Философия пәні: ұғымы мен мазмұны 15 страница

Джордж Беркли (1685-1753) – ағылшындық субъективист философ, ерекше тәсілмен жазған ойшыл. Негізгі еңбектерін ол 28 жасына дейін жазып бітіргенін де атап өткен жөн. Беркли Локктың сезімдік білім алғашқы және екінші сапаға ие, бірінші немесе алғашқы сапалар заттардың бойында реалды түрде бар, ал екінші сапалар – түс, иіс, дөм субьектіге ғана тән деген көзқарасын сынады. Оның ойынша, біз дүниені сезім мүшелері арқылы ғана қабылдаймыз сондықтан сапалардың объективтілігін, біздің санамыздан тыс тұратынын біле алмаймыз. Беркли заттар біздің сезім мүшелерімізге әсер етеді, бірақ біз заттардың нағыз мәнін көре алмаймыз, ал сапа-қасиеттердің өзі салыстырмалы ғана дейді. Мысалы, адамның бір қолы салқын, екіншісі – жылы болса, қолдарын жылы суға салған адамның суды сезінуі де екі түрлі болады. Яғни, Берклидің пікірінше, қабылдау субъектінің жагдай-күйіне тікелей байланысты. Бірақ ол бұл түсінікті абсолюттік дәрежеге дейін жеткізеді, материяның болмысы қабылдануға тәуелді деген пікірді дәлелдемек болады. Мысалы, бір затты адам қабылдамаса, ол зат өмір сүруін тоқтатқаны ма? Оған Беркли басқа адамдар немесе басқа тірі нәрселер қабылдайды, ең ақырын-да, мәңгілік қабылдаушы субъект Құдай қабылдайды деп жауап береді. Беркли осылайша заттың өзіне тән объективті сапасын жоққа шығарып, өмір сүретін субъективтік «Мен’*, одан басқа нәрсе жоқ деп пайымдайды.

Давид Юм (1711-1776) – ағылшын философы, Локк пен Берклидің философиясын дамытушы. Адам өзін қоршаған дүниені сезім мүшелерінің көмегімен, түйсіктерінің жиынтығы арқылы таниды деп мойындағанымен, материалдық дүниенің реалды өмір сүретіндігіне күмән келтіреді. Оның пікірінше, адамның ақылы сезім мүшелері беретін білімнен басқа білім бере алмайды, өзінің рухани тәжірибесінен басқаны қорыта алмайды. Юм ойынша, тәжірибе дегеніміз «әсерлер» ағыны, оның себептері түсініксіз және тәжірибені логикалық жолмен дәлелдеу мүмкін емес, сондықтан тәжірибелік білім дұрыс бола алмайды. Юм осылайша себеп-салдарлық байланысқа қарсы шығады, себептіліктің объективтік сипатын тану мүмкін емес деген тұжырым жасайды. Бірақ, оның ойынша, субъективтік себептілік бар, ол сезімдік әсерлердің йдеяларды туғызуы. Мысалы, адамдар Күннің күн сайын шығатынына сенімді. Бүл сенімнің негізі -осы құбылыстың күнделікті қайталанатыны. Яғни, адамдардың практикалық сенімінің бастауы теориялық білім емес, қалыптасқан дағды-сенім. Осылайша Юм біржакты эмпиризмі, оны рационализмнен бөліп қарауы дүниені танып-білуге болмайды деген агностицизмге әкеліп соқты.

Жаңа Дәуір философиясы туралы ойымызды қорытсақ, бұл кезеңдегі философия эксперименталдық ғылымдармен тығыз баііланысты дамып, таным мәселелеріне басты назар аударган, әлеуметтік дамудың жаңа жолдарын іздеуге талпынган, қогамдық келісім үлгілерін ұсынган, рухани маңызы күшті философия болды.

XVIII ғасырдағы Ағартушылық философиясы

Ағартушылық философия европаның классикалық философиясының дамуының жаңа кезеңі болып табылады.

