Леуметтік институт

Әлеуметтік институттар алғашқы қауымдық қоғамнан қазіргі заманға дейінгі кез келген қоғамда болған. Оларсыз қоғам өзін құрайтын адамдарға қатысты өзінің негізгі функцияларын - біріктіру, қорғау, қамтамасыз ету, тұлғаны әлеуметтендіру, рухани және мәдени даму, т.б. орындай алмас еді.

Адамдардың әлеуметтік өзара байланыстары мен қарым-қатынастары мінез-құлықтың жалпы ережелері мен қоғамдық мүддеге және жеке адамдардың мүддесіне қол жеткізудің қалыптасқан, рұқсат етілген тәсілдерінің негізінде құрылады. Ең алғашқы институттардың бірі жыныстық қатынастарды, қандас туыстар мен тайпаластар арасындағы қолдау көрсету мен өзара көмектесуді реттеген, мәдени сабақтастықты, әлеуметтік тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа беру нормаларын баянды еткен отбасы және неке институты болып табылады.

Социологтар “институт” ұғымын құқықтанушылардан бай әлеуметтік мазмұнмен толықтырып алған. Ол базалық социологиялық категориялардың бірі болып табылады, теориялық тұжырымдамаларды құру мен шынайы қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды талдауда оны айналып өту мүмкін емес.

Ағылшын социологі Г.Спенсер “әлеуметтік институт” терминін алғаш ұсынған адам. Кез келген мекеме (әлеуметтік институт) әлеуметтік әрекеттердің орнықты құрылымы ретінде қалыптасады [38]. Ол институттар қоғам өмірін реттеу мен жайластыру және адамдардың мінез-құлқына ықпал ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Ол әлеуметтік институттардың алты түрін сипаттап, талдаған: өнеркәсіптік, кәсіподақтық, саяси, әдет-ғұрыптық, шіркеулік, үй.

Латын тілінен іnstіtutum - орнату, жайластыру деп тәржімаланады. “Институция” термині орнату, қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрып, тәртіп дегенді білдіреді. “Институт” ұғымы әдет-ғұрыптар мен тәртіптердің заң немесе мекеме түрінде бекітілуін білдіреді. Әлеуметтік институт әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қоғамдық байланыстар мен қатынастардың кез келген тәртіптелуі, ресмиленуі дегенді білдіреді.

Әлеуметтік құрылғы ретінде институт адам қызметінің әр түрлі салаларын реттейтін ресми және бейресми ережелердің, принциптердің, нормалардың, ұстанымдардың орнықты кешенін білдіреді. Олардың негізінде топтар мен адамдардың қарым-қатынас жасау жүйесіндегі орнын, функцияларын, мінез-құлқын анықтайтын әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жүйесі ұйымдастырылады.

Әлеуметтік институттың жеке адамнан гөрі жоғары сипаты, өзіндік аса қатаң құрылымы бар, жүйелілік сапасы болады. Құндылықтар, үлгілер және нормалар жүйе ретінде жеке адамдардың қандай да бір әлеуметтік қауымдастық шеңберіндегі міндетті мінез-құлықтарын реттеп отырады.

Әлеуметтік институт деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын айтады. Институттардың негізігі мақсаты - жеке адамдардың, топтардың және жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олардың сәтті қызмет атқаруы адамдар қауымдастығының өмірін сақтауға мүмкіндік береді, оларды топтар мен қоғамға біріктіреді, олардың өмірін тұрақты етеді. Дәл осы әлеуметтік институттар ұйымдардағы бірлескен корпоративтік қызметті үйлестіреді, әлеуметтік қатынастар сипатын анықтайды және оларды сақтап отырады.

Әрбір институт:

- белгілі бір қызмет аясын;

- белгіленген құқықтар мен міндеттер негізінде қоғамдық, ұйымдық немесе басқару функцияларын орындауға өкілетті адамдар тобын;

- ресми тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ұйымдық нормалары мен принциптерін;

- қойылған міндеттерді шешуге қажетті материалдық құралдарды (қоғамдық ғимараттар, құрал-жабдықтар және т.б.) қамтиды.

