Лекция 4 Ресурс үнемдейтін технологияларды құрудың негіздері
Мақсаты: Инновациялық технологияларының Қазақстандағы дамуы туралы сипаттама беру
жоспары :
1.Ағымдағы жағдайды талдау
2.Инновациялық өнім әзірлемесінің негіздемесі
3.Жаңа технологияларға ұсынысты қалыптастыру
4.Ақаба суларының ластану дәрежесі
Әлемдік экономиканың жаһандануы аясында Қазақстан бірқатар проблемаларға кезікті, олар: экономиканың шикізаттық бағыттығы, әлемдік экономикамен елеусіз ықпалдасу, өндірістік инфрақұрылымның дамымағандығы, кәсіпорындардың жалпы техникалық және технологиялық артта қалуы, ғылым мен өндіріс арасында шынайы байланыстың болмауы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (бұдан әрі - ҒЗТКЖ) қаржыландырудың болмауы және т.б.
1.Ағымдағы жағдайды талдау
1. Саланың (сектордың) ағымдағы жағдайына баға беру, сондай-ақ бұл саланың (сектордың) елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсері
Қазақстанда реформалар жеткілікті түрде ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, елде инновациялық экономиканы қалыптастыру бағытында елеулі үдерістер байқалмай отыр. Мысалы 2009 жылы экономикада білімді пайдалану деңгейі индексіне (КЕІ) қарағанда (3.1.1-сурет) Қазақстан Чили, Малайзия және Түркия сияқты елдердің халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ деңгейімен салыстырғанда артта қалып келе жатыр. Басқа сөзбен айтқанда, қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі төмен.
3.1.1-сурет - экономикада білімнің қолданылуы
КЕІ индексі бойынша (экономикадағы білімнің қолданылу деңгейі) елді тек халықтың табысы айтарлықтай төмен Ямайка және Моңғолия сияқты елдермен салыстыруға болады. Бұған қоса, Innovation System (3.1.2-сурет) индексі бойынша Қазақстанды жан басына шаққанда ЖІӨ көлемі 18 есе аз болып Африканың Ангола, Зимбабве сияқты елдерімен салыстыруға болады.
3.1.2-сурет - Инновациялық жүйе
Жалпы алғанда, Қазақстанда қалыптасқан жағдайды бағалау ұлттық инновацияларды қолдау жүйесі мен енгізу әлсіз деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді, себебі елде отандық және шетелдік білімді ұлттық байлыққа айналдырудың тиімді жүйесі жоқ.
Кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі.
2009 жыл ішінде технологиялық инновацияларға арналған күрделі және ағымдағы шығын 61050,9 млн. теңгені құрады. (2008 жылы - 113460,1 млн. теңге). Бұл ретте, технологиялық инновациялармен байланысты машиналар мен жабдықтарды сатуға кеткен шығын 78,2% болса, жаңа өнімдерді, өндірістік үдерістерді зерттеу мен әзірлеуге 12%, жаңа технологияларды сатып алуға 2,1% жіберілген. Инновациялық қызметті жүзеге асыруымен байланысты шығындардың 80 %-ы үдерістік инновациялар болып табылады, яғни жаңа өнімдерді зерттеу мен әзірлеуге сұраныс жоқ.
2009 жылдың қорытындысы бойынша республиканың 10096 кәсіпорындарында инновациялық қызметінің статистикалық бақылауы жүргізілді, олардың ішінде тек 399 шаруашылық субъектілерінде технологиялық инновациялары бар (жаңа өнімді немесе өндірістік дәрісті әзірлеу және енгізу). Салыстыру үшін 2008 жылы бұл көрсеткіш 447 кәсіпорындарды құрады. Осылайша кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі төмендеп отырғаны байқалуда.
Ғылыми-зерттеу институттары.
Ғылыми ұйымдар қызметіне жасалған талдау инновациялық өнімдерді жасау бойынша көптеген жобалар өңірлік немесе ғылыми-техникалық тапсырыс емес, әзірлеушілер бастама білдірген жобалар екенін көрсетті, яғни әзірлеушілердің өздері қандай да бір тауарды әзірлейді де, кейіннен оның пайдалануын айқындауға және бұл өнертабыстардың сатып алушыларын табуы керек.
Сонымен, мемлекеттік тапсырыс өз кезегінде бизнестің қажеттіліктерімен тікелей байланысты емес және мемлекеттік органдар дербес айқындайды. Бұл ғылым мен кәсіпорындар арасындағы байланыстың жоқ екенін көрсетеді.
