Джон Стюарт Милль
Джон Стюарт Милль (John Stuart Mіll) (1806 - 1873) - ағылшын экономисі, философ, тарихшы және ойшыл, саяси және экономикалық либерализмнің теоретигі.
Лондонда туған. Әкесі Джеймс Милль, “Британдық Үндістанның тарихы” атты еңбектің авторы, ұлына жоғарғы білім берген. Тоғыз жасында Джон Стюарт грек және латын тілдерін меңгеріп, он бір жасында әкесінің кітабын оқып шығады. 1823 - 1858 жылдары Ост-Үнді компаниясында жұмыс істейді. Өзінің “Өмірбаянында” жастық шағына толық сипаттама береді. Жиырма жасында үлкен торығуды басынан кешіріп, оны эмоциялардың таусылуы деп есептейді. Милльдің философиялық және социологиялық көзқарастары Карлейль, Бентам, Конттың ықпалымен қалыптасты.
Англияда Конт позитивизмінің методологиялық идеясын насихаттап, оны сынады, қайтадан ой елегінен өткізді. Милльдің эмпирикалық психологизмі - социологияның да, логиканың да басты мәселелерінің бірі, психологияның ойлау техникасын зерттейтін тармағы болып табылады.
Өзінің “Огюст Конт және позитивизм” атты мақаласында француз философының зерттеу тәсілін ойлап тауып, нәтижелерін көрсетсе де, осы тәсілдің шынайылығын дәлелдеу шартына назар аудармағанын айтып өтеді. Өйткені, тәжірибеден біз тек жүйелілік пен бір ізділікті табамыз. Алайда тәжірибе себеп-салдарлық байланыс пен жағдайлардың тура келуі арасындағы айырмашылықты таба алмайды. Бұл, әсіресе, қоғамды зерттеу барысында заңдылықтар мен прогресс заңдарын анықтауды қиындататын көптеген факторлар қолданылған кезде айқын байқалады. Нақ осында заңдарды орнықтыру тәсілдері мен соған сәйкес фактілерді тұжырымдау рөлінің мәселелері неғұрлым өткір қойылады. Милль Конттың осы жөніндегі көзқарастарын жинақтайды. Мұнда адам психикасының құрылымынан немесе дәуірлер терминінде адамзат табиғатының заңдарынан әлеуметтік заңдар дедукциясының мүмкіндіктері жайында сөз болды.
Милльдің социология үшін аса маңызды болған еңбегі “Силлогистик және индукциялық логиканың жүйесі” (1843) деп аталады.
Бұл еңбекте социология үшін маңызды төрт тәсіл берілген:
1. Ұқсастық тәсілі: егер бірнеше жағдайларда белгілі бір құбылысты зерттеу барысында бір ғана жалпыға ортақ жағдай табылатын болса, онда бұл жағдай осы құбылыстың себебі (немесе салдары) болып табылады.
2. Өзгешелік тәсілі: егер де осы құбылыс жүріп жатса, не жүрмей жатса, бір жағдайдан басқасының бәрі бірдей болып жатса, онда соңғысы осы құбылыстың себебі (не салдары) болып табылады.
3. Қалдықтар тәсілі: құбылыстан бұрынғы индукцияларда белгілі болған себептер алынып тасталады. Сонда қалған факті қалған себептің салдары болып табылады.
4. Ілеспе өзгерістер тәсілі: құбылыс әрдайым басқа құбылыстың белгілі бір өзгерісінен осы соңғы құбылыспен себептік байланыспен сабақтасқан кезде өзгеріп отырады.
Милль адамның ақыл-ойы әлеуметтік даму негізінде жетілетінін, ал “пікір мен наным-сенім” - оның шешуші факторлары болып табылатындығын мойындайды. Сонымен қатар, ол қоғамдық өмірде адамдар адамзат табиғатының заңдарынан туындайтын қасиеттерге ие болады деп көрсетеді. Ол жеке-даралықтың басымдығы, тарихтағы тұлғаның орны позицияларын ұстанып, тарихи процестің дамуында халық бұқарасының рөлін мойындамады, сондықтан да Конт сияқты, марксшілдердің қатаң сынына ұшырады, олар оны реакционер деп санап, социологияны - буржуазиялық ғылымдар санатына қосты.