Мысалы, әділет органдары (юстиция) әлеуметтік институт ретінде құқықтық қатынастар мен оларды реттеу саласын білдіреді. Оған жататындар белгілі бір адамдар тобы (прокурорлар, соттар, адвокаттар); қабылданған ресми заңдар мен басқа да заңнамалық актілер, сондай-ақ құқықтық өкілетті тұлғалардың мінез-құлықтарының бейресми стандартталған үлгілері (соттың, прокурордың, адвокаттың және т.б. рөлдері); мекемелер (прокуратуралар, соттар, тұтқындау орындары және т.б.) және әділетті қаржыландыруға арналған ел бюджетінен бөлінетін қаражат.

Қоғамдық байланыстар мен қарым-қатынастарды тәртіпке келтіру, ресмилендіру және стандарттау процесі институционалдандыру деп аталады. Қоғамның белгілі бір байланыстардың әлеуметтік ұйымдастыруға қажеттілігін ұғынуы барысында сол қажеттілікті қанағаттандыра алатын әлеуметтік нормалар, ережелер, мәртебелер мен рөлдер бекиді. Әлеуметтік институттың қызмет атқаруына жәрдемдесетін жалпы мақсаттар, топтар және ұйымдар қалыптасады, институттың барлық мүшелерін қамтитын нормалар мен санкцияларды қолдану ресімдері, мәртебелер мен рөлдер жүйелері құрылады.

Неғұрлым маңызды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік институттардың бес негізгі түрі бар [39]:

- бала туу, өсуі (отбасы және неке институты);

- қауіпсіздік және әлеуметтік тәртіп (саяси институттар, мемлекет);

- тұрмыстық құрал-жабдықтар өндіру (экономикалық институттар, өндіріс);

- білімді беру, өскелең ұрпақты әлеуметтендіру, кадрлар даярлау (білім беру, ғылыми және мәдени институттар);

- рухани мәселелер, тіршілік мағынасын шешетін қажеттіліктер (дін институты).

Әрбір институттың қанағаттандыратын қажеттіліктеріне тәуелді ерекше қасиеттері бар. Бұл ұстанымдар мен мінез-құлық үлгілері; символикалық мәдени белгілер; утилитарлық мәдени белгілер; ауызша және жазбаша кодекс; идеология. Бұл институционалдық белгілер әлеуметтік қатынастарды реттеудің негізгі механизмдерін шоғырландырған: нормативтік элементтер, түсініктер, үлгілер, санкциялар, мәдени бейнелер, қоғамдық идеялар арқылы (1-кестені қараңыз). Барлық институттар бірдей белгілердің толық жинақталымына ие бола бермейді, бұл олардың жеткілікті дами қоймағанын немесе төмендегенін көрсетеді.

 

Кесте

Қоғамның басты институттарының белгілері [40]

Отбасы Мемлекет Бизнес Білім беру Дін
1. Ұстанымдар мен мінез-құқық үлгілері
Үйреністік Түзу ниет Жауапкершілік Құрмет Құлақ асу Түзу ниет Субординация Өнімділік Үнемділік Табыс алу Білімге деген құштарлық Сабаққа қатысу Қоше­мет­теу­ші­лік Түзу ниет Табыну
2. Символикалық мәдени белгілер
Неке жүзігі Некелік ритуал Ту Мөр Герб Ұлттық гимн   Фабрика маркасы Патент белгісі Мектеп эмблемасы Мектеп әндері Крест Иконалар Әулиелер Гимн
3. Утилитарлық мәдени белгілер
Үй Пәтер Жиһаз Қоғамдық ғимараттар Қоғамдық жұмыстар Бланктер мен нысандар Дүкен, фабрика Жабдық Бланктер мен нысандар Сыныптар Кітапханалар Стадиондар Шіркеу ғимараттары Шіркеу реквизиті Әдебиет
4. Ауызша және жазбаша кодекс
Отбасылық тыйымдар мен рұқсаттар Конституция Заңдар Келісім-шарттар Лицензиялар Оқушылар ережелері Сенім Шіркеу тыйымдары
5. Идеология
Романтикалық махаббат Сыйысушылық Дарашылдық Мемлекеттік құқық Демократия Ұлтшылдық Монополиялар Еркін сауда Еңбек ету құқығы Академиялық бостандық Прогрессивтік білім беру Оқытудағы теңдік Православие Баптизм Протестантизм