Ағартушылық идеяларының отаны Англия болды. XVII ғасырдың аяғында прогрессивті ағылшын буржуазиясының нығаюы мен ғылыми білімнің даму үрдістері ағартушылық идеяларының кеңінен қанат жаюына негіз болды. Жаратылыстану ғылымдарының дамуымен тығыз байланыста болған ағылшын ағартушылары адамның еркіндігі мен ақыл ойының күшіне сенім артты.

Осы сарындағы философиялық идеялар Францияға тез жетіп, жан – жақты дамыған концепциялар пайда болды. Ағартушы – философтар қоғам мен адамның ғылым мен прогреске сүйене отырып жетілуін көкседі. Білімді кең көлемде таратып, адамдарды тәрбиелеу қажеттілігіне көңіл аударды. Адам табиғатынан ізгілікті, оның кемшіліктері қоғамның қайшылықтарынан туындайды. Сондықтан оны әрдайым тәрбиелеп, бағыттап отыру қажет.

Ағартушылық таза философиялық ілім емес, оның құрамында қалыптасып келе жатқан буржуазияның идеялық және саяси өзіндік санасының мұраттары да көрініс тапты.

Англияда, Францияда ағартушылық қайраткерлері ақыл – ойлы негізгі культке айналдырды. Феодалдық қоғамның қалдықтарын сынға алды, ғылыми – философиялық ойлаудың, көркемөнер шығармашылықтың адамдардың пікірі айту қабілетінің еркіндігін жақтады.

Француз ағартушылығының көрнекті өкілдері – Франсуа Вольтер (1694-1778), Жан Жак Руссо (1712-1778), Дени Дидро (1713-1784), Жан Батист Д`Аламбер (1717-1783), Жюльен Ламетри (1709-1751), Клод Гельвеций (1715-1771), Поль Гольбах (1712-1789).

Вольтердің негізгі еңбектерінің бірі – «Метафизикалық трактат». Ол ағылшын философтары Ф.Бэкон мен Т.Гоббстың шығармашылығын жоғары бағалап, эмпиризмнің ықпалында болады. Көп уақытқа дейін Декарт идеяларына самарқаулық танытады. Вольтер тәжірибенің танымдық маңызын анықтап, оның теорияға қатынасын түсіндіруге тырысады.

Ойшылдың философиясында субъектің белсенділігі туралы мәселе кеңінен қойылған Вольтер субъектің іс - әрекетінің динамизмі мен белсенділігін ерекше атап, зерттеді, жаңа дәуір философиясын едәуір байытты.

Оның «қоғамдық адамға» деген қызығушылығы сол кездегі әлеуметтік сұраныстан туындаған. Вольтер басқа адамдар мен тығыз байланыста өмір сүретін адамның қоғамдық табиғатынан жақсы түсінген.

Вольтер философиялық еңбектерінде адамдардың теңдігі туралы да мәселе қойылған. Ол саяси теңдік, заң мен құқық алдындағы теңдікке ерекше көңіл аударған.

Адамдардың саяси, құқықтық теңдігі экономикалық және әлеуметтік теңдігімен анықталатынын түсіне алмаған.

Вольтердің замандасы және оған рухани жақын ойшыл Ш.Л.Монтескье (1689-1755). Деизмді жақтады. Тарихты адамдар жасайды деген қорытындыға келді. Қоғамның дамуына климат пен географиялық фактор әсер ететіндігін мойындады.

