалыпқа қайта келтіруге болатынына науқасты сендіріп, түзету жұмысына белсенді қатысуы қажет екенін міндеттеп қою қажет. Жаттығуларды механикалық түрде орындауы оң нәтиже бермейтінін түсіндіру қажет. Бүкіл жұмыс психотерапиялық бағытта жүргізіледі. Ересектерден дауысты қалпына келтіру жұмысының болжамына шындық тұрғысынан қарауды талап ету керек. Оларға дауыс аппаратының функциялары және дауыс толығынан қалпына келмеуі мүмкін екенін алдын ала ескертіп қойған жөн. Бірақ дауыстың күші, үні ұлғайып, сөйлеу жүктемесі кезінде шаршағыштығы жойылып, тыныс алуы қалпына келетіні ескертіледі.

 

Көмейдің парез және салдануында дауысты қалпына келтіру

 

Психотерапиялық дайындықтан кейін тыныс алуды қалаптастыруға арналған жұмыс басталады. Төменгі көмей жүйкесінің зақымдалуының салдарынан көмейдің қозғалыс функциясы шектеулі болады, ал зақымдалған жағындағы дауыс қатпары мүлдем қозғалмайды. Фонациямен қатар физиологиялық және фонациялық тыныс алуы бұзылады. Көмейдің салдануында оның қимыл функциясын қалпына келтіру мүмкін емес. Дауысты қалыптастыру үшін дауыс аппаратының компенсаторлы механизмін іске қосатын функционалды жаттығулар пайдаланылады. Бұндай жаттығулар көмейдің сау жағының қозғалуын максимальді түрде ұлғайтып, ал салданған жағында дауыс қатпарының қимыл функциясын жартылай болса да қалыптастыруы қажет. Сонымен қатар физиологиялық және фонациялық тыныс алуын да қалыптастыру керек. Көмейдің қимыл функциясын белсендіруге арналған жаттығулары тыныс алуды нормаға келтірумен үйлеседі, өйткені олардың арасында физиологиялық байланыс орнаған. Сабақ «ерін гармонына үрлеу» жаттығуынан басталады. Бір нотада ауаны ішке тартып және сыртқа шығара отырып жай, ұзақ үрлеу қажет. Физикалық дені саулар жаттығуды 45-60 секундтан бастайды, біртіндеп екі аптаның ішінде жүктемені 2 минутқа дейін жеткізеді. Бірінші аптада жаттығуларды күніне 45-60 секунд ішінде 8-10 рет жасатады. Біртіндеп жаттығу 2 минутта 15 ретке дейін жеткізіледі. Егер үрлеу кезінде бас айналуы байқалса, жаттығу ұзақтылығы 15-20 секундқа дейін қысқартылады. Демалудың жаттықтығы, көлемдігі және дем шығарудың ұзақтылығы жаттығу арқылы біртіндеп жақсарады. Дауыс аппартын функционалды жаттықтыруда «ерін гармонына үрлеу» маңызды рөл атқарады. Ол дұрыс дыбыстаға қажет дем шығаруды ұзартады, ал ішке жұтып, сыртқа шығаратын ауа ағыны көмейді уқалайды. Бұл тәсіл арқылы көмейдің сау жағының қимыл-қозғалысы ұлғайып, салданған жағы кішкене болсада белсендіріледі, яғни ауа ағынының ықпалымен фонацияға қатысатын көмей бұлшық еттерінің әрекетінің түрткісі пайда болады. «Ерін гармонына үрлеумен» бірге бағытталған ұзақ дем шығаруды машықтандыратын тыныс алу жаттығуларының кешені ұсынылады.