Өзінің социологиялық көзқарастарын Милль адамдардың ақыл-ой құрылымы мен мінезін зерттеу, яғни олардың психологиясы мен санасын зерттеуге арнайды. Ол қоғамды ойлау қабілеті біртіндеп өзгеру мен даму процесінен өтетін индивидтердің агрегаты ретінде қарастырады.
Психологияның абстрактілі индуктивті ғылымнан нақты қоғамдық ғылымдарға өтетін ойлаудың дедуктивті қозғалысы тарихтан индуктивтік қозғалыспен толықтырылады. Соңғысы социологияға ойлау үшін адамдар қоғамының шын даму барысын бақылаудан туындайтын эмпирикалық тұжырымдар түріндегі материалдар береді. Шынайы бақылаулар өте қажет. Социология тек тарихи қорытындыларды психологиялық және этологиялық заңдар арқылы жүйелі тексеруді жүзеге асырады. Сөйтіп, социология қарапайым эмпирикалық заңды табиғаттың шынайы заңына, яғни жалпыға маңызды болашақ жағдайды болжау үшін пайдаланатын ғылыми заңға айналдырады. Нәтижесінде социология өткен уақыттың қоғамдық өмірінің дәстүрлі мүдделерін Конттан кейінгі жаңа эволюциялық мүдделермен тарихи жағдайлардың ауысу заңдарына және қоғамның тұтас нәрсе ретіндегі ерекшеліктеріне орай байланыстыратын аралық бақылау пәні болып қалады.
Социологияның бақылау функциясы - бүкіл адамзатты және әр түрлі әлеуметтік-тарихи, жағдайларды эмпирикалық бақылаулардың сындарлы емес әспеттеу (экстраполяциясы) қателіктерінен және адам табиғатының теориялық тұжырымдары негізінде ғана қоғамдағы адамның шынайы мінез-құлқын сөз ету қателіктерінен де қорғауды білдіреді.
Милль кез келген тарихи айқын нәрсені қоғамдық жай-күйдің тарихи сабақтастығының қандай да бір нақты біркелкілігін табиғаттың шын заңы ретінде қабылдаудан үнемі сақтандырып отырды. Оның сенімділігіне көз жеткізу үшін, социология эмпирикалық заңды тұтастық дәрежесі неғұрлым жоғары, өзінің фактологиялық базасына тәуелсіз негізделген және тексерілген тұжырымдар мен түсіндірмелерді дедукциялауға болатын заңдарға ұштастыруы керек. Ғылыми рәсім ретінде редукция қорытудың екі тәртібінің - әлеуметтік ғылымның жалпы принциптерінің долбары (априорлы) дедукциясы мен нақты тарихи айқын нәрсенің сәйкес келуін белгілеуі тиіс. Қорытудың осы екі қатарының сәйкес келмеуі, мүмкін болмауы оларды сын көзімен қайта қарау қажеттігін көрсетеді.
Алғашқы тарихи және социологиялық тұжырымдарды тұтастық дәрежесі неғұрлым жоғары заңдарға айналдыру Милльдің кері-дедуктивті немесе тарихи тәсілінің мәні болып табылады, ол тәсілді Милль өзінің әлеуметтік ғылым тәсілдерінің ішіндегі ең маңыздысы және сенімдісі деп есептеген.
Формальді-логикалық құрылым бойынша Милль өзінің кері-дедуктивті тәсілінде жалпы ғылыми әдісті ұсынып, болжамдарды түсіндірудің дедуктивті себептерін тексеруді сипаттады. Қазіргі ғылымда мұны әдетте гипотетиктік-дедуктивтік тәсіл деп атайды. Болашақты болжау мен түсіндіруде болжамдарды тексеру тәсілі барлық жерде бірдей. Тексерілген болжамнан, мейлі ол әмбебап заң болсын немесе бастапқы жағдайлар туралы қабылданған ойлар болсын, белгілі бір болжамды дедукцияға сүйеніп қорытынды шығарылады. Мұндай болжамның көптеген бақылаулардың нәтижелерімен үйлесімділігін болжамның расталуы, ал сәйкес келмеушілігін - терістелуі деп есептейді. Алайда болжамдық-дедуктивті тәсіл еш жерде оның көмегімен тексерілген ғылыми ой-пікірлердің түпкілікті дәлелдемелерін бермейді.