Инноваторлар мен инновацияларды тұтынушылар арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі коммерцияландыру офистерінің желісін құру және дамыту үшін қалыптастырылған базаның болмауы институционалдық кемшіліктердің бірі болып табылады.
2.Инновациялық өнім әзірлемесінің негіздемесі
3.1.3-сурет - Инновациялық өнімнің әзірлемесіне негіздеме, әзірлемелер саны
Осылайша, қазақстандық қолданбалы ғылымды басқару мен қаржыландыру бизнес алдында тұрған технологиялық сипаттағы нақты індеттерді шешуге емес, елеулі шамада ғылыми мүддені қанағаттандыруға бағытталған. Бұл модель халықаралық нарықтарда бәсекелесе алатын серпінді салалар мен өндірістерді құруға ыңғайлы емес екені анық.
Университеттер.
Табысты шетелдік тәжірибені талдау бұл үдеріске жоғары оқу орындарын тарту инновациялар генерациясы тиімді жүйесінің негізгі талаптарының бірі болып табылатын көрсетті.
2009 жылы Қазақстанның кәсіпорындары мен университеттерінің бірлескен 15 жобасы іске асырылды, ол ынтымақтастық деңгейінің өте төмен екенін көрсетіп отыр. Бір жағынан бұл кәсіпорынның инновацияларды жаппай енгізуге уәждерінің жоқтығымен, екінші жағынан біздің жоғары оқу орындарымыз ұсынатын зерттеу қызметтерінің сапасы деңгейінің жеткілікті түрде емес екендігімен түсіндіріледі. Бұл проблема өз кезегінде, ЖОО-ның өз ғылыми құзыретін дамытуға уәждерінің жоқтығымен туындаған, өйткені, олар негізгі табысты Батыс университеттеріне қарағанда білім қызметтерін көрсетуден алады.
Бұл диспропорция зерттеу персоналы сапасының нашарлауына, жастардың ғылыми қызметке қызығушылығының азаюына және т.б. алып келеді.
Венчурлік қорлар.
Венчурлік қорларды мемлекеттік қолдауға қарамастан, нәтижелер венчурлік қорлардың өздерінің және олар іске асыратын жобалар санының аз екендігін көрсетіп отыр. Мұның негізгі себебі қызықты инновациялық жобалардың тапшылығы, инноваторлардың венчурлік қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат алмауы, қаржыландырудың шектеулі көлемдері болып табылады. Бұл әлсіз венчурлік инфрақұрылымды қалыптастыруға алып келді, ол негізінен Алматы қаласында шоғырланған.
Бұл ретте, тәжірибе көрсетіп отырғандай, венчурлік қорлар өздері орналасқан орынның тікелей маңында ғана операциялар жасайды, өңірлерде олардың қызметі мүлде жоқ. Бұдан өзге, венчурлік капиталистерді - «бизнес-періштелерді» дамыту үшін жағдай жоқ. Елде олардың шамалас саны туралы деректер жоқ, олардың қызметі ресми түрде кәсіпкерлік болып танылмайды. Бұл ретте, инновациялық қызметке қатысты бір де бір заң венчурлік қаржыландыруды тиісті түрде көрсетпейді және осының салдарынан оларды заңнамалық деңгейде қолдау болмай отыр.
Зияткерлік меншік.
Қазақстан Республикасының Ұлттық патенттік жүйесі әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық реформаларды жылжытуға, нарықтық қатынастарды кеңейтуге және елдің зияткерлік әлеуетінің өсуіне жәрдемдесетін маңызды стратегиялық ресурс болып табылады.
Елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жағдайында патенттік жүйе Қазақстанда зияткерлік меншік құқығымен қорғалған тауарлар мен қызметтерді шығару үшін қолайлы инновациялық ахуал қалыптастырудың және Қазақстан Республикасын жаһандану жағдайында халықаралық экономикалық қатынастардың тең және бәсекелестікке қабілетті әріптесі ретінде бекітудің қажетті және жеткілікті патенттік-құқықтық, патенттік-ақпараттық және институционалдық жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Өнеркәсіптік меншіктің айрықша құқығының жедел құжаты ретіндегі инновациялық патент жергілікті жаңашылдыққа және өнеркәсіптік қолданушылыққа сараптама нәтижелері бойынша берілетін, нарыққа инновацияларды жедел шығару құралдарының бірі болып табылады.
