Жедел гломерулонефрит

Жедел гломерулонефрит дегеніміз бүйректің шумақтарының (нефрондардың) қос жақты иммунды қабынып, бүйректің сүзбе жұмысының бұзылуымен сипатталатын ауру. Сырқаттың себебіне жұқпа мәнбірі әсер етеді. Сонымен қатар аурудың дамуына иммунды серпелістер қатысады. Әр тұжырымдардың қорытындысы бойынша гломерулонефрит 1 – 3% тен 3 – 5% ке дейін бүйрек аурулардың ішінде кездеседі.

Этиологиясы. «А» тобынанВ–гемолитикалық стрептококк болып табылады яғни, баспа, ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), гайморит аурулары әкеліп соғуы мүмкін. Әсер ететін мәнбірлерге суық тию, сілтімен, сірке қышқылымен улану, кейбір дәрілердің әсерлері, ішімдік, жарақатанулар жатады.

Патогенезі. Сырқаттың дамуына иммунды серпілістер қатысады. 75 - 80% гломерулонефриттің дамуы иммунды кешендердің қанда пайда болуымен байланысты. Қанда пайда болған кешендер, бүйректің шумақтарының қабырғасына жабысып, шумақтардың өткізгіш қабілет қалыпын өзгертіп, бүйректің сүзбе жұмысын бұзады. Сырқаттың дамуында тұқым қуалаушық мәнбірді ескермеуге болмайды. Иммун серпілістеріне байланысты гломерулонефрит әрқашан екі жақты болып өтеді.

Жіктемесі. (В.В.Серов, 1987ж)

І.Себебіне байланысты: жұқпалы-иммунды; жұқпалы емес-иммунды.

ІІ.Клиникалық түрлеріне байланысты:

- қалыпты түрі (зәр өзгерістері + ісіну + қан қысымының көтерілуі);

- екі синдромды түрі (зәр өзгерістері + ісіну немесе қан қысымының көтерілуі);

- бір синдромды түрі (тек зәр өзгерістерімен сипатталынады);

- нефротикалық түрі.

ІІІ.Асқынуларына байланысты:

- жедел бүйрек энцефалопатиясы;

- жедел жүрек шамасыздығы

- бүйректің жедел шамасыздығы

Клиникалық бейнесі. Бұл аурумен 40 жасқа дейінгі ер адамдар мен әйелдер бірдей ауырады. Жұқпадан 2 – 3 апта өткеннен кейін гломерулонефрит ауруының алғашқы белгілері біртіндеп біліне бастайды. Науқас әлсізденіп, уыттану белгілері білінеді: басының ауырсынуы, дене қызуының көтерілуі, тамаққа деген тәбетінің тартпауы. Бел маңайы ауырсынады, зәрдің мөлшері азая бастайды, 300 мл - ден зәрдің мөлшері азайғаннан соң олигурия пайда болады. Зәрдің мөлшері 20 – 100 мл дейін азаяды, түсі «ет жуындысы» тәрізді болады (макрогематурия), сонымен қатар зәрде протеинурия, цилиндрурия байқалады. Денеде ісік білінеді, артериялдық қан қысымы көтеріледі. Сырқаттың өту ағымында төрт басты синдром айқын түрде білінеді. Бірінші түрінде шумақтардың зақымдануынан зәрдің мөлшерімен құрамы өзгереді. Олигурия – зәрдің мөлшері тәулігіне 200 мл – ден аз немесе анурия пайда болады (зәрдің мүлдем тоқтап, шықпай қалуы). Шумақтардың сүзу қызметі зақымдалғандықтан, зәрдің салмағы жоғары болады. Екінші түрінде жүрек – тамыр жүйесінің өзгерістері нақты түрде байқалады. Артериялдық қан қысымы көтеріледі, әсіресе босаңсу қысымының (диастолдық) көрсеткіші. Жүректің сол жақ шекарасы ұлғаяды, аритмия, экстрасистолия байқалады. Сонымен қатар зәрде ауруға тән өзгерістер де байқалады. Сырқаттың үшінші түрінде негізгі белгі ісік болып табылады. Ісік таңертең науқастың бетінен басталып, дененің жоғарғы жақ бөліктеріне жайылады. Бірте – бірте ісік дененің барлық бөліктеріне жайылып, сипалағанда жылы, жұмсақ болып сезіледі. Ми белгісі төртінші түрінде кездеседі. Мидың ісінуінен ми эклампсиясы дамуы мүмкін. Бұл жағдайларда құсу, лоқсу болуы керек. Анурия жағдайында дененің құрысып – тырысуы байқалады. Көбінесе сырқаттың клиникалық белгілері аралас түрде байқалады. Аурудың ағымы 3-4 аптадан 1-1,5 жылға дейін созылуы мүмкін.

