Философия пәні: ұғымы мен мазмұны 13 страница
Фихтенің «басқа мені», табиғаты, объектісі Канттың «өзіндік заты» сияқты санадан тыс өмір сүрмейді, ол — сананың ерекше қызметінің қажетті туындысы. Бұл қызметтің ерекшелігі: санада осы қызмет жүріп жатқанда, адамда ол туралы саналы ойлау қабілеті болмайды, Сондықтан да, қарапайым күнделікті сана ол туралы ештеңе білмейді.
Сол себепті сананың осы ерекше қызметін қарапайым сана біздің түйсігіміздің мазмұны, бізге табиғаттан берілген деп ойлайды. Қарапайым сананың бұл қателігін тек философиялық ойлау ғана түзете алады. Шын мәнінде, түйсігіміздегі мағлұматтар «меннің» (сананың) іс-әрекетінен туындаған «елестету» ғана. Демек, «меннің» бұл іс-әрекеті бірінші де, «басқа — мен» мен «басқа — меннің» ажыраспас бірлігін байқай «көруге» болады. Бұл қабілетті Фихте «интеллектуалды интуиция» деп атайды.
Фихтенің пікірінше, әрекетшіл «мен» әр уақытта да өзінің қарама-қарсысының әсерімен қозғалысқа және іс-әрекетке түседі. «Меннің себепсіз іс-әрекеті – оның қызметі мен алдындағы мақсатының өзара қарама-қайшылықтарын қайта-қайта қалпына келтіру процесі. Басқаша айтқанда, бір кедергіден өтіп, оны жойған кезде, екіншісі пайда болады, сөйтіп шексіз кете береді. Өзінің осы тәсілін Фихте — «антитетикалық» тәсіл деп атаған. Бұл тәсілдің ерекшелігі антитезис тезистен шығарылмайды (диалектикалык, тәсілдегідей), керісінше, антитезис қарама-қарсылық ретінде тезиспен қатар қойылып, содаи кейін барып олар бірігеді. «Антитетикалық» тәсілді қолдану арқылы Фихте теория негізінен (түйсік, бақылау, қиялдау, елестету, ойлау тағы басқаша қарастыру негізінде) практикалық ақыл- ойдың негізгі мазмұнына, қабілетіне қарай ой түзейді. Осының арқасында субъект рет-ретімен теориялық іс-әрекеттің ең төменгі сатысынан жоғарғы сатысына дейін көтеріледі де, бұл деңгейде ол — ойлау объектісін өзінің ақыл-ойының белсенділігінің нәтижесі екенін түсініп-біледі. Сөйтіп — «ғылым туралы ілім» тәсілі адамзат ақыл-ойының даму жолымен сәйкес келгендіктен, айналып келгенде, өзінше байланысқан адамзат рухының тарихы болып шығады.
Фихтенің «практикалық философиясының» (этика, кұқық және мемлекет туралы ілім, т.б.) негізгі ұғымы — «бостандық» ұғымы. Ол бостандық ұғымын «қажеттілік» ұғымына қарсы қою арқылы түсіндіруге тырысады. Спиноза сияқты Фихте де адам жігері оның қандай да болмасын рухани іс-әрекеті септілікке бағынады деп есептеген. Бірақ осындай жалпыға бірдей қажеттілік бостандықтың болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал, бостандық дегеніміз қажеттілікті жою емес, керісінше, жеке адамдардың, адамзаттың заңдар мен мақсаттарға өз еркімен бағынуы. Басқаша айтқанда, бостандық дегеніміз қажеттілікті танып-білуге негізделген іс-әрекет. Өнегелілік және құқықтық мәселелерге тоқтала келе, Фихте этиканы — адамның ішкі дүниесіне бағытталған бостандық деп, ал құқықты адамдар арасындағы сыртқы қатынастарды реттейтін әлеуметтік құбылыс деп санайды. Демек, құқық әділеттілік заңдарына емес, адамдар арасындағы өзара қатынастарға сүйенеді. Ал өзара қатынастардың, келісімдердің негізі болып, қоғамда үстемдік етіп тұрған заңдарға әркімнің бағынуы саналады.