Бір текті емес саналардың өзара іс-әрекетін қорытындылаған кезде қыруар сандық күрделі нәрсені Милль адамның мінез-құлқы заңдарын статистикалық тұрғыдан түсіндіру арқылы шешуді ойлады. Егер адамдардың іс-әрекеті адамзат табиғатының жалпы заңдары мен оның көрініс табуының нақты жағдайларының бірлескен әсерінің нәтижесі және адам мінезінің жеке ерекшеліктерінің мәні болса, онда осы іс-әрекеттерді түсіндіру жалпыға ортақ, заңды нәрсені жеке және кездейсоқ нәрседен бөліп алу тәсілі табылуына байланысты жемісті болады. Белгілі бір шарттарды орындаған жағдайда статистика мұны қамтамасыз етеді, себебі үлкен кеңістіктер мен аумақтарда кездейсоқ ауытқулар бейтараптанып, ортақ тенденция туындайды. Әлбетте, статистикалық, ықтималдық заңдылықтары нақты жағдайда жеке адамдар мен топтардың әрекеттерін алдын ала көруге мүмкіншілік бермейді, алайда адамдардың ірі топтарындағы бағыттар мен тенденцияларды айқындайды. Милль сондай-ақ, статистикалық тенденциялардың, тіпті ғылымның барлық қағидалары бойынша расталған, заң шығарушы мүмкіндігін асыра бағалауға болмайтынын ескертеді.
Олардың жинақталған нәтижесін бәрібір нақты болжау қиын, сондықтан да олардың негізінде барлық қоғамға ақиқат болып табылатын қандай да бір ой-пікірлерді, яғни нағыз әмбебап заңдарды белгілеу мүмкін болмайды.
Милльдің адамның іс-әрекеттерін түсіндіруде нақты ортаның маңызы туралы ойларын қарамастан, жеке-дара психикалардың қарым-қатынасының жемісі ретінде осы ортаның құрылымын, оның пікірінше, адамзат табиғатының феномендерінен шығару керек еді. Психологизм дәстүрлердің қалыптасуы да, дамуы да адамның табиғатымен түсіндірілуі керек деген эволюциялық идеялармен психологизмнің шешуші қағидасын байланыстырды. Осы әлеуметтік өмір фактілерін психологиялық заңдарға ұштастыру талпынысы қисынды түрде қоғамның қалыптасуы мен дамуын зерделеуге жеткізген еді.
О.Конттан кейін Милль адамзат өмірінің барлық жақтарының дамуы адамдардың ақыл-ойының дамуына, яғни адамдар пікірінің дәйекті өзгеру заңына байланысты деп білді. Материалдық өркениетте кез келген маңызды прогрестің алдында білім прогресі тұрды және маңызды әлеуметтік өзгерістердің жаршысы қоғам ойлары бейнесіндегі күрт өзгерістер болды.
Тұтас бір нәрсенің басқа нәрсемен ауыстырудың жүйелі тәртібін бақылауды қамтамасыз ететін басты түсінік Милльдің ойынша қоғамның жай-күйін түсіну болды. Қоғамның жай-күйін ғылымның ерекше объектісі ретінде қарастырған кезде элементтердің арасында әлдебір табиғи арақатынас болатыны айтылады. Қоғамның жай-күйі - барлық маңызды әлеуметтік фактілер мен құбылыстардың да жай-күйі. Қоғамның мұндай жай-күйін біртіндеп ауыстыру заңдары адам нәсілі мінезіндегі прогрессивті өзгерулерге сәйкес шын тарихи оқиғалар тізбегінің тәртібін болжай алады.
Дж. Ст. Милльге қатысты барлық сыни ескертулер оның қоғамдық ғылымдар методологиясына қосқан үлесін, соның ішінде оның әмбебап жаратылыстану тәсіліне қатысты дәлелдемелерін жоққа шығармайды. Ол тарихтың социологиясыз, әмбебап заңдарсыз өмір сүре алмайтынын және кейбір жекелеген оқиға басқа бір жекелеген оқиғаның тек әмбебап заңдарға қатысты себебі ретінде болатынын көрсетті.
Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 1515;