 

Осылайша әлеуметтік институттар маңызды қоғамдық құндылықтар мен әлеуметтік байланыстардың орнықты нысандары арқылы әлеуметтік құрылымдар мен қоғамдағы тәртіпті ұстап тұрады. Оларды қоғам мүшелері орындайтын әлеуметтік құндылықтар, нормалар және мінез-құлық үлгілері беретін өздерінің әлеуметтік рөлдері негізінде мақсатқа бірлесе қол жеткізуді қамтамасыз ететін белгілі бір әлеуметтік маңызды функцияларды орындайтын адамдардың ұйымдасқан бірлестіктері ретінде алып қарауға болады [41].

Әр түрлі бағыттағы социологтар қоғамдағы әлеуметтік институттардың реттелген жүйесін беруге тырысқан.

Социологиядағы институционалдық мектеп өкілдері (С.Липсет, Д.Ландберг және т.б.) берген институттардың жіктелуі назар аударарлық. Олардың пікірінше, әлеуметтік институттар төрт негізгі функцияны орындайды: қоғам мүшелерінің өсіп-өркендеуі; әлеуметтендіру; өндіріс пен бөлініс; басқару мен бақылау.

Экономикалық институттар (меншік, алмасу, ақша, банктер, шаруашылық ұйымдар) қоғамдық байлық өндірісін және бөлінісін қамтамасыз етеді, экономикалық өмірді басқа әлеуметтік салалармен біріктіреді. Саяси институттар (мемлекет, партия, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар) саяси биліктің белгілі бір нысандарын орнатуға және ұстап тұруға бағытталған. Әлеуметтік мәдени және тәрбие институттары мәдени және әлеуметтік құндылықтарды ұдайы өндіруді, жеке адамдардың әлеуметтік мәдени стандарттарды меңгеруін қамтамасыз етеді. Нормативтік-бағдарлаушы институттар жеке адамдардың мінез-құлқын моральдік нормативтер негізінде реттейді. Нормативтік-санкциялаушы институттар жеке адамдар мен топтардың белгілі бір мінез-құлқын заң актілерінде бекітілген нормалар, ережелер мен санкциялар негізінде алдын ала ұйғарып отырады. Рәсімдік-символикалық және жағдайлық-конвенционалдық инсти­туттар топтық және топаралық мінез-құлықтың әр алуан актілерін реттейтін ұзақ күнделікті байланысулар барысында жасалған нормалар мен ұйғарымдарды қамтиды.

Институттардың мойындалған мақсаттары ретінде оңай танылатын айқын функциялары және әдейі емес немесе жасырын жүзеге асырылатын латентті функциялары болады.

Өзінің базалық қоғамдық функциясын жүзеге асыру үшін әрбір әлеуметтік институт қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатымен адамдардың бірлескен қызметін қамтамасыз ететін функцияларды атқарады. Ең алдымен, институт қоғамдық қатынастарды бекітеді және ұдайы өндіреді. Бұл институттың әрбір мүшесінің қызмет ететін шеңберлерді белгілейтін мінез-құлықтың ережелері мен стандарттық нормалары жүйесінің арқасында мүмкін болады. Әлеуметтік институттардың қызмет атқаруы қоғам мүшелері арасындағы өзара қарым-қатынасты рөлдік талап-күтулер арқылы реттеуді қамтамасыз етеді. Әлеуметтік бақылау қоғамда белгіленген және қалыптасқан мінез-құлық үлгісін сақтауды қамтамасыз етеді.

Институттардың интегративтік қызметі де маңызды болып табылады. Институттандырылған нормалардың әсерімен әлеуметтік топтар мүшелері бірігуінің, өзара тәуелділік пен жауапкершіліктерінің, өздерінің мақсаттарын салыстыруының әлеуметтік процестері табысты жүреді.

Әлеуметтік институттың трансляциялаушы қызметі қоғамда жинақталған әлеуметтік тәжірибе беруді қамтамасыз етеді. Жеке адамды әлеуметтендіру, тәрбилеу және дамыту процестері арқылы алдыңғы ұрпақтың нормативтік-құндылық элементтері, тыныс-тіршілігінің тәжірибесі игеріледі.