Фихте мемлекеттік билікті бөлу идеясын қолдамайды. Жалпы адамзат меншік иелері және меншігі жоқтар болып екіге бөлінеді Мемлекет дегеніміз — меншік иелерінің ұйымы. Демек, мемлекет азаматтардан басқалардың құқығын мойындауды талап ету ушін, өзінің олардың әрқайсысына меншік иесі болуға болатындай ұйымдастыру қабілеті болуы керек. Кейінгі еңбектерінде Фихте мемлекет пен құқықты адамзаттың әдепті өмір сүруінің бастапқы, бірақ қажетті даму сатысы деп, ал қоғамда әдептілік заңдары толық жеңгенде құқық пен мемлекеттің керегі болмайды деген пікір айтады. Фихтенің осы пікірлері өзінен кейінгі ойшылдарға үлкен әсер етті.
Фридрих Вильгельм Шеллинг (1775—1854 жж.) Канттың, Спинозаның, Фихтенің ілімдерінің кейбір идеяларын дамыта отырып, өзінің табиғи күштер иерархиясының спекулятивтік натурфилософиясы деп аталатын ілімін қалыптастырды. Негізгі еңбектері: «Трансцендентальдық идеализмнің жүйесі», «Адам бостандығының мәні туралы», т.б.
Шеллингтің пікірінше, материя дегеніміз рухани зат. Бірақ санасы жоқ табиғат адам санасының пайда болуынан бұрын өмір сүрген. Санасы жоқ табиғаттан саналы адамға айналу процесі көптеген бірінен-бірі жоғары даму сатыларынан өтеді. Табиғаттың даму себептерін оның өзіндегі, шындығында да өмір сүретін, қарама-қайшылықтарды табу арқылы түсініп, зерттеп білуге болады. Шеллинг табиғат дамуын, кейбір жағдайда диалектикалық тұрғыдан қарастырғанымен, оларды шын мәнінде механикалық қозғалыс, немесе механикалық даму деп есептеген. Өзінің осы натурфилософиялық ілімін Шеллинг трансцендентальдық философия деп аталатын ілімімен толықтырады. Бұл ілім бойынша, субъективтілік алғашқы бастама, қайнар көз, абсолют ретінде барлық мәнділіктің, нақтылықтың жалғыз ғана негізі. Бірақ әңгіме сезінудің, немесе ақыл-ойдың субъективтілігі туралы емес, керісінше, — танымның ерекше құралы — ақыл-ойдың заттардың тікелей бақылауы туралы болып отыр. Шеллинг өзінің осы таным тәсілін «интеллектуалды интуиция» деп атаған.
Эмпирикалық нақтылық заттарында бірде табиғат заттары, бірде рух көрініс табады. Демек, олар бір-бірімен тепе-тең (тождество) жағдайда болады. Табиғат пен рухтың тепе-теңдік идеясы Шеллинг философиясының басты және негізгі проблемасы болып табылады. Бұл мәселені түсіну үшін алдымен абсолюттік ақыл-ой дегеніміз не екенін түсініп алуымыз керек. Абсолюттік ақыл-ойда субъект пен объект бір-бірімен ажырамастай бір. Себебі, субъектіде объектіні ойлайтын да, объект ретінде субъектіге байланысты өмір сүретін-де – сол абсолюттік ақыл-ойдың өзі. Осындай абсолютте барлық қарама-қарсылық (субъект пен объектінің, табиғат пен рухтың, т.