 

1-кешен. Бастапқы қалып – орындықта тік отыру немесе тұрып:

 

1) мұрын арқылы дем алып-дем шығару (тез, терең емес дем алу, ұзақ дем шығару);

2) мұрын арқылы дем алып, ауыз арқылы дем шығару;

3) ауыз арқылы дем алып, мұрын арқылы дем шығару;

4) дем алып, дем шығару мұрынның бір жартысы, содан кейін екінші жартысы арқылы (кезекпен);

5) дем алу мұрынның бір жартысы, ал дем шығару мұрынның екінші жартысы арқылы (кезекпен);

6) мұрын арқылы дем алып, мұрын арқылы баяу, соңында күшейтіп дем шығару;

7) мұрын арқылы дем алып, толық жабылмаған еріндер арқылы дем шығару;

8) мұрын арқылы дем алып, ауаны мұрын арқылы бөлшектеп шығару (тынысын бір сәтке тоқтатып, ауаны аз мөлшермен шығару).

 

Тыныс алуға арналған жаттығулардың басталуынан 7-10 күннен кейін мойын, көмейдің сыртқы және ішкі бұлшық еттерін белсендіруге арналған жаттығулар қосылады.

 

2-кешен. Жаттығулар отырып орындалады:

 

1) бастапқы қалып — қолдары желкеде, құлып тәрізді. Қолмен кедергі жасай отырып, басты артқа шалқайту;

2) бастапқы қалып — қолды жұдырықа түйіп, иекке тірейді. Қолмен кедергі жасай отырып, басты алға қарай еңкейту;

3) бастапқы қалып — алақанмен құлақтарын жауып, қолмен кедергі жасай отырып, басты кезекпен екі иыққа қарай еңкейту;

4) төменгі жақты астыға, алдыға, оңға-солға қарай жылжыту. Жақты жұму;

5) ұрты үрлеу;

6) тіл ұшымен жұмсақ таңдайға жету;

7) есінеу кезінде жұмсақ таңдайды көтеру.

 

Екі кешенде жеңіл орындалады. Оларды науқастың өз бетінше жаттығуына ұсынуға болады (әр жаттығуды 4-5 рет қайталап, күн бойы 6 реттен).

Бұл кезенде логопедиялық жаттығуларды емдеу физкультура кабинетінде тыныс алудың диафрагмальді түрін қалыптастыруға арналған аранайы жаттығулармен бірге жүргізген дұрыс. Екінші кезең жаттығулары дауыс аппаратын фонацияға дайындайды. Жаттығу нәтижесінде рефлекторлы жөтел, тамақта бөтен зат тұрғандай сезім жоғалып, дем шығаруы ұзарады және салданған дауыс қатпарының әлсіз тербелісі пайда болады. Осыдан кейін дауыс аппаратының кинестезиясы мен координациясын машықтандыруға арналған дауыс жаттығуларына (екінші кезең) көшуге болады.

Тыныс алуға арналған жаттығулар мен «ерін гармонына үрлеуді» түзету жұмысының аяғына дейін пайдалану қажет. Дауыс жаттығулары әр түрлі дыбыстардың дауыс шығару механизміне тигізетін әсерін ескеру арқылы құрастырылады. Үнді дауыссыздар және дауысты дыбыстар дауыс аппаратының функциясына импеданс арқылы әсер етеді. Фонация кезінде әр түрлі дыбыстардың қалыптасуында әр түрлі қарама қарсы қысым пайда болады. Ол ауыз-көмей каналында тарылулардың және қуыстардың көлемінің өзгеруінің салдарынан болады. Дауыс қатпарлары мен резонаторлардың тербелісінің бір-бірімен байланысты жүйесі қалыптасады. Акустикалық механизм дауыс және артикуляциялық аппараттың жеке анатомиялық құрылысына, дыбыстың пайда болу тәсіліне тәуелді болғанынан, бір дыбыстар үнемі басқаларға қарағанда көбірек импедексқа ие болады. Сонымен қатар оны жаттығу арқылы артық бұлшық ет энергиясын шығармай, әр дауыс аппаратына «таңдап алып», жақсы акустикалық нәтижеге қол жеткізуге болады. Осылай дауыс қойылады.

Дауыстың түзетуі М дыбысын айтқызудан басталады. Бұл фонема дұрыс фонацияны орнатуға ең жақсы физиологиялық негіз болып саналады.