Қоғамда заңның үстемдігі мен билікті болу идеялары Ш.Монтескьенің болашағы мол өскелең ойлары болып табылады. Негізгі еңбектері: “Парсы хаттары” (1721), “Заңдардың рухы туралы” (1748). Монтескье теология мен дінді қатты сынға ала отырып, адамзат қоғамының дамуында белгілі бір объективті заңдылық бар екендігін мойындайды. Дінді қоғамда тәртіпті сақтау үшін, адамгершілікті қалыптастыру үшін қажет деп есептейді. Монтескье адамның табиғи еркіндігі теориясына сүйене отырып, оның бақытты болуға құқылы екендігін түсіндірді. Оның саяси идеялары классикалық либерализмге негізделген. Монтескье “Заңдардың рухы туралы” еңбегінде заңдардың шығу себептерін, қалыптасуын зерттеді. Монтескье пікірі бойынша, нағыз әділ заң адамның табиғи құқығына негізделуі қажет. Монтескье адамның ақыл-ойы, парасаты құдай белгілеп берген нәрсе емес, оның өмір сүріп отырған ортасының жемісі, сол ортаның өзгеруімен ол да өзгеріп отырады, заңды қатаң сақтау бостандықты қамтамасыз етуге, мемл. төңкерістерді болдырмауға қызмет етеді деген пікірде болды. Ол мемлекеттік биліктің үш сатысын: заң шығарушы, атқарушы, сот билігін бөлу арқылы басқару азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өкімет билігін теріс пайдаланып, қиянат жасауды болдырмайды деген ой айтты.

Аталған еңбекте басқарудың республика, монархия және деспоттық түрлерін айқындап, олардың өзіндік ерекшеліктерін атап көрсетті. Билікті бөлу теориясына ерекше көңіл бөлді. Билікті әділ бөлмейінше, оны заңдастырмайынша еркіндіктің, саяси бостандықтардың жүзеге асуына жол жоқ. Монтескье мемлекет, демократия басқару жүйесін ұсына отырып, оның объективтілігін негіздеуге ұмтылды. Қоғам, оның ойынша, біртұтас әлеуметтік құрылым және тек халықтың жалпы рухы арқылы тануға болатын процесс. Монтескье философия тарихында алғаш рет географиялық орта мен оның қоғам дамуындағы орнына ерекше көңіл бөлді. Оның ойынша табиғаттың объективті заңдылығы әрбір халықтың психологиясы мен тұрмысына ерекше әсер етеді. Әсіресе климаттың, топырақ пен жер қыртысының адамдардың мінез-құлықтары мен халықтық әдет-ғұрыптардың қалыптасуына ықпал ететіндігін атап көрсетті.