б.) жойылып, идеалдылық пен нақтылық тепе-теңдігіне айналады. Демек, ақыл-ойдың санасы дегеніміз, құдайдың өзіндік санасы, себебі құдайдың өзі — ақыл-ой. Басқаша айтқанда, Шеллинг құдайды жеке тұлға ретінде карастырады. Жеке тұлға – құдай мен жеке тұлға – адамның айырмашылығы: кұдай жеке тұлға, бостандық ретінде шексіз болса, адамда бұл аталған құбылыстар шектеулі. Жалпы әлемдік нақтылық не табиғат, не рух ретінде көрінеді. Олай болса, табиғат патшалығы мен рух (тарих) патшалығы бірінен кейін бірі орналасқан қатар (даму) түзейді, ал олардың жеке, сатылары «потенция» (мүмкіндік) деп аталады. Осы жеке сатылардың — потенциялардың бір-біріне туысқандық қатынастары, олардың ортақ түрі – абсолютке байланысты. Демек, потенциялар (жеке сатылар) бір-бірінен туындамайды, керісінше, оларды өзінен абсолют шығарып, өзінің толық ашылғандығын көрсетеді. Өзінің соңғы шығармасында, Шеллинг дін тарихын метафизика тұрғысынан қарастырып, дінге және мистикаға бет бұрып, «кездейсоқ жағдайда ақиқатты философия тұрғысынан ашу» ілімін жұрт алдында насихаттауға талпынады. Сөйтіп, ол рациопализмнің шектен шыққан түрінен мистика мен иррационализмге бет бұрып, өзінен кейін қалыптасқан иррационалистік философиялық бағыттың негізін қалаушы болады.
Дамудың белгілі сатысына жеткенде, өзін-өзі заттандырған абсолюттік идея ұйқыдан оянып, табиғаттағы өзін философия, ғылымдар арқылы танып білуге бел байлайды. Бұл поцесс абсолюттік идеяның мақсаттылыққа құштарлығын көрсетеді. Өйткені, абсолюттік идеяның, әуел бастан-ақ негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, ал ақиқаттың өзі– абсолюттік идеяның өзі болғандықтан, бұл мақсатын жалпы дүние жүзілік тарихтың даму процесіндегі адамдардың іс-әрекеті негізінде жүзеге асырады. Демек, таным процесі дегеніміз антропологиялық адамдарға «таза ақыл-ой санасының енуі» (феноменология дегеніміз осы) арқасында адамдар танып-білуші – субъектіге айналып, объектіні (өзінің басқа түрін) тануға ұмтылады да, өзімен (абсолюттік идея – субъект ретінде) табиғаттың (абсолюттік идея объект ретінде) арқасында ешқандай айырмашылықтың жоқ екенін байқайды. Ал, объект — табиғат үстіндегі жамылғысын ысырып тастап, өзінің ақылды екенін түсініп, ақиқат тілімен сөйлей бастайды. Сөйтіп, танып-білуші рух та, танылуға тиісті рух та өзгереді: бір жағынан танылған заңдылықтар, қасиеттер объектіні абсолюттік идеяның бұрынғы, «өзінде болған» кезінен басқаша қылып өзгертсе, екінші жағынан, танымның өзі байып, жаңа сатыға көтеріледі.
Неміс классикалық философиясының көрнекті өкілі Людвиг Фейербах 1804 ж. Ландсугутта туып, 1872 ж. Нюрнберг қаласының маңында, Рейхенберг деген жерде қайтыс болған. Негізгі еңбектері:. «Христиан дінінің мәні», «Діннің мәні», «Гегельге қарсы сын», т.б.