Асқынуылары. Бүйрек эклампсиясы, ми дерттері (энцефалопатия), жедел жүрек – тамыр және бүйрек жеткіліксіздері, көз көру қабілетінің төмендеуі, миокард инфарктысы дамуы мүмкін. Энцефалопатия ми тамырларының ісініп тарылуымен сипатталады. Науқаста күрт тырысу дамиды. Есінен танады, көз қарашағы жарыққа әсер етпейді. Дем алуы бұзылып, аузынан көбік шығады. Терісі көгерінкейді. Қан қысымы жоғарлайды. Ұстаманың ұзақтығы 30-40 минутқа дейін созылады. Гломерулонефртиттің ауыр ағымында жедел бүйрек шамасыздығы дамуы мүмкін. Оның негізгі клиникалық белгілеріне ісіну, терінің қышынуы, олиго-немесе анурия, диспепсиялық белгілер, жүрек-қан тамыр жүйесінің зақымдануы, геморрагиялық синдром, уремиялық кома жатады. Өршу кезеңі 1 – 4 аптаға дейін созылады. 60 – 70% жедел гломерулонефрит толық жазылып шығады немесе созылмалы түріне айналады. Егер зәрдегі өзгерістер бір жылдың ішінде қалпына келмесе, созылмалы гломерулонефритке ауысқанын білдіреді.

Дерт анықтамасы. Қанда анемия, лейкоцитоз білінеді, ЭТЖ артады, ақуыздың мөлшері азаяды.Зәрде макрогематурия, микрогематурия, протеинурия білінеді. Тұнбасында гиалинді түйіншікті ақуыз іздері білінеді (цилиндрурия). Егер зәрдің құрамында өзгерген бүйректің торшалары табылса бұл өте жағымсыз белгі болып саналады. Нечипоренко сынамасында эритроциттердің мөлшері лейкоциттерге қарағанда көбейеді, Зимницкий сынамасы зәр салмағының үнемі төмендеуін көрсетеді (гипоизостенурия), яғни бүйрек сүзбе жұмысының бұзылуын дәлелдейді. Аспаптық тексерістерде: көз түбін зерттегенде артериялардың тарылып, көк тамырлардың кеңеюін байқауға болады. Экскреторлық урография қауіпті, неге десек бояу зат бүйрек нефрондарын бітеп тастауы мүмкін. Сол себептен бүйректің ультра дыбыс тексерісі нәтижелі болып табылады.

Емі. Бастапқы 2-3 аптада қатаң төсек тәртібін сақтау маңызды болып табылады, сондықтанда бүйір астына ісіктер кеткенше және қан қысымы қалыптасқанша жылытқыш пайдаланып, қолданған жөн. №7 емдәм тәртібін сақтау, тәулігіне тұздың мөлшері 1,5 г –нан аспау керек, судың мөлшері 500 мл – ге дейін, тағамдарды шектеу керек. Ал құнарлы тағамдары ретінде жеміс –жидектерді жеткілікті түрде беру керек. Қоздырғыштарға қарсы антибиотиктерді тағайындап, қолданады: пенициллин, оксациллин, эритромицин.Қолданатын антибиотиктер бүйрекке жағымсыз әсер етпеу керек. Патогендік ем ретінде иммунды депрессанттармен арнайы түрде қолданады: глюкокортикоидтар (преднизолон, гидрокортизон, меркаптопурин және т.б. дәрілер). Аллергия өзгерістеріне қарсы антигистамин дәрілерін қолданады: пипольфен, тавегил, супрастин, диазолин т.б. Қанның ұюына қарсы гепарин, фибринолизин, курантил дәрілерін қолданады. Артериялдық қан қысымы көтерілген кездерде гипотензиялық дәрілерін береді: нифедипин, капотен, энам, эднит т.б. Ісікті жою мақсатымен зәр шығаратын дәрілерді пайдаланады: гипотиазид 50-100 мг, фуросемид 40 – 80 мг, триампур т.б. дәрілер. Сырқаттың ауыр түрінде гемодиализ жүргізеді (тәулікті диурездің мөлшері тым азайғанда, зәр салмағы төмендегенде, қан мен зәрде креатинин мөлшерінің азайғанында).

Болжамы. 2-4 айдан кейін клиникалық және зертханалық өзгерістер жойылады. Бірақ бүйректегі морфологиялық өзгерістер 1-2 жылға дейін байқалады. Дұрыс ем қолданған науқастар толық жазылып шығады.

Алдын алуы. Сырқаттың біріншілік алдын алуы стрептококты ошақты жұқпаларды уақытында емдеп, санация жүргізу. Ағзаны шынықтырып, физиологиялық жағдайын күшейту маңызды роль атқарады. Екіншілік алдын алуда жедел гломерулонефритпен ауырған науқас диспансерлік тізімге алынып, жалпы тәжірибелік дәрігермен немесе терапевтпен жағдайына байланысты 2 жыл бойы қаралып отырады. Бастапқы жарты жылда 1 рет қаралса, қалған 1,5 жылда 3 айда 1 рет қаралып отырады (науқас тексеріске өз бетімен келмесе, мейірбике барып өзі шақырады). Қаралған сайын клиникалық қан анализін, зәрді Зимницкий сынамасы бойынша тапсырады. Жедел гломерулонефритпен ауырған адамға суық, дымқыл жерде және ауыр жұмыс жасауға болмайды. Жедел гломерулонефритпен ауырған әйелге 3 жыл бойы бала көтеруге болмайды. Негізгі емдік - салауатты шараларын ұстау, дұрыс тамақтану, ағзаға суық тигізбеу, жағымсыз қылықтардан бас тарту жатады.

 








Дата добавления: 2015-11-06; просмотров: 3277;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.007 сек.