Қазақстандағы ұлттық инновациялық жүйе 2003 жылы институционалдық және физикалық инфрақұрылым түрінде қалыптаса бастаған болатын: жобалау қаржыландыру «Ұлттық инновациялық қор» АҚ (бұдан әрі -«ҰИҚ» АҚ) тұлғасында, инжиниринг және технологиялар трансферті «Инжиниринг және технологиялар трансферті» АҚ (бұдан әрі - «ИТТО» АҚ) тұлғасында, венчурлік қаржыландыру «ҰИҚ» АҚ-ның қатысуымен бірқатар венчурлік қорлар тұлғасында және физикалық инфрақұрылым Алматы, Қарағанды, Орал қалалардағы 4 технопарк, сондай-ақ, Алатау АТП түрінде болды.
Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай инфрақұрылымдар элементінің өзін құру инновациялық белсенділіктің өсіміне әкелген жоқ. Осыған байланысты Ұлттық инновациялық жүйені (ҰИЖ) қалыптастыруға, оның элементтерінің (инновациялық қолдаудың «тізбегіндегі» жеткіліксіз буындарды толықтыруды қоса алғанда) тиімділігін арттыруға, сондай-ақ түпкі мақсаттарға қол жеткізу үшін бұл элементтердің өзара іс-қимылын күшейтуге және үйлестіруге арналған жаңа әдістерді әзірлеп, іске асыру қажет болады.
2. Аталған саланың (сектордың) күшті және әлсіз жақтарына, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерге талдау жасау.
Жүргізілген SWOT талдау нәтижесінде ҰИЖ-ні дамытудың мынадай факторлары анықталды:
Күшті жақтары | Әлсіз жақтары |
1. Саяси тұрақтылы 2. Табиғи ресурстардың бар болуы 3. Орта және жоғары білім берудің қамту кеңдігі 4. Ел басшылығының ҰИЖ тиімділігін арттыру бойынша араларды саяси қолдауы 5. Мемлекеттік органдарда қатаң субординация мен тәртіпке негізделген биліктің мықты тігі 6. Инновациялық және қаржылық инфрақұрылымның бар болуы 7. Инновациялық жобаларды венчурлік және жобалық қаржыландыру тәжірибесінің болуы | 1. Ғылым, технология және инновация саласында мемлекеттік саясатты іске асырудың жеткіліксіз дәйексіздігі 2. ҰИЖ-нің ұлттық, өңірлік салалық деңгейлерін үйлестіретін жүйесінің болмауы (өңірлік деңгейдегі жұмыста нақты қалыптасқан тәсілдердің болмауы) 3. Кәсіпорындардың төменгі бастапқы технологиялық және басқару деңгейі 4. Жоғары білікті кадрлардың тапшылығы 5. Инновацияны енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру мүмкіндіктері туралы әлсіз хабардар болу (әлсіз инновациялық мәдениет) 6. Шағын ішкі тұтынушы нарық 7. Ғылым мен өндірістің арасындағы қалыптасқан алшақтық 8. Өнертабыстар мен өнеркәсіптік үлгілерге арналған сақтау құжаттарын алудың ұзақ мерзімдері 9. Өнертабыстарға арналған қазақстандық өтінімдердің 1% азы Әлемнің басқа елдерінде патенттеледі 10. Бизнес пен ғылыми қоғамдастық өкілдерімен өзара іс-әрекетті тиімді тетігінің болмауы 11. Технологиялар трансферті саласындағы білікті персоналдың жетіспеушілігі |
Мүмкіндіктер | Қауіп-қатерлер |
1. Өнеркәсіп пен ғылым арасындағы өзара іс-әрекетті жақсарту есебінен ҰИЖ тиімділігінің өсуі 2. Технологиялар трансферті есебінен еңбек өнімділігінің анағұрлым артуы 3. Анық бәсекеге басымдылықтар және ғылыми дайындамалар болуы есебінен перспективті жоғары технологиялық салалардың қатарындағы көшбасшылық 4. Ықпалдастыру үдерістері есебінен жоғары технологиялық тұтыну нарығының өсуі (Кеден Одағы, ДСҰ және т.б.). 5. Зияткерлік ресурстарды қайтару үшін жағдайлар жасау | 1. Дамушы елдер арасындағы инновациялық даму саласында бәсекелестіктің нығаюы 2. Дамушы елдердің ғылыми-технологиялық және өндірістік деңгейде үлкен ауытқуы 3. Шикізатқа арналған бағаның жоғары өсуінен экономиканың шикізаттық бағытталуын бекіту 4. Экономиканың жоғары шоғырлануы 5. Мемлекеттік саясатта басымдылықтарды ауыстыру 6. Жеткіліксіз қаржыландыру 7. Зияткерлік ресурстардың кетуі 8. Білім сапасының төмендеуі 9. Инженерлік-техникалық мамандықтардың салыстырмалы төмен танымалдығы 10. Шетелдік жоғары технологиялық компаниялар тарапынан ұлғаймалы бәсекелестік |