Фейербах Гегельдің қарама-қайшылықтар бірлігі қағидасын, оның диалектикасын жоғары бағалап, жас гегеляншылар қатарында болды. Кейін келе, ол Гегель бірлікті идеалды түрде ғана түсінеді, ал оның диалектикасы өмір шындығынан тыс жатыр деп сынға алып, идеализмді діннің рационалданған түрі, сондықтан философияның бірден-бір міндеті дінге қарсы күресу деп тұжырымдады. Құдай – адамға тән қасиеттерді, мәнді одан бөліп алып, жеке өз алдына мән ретінде қалыптасқан ұғым. Шындап келгенде, құдай деп жүргеніміз адамның өзі. Ал адамның өзі физиологиялық және психологиялық бірліктен тұрады. Оны ажыратып, бөліп қарау тек абстракцияда ғана мүмкін. Сондықтан, Кант пен Гегельдің адамды рухани құбылыс ретінде қараулары негізсіз. Жан мен тән, рух пен дене бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды. Тәп өлгенде жан да өз өмірін тоқтатады. Адамның мәні — ақыл-ой, жігер, жүрек (жан мағынасында) және физиологиялық процестерге жатпайтын өзіндік ерекшеліктері бар дененің ұйымдасу қабілетімен тығыз байланысты. Адам — табиғаттың ең жоғары нәтижесі, сондықтан оны табиғаттан бөліп қарауға болмайды. Демек, жаңа философияның негізгі міндеті табиғатты зерттеп, оның адамға тигізер әсері негізінде, адамның осы өмірдегі мән-мағынасын түсіну. «О дүниеде» қалай жақсы өмір жоқ болғандықтан, адамдар бірігіп, «осы дүниеде»-қалай жақсы өмір сүруге болатын жолдарды іздестірулері керек. Осындай жақсылыққа апаратын жол, құдайға жалбарынуды уағыздайтын діннің орнына, адамдардың бір-біріне сенімін арттыратын сүйіспеншілік діні деп есептейді Фейербах.
Фейербах Канттың таным тұжырымдамасын сынға ала отырып, адам ақыл-ойы объективті нақтылықты дұрыс бейнелейді деп сенеді. Таным процесінде басты рөлді сезім атқарады, ал ойлаулың қызметі сезім берген деректерді басқа деректермен байланыстыру.
Қорытынды
Жаңа дәуірден бастап дамыған қоғамның өндірістік қатынастары XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың басында Батыс Еуропа елдеріне көптеген өзгерістер мен жаңалықтар ала келді. Ғылымы, өндірісі мен техникасы жоғары дәрежеде дамыған Англия сол кездегі елдердің алдыңғы қатарына шықты. Капиталистік даму процесі біртіндеп еніп, елдегі әлеуметтік жіктелуді күшейте бастағандықтан, Францияда жаңадан көптеген саяси ілімдер мен көзқарастар туды. Соның негізінде революциялық идеялар белең алып, мұның ақыры саяси төңкерістерге алып келді. Ал осы кездегі Германия үшін капиталистік қарым-қатынастың кеңінен дамуы болашақтың ісі сияқты еді. Өйткені неміс жерінде бытыраңқы, ұсақ (үш жүзге тарта) мемлекеттер пайда болып, олардың арасында шиеленіскен соғыстар жүріп жатқандықтан, жалпы елдің экономикасы мен саяси дамуы кенжелеп қалды.
Алайда, Германияда осы кезде ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер ерекше дамып, осы салаларда дүние жүзін таң қалдырған ұлы жаңалықтар ашылды. Сондықтан неміс ойшылдары Батыс Еуропадағы осы тарихи дамуды басынан кешіре отырып, ағылшындар және француздардың мәдени, рухани дамуының байлығын бойына сіңіре отырып, жаңа классикалық философияның озық үлгілерін берді. Классикалық неміс философиясы бүкіл философия тарихындағы мұраны игеріп, алдыңғы қатарлы мәдениет пен ғылымға сүйеніп, сол кездегі қоғамдық дамуды терең талдай отырып, жаңа диалектикалық әдістің, таным теориясының, логиканың шығуына түрткі болды. Классикалық неміс философиясы ойлау мен болмыстың диалектикалық байланысын аша отырып, танымдағы субъектінің рөлін айқындады. Сондай-ақ, ойлаудың болмысқа қатынасы арқылы таным теориясындағы объекті мен субъектінің диалектикалық арақатынасын ашып, теориялық ойлау формасын жаңа сатыға көтеріп, философиялық категориялардың атқаратын рөлін көрсетіп берді.