 

1-жаттығу. Көмейдің жай қалпында М дыбысын қысқа айтуын ұсынады. Біртіндеп жаттығулар нәтижесінде фонация ұзартылып, дауыс үнді, анық шығатын болады. Бұл жаттығуды тез, қиналмай орындайтын болғаннан кейін ашық буындарды айтуға көшеді.

2-жаттығу. М дыбысын ұзақ айтып, барлық дыбыстарды соған қосып, төменгі иекті күрт астыға түсіріп айтқызады: ма, мо, му, мэ, мы. Жаттығу барлық үнді дауыссыздармен жүргізіледі.

Дыбыстау кинестезиясын ары қарай бекіту мақсатымен екпін екінші буынға түсетін буындар тіркесі айтқызылады.

 

3-жаттығу. Буындарды қайтала:

 

ма-ма на-на

ма-мо на-но

ма-му на-ну, т.с.с.

 

4-жаттығу. Дауыстап айт:

 

мама-мама-мамама;

нана-нана-нанана, т.с.с.

 

Буындарды қатты, жетік айтуын үйренгеннен кейін 5 жаттығуды орындауға көшеді.

 

5-жаттығу. и дыбысымен дауыстыларды айтып жаттықтыру.

 

Дыбыс азғантай шумен айтылады, дауыс қатпарлары тербеледі.

j дыбысының үлкен импедансы және дауысты дыбыстардың қатты атакада айтылуы дауыс қатпарларының қабысуына әсер етеді. Дауысты дыбыс қысқа, қатты айтылуы тиіс, ал и — ұзақ айтылуы керек: аи... яй..., ой... ей..., уй... юй..., эй... ей...

Кейін үнді дыбыс шығып, қалыптасқананан кейін кинестезияларды бекіту үшін тыныс алу мен дауыс шығаруды үйлестіру қажет. Ол үшін 1, 2, 3, 4, және 5 дауысты дыбыстар тіркесін бір демде айтқызу керек.

 

6-жаттығу. Дыбыс тіркестерін дыбыстап айт: а, ао, ау, аэ, аи, аоу, аоэ, аои, аоуэи, аоуи, т.с.с.

 

Алғашқыда дыбыс тіркестері логопедтен кейін, содан соң өз бетінше айтқызылады. Егер жаттығулар қиналмай, жеңіл орындалса, дауыс шаршағаны байқалмаса, дауыс қатты және жарқын шықса, сабақтың бұл кезеңі аяқталды деп санауға болады.

Буындық және дыбыстық жаттығулар аяқталғаннан кейін дауысты қалпына келтірудің машықтандыру кезеңі басталады. Ол үшін ашық буыннан басталатын сөздер іріктеліп, алынады — ма, мо, му, мэ, мы. Мата, маса, мақал, мысық сияқты сөздер айту кезінде жоғарғы резонатор іске қосылып, дыбыстауға қолайлы жағдай туындайды. Ары қарай сөйлемге, өлең және прозаны оқуға көшеді. Оқытудың соңғы кезеңінде сөйлеу материалы фонетикалық принцип бойынша емес, адамның жасын және қалауын ескере отырып іріктеледі.

Сөйлеу материалымен вокалды жаттығулар да қатар жүреді. Қалпына келді деп сөйлеу кезінде тыныс алуы ұйымдастырылған, тамағында ешқандай жағымсыз сезім жоқ кезде қатты, үнді дауысты санауға болады. Оториноларингологиялық тексеру кезінде көмейдің сау жағының компенсациясына байланысты дауыс қатпарларының қабысуы және салданған жақтағы дауыс қатпарларының тербелісі байқалады. Глоттография арқылы дауыс қатпарларының біркелкі тербелісінің анық көрінетін фазаларын көруге болады.

Логопедиялық-түзету жұмысы 2-4 айға созылады. Түзету жұмысының ұзақтылығы бұзылыстың күрделене және сабақ бастау мерзіміне байланысты болады. Дауысты қалыптастыруды ерте бастаған тиімді.

 








Дата добавления: 2016-02-13; просмотров: 25320;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.109 сек.