3. Тиісті саланың (сектордың) негізгі проблемалары, үрдістері және дамуының алғышарттары
ҰИЖ-нің дамуын тоқтататын негізгі факторлар ретінде мыналар көрсетілген:
1. Инновацияларды дамудың бірыңғай стратегиясының болмауы;
2. Инновациялық даму институттары және шешімдер мен жауапкершіліктің бірыңғай орталығы арасындағы үйлестірудің болмауы;
3. Кәсіпорындардың төмен инновациялық белсенділігі және инновацияларға сұраныстың болмауы;
4. Экономиканың нақты секторының қажеттіліктері мен нақты іске асырылатын стратегияны жасауды есепке алмағанда, инновациялық инфрақұрылымның ретсіз дамуы;
5. Ғылым мен бизнестің әлсіз байланысы;
6. Инновациядағы инвестицияларды ұстап тұратын капиталдың жоғары құны, сондай-ақ инновациялық шағын компанияларды қаржыландыру үшін венчурлік капитал нарығының дамымағандығы;
7. Әлемдегі алдыңғы қатарлы технологиялардың іс жүзінде талдауының мен олардың Қазақстан Республикасында пайдалану мүмкіндіктерінің болмауы.
Инновациялық даму секторындағы жоғарыда аталған себептер салдарларынан мыналар байқалады:
шетелдік мектептермен салыстырғанда отандық ғылымның әлсіз бәсекеге қабілеттігі, жеке сектор үшін ҒЗТКЖ-ны өткізудің жоғары қатері (шығындарды ішінара өтеу) және мемлекет тарапынан қолданыстағы қатерлерді бөлудің болмауы;
ұзақ мерзімді технологиялық жоспарлаудың ғылыми-негіздемелік жүйенің болмауы;
технологиялар трансферті бойынша қызметтердің дамымауы;
зияткерлік меншік құқығының әлсіз қорғанысы мен технологияларды коммерциялау бойынша кәсіби қызметтердің болмауы;
- зияткерлік меншік объектілерін патенттеу мерзімдерінің ұзақтығы;
- шетелде патенттелген индустриялық-инновациялық даму саласындағы отандық зияткерлік меншік объектілерінің жеткіліксіз саны;
өңдеуші өнеркәсіптегі тікелей шетелдік инвестициялардың төмен деңгейі;
жаңа өнімді әзірлеу және үдерістер саласындағы білікті техникалық кадрлардың тапшылығы;
қоғамның (әсіресе жастардың) инновациялық және ғылыми-техникалық тақырыпқа қызығушылығы мен оның инновациялық салаға тартылуының төмендігі және өнімділікті арттыруға бизнесті әлсіз ынталандыруы.
Аталған мәселелердің шешу экономиканың тиісті секторы дамуының алғышарттары ретінде қарастыруға болады.
4. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау
Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі индустриялық-инновациялық даму саласындағы саясатты әзірлеу мен іске асыруға жауапты уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады, оның функцияларына мыналар кіреді: инновациялық қызметінің басым бағыттары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстарды енгізу; инновациялық гранттарды бөлу; инновациялық гранттар есебінен жүзеге асырылатын инновациялық жобаларды іске асыру мониторингін жүргізу және орындау тиімділігін бағалау; инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын орындауды, оның ішінде инновациялық дамудың шаралар кешенін атқаруды мемлекеттік бақылау.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі елде жүргізілетін барлық іргелі және қолданбалы зерттеулерді қалыптастыруға, іске асыруға және үйлестіруге, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымның жағдайы мен дамуына, ғылыми кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыруына, сондай-ақ, мемлекеттік бюджет есебінен іске асырылатын ғылыми жобалар мен бағдарламалардың Мемлекеттік ғылыми-зерттеу сараптамасын жүргізуге жауапты болып табылады.
Елдегі инновациялық қызмет Қазақстан Республикасының «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» мен «Ғылым туралы» Заңдарымен реттеледі.