Монтескье француз ағартушыларының ішінде ең үлкені болды. Ол 1689 жылы Ла-Бред сарайында орташа дәулетті дворян отбасында дүниеге келген. Оның ағасының баласы жоқ болғандықтан, Монтескьеге бар дүниесін, атағын, қызметін мұраға қалдырады. Бұл болашақ жазушының бүкіл ғұмырын толығымен әдебиетке арнауына мүмкіндік берді. 1705 жылға дейін бес жыл бойы діни училищеде білім алды. Монтескье француз қоғамының заң саласын толық оқып, жетік меңгеріп шыққандықтан елдегі экономикалық, әлуметтік және саяси келеңсіздіктерді айқын аңғарып отырды. Оқуын бітірген соң Бордо академиясының мүшесі болып тағайындалады. 1720 жылы Монтескье «Парсы хаттары» деген шығарма жазып, бір жылдан кейін бұл шығармасын жасырын атпен жариялайды. Бұл романдағы автордың негізгі идеясы кейіннен «Рим империясының ұлылығы мен құлауының себептері туралы ойтолғамдар» және «Заңдар рухы» еңбектерінде кеңінен әңгімеленеді. Монтескье ғылыми мәселелерді академиялық қызығушылық үшін емес, адамдардың қоғамдық өмірін жақсарту үшін зерттеп, ғалым-күрескер ретінде танылды. «Парсы хаттары» деп аталатын туындысында бай әрі атақты Өзбек Европамен, оның мәдениетімен танысуға барады. Өзбек өз жерінде достарын, керемет сарайын, көптеген әйелдерін қалдырып кетеді. Соларға көрген-білгені туралы, Европа өркениеті туралы хатқа жазып жіберіп отырады. Осылайша Монтескье патшаның сақ цензурасынан құтылады. Яғни француз жерінде болып жатқан түрлі жағдайларды Өзбектің хаты түрінде баяндайды. Өзбек өз хаттарында француз қоғамының мансапқорлығын, жалқаулығын, екіжүзділігін, көрсе қызарлығын және басқа кемшіліктерін әшкерелейді. [3] Эпистолярлық романның шегінен шықпай-ақ, Монтескье өз романын саяси трактатқа айналдырады. Ол өзі бұл шығарманы ХҮІІІ ғасырда ағартушылар тудырған философиялық трактат жанрына жатқызады. Онда шығыстық деспотизм мен батыстық монархияны сынға алып, республиканы қолдайды. Монтескье католиктік шіркеуді, патша билігін нысанаға алады. Оның пікірінше құдай адамды емес, адам құдайды өздеріне ұқсатып қиялынан жаратқан. 1751 жылы Готье атты бір аббат жазушыға қарсы «Парсы хаттары» – бұл сұрқия кітап» деген брошюра шығарады. Монтескье өркениетті елдердің басқыншылық саясатына, сол жердің тұрғындарын қанауына түбегейлі қарсы. Құл сату, қара нәсілділерді Америкаға зорлықпен, күштеп апарып, сатуға қарсы. Ол соғыстың екі түрін ғана мойындайды: біріншісі өз отанын сыртқы жаудан қорғау, екіншісі, басқыншылыққа ұшыраған жақтасыңа көмектесу. Ал басқа соғыстардың барлығы әділетсіз және заңсыз деп түсінеді. [4] Монтескьенің «Парсы хаттары» өте сәтті шығады. Автор есімі баршаға танылады. Біраз оқырманды шығарманың шын мәніндегі астарлы мазмұны емес, жеңіл, біршама еркін формасы, онда суреттелген аристократтық салондар, сарай өмірінің ұрыс-керісі қызықтырды. Ал шіркеу бұл шығарманы оқуға тыйым салды. «Парсы хаттарынан» кейін Монтескье «Кандидадағы ғибадатхана», «Пафосқа саяхат» атты шығармаларын жазады. Алайда Монтескье өзі бұл шығармаларына аса мән бермейді. Ол түбегейлі зерттеу жұмыстарымен айналысып, батыс Европа елдерін аралайды. Үш жыл бойы ол Франциядан тыс жерде өмір сүріп, Италия, Голландия, Германия, Англия елдерінің саяси-әлеуметік құрылымын зерттейді. Монтескье Англияда көрнекті саяси қайраткерлермен – Уолполоммен, Боллингброкпен, граф Честерфилдпен, Свифтпен, әуелі ағылшын патшайымының өзімен кездеседі. Англияда патша ғылыми қоғамының мүшелігіне тағайындалады. «Заңдар рухы» атты еңбегін Монтескье өзінің осы негізгі еңбегін 20 жыл бойы жазады. Мұнда ол заңдар табиғаты туралы өз көзқарасының жүйесін жасайды. «Әділ заң адамның табиғи құқықтарынан туындайды. Ол қоғамның ар-ұяты болады. Заң бәрінен де биік тұруы қажет. Халықтың және жеке тұлғаның еркіндігі заңға бағынғандығынан көрінеді. Заңға қанаушылардың қолын сұқпауын қамтамасыз ететін мемлекеттің болашағы бар» деген ой айтады. Дидро мен Гельвеций Монтескье ойларына сыни көзбен қарады. [5] «Заңдар рухы» шығармасынан кейін Монтескье әдеби еңбекпен шұғылданған жоқ. 1755 жылы дүниеден өтеді. ХУІІІ ғасырдағы француз ағартушыларынан Дидро ғана Монтескьені соңғы сапарға шығарып салысады.