Жаңа заман философиясындағы, әсіресе, оның таным теориясындағы пайым мен зерденің бір-бірінен алшақ кеткенін, ендігі жерде олардың ымыраға келмейтінін айқын көріп, соларға ерекше назар аударған классикалық неміс философиясының негізін қалаушы, әрі оның атасы – И. Кант (1724-1804) болды. Ол өзінің философиясын ең алдымен, бұған дейінгі дәуірде бір-бірінен алшақ кеткен логика, таным теориясы және диалектика туралы проблемаларды жан-жақты талдаудан бастады.
Ол «Таза зердеге сын» (1781) деген атақты шығармасында сөзді бұрын ерекше бағаланып, бас иіп келген зерденің қазіргі кезеңдегі қайшылыққа ұшырап отырған тағдырынан бастайды. Зерде тап болған қайшылықтардың бетін аша отырып, логикаға, таным теориясына және диалектикаға тән мәселелердің де шет жағасын шығарды.
И. Кант өзіне дейінгі ойшылдардың эмпиризм мен рационализм саласындағы сыңаржақ кеткен кемшіліктерін көрсете отырып, философияда бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық ашты. Ол бұл жаңалықты философиядағы коперниктік төңкеріс деп атады. Бұл төңкерістің мәні мынада еді: егер Кантқа дейінгі ойшылдар табиғатты зерттей отырып, болмысты, материяны философияның негізгі нысанына айналдырса, немістің ұлы ойшылы, керісінше, біздің философиялық талдауымыз ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағытталуға тиіс деді. Ал болмыс, материя, объекті осы ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағынады және солардан келіп шығады деп білді. Мұның өзі Канттың сол уақытқа дейін кеңінен орын алып келген таным теориясындағы және философиядағы көзқарасты толығынан қайта қарап, жаңа ілімнің, ағымның іргетасын қалағанын көрсетеді. Канттың философиясындағы, таным теориясындағы коперниктік төңкерістің мәні таным процесіндегі субъектінің белсенді рөлін айқындап, негіздеп беру еді.
Кант жоғарыдағы еңбегінде таным процесіндегі қайшылықтарды кеңінен ашып, олардан шығудың жолын көрсетті. Ұлы ойшыл адам баласының таным қабілетін: сезімдік, пайым және зерде деп үшке бөледі. Оның мақсаты жаңа дәуірдегі эмпиризм мен рационализмнің тар өрістілігінен шығып, оларды өзара ымыраластыру еді. Сондықтан ол априорлы (априорлы - латын тіліндегі тәжірибеден тыс пайда болған ұғым, ой, идея) синтетикалық пікірдің жаратылыстану саласында қандай орын алғандығын көрсету үшін білімдердің әртүрлі салаларын алды. Кант ең алдымен математиканы, жаратылыстануды және метафизиканы (философияны) априорлы синтетикалық тұжырым арқылы талдай келіп, таным процесінің қалыптасуы мен белгілі бір сатылардан өту жағдайын көрсетті. Осыдан математика - сезімділікке, жаратылыстану - пайымға, метафизика, яғни философия - зердеге қатысты екені анықталды.
Кант осылайша белгілеген адамның таным қабілетінің үш түрі философия тарихында ерекше рөл атқарады. Өйткені, бұл бір жағынан танымды біртұтас, бірақ ішкі қайшылыққа толы процесс деп қарау болса, екінші жағынан, философияны жаратылыстану саласымен тығыз байланыстыруға жасалған әрекет еді. Сондықтан Кант белгілеп берген адамның бұл таным қабілетінің үш түрі бүгінгі күнде де өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Философия тарихында пайым мен зерденің әлеуметтік мәнін ашуға ұмтылып, оны ғылыми әрі диалектикалық негізде дамытқан классикалық неміс философиясының ірі өкілі Г.Ф. Гегель (1770-1831) болатын. Оның шығармашылығының даму кезеңі Германияның саяси-әлеуметтік жағ-дайының біршама үлкен өзгеріске түсіп, елдегі ішкі қайшылықтар белең алған тұста басталды. Сондықтан ол өзіне дейінгі барлық ойшылдардың, әсіресе, ХУII-ХҮIII ғасырлардағы ағылшын және француз ағартушыларының, сондай-ақ, неміс жерінде кеңінен өрістеген ғылым мен мәдениеттің, өнер мен әдебиеттің жетістіктерін толық зерттей отырып, оларды өз жүйесін жасауға кеңінен пайдаланды.