Инновациялық қызмет саласындағы қолданыстағы заңнаманың кемшілігіне елдің инновациялық-технологиялық дамуы саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға жауапты орталықтың болмауы және тиісінше мемлекеттік органдар мен институттар, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен экономиканың нақты секторлар кәсіпорындары арасындағы бірыңғай инновациялық және үйлестіру стратегиясының болмауы жатады.
5. Индустриялық-инновациялық дамудың шетелдік жағымды тәжірибесіне шолу
Инновациялық-қабілетті бизнестің сындарлы көлеміне қол жеткізу индустриялық дамыған елдерде маңызды рөл атқарады. Салыстыру үшін Қазақстанмен экономика құрылымы мен өзге де факторлар бойынша ұқсас елдер Канада мен Австралияда компаниялардың жалпы санынан инновациялық-белсенді бизнестің үлесі тиісінше 65% және 50% құрайды, Канадада бұл ретте олардың ішінде шамамен 12,2% әлемдік деңгейдегі бір жаңалықты жасайтын болатын.
Экономикалық дамыған елдердің тәжірибесі жаһандық экономикалық бәсекелестіктегі экономиканың тұрақты өсуі өндіріске жаңа технологиялар мен әзірлемелерді енгізудің жоғары деңгейімен негізделген. Әр түрлі бағалар бойынша дамыған елдердің 70-тен 100%-ға дейін өсуі бүгінгі күні инновацияларды пайдалану есебінен қамтамасыз етіледі.
Экономистердің бағалауы бойынша ҒЗТКӘ-ге арналған шығындардың 0,1% өсуі ЖІӨ-ні ұзақ мерзімді перспективада шамамен 1,2% ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибеде жеке секторда ҒЗТКӘ-ны ынталандырудың екі негізгі әдісі қолданады: гранттар мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы тікелей қаржыландыру және салық жеңілдіктері арқылы жанама субсидиялау.
Өнеркәсіпті дамыған елдерде мынадай салық жеңілдіктері анағұрлым жиі пайдаланылады:
жаңа жабдықтар мен құрылыстарға капитал салу көлеміндегі табысқа жеңілдік;
жиі ұлғаймалы коэффициентті қолдана отырып, ТҚЖ-ға шығындар мөлшерінде табыс салығына жеңілдік;
әдетте ғылыми зерттеулерде пайдаланылатын жабдықтардың жеке арналған шығыстарды ағымдағы шығындарға жатқызу;
салық салынбайтын және ҒЗТКӘ-ны жүргізуге жіберілетін пайданың есебінен арнайы мақсаттағы қорларды құру;
зияткерлік меншіктен кірістерге төмендетілген ставкалар;
төмендетілген ставкалар бойынша табысқа салық салу (шағын кәсіпорындар үшін);
ҒЗТКӘ-ны жүзеге асыратын кәсіпорындарға салық кредиттері мен каникулдары.
Бұдан басқа шетелде зерттеулердің перспективалық бағыттары үшін ұзақ мерзімді кредиттер беру жолымен ТҚЖ-ы үкіметтік кепілдігімен ынталандыру тәжірибесі кең пайдаланады. АҚШ-та ресми үкіметтік құжаттарда ғылыми-технологиялық салаға капитал салу тіптен «болашаққа инвестициялау» деп аталады, ал ТҚЖ саласы стратегиялық ұлттық мақсаттарды жүзеге асырудың тиімді тетіктері ретінде қарастырылады.
Әлемнің көптеген дамыған елдерінде мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаттың өңірлік құраушысын пайдалану үрдісі үлкен маңызға ие болып отыр, бұл жекелеген өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының тең емес деңгейлерімен түсіндіріледі.
Бұдан өзге, индустриялық-инновациялық қызмет және тауарлық белгілерді қорғау саласындағы зияткерлік меншік объектілерін патенттеу жүйесі әлемдік практикада инновациялық белсенділікті жоғарылатудың құралдарының бірі болып табылады.
Канада, Швейцария, Қытай, Германия, Франция, Ресей және басқа да сияқты экономикалық дамыған елдерде индустриялық саладағы зияткерлік меншік объектілерін тиісті өнеркәсіптік ведомстволар патенттейді.
Қазіргі уақытта, тауарлық белгілерді қорғау саласындағы өңірлік халықаралық ұйымдар жоқ. ТМД елдерінің Еуразиялық кеңістіктегі тығыз ықпалдасуына байланысты (Кеден Одағын құру, Бірыңғай экономикалық кеңістік) тауарлық белгілерді қорғауды реттеу саласында проблемалар одан сайын туындайтын болады, өйткені тауарлық белгілердің аумақтық сипаттағы қорғауы бар.