Жан Жак Руссо (1712-1778) – кедей ортаның өкілі, оның әкесі сағат жөндеуші және биді үйретуші болған. Руссоның шығармашылығы жан-жақты, театр шығармашылығынан басқа ол ғылым мен өркениетті сынаумен, экономикалық, әлеуметтік – саяси мәселелермен айналысқан. Оның «Эмиль немесе тәрбие туралы» және «Жаңа Элоиза» шығармалары жетілген, табиғи моральдың жобалары болып табылады.

Руссоны қызықтырғанең маңызды мәселе – адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі.

Адамдар арасында негізінен теңсіздік бірден пайда болмайды. Оның туындауына себеп болған меншіктік қатынастар. Яғни қоғамда меншіктік жіктелу болып, жеке меншік пайда болғаннан бастап, теңсіздік қатынастар өркендей бастайды.

Жеке меншік - теңсіздіктің бірінші себебі. Ал жеке меншіктің өзі адамдар қажеттілігінің қайшылығынан, бәсекелестік пен бақталастықтан туындайды. Қоғамның табиғи жағдайы бір – бірімен жауласқан топтар қатынасымен алмастырылады.

Меншіктік жіктелу – теңсіздіктің бірінші сатысы. Теңсіздіктің екінші сатысы – мемлекеттің қалыптасуы, билік иелері мен оған бағынушылар арасындағы теңсіздік.

Үшінші сатыдағы теңсіздік заңы үкіметтің деспотияға айналған уақытында пайда болады. Соңғы жағдайда, Руссоның пікірінше, барлық адамдар өзінің теңсіздігінде бірдей болады да, тиранға қарсы бас көтеруге құқық алады. 1789 жылғы Франциядағы революциялық қозғалыстың заңдылығын Руссо осындай ойлармен негіздейді.

Осы ойларын Ж.Ж.Руссо «адамдар арасындағы теңсіздіктің пайда болуы мен себептері» деген еңбегінде баяндайды.

«Қоғамдық келісім туралы» атты еңбегінде Руссо біріккен халық басқаратын «халықтың мемлекет» идеясын ұсынды. Бұл мемлекетте жалпы ерік пен жеке адамдар еркінің арасындағы күрделі өзара қатынастар елді билейді деп ой қорытады.

Ж.Ж.Руссо философиясының атақты девизі «Қайтадан табиғатқа оралу». Өйткені табиғатта адамның орны оның қабілеттеріне байланысты, сондықтан табиғи тәртіп әділетті. Ал қоғамда адам меншік байлық арқасында орын алады, бұдан қоғамдық тәртіптің әділетсіздігі туындайды.