Гегель негізінен өзіне дейінгі философияны тек пайымның әдісінде ғана қалыптасқан деп айқындай отырып, зерденің сан-қилы шығармашылық кезеңдеріне айрықша мән берді. Ол өзінің алғашқы философиялық шығармаларында қоғам өміріне, әсіресе, дін мен саясат мәселелеріне айрықша назар аударды. Гегельдің осы алғашқы шығармаларының ішінен болашақ диалектикалық, зерделілік әдісті тудыруға негіз болған еңбектерінің бірі – « Кім абстрактылы ойлайды?» деген мақаласы. Бұл шағын ғана еңбек болғандығына қарамастан, таным теориясының келелі мәселелерін көтерді. Ол ең алдымен ұзақ жылдар бойы қалыптасып келген таным процесіндегі тек сезімділік пен танымға ғана сүйенген абстрактылы ойды қатты сынға алды.
Расында да Гегельге дейінгі дәуірде сезімділік, пайым - нақтылықтың бейнесі, ал абстрактылық - ойдың жоғарғы даму процесімен тығыз байланысты деген көзқарас айрықша орын алып келді. Міне, осындай ағат пікірге Гегель ашықтан-ашық қарсы шықты. Оның ойынша, абстрактылы ойлау сауатсыз, білімсіз, топас адамның әрекеті. Өйткені, абстрактылы ойлау қандай ғана болмасын мәселенің басын ашып бере алмайды. Ол тек сыртқы көрініске, одан соң сезімге ғана мойын ұсынады. Абстрактылы ойлау таным процесіндегі сыңаржақтылықтың нақты бір белгісі. Абстрактылы ойлаған адам өз ойына өзі мән бермей, каралып отырған мәселеге терең үңілмей, оның мәнін, тарихын ашып беруге дәрменсіз. Сондықтан Гегель абстрактылы ойлаған кейбір адамдарды мысалға ала отырып, олардың сауатсыздығын, надандығын, білімсіздігін көрсетті. Олай болса, таным процесі негізінен нақтылыққа ұмтылады. Нақтылық дегеніміз-көптеген анықтамалардың синтезі, көпжақтылықтың бірлігі. Яғни нақтылық қандай да мәселеге болмасын, объективті, тарихи, ішкі байланыстарды анықтау арқылы қарауды талап етеді. Ендеше, таным процесі әуелі абстрактылықтан басталып, нактылыққа қарай өрлейді. Бұл - таным процесіндегі негізгі принцип. Бұл принципті К.Маркс өзінің «Капиталын» жазу процесінде шебер пайдалана білді.
Таным процесінде логика мен диалектикаға ерекше назар аудара отырып, пайым мен зерденің өзара байланысын тереңнен зерттеген Гегель өзінің алғашқы еңбектерінің бірі «Рух феноменологиясында» зерделі ойдың негізін көрсетті. Бұл шығарма Гегель философиясының «ақиқаттың қайнар көзі және жасырын сыры» рухтың-көріну формаларын, яғни оның сана, өзіндік сана, рух, абсолюттік субъекті арқылы даму жолдарын суреттеп берді.
Гегель «Рух феноменологиясында» сананың қалыптасу және даму жолдарын қоғам өмірімен байланыстыра отырып айқындап берді. Сана әуелі қарапайым түрде (яғни жеке индивидтің санасы ретінде) басталып, сан ғасырларға созылған тарихи белестерден өтіп, қоғамдық санаға дейін көтеріледі. Оның бұл даму жолы, ең алдымен, қоғамдық өмірдің, тарихтың пайда болып, даму кезеңдерімен тығыз байланысты.