Осыған байланысты, тауарлық белгілерді қорғау саласындағы Еуразиялық ұйымды құру қажет. Қазақстан Республикасы болжамды ұйымның орналасу орны болуы мүмкін. Мысалы, Мәскеу қ., Ресей осындай Еуразиялық патенттік ұйымның (патенттерді қорғау саласында) орналасқан орны болып табылады.
3.Жаңа технологияларға ұсынысты қалыптастыру
Жаңа технологияларға тұрақты ауқымды ұсынысты қалыптастыру технологиялық сараптама мен аудит жүргізу жолымен, сондай-ақ технологияларды енгізу мен таратудың қаржылық ынталандыру шараларымен тұрақты мониторинг пен өнеркәсіп салаларының технологиялық қажеттіліктерін анықтай отырып, жүйелі түрде байланысты болуы тиіс.
Алға қойған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді іске асыру қажет:
технологиялық сараптаманы жүргізу нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру;
технологиялық аудиттің нәтижелері негізінде жаңа технологияларда (сұраныс) өнеркәсіп қажеттіліктерінің тізбесін қалыптастыру;
жаңа технологиялар мен әзірлемелер (ұсыныстар) туралы ақпаратқа қол жетімділігін, оның ішінде технологиялар трансферті жүйесінің дамуы арқылы да қамтамасыз ету;
конструкторлық бюроны, инновацияларды (білім) тарату орталықтарын, коммерциялау орталықтарын және т.б. құруды қоса алғанда, ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамыту;
инновациялық гранттарды, оның ішінде, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ, оның тиімділігін (өнімділігін) арттыруға бағытталған бизнестің қолданбалы зерттеулерге шығындарды ішінара өтеу бағдарламасын іске асыруға инновациялық гранттарды ұсыну.
1. Технологиялық сараптама құны он мың есептік көрсеткіштен асатын және мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру алуға үміткер (инновациялық және ғылыми гранттарды қоспағанда) немесе мемлекеттік бағыныстағы ұйымдардың қаражаты есебінен инновациялық жобалар мен бағдарламалардың мемлекеттік сараптаманың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Технологиялық сараптама ережелері, объектілері, өлшемдері мен тәртібі және басқа да байланысты нормативтік құқықтық актілерді индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мүдделі салалық ведомстволармен бірлесіп әзірлейді және белгіленген тәртіппен бекітіледі.
Технологиялық сараптаманың құрылатын нормативтік-құқықтық базасы атап айтқанда, ұсынылған технологиялық жобаларды қаржыландыру негіздемесін, болашақта ескірген немесе перспективалы емес технологиялар трансфертін болдырмау, сондай-ақ мәлімделген іс-шараларды қаржыландырудың қайталануын болдырмауды қамтамасыз етуі қажет.
Технологиялық сараптаманы жүргізуді Технологиялық даму жөніндегі ұлттық оператордың қолдауымен индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асыратын болады.
2. Жаңа технологиялар жөніндегі ұсынысты қалыптастыру ақпараттық ресурстармен толығымен қамтамасыз етуі қажет. Осыған байланысты, жаңа технологиялардағы өнеркәсіп қажеттілігінің тізбесін қалыптастыру өзекті болып табылады. Аталған тізбеге өндірістік кәсіпорындардың технологиялық аудит нәтижелері, сондай-ақ, технологиялық міндеттерді шешуге арналған олардың өтінімдері енгізілетін болады.
Тізбе индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның, инновациялық даму институтының ақпараттық ресурстарында орналастырылады, бұл жаңа технологиялар мен инновацияларды өндірушілер мен тұтынушыларының ауқымды ақпарат алмасуын қамтамасыз етуге, технологиялардың өркениетті нарығын дамыту және ғылыми әзірлемелерді коммерциялау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
3. Перспективада ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамыту жаңа өнімдер мен технологиялық шешімдерді енгізуге, инновациялық жобалар мен қолданбалы зерттеулерді коммерциялауға жәрдемдесе отырып, байланыстырылады.
Бұл ретте, ғылым саласындағы уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың ғылыми-техникалық инфрақұрылымын жетілдіру, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.
Отандық ғылыми ұйымдарды жоғары деңгейге шығару мақсатында олардың жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады, олар нарыққа бәсекеге қабілетті және талап етілетін әзірлемелерді, технологияларды, қызметтерді шығара алады.