Институттардың коммуникативтік мүмкіндіктері арқылы олардың ішінде туған ақпарат оның құрамына енген жеке адамдар мен топтар арасында да, институттар арасында да таралады.

Әлеуметтік институттардың айқын функциялары күтілетін және қажетті болып табылады. Егер де институт оларды игере алмаса, онда ол сөзсіз таратылады және өзгерістерге ұшырайды. Алайда әлеуметтік институттардың іс-әрекеттерінің жоспарланған нәтижелерімен қатар жасырын, түсініксіз не болмаса алдын ала жоспарланған нәтижелер де болады.

“Дисфункция” ұғымын алғаш енгізген американдық социолог Р.Мертон болатын, ол жүйенің бір бөлігінің екінші бөлігіне ықпалының теріс салдарларын бейнелеуге және қандай да бір жүйенің біртұтастыққа тұтасуы дәрежесін көрсетуге тиіс. Ол іс-әрекет пен мінез-құлықтың барлық институцияландырылған үлгілері қоғамның бірлігі мен тұтасуына қызмет ететіндігіне күмән туғызған және де дисфункцияларды зерделеуді маңызды деп ұйғарған [42].

Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамның әлемдегі оқиғалар туралы неғұрлым жылдам және толық хабардар болуын қамтамасыз етуге және тиісінше коммуникация дәрежесін көтеруге тырысуы сенсация қууға және ақпараттарды бұрмалауға әкеп соғуы мүмкін. Ал бұл басқаның қайғысына, күш қолдануды қабылдауға, мораль талаптарына қоғамның сезімталдық қасиетін төмендетеді.

Сырт көзге әлеуметтік институттардың дисфункция құбылысы даярланған кадрлардың, материалдық қаражаттың жетіспеушілігінен, ұйымдастырудағы кемшіліктерден және т.б. болатын сияқты мүмкін. Мазмұндық көзқарас тұрғысынан дисфункциялар қызмет мақсатының айқын еместігінен, функцияларының анық еместігінен, сол институттың әлеуметтік мерейі мен беделінің түсуінен, жекелеген функциялардың бастапқы оңтайлы мақсаттарды орындауға емес, өзінің болмысын сақтауға арналған қызметіне ауысуынан көрініс табады.

Әлеуметтік институттардың өзгеруі едәуір ұзақ та күрделі процесс. Олардың даму тарихы дәстүрлі нысандарының біртіндеп қазіргі заманғы түрге айналатындығын көрсетеді. Мысалы, отбасы, құқық, дін, билік институттарын алайық. Олардың жаңа ерекше түрлерінің пайда болуы жаңа әлеуметтік байланыстар мен қажеттіліктердің пайда болуымен байланысты. Мысалы, индустриалдық қоғамда жаңа - нарық, еңбек келісім-шарты, жарнама, бұқаралық мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау, қоғамдық қозғалыс, жалғыз басты ата-ана, ерлі-зайыптылардың бөлек тұруы және басқа институттар пайда болды.

Институттардың қоғамдық рөлін терең талдаған алғашқы социологтардың бірі Т.Веблен атап өткендей, әлеуметтік институттар қоғамның өмір сүру тәсілі ретінде өзгермейтін нәрсе емес. Әлеуметтік құрылысының эволюциясы айналасына неғұрлым лайықталған алуан түрлі институттардың “табиғи іріктелу” процесі ретінде орын алады. Институттардың өзгеруі өз кезегінде мінез-құлқы қоршаған ортаға неғұрлым лайықталған және көп бейімделген жеке адамдардың одан әрі іріктелінуіне әкеп соғады.

Әлеуметтік институттардың дамуы эндогендік (ішкі) және экзогендік (сыртқы) факторлардың ықпалымен жүреді. Сыртқы факторларға күнделікті тыныс-тіршіліктің өзгерістері, жаңа құндылықтардың, мәдениеттің дамуы, адамзаттың жаңа білімдерді жинақтауы жатады. Әлеуметтік институттар қоғамдық өзгерістерге бастама көтерген көрнекті тұлғалардың ықпалымен де қатты өзгеруі мүмкін. Мысалы, Лютер идеяларының әсерімен шіркеудің реформалануын айтуға болады.