Зерделі философияға жаңа бет-бұрыс жасауға ұмтылған немістің ұлы ойшылы Л.Фейербах (1804-1872) болды. Оның 1841 жылы жарық көрген «Христиан дінінің мәні» деген еңбегі философия тарихындағы жаңа дәуірдің бетін ашты деуге болады.
Фейербах классикалық неміс философиясының ақырғы буыны еді. Ол өз жүйесін И. Кант қалыптастырған жолдан тайдырып, жаңадан философиялық жүйе жасады.
Ол өзінің философиясын «болашақтың философиясы» деп атады. Оның ойынша, философия ойлар мен рухтар дүниесінен босап шығып, жаңа патшалыққа қарай, яғни адамның қайғы-қасіреті қабаттаса қорланған дүниеге қарай бет бұруы тиіс. Демек, философия ендігі жерде өзінің ойларын таза зерденің ықпалынан адамға, антропологияға қарай алып шығуға тиіс. Ол өзінің «Болашақ философиясының негізгі қағидалары» деген еңбегінде құдай туралы, яғни теологиялық ілімнен шығып, адам туралы ілімді тудыру керек дейді.
Осындай жаңа ілімді тудыру үшін ол классикалық неміс философиясында қалыптасып қалған ілімдерге қарсы шықты. Содан да болар, Фейербах «жаңаша философияның», яғни Гегель философиясының аяқталуының бейнесі іспетті. Бұл философияның тарихи қажеттілігі мен оны ақтаудың негізі, көбінесе, оны сынаумен байланысты болды.
Сөйтіп, Л.Фейербах жаңа философияның негізін қалай отырып, алдымен Гегельдің кең таралған жүйесін сынауға кірісті. Ол оған қарама-қарсы ой мен болмыстың арасындағы тепе-тендік қатынасты ашуда табиғатты негізгі объекті етіп алып, соның мәнін анықтауға тырысты.
Табиғат перзенті - адам философияның негізгі субъектісі. Алайда, Фейербах объекті мен субъекті туралы мәселені табиғат пен адамның арасындағы қарым-қатынас деп қараумен шектелді. Гегельдің ойлау мен болмыстың теңдігі туралы мәселесін Фейербах материалистік негізде шеш-пекші болды. Сол себептен ол адамның болмысын нақты өмір сүретін объективтік шындық деп қарады. Бұл классикалық неміс философиясына қарама-қарсы дүниетаным болатын. Егер Гегель табиғатты идеяның жатсынуы деп қараса, Фейербах оны барлық ғылымның, адамзаттың шығу тегі деп есептеді. Ендеше, адам баласының болмысын біз ойлау процесі арқылы ғана анықтай алмаймыз.
Рас, ол ойлау мен болмыстың байланысы диалектикалық екенін мойындады. Өзінің философиясында болмысқа анықтама бере келе, ол оның ойлаусыз өмір сүруі - материя екендігін, шындықтың субстраты екендігін айқындады. Сөйтіп, Фейербах өз заманындағы философиялық негізде материя туралы ұғымды нақтылады. Егер ХVІІ-ХҮIII ғасырлардағы философ-материалистер материяны субстанция ұғымы арқылы анықтауға тырысса, Фейербах оған сезімділік пен зерденің негізгі пәні ретінде қарады. Оның ойынша, егер материя болмаса, біздің зердеміз ешбір сезімділікке, белгілі бір әсерге ие болмас еді. Онда ойлауда да ешқандай мән қалмайды. Ендеше, материяны жоққа шығару дегеніміз зердені жоққа шығарумен бірдей. Фейербах материяның негізгі өмір сүру формалары - уақыт пен кеңістікке де айрықша көңіл бөлді. Ол «Уақыт пен кеңістік құбылыстың жай формалары ғана емес, олар - болмыстың, сондай-ақ, ойлаудың түп тамырлы жағдайы, зерде формаларының заңдары. Шын мәнісіндегі ойлау уақыт пен кеңістіктегі ойлау» деп көрсетті.
Дата добавления: 2016-03-04; просмотров: 1096;