Бұл үдерісте ЖОО әлеуетін тарту ерекше рөлге ие болады. Жетекші жоғары оқу орындары базасында өз даму бағдарламалары бойынша жүзеге асыратын зерттеу университеттері құрылатын болады.
Инженерлік пәндерге ерекше назар аудара отырып, профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми деңгейін тұрақты арттыру үшін жағдай жасалатын болады.
Технологиялық шешімдер туралы ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз ететін инновациялық инфрақұрылымды дамытуды алу. Аталған қызмет инновациялар, технологиялар мен білім трансферттері бойынша қызмет көрсетуге, қазақстандық және батыс әріптестермен бизнес-кооперцияларды белгілеуге, жаңа технологияларды, патенттер мен конструкторлық-технологиялық құжаттамаларды және т.б. сатып алуға байланысты болады.
Кәсіпорындардың жаңа талап ететін өнімдерді жетелдетіп игеруі мамандандырылған конструкторлық бюро (КБ) желілерін құруға ықпал ететін болады. Бірінші кезеңде аталған ұйымдар сұраныс нарығын және машина жасау өнімдерінің ұсыныстарын талдау, ірі тұтынушылардың тапсырыстарына ықпалдасу, осы тапсырыстарды қазақстандық машина жасау кәсіпорындарында орналастыру және оларға бұйымдардың жаңа номенклатурасын игеруге қаржылық және қаржылық емес көмек көрсету мәселелерімен айналысатын болады.
Бұл ретте, қаржылық көмек бірінші кезекте, жетіспейтін жабдықтарды сатып алуды қоса алғанда, конструкторлық құжаттамалар мен өзге де зияткерлік меншіктерді, сертификаттауды сатып алу мен пысықтауға және қазақстандық және басқа да тауар нарығына шығуға байланысты өзге де шығындарға, өндірістік желілердің техникалық дайындығына бағытталатын болады. Қаржылық көмек игерілетін номенклатуралар шығындарының барабарлығы, шығындарды ішінара өтеу және бөлінетін қаржының қайтарылу принциптеріне берілетін болады.
Кейіннен, КБ өндірілетін өнімдердің сипаттамасын жақсартуда (өзіндік құнын төмендету, сапасын арттыру, тұтынушылық ерекшеліктерін жақсарту және т.б.) кәсіпорындарға жәрдемдесуге шоғырланады. Аталған екі кезеңді ойдағыдай өткеннен кейін КБ қағидаттық жаңа өнімді әзірлеуде машина жасаушы кәсіпорындарды қолдау орталығы болады.
2014 жылдың соңына дейін жоғарыда көрсетілген қағидаттарға жұмыс істейтін мынадай 5 салалық бюроны құру болжануда: мұнай-газ жабдықтары, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, тау-кен металлургия жабдықтары, аспап жасау және көліктік машина жасау.
Жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлескен зерттеу және инжинирингтік орталықтар құрылатын болады. Атап айтқанда, 2010 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында салалық металлургия орталығы құрылады, ал 2011 - 2013 жылдары мұнай-газ саласы мен агроөнеркәсіптік кешенде салалық орталықтар құрылатын болады.
Бұдан өзге, аталған саладағы уәкілетті мемлекеттік орган жүйесінде Инновациялық жобаларды коммерциялаудың әдістемелік орталығын құру жоспарлануда. Ол технологияларды коммерциялау процестеріне қажетті нормативтік-құқықтық базаны, инновациялық қызмет субъектілеріне кеңес беру және оқыту бойынша жүйелік жұмыстарды, технологияларды коммерциялау тетіктеріне қатысты ауқымды мәселелері бойынша әдістемелік құжаттамаларды әзірлеуді, коммерцияландырудың өңірлік және жеке офистерін қолдаудың бағдарламаларын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Елдің маңызды өңірлерінде және технологиялық дамытудың басым салаларында технологияларды коммерциялаудың коммерциялық орталықтарын құруға жәрдем көрсетілетін болады. Жиынтығында бұл инновациялық қызметті үйлестіру мен жандандыруды, технологиялар трансферті кезінде шағын инновациялық компаниялар мен ірі кәсіпорындарға көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Коммерцияландыру орталықтары индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне әртүрлі қызметтерді (консультациялық, ақпараттық, маркетингтік, құқықтық, патенттік, білім және басқалары) көрсету жолымен инновациялық тізбектің барлық сатылары бойынша инновациялық өнімнің жылжу үдерісін нақты ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік Банктің «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы шеңберінде Коммерцияландыру офисі құрылатын болады.