Өзгерістер тудыратын ішкі факторларға жеке институттардың өзінің қоғамдық функцияларын тиімді орындау, белгілі бір әлеуметтік топтардың қажеттіліктері мен мүдделерін жүзеге асыру қабілеттері жатады. Егер де институт қызмет көрсететін әлеуметтік қажеттілік елеусіз болып қалса немесе жоқ болса, онда бұл институттың өмір сүруі мағынасыз болып қалады және біртіндеп жоғалады. Сондықтан да институттар өзгеріп жатқан әлеуметтік шынайылыққа сәйкес келетін қайта жаңғыртуды, мамандандырылуын тереңдетуді, жаңа нормалар, құндылықтар, ережелер жасауды қажет етеді.

Мысалы, әлеуметтік шығыстарға арналған бюджетті қысқарту жағдайында Қазақстанда әлеуметтік қорғау институты қайта құрылды. Бұрын ол әлеуметтік қауіп-қатерден халықтың барлық топтарын қорғауға бағытталған болатын, алайда өтпелі экономикадағы мемлекетте оның әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындау мүмкіндігі де, қаражаты да жоқ. Сондықтан 2000 - 2001 жылдары атаулы әлеуметтік көмек институты болып өзгертілді. Бұл халықтың неғұрлым кедей және мұқтаж топтарына тиімді әлеуметтік қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді және де адамдардың өздерінің материалдық жағдайын жақсартуына деген жеке белсенділігі ынталандырылады.

Қоғамның дамуына қарай бір әлеуметтік институттар басқа институттарға өзінің негізгі функцияларын береді немесе бөліседі.

Егер де дәстүрлі қоғамда балалар тәрбиесін отбасы өз мойнына алған болса, ал индустриалдық қоғамда бұл функцияларын дін институттарымен ғана емес, мемлекетпен, мектепке дейінгі және мектептегі білім берумен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық ұйымдармен және басқалармен де бөліседі.

Социологияда социологиялық зерттеулердің жеке бағыты қалыптасқан, онда институттарды орнықты әлеуметтік қатынастар ретінде зерттеу адамзаттың әлеуметтік қызметінің ішкі механизмдерін айқындауға мүмкіндік береді. ªазіргі заманғы экономика, саясат, мәдениет, күнделікті өмір саласындағы институттану нысандарын зерттеулер социологиялық білімнің дамуына маңызды үлес қосуда [43]. Микродеңгейдегі зерттеулер қалыптасып отырған әлеуметтік практикаларды бөліп қарауға және сипаттауға мүмкіндік береді, олар одан әрі институттандырылады және әлеуметтік шектеулердің және мүмкіндіктердің жаңа кеңістігін қалыптастыра бастайды. Мысалы, желілік маркетингке адамдарды барған сайын көп жұмылдыру адамдардың жаңа тұтыну мүдделерін қалыптастырады, сән көрсетудегі, жарнамаланатын тауарларды тұтыну мәдениетін таратады.

Макродеңгейдегі зерттеулер қоғамның социетальді табиғат беретін және тікелей экономикалық, саяси және әлеуметтік қызмет процесінде институттанулық түрленулер шеңберін қалыптастыратын базалық институттарды бөліп қарайды. Нарықтық институттардың қалыптасуы адамдардың еңбек құндылықтарының өзгеруіне ықпал етеді.

Зерттеулердің макро- және микродеңгейлері жүріп жатқан өзгерістер тереңдігін түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы, нарықтық еңбек қатынастары институттануының нақты әлеуметтік социологиялық зерттеулері қоғамның социалистіктен нарықтыққа шын мәнінде өзгерген бе, жұмыс берушілер мен жалданушы қызметкерлердің өзара қарым-қатынастарының жаңа ресми ережелері жұмыс істейді ме, бұл нормалар екі жақтың да мүдделерін қамтамасыз етеді ме, міне осыларды көрсетеді [44].

Осылайша, “әлеуметтік институт” социологиялық танымда белсенді пайдаланылатын базалық санаттардың бірі болып табылады. Бұл ұғымның социологиялық түсінігін басқа ғылымдардың әлеуметтік институттар мен қоғамдық өмірді зерттеуі толықтыра түседі.








Дата добавления: 2015-06-10; просмотров: 3471;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.016 сек.