Руссо Жан Жак (1717-1778) - "Қоғамдық келісім туралы" еңбектің авторы. Негізгі идеясы - халық егемендігі. Қоғамдық келісім негізінде ортақ ерік жатыр. Мінеки, осы ортақ ерікпен бағытталатын билікті ол егемендік деп атаған. Мемлекеттегі егеменді биліктің бөлінуін қолдамады. Руссо пікірінше, заң шығарушы билік тікелей егеменді халықтың өзімен іске асырылады. Ал атқарушы билік егемендіктің шешімі бойынша қол астындағылармен байланыс үшін құрылады. Атқарушы билік кімге тапсырылды соған байланысты биліктің түрлерін бөлген: демократия, аристократия, монархия. Географиялық фактор рөлін көрсеткен: демократиялық басқару кішігірім мемлекетте; аристократиялық басқару орта, монархиялық басқару үлкен мемлекетке тән. Табиғи жағдайда барлық адамдар тең және еркін, тек бір теңсіздік - адамдардың денсаулығы мен жасына байланысты. Қоғамдық теңсіздік жеке меншіктің пайда болуымен байланысты. Мемлекет пен құқық осы жеке меншіктің нәтижесі. Руссоның демократия теориясы көбінесе қатысу теориясы болып табылады. Өзінің "қоғамдық келісімінде" ол саяси шешімдерді қабылдау процесіне эр жеке адамның қатысуына ерекше назар аударады. Оның тұжырымдамасы жеке адамдарға қатысудың психологиялық әсер етуіне (яғни, әлеуметтік мінез- құлықтың психологиялық құрылымы мен сәйкес әлеуметтік институттардың құрылымы арасындағы өзара байланы- сына) деген қызығушылықты білдіреді. Руссо байқаған идеалды партиципаторлық жүйе белгілі бір шарттарды орындаған кезде ғана мүмкін болады. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық тепе- теңдіктің белгілі деңгейін орнату басты шарт болып табылады. Мұндағы сөз болып отырған абсолюттік тепе-теңдік емес, экономикалық тәуелсіздік пен әр жеке адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген қоғамның мүліктік біртектілігі. Екіншіден, осы реттегі тәуелсіздік барысында азаматтардың бір-біріне деген жалпы әлеуметтік тәуелділік жағдайы болу қажет. Әр адамның жеке басы белгілі бір маңызды қоғамдық мәселені шешуге бейімсіз болып, ол үшін оның басқа жеке адамдармен қарым-қатынасқа түсуге мәжбүр болуы керек. Жеке тұлға тұтастай ағза ретіндегі қауымдастықтың іс-әрекеттеріне тәуелді екендігін сезінуі қажет. Осы екі шарт қатысу жағдаятын толыққанды әділ әрі тең құқықты етеді. Тәуелсіз сайлаушылар пайда мен міндеттемелер ауыртпалығы тең бәлінген саясатты қалыптастырады. Ӏстің мұндай мәнісі саяси тепе-теңдіктің негіздемесі болады, өйткені ол бұл қауымдастық мүшелерінің барлық құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мүнда қоғамдық мүдденің алға басуына ықпал етеді. Руссоның айтуы бойынша, қатысу жағдаяты үшін өздерінің жеке еріктерін бірегей қоғамдық мүддеге қайшы орнататын азаматтардың түрлі ұйымдасқан топтарының болмағаны қолайлы. Сайлаушылардың ұйымдасқан топтарының пайда болуынан құтыла алмаған жағдайда олардың санының айтарлықтай көлемді, ал саяси ықпалдың барынша бірыңғай болғаны дұрыс. Ондай кезде жеке қатысуға тән партиципаторлы жағдаяттың қайталануы мүмкін. Руссоның пайымдауынша, қатысудың тұтастай құрылымының анықтамасы оның демократия теориясының негізгі мотивін жасап шығарудың, нақтырақ айтқанда, жеке тұлғалардың әлеуметтік-саяси мінез-құлықтарының сипаты мен мазмұнына деген демократиялық қатысудың ықпалы жайындағы мәселенің алғышарты ғана болып табылады. Руссо теориясының шеңберінде қатысудың өзіне тән әлеуметтік-саяси педагогикалық сипаты бар. Ол азаматтардың шын мәнісінде жауапты әлеуметтік-саяси әрекеттерін қалыптастыруға бағытталған. Қатысу әр жеке тұлғаның бірегей қоғамдық мүддеге қатыстылық сезімін, өзінің жеке өмірінің тар шеңберінен шығып, басқа да жеке тұлғалардың қоғамдық ағзаға қатыстылық сезімдерімен ортақтану икемділігін, оған тәуелділік сезімдерін тәрбиелеу қажет. Қатысу жағдаятында жеке тұлға жеке және қоғамдық мүдделердің біріккендігін түсінуді үйренеді. Педагогиканың мұндай әлеуметтік-саяси процесі әлеуметтік даулардың әлеуетін төмендетуге мүмкіндік береді, өйткені азаматтар өздерінің жеке ниеттері мен қауымдастықтың талаптарын қатаң түрде ажырата білуді үйренеді. Руссо пікірі бойынша, демократия - мемлекеттік тетік қана емес, сонымен қатар адамдарды жетілдіру, олардың мүмкіндіктерін дамыту. Руссоның теориясы кішігірім меншігі бар ұсақ шаруалардан құралған квазидәстүрлі қоғамның идеалды жобасына бағытталған.