Нақты зерттеулер мысалында ол әуелден талап етілетін нәтижеге және зерттеулердің коммерциялық маңыздылығына бағытталған қазақстандық ғылымды шетелдік мамандардың тәжірибесін пайдалана отырып, қалай ұйымдастыруға болатыны белгіленген.
Технологияларды енгізуге және таратуға жәрдемдесу
Технологияларды енгізуді және таратуды қаржылық ынталандыру жүйесін құру. Қаржылық ынталандыру инновацияларға өнеркәсіптік сұранысты жасаудың басты тәсілі болып табылады. Технологиялық жаңғыртуды жүргізетін немесе инновациялық зерттеулерді жүргізетін өнеркәсіптік кәсіпорындарды қаржылық қолдау жабдықтарды сатып алуға арналған салықтық жеңілдіктерді беру жолымен көрсетілетін болады.
Инновациялық гранттар беру бағдарламасы шеңберінде технологиялар мен жаңа өндіріс желілерін жобалау және іске қосу-жөндеу жұмыстары бойынша инжинирингтік қызметтерді сатып алуды қоса алғанда, кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға жәрдем көрсетілетін болады.
Инновациялық гранттар жүйесі мақұлдау рәсімінен және «Өнімділік-2020» бағдарламасына енгізуден өткен кәсіпорындардан түскен өтінімдерді бағалаудың артықшылықтық режимін көздейтін болады.
Жобалық және венчурлік қаржыландыру. Инновациялық дамуды жобалық және венчурлік қаржыландырудың тиімділігін арттыру үшін 2010 жылдан бастап экономикалық қызметі түрлерінің жалпы (ЭҚТЖ) сыныптауышына сәйкес, инновациялық даму үшін басым болып табылатын, жоғары технологиялық және орташа технологиялық өнім түрлерінің тізбесі мерзім сайын жаңартылып, бекітілетін болады. Осылайша, инновациялық салаларға инвестициялар мемлекеттік бюджеттен және бюджеттен тыс көздерден бөлінетін қаражатты шоғырландыруға қол жеткізіледі.
Венчурлік капиталдың өңірлік және салалық бөлікте қолжетімділігін арттыру үшін өңірлік және салалық венчурлік қорлар құрылатын болады. Қаржыландырудың салалық басымдықтары мен өңірлік қаржыландыру құрылымын басқарушы компания әзірлейді және салалық және өңірлік венчурлік қорлардың құрылтайшылары бекітеді. Жеке және институционалдық инвесторлармен бірге технологиялық даму жөніндегі ұлттық оператор салалық және өңірлік венчурлік қорлардың құрылтайшылары болып табылады.
Инновациялық жобаларды жобалық қаржыландыру кәсіпорындардың жарғылық капиталында бақылаусыз қатысу жағдайында жүзеге асырылатын болады. Инновациялық жобаларды қаржыландырудың жоғары тәуекелді сипатын ескере отырып, жоғары тәуекелді жобаларға салымдардан инвестициялардың қайтарылуы міндетті, бірақ қызметтің кепілді нәтижесі емес болып табылады.
Технологиялық даму жөніндегі ұлттық оператордың жарғылық капиталына қатысумен жобаларды іске асыратын кәсіпорындар инженерлік мамандықтарға шектеусіз жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға құқылы.
Экономиканың жоғары технологиялық секторларын дамыту мақсатында өндірістік қуаттарын Қазақстан Республикасында орналастыру шартымен әлемнің жетекші компанияларымен технологиялық альянстар құрылатын болады.
Кәсіпорындардың жаңа технологияларды қабылдау дайындығын арттыру жүйесін құру. Технологиялық артта қалуды жедел қысқартуды ұстап тұратын негізгі фактор өнеркәсіптік кәсіпорындардың басқару құзыретінің және жұмыс персоналының жалпы біліктілік деңгейлерінің төмендігі болып табылады. Сондықтан, кәсіпорындардың жаңа технологияларға бейімділігін арттыру мемлекеттік араласуын қажет ететін мәселелердің бірі болып табылады. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдары персоналдың біліктілігін арттыруға арналған шығындарды өтеуге арналған гранттар болады.
Халықаралық көрмелерге, оқыту семинарларына, форумдар мен конференцияларға қатысу жаңа әлемдік инновациялық технологиялармен және әзірлемелермен таныстыру арқылы трансферт және технологияларды коммерцияландыру саласында қазақстандық мамандарды кезең-кезеңімен даярлауға мүмкіндік береді.
Дата добавления: 2015-12-22; просмотров: 5243;