Дени Дидро (1713-1784) ғылым, өнер және қолөнер энциклопедиясын жасауды ұсынды. Дени Дидро XVIII ғасырдағы француз ағартушы-материалисті. ''Ғылымдар, өнер және қолөнер энциклопедиясы'' авторы. Бұл еңбек француз буржуазиялық төңкерісінің идеологиялық дайындығына ықпал еткен. Дидро тәрбиеге көзкарасы «Гельвецияның «Адам» кітабын жүйелі түрде жоққа шығару» атты еңбегінде баяндалған.[2] Дени тұжырымы бойынша адамның өзін сүюі жақсы қасиет. Ол Гельвеций түжырымы бойынша, адамның өзін сүюі эгоизмнің бастауы деген шкфге қарсы тұрады. Дидроның ірі шығармалары: "Философиялық ойлар , Аллея немесе Скептиктің серуені" (1747), "Көзі көретіндерге сабық үшін соқырлар туралы хат" (1749), "Табиғатты тану турал ойлар", "Даламбердің Дидромен әңгімесі", "Даламбердің түсі", "Монахиня", "Рамоның жиені", "Жак-фаталист және оның қожайыны" және т.б.[3] Француз ағартушысы, жазушы, мәдениет қайраткері, энциклопедияшыфилософ. Қолөнершінің отбасында дүниеге келген. Жергілікті иезуиттер колледжінде білім алған, сосын Париждегі колледжді бітіріп шыққан. 1732 жылы өнер магистрі атағын алған. Оншақты жыл бойы жеке үйлерде сабақ беріп, кеңсе қызметіне көмектесіп, жұпыны ғана өмір сүрген. 1751 жылдан 1780 жылға дейін Францияда «Энциклопедияның немесе ғылымдардың, өнердің және қолөнердің Түсіндірме сөздігінің» 35 томдығы шығып тұрды. Дени Дидро француз Ағартушылығының және бүкіл Еуропа мәдениетінің дамуында орасан зор рөл атқарған «Энциклопедияның» Бас редакторы (1758 жылға дейін Д. Аламбермен бірге) болды. Дидроның қоғамдық саяси және әдеби қызметі 18 ғасырдың аяғындағы Ұлы француз революциясын рухани дайындауға үлкен ықпал етті, бірақ өзі соның аз ақ алдында қайтыс болды. Өзінің саяси көзқарастары жағынан ол феодалдық деспотиялық құрылысқа түбегейлі қарсы болды, амтериалістік және атеистік бағыт ұстады, сол үшін үкімет пен католиктік Шіркеу тарапынан ұдайы қуғынға түсіп отырды. Дидроның ғылыми, әдеби және қоғамдык-саяси қызметі дүние жүзінде кеңінен танымал.

Клод Адриан Гельвеций (1715-1771)- 18 ғасырдағы француз материализмінің өкілі. «Ақыл туралы» еңбегі өртелген. Ол дүние уақытпен, кеңістікте шексіз, тұрақты қозғалыста, ал сана материяның қасиеті деп білді. Адам - табиғат бөлігі, ал материя - оның құрылыс материалы. Гельвеций құдайдың тіршілігіне, оның дүниені жасаушысы, жанның мәңгілігі туралы идеяларды өткір сынға алған. Сонымен бірге механикалық заңдылықты дәріптеп, метафизиканың аясынан шыға алмаған.








Дата добавления: 2016-03-04; просмотров: 1276;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2026 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